Алматыда Қазақстандағы Әлем халықтары жазушылары одағының президенті Қайрат Дүйсенов Біріккен Ұлттар Ұйымы кеңесінің (UNCOPA) шешімімен «Бейбітшілік миссиясының елшісі» (for merits in defending human rights and freedom) деп аталатын халықаралық алтын медалімен марапатталды.
Қайрат Дүйсенов 2011 жылдан 2014 жылдың соңына дейін академик, экономика ғылымдарының докторы, Әбен Нұрманов басқаратын «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігіне қарасты Халықаралық жазушылар одағы төрағасының міндетін атқарған. Осы жылдарда ол көптеген халықаралық қоғамдық іс-шаралар мен ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізді, ұстаздарға арналған арақашықтықтағы конференциялар ұйымдастырды. Қайрат Дүйсеновтің бастамасымен 2014 жылдың 18 қыркүйегінде «Әлем халықтары жазушылары одағы» қоғамдық бірлестігі ашылды. Оның орталығы Қазақстанның Алматы қаласында орналасқан. Бүгінде Әлем халықтары жазушылары одағының Қазақстаннан басқа сегіз елде: Ресей Федерациясы, АҚШ, Қытай Халық Республикасы, Ұлыбритания, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз және Тәжікстан мемлекеттерінде өкілдері мен мүшелері бар. Осы халықаралық ұйым - Әлем халықтары жазушылары одағының президенті Қайрат Дүйсеновке «Бейбітшілік миссиясының елшісі» төс белгісін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы кеңесшісі, генерал-майор Әбен Нұрманов салтанатты жағдайда тапсырды.
Өткен жылдың 16 маусымында салтанатты тұсаукесер рәсімін өткізген ӘХЖО бірлестігінің қазіргі кезде әлемнің әр түкпірінде, әртүрлі мемлекеттерде өмір сүріп, қалам тербеп жүрген жүзге тарта мүшесі бар. Олардың ішінде аты әлемге әйгілі ЮНЕСКО өкілдері Олжас Сүйлейменов, Әл-Халел Қарпық (Қазақстан), Әбен Нұрманов (БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңесшісі), Максим Замшев (Ресей Федерациясы, Мәскеу), Валерий Поволяев (Ресей Федерациясы, Мәскеу), Әкпар Мажит (Қытай Халық Республикасы, Бейжің), Мишель Чан Браун (АҚШ, Вашингтон), Бэла Құдайбергенова (Ұлыбритания, Лондон), Якуб Омероғлы (Түркия, Анкара), Якубжон Хожамбердиев (Өзбекстан, Ташкент), Назарбек Байжігітов (Қырғыз, Бішкек), Абдусаттор Нуралиев (Тәжікстан, Душанбе) сияқты өз елдерінде кеңінен танылған қаламгерлер бар.
Тіркелгеніне бір жарым жыл ғана болған бұл халықаралық ұйымға қазақстандық қаламгерлер де көптеп тартылып жатыр. Бүгінде Ғаббас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдаұлы, Марал Ысқақбай, Нәзікен Алпамысқызы, Зәкір Асабай, Зейнолла Тілеужанұлы, Ахмет Ашири, Серікбай Оспанов, Болат Шарахымбай, Ахмет Аляз, Хавазмат Қошқаров, Сағынбай Қозыбаев, Болат Бопайұлы, Данияр Әлбозым, Ақылбек Шаяхмет, Райхан Бектемісова, Алмаша Аренова сынды көптеген ақын-жазушылар қауымының өкілдері осы ұйымға мүшелікке өткен.
Бұған дейін «Бейбітшілік миссиясының елшісі» (for merits in defending human rights and freedom) медалімен қоғам алдындағы еңбегі үшін Қазақстан Республикасының жеті азаматы марапатталған.
aikyn.kz