Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақтоғайдан ұшқан ақиық...

09.10.2018 4216

Ақтоғайдан ұшқан ақиық

Ақтоғайдан ұшқан ақиық - adebiportal.kz

Ертіс бойынан шыққан көрнекті ақын, аудармашы, журналист жерлесіміз Қабдікәрім Ыдырысовтың туғанына биыл 90 жыл. Ақынның мерейтойын кең көлемде атап өту мақсатында Қ.Ыдырысовтың туған жері - Ақтоғай ауданында бірқатар тағылымды шаралар өткізілді. Оған ақынның ұлы – Нұрлан Ыдырысов пен туған-туыстары, облыстағы зерттеуші ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.

«Ақтоғай жерінің ақиық ақыны» деген атаумен өткен мерейтойлық шара қаламгердің кіндік қаны тамған құтты мекен - Әуелбек ауылынан бастау алды. Алдымен ауылдағы «Қангелді» мешітінде марқұмның аруағына құран бағышталды. Бұдан соң Қ.Ыдырысов атындағы мектепте қаламгердің атымен аталатын мұражайда мерекелік шара ұйымдастырылды. Ақынның жеке мұрағатынан сыр шертетін мұражайдан мол мағлұматтар алуға болады. «Армысың, Арабстаным», «Сәлем саған, Мадияр», «Туған жер – төрім мәңгілік», «Қанаттас қаламдастар, бауырлар» секілді мұражайдағы бөлімдерде қаламгердің туған ауылында тұрған шақтары, Алматы жерінде жоғары қызметтерде жүрген кездері, Қазақстан мен шетелдің классиктерімен араласқан сәттерінен сыр шертетін құжаттар мен суреттері қойылған. Сондай-ақ ақынның қаламсабы, сия сауыты секілді тағы да басқа жеке тұтынған заттары да мұражайда сақтаулы тұр.

Қабдыкәрім Ыдырысов атындағы мектептегі жиынға Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арнов, Қ.Ыдырысов атындағы орта мектепке ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет еткен ардагер ұстаз Атлас Байсарықызы арнайы қатысты.

-Мен осы мектепті 1982-1998 жылдары басқардым. Әлі есімде Қ.Ыдырысовтың 50 жылдық мерейтойын осында тойлаған едік. Қасында Алматыдан келген ақын-жазушылар мен белгілі өнер иелері болды. Ардақты ақынымызды ортаға алып, мәре-сәре күй кешкеніміз көз алдымда. Ел егемендігін алған шақта жер-жердегі мектептердің де атаулары өзгертіле бастады ғой. Осы кезде маған біздің мектепке Қабдыкәрім Ыдырысовтың есімі берілсе деген ой келді. Жергілікті әкімшілікке барғанымда аудан орталығына хат жазуымды сұрады. Жаздым. Менің ұсынысым облыс орталығына, кейін Алматыға жіберіліп, бір жылдан соң сүйінші хабар келді. Осылайша, алтын ұямыз Қ.Ыдырысов атындағы мектеп болып аталды, - дейді ардагер ұстаз.

Мұражайдағы танымдық шарадан соң ақын есімін ұлықтауға келген зиялы қауым өкілдері дөңгелек үстел басына жиналып, қаламгер туралы ойлары мен естен кетпес естеліктерді ортаға салды.

-Ағатайым үлкенге де, кішіге де иіліп тұратын жан еді. Мен осы әулетке келін болып түскен сәттен бастап ол кісі маған әке орнына әке болды. Үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын. Ағатайыммен 1 сағат әңгімелессем, 1 жылға жетерлік рухани азық алғандай күй кешетінмін. Ол кісі 1978 жылы туған жеріне келіп, ағайын-туыстарымен қауышып, өзі өсіп-өнген ауылын аралап кетті. Осы сапардан Алматыға барған соң көп ұзамай қайтыс болды. Ағатайым өмірден ертерек кетіп қалмағанда халқына берері әлі де мол еді, - дейді ақынның келіні Үміт Сыздықова.

Көрнекті ақынның 90 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара ары қарай аудан орталығында жалғасын тапты. Ақтоғай ауылындағы «Жандарбек» қожа мешітінде аруаққа құран бағышталып, ас берілді. Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Бейсенбі Мұқажанов аудан орталығынан Қ.Ыдырысов атына көше берілсе деген ұсыныс білдірді. Бұдан соң аудандық мәдениет үйінде ақынның құрметіне арналып рухани-сазды кеш өтті. Аудан әкімі Қаршыға Арынов қаламгердің жерлестерін тоқсан жылдық торқалы тоймен арнайы құттықтап, ақынның ұлы – Нұрлан Ыдырысов пен келіні - Үміт Сыздықованың иығына камзол, шапан жауып, құрмет көрсетті.

-Әкеміз бізді үнемі ізгілікке, кішіпейілдікке тәрбиелейтін. Туған топырағынан алыста жүрсе де үнемі Ертіс бойын аузынан тастамай отырушы еді. Оны ақынның жырларынан да көруге болады. Ол кісінің жан дүниесі де өлеңдері іспеттес мөлдір, тұнық еді. Әкеміз өзінен туған 4 ұлға да сапалы білім, тағылымды тәрбие берді. Бір ерекшелігі ешкімді бөле-жармайтын. Әр қазаққа жалғызындай қараушы еді. Мен де әкемнің жолын қуып, ұзақ жылдар бойы журналистика саласында қызмет еттім. Әкем ұзақ уақыт Алматыда қызмет етті, елге танылды. Осындай тәлім-тәрбиеге толы шарларды туған жерінде ұйымдастырған Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов мырзаға алғыс айтамын. Сондай-ақ әкеміздің бар ғұмыры мен шығармашылығын талмай зерттеп, ізденіп, тың дүниелері мен жауһар жырларын көпшілікке ұсынып, Қабдыкәрімді қайта тірілткен Нұрбол Жайықбаев бауырыма ақын әулетінің атынан ризашылық білдіремін, - дейді Нұрлан Қабдыкәрімұлы.

Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Арман Қани мерейтойға қатысушыларға жүрек жарды тілегін айтып, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатын оқып берді.

Қаламгердің шығармашылығы мен өмірін 15 жылдан астам уақыт зерттеп, жинақтап жүрген Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы, қабдыкәрімтанушы Нұрбол Жайықбаев жуырда «Тұрсам болды көңіліңнің төрінде» атты ақын жайлы естеліктер топтастырылған мемуарлық жинақ шығарған. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлының қолдауымен жарық көрген тың туындыға ақынның көзі тірі кезінде әріптестері мен замандастары жазған соны дүниелері, Қабдікәрімнің қазақ әдебиетінде алатын орны сондай-ақ, ақын өмірден өткеннен кейін белгілі адамдардың ол туралы жазған естеліктері енгізілген. Салтанатты шарада жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, композитор Назымбек Дүкенбай ақынның мерейтойы қарсаңында оның «Керекуім», «Толқиды Ертіс», «Әке суреті алдында», өлеңдеріне ән жазған. Кеш барысында композитор сиясы кеппеген туындыларын көпшілік алдында орындап берді. Павлодар өңірінен келген өнер жұлдыздары Қ.Ыдырысовтың сөзіне жазылған «Баянауыл вальсі», «Қайдасыңдар, достарым?» секілді ел аузында жүрген әндерді орындап, ақынның абыройын асқақтата түсті. Ақынның ұрпағы, күміс көмей әнші Тілектес Ыдырысова жетекшілік ететін «Қыздар-ай» тобы «Бесік жырын» орындап, кештің көрігін одан әрі қыздыра түсті. Рухани шараға келушілер «Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің» ұжымы дайындаған арнайы көрмені тамашалады. Шара қаламгердің құрметіне арнайы ұйымдастырылған спорттық сайыстарға ұласты.

Алпысбай Хонж,

Ақтоғай ауданы.

Суреттерді түсірген – Дархан Өмірзақов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар