Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақын Қанипа Бұғыбаеваның күнделігі мен ойтолғамдар...

14.08.2015 6363

Ақын Қанипа Бұғыбаеваның күнделігі мен ойтолғамдары

Ақын Қанипа Бұғыбаеваның күнделігі мен ойтолғамдары  - adebiportal.kz




Ақын Қанипа Бұғыбаеваның күнделі мен ойтолғамдары



Мазалап арман жанымды

Алады жырмен уатып,

Бола аламаймын сабырлы

Сабырлы емес уақыт... -

деп алғашқы өлең кітабымның (1963 жылы) бетін ашыппын.


1958 жылы “Өзенім” деген өлең жазыппын:

Сылдырап аққан өзенім

Күлкіге әсте тоймайсың.

Ысқылап арна өзегін.

Шелекті тартып ойнайсың.

Сұлудың сырлы көзіндей,

Суың мөлдір тұнықсың.

Болмаса жырым өзендей

Жанымды менің кім ұқсын.


Өлеңді алғаш 16-жасымда жаздым. Ақын болсам деген ойым жоқ болатын. Әйтеуір шешем Нұрғайша маған көп кітаптар әкеліп ертегі, аңыз, батырлар жыры, ғашықтар жара Қобыланды, Ер төстік, Алпамыс, Қыз Жібек, Айман Шолпан, Қозы Көрпеш, Баян Сұлу т. б. оқытатын. Көрші көлең кеш түсе біздің үйге жиналып дөңгелек столды қоршай отырып, менің аузыма қарайтын. Мен жаяу, шамның әлсіз жарығымен ойлау жерден орғытып, қырлау жерден қарғытып тез тез зуылдатып оқитынмын өлеңдерді.Өзім тез оқығаныма мақтанам іштей.Бірақ онша түсінбейтінмін... Келе келе оқи берген соң ба ішіме сөз сәулесі түсетін болды сөз сырына қанығып, бірте бірте кітапқұмар болдым.Денсаулығым шамалы болған соң ба? аяғым 6 жасымда тізем шығып кетіпті де, ойнап жүріп уағында салынбай қалған екен. Мектепке де кейде бара алмай төсек тартып жатып қалатын едім... Ол кезде ауылда радио телевизор дегенің жоқ. Әкем де шешем де колхоз жұмысында . Ерте кетіп кеш келеді. Бір күні шешем мені дүкеннен қант әкел деп мені жіберді, дүкенге кіріп барсам Түлкі тұмақ киген бір кісі маған қарап тұр. Сөйтсем, кітап сыртындағы Ілияс Жасүгіровтың суреті екен, Мен бірден осы кітапты сатып алып үйге әкеліп оқығаным әлі есімде. Ондағы әсіресе маған Бұлбұлға деген өлеңі керемет әсер етті.


Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып,

Тыңдадым таңдайымның суын жұтып

дегенін ұмытар емеспін. Сол кездерде Талаптың мініп тұлпарын әр қияға салған шақ, деп алғаш шешем іс машинасын сатып алып берді.


Ауылдағы көрші апайлардың көйлектерін пішіп тігіп алғысын алып жүрдім тігінші болғым келді, бірде әтештің суретін кішкентай кілемшеге кестелеу әдісімен түсіріп керегеме іліп те қойдым. Ою кестеге әуес болдым. Өте қызыққыш, еліктегіш болып өстім. Үйге біреу келсе жақсы көріп, оны бір жұмбақ аралдай көріп, оған барлау жасап, жақсы көріп, шешемнің басын шайқап, қой дегенін тыңдамай қойнына кіріп кететінмін. Киімімді айырбастап, сен-сен ал деп адамдарды қуандырғанды жақсы көретінмін. Бірде үйге келген тәтенің қолдан соққан жәй сырғасына қызығып, өзімнің әкем Томіскіден (жұмыс армиясында болған 6 жыл) әкеп берген алтын ай сырғамды беріппін. Шешем амал жоқ үндемепті. Алғаш Күләштің даусын (Гәккуін) естіп, мен Күләштай әнші боламын деп, көңілімді ән әлемі жаулап алды. Ақсудың бойна барып, оңашада құстарға ұқсап ән салатын едім, сонда менен асқан дүниеде әнші жоқ деп ойлайтынмын. Өте қызыққыш әсершіл едім. Неге мен Қызжібек болып ойнамаймын деп Ақсу ауданының театрына ылғи баратынмын, мені жұмысқа ал деп. Ол кезде Әбітай Исақанов деген жігіт мәдениет үйінің меңгерушісі екен, қолымда таяқ, ойымда түк жоқ алқынып ән айтып берейін деп Тау ішінде, Бозжорға, т.б. Гәкку, Гауһартас әндерін орындап беремін ол мені тыңдап келіп тұр қәзір орын болыңқырамай жатыр, аламыз сөзсіз, талантсың деп мені мақтайтынын ұмытпаймын. Сол театрдағы Назарбек, Дәмелі, Бағила секілді өнер адамдарына қатты қызығатынмын. Шіркін менде сахнаға шығып ән салсам солардай деп. Әлі есімде ауылда радио жоқ, Ақсудағы Айса деген апайдың үйіне барсам, керегесінде қап қара қалпақтай радиодан нетүрлі ән, музыкалар беріліп, тұрғанын көріп, түбінен кеткім келмей нетүрлі қалаларды аралап музыка арқылы, аралап ұшып жүргендей күй кештім. Бір күн, екі күн, тегі түбінен, (тамақ та ішкім елмей) кеткім келмейді. Содан бір әнші жігітке деген ән шығардым сөзінде өзім жазып ыңылдап айтып жүрдім...


Шырқатып сұлу әнді сылқым жігіт,

Жетеді-ау қыр басына сілкіндіріп.

Бөлесе бір көңілді қуанышқа,

Кетеді-ау бір көңілді күрсіндіріп.

Сұлу үнді сылқымым,

Жаны сазды сыршылым,

Естімей сол әніңді,

Қалай ғана тыншырмын?

Бір жанып, өзіңменен бірге өшемін.

Жаныңды ән болмаса білмес едім.

Ұғынып жан дүниеңді жанарыңнан,

Әніңе ән қайтарып тілдесемін...


Бірақ бір күні радиодан әнші қызға деген ән берілді, байқасам әуені менің әнші жігітіме ұқсайтын секілді, содан қайтып ән айтуға құштар болсам да ән ән шығаруды қойып кеттім...


Менің алғашқы ұстазым анам Нұрғайша, ол кісі маған Абай, Қасым, Мәриямның Әбудің өлең кітаптарын әкеп беріп оқытатын. Үйге қазақ әдебиеті, әйелдер журналын алатынбыз, әсіресе Абай жолын оқып бір өзге дүниеге еніп кеттім, әсіресе ғашықтық жайлы Абай мен Тоғжанның ара қатынасын, Әйгерімнің әнін естігендей болып өзімде боран соққанда адасып, Абай секілді жігіт аттан түсіп, үйдің есігін таба алмай тұрғандай елегізуші едім. Оңашада Татьянаның Онегинге жазған өлең хатын әндетіп айтуға құмар едім.. Домбыраға да ғашық болдым. Басыма жастап күйші болғым келді. Бірақ "Елім-айды" әрең үйрендім өз сезімім арқылы барлық білген әндерімді шерту деңгейіне жеттім. Суретші де, ұста да болғым келді, Бірақ осының бәрі тек менің сұлулыққа деген құштарлығым екенін кейін сездім. Тез ғашық болып, тез айнып қалатынмын. Хат жазғыш әскердегі жігіттерге қызық көріп өлеңмен жауап хат жазатын едім, одан хат келсе қыздар күліп оқушы едік.Шешемнің суырып салма өрен жүйрік ешкімге дес бермейтін ақындығы ма, әйтеуір бір сөз құдіреті мені өзіне тартып, өз өзімнен күбірлеп, алғаш аулыма арнап өлең жазғанымды білмейде қалдым.


Үрлей ескен желме мынау самал ма,

Толқын өрген жасыл шалғын далам да.

Күніне мен жүз сүйемін аулымды,

Көңілімнің құндағына алам да.

Сымбатыңа қараймын да сыр алам,

Жас балаша жылап, кейде қуанам,

Топырағыңды уыстасам еңкейіп

Көз алдыма елестейді ұл анам.

Тек өзімде бүршік жарар гүлім де,

Тек өзіңде жарық болар түнім де,

Саусағыммен шертілмеген күй болып,

Жыр боп тұрдың көкірегімде, тілімде.

Жан емеспін көппен бірге көшке ерген,

Кеудеңдегі бір отыңмын өшпеген.

Туған өлкем, топырағыңнан нәр алар,

Жап жас ғана шыбығыңмын өскелең...


1960 жылы жазылған бұл өлеңімді алпысқа келгенде оқып толқып отырмын. Шешем 1959 жылы қазан айының 29-да 49 жасында соңына біздерді тастап, көз алдымда көзін жұмып кетті... Өмірге 9 ұл 1 қыз мені әкелген ол соңына 2 ұл бір қызын тастап кетті. Сондағы менің ойым ол енді жұмыс, жұмыс деп жазда ыстыққа күйіп қыста суыққа тоңып қиналмайды, әкем тамақ тез дайын болмады деп ұрыспайды оған, енді ол демалады деп деп қуанғам. Біақ олай емес екен Анамның жоқтығы өмір бойы жаныма батып, орнын ешкім баспайтынын қайдан білейін?


Алғашқы өлеңге талпындырған ұстаздарым - Құдаш Мұқашев, Әбу Сәрсенбаев, үлкен жүректі журналист апай Ләзиза Серғазина болды. 1962 жылдары Ақсуға Әбу Сәрсенбаев, Тұманбай Молдағалиев деген Алматыдан үлкен ақындар келді. Маған Құдаш келсін деп хабар жіберіпті. Сара ауылының арасы 9 шақырымдай болатын. Сол жолы аудандық мәдениет сарайына жұрт көп жиналды. Мен Әбу ағаға арнаған өлеңімді оқып бердім. Аяғымды көріп, аялап кетті ме. Алматыға кел, дәрігерге аяғыңды қаратамын деді де бір кітабына қолтаңба жазып беріп, соңына телефон санын, және үй адресін қоса жазып, мені Алматыға шақырды. Содан әкем үй иесіз қалмасын деп бір әйелді алып келген. Ол кісі жайсыздау болды маған, мінезі шайпау, күнде ұрыс талас әкем соның сөзін жақтайтын секілді, дәрменсіз, жаңа үйленген жас қызбен жігіттей шымылдық құрып қойды... Мен шешемнің жаны шыққанда жатқан қоңыр кереуетін иемденіп өзім ауызғы үйде жататынмын, олар түпкі үйде. Бір күні өгей шешем алдағы қоңыр кереуетті бізге бер, үлкен екен сен біздікін ал, саған лайық деді:


Жоқ бермеймін өзім осы кереуетке үйреніп кеткемін деп бермей қойдым.. Содан ол менімен өшігіп алды. Ауылда клуб меңгерушісімін, аудандық газетке өлеңдерім шығып, атым шығып қалған кезі. Және Құрақсу мал қыстауына барып бір Мелиса жігітпен айтысып Балқаш бойында оны жеңіп, домбыра шапан алғам сыға, сонда самолетпен Коммунизм таңы газетінен (Жетісу) Мұхаметжан Дүзенов деген кісі келіп суретке түсіріп алып, мен жайында мақала жазып өлеңдерімді жариялаған болатын. Сол кезде ауданнан сол Құрақсуға Бәтима Сақауова деген хатшы барған. Сол кісінің машинасымен бірге барғамын. Бұл 1960 жылғы қыс болатын.


Содан бірде әке-шешеме бір ренжігенімде шыдамай, Алматыға дәптерлерімді алып қашып келдім... Келіп автовокзалдан телефон соқтым. Әбу апай таксимен келіп мені үйіне алып келді. Апаймен таныстым. Маған рухани әке-шеше болды. Мейірім шуағына бөледі. Дәрігерге қаратты. Аяғыма операция жасатып, қолымнан таяқ түсті, аяқты жерге нық бастым. Өмірге үміт арман көзімді аштым. Жақсы адамдар бар екенін білдім. Барлық газет-журналдарға сәт сапар берді. Тұңғыш кітабыма редактор Тұманбай аға болды.Өлеңге өнерге деген алғаш тұсауымды кесті. Мен сол кездерде Мұқағали, Жұмекен, Зейнолла Серікқалиев, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменовтерді, Оспанханды көрдім, таныдым. Үлкен жазушылардан Әбділда, Тайыр, Сәбит, Ғабит, Ғабиден , Зейін, Қажым, Зейнолла Қабдоловты, Асқар Сүлейменвты, Мәриям Хакімжанованы, Шәрбану Құмарованы, Қадырды, Сейдахмет, Қосжан ағаны, Шерханды, Сағиды, Шонаны, Сабырханды, Тоқашты, Ізтайды т.б. бәрін көріп үлгердім. Менің жаныма жырлары жақын Тұманбай, Мұқағали, Қасым болды...


1963 жылы Тұңғыш кітабым жарық көрді Содан бері 18 өлең кітаптарым оқырман қолына тиіпті кезінде өз бағасын алды. 1969 жылдан бері ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР Одағының мүшесімін. Ең бірінші ұстазым халық, одан кейінгі ұстаздарым аты аталған аға апаларым. Жетісуым. Өлеңге келгеніме жалып творшестволық жолым 40 жылдан асыпты.Осы Жамбыл ауданына көшіп келіп тұрғаныма 35 жыл болыпты.Мен алғаш Нарынқолға барып барып театрда әнші болып (оркестрге қосылып гәккуді айтатынмын) істедім. Содан бері әртүрлі мәдени жұмыстарда жұмыс істей жүріп қолымнан қаламымды тастағаным жоқ. 1983 жылы ҚАЗМУ дің жур-к бөлімін бітіргемін. Сұлтанғали Садырбаевтан, Әбдісаттар Дербісалиевтен, Тауман Амандосовтан дәріс алдым. Мұқаметжан Қаратаев, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленовтердің жылы лебіздерін естіп қанаттандым. Әр жылдардағы бас қосқан сьездерде, жыл қортындысында мақтауларын естідім.


Менің кемшілігім, сенгіштігім, ғашық болғыштығым, әсіресе жақсы адамдармен сырласуға ғашықтығым. Неге екенін білмеймін, әлдекімді күтіп елеңдеп, елегезіп жүремін, мені біреулер сағынып, мен біреулерді сағынып жүргендей күй кешемін түндерде ұйықтаған болып жатқанмен, сонау өткен балалық жаққа Обломовқа ұқсап саяхат жасап анамды, даламды бір кездегі бала кезімді елестетіп өмір сүріп жатамын. Қазір өзіме ұнайтын жас ақындардан Танакөз Толқынқызы, Оңайгүл Тұржанова, Жанат Әскербекқызы, Тыныштықбек, Маралтай, Жарас Сәрсек, Роза Сейілханова, жазушы қыздар Айгүл Кемелбаева, Гүлзат Шойбекова, ал сазгерліктен өз қызым Ләззат Қарашева, әншілерден Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішов ұнайды. Мен екі дәуірді бастан кешіппін бірі бодандық, бірі Егемендік, осынау елімнің тәуелсіздігін өз көзіммен көргеніме бақыттымын. Мен үшін бейбіт өмірде жарық дүниені жарық таңдай жаныңмен көріп аман сау жүруден асқан бақыт жоқ. Өзім жетпеген өнерлеріме олар жетіп жүргендей. Ұлым Талап домбырашы, қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясын бітірген.Қыздарым Ләззат сырнайшы, сазгер әнші ұстаз. Ләзиза да қыздар педагогикалық институтын бітіріп, Шоқан Улиханов мектебінде музыкадан дәріс береді, сырнайшы. Немерелерім бар. Айдана, Әлия, Ғалымжан, Нәзира атты. Үш баламнан.


Туған жерім - Талдықорған облысы, Ақсу ауданы Ақын сара ауылы. Ілияс Жансүгіров ақын Сара, Қуат Терлікбаевтар дүниеге келген жер. Кішкентай ғана Көкжайдақ деген ауыл кейін Киров колхозы болды, одан өзгеріп Ақын Сара ауылы болды. Мен туған анама қарызбын. Сол қарызымды өтеп кеткім келеді... Кемшілігім. Жалыққышпын. Мұңшылмын. Қызбамын... Көрсеқызармын. Аузым көп күйсе де ғашық болғышпын. Мүмкін ол менің мамандығым шығар.. Ғашық болмасам, өлең жаза алмаймын.. Жасымды ойлағым келмейді.



Атаққұмар емеспін


Адамды адам, адам болғаны үшін сүюі керек қой. Рушыл емеспін. Ұлтшылмын.. Жақсы мағынада. Еріншекпін.. Ұмытшақпын. Сенгішпін. Дүниеқорлықты жеккөремін. Сұлулықты, білуді, құпияны білігім кеп тұрады. Алданғышпын...


Кешегі жазаған өлеңім бүгін ұнамай қалады. Тез өзгеремін.. Табиғатты ұнатамын. Аспан әлемін аңдып көп қараймын... Атымды Әлия әжем қойыпты. Көршінің Қатипа деген бір жастағы қызына ұйқастырып қойыпты. Мен туғанда үйде туған ғой шешем. Доп домалақ доптай боп туыппын. Көтек бұл не? деп әйелдер шошып қалып әрең шешіп жарып алыпты. Кіндігіме оралып қалыппын. Шар ете түсіппін әйтеуір қыз бала екенімді көріп кіндігімді Несіпбала деген (соғыстан күйеуі қайтпай қалған) әйел кесіпті өкпелесе, ренжісе, бірдеңеге үндемей қалады екен. Әкем мені тура кіндік шешесі үндемей қалатыны дейтін. Әжем мені 6 жасқа келгенше бағыпты өзі бауырым Балташпен бірге ақсуға ағып кетті. Ұстағанмен тірілмеді, сөйтсе аузын бекіткен кезі екен аузын жауып алыпты, су кірмепті. Ыстықта суға шомылған немересін ұстаймын дегенде тасыған су толқыны ағызып кеткен, ол үлкен әңгіме.. Шешем еңбек армиясында жүрген әкемнің соңынан Томскі қаласына 3 рет барыпты. Мені алғаш енесіне 6 айлық кезімде қалдырып кетіпті. Сөйтсе, маған бөлек шәйнекке тамақ сорпа жасап әжем береді екен, менен үш жас үлкен Балташ бауырым осы қызға ғана бересің маған неге бермейсің деп жыласа:

 - Ал ендеше мұны апарып жардан лақтырып тастайын деп жүре бергенде,

- Апатай ай жәй айтамын ағамен тәтем келгенде не айтамын, оларға деп жалынады екен тастамашы суға, деп. Сол бауырым ғой 1939 жылғы болатын олар суға ағып кеткенде мен 6 да екенмін. Бақшасы бос тұрмасын деп мені 6 жасымда мектепке беріпті. Күмісжан Жақсыбаева деген әдемі тәтей сабақ бергені әлі есімде... Ол бейнебір менің көзалдымда ауада қалқып, ұшып жүрген ақ көбелектей еді, әдемі, әппақ еді. Мені үйге дейін әкеп тастайтын. Жалпы менің өмірбаяныма өлең жолдарым да жатады. 

Қайсібірін айтайын?...

1961 жылы Жамбыл облысына Мәдени ағарту училищесіне бара жатқанда Алматыға аялдап Мұхтар Әуезовты көрдім опера балет театрында табытта жатқан сәтін, қара құрым жұртпен бірге (бір қолымда таяғым, бір қолымда домбырам, кезіп келем көшені айтатындай мен бір ән деп өлең жазғам) ұлы жазушымен қоштастым. Баян класына түстім. Гүлдерайым, Маңмаңгер, Алқоңыр әндерін айттым, мені бөлгенде слухымды байқап (Еврей кісі) Баянға алды, бірақ баян сатып ал деді жатахана жоқ екен, Сүлеев деген үлкен кісі оқу ісінің меңгерушісі мені училищеге жақын бір үйге орналастырды. Бұл Әтина Жәкетова деген (Әйеледер жрналының редакторы) апайдың туысы болып келеді екен. Сырғаш деген үй иесі сұлу жас әйел өте мейрімді адам екен. Кейін мені өзі Ұзынағашқа іздеп келді. Балалаларды жұмысқа алып кеткенде, мен үйге барып ақша, киім кешегімді алып келейін деп ауылыма келсем, олар мені әкем сені біреу өлтіріп кетеді, керегі жоқ бармайсың деп жібермей қойды. Аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған көшпелі автоклубта 10 жылдай істедімкөзі тірі Хабиев, Әлімқұл Жамбыловтармен бірге. Одан соң аудандық өлкетану музейінде 7-8 жыл істедімаудандық балалар кітапханасында көп жыл істедім. 1962 ж майда Қазақ сср жоғрғы Советінің грамотасымен наградталдым. 1993 жылы Абайдың 150 жылдығына арналған Түрік поэзиясының халқаралық II-фестивалінің жеңімпазы атандым. 1996 жылы Жамбылдың 150 жылдығына орай Қазақстандық өнер әдебиет делегаттарымен бірге Санкт Петербургке бардым. Сондайақ Абай, Жамбыл, Мұқтар, Қаныш, Бақтыбайға арналған мшайраларда жүлделі орындарға ие болдым. Абайдың туған күнінде Семейдегі 150 жылдық ұлы тойына қатыстым. Жаңа ғасыр жарнамасы 2001 байқауы бойынша Қазақстан республикасының рәміздерін насихаттауға арналған мүшайрада бірінші дәрежелі орынды иеленіп Құл-Мұхаммед қол қойған диплом, сыйға компьютер алдым.


Шығ.. (Тұңғыш кітап 1963. Екінші дәптер 65. Ақ сүт, Қара торғай, Ару ана, Ана жыры , Жыр және жүрек, Қыз дәурен, Көк белестер, Менің даусым, Гүлдер көзін ашқанда, Домбыра дәурен, Қоңыр жел, Шұғылалы шақ, Қоштасқым келмейді, Құс жолы, қазір "Жазушы" баспасында Аққу әні атты 20-баспа табақ өлең поэмалардан құралған қолжазбам жатыр... 1980 ж. Чудесный сад (антология) Весенный дождь атты орысша шыққан қазақтың ақын қыздарының өлеңдерімен бірге өлеңдерім жарық көрген. Кей кейде мақаласын да жазып қоятыным бар. Шыққаны шықпағаны бар, олардың. Кітап оқығанды ұнатамын...


