Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
"Ақырғы бәйге" - романға жол...

28.07.2023 2148

"Ақырғы бәйге" - романға жол 12+

"Ақырғы бәйге" - романға жол - adebiportal.kz

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ әдебиетіне бір шоғыр талантты жастар келіп, жалпы қазақ руханиятын биікке көтерген болатын. Солардың бірі – Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісов. Балалар жазушысы ретінде алғаш танылған Сәкен Жүнісов қаламынан «Ақан сері» роман-дилогиясы және «Жапандағы жалғыз үй», «Заманай мен Аманай», «Өшпейтін іздер», «Өткен күндер белгісі» қатарлы прозалық шығармаларды, «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер», «Қысылғаннан қыз болдық», «Қос анар», «Өлі ара», «Әр үйдің еркесі», «Тұтқындар», «Құстар айтысы», «Төгілген қандар, шашылған жандар», т.б. ондаған драмалық туындыларын оқырмандарына ұсынды.

Туған өлкесі Қызылтудан Омбылатып сол кездегі астана Алматыға келген жас талант республикалық балалар журналы «Пионерге» қызметке орналасып, осы журналдың аясында көптеген ұсақ әңгімелер жазып, алғашқы жинақтарын бастырды. Жазушының «Сақау бәтеңке», «Кімнің мекені көрікті?» т.б. әңгімелері балдырған оқырмандардың ой-талғамына сәйкескен дүниелер ретінде қазіргі күнге дейін оқулықтар мен хрестоматиялардан орын алып келе жатыр.

Сәкен Жүнісов әңгімелерінің ішіндегі көркемдігі келіскен кесек туындысы – «Ақырғы бәйге». Жазушының балаларға арналған әңгімелері қатарына жататын бұл туынды – болашақ үлкен туынды жазу алдындағы дайындық іспетті болғаны анық.

Қазақ әдебиетінің классигі, сол дәуірдегі әдебиетіміздің маңдайлады жазушысы Мұхтар Әуезов – Сәкен Жүнісовтың тікелей ұстазы болғаны белгілі. Өзінің оқуға деген алғырлығымен, тиянақтылығымен академик Әуезовтың аспиранты атанған Сәкен Жүнісов ұстазы Мәскеуге барған сапарында мезгілсіз дерлік өмірден өтеді. Осыдан соң жазып жүрген ғылыми жұмысын бұдан әрі қарай ешкім де ұстазы Мұхтар Әуезовтей жетекшілік жасай алмайды деген ойға бекініп, қорғау үшін жалғастырмаған екен. Сөйтіп Мұхтар Әуезовтің соңғы аспиранты ретінде тарихта қалады. Мұхтар Әуезовтен көп үлгі-өнеге алған Сәкен сері өзінің кесек туындысы «Ақан серіні» жазу үшін ұзақ дайындалғаны байқалады. Ұстазы М.Әуезов те өзінің ұлы туындысы «Абай жолын» жазу үшін Абай тұлғасы мен оның айналасына қатысты шағын көлемді әңгімелер мен зерттеу мақалалар, драмалық шығармалар жариялай жүріп, тақырыпты игерерліктей кемеліне келгенде барып эпопея жазуға кіріскені белгілі. Сәкен Жүнісов те ұстазының үлгісімен, Ақан серінің өмірі мен шығармашылығын қамтитын соқталы туынды – роман жазар алдында жауапкершілікті сезіне отырып тақырыпқа барлау жасайды. «Ақырғы бәйге» – осы жауапкершіліктен туған туынды. 

Ақан серідей өмірі өнерімен өрілген әйгілі тұлға жайлы алғаш рет кесек туынды жазу қызықты, әрі қиын болса керек-ті. Бұл турасында әдебиеттанушы ғалым, академик Рымғали Нұрғали былай деп атап көрсеткен екен: «Әдебиет әлеміне дүрбі тастап барлау жасай бастаған алғашқы сәттен-ақ «Жапандағы жалғыз үй» аталатын тақырыбы жағынан бір жағы от, бір жағы сақылдап қайнаған қанды құдық үстіне тартылған қыл көпір дерлік ұстара жүзінде қияметтен жол тауып өте білген сергек те сезімтал роман күні бүгінге тың игерудің қуанышы мен қасіретін барынша терең қатпарларға бойлап барып көрсете білген батыл қалпымен тамсантады. Сөйтіп Сәкен салған жерден роман аталатын соқталы да сауырлы жанрға сескенбей бару арқылы қазақ қаламгерлеріне өзінің тым ұзаққа алқынбай шабар жаңа талант келгендігін аңдатып-ақ тастаған еді. Ақан сері тәрізді өмірі жұмбақ, өнері шуақ аса күрделі тұлға тағдыр-тауқыметін өзі тірлік кешкен қоғам қатпар-қыртыстарымен қотара, қопара суреттеу тек Сәкеннің ғана қалам қуатымен жүзеге асар шаруа екен-ау дейсің бүгінде».

Ақан серінің өмірі мен шығармашылығы жайында романға дейін қалам тербеткендер жайында сөз болғанда Ілияс Жансүгіровтің «Құлагері» мен Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» очеркі ойға оралады. «Құлагер» – Ілияс есімімен бірге елге қайта оралған туынды. Ал «Ақан сері» романын жазған тұста Сәкен Жүнісовтің қолына Мағжан туындысы түсті ме, жоқ па, беймәлім. Қалай болғанда да «Ақырғы бәйге» әңгімесі – кейіннен романға үлкен тарау болып желі тартқан, Ереймендегі Сағынай байдың асында Құлагердің қаза болған оқиғаға құрылған туынды ретінде баспа бетін көргені анық. 

«Ақырғы бәйге» әңгімесі Ақанның өміріндегі қажулы кезеңнен басталады. Құлагер тұлпарды Сағынайдың асына апарып қосудың өзі сананы сарғайтып, еңсені басқан қапалы күйден арылуға деген ұмтылыс екенін аңғартады. Кейінгі жылдары қайғыдан қайғыға ұшырап, Ұрқияның қазасынан соң, туыстарының ішінде ала-бөтен ақынның өзіне тартып жаңа ержете бастаған ең сүйікті інісі, әнші Әйберген аттан құлап өлгелі сері әбден қажып, жиі-жиі төсек тартып, шерменде боп жатып алатын күйге ұшыраған. Оның үстіне ел 

арасындағы «кие соқты, ант атты» деген қожа, молдалардың сөзі шынға айналғандай болып, Ақан көпке топырақ шаша алмай, іштен тынатын еді. Ең жақын серігі – әнін ел арасында еркін шырқап айта алмай, дәтке қуат санаған жалғыз Құлагерін ұлы бәйгеге қосып, қызығын көре алмай үйде тобан аяқ боп отырып қалды. Осыны сезген ет жақын жұрағаттары, көңілі жақын дос-жандар Сағынай асына барып, бір серпіліп қайтуын мақұл көрген. Оның үстіне Біржаннан, Мәшһүр Жүсіптен арнайы хабар келген».

Біржан мен Мәшһүр Жүсіптен, Мөңке биден көңіл демеушілік сарындағы хабар жетіп, Сағынай асына баруды ұсынғанымен, Ақанмен рулас шонжарлар тегіс бұл сапарға қарсы болып, теріс бата беретіндігін айтады. Сонда да алған бетінен қайтпаған Ақан сері екі оттың ортасында қалғандай болған қосшы жігіттерін еріксіз қалдыруға мәжбүр болады: «– Жігіттер, – деді Ақан айғай салып, – тоқтаңдар! – Ақан өз жігіттеріне қарады: – Азаматтарым, достарым, сендерге ырзамын. Мен үшін таяқ жеп, қор болмай-ақ қойыңдар. Мынау кеп тірелген ессіз дүлей, көкпеңбек сең ғой. Адам тұр-ау, жан баласы бар-ау деп қарайтын ақылы, ойы жоқ меңіреу, долы күш қой. Рақмет сендерге, көңілдеріңе рақмет! Мен өзім-ақ жол тауып барамын. Ал маған еремін десеңдер, оларыңа тыйымды енді мен саламын...»

Әңгіменің конфликтісі осылай басталады. Қалай дегенмен, ел үлкендерінің батасын, ықыласын алмау, алыс елде жанға серік, қысылғанда айбар, медеу болатын қарулы жігіттерді ертпей жалғыз шығу – амалсыздықтың белгісі еді.

Осылайша Байбатырдың баласы Мөңкені ертіп алып, Ерейменге жеткен Ақанның келуін мұндағы шонжарлар ұната қоймайды. Сәлем беріп кіріп шықпақ болғанда, Ақан келді дегенді естігендегі жағдайды жазушы былайша баяндайды:

– Ақан сері, Көкшетаудың Ақаны! – дегенде паңның көзі шатынап кетті. Ұзақ отырысқа белі ұйи бастаған денесі ауыр Батыраш бір жамбастай қисая түскен. Ақан атын естігенде, біреу астына шоқ басып алғандай, басын оқыс жұлып алды.

«– Ақан сері дей ме-ей?!

– Жеткен екен ғой ол сабаз да!

– Бәсе, той десе жаны жай тауып отырар ма?

– Өз аузынан әнін тыңдайтын болдық, керемет дейді ғой, шіркін!

– Құлагерін де әкелген шығар! – десіп жан-жақтан күбірлеген жұрт тына қалды.

– Әй, бала, – деді Нұрмағанбет зілденіп, – өзің шешең ұл тапқандай қуанып тұрсың ғой. Ақан келсе қайт дейсің, әкем бе еді ол. Оны кім шақырыпты?!

– Бәсе десейші, – деп қалды Батыраш та.»

Әңгіме желісі Ақан мен оның жүйрік тұлпары Құлагердің асқа келуі, асқа жиналған жұрттың таңданысына ұласады.

«- Әне, Құлагер келе жатыр!

- Мына бір сары ала жабулы Құлагер болар, - деген дауысты естігенде жұрт лезде жиналды.

- Кәне, кәне, қайсы?

- Мына бір әдемі жабулы ма? – деп үстіне төніп, қоршап алғандар, ынтыға жетіп көргенде, сенбей де жатыр...»

Жазушы мұндағы жиналған халықтың неге сенбей тұрғанына оқырманның көзін жеткізу үшін, тым алысқа кетіп, баяндай қоймайды. Халық түсінігінде, жүйрік ат дегенің, сымдай тартылған сұлу сурет болса керек. Бірақ мына Құлагер жылқыда ондай қасиеттің көбісі-ақ жоқ. Мұндай жылқының бәйгеден келуі – сенімсіз сияқты. Жұрттың ойы осы.

Осы кезде әңгіменің сахнасына топтың арасынан жүйрік біткеннің бітімі мен шабысын қалт жібермей қапысыз танитын қарт сыншы Күреңбай шығады:

«- Жоқ, бұл Құлагердің нақ өзі! - деп шаңқ еткен дауыс шықты».

Далада өлген жылқының басынан-ақ оның қаншалықты жүйрік болғандығын басты ұстап отырып жіліктей талдап айта беретін қасиетке ие ежелгі қазақ атбегілерінің ұрпағы Күреңбай сыншының бейне-пошымын әңгімеде жазушы былай сипаттайды: «Жұрт жым болып, жалт қарасты. Үстінде жеңі салақтаған кең шидем шапан, басына елтірі бөрік киген, жағына пышақ жанығандай арық, шоқша сақал, шүңкиген шал екен мұны айтқан». 

Дегенмен жұртың барлығы осы бір жұпыны ғана киінген шоқша сақал, шүңкиген шалды сыйлайтынын аңғартады жазушы:

«- Ойбай, Күреңбай ақсақал – десіп, атақты Күреңбай сыншыны жаңа танып, бәрі соның аузына үнсіз қарасты».

Осыдан кейін-ақ жұрттың алдында Күреңбайдың бедел-нарқы өсіп шыға келеді. Әңгімеде Күреңбай сыншының аузымен жазушы Құлагер тұлпардың сипатын шебер бере білген.

