Бүгін Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен Юнус Емре Институты Астана Түрік Мәдени Орталығы бірігіп, танымал түрік ақыны Фарук Нафыз Чамлыбелді еске алуға арналған поэзия кешін өткізді. Шараға түріктің әдебиеттанушы ғалымдары мен ақындар қатысты.
Фарук Нафиз Чамлыбел – 18 мамыр 1898 жылы Ыстамбұлда туды. Әкесі мемлекет қызметкері, аты-жөні Сүлейман Назиф Бей, анасының аты Фатма Рухие. Ақынның алғашқы 1914 жылы «Сағат» атты өлеңі Балалар Әлемі журналында басылған.
Өлеңдерінің негізгі тақырыбы махаббат, сағыныш, табиғат, өлім, қаһармандық болып табылады. 1918-1930 арасында негізінен махаббатты жырлаған. Сезім мен ойды бірге алып жүретін романтикалық, реалистік тақырыптағы өлеңдерімен көпшілікке танылды. «Жолаушы», «Арбашы» деген өлеңдерінде жолаушыны рухқа, арбашыны денеге теңеуде өте асқан шеберлік танытқан. Өлеңмен бірге отан, ұлтқа деген махаббатын айшықтайтын спектакльдер де жазды. 1936 жылы жазған «Жұлдыз Жаңбыры» деген романы бар.
Қазақтың өмірден ерте өткен талантты ақыны Әмірхан Балқыбек Фарук Нафыздың бір топ өлеңдерін аударып, қазақ оқырмандарына таныстырған еді. Кеш барысында марқұм Әмірхан Балқыбекке Юнус Емре түрік мәдениет орталығының сыйлығы тапсырылды. Ақынның сыйлығын «Әдебиет порталы» интернет-жобасының жетекшісі Бауыржан Қарағызұлы табыстап алды. Сыйлық жақын арада Әмірхан Балқыбектің отбасына жеткізілетін болады. Қазақ әдебиетіне, қазақ поэзиясына ортақ марапатпен қазақ оқырмандарын құттықтаймыз.
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.