Халық әндерін айтқанды жақсы көремін, дем алып қаламын. Тынысым кеңіп қалады. Өз қолыммен бірдеңе тіккенді де ұнатам уақыт болғанда. Әкемді қожанасыр деп те атайтын ауы, сол кісіге ұқсастығым да бар ау деймін... Әкемнің аты Абдрахман шаруа, қол еңбегімен бізді асырап бақты. 1983 жылы 78 жасында қайтыс болды. Шешем Нұрғайша Сенбіқызы 1959 жылы асқазаннан, 49 жасында кетті. Менің аяғымның жазылғанын көре алмай кетті. Көп жылайтын мені ойлап оңашада, аяп.. Мен де жұлдыздарға қарап жусанның түбінде отырып (шешем өлгеннен кейін) айға қарап Құдай ау менің не жазығым бар еді? Неге менің аяғымды жазбайсың, жұрттың қызы секілді Менде жігіттермен билеп, күйеуге тиетін күн болар ма екен? дейтінмін, сол сөзімді құдай естіген болар тілегіме жеттім ғой... (әзіл) Өйткені 10-ны бітірмей жатып қыздардың бәрі күйеуге тиіп кететін, соларды мақтап әкем әні пәленшенің қызы күйеуге тиіпті, Сені ешкім алмайды дегені жаныма бататын, күйеуге тию деген ерлік екен деп ойлағанмын онда. Содан ғой, үйсіз, күйсіз, жұмыссыз қиын күндерді бастан кешсем де үйге, ауылға бармай балаларымды өзім ғана қарап, бағып, балапан басқан торғайдай Ұзынағашты шыр айналып үйден үйге көшіп пәтер жалдап, жүрсем де, ешкімге мұң шақпай тірлік еткенім. Сонда да бөпемді орап қойып ол ұйықтағанда тығып қойған дәптеріме көңіл күнделігіндей ғып өлеңдер жазып жүрдім. Жағыдай тілемей, курортқа бармай жаман қағазға сынық қарындашпен ақ шайдың қағазына Қанипа лирика жазады деп Базарбектің әзілдегені сол ғой. Әзілі болса да сөзінің жаны бар. Ақ сарайға құстың сүтінен басқасы бар жерде отырсам кім біледі қандай боларымды. 1964 жылы Қанағатқа қосылғанмын, өзінің мінезі бар. Мәдениет саласында халық театрында көп жыл режиссерлік етті, ҚАЗПИ-дың тарих факултетін менімен қатар бітірді.


Айлап сыртқа шығып гастрольге кететін. Мен өзім жалғыз балаларға қарап, сүттің кезегінде тұратынмын. Кетсем, кереуеттің аяғына қызымды байлап, алдына ойыншықтар, печенье қоятынмын. Бір қызымды әкем 2 айлығында болмай сұрап алды. Оның да аты Ләзиза болатын. Үй жоқ, Талап жаңадан жүріп жүрген Е асырап берсін, сосын өзім алам ғой деп ойлап өгей шешеңе алданыш болсын деп алған. Сөйтсем, 5 айлығында көз тиіп шетінеп кетіпті, Олар маған хабар бермей қойыпты, ренжиді деп. Кейін білдім. Шешемнің қасына қойыпты (ішіне зираттың) Сонда 4 баланы дүниеге шырылдатып әкелдім. Ал дүниеге келмей кеткендері 7-8. Не керек, қалай асыраймыз, өзің өлең жазасың. Алғызып таста деген Қанағаттың сөзіне ерегесіп, жанымнан жан, қанымнан қан алғыздым ғой ол кезде. Сондай (жасырын саясатта) болды ғой .. Әйтпесе сығанның балалары да жүр ғой жайнап. Қазір көктем өтіп кеткен соң бәрі кеш өкінемін бір білгенім ешкімге бала беруге, бала алғызуға қарсымын...


Бірін айтамын деп бәрін айтып кеттім ғой. Кешіріңдер мені. Шыңғыстың Көктөбедегі кездесуі есіме түсіп отыр.



Мен қалай Қанипа болдым?!


Менің екінші ұлы әкем Әбу ағай және Ләзиза апам. Екеуі мені өз баласы ғып, тілімді қылығымды қызықтап жыр оқып, ән салып әбден мен ұжмаққа енгендей күй кештім. Бұл сәбилік таза құрсақтағы күйдей алаңсыз күн кешкен күндерім еді...Сол кезде менің аты жөнім өзгеріп кетті, аяқ астынан. Әбу аға айтты Қазақта Әбдірахманова Тұрсынхан деген ұлы ақын бар Сен екінші Әбдірахманова болма деді.. Сонан соң мен өз әкем Қожанасыр әкемнің атынан ауысып оның әкесі Бұғыбайдың атына ауысып кеттім.. Бірақ менің шын атым алғашқы туу туралы тіркемеде Әбдірахманова Ханифа болған.. Өз көзіммен көргемін.. Ол үлкен қағаз болған.. Оны құртқан осы Ұзынағашта тұрған Толғанбаев Тәңірбергеннің тұсында әкем келіп менің атымды кітабыма байланысты қаламқыға байланысты өзгертіп жіберген.. Қысқа сөз.. Құлағыма азан шақырып қойған аты есімі менің нағыз атым есімім Ханифа (екінші есімі Қанипа) Екінші есімін Абай Ибрагим деген сияқты шынында әрбір адам, әрбір әлем.


Жарық дүние қас қағымын кім білген,

Жылатып ап уақытша күлдірген.

Өмірде өлмес өлең жазып өзіме,

Өз атымды қайтара алмай жүрмін мен.. 


Менің ойымша өлең деген - жүрек, сезім күнделігі. Ол ақынның жеке жан-сыры, табиғаты ой-түйсігі, айналасынан алған әсері, таңдануы, күйініш-сүйініші-адамға деген маххабат-шуағы жан құштарлығы-өрті, мәңгілік айықпас-мінез дерті секілді, «Мен сені сүйемін, сүйгендігім-үшін ақы бер» демейді ғой ешбір ғашық, сол секілді өлеңді бақытты болуым үшін, немесе ауқатты-бай өмір сүруім үшін сүйген жоқпын. Поэзия маған қандай өмір-қандай тағдыр сыйласа да ризамын. Өйткені өлең өз анамның қанынан-ақ сүтінен дарыған маған – табиғат сыйы ма деп ойлаймын. 


28/III-1988 жыл.


Ән! Ән-құдіретін, күй құдіретін, оның тілмен айтып жетпес қасиет-сиқырын, тамыр тамырыңды қуалаған қаныңа қосылып, тұла бойыңды шымырлатып, қиялмен-арман қанатына отырып алып өмір сүресің..Тіршіліктің таусылмас ұсақ күйбеңінен арылып, бірауық мөлдір-таза күй кешіп құсқа айналып көгілдір шексіз аспан әлемінде қалықтап жүргендей боласың. Ән өмір сүргізеді, махаббатқа шақырады әнді тыңдау үшін де әншінің, немесе әнді шығарған композитордың жүрегімен тыңдау керек, үндесіп соғуы керек жүрегің... Меніңше ән-жырды, күйді сүймегендер немесе бір ән салмаған адам шамы жоқ үй секілді болып көрінеді. Ән қараңғы көңілге жарық-сәуле құяды, дүниедегі барлық жамандықтан, жирендіруге шақырады, үндейді. Ән-бесігі адам жүрегін нәрестеге айналдырып тербетеді-аялайды, жұбатады. Әннің бір артықшылығы сол. Ән қартаймайды. Өзіңмен бірге өмір сүреді. Жас кезгі әніңді естігенде сол өткен жас шағың, анаң-әкең, құрбы достарың гүл-көбелекті қуалаған сәби шағың қайтадан жаңғырып кино лентасындай елестеп өтеді. Сол өткен жастық шағыңның куәсі, жоғалған асылыңды талқандай өз-өзіңнен қуанып, бір әсем де нәзік арайлы сезімге бөленіп, іштей әнге алғысыңды айтып анаңа мұң шаққандай мұң шағасың, өткен күнмен бүгініңді ертеңіңді көзбен көргендей болжап, болашаққа көрмеген-білмеген әлемге жол шегесің..Ән салған адамның көкірегі мен үшін «сыр сандық» секілдіболып көрінеді ән айтқан кезде сыр-сәуле болып жан-жағын жап-жарық ғып жіберетіндей..


Ән-адамға бақыт, жастық-өмір сыйлайды. Жақсы әннің жырдың әсерін айтып жеткізе алмаймын. Ол үшін ән болып өмір сүруің қажет...


28/III-1988 ж.



***




Адам бойындағы ең бір жаман қасиет жағымпаздық па деймін. Бір күнгі пайдасы үшін «Жантықтай» болып кететіндерден не дос шықпайды, не қас шықпайды. Ол адамға деген сенімің кетеді. Жаман арам адамды көргенде, өмір сұрықсызданып ауа жұта алмай қалғандай тұншығып, кеңдікке шығуға асығып тезірек қасынан кетуге асығамын.


Ал жаны адал-шыншыл не болса да бетіңе айтатын шын сөйлесетін «маскісіз» пердесіз сырласатын адамды қанша көрсемде, қанша бірге жүрсемде, жалықпаймын. Іздеп барғым келіп ынтығамын. Шіркін! Мынау өмір сондай сирек жақсы адамдарымен ғана сұлу, әрі ыстық екен-ау!


Өз көзқарасы жоқ, кім не айтса ыңғайына жығыла кететін «күнбағар» жандардың барына да, жоғына да алаңдамаймын.



***



Еңсемді бір зіл батпан басып тұрады да қояды...

Көздері бар көрмейтін, құлағы бар, таскерең жанжүрегі безге айналған пысық-есепдостарды көргенде ойпырмай адамдардың бәрі-саудагер болып кеткен бе деп ойлаймын.


Кімге ісі түссе соған жағынады, кімнен қорықса соған бағынады. Адамның көлеңке жағын көбірек көрген сайын өмір сүру ауырлай береді екен. Аққуды қараға бояғанмен қара болмайтыны секілді адал-пәк жандардың жүзінен бір жылылық шуақ, иман ұйып тұрады.Басқаларға бақыт тілейтін, қолынан келсе, шарапатын шашып жүретін жандармен ғана өмір өрісін кеңейтіп, Күн шашатындай болады. Ешкімді де көргім келмейді..Әйтеуір біреуді іздеймін, сағынамын, күтемін ол кім? білмеймін. Елегізумен кешім батып, таңдарым атуда... Шөлдеймін. Ол не шөл? Бәлкім өмірге, әділетке адамдардың шексіз дария-көңіл махаббатына шөлдеймін бе екен?...



***



Менің сүйгім келеді... ұлы табиғатқа айналып адамзаттың бәрін жарылқағым келеді... Жан сезімімді гүл етіп өсіріп, күміс жыр жаңбырымды шашу ғып шашқым келеді.. Кімге не керек, кім-неге мұқтаж бәрін-тауып бергім келеді. Әттең ! осы сезіміме сәйкес, осы махаббатыма сай жауап бере алатын адамдарды көрсем деп армандаймын.


Салды менің махаббатым

азапқа,

Қалды көңіл, тап болдым да

мазаққа.


Жанымды өз жанындай түсінетін дос іздеймін, адал дос ізідеймін, ол қайда? Әркім өз көкіректерінің буына семіріп, өзді-өзін пір санаған-өзін өзі зор санаған жерден дос-көңіл күтуге болама? Бір күндік қызметін, барлығын-байлығын, басынан аумас бақ санаған кісіден не-күтемін? Өз басынан жақсылығы аспаған, ұсақ қулықтың құлы болғандарды бір-екі сөзінен-ақ танимын...


«Бас-басына би болған өңшең қиқым» -деп ұлы ақын Абай қалай дәл айтқан. Адам мінезі қай кезде де, қай қоғамда да өмір сүрсе де, әртүрлі, жетістігі, кемшілігі, өз дерті, өз құбылыс-табиғатын сақтап қалады екен ғой. Қай кезде өмір сүрсе де адам ет пен сүйектен, ақыл-естен –сезімнен құралады ғой. Сол себептен адам қашан да адам қалпын сақтап қалса ғой..



***


Бір ойды бір ой қозғайды ... Әсіресе ұйқыға кетерде, немесе таңға жақын оянып келе жатқанда, шала ояу кезде-әртүрлі елестер-суреттер өткен өмір тізбектері, таныс адамдардың, қимас ыстық сәттерің көзалдыңа келіп, кеудеңді бір жылы-сағыныштарың ағысына толтырып кететін кездер жиі кездеседі...Оралмайтын күндер, оралмайтын достар, бәрі-бәрі сананың саңлауынан сусып-өтіп жатқандай болады.


Әсіресе жас кезде қадыр-қасиетін білмеген, жайсаң жақсы ағалардың бейнесі көзалдыңнан кетер ме?


Сезімнің басып сыр-пернелерін,

Төзімнің ашып бір перделерін.

Жақсы ағалар ! сендерді-жерге қимай,

Жүрегіме мәңгілік-жерлегемін.


Олар кімдер? Менің туған анамды көрген, «мынау кішкентай жарымжан қызыма көзқырыңды сала жүр» деп табыстаған сөзін бір ауыз сөзіне адал жауап беріп, өз әлінше менің басыма ақ күн тілеп өткен, Құдаш Мұқашев еді... «Жақсылардан шарапат» деп халқымыз бекер айтпағандай. Оның «сен ақынсың», «жаз», «жаза бер» «сен мықтысың» - деген сөзінен қуат алып, өрге қарай, өлең өріне (Сөз дертіне душар болып) жас қанатымды қаққаным есімнен шықпайды. Ол жиналып қалған бір топ өлеңдерімді оқып үстін сызып мынауың нашар, деп, немесе «керемет» деп қуанып отырған сәттерін, бейнесін ұмытуым-мүмкін емес. Ол сыр-сыр еткізіп өлеңімнің жолдарын сызғанда –жотам шымырлап, жас жүрегім дір-дір етіп, енді өлең жазбастай болушы едім... Бірақ мені тағы бір күш сүйреп әкелетін-оның алдына, сөйтсем, ол менің өлеңге деген құштарлығымды оятып жүр екен ғой.. Оны кейін өзі де еске алып, кей қылығымды күліп, сөз етіп отыратын-еді...


28/III-1988


Ақын Қанипа Бұғыбаева

***


Асығамын.. қайда асығамын? Өзім де білмеймін өмірім бекер өтіп бара жатқандай уақыт поэзым жүксіз бос өтіп бара жатқандай..көп істеріме үлгермей; өмірім бостан-бос далақтаумен өтіп барады.. Әйтеуір бір арнаға түсіп алған тірліктің баяу ағысынан бөлініп кете алмай, көп керуенге ілесіп, ілібіп келемін.Ішім удай ашиды...жылағым келеді, біресе айқайлап ән салғым келеді, әйтеуір қоршаған тыныштықтың ұйқысынан оянғым келеді.. Ояу жүріп-ақ ұйықтап жүрген сияқтымын..Өз өміріме риза емеспін, қарным ашады.. Көңілімнен ел көшкендей құлазимын... Мен өмірімді қайтадан бастасам , өткен өкініштерімді өткен қателіктерімді қайталамай, өз орнымды тауып бұдан гөрі дұрыстау-саналы да, мағыналы өмір сүрер едім. Босқа өткен уақытымды еңбекпен, оқумен, білуге-білім бағының ішіне енуге, сол баққа өзімнің де ой гүлімді өсіруге жұмсар едім... Осының бәрінен кеш қалғаным қинайды...


Менің қателіктерім-аңқаулығым білмегендігімнен. Оттың-ыстық екенін білсе жас бала жоламас еді ғой.Әуелі күйіп қалып, шошып, отты баспайтыны секілді, меніңде әр нәрседе қателесуім сол баланың алғашқы қателігіндей болып көрінеді екен. Мен өзімді өзім-соттаймын да ақатаймын... Шыбындар әдетте жаман-иіс шыққан жерге әуес болатыны сияқты, жаман адам жақсы адал адамның бойынан жақсылық көрудің орнына тек жағын, кірін көргіш-тергіш келеді...


Жұрт көзіне байғұс етіп, сүмірейтіп көрсеткісі келіп тұрады, сол арқылы өзіне жол ашқысы келіп, - рахат табады.


Бұлар – бәрібір түбінде өзінің сорлайтынын білмейді. «Біреуге ор қазсаң, кең қаз- өзіңе де керек болады» демей ме, соны білмейді... Аспан да жер де кең-тар боп бара жатқан адамдар-пейілі-адам-жаны емес пе?



***



Жастау кезімде достарым көп сияқты еді-тіпті сөйлескен, бір көрген адамның өзі шын досым сияқты көрінетін. Өмір де сондай қызық, жеңіл дем алушы ем. Біртін-біртін достарым жоғалып, тіпті көлеңкесін де таппай қалдым. Әрбір сөзі сатулы, аңдысқан көзқарас, қатынас неткен ауыр. Әлде адам жас кезінде аңғара бермейме? Әлде жас кезімде ақымақтау болдым ба? Не болса соған күлетін едік.. Кешіріп, ұмытып кетуші ек... Енді күн өткен сайын кінамшыл, біреудің сөзі түгіл көзінен де сескенесің... Өзіңді-өзің қорғауға көшесің-бұл қалай?


Тауқыметін тірліктің көтере алмай

Әлде әлсіз соға ма, тозған жүрек?


***


Маған келгенде күннің көзін бұлт бүркеп қалады...


Не жазығым бар, білмеймін. Адам дүниеге келгенде бәрі бірдей болып келеді-ешкім де тонымен, атағымен бірге тумайды. Бірте-бірте өз қабілет еңбегіне қарай айрықтанады еленеді. Біздің елімізде бәріне тең еркін жол ашылған бақытты жүріп жатыр десекте, ешқандай ондай теңдікті әділетті көре алмай тауым тасқа шағылады. Қашан болсын, жетім қыздың жасауындай ғып бір жапырақ кітабымды әрең-айтыс тартыспен жалынып әрең шығарамын. Бір дені дұрыс көп-көрім қомақты тиражымен, сыртын былғары мен тыстаған дұрыс кітап шығара алмай келемін. Көзге «ақынсың» деп мақтағанмен елемеуге, «шөміштен қағып», есіктен сығалатумен келеді. Басқа жұрттың өлеңдері туған бала да, менікі өгей ме? Түсінбей-ақ қойдым....


Не көзіме «сен ақын емессің» әуре болма деп неге біреуі айтпайды Шығып жатқан қалың-қалың-том өлеңдердіде көріп оқып жүрміз.. Өзгелерге өкпелеп, ала қойды бөле қырыққан «көзбояушы» іс басында отырған кейбір «бақыт үлестірушілер» кімнің кітабын шығарып отырғандарын, кімге кімнің үлесін аударып, қиянат жасап отырғандарын білер ме екен?


«Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарсаның» кебі, «құру-дың тонын киіп, іштей баяғы ескі мінез таныс тамырларын жайып жатқанын кім білмейді. Егер менің қызметім үлкен болса, менен қорықса өздері-ақ «неңіз бар» деп бәріне дүние есігін кең ашып қояр еді. Адам тағдырын, дарын тағдырын, осы ұсақ түйек нәрселер мінез дерттері шешіп жатады. Біреуге күн боп, біреуге мәңгі түн орнатқысы келеді. Жігеріңді құм етеді. Бетіңе сұлу сөйлеп, сыпайы шығарып салумен-ақ өз дегендерін істеп келеді. Күресуге дәрмен жоқ. Іштей зығырданым қайнайды. Кімге айтамын ? Дүниеде шағынғанды жек көрем..


Көрмей-білмей отырған жоқ, қарапайым оқырмандарым бәрі де біледі.. «Неге сіздікі пәлендікіндей боп шықпайды,» «неге сіз лауреат болмайсыз?» -осы сияқты сұраққа тек айтарым. Бәлкім менің өлеңдерім татымсыздау нашар шығар, ондай атаққа лайықсыз болармын деп жауап берумен келемін... Мен егер жаман болсам, шынымен неге мені мұндай сұрақтар мазалайды? Ондай дәреже түгіл дұрыс бір кітабымды шығарып ала алмай жүрсем, мазақ еткені ме? Түгін ұқсам бұйырмасын. Не сыры барын білмеймін? Маған келгенде дүниенің беті теріс қарап тұрады. Туғаннан бері көргенім ауру жоқтық азап, жамаулы қоңыр тірілік..бірақ осы тағдырыма да мынау жарық өмір үшін, сезіммен жан-жүрекпен қабылдайтын таза табиғатым үшін ризамын...


30/III-1988



***


Әдеби-ортамен, аралассам, көрсем білсем деген арман мені де астанаға тартқан. Қанша талпынсам да жолым түспей ақ қойды.Тала йарыз бердім, ьалай жүгірдім «Қара тасты қамшымен ұрғандай» болдым түк шықпады.Документ пропискаң жоқ деп жолатпайды.


Жақсы да жаман да сиып жатқан Алатауымның баурына менің симағанымның сыры осы болды. Тірлігімде адамдардың көңіліне де, алақандай жеріне де сыймай өтерме екем? Тірлігімде сыймай өтіп, өлгенде де сиямын деп айта аламаймын. Мен кімге не жаздым? Кімге қиянат істедім? Кімді жылаттым? Ешкімге ешқандай қылдай жамандығым жоқ бола тұра неге мені жәбірлейді, неге менің кеудемнен итереді? Неге менің дамуыма, гүлденуіме қарысы? Неге менің бақытты жарқын өмір сүруім біреуге шаншу болып тимек?


Сонда біреудің қуанғаны біреуге қайғы болғаны ма ? Бәрі де неге қуанбайды? Адамдар неге бірін бірі қысып, тежейді? Неге күн көзін қызғанады? Адамның бәрі бірдей бір анадан туғандай тегі бір емеспе? Көктемнің жапырақтары сияқты иезгілі бітсе, былай да сарғайып, жел ұшырып, күіні бітпей ме? Орнына тағы жаңа жапырақтар пайда болып өсіп өніп жатпай ма? Адамдар да табиғаттың ерекше есті жемісі емес пе? Енді сол өзі нәр алып отырған табиғатты, құртып жеп, тоздырып, бір-бірін көре аламай, түтіп жегеннен не түспек? Қайта бірігіп, топтасып, достасып өмірді ұзартпайма? Дүниені кеңітпейме? Кеуделерін де кеңітпейме? Дем алмай оңаша жүріп осы жайлы көп ойлаймын... Адамдарға қарағанымда бір өзгешелік көптің қамын ойлайтын, өзгені ойлайтын кеңдік көргім келіп қараймын.. Бірақ менің ол үмітім баланың, аңқау адамның ғана ойы сияқты болып көрінуі мүмкін... Бәріне кіналы адамдардың қызғаныш деген дерті ме екен?



***


Адам туғанда қандай боп туды, сол қалпында өсіп-жетіліп, есейеді. Барын нәрін береді. Сол секілді табиғат та адам секілді жаралған, туған. Ал оның, жеке мүшесіне мұрны былай екен жараспайды деп алып тастаса, не болады, аяғы тым ұзын екен деп кесіп тастаса мүгедек болмайма? Сол сияқты табиғаттың да табиғатын жөндеймін толтырамын деп кемтарлыққа, жаралауға бейім ғылымнан не пайда? Ауа да, жер де, жұлдыз да, ай да, күн де, гүл де су да бәрі бәрі өз болмысын, қасиетінен айрылса мәңгілік мүгедек болып қалмай ма? Жоқ теңізді жасаймын деп жасанды Қапшағай теңізін жасады одан келер не бар? Табиғи Арал теңізі құрғап барады... Оған кім кінәлі? Әрине адамдар, мамандар кінәлі? Табиғат ойыншық емес қой, ол ана ғой, ананың да ашуы бар, жаны бар емес пе? Жүйкесін тоздырып, қасиетінен айырып, қасіретіне қаламыз ба деп қауіптенем...


30/III-1988 ж


Шіркін! Маған уақыт берсе, тірліктің әйел-ана ретінде, бала-шаға қамын ойламай, бүгін не жеп, ертең не киемін деп тірліктің, тұрмыстың ұсақ-түйек қаражат қайғысынан басым азат болса, тек қолыма қалам, алдыма ақ қағаз беріп оңаша у-шусыз кең далаға, қазақ үйін тігіп алсам, бұлақ сылдырап ағып жатса, көк-жасыл дүние, алғызыл гүл қаптаған шыршалы таудың бауырында қымыз шай т.б. сусыным болса, бұлбұл сайрап, оқта текте қырандар қалықтап, қиялымды көк әлеміне қарай шақырып, шабытыммен ғана от оранып өлең жазсам, бір күн болса да, бақытты өмір сүрдім деп ойлар едім ау... Әттең! Қолдың қысқалығын ай!...


31/III-1988


  


*** 


Ағаштар бүршіктеп, гүл атып келеді, көктем келеді. Наурыз айы. Менің көңілімің көктейтін кезі қашан келеді? Көңіл көктемі бір ауыз жылы сөз бе? Әлде әдемі ән бе? Жоқ жақсы жыр жазған күнім көктемім бе? Күн жарқырап тұрса да, неге менің көңілім бұлыңғыр-мұңды?...


Адам жаны әр көктеммен бірге неге жасарып әр көктеммен бірге жастық шағына оралып отырса ғой... Көктеммен бірге үндесіп, құстарменен тілдесіп ұшып кеткім келеді...


Құйылғандай жеріме алау көктем.

Берші маған мәңгілік адам көктем.

Әмірімді күшпенен жүргізгім кеп

Жек көремін өзгеге қарауды өктем!..


Менің табиғатым көктеммен егіз туыс сияқты. Менің анам көктемнің күліне ғашық болды ма екен? Көктем менің көкірегімде мәңгі гүлдеп тұрғандай, күн шықса көзін ашып гүлдейді, билейді...Кішкентай суықтан үсіп тоңып, солып қалады бүрісіп.. Менің де табиғатым гүлге ұқсас жаралған ау деймін.. Тек мақтау, жылы сөз, аялауды ғана ұнатамын.. Осына уәлсіздігім үшін қайғырамын, азап тартамын, тартып та келемін. Көлеңке де қалған гүлдей боп жылап өмір кешудемін, өкпелеп өмір кешудемін. Маған «Тасты жарып өскен гүлдейсің» деуші еді бір досым. Өмірге деген құштарлық болар бәлкім, менің тасты жарып, жарыққа талпынуым. Тастың берер нәрі құнары аз ғой, содан болар көріксіз болып өсуім. Бойым да аласа, шырыным тәтті емес, ашты, аралар алыстан төбеме ұшып келіп қонбайды..Көзге де түспеймін елеусізбін..Жетім гүлдің серігі мұңдасы тек жетім жел.. жетім күй.. Қурап қалғым келмейді өмір сүргім келеді...



***



Қу адаммен дос болғым келмейді. «Періштенің қасында шайтан ілесіп жүргендей» әсер етеді сырт көзге де. Қу адам ештеңеге жанымен жүрегімен тебірене толқып беріле алмайды, ән сала алмайды өйткені оның жан сарайы ашық емес, арамдықтың түтінімен ысталып толып қалға, көіңл терезесі кірлеп кеткен. Тек ол жамандықты көргіш.Жүрген ізіңді аңдып аяғыңа ілескен шө шаламды тергіш.. Ондай адамның жанында ауа жұта алмай, тұншыққандай боламын, тезірек құтылғым кеп тұрамын...


Олар бәрінен қулықтың құлынын сауғыш, тек өз пайдасына шешіп есеппен дос болғансиды.Басыңда күн тұрса жаныңнан шықпайды басыңнан күн ауса іздеп таппайсың, ондай достан жалғыздық жақсы...


31/III-1988


***


Кішкентай кезімде ауырып жатқанымда (бала кезімнің бәрі ауырумен өтті ғой) бір түс көрген едім сол әлі күнге есімнен кетпейді. Аспандағы бұлттар тірі (кино секілд) бұлттар көшіп айналып барады екен, оның арасынан неше түрлі түйе мінген сұлу қыз, жігіттер маған қарап көк әлеміне сапао шегіп барады, бұлт керуені тоқтамайды-картаның бетіндегі сұлу әйелдер аспанға сапар шегіп барады, көшіп барады, дүние көшіп барады көз алдымнан, маған қимай қарайды сол суреттер миымның қабаттарында қалып қалған ба, жиі-жиі ойыма орала береді...



***


Бала кезімнен сурет салғанды, ән салғанды, домбыра шерткенді, іс тіккенді, кітап оқығанды жақсы көрдім.Бірде күн шығып тұрған баяу жел соғып, көшелердің шаңын сыпырған түскі кез болатын. Жол шетінде бір сарғайған жырым жырым кітаптың бір бетін көрдім парақты жел жұлмалап, ұшырып барады, мен тез қуып жетіп, қолыма алып қарасам, өлең екен.. Жазуы өшіп, сарғайған күзгі жапырақтай бір бет қағазөлең мынау екен:

«Жарқ етпес қара көңілім не ғылса да,

Аспанды ай менен күн жағылсада.

Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ

Саған жар менен артық табылса да»

деп басталатын Абайдың атақты ғашықтық жайлы өлеңі екенін кейін білдім.. Ол кезде мен мән бермеппін. Сөйтсем бұл өлең поэзиядағы махаббат символы екен ғой... Шешем маған 12-13 жастарымда кітап оқығаныма қуанып, өзі онша хат танымаитын, (латынша аздап танитын, жазатын) Маған көп батырлар жырын ғашықтық жырын Қобыланды, Алпамыс, Қыз жібек пен Төлеген, Етарғын Жиренше шешен, т.б. қолына түскен кітаптарды кітапханадан алып келіп оқытатын.Алғаш оқығым келмей, оқысам да өзім түсінбейтінмін. Құр судырлатып оқығаныма мақтанып «ойлау жерден орғытып, қырлау жерден қарғытып» деп зуылдатып кетуші ем. Шешем қасымда жұмыстан қалт еткен кезде, әсіресе «жаяу шамның» керосинмен жағатын позірлі шамның түбінде, әсіресе түнде дөңгелек столдың шетінде отырып оқушы едім, шешем от жағып отырып, немесе столға шынтағын сүйеп, әлсін әлсін көзінің жасын сүртіп күбірлеп алыс алысқа-а қиял әлеміне шомылып кеткен кішкентай нәзік мұңды көздері алдындағыны көрмей түс көргендей қиялға шомып ойша өмір кешетінін кеш білдім.. . Сөйтіп жүріп біртін біртін өзім де кітап түсінетін, іздеп жүріп оқитын халға келдім.. Менің шешемнің жатарда айтатын мына бір құлағымда қалыпты "О құдай тыныштығыңды берегөр, ойдағы-қырдағыны пәле жалаңнан қақас қыла гөр» деуші еді. Ешуақытта ешкімге жамандықтілемейтін боқтық жаман сөз шықпайтын, өмірде мені шапалақпен бір ұрған емес, (ұрса да есімде жоқ.) Дүние менің шешемнің құшағынан мейрімінен тар сияқты, менің шешемнің шуақ махаббатына ештеңе тең келмейтіндей. Қатты қиналсам, ауырсам көз алдыма келеді елестейді.. Тіпті мен шешемді өлді екен деп ойламаймын, ол өзіммен бірге өмір сүріп жүргендей, рухы елесі, бар қасиеті менің бойымда, менің жүрегімде бірге өмір сүргендей.Өзім өлсем, оның елесі, суреті бірге өлетін шығар. Ана болсамда, оның елесінің алдында өзімді әлі бала сезінемін, сырласамын, мұң шағамын, кей ісіме кешірім сұраймын. Ана суретінің алдында кірімнен тазарып ана жер құшағына кіргім келеді.. Өлімнің де өз өмірі болады. Таза күйімде, қадірлі күйімде көз жұмсам, арқама жер алақаны батпайтындай көрінеді...



***


Өлімнің де өз өмірі болады. Кей адамның тірлігінде өз бағасын ала алмай, істеген еңбегін көріп үлгере алмай, орта жолда көз жұмады.Оның өмірінде қолы жетпеген бақыты өлген соң жанатыны, содан ба екен. Елі елеусіз қалдырмай тірілігінде күндеген, қызғанған достарының өзі жер қойнына кірген соң, енді ол адамның тірлігі кесел келтірмейтінін білген соң, бір кезгі даттағанын ұмытып, мақтауға көшеді.Өлгеннен соң мерейі тасып, бақыт жанатындар көбінде, тірілігінде еңбек еткен дарындылар тобы. Тірлікте адам бір-біріне жылы сөзді, кең өмірді қимайтыны несі екен?


I/IV-1988

***


Адамдар бір-бірін алдап, өзін-өзі бір нәрсемен, жоқтан өзгемен алдандырып өмір сүреді. Қайда барсаң да, сырты жылтыр жалғандық, ішінде дәні жоқ жаңғақ жандар... Шын жылап, шын күлу, шын сүю, шын жеккөру, тазалық, жан тазалығы бір біріне сенісу телегей мейрім шуақ қайда кеткен? Заманға уақытқа еліктеп адамдар да тірі темірге (роботқа) айналып бара жатқандай ма, түсінбеймін.. Мен адам іздеймін дос іздеймін. Елсіз айдалада жүргендей боламын. Кімге сенемін? Кімді ойлаймын? Мынау иненің сабағындай ғана өмірде адамдар неге бір біріне тыныс бермей, қысады екен? Біреудің қуанышынан неге біреу азап шегеді? Неге күндейді?


6/IV-1988

***


Халықтың сүйікті артисі, киношебері Кененбай Қожабековпен кездесу болды. Екі аяғы төрт мүшесі сау адам істей алмайтын іс істеуі, өмір сүруі ерлік қой.. Әр сағаты, әр күнінің өзі ерлік екенін сезіндім. Қанат бітсе, жүрек болып ұшып-ақ жүрек құсы болып қалықтап кеткелі тұр..Әттең, осындай адамдар екі ғұмыр кешседе артық болмас еді. Рухы неткен берік, көздері неткен ойлы, қыран, қыран болғанда да қанаты сынған қыранды еске салады...


Соңғы сөз...


Өмірде әртүрлі адамдар бар.. Біріншісі, тәртіпті, дұрыс, тура жолмен жүріп келеді де кетеді.. Ол өлсе, ой жалған ай жақсы адам еді дейді...


Тағы бір адам бар, оның мінез жолы шеңбер жолға симайды, біреулер, құрсын өлгені жақсы болды деп ішінен қыбы қанады.. Бірақ нағыз келбет мінезін боямасыз көрсеткен адам, осы адам... Табиғи өмір сүріп өткен, сыртқы қайшылықтармен қарсыласып, өз тазалығын сақтап қалған осы адам деп ойлаймын...


Аспан күркіреп жатыр... Менің де ішім көкірегім күркіреп жатыр.. Жан дүнием дүркіреп жатыр не өзгеріс болады ертең, білмеймін...


Осы бір боз дәптерді қызым Ләззат туған күніме сыйға тартты. Мама сен оыс мен әкелген дәптерді өлеңмен толтырсын деген тілекпен сыйлаймын деді. Мен қызымның бұл тілегіне орай, өлеңдермен толтыра алмаспын. Бірақ есіме түскен кей жүрек ой естеліктерімді түртіп қойғанды дұрыс көрдім. Менен ұзақ-ұзақ әңгіме повестер жазатын жазушы шыға қоймайтынын іштей сезем.. Өйткені ұзақ отыруға темірдей денсаулық, құрыштай қайрат жігер мұқалмас төзім, және сөз құрлысын меңгерген хас шеберлік менде жетпейді.. Марқұм ұлы ақындар Мұқағали Мақатаевтың, Төлеген Айбергеновтың қысқа-қысқа жазылған сезім ой күнделігінің үзінділерін Л-Жастан оқып тіпті жаныма жақындығы сонша, өзім жазғандай әсерлендім.. Япырау, кейде бір кітаптан мұндай әсер ала алмай, алтын уақытты қор етеміз-ау ! Ақын жүрегіне шыққан жай қара сөздің өзі өлеңдей оқылатын ғажап сиқырлы болатынын сездім... Күделіктер көп қой, кейде біржаққа барғанын билегенін, ішкен жегенін, немесе отырғанын, тұрғнына дейін жазатындар да бар. Кейде мұндай ауыру көркем шығармаларда да орын алып жүреді. Ондайда бір екі беттен соң оқығың келмей тастай саласың. Ал, мынау ақындардың кезінде көріп біліп, ара тұра сөйлесіп жүрген Мұқағалиды мен мұндай қыры бар екенін жүрегінің көзі ойының көгі, қиялының қанаты, сезімінің сыры бар екенін білмеппін.. Ол өте қарапайым жаны кең даладай аңқылдаған, ағалық көңілін ғана сезінуші едім. Тіпті біреулерге көрдім бірге дәмдес, сырлас болдым десем, мақтанып тұр деп айтама деп көп айта бермеймін кім кіммен бірге жүрмейді Ұлы адамның қасында иттің де бірге жүруі мүмкін ғой, бірақ итті сол ұлы адаммен бірге жүрген, жолдас болған деп сыламаймыз ғой,.. Әркімнің әрнәрсенің өз орны, өз атауы бар емес пе? Кейбіреулер Мұқаңның атын өз пайдасына шешіп атағын да шығарар, бірақ шыңды шың ететін төбелер жоталар емес қой қанша мойнын созғанмен төбе төбе күйінде қала бермек, төбелер жиналып күн болмайды... Көзі тірісінде сол Мұқағали атақ лауазымға жетпей кетті ... Көзі жұмылып арадан кеткен соң, мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды, (жүгіріп жүретін өзі жоқ) тірі болса да, жүгіруді, айла амалын түлкі жолдарын білмес еді, білмей кетті.. Жағынуды ар санар еді. Өзі жоқ болса да, өлеңі озып тұрд, елі жұрты, оқушы халқының жүрегінен орын алған өлеңі бұл сыйлықты ала алмады...


Неге екенін кім білсін, одан төмен артықтығы тірлігі озған әлдебіреулер жолын кесіп алып кетті... Бүкіл оқырман елімен бірге менде іштей әділеттің жоқтығына ақын тағдырына алаңдап, жаным ашып, таңдандым.. Қарапайым қолында билігі жоқ халықтың махабатынан қаймыққан жасанды лауреат, қолдан жасалған дарынсымақтар Мұқағалидың жанашыры мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы боп шыға келді, аруағын аттап атақ алғанын іштей білетін болуы керек, енді өз айыбын ақтағысы кеп жанталасып бағуда. Мұны әдебиетпен шұғылданбаған жай адамның білмеуі мүмкін .. Бірақ көзі ашық адал оқырмандардың көбі сезеді, біледі...


Көзалдымда бейнесі...


Құдаш аға жайлы еске түсіріп, естелік жазу маған өте қиын болды... Өйткені, мен үшін ол кісі тірі сияқты болып көрінеді.


Мүмкін мынау өтпелі талас-тартысы көп өмірде әр адамның өз жүрегіне орнап қалатын санаулы аз адамдардың бірі болғандықтан ба екен? Кім білсін? Әйтеуір қолыма қалам ала алмай, көп ойлап, көп толқыдым...


Тау алыстаған сайын бұлдырып кішірейе береді де, жақындаған сайын биіктеп, демек, жақын жүрген өз айналасына, дос, бауыр замандасына ол жақыннан көрініп тұрады да, кейінгі көрмегендерге өзі емес, соңында қалған өлеңдері арқылы ғана таныс болатын сияқты.


Әрине,ондада сол соңында қалған еңбектерін, және сол ақынның табиғатын, мінезін көзі көрген жандар айтпаса, кім айтады? - деп ойладым.


Кезінде күнделік жазбағаныма да өкіндім. Кеше ғана жанымызда жүрген адам бүгін аруақ дегенге сенгің келмейді Аруақ та ақ, қараға бөлінеді екен... Соған қарағанда адам-пенде бұл дүниеде қандай болса, ол дүниеде де сондай болады дегенді мегзейді. Сондықтан аруақ дегеніміз, бұл дүниеден ол дүниеге ататанғандар... Олардың рухы өзі біліп, танитын дос жаран, жақын, туыс ұрпақтарының, туған елінің жүрегінде, көзінде, сөзінде өмір сүреді деп ойлаймын. Құдаш ағаның бұл дүниеде жан-жүрегі қандай ақ болса, ол ол дүниеде де сондай ақ сұңқарға айналып, бізді қанатымен қорғап, қолдап жүргендей болады.


Мен Құдаш ағаны 1959-шы жылдан бастап танып, білетінмін. Бұл адам менің жүрегіме жыр болып тұнған тұлға, оның әрбір сөйлеген сөздері, қараған ұшқынды ұшқыр көздері... тіпті әрбір қимыл-қозғалысы көз алдымда, сол қалпында тұр. Қайсыбірін айтайын? Айту үшін бүігімнен кешегіме өткен шаққа саяхат жасап жүрек көзінен өткізіп, еске түсіруім үшін шегініс жасап елестетуім керек. Әттең ! әр адамның өз өмірін өзіне өтірік қоспай, не істеп, не қойғанын сол күйінде бейнелі жазуменен керек кезінде көрсететін (аппарат) құрал өз бойында болса шіркіні... Онда естелік жазу қиындығы сәл болса жеңілдер ме еді?...


Адам ең аяулы асыл затын тығып, құпия сақтап жүріп-жүріп, уақыт өте келе өзі де қайда қойғанын білмей, адасып қалатындай, әр жерді бір ақтарып іздеп-іздеп таппай, әуреге түсіп, алаң көңілмен күнделікті өмір ағысымен тірлік кешетін сияқты. Міне мен Құдашты көрмей адасқалы 25 жылдан асыпты... Бірақ ол сол жап-жас көруге көз керек сымбатты да, сырбаз сұлу, құпия қалпында жүрегімнің төрінен орын алып қалыпты.


Оның осы орнын тіршілікте ешкім де, ештеңе де ауыстыра алмайтын шығар...


Үлгеру керек бәрін де,

Көп ойда мақсат, жоспарым.

Егілер ертең төрімде,

Мені жоқтап достарым,

-деген екен кезінде марқұм. Ақын өліміне атты бір өлеңінде. Бейнебір өз өмірінің аз болатынын алдын-ала сезгендей, артында қалатын дос -оқырмандарына жас арманын аманаттай тапсырып кетіпті... Менің тәтемнің (шешем Нұрғайша) ауыл жұмысынан қолы тимейтін. Қысы жазы тырбаңдайтын да жүретін. Қырдан үйге қайтарда жусан арқалап келетін. Бір күні біздің үйге бір әдемі аққұба келіншек келіп 1959 жылдың көктемі деймін. Қасында 2-3 жастағы ер баласы бар. Біздің үйдің пешіне нан пісіріп алды. Шешемнен бұл кім деп сұрадым. Құдаш деген мұғалім баланың келіншегі ғой, аты Раушан екен, өзі бір ізетті, сүйкімді қыз екен -деді. Өздері жар басындағы Есқали деген біздің ағайындарымыздың бір бөлмесінде тұрады екен. Содан екі үш күннен соң Ақсуға (өзен) барып су толы шелегімді биік өрден әрең көтеріп шығарып жотада демалып тұрсам, кешкі қып-қызыл күн алаулап көкжиекке қарай еңкейіп, ауылдың бәрін, даланы түгел, алғызыл шапағына бояп батып барады екен. Сол кешкі үннің сағыныштай қызғыл-сары бояуына қызықтап қарап қалған менің алдымнан бір тобылғы торы атқа мінген жас жігіт, түр-түсін байқай алмадым,. Сол батып бара жатқан алғызыл күн қақпасын ьетке алып қаққан қазықтай тіп-тік болып, сол аспанның күн сарайына мінген атыменен еніп кетіп бара жатты. Көзімнен ұза-а-ап бара жатты.... Бейне бір қанатты құстай болып сол ұзаған адам Құдаш екенін білдім. Сол сұлулық суреті мәңгі есімде қалды да қойды.. Анам Нұрғайшаның суырып салам ақындығы бар екенін бүкіл ауыл аймақ білетін. Соны естігенбе, кешікпей тәтемді қыстыгүні ауданға Жәрдембек екеуін шақыртып жатыр деген соң, ат шанамен аудандық газет редакциясына барыпты. Айтысты ұйымдастырушы Құдаш екен. Тәтемнің айтқаны осы ауылдан көшіп кеткен Құдаш деген әлгі әдемі жігіт аудандық газетте істейді екен. Ойпырмай, тура өз баламдай көрінді көзіме, недеген мәдениетті, сыпайы, білімді, мұндай адамды өмірімде көрген емеспін, өзі бір болайын деп тұрған жас екен. Маған айтысыңыз деп сонша жалынды. Мен бірақ ол балама айттым, үйде Қанипа деген кішкентай қара қызым бар, өзі өлеңге өте құштар, қолынан кітап, қағаз түспейді елуге келіп қалған мені қинама, қарағым, қолыңнан келсе сол қызымды баулып, тәрбиеле, өзіңе аманат, денссаулығым да жоқ кейінгі кезде көз қырыңды салып туған қарындасыңдай көр. Депті мені Құдашқа тапсырып. Содан бір күні тырнақ алды бір екі өлеңімді алып аудандық газет редакциясына (қазір Өмір нұры болып аталады) бардым. Сыртқа інім Томсбекті отырғызып қойып, күн ыстық, жаз болатын. Өзім жүрексініп, толқып, ұялып әрең кірдім. Оң қолымда таяғым бар...әкем талдан жонып жасап берген, ал үстімде шешем қолдан тігіп берегн қызылала шыт көйлек, редакцияның есігін жасқана әрең ашы, босағада сүйеніп тұрып қалдым... төр жақтағы столдан қыран қабақ, кең маңдайлы, атжақтылау келген аққұба өңді, сұңғақ бойлы сұлу жігіт ұшатын лашын құстай болып, сергек те, сезімтал көзбен маған жалт қарап жоғары шық, білем, сені, Сен Қанипасың ғой деп мені бұрыннан таныитын адамдай орнынан тұрып, қолымнан ақырын ұстап, орындыққа отырғызды. Менің көзіме ол тек кітаптан ғана көретін Сәке, Ілияс қа ұқсай ма, әйтеуір бітімі бөлек болып көрінді. Менің апарған өлеңдерімді оқып, мына жері, келіңкіремейді деп өлең туралы, оның қыры сыры, құпиясы, жалпы, әдебиет жолының қызығы мен азабы жайлы әңгіме сыр шертті. Ол сөйлеп отырғанда, ой қиялы алы-ы-ыс қиянға, немесе кеңістік қабаттарына ұшып кетіп, содан адасып қалмайын дегендей қыран көздері қасында отырған мені көрмей, ұшқын атып алысқа-а-а қадала қарап қалатын. Сол сәтте мен үшін оның бүкіл бітім тұлғасы өзім күнде көріп жүрген жер бетінің тұрғындарына ұқсамай, өзгеше бір планетадан түсіп қалған адамдай көрінетін еді. Менің шешемнен кейінгі әр қадамыма қуанатын Құдаш Құдаш аға болды. Менің өлеңге құштар болып қолыма қалам алуыма бірден бір себепші, талабыма жол ашқан алғашқы руғани мектебімде бола білді. Ол жалғыз мен ғана емес айналасындағы барлық жастарға үлгі-өнеге берді. Ішкі сыртқы мәдениетімен, адамдық қарым қатынастағы парасаттылығымен қараңғыда жанған шамдай болып өзіне бәрін үйіріп тартып, үйіріп алатынымен ерекшеленетін. Менің ойыма оны көргенде Жақсы көріп, жек көргенін білдірмейтін, Онегиннің сымбаты деген Пушкиннің Абай аударған өлеңі оралатын...


Құдаш жан жақты, өте білімді, қандай адаммен болсын аз сөйлеп, көп тыңдап тіл табыса білетін қабілеттің иесі. Мен бармаймын дегеніме болмай қолымнан ұстап алып бірде редакциядан үйіне ертіп апарды.


Күн ашық жазғы мезгіл. Үстінде жағасы кестеленген ақ жейде бар, бізді күлімдеген нәркес көзді аққұба сұлу келіншек қарсы алды. Алғаш қайдан көрдім деп ойласам, біздің үйден нан пісіріп алған Раушан екенін есіме түсірдім. Өзі де тәтемнің хал жайын сұрап, бәйек болып, шәй қамына кірісіп кетті.Мені кішкентай баладай көріп, алдыма бар тәтті дәмділерін қойып, бал қаймақ тамып кеткен өңірімді өз қолымен күліп сүртіп, тазалап мәз болып жүргені әлі есімде.


Адында емізулі жас баласы бар болатын. Шәй құйып отырып, арасында бір нәрселерге Құдаш алып берші деп жұмсап қояды. Құдаш тез, жеңіл қимылдап көмектескені де көз алдымда. Сол Раушан деген Құдаштың 16 жасында қосылған жансерігі екен. Кетерімде Апайға сәлем айт, өзің келіп тұр деп Құдаш екеумізді үй сыртына шығып, көзімен ұзатып қарап тұрды. Мен содан бастап Құдаштан адасқан жоқпын. 1959 жылы 15 шілде де аудандық газетке Қадамың сәтті болсын жас талапкер! Деген айдармен бірнеше балауса өлеңдерімді сәт сапар жазып, Құдаш аға алғаш поэзия әлеміне балапан қанатымды қақтырды. Содан өмірімнің соңғы күндеріне дейін арамыз алыстап көрген емес. Бір бірімізді үнсіз ақ ұғысатын едік. Ол бірде үй сыртында гүл егіп жүр екен, қасында қарап тұрған маған. Мен бұл гүлдерді сәби секілді сезінем, бұлардың жер бесікте түнде қалғып, ертемен таңғы күнге қарап көзін ашып бойтүзегенін көргім келеді - дегені бар. Ақсудағы ауруғанада жиі жиі жатқанымда да іздеп келгені, оны көргенімде неге екенін кім білсін, қуанып кетеінмін балаға ұқсап жүйесіз сөйлеп, денемді бір діріл аралап, сонысездірмеуге тырысып өз өзімнен арпалысып іштей күресетін едім. Сөйтсем, ол менің өнерге, өлеңге, және адам жанының сұлулығына деген алғашқы гүл ашқан шексіз құштарлығын екенін кейін сезіп жүрмін...


Уа, жолдар, сан түйіске, түйіспеген,

Алдым шың, мына жақ құз, қиыс төмен.

Келемін көктемді ертіп, шыңға өрлеп,

Құласам?...

Жоқ құлауға тиісті емен...


Ол әлі сол көктемін ертіп жап жас қалпында биіктеп бара жатқандай болады.


Құдаш осы өмірге сұлу көктем болып келіп, көктем болып кеткендей. Өйткені мен оны көз алдыма жап жас қалпында елестетемін. Көп кездесіп көп әсер алғанмын, бірақ оның бәрін оның бәрін айту мүмкін де емес. Бірде Әбу ағайдың үйіне келсем, дастархан төрінде Құдаш аға отыр. Қасында Әбу аға, және Ләзиза апай, апай болса шәй құйып, бәрі шәй ішіп отыр екен. Қонақ үйдің терезесінен күннің ақ сәулесі айрықша төгіліп, құйылғандай, үйдің ішін жарқыратып жіберіпті. Мен сол жарықтың әсерінен бе, білмеймін қуанып кетіп, жарықтан жанырым жасқана, Құдаш ағаға жақындай беріп ем, Әбу аға тоқтатып, ас ішіп отырған адамға сырттан келіп қол беріп, сәлемдеспейді деген сөзінен сәл іркіліп, үнсіз қалдым да, бұрылып кеттім. Кейін Құдаш аға Мен сені Әбу ағаның үйіне келгеніңді естіп ағадан қарызға ақша сұрай келген сылтаумен әдейі сені көрк үшін барғанмын тентек дегені.. есіме түсірсем, елжіреп әлікүнге дейін толқып, кетемін. Ол мені ылғи шабыттандырып, Сен өлеңді тастамай жаза берсең, түбінде мықты ақын боласың дейтін, кездескен сайын. Кәні, кейінгі кезде қандай жаңа өлеңдер жаздың? Деп оқуымды сұрайтын, кейде оқығым келмей бөгеліңкіресем тс-с деп күлімдеп сенің кейінгі кезде өскеніңнің белгісі, тіпті өлеңіңді маған көрсеткің де келмейді дегені бар, әзіл деп. Құдаш ағаның күлкісі ақ жүзін нұрлантып қана қоймай, жан жағына да сәуле шашып құлазыған суық үйдің өзін жылытып жібергендей ерекше қасиеті бар болатын. Оның күлкісіндей күлкіні әлі әлі ешкімнен көргенім жоқ. Ол шын жанымен күле білетін. Сол күлкісімен жан азабын да жеңе алатын.


Күле қарап жауап бердім жоққа да,

Күліп жеңдім сәттерімді қысылған.

Күліп ендім тұңғыш рет баққа да,

Күліп өттім, алғаш сәулем, тұсыңнан, депті...


Менің оның тапқырлығына, күтпеген жерден ой айта білетін азаматтық тұрғыдағы ой айта білетін қиял ұшқырлығына, оның және адам танығыштығына, өзін өзі ұстай білетін, қарым қатынастағы табиғат берген тектілігіне, қайран қалатынмын. Оңашада сол кісіге ұқсағым келіп өзі өзімді бақылауға алсам да түк ұқсай алмай іштей өзіме өзім ыза болатынмын.


Оның өмірдегі парасат, білім деңгейінің тереңдігімен бірге түсінік, таным талғамының биіктігі, жан тазалығы да дарынды ақын болмысын асқақтатып көрсететін көзге. Құдаштың азаматтық кең дүниетаным көқарасымен қоса бір мінезі, адамға сенгіштігі, сол сенгіштіктен көп қиянат та көрді...


Елім, Сен тік көтеріп тұрсың мені,

Заманға жауапкер иығыңмен.

Ақын кеудем сені аңсап дүрсілдеді,

Шапшаңдықтар шарлаған биігіңнен деп өзі айтқандай.

Ол өмірге сол өмірді өзгертіп жатқан жақсы адамдарға жасампаз еліне сеніп кетті. Ей өмір сенің өзіңді көтеріп кеткім келеді деп ақын жүрегі жап жас күйінде, тап таза арымен, қарлығаштай жанымен адам деген атына кір жұқтырмай бәйтеректей биік, сырбаз да сұлу қалпында өтті де кетті... Уақыт деген ешкімге де, ештеңеге де тәуелсіз зымырап өтеді екен а, бірі кетіп, өзгеріп жатады. Кейде осы уақыт деген менің көзіме бәр бәрін жұтып жоғалтып шыңырау құзға құлатып жатқан апат апанына да ұқсап кетеді. Кеше ғана өмірде жүрген керемет ақын ағалар бүгін жоқ дегенге сене аламаймын. Олар қоштаспай, қоштауға да үлгере алмай кетеді екен. Содан ба, бір жерден жарқ етіп алдымнан шыға келетіндей болып, елегезіп елеңдей беремінәлі де,,, өлді деуге қимаймын.Құдаш секілді маған ағалық адал жан жүрегіменен, өнерге дегеніштарлықсыз өз бағасын беретін, кездесе қалсам қуанып қалатын, туысымды көргендей болып, көрмесем іштей сағынып іздейтін ақын ағаларымды қалай ұмытайын? Сырбай Ғафу, Жұмекен, Мұқағали, Қосжан, Әділбек, Әнуар, Оспанхан Тоқаш, Сабырған, оыс ақындар туралы жеке жеке естелік сыр ағытуыма болады. Дегенмен өз ауылымның иісі шыға ма, Құдаш менің жеке басыма әрекет көбірек әсер берді.


Құдаштың ағалық жүрек жылуы маған деген ерекше болды. Қайда жүрсем де іздеп тауып менің туған жеріме деген сағынышымды бір өзі жеңілдетіп, еркелететін. Бірақ ол ешкімге еркелеп көрмеген сияқты, тәкаппар еді. Ол еркелесе тек табиғатқа, туған жерге, соққан желге, ай, күн, атқан таңға, шыққан күнге ай, жұлдыздарға еркелейтін шығар, сырласып... Біздің арамыздағы нәзік те қимас жанашыр достығымызды көре алмаған бір ақын Ой оыс Құдаш та қызық қызық Әбдрахманның ақсақ қызынан ақын шығад деп жүрген деп сыртымыздан күлген екен, сөз етіп. Өз қолынан ондай шарапатты жақсылық келмейтіндер не демейді?...


Кімнің кім екенін уақыт өзі дәлелдеп танытқан болар. Біреуге біреу қалтасынан ақша суырып бермесе де, бір біріне деген ілтипатты жылы сөз, жан жылуы азғана аударылған назардың өзі ақ адам көңілін қанаттандырып жібермей ме?


"Адамның бақытты болуы үшін соншама көп нәрсенің керегі жоқ" депті бір ойшыл.


Аралап не бір қойнауды,

Бүлдірген емес ой тердім.

Өлеңді ғана ойлауды,

Тағдырым жазса қайтермін.

Қысқа ма, ғұмыр, ұзақ па,

Күтпеймін кетер кезімді.

Адам боп кегем бұл жаққа,

Адам боп жұмам көзімді... депті Құдаш бір өлеңінде. Ақын да адам, әуелі адам болып, содан ақын болып асығып кетіпті. Оның жүрегі ауратын... Ол жүрегінің неге, не үшін ауратынын сыртқа сыр ғып шашпайтын жұмбақ мінезінен өзгермей, адамдар аласармай кетті. Оның жүрегі ауратын... Ол бір сөзінде маған Адам өзінің кішкентай от басынан бақыт таппаса, бүкіл Отаннан, өмірден бақыт табуы мүмкін емес деп еді. Бұл сөздің астарында қаншама мұңлы өз тағдыры жатқанын мен онда білмеген екенмін.. Ол екі некелі болды. Екеуінен де балалар сүйді. Бірақ ол сүйді суыды. Көңілі қалып өкінді... Оның әйелден жолы болмай, адасып, алданғанын кейін сездім... Оны әңгіме өлеңдерінен де аңғару қиын емес. Тағдыр шығар...


