– Күйіне келтірілген домбыраның қос ішегі саусақ тисе күмбірлеп кететіні сияқты, ақын Жарасқанның бүкіл болмысы, мінезі – пернелерден жаратылғандай сезімтал да секемшіл болатын. Мен оны алғашқы албырт «Ақ бұлақтар» атты өлеңінен бастап оқыдым да, таныдым да. Кейін бір үйде, бір подъезде көрші тұрдық.
Жолыға қалсақ, бір шумақ өлең оқитын. Ол – қолы тимейтін әйел-ақынның намысын жану болатын. Мен одан төрт жас үлкендігімді бұлдап, бұйыра сөйлейтінмін. Ол менен төрт жас кішілігін пайдаланып, еркелей сөйлейтін. Бірде қолымда айран-сүт, наным бар, баспалдақтан жүгіріп көтеріліп келе жатыр едім, ол көңілді өлең оқи бастады. Кілт тоқтап, сол арада-ақ:
Мен базар, ал сен болсаң, тойдан келдің,
Байыма басы ауырған айран бердім.
Өлеңді жолға шашпа, інісімен
Апасының айтысқанын қайдан көрдің? –
деп жауап қайтардым.
Жарасқан қос қолын көтеріп, мәз болып: «Қойдым, апа, қойдым», - деп бетімнен сүйіп кете барды.
Сонда оқитыны – бір шумақ өлең. Сол бір шумағының өзі қандай мағыналы еді!
Сабырлы Сырдың аяғы,
Аралға құяр тұстағы.
Тұр ма екен көне баяғы,
Балықшы жұрттың қыстауы?
Бұл – өткен ғасырда Жарасқан ақын жоқтайтын мұң, бүгінгі халықты ертеңгі ұрпақ та жоқтайтын мұң ғой. Жоғалған мұра, жоғалған көне қоныс, сонымен қоса, жоғалған көне дәстүр, ата салт, бала сағыныш бар онда.
Тарихта есесі кеткен, қуанышы мен қасіреті көп, біздің ұлттың анасын жесір, баласын жетім еткен соғыстар мен санын азайтқан аштық пен қуғын-сүргін сарыны Жарасқан ақынның өлеңінен табылады. Еркіндікке жеткен біздің ұрпаққа да жаттар өлең қалдырды ол. «Дала, сенің ұлыңмын!» деп жар салды Жарасқан. Ал дала өзін сүйген ұлды далаға тастамайтынына куә болып отырмыз біз бүгін бұл кеште.
«Рухани жаңғыру», «Туған елге тағзым» бағдарламасын жүргізіп отырғандар «Дала, сенің ұлыңмын!» сияқты жырларды рухты ұрпақ өсіруі үшін жаттатуы керек бұл күнде. Ал жарық көрген ақын өлеңінің атауын қағаздан әрең оқитын қасіретті сендер айтыңдар енді, жаңа – жас ақындар. Бұл – сендерге аманат.
Жарты ғасыр жыр жазып, замандастарынан оқшау тұрған Жарасқан – «Мағжан ақын атындағы сыйлықтың» ғана иегері екен. Оның бар алған марапаты – сол. Бәлкім, онда да бір заңдылық бар шығар. Өйткені, ақын шындықты бетке айтты, марапат іздеп әлдекімге жыр арнаған кезі жоқ. Ешкімге жалпылдамады, жағынбады. Өзі біреудің ала жібін аттамады, ешкімнің жолын кеспеді. Қарғыс алған жоқ. Өмірде де, өлеңде де адал болды. Соны табиғат өзіне бүгін қайтарды. Оның өлмейтін жыр мұхитын ұрпақ білді. Қазақ мектептері көбейді. Сол мектептердің біріне ақынның аты да беріліп үлгерді.
Қазақ өнеріне тұңғышы – Рүстем Әбдірашев келіп қосылды. Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы консулы болып кенжесі – Жәнібек Әбдірашев ержетті. Шаңырағын, отырған орнын, ұстаған қаламын күзетіп Шыңғыс Әбдірашев қалды. Бәрінің қызығына бөленіп жары Нәзік отыр. Бұл – бір ақынға, бір азаматтың басына біткен аз бақ па екен?
Ойшыл жазушымыз Әбіш Кекілбаев айтатындай: «Талант тойы – табыну үшін емес, тағылым алу үшін» өткені абзал. Бүгінгі бұл кеште алатын тағылым – Жарасқан ақынның адалдығы болса керек. «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деген ұлы Абайға тағы бас иеміз. Ұлттық өнеге мен өмір сабағын паш ететін сұлу сөз – ана тіліміз, оның поэзиясы жасампаз болғай! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Жазып алған Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.