«- Шіркіннің тұрқын қарашы, тұрқын, он екі таспадан өрген ұзын бишіктей. Күзендей бүктетіле шапқанда тұрқы қысқа бұзау тұлып аттарыңның екі-үш аттағанын бір-ақ алатын қарышты жануар. Терісі қандай: жұқа – көзел етіктің былғарысындай мап-майда, ет пен терінің арасында жылтыраған бір май жоқ, басқа аттар ақ көбікке малынғанда, құлағының түбі де жіпсімейтін көнбіс-ақ. Денесінде бір жапырақ арам ет жоқ, тамырлары білем-білем боп шодыраюын қарашы. Қанша шапса басы айналмайтын қаны мол, тынысы тарылмайтын құлаш кеңірдек талыс танау. Тәует бастағы қос құлақ Балқаштың қисық кескен қамысындай, жағында ұстарамен кесіп алар қырым ет жоқ, топшысы қаршығаның топшысындай, қос шынтақ күреске ыңғайланған балуанның шынтағындай, кең қолтыққа атан түйенің тобығы сыйып кеткендей, аяғы қаққан қазықтай тік, тұяғы мүжілмейтін Оқжетпестің қайрақ тасындай, быртық бақай, ит жіліншік, тазы тізелі, бөкен санды, сіңірі бура тілерсек, екі бұттың арасынан екі адам жүрелеп өткендей, жібектей күлтеленген майда жал, жеңіл құйрық. Жаясы қандай жазық, қасқыр жауырын, түлкі төс, қоян жонды – тәулікке тынбай шапса да теңселіп, шатқаяқтамай садақтың оғынша түзу шабатын малдың белгісі.... жарықтық маужырап, бейғам, марғау тұруын қарашы. Ала қашпа, тыз етпе ақпа емес, қаны қызып, денесі бусана келе ағындайтын нағыз ұзақ шабыстың деген өрен жүйрігі, шапқан сайын үдей түсетін, өрге салсаң, өршелене түсер ұшқыр, нағыз құйынның құйыны, - деп Күреңбай Құлагердің қасына келіп, төспен астасқан, қолтық тұсындағы тасты қабырғадан сипап, бүйірге дейін барды да: - Па, па, біліп едім-ау, ерен туған ерекше мал екенін. Бәсе, бәсе! – деп таңдайын қақты. – Қанаты бар екен, жануардың. Мынау жай мал емесе, пырақ екен! Тіфе, тіфе, тіл-көзден сақтасын!»

Жазушы сипаттаған осынау үзіндіден қазақ фольклорының батырлық жырларындағы ер қанаты арғымақтардың мүсінін сипаттайтын түйдектерді немесе Абайдың «Аттың сыны» өлеңіндегі өрен жүйріктің сынын бейнелейтін сөз саптауларды танығандаймыз. Жазушының қолданысындағы теңеулер мен эпитеттер, соны сипаттаулар оқырманын қызықтыра түседі.

«Ақырғы бәйге» әңгімесінде өткен ғасырлардағы көшпелі қазақтың өмір салтында жиі ұшырасатын дақпырты мол ұланасыр ас пен тойдың нағыз сипаты бар. «Ас – аттыныкі, той – тондыныкі» деген қазақ күні-кешегідей қазіргі күні де ас та төк ас пен той өткізумен келе жатыр. Мұны бір жағынан халқымыздың шат-шадыман көңіл күйі мен сыйластық салты десек те, ысырапшылдық, мақтангершілік сипаты басым екені де анық. Сағынайдың асына жұмсалған қаржының көлемі Үндістандағы Тәж-Махал кесенесіне жұмсалған шығыннан да артық болғандығы туралы есеп айтылады. Қалай айтылса да, бұл астың тарихта қалуы – Құлагер тұлпардың өлімімен байланысты. Ас пен тойда аяқ жетер жерден бойында өнері бар жандардың ат өксітіп жетері ол заманда заңдылық болған. «Ақырғы бәйге» әңгімесінде де осындай өнерпаздар бейнесі бар. Дүйім қазаққа өзінің ақындығымен, әншілігімен қатар, жонглерлік өнерімен әйгілі болған Шашубай Қошқарбайұлы туралы жазушы былайша сипаттайды: «Кең көшенің басында су жорғаны тайпалтып жалғыз аттылы келеді. Ат үстінде жас бала, тікесінен тік тұр. Қолында сырнай. Сырнайдың кеңірдек көрігін жыртып жіберердей құлаштай созған бала айғайын салып әнге басып, шырқап барады. Көшенің екінші басына жеткенде, қайта бұрылып, қолындағы сырнайын анадай тұрған топқа лақтырып жіберіп, енді ат үстінде неше түрлі ойын көрсетіп, жүз бұратылды. Тиіндей домалап, басымен тік тұрып, біресе екі қолымен көтеріліп, енді бірде жорғаның мойнына жыланша оратылып, аттың кеудесінен, астынан бишіктей сумаңдап, қайтадан ердің үстінде қаздиып, оқыс құлап, бір аяғымен таралғыға ілігіп, басын салбыратып жерден күміс алғандай созыла түсіп, қайта лып етіп ат үстіне көзі ілеспей шығады».

Бұл астағы ат бәйгесінен өзге қызықтардың өзі қаншама. Бірақ солардың ішінен елдің ең қызықтай елеңдегені – алысқа айдалар аламан ат бәйгесі еді. Енді азған сәттен кейін-ақ осы бәйгеден дәмелі болып, қазақ пен қырғыз жерінің сан түкпірінен келген бес жүз жүйрік ат шабар жерге жетіп, енді көмбеге қарай бет алмақ. 

«Қанаты кең жазылған бәйгешілер, айыл-тұрмандарын ат үстінде отырып та бір тексеріп алып, айдаушының шаршы орамалына қарасты. Тықыршып, кісінеп, жер тарпыған сәйгүліктер көздері жайнап, ауыздықпен алысады.

Айдаушы орамалды көкке көтеріп тұрып, серпіп қалды. Өрт тигендей дүр етіп, бес жүз ат жұла тартқанда, аспан асты шайқалып, теңселіп кеткендей болды. Дүңк-дүңк еткен қара жер қозғалғандай дірілдеп, тербеліп, тып-тынық ауаны екі мың тұяқтан ұшқан шаң көміп кетті. Күздің аласапыран қою бұлты жерге аунап түскендей Ерейменге, Құсақ көліне қарай ұйытқып жөңкіле көшіп барады. Екі мың тұяқ жерді тасырлата шертіп, жалпақ түзді лекіткен дала күйіне бөлеп жіберді. Кемеріне сыймай лықылдап, буырқанып тұрған өзен арнасын ашып жібергендей, лақ етіп төгілген бұйра толқын кең жазықта айдаһардай бүктеліп, зымырап барады». 

Осы үзіндіден оқырман Сағынайдың асында, Ерейменнің ен жағыны шаңдата шапқан бес жүз аттың жөңкіле шапқан жойқын екпіні, дүбірлеген дала көз алдымызға келгендей әсер алады.

Атты артық көрген елміз мінген тақтан,

Қызық-ақ біздің бәйге қырда шапқан!

Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей,

Аттарға шаң шығарып келе жатқан, - 

деп «Құлагер» поэмасында Ілияс Жансүгіров айтқанындай, бәйге атының дүбірі – қазақ үшін нағыз қан қыздырып, жүрек лоблылатын сәт.

Мінеки, жүйріктер жер апшысын қуыра зулап келеді. Жазушы бәйге барысында ат үстінде шауып келе жатқан кейбір жырынды балалардың жымысқы әрекеттерін, психологиялық көңіл-күйлерін жақсы суреттеген: «Құлайкөктің үстіндегі бала Топайкөктің баласына көзімен ымдағандай болып еді, ол алға оза тартып, бір қиыстай келіп, Құлагердің қамшылар жағына түсті, Мөңке екі баланың ортасында қалды. Екеуі де енді Құлагерге таяна түсіп, қабырғаласып, ортаға алып қыса бастады. Бұл да атқа шапқан әккі балалардың жымысқы әдісі.

Мөңке Құлайкөктің баласына жымия қарады. Енді екеуі де бір-бірімен көзбен сөйлесті. Мәттақан қара бала Мөңкеге анда-санда оқ жыландай тесіле қарап, тынысы тарылып келеді. Атарға оғы жоқ. Жанарында жеп жіберерлік зәр бар. Ішінде не ойлап келе жатқанын кім білсін. Әйтеуір өртеніп келе жатқаны айқын».