Қызғанбаймын, қызғанамда.

Жүрегіңе жол да ұзақ.

Мың жүректі қозғағанда,

Неге тудың жалғыз ақ! деп өзі айтқандай, мың жүректі қозғаған оның өзі де жалғыз еді. Әттең ғұмыры қысқа болды, 37 жас... сол қысқа ғұмырының өзінде соңына қаншама творчествалық еңбек, жүрек сырларфн өлең еткен шабытты шығармаларын қалдырып үлгерді. Әдебиетке алпысыншы жылдары келіп қосылған ақынның "Өлеңдер", "Күн туралы хикая", "Жолаушы", "Жыл құсы", "Дүбір", "Жер жұлдызы", "Дала дастан", "Жерұйығым жетісу", және бірнеше әңгіме повесінен басқа қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровтың жастық шағы туралы  "Дала дастаны" атты пьесасы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында қойылды.


"Не жетсін, шіркін кезінде,

Тасып бір тасып кеткенге!",- деп өзі айтпақшы ұшқыр ойлы әлеуметтік сарындары әуенге толы философиялық шешім түйінге бейім лирикалық өлеңдерінің айтары айқын, әрі жарқын болатын. Уақыт желі біртін біртін айналамды тонап, сыпырып келді...


Қазір бәрі өзгеше, өзге жұрт ішінде жалғыз қалғандай күй кешетін кезім кеп, Мен мен мен едім, Исатайдың барында, Екі тарлан бөрі едім деп Маххамбет батыр айтпақшы адам досыменен ғана өзін күшті сезінеді екен ғой. Құдаш Мұқашев туралы оның ақындығын, басқа да ұстаздық ықпалын, бұдан бұрынғы мақалаларымда айтып жазғанмын. Оларды қайталағым келмеді. Ол мені ешбір дайындықсыз ақ көбікті аласапыран болып тасыған өлең теңізіне қорыққаныма қарамай, қолымнан ұстап алып, лақтырып жіберді. Қай толқынның азуында, қай толқынның жазуында, кеткенімді жағада тұрған оқырмандарым танып, біледі деп ойлаймын. Маған Әбу ааны таныстырған да Құдаш болатын. Оның өзі бір әңгіме. Құдаш бейнесі менің көз алдымда, ол өмірден адам, азамат ақын болып өтті.


Ол мен ұшін өңмен түстей әсер қалдырды. Ол туралы айтып жеткізуім мүмкін де емес.


"Көктеммен жаңғырды әне

жайнап әлем

Жалғыздық... бұлбұлым жүр сайрап әрең.

Дүние ай, аспан асты, жер бетінен

Мен сені жоғалиам деп ойламап ем", -деген бір кезгі өлең жолдарым есіме түсіп күбірлеймін. 1992 жылы 60-қа келгенін туған жері, елі дүркіретіп атап өтті. Оған өзім куә болдым. Сол тойда Құдаш Садуақасұлы менімен бірге жүргендей болды.


Осы тойда Сайын Мұратбеков, Сәкен Иманасов, Бақыт Сарбалаев, Жамау Бұқарбаев, тағы басқалар болды. Ел мен жері аман болса, ақын аты ұмтылмайтынын білдім. Өлді деуге болама айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған деп ұл Абай айтқандай, Адамның адамға деген көңілі әркезде де ақ болса, өлім көлеңкесі тіршілікті қайғыға батырмас еді деп ойлаймын. Кешегі ата бабадан қалған ұл араман тәуелсіз ел болғанымызды Құдаштың көрмей кеткеніне өкінемін... Бірақ бір жұбанышым соңында қалған өлең бәйтерегінің басынн жапырақ жүрегі нұр шашып, дүрсілдеп соғып тұрғандай. Ол ақын іздеушісі мұрагер ұл Жүрек. Жүректей ұлы барда ақын Құдаш тұлпарының дүбірі жақыннан естілгендей болады,

Бәйге асуы осындай,

Биік кейде аласа.

Бір қалғанға тосылмай,

Таласа бер, талас... деп адамдарға күш қайрат беріп жырқұмар оқырман кеудесінен үміт сенім күйін күмбірлетіп оятып келеді. Құдаш Жұмекен, Мұқағали, Тұманбайдың өлеңдері жақсы көретін. Ақын Құдаштың кімге қалай екенін білмеймін, маған оның шындықты бетке айтатын танымы кең турашылдығы ұнайтын.


Ақын дараматург, қайраткер міезді Құдаш егер тірі болса, өткен сиыр жылы 65 ке толар еді...


Мен оны ешуақытта да ұмыта алмаймын.


Ол алпысқа келгенде, Құдаш аға атты мына бір өлеңді туған елі алдында оқып беріп едім.


Сезіміңді сезінуші ем егіз деп,

Арнасынан таситұғын теңіз боп.

Көптен бері Тентек желің қалай? деп

Ақын аға келмей қойдың мені іздеп

Ойындағы орындалмай көп тілек,

Көкірегіңде соқты жүрек тепкілеп.

Жанарыңмен жан толқуын жасырып,

Жымиятын едің, жақсы бопты деп...

Шуға толы тартып жатыр көкпрар Күн,

Көпаршы жұрт татты дәмін жоқ бардың.

Қандай қарыз болсам, туған еліме

Мен өзіңе сондай қарыз боп қалдым.

Сенің орның тәкаппарлау сонау шың,

Сонау шыңға қыран жеткен қонарсың.

Аспаныма тартып әппақ құс жолын,

Мәңгілікке сапар шеккен боларсың.

Мәңгілікке мәңгі ғашық жолаушым.

Түспей қойды сенсіз бүтін күн маған,

Күлер кезде, күле алмаймын, мұңданам.

Құдаш аға, айтшы? Еркелеп енді мен

Кімге сеніп, кімге өкпелеп, бұлданам?

Аласармай қалдың аға көгіңде,

Көрегендік бар екен ау тегіңде.

Мені артыңа тастап кетіп, өлеңмен

Жастық шағын жоқтап өтсін дедің бе?

Айналамнан сезінгенде күз демін,

Ақын аға, мен өзіңді іздедім.

Жүрегіме жазып кеттің жыр етіп

Ақын Сара Ілиястың іздерін...

Жүрегің бар, дүбірлетіп бәйге алар,

Жеңісіңе аспан жақтан ай қарар.

Саған деген сағыныштан жыр кеудем,

Молықбайдың қобызына айналар.

Білуші едің бәйге сырын, шық тілін,

Сен арқылы шыр шыр етіп шықты үнім.

Туған өлкең Сүттігеннің үстіне,

Ай анары себелеп тұр сүт нұрын.

Қайғысына қайғырып сен өзгенің,

Адамдағы жауыздыққа төзбедің.

Бір сәт мызғып алайын деп оянбай

Мәңгі ұйқыға кеткеніңді сезбедің...

Биігіңе таласқандай заңғар көк,

Заңғар көктен қанаттарың талған жоқ.

Өміріңмен көрінеді көзіме

Өлімің де сенің өлмес арман боп...


Құдаш туралы жазу таусылмайды. Оның жыры, сыры өзін танитын дос құрбыларының жадында сақтаулы, ал, елім, жерім, ұлты, деп соққан ақын жүрегін соңына қалдырып кетіпті. Сондықтан да ол біз үшін тірі. Демек, менімен елімен бірге Құдаштың рухы бірге жүр. Өйткені оның жырларымен бірге жүрегі соғып тұр.


5/I -1998 жыл

Ақын Қанипа Бұғыбаева

***


"Қасиетті махаббат жыры

Сағынышымның ақша бұлты боп,

Қалықтап тұрдың көгімде.

Ақ жарқын бейнең, аяулым,

Сақтаулы көңіл төрінде..."

Бұл өлеңнің жоллдары - Әбу ағаның "Қасиетті махаббат" атты дастандар кітабынан келтіріліп отыр. Тоқсанға толып, мынау жарық дүниенің ыстық суығын ашщы тәттісін татып, өткен өмірін өлеңмен өрген қазақтың көрнекті майдангер ақыны бүгіндеде бізге былай деп тіл қатқандай болады.


Білмеймін мен жаманмын ба, жақсымын?

Мен келгелі бұл әлемге

Талай таңдар атып, талай батты күн.

Тау көтердім деп мақтанар жайым жоқ,

Еңбекпенен өтті әйтеуір жастығым.

Ұзақ жасап, бітіргенім аз болса,

Сақалымның сата алмаймын ақтығын...


Бұл Әбу ағаның шын сыры. Ұзақ өмір сүріп, соңына көп көп шығармаларын, жан жүректің сырларын, күрделі зертеуді керек ететін, ой еңбектерін қалдырып кеткені белгілі. Кезінде ақынның ақша бұлт атты атақты лирикалық өлеңін сөз зергері Ғабит Мүсірепов Майданнан соққан жылы леп деген тақырыппен мақала жазып мақтаған екен. Сол сонау оқпен оттың ортасында жүріп, жауынгер ақынның табаны жерді басып тұрып кенет көздері аспанға түсіп кеткенде толқып осынау жолдарды асығыс қойын дәптеріне түсіріп жазғандай,

О, Ақша бұлт айтшы маған,

Айтшы маған келдің қайдан?

деп күбірлеп оқпен өрттің асытында нәзік сезәмге бөленіп сүйген жары, аққу арманы Ләзизаны еске алғаны сол еді зуу етіп төбесінен ысқырып оқ жасын осып ағып өтті де, өлең жолдары үзіліп кетті, Қап ! ақша бұлтты үркітіп алғаны ай ! Ақын адасып қалмайын дегендей, тағы да аспанға қарады...


Ақша бұлты аспаннан ақын көңіліне ауып кеткендей, мәңгі көз алдында үлпілдеп, үлбіреп нешетүрлі суретке айналып қалып қалды...


Міне содан бері жарты ғасырдан артық Ләзиза апай екеуі бірге ғұмыр кешті. Ақша бұлттан басталған сезімі 1987 ші жылы жарық көрген Қасиетті мааббат атты Жар рухымен сырласу естелік дастанмен жалғасын тапты. Ол іздедім сені, Кездестім саған деген екі бөлімнен құралған. Шынайы құштарлықты, сағыныштың самал желімен үлбіреген ақша бұлтын көргіңіз келсе, ақын жырларын оқыңыз.


Іздедім сені,

Іздедім тынбай әр тұстан,

Қарашығымда мөлтілдеп балғын бар нұсқаң.

Жаратса керек еді ғой құдірет Сені де

Өзімді соққан мейірбан тектес балшықтан.

Іздедім сені,

Түсімде шарлап әр ізді,

Мойныма жүктеп перзенттік ізгі парызды.

Ақсақал баба Ертістің биік жарында,

Өзіңді маған аманат еткен тәрізді

Іздедім түсте, Ақ айдын беті нұрланды,

Толқындар шұғыла жамылып, кербез ырғалды.

Айлы аспанды әдемі әнмен тербетіп,

Қайық ғып өттік Ертістен алтын сырғаңды...


Міне бұл тоқсанға таяп қалған абыз ақын жүрегін тебіренькен махаббат иесі кім десеңіз, ол Мешітбай қажы қызы Серғазина Ләзиза ... Ләзкенмен (ағай осылай атайтын) Әбу аға жарты ғасырдан артық бірге ғұмыр кешіпті. Олардың саналы да мағыналы ұстаған жолы туыс, мақсаттас, бір біріне шынайы дос, жансерік жұп бола білді.    


                                        

  Қанипа Бұғыбаева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар