«Өзекті жанға бір өлім», «тумақ барда – өлмек бар», - дейді халық даналығы. Тумақ - өсіп-өнбек - өлмек атты үш кезең ғаламдағы барша жан иесінің тіршілік цикліне тән ақиқат. Бұл ақиқат – Жер бетіндегі ең жоғарғы даму сатысындағы, яғни қоғамдық-тарихи әрекет пен мәдениет жасаушы тіршілік иесі АДАМЗАТ баласына да тән. «Өлім (Моrs) – организмдегі биологиялық, физиологиялық, биохимиялық процестер мен функцияларының доғарылуымен сипатталатын жансыздық қалыбы.» Бұл – өлімнің ғылыми анықтамасы.
Атам қазақ «қамшының сабындай ғұмыр», «бес күндік жалған» деп, батыр Баукең: «Өмір – кірпіктің ұшында тұнған жас секілді. Қашан мөлт етіп үзіліп түсерін білмейсің!» - деп сипаттаған ғайып ғұмыр бұл.
Кеудесіндегі ғұмыр бойы лүпілдеп, дүрсілдеп, атқақтап тынбай соғып, «Махаббат, ғадауатпен майдандасқан» қайран жүректің мұз болар ақырғы сәтін:
Тоқтамас өмірімнің сағатындай,
Жүрегім енді қанша соғар тынбай.
Тыншыр ма ақтық рет бір талпынып,
Мерт болған балапанның қанатындай, -
деп өзі өлсе де, өлмес өлең қалдырған Қасым ақын бейнелегеніндей, қашан талпына түсіп мәңгілікке тыншырын кім-ақ тап басып білген?!
Негізгі айтпағымыз - бұл емес еді. Негізгі айтпағымыз – қазіргі күні әлеуметтік желілерде көрініс тауып жүрген, әлде белең алған дейміз бе ҚАЗАМЕН ХАЙП ҰСТАУ туралы еді.
Соңғы жылдары жаңа ұғым болып енген «хайп» немесе «хайп ұстау" деген сөздің мағынасына әзірге толық мән бере қоймаған жандар үшін қысқаша түсініктеме: «Хайп – кез келген жағдайдан, жағдаяттан өзін өзі жарнамалауға тырысушылық». Яғни кеңейте айтқанда, адамдардың кешелі-бүгінгі ішкен-жеген, барған-келген, жүрген-тұрғанын әлеуметтік желілерге жүктеп пиар жасауға құмарлық. Бұл сөздің түпкі мағынасы - ағылшынша High Yield Investment Program – «табысты, пайдалы инвестициялық жоба» дегенді білдіретінін ескерсек, хайпты пайдаланудың, өзін өзі жарнамалау арқылы табыс табудың еш сөкеттігі жоқ сияқты.
Бірақ өзге жұртты қайдам, қазақтың әлеуметтік желісіндегі ҚАЗАМЕН ХАЙП ҰСТАУ – ұлтымыздың өлімге қатысты ғасырлар бойы қалыптасқан әдеп-ғұрпына мүлде томпақ сияқты болып тұрады. Біз осы жөнінде ой тастап отырмыз.
Әрине, тірлікте қимас аға-бауыр, сырлас әпке-қарындас, замандас жолдас-жора, қияметтік дос-жаран, сыйлас әріптес-көрші болған немесе жиі араласпаса да алыстан арқа тұтқан ардақты жанның мына өмірден өткенін есту, естірту, хабарлау – жүрекке ауыр тиетін психологиялық хал.
Он екі сала Ертіс басынан тарам-тармақ Еділдің сағасына дейін, Арқаны жиектеген Сібірдің ну орманынан Әму-Сырдай қос өзеннің арасына дейінгі ұланғайыр өлкеде ғасырлар бойы ғұмыр кешіп келе жатқан қазақ әлемінде ақпарат қай заманда да жылдам болған. Яғни түрлі ақпарат «үкілі пошта» мен «ұзынқұлақтың» арқасында тым тез тарап келген. Қазіргі ақпарат дәуіріндегі жылдамдық тіпті ғаламат. «Бір ауыз сөз – әке өлімін әкелер» демекші, арғы мұхиттың ар жағынан жазылған өлім жайлы суық сөз көзді ашып-жұмғанша алты құрлыққа тарап үлгереді.
«Өлімді естірту – парыз». Оны орындау – ләзім. Егер өмірден өтіп жатқан адам – белгілі тұлға болса, әлеуметтік желілердегі біз тілге тиек етіп отырған ҚАЗАМЕН ХАЙП ҰСТАУ, яғни әлгі танымал тұлғаның тірісінде әрқилы сәттерде өзінің бірге түскен фотосуретін қоса жариялап, азалау жарысы басталды деңіз. Әрине ол адаммен азды-көпті араласып, жақсылық-шарапатына бөленіп сыйласқаныңыз, тамаша тағылымды сәттерді бірге өткізгеніңіз рас болар. Марқұмның беті жабылмай жатып жалаулатқаннан гөрі, жамбасы жерге тиген соң, жетілік т.б. науқанын берерде, бергеннен соң «бірге жүрген күндерді сыйлайықшы» демекші, бірге өткізген жарқын сәттерді жылы естеліктермен мөлдірете өріп жарияласаңыз, қандай жарасымды. Сол тұлғаның өзіңіз сезінген, куә болған жақсы қырларын ашып бөлісумен бірге өзіңіздің де абыройыңыз арта түспес пе екен? Мұны енді ХАЙП деп айту қиындау болар еді ғой? Осыны ескеріп жүрсек дейміз.
Әйтеуір өлімге қатысты айттық қой, тағы бір «біртүрлілеу» жағдай – кей адамдарда, оның ішінде әйелзатында ұшырасатын, өмірден өткен адамының жаны толық шығып, мәйіті суып үлгергенше әлеуметтік желіге «бейне сүйіншілегендей» етіп хабарлама жіберіп отыратыны. Ау, иен далада жалғыз жүрген жоқсыз ғой? Өзгелер бар емес пе?
Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы – ол, -
дейді Абай хакім айтпақшы, кісіңіз өліп, қаза көріп жатқан жоқсыз ба? Сол күні жалпы желіге байланысқа шығып, жауаптасып отыру - ерсілеу емес пе?
Сонау арғы ғасырда қазақтың бас ақыны осы шумақтың келесі жолдарын былай өрген еді ғой:
Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол?
Иә, ол заманда да өлгеннің артын жоқтап дауыс салатын еді ғой. Қазақылықтың қаймағы әлі де жұқара қоймаған өңірлерде бұл салт әлі бар. «Өлім қайда барасың? Сынға барамын. Қалай барасың? Байдың малын шашамын, кедейдің артын ашамын», - депті дегендей, бұл да бөлек тақырыптың ауқымы. Жақыныңыз өлсе, әлеуметтік желідегі белсенділікті аз уақытқа болса да бәсеңдетіп, ап-сап басылып, адам аяғы сиреген кезде ғаламторда көңіл айтқан жүздеген, мыңдаған желілеске жалпылай, жекелей рақметін айтып, алғыс білдіру – қазақы әдептің бүгінгі жалғасы болар дейміз.
Екіні айтқаннан кейін үшке де барайық. Өлімге қатысты тағы бір ерсілеу көрініс – бақилық болған жақын адамының фотосуретін желіге жиі-жиі жүктеп азалау дер едік. Иә «өлгеннің артынан өлмек жоқ, өлмек қайтып келмек жоқ.» О дүниелік болған қимас адамыңды сағынасың, елеңдеп іздейсің. Сағынышыңды өзгемен бөліскің келеді. Бірақ өткен қайғы туралы ақпаратты жиі-жиі жырқылдата беру – не мінәсіп? Бұл ісіңіз сырт көзге сағыныштан гөрі парықсыздық болып көрінбей ме? Ағайын-туыс тобы, желідегі топтық шектеу функциялары дегендер бар емес пе? «Қайғыра берме, қайғы үстіне қайғы шақырасың!» - деуші еді бұрынғы үлкендер. Осыны неге қаперге алмаймыз? Әйтпесе басы аман, бауыры бүтін жүрген кім бар, бұл дүниеде?
Жас емес, елуден асып, ел ағасылық жасқа келгенде, көңілде жүрген, келеңсіз санаған осы бір жағдайды талқылау үшін ортаға салып отырған жайымыз бар. Сіз не дейсіз, желідегі оқырмандар. Әлеуметтік желідегі ақпараттың бір сипаты – тәрбиелік емес пе? Түпкі ойымыз: бір-бірімізге тәрбие беру арқылы, қазақы қалыптың ернеуінен асып-төгілмеу ғой. «Заманға сай – адамы» дейтін болсақ, ескіні жаңамен үндестіре үйлестірген, заманға сай қазақ болсақ игі еді...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.