Қалың топтан суырыла шығып, желдей жүйткіп өзара тайталаса жарысып келе жатқан жүйріктер ғана емес, олардың үстіндегі шабандоз балалар да өзара іштей арбасып келеді: «Екеуі де қатарласа ұзақ шапты. Екеуі де көзбен аңдысып, бір-біріне атылардай тесіліп, ұзақ, үнсіз жауықты. Қара баланың жер бетіндегі қазіргі жауы Мөңке. Дұшпан көз ішіп-жеп барады. Бала жанарында сәбилік нұрдан түк қалмаған. Делдие түскен танауында «Шіркін-ай, құдай-тағаланың кәрімен атың сүрінсе, допша домалап ат үстінен құласаң» деген қара пейіл, жаман ойдың нышаны бар».

Жазушының шұрайлы көркем тілі, туындыдағы кейіпкерлердің толғанысын, ішкі сезім күйін шынайы берудегі әдіс-тәсілдерді шебер қолдана білетіндігі анық аңғарылады. Қос шабандоздың үзеңгі қағыса тайталасқан сәттегі көңіл-күйін дәл бере білу – сөз жоқ, С.Жүнісовтың қаламгерлік сипатын аша түсетін сәтті қолданыс. Сөзге жан бітіру, көркемдік бояуларды ұтымды пайдалану дегеніміз осы. Белгілі әдебиет сыншысы Рахманқұл Бердібай С.Жүнісовтың шеберлік қыры жөнінде былай дейді атап көрсетеді: «С.Жүнісов шығармасының тілі – негізінен жатық, жарасымды тіл. Автор адаммен табиғат құбылыстарын дәл суреттей біледі. Жазушының халықтық тіл байлығының меруертін еркін игеріп, шығармасына еселеп қолдана білетіндігі аңғарылады».

Бауыры жазылып, майдай еріп, көсіле шауып келе жатқан Құлагер жүйрікке қалтарыстан шыға келіп қатарласа берген қандықолдың сілтеген айбалтасы тиіп қапияда омақаса сүрінген мезетін жазушы былай суреттейді: «О, ғажап! Жат адамның қатарласа шауып, қолын шылбырға соза берген! Созылған қол – адамның қолы емес, айбалтаға ұқсап кеті Құлагерге. Жарқ еткен айбалта аспанға көтеріле бергендей болып еді, құлақ шекесінен бірдеме сарт етті. Басы шың етіп, көзінің алды жарқ етіп, есі ауып, қалай омақаса түскенін белмей қалды. Бел омыртқасы да кілт еткендей болды. Үстіндегі Мөңкенің қалай ұшып кеткенін де аңғармады. Ғұмырында бірінші рет сүрінуі, бірінші рет құлауы. Ағындап келе жатқан бойы оқыс шалысып, мойны қайырыла оңбай түсті. Мөңке қайда? Аман ба екен, о байғұс! Құлагер жан дәрменде дүр сілкініп атып тұрды. Қалай кісінеп жібергенін де аңғармай қалды. Жалбарынған ащы үнге кең өзек жаңғырықты. Анадай жерде домаланған Мөңке де сүйретіле тұрып жатыр. Қолтығы дірілдеп, балаға қарай тізгіні шұбатылып аттай беріп еді, тағы құлады. Басы зеңіп, астындағы жер дөңбекшіп, өзін шыр көбелек айналдырып әкетіп барады. Үрейлі көзіне Есілдің мұзындай көгілдір аспан түсіп, үстіне жақындап қалғандай болып еді, енді алаулап жанып, қып-қызыл қанға айналып кетті. Шекесінен шып-шып аққан жылымшы қан көзіне құйыла берді. Тынысы тарылып, көмейінен өзі бұрын естімеген қорыл шықты. Кеңсірігі бітеліп, танауы желп-желп ететіні несі... Ақпанның қызыл шұнақ аязында тер қатқандай, тұла бойы жыбырлап, дірілдеп барады ғой...» 

Ағайынмен қырбайлықпен басталған әңгіменің осңы ақыры Құлагер тұлпардың мерт болып, Ақан серінің серпілсем, сергісем деген көңілі одан әрмен жер болып, еңіреп-егілуімен аяқталды: ««– Құлагер, құлыныңнан керім едің, нағашым сұрағанда беріп еді, – деп Ақан баяу ыңылдап жоқтау айтқан шерменде бір үнмен ескен желдей гуілдеп, зарлап отыр. – 

Шынымен өлгенің бе, Құлагерім, 

салбырап саптыаяқтай төменгі ернің.

Қайғылы серіге ешкім басу айтқан жоқ. Ара-арасында аһ ұрып, үһілеп, теңселе түсіп ұзақ зарлағанда, жұрт көзінен жас тамшылап, үнсіз тыңдай берді.

Жібектей күлтеленген құйрық, жалың, 

Қапыда өліп кеттің, жануарым. 

Өлді деп, жануарым, естігенде 

Шықпады уақыт жетпей шыбын жаным. 

Құлагер, айналайын шабысыңнан, 

Атағы елге шыққан дабысыңнан, 

Біліп ем өлеріңді, Құлагерім, 

Шыңғырған түсімдегі дауысыңнан...

Он шақты жігіт Құлагерді терең жамбыға түсіре бергенде, көзінен жас сорғалаған Ақан:

– Апырай, абайлаңдаршы, бір жерін мертіктіріп алмаңдаршы, – деп, тағы да егілді...

Саққұлақтың қазір де көз алдында – Ақан. Құлағында – Ақан үні. Топ ақынның алдында Құлагердің ер-тоқымын арқалап, күн батысқа жаяу тартқан Ақанның жапан түзде аңыратып зарлап бара жатқан ащы күйіктен төгілген, тұла бойды шым-шымдап шымырлатқан «Құлагер» әні, ақын зары.

Құлагер, топтан озған жүйрігім-ай, 

Құлпырған дара құндыз құйрығың-ай...

Сағынай асын тастап, Ақанның соңына ерген бар ақын, әнші «Құлагерге» қосыла күңіреніп, ымыртта құбыланы бетке алып ұзап барады.»

Тұсында пері болсын, сері болсын,

Ұнайды өмірімен Ақан маған!...

деп І.Жансүгіров айтқанындай, Ақан серінің күллі қазақ әлеміне мағлұм болған трагедиялық халі осылай ұласады. Жазушы әңгімесінде де, болашақ романында да осы бір халді желілеп отырады. Жалпы алғанда серілер дәуірі, дәстүрі – аса тереңдете зерттелмеген әлем. Әрі әр дәуірдегі түрліше факторларға байланысты серіліктің дәстүрі мен миссиясы да өзгеріске ұшырап отырғаны анық. Кешегі Біржан-Ақан заманындағы серілік – сұлулық атаулыға құштарлық, еркіндікке іңкәрліктің көрінісі болса керек-ті. Бұл алыптардан кейінгі дәуірді – сал-серіліктің таза әншілікке құрылған, түсі оңған, нәрі солған кезең деуге болатын шығар. Себебі, бодандықтың қыспағы, заманның озып, дәстүрдің тозуының өзі осыған әкеліп тіреген еді. Дегенмен серілік сән-салтанат, сегіз қырлы бір сырлы дейтіндей, бір басына сан түрлі өнер мен қабілетті тоғыстырған адамдар кеңестік дәуірде де молынан болғанының анық куәсі – қаламгер Сәкен Жүнісовтің өзі болатын. Бір басында жазушылық, әншілік, домбырашылық, палуандық т.б. тоғысқандықтан да сөз зергері Ғабең (Ғабит Мүсірепов) ағасы есіміне «сері» деген айқындауыш қосқан Сәкен серінің Ақан сері өмірі туралы қалам тартуы бекер емес. Себебі, сері туралы туынды жазу үшін сол адамның өзі де серіге тән қасиеттер бір басынан молынан табылатын болуы керек қой.

Сәкен сері «Ақырғы бәйге» арқылы болашақ романына сәтті барлау жасай алды. Сөйтіп жылдар өткенде «Ақан сері» роман-дилогиясы өмірге келді. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар