Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақын Жәркен Бөдешұлының шығармашылық кеші өтті...

20.05.2014 5781

Ақын Жәркен Бөдешұлының шығармашылық кеші өтті

19 мамыр күні Қазақстан Жазушылар одағының «Әдебиетшілер үйінде» талантты ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жәркен Бөдешұлының «Арғы жаққа – асумын, бергі жаққа – белеспін» деген атпен 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеші өтті.

1400514771.JPG

Әдеби кеш ақынның 70 жасқа толуына орай Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен ұйымдастырылды. Кеш шымылдығын Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай ашты. Ғ.Жайлыбай Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлының құттықтау хатын оқып, ақынның иығына шапан жапты.

1400514649.JPG

Кешті «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп жүргізді. Ж.Бөдешұлы туралы «Отаншыл рухтың ақыны» деген тақырыппен көлемді баяндама жасаған ақын Несіпбек Айтұлы: «Жәркен жырауды мен осыдан қырық жыл бұрын Сәлімғазы Әбеев деген ақыннан естідім», – деп бастап, Бөдешұлының өмірі, өлеңге келуі, поэзиясы жайлы мол мағұлмат берді.

1400514670.JPG

Жәркен Бөдешұлы көп жылдар бойы қызмет атқарған Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығы атынан жазушы Сұлтанәлі Балғабаев ақынға шапан жауып, құттықтау сөзін сөйледі.
«Қазақ әдебиетінде, поэзиясына өз тақырыбын ала келген Қасым, Мұқағали сынды ақындардың қатарында осы Жәркен де тұрады», – деп сөз кезегін алған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов ақынды мерейтойымен құттықтай келе оның нағыз қазақы, болмысы таза ақын екенін айтты.

1400514820.JPG

Кеш барысында ақынның поэзиясы жайлы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек сөз сөйлеп Жәркен өлеңі жайлы сыр шертсе, ақын Ұлықбек Есдәулет ағасына жыр арнады.
Ақынға «Жас-ай» медициналық орталығының директоры Жасай Зекейұлы темір тұлпардың кілтін табыстады.
Ақынның соңынан ерген жас буын Бөдешұлының поэзиясын оқып, отырған жұрттың ықыласына бөленді. Әуелетіп ән салынды, күмбірлетіп күй шертілді, осылайша Алматы аспаны мамырдың мамыражай күнінде көркем өлеңнің һас шебері – Жәркен жырауды жетпістің белесіне шығарды.

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар