Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақылбек Шаяхмет: "Қазақ прозасының Құлагері"...

10.11.2015 4401

Ақылбек Шаяхмет: "Қазақ прозасының Құлагері"

Ақылбек Шаяхмет: "Қазақ прозасының Құлагері" - adebiportal.kz


Сәкен Жүнісов

Сәкен Жүнісов


Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ақан серінің мұрагері, қазақ прозасының Құлагері, қазақ даласының қыран ері, тың игеру тақырыбында шындықты жазғандардың пионері Сәкен Жүнісовке кезінде Ғабит Мүсірепов сері деген ат беріп, ол халық санасында орнығып қалғаны белгілі. Оны оқырмандар халық жазушысы деп үкімет осы атақты бермей тұрып-ақ таныған.


Сәкен Жүнісовтың «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері» секілді іргелі де күрделі шығармалардан бастап киноға түсірілген «Заманай мен Аманай», кейін жазған хан Абылай, ақын Махамбет туралы шығармалары, көптеген драмалық туындылары, мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген көсемсөздері жазушының қалам қайратын танытып қана қоймай, батылдығы мен батырлығын да дәлелдеген.


Теледидар мен радиодан сөйлеген сөздерінің өзі бір төбе. Бұл сөздер елге ұйытқы, халықты ынтымаққа, ауыз бірлікке шақыратын лебіздер.


Сәкен серінің кезінде Қостанай педагогика институтында қызмет атқарып, дәріс оқығанын көп адам біле қоймайды. Қостанайлықтар үшін осы оқиғаның да үлкен маңызы бар. Өйткені,жазушының жас кезі және әдебиетке жаңа араласқан балаң шағы Қостанай тарихымен байланысты. Оның шығармаларын оқыған оқырмандар жапандағы жалғыз үйдің қуанышы мен қайғы-қасіреті, тың игеру тұсындағы қол жеткен табыстар мен орын алған қателіктер Қостанай жерінде өткендей әсер алады.


Шығарма кейіпкерінің бірінің: «жоспарлап берген жерді түгел жыртпай, мал жайылымы үшін жер үнемдеу – бүгінгі тың көтеру деген ұлы ұранымызға кереғар, қайшы келеді» – деген пікірін беру арқылы жазушы өз көзқарасын да сол кездің өзінде айқын танытады.


Сәкен ағаның ұлы жазушы Мұхтар Әуезов туралы. «Мұхаң қай жерде отырса, сол жер төр емес пе» – деп кезінде тауып айтқан қанатты сөзі секілді, Сәкен Жүнісовтың туып-өскен, қызмет еткен жерінде де оның кейіпкерлерінің прототиптері болуы заңды деп ойлаймыз. Қаламгер ел ішіне келіп, шығармашылық кездесулер өткізгенде де үнемі төрде отырды, тасы өрге домалап тұрды. Кешегі шәкірттері енді оның сүйікті оқырмандарына айналды. Олар жазушының сарқырап аққан бұлақтай шешен сөзіне бір риза болса, тамылжыта шырқаған әндерін естіп, екі сүйсінді, теледидардан берген сұхбатына көңілі толса, мемлекет пен қоғам істеріне белсене араласқан қайраткерлігіне тағы риза болды.Расында да, жазушының өз сөзімен айтар болсақ, «басымен ойлайтындардан көрі аяқпен ойнайтындардың бағы басым болып тұрған кезде» қолынан қаламын түсірмей, елі үшін аянбай қызмет етіп келе жатқан қаламгерлердің көш басында келе жатқан жазушы халық көңіліне жол тауып, оқырман жүрегінен берік орын алғаны ақиқат.


Қазақстан Республикасының Білім министрлігі 1996 жылы Мұхтар Әуезовтың Абайтану туралы лекциясынан студент Сәкен Жүнісовтың конспектісін жеке кітапша қылып бастырып шығарды.Осы кітапқа жазған алғы сөзі мен «Біз Мұхаңа өмір бойы шәкірт болып қаламыз» деп аталған соңғы сөзінде де жазушы Сәкен ұлы жазушы, ұлағатты ұстаз Мұхтарға деген адалдығымен қатар келешек ұрпаққа деген сенімін де көрсетеді. Аталған конспекті шын мәнісінде студенттерге таптырмайтын оқу құралы.


Жазушы туындылары ел тіршілігін шынайы көрсеткен шарайна тәрізді. Сәкен сері өнерде де әмбебаб. Проза ма, поэзия ма, драма ма, киносценарий ма, ол қалам тартпаған жанр жоқтың қасы. Кейіпкерлері де сайдың тасындай. Істері орнықты, сөздері мығым, сезімдері нанымды.


Сахына саңлағы Серке Қожамқұлов туралы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында тамаша актерді еске алып тұрып сөйлеген сөзінде: «Кейбір шалдардың өзі кеткен соң артынан шаң шығып жатады, ал Серағаң секілді ақсақалдардың артына гүл бітеді» – деген секілді табан астында айтылған ойлары да ажарлы.


Орыстың мұжығы келсе, іргесі кеңейетінін, орыстың ұлығы келсе, түрмесі көбейетінін «Ақан сері» романында қадап айтқан жазушы «Заманай мен Аманайда» бай мен кедей болып бөлінудің қырсығын тартқан кейіпкерлер образын үлкен шеберлікпен сомдайды.


Жазушы шеберлігі дегенде, оның суреттеуі, бейнелеуі, образдар жасауы, диалог құруы өз алдына, кейбір көріністерді біріңғай лепті сөйлемдер, одағайлар арқылы көз алдына алып келуі таңдай қақтырмай қоймайды.


– Ия, әруақ, ақсарбас!

– Мейрам бабам аруағы қолдай көр!

– Адай,Адай!

– Алдияр, Алдияр!

– Қайыр,қайыр!

– Тұқырт,тұқырт!

– Жамбасқа ал, жамбасқа!

– Көтеріп әкет. Мықыныңды тайдырма!

– Аяғыңды босатпа!

– Желкеден сал қолды.

– Бұрап жібер!

– Сындыр, сындыр!

– Үгітіп жібер!

– Лақтыр, лақтыр!

– Шіркін-ай, келіп тұр-ау!

– Көтеріп соқ!

– Қап, әттеген-ай!

– Ал, жықты!

– Ал, құлады!

– Уа, ақсарбас!

– Уа,әруақ!


Осыдан кейін-ақ бірін бірі ала алмай жатқан екі балуан көз алдына келмей ме?! Дайын сурет. Кез келген суретші бояу және қыл қалам құдіретімен де осы палуандар күресін дәл осылай көрсете алмас еді. Олардың жағаласуын жазушы былайша суреттейді: «Тұла бойынан тер саулап, тамырлары білеуленіп, буындары талып, қалың қара еттері жыртылып, жіліктері майысып, көздері қарауытып, соңғы күштерін салған екі алып, жұрттың сөзін қайдан ұқсын. Бастары шыңылдап, құлақтарының түбінен Арқаның асау желі, Нарыннның теңтек құмы суылдап, теңіз суы шуылдайды».

Жазушы бейнелеген Құлагердің шабысы, Қараторғайдың қанат қағысы, Ақан серінің ән салысы да керемет суреттелген тұстар ұлы Абайдың «Ат сынын» еске түсіреді.

Көкшетауда өткен мерейтойда оған арнап:

Сәкен сері – елдің ері еңселі,

Сәкен сері – адалдықтың өлшемі.

«Мұхаң орны-төр» – деп өзің айтқандай,

Қайда барсаң, күтіп тұр ғой төр сені.

Көкшетау ма, Алатау ма тұрағың,

Айттың шырқап қазағымның жыр-әнін.

Зеңгір көкте самғап ұшқан қыраным,

Қараңғыны жарық қылған шырағым.

Асып өткен тосып жатқан шың-құзын,

Үлгі қылар мәпелеген ұл-қызы,

Сәкен сері – серілердің сарқыты,

Сәкен сері – халқымыздың жұлдызы – деп жыр арнағаным бар.


Сәкен ағада ойлы да образды сөздерді табан астында айта алатын қасиет бар еді. Газетке «Баспен ойлайтындардан аяқпен ойнайтындардың бағы басым болды» деп жазғаны есімде қалыпты. Енді бірде мен оның ұялы телефонының нөмірін жазып алып жатып: «осы саны құрғыр жадымда тұрмайды» дегенім бар. Сонда Сәкен аға: «менің нөмірімді есте сақтау оп-оңай. Әуелі 8–701 дегенді ұмытпайсың. Бұл дағдылы сандар. Одан кейін қазақ халқы үшін тамаша жыл бар Ол – 45. Одан кейін – халқымыз үшін қасіретті жыл бар. Ол – 37. Содан кейін ең жақсы баға – 5, одан кейін нашар баға – 2, одан кейін орташа баға – 3. Міне, осы сөздерді ұмытпасаң болды, – деді. Шынында да, осы сөздер жадымда жатталып қалды, сүйтіп ағаның телефонын жатқа білетін болдым.


Сәкен сері шын мәнісінде халқымыздың маңдайындағы жұлдызы болды. Сәкен аға өмірден өткенде топырақ Астанадан бұйырды. Қиналсақ та, қамықсақ та, ажал тырнағынан арашалап қалу қолдан келмеді.

«Ажал айтып келмейді,

Оған ешбір дауа жоқ.

Өлген қайтып келмейді,

Қайтаратын шама жоқ.

Әкеледі ақырға

Жүректегі нала көп.

Содан кейін тақырда

Қаласың қу мола боп» – деген жыр жолдары сол кезде туды. Бірақ, оның шығармашылық ғұмыры жалғасып жатқанына шүкірлік қылдық.


Сәкен сері өмірде де, өнерде де дара тұлға болды. Қазақ елінің тәуелсіздігі жолында бел шешіп күрескен, қиын-қыстау жолда бөгет болғандармен тірескен, жиырмасыншы ғасырдан жиырма бірінші ғасырға аман-есен жеткен заман көшіне алғашқылардың бірі болып ілескен суреткер болды. Ендеше оның шығармалары да, есімі де мәңгі жасайтынына шүбә жоқ.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар