Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Басуға тыйым салынған кітап...

24.04.2025 2084

Басуға тыйым салынған кітап 14+

Басуға тыйым салынған кітап - adebiportal.kz

Кітап – адамды адам қылған, мәдениеттер арасында алтын көпір болып, ғасырлар мен дәуірлерді тілдестірген үлкен құндылық екені анық. Дегенмен біз тіршілік етіп жүрген мына қоғамда тыйым салынған кітаптар да «өмір сүріп» жатқанын ұмытпауымыз керек. Ұлттық кітап күні қарсаңында соғыстың сексен жылдығына байланысты осындай кітаптардың бірі «Mein Kampf» (Менің күресім) және қоғамдық жағдай жайлы талдауды алдарыңызға ұсынып отырмыз.

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Рейхте (сол кезеңдегі Германия және құрамдас мемлекеттер) орын алған саяси оқиғалар, тіл мен мәдениет үшін жүргізілген тартыс, мәдениетке қарсы жасалған нацистік соғыс – осы күнге дейін әлемдік ғалымдар тарапынан сан рет таласқа түскен тақырып болды. Бұл оқиғалардың бел ортасында қанішер ретінде суреттелетін Адольф Гитлердің тұрғанын білеміз. Гитлердің өмірі мен күресі, шындығы мен болмысына қатысты ел арасында бір ғасырға таяу уақытта қаншама аңыздың таралғаны белгілі. Бұл мақаланың басты мақсаты - сол кезеңдегі неміс қоғамындағы жағдайды Гитлердің өз жазбасы арқылы бүгінгі қазақ қоғамымен салыстыра отырып талдау. Гитлердің өзі айтқандай, кез келген нәрсені танудағы, білудегі, тіпті оқудағы басты мақсат – оның шығу себептерін зерделеуден басталары анық. 

Негізгі ақпарат көзі ретінде өз қолымен жазылған «Mein Kampf» (Менің күресім) атты кітабы алынды. Гитлердің психологиясын тану үшін бұл кітаптың орны бөлек. Ал кітапты «қате түсініліп қалмауы», нацистік идеологияның насихатталмауы үшін көптеген елдерде басуға және тасуға тыйым салынған. 

Адольф Гитлердің «Майн Кампф» атты авторлық жалғыз кітабы 1924 жылы жазылып, 1925 жылы жарыққа шыққан. Шығарма автобиографиялық деректермен қоса, сол кезеңдегі әлемдік билікке қарсы пікірлерден тұрады.

Соғыстан кейін жеңіліске шыдай алмаған Гитлер өз-өзіне қол салған. Ал оның ресми мұрагері болмағандықтан кітаптың авторлық құқығы толығымен Бавария үкіметіне тиесілі болып қалғандығы белгілі. Шынында да, Бавария үкіметі қайта басып шығарудан бас тартқан «Менің күресім» кітабы көп жылдар бойы тек интернет арқылы неміс тіліндегі толық мәтініне қол жеткізуге болатын «тыйым салынған» кітап ретінде сақталып келді. Әлемнің көптеген елдері экстремистік кітап деп танып, басылуы мен тасымалдануын бұғаттап отырған. Бұдан бөлек, аталған кітаптың әлемнің көптеген жерінде ашық немесе жасырын түрде басылып, сатылымын жалғастырып жатқандығы белгілі, тіпті Израильде 1992 жылдан бері кітаптың қысқартылған нұсқасы жарияланып келген. Осы оқиғалармен қатар, халықаралық авторлық құқық ережелеріне сәйкес, автордың қайтыс болуынан 80 жыл өткеннен кейін бұл шығарманың «қоғамға ашық» күйге келгені де белгілі. 

Содан соң 2015 жылдың 31 желтоқсанында «Менің күресім» кітабы баршаға еркін қолжетімділікке ие болды. Аталған күнге дейін Бавария үкіметі шығарманың түсіндірмелі сыни басылымын әзірлеген. Ақырында кітап 2016 жылдың басында Мюнхендегі Қазіргі заман тарихы институты басылымы ретінде қайта жарық көрген. Кітаптың жаңартылған және ғалымдар тарапынан берілген түсіндірмелерімен бірге қайта басылған сыни нұсқасы 2000 беттен тұрады. Германия кітап дүкендерінде өз орнын қайта алған кітаптың құны 60 еуро, яғни шамамен 34 мың теңгені құрайды. Сізге де мұндай қымбат әрі көпбетті, қалың кітап сөрелерде тозаңға батып жатқан шығар деген ой келді ме? Керісінше, бір жылдың ішінде бұл кітаптың 85 мың данасы сатылып кеткен. Гитлерлік Германияда шамамен 18 миллиондық тиражбен басылғанын ескерсек, 85 мың түк емес болып шығады. Дегенмен кітап нарығы құлдырап тұрған технология ғасырында бұл көрсеткіш адамдардың ескі аңызға деген құштарлығын, яғни ненің ақиқат, ненің өтірік екенін автордың өз аузынан естиміз бе деген үмітін, саяси оқиғаларға деген қызығушылығын білдірмек. Немістер өздерінің діни кітабына айналдыруды көздеген бұл туынды кезінде, тіпті, шіркеуде жаңа үйленген жұбайларға “Інжілдің” орнына сыйға тартылған екен. 

Партия ұйымына, бүкіл халыққа таратылған бұл кітап өзіндік конституциялық мәтін мәртебесіне немесе ең аз дегенде, режімнің қоғамдық шараларында құрметтелуге тиіс беделге ие болған. Неміс зерттеушісі Альбрехт Кошорке 2016 жылы жарық көрген «Adolf Hitlers Mein Kampf. Zur Poetik des Nationalsozialismus» (Гитлердің «Менің күресім» туындысының анализі. Ұлттық социализм поэтикасы) атты бұл еңбекке жасалған өз талдауында диктатуралар үшін кітаптардың маңызын егжей-тегжейлі талдай келе, диктаторлардың өздері жазған қасиетті мәтіндерінің оған сенім артқандарға дұрыс жолды көрсетуге ұмтылатынын да айтады. Аталған кітаптардың әсерін тек мазмұн арқылы түсіндіру мүмкін еместігіне назар аударып, кітапты құнды ететін қасиет оның рәсімдерге сүйенетін қабілеті екенін көрсетеді. Кітап ұсынатын кей ойларды «ерекше таныммен қабылдау мүмкіндіктерін» ескеру қажет екенін айтқан ғалым, оны толық оқып шыққандардың саны шектеулі екеніне назар аударады. Өйткені көпшілік кітапты тікелей оқудан гөрі, оның кең таралған үзінділерімен танысу арқылы біліп жатады. Соған байланысты кітаптың құпиясын түсінудің әртүрлі деңгейлері бар.

Кошорке диктаторлық кітаптардың XX ғасырдағы алғашқы үлгісі ретінде Адольф Гитлердің «Менің күресім» атты еңбегін жоғарыда баяндалған көзқарас тұрғысынан зерделегенін көреміз. Ол “Майн Кампфтың” Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін соғыс пен жеңіліс травмасын бастан өткерген неміс ұлтын қайтадан бедел мен ұлылыққа сендіруші күшке ие болғанын атап өтеді.

Ал Қазақстанда 2014 жылы экстремистік деп танылып, кітапты басуға және тасуға тыйым салынған. Түркия мен Ресей елдерінде кітапқа тыйым салынғанына қарамастан, басылымы мен таралымы әлі күнге дейін тікелей немесе жанама жолдар арқылы жүріп жатқандығы бегілі. 2015 жылы Бавария үкіметі тарапынан әзірленген түсіндірмелі сыни басылымның аталған елдерде аударылып жариялануына немесе жарияланбауына қатысты белгілі бір пікірлер әлі қарастырылмады.

Адольф Гитлердің өз естеліктерінде балалық шағы мен әкесі туралы айтылатын ойлары қызық. Оның әкесі өз ауылына, атасының шаңырағына «адам» болып қайту үшін алыс сапарға аттанады. Білім алып, жоқшылықта өткен жастық шағын артта қалдырған соң әкесінің өз ауылына қайтып барған сәтін естеліктерінде былай суреттейді: 

«...Соңында өз діттеген мақсатына жетті. 21 жасқа толған сәтінде мамандық иесі атанды. Осылайша «әке шаңырағына» «адам» болып қайтып келу туралы өз-өзіне берген сертін іске асырған. Бірақ ауылда қазір оны ешкім танымайтын, ауыл да оған жат болып қалған». 

Бұл сөздерден әкесінің бәз-біреулерге өзін дәлелдеу үшін сүрген сол өміріне Адольф зая кеткен уақыт ретінде қарайтыны сезіледі. 

Кейіннен хат тани бастаған кезінде Гитлер сөйлесуге деген ынтасының бірте-бірте азайғанын, өз болмысының басқа қабілеттері ашыла бастағанын байқайды: 

«Әкемнің кітапханасынан қолыма түскен әскери тақырыптарға арналған түрлі кітаптар мен 1870-1871 жылдардағы Германия-Франция соғысына қатысты жазбаларды зор ықыласпен оқи бастадым. Көп ұзамай батырлық мен үшін адам бойындағы құндылықтардың ішінен басты орынға шықты. Соғыс пен әскерге қатысты барлық дүние қызығушылығымды оятты. Бұл құмарлық бір жағынан шындықтың бетінің ашылуы еді. Сонсоң менің санамды кей сұрақ мазалай бастады. Расында, бұл соғыстарды жүргізген немістер мен басқалардың арасында айырмашылық бар ма? Әкемді қоса алғанда, неге барлық австриялық немістер бұл соғысқа қатыспады? Біз (австриялықтар) басқа немістермен бірдей емеспіз бе?» 

Бұл сөздерден Гитлер Австриялық немістердің өз ұлтының атынан соғысқа қатыстырылмай, шеттетіліп қалуын оларға жасалған кемсітушілік деп бағалағанын байқаймыз. Кітапта тіпті Австриялық немістердің тағыдырына Германия мүлдем алаңдаушылық танытпайды деген ойларға да ұшырасамыз. Бұл жағдай Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтардың: «Тыл жұмысына емес, ел қатарлы әскер болып неге аттандырмайды?» - деп, Патшалық үкіметке ренішін білдіріп, он алтыншы жылғы көтеріліске шыққан сәтіне ұқсайды. 

Гитлер он екі жасында суретші болуды армандайды. Ал әкесі оның өзі секілді мемлекеттік қызметкер болғанын, жай мемлекеттік қызметкер емес, жоғары лауазымға жетуін қалаған екен. Бұл қалау психологиялық тұрғыдан бала еркінің шектелуіне дейін алып барады: 

«Әкем Австрия лицейлерінде сурет сабағының үстіртін ғана оқытылатынын айтып отыратын. Оның қиындыққа толы еңбекке арнал­ған өмірі оны іс жүзінде пайдасыз көрінетін «гуманитарлық білімнен» алыстатты. Негізінде, әкем мені де өзі сияқты мемлекеттік қызметкер етуді армандаған еді. Жастық шағындағы жоқшылықтан кейін қол жеткізген кішкентай ғана қызметтік орны осы шешімнің қалыптасуына түрткі болды. Тіпті менің өзінен де жоғары лауазымға жетуімді қалады. Оның мақсаты менің өмірімді жеңілдету болатын. Өмірдің ащы мектебінен өткен, болаттай мықты мінезге ие болған әкем, менің, дәлірек айтқанда, өмірлік тәжірибесі жоқ жас баланың болашағы туралы шешім қабылдауына жол бермейтін».

Бүгінгі біздің қоғамда үстел басында отыру – ең жоғары қызмет ретінде қабылданатыны ақиқат. Өйткені коммунистік, қарапайым шаруалық режімнен енді шыққан ел үшін қағазбен ғана жұмыс жасап, көйлегінің жағасы мен қолының кірленбеуі ең үлкен жетістік секілді көрінуі заңды үдеріс. Мұны қоғамда бір мақтан хәліне жеткізетін адамдардың бар екені де шындық. Ал бұл жайлы Гитлердің: «Бір күні қараңғы бөлмеде үстел басында отырып, басқаша айтқанда, өз еркіме қайшы бір жерде «қамалып», уақытымды өз қалауыммен өткізе алмай, күнімді қағаздардың арасында өткізетінімді елестеткен сайын, мемлекеттік қызметке деген жиіркенішім арта түсті», - деген пікір келтіреді. Ақыры суретші боламын деген шешім шығарып, әкесін көндіру үшін жан-тәнімен қарсы шығып жүргенде, бір күні әкесі аяқ асты өмірден озып, өз өмірінің барлық шешімі өзіне қалады. 

Германия Рейхіне қосылған елдердің көбі Австрияда неміс тілінің сақталып қалуы үшін күрес жүргізу қажеттігін түсінбегенін, Австрияның шығысқа қарсы үнемі неміс мәдениетін қорғауға тырысқанын жеткізген Гитлер өзінің немістерге деген шексіз махаббатын көрсетеді, бірақ бұл сезім уақыт өте келе қатаң қағидалар мен максимализмнің құрбанына айналды. Десе де, кез келген ұлтқа қатысты сол ұлттың әр адамының сүйіспеншілігі ұлтсыздану ұраны жайлаған бүгінгі жаңа технология ғасырында құрмет көрсетілуі тиіс құндылық болуы тиіс: 

«Рейхке қосылған немістердің көпшілігі Австрияда неміс тілі мен неміс мектептерінің жеңісі үшін, яғни Австрияда неміс болып қалу үшін тұрақты түрде күресудің қажеттігін түсінбейтін. Бүгінгі таңда бұл өкінішті шындық Рейх тарихында шетел үстемдігі астында ортақ Отан туралы ойлап, назарын осы мақсатқа шоғырландырған, әрі ең болмаса туған тіліне қасиетті құқықты қайтаруға тырысқан бірнеше миллион қандасымыздың көзқарасы арқылы айқын көрініс табуда. Сонымен қатар, өз ұлты үшін күресудің мәнін әлдеқайда кең ортада түсіну қажет. Бірақ кейбір адамдар Рейхтың шығыс шекарасындағы неміс мәдениетінің маңызын бағалауға тырысты. Австрия ғасырлар бойы осы неміс мәдениетін шығысқа қарсы қорғап келді, содан кейін ұсақ соғыстар арқылы неміс тілі шекараларының қысқаруына жол бермеді». 

Шүбәсіз, тілдің сақталуы мен таралуы бағытында әр мемлекетте астыртын идеологиялық саясат жүргізілуі тиіс. Бұл қазіргі кезеңде біздің қоғам үшін де орасан зор маңызға ие. 

Тіл мәселесінде қатысты саясат туралы ойлары да біздің қазіргі қоғам үшін өзекті болмақ. Гитлер тілді таратуды балабақшадан бастау керек деп санайды. Осы тұста бұл саясат жүргізілмегенде, тұтас неміс халқы «Майн Кампфты» өз «Құрандарына» айналдырып табынбағанда бәлкім қазіргі Германияның тілдік жағдайы мұндай болмас па еді деген байламға да келуге болады: 

«Рейх отарлауға қызығушылық танытып, бірақ табалдырығының астындағы өз қандастары мен өз жерлестеріне мән бермеді. Әрқашан, әр жерде, әр шайқаста көрінетіндей, ескі Австрияның тілдер бәсекесінде үш түрлі адам тобы айқын байқалатын: «Күресушілер, бейтараптар және сатқындар»...Бұл жағдайды бастауыш мектептерден бастап байқауға болатын. Бірақ болашақ ұрпақтың өсіп-жетілетін орындарында «тіл күресін» жүргізу барынша күшті екенін ескеру қажет еді. Мұнда мәселе «баланы жаулап алу» туралы болатын. Күрестің алғашқы үндеуі балаға бағытталуы тиіс еді». 

Біздің қоғамда тарих «даталар» арқылы оқытылатыны белгілі. Абылай ханның таққа отырған жылын білеміз, бірақ 1730 жылы Кіші жүзді Ресейдің құрамына қосу туралы өтінішпен хат жазып, табыс ету үшін Санкт-Петербургке барған елшілