Ақерке Ақжайықтан қанат қағып, бүгінде қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның есімі өлең сүйер қауымға жақсы таныс. 2014 жылы 3 сәуір күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Кәусар» мәдени танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылық кеші өтті.
Жайықтан Арқаға арнайы келген ақынды оқырман қауым ерекше ықыласпен қарсы алды. «Жайықтың ақ шағаласы» атты жыр кешін әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Кәусар» мәдени танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбаев жүргізді. Кеш екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды. Студенттер жырларын оқыды. Келесі бөлімде ақынның жаңа жырлары оқылып, көрермендер тарапынан ақынның шығармашылығына, жеке өміріне байланысты бірнеше сұрақтар қойылды. Сыршыл ақын жан дүниесіндегі тылсым сезімді бүкпесіз ашып, толқытқан ойларын оқырманға жыр жолдарымен жолдады. Ән айтылды, жыр оқылды, жүрекжарды ізгі тілектер айтылды. Кешке белгілі қоғам қайраткері М.Жолдасбеков, академик С.Қасқабасов, ақынның замандастары С.Тұрғынбек, Ә.Сарай, А.Жағанова қатысып, құттықтау лебіздерін білдірді. Жүрек тебірентер жырлары оқырманның көңіл пернесін басып, адалдық, пәктік, іңкәрлік, сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерге жетелеп, сарғайған сағыныштың ауылын аралатқан ақын кеші әсерлі өтті.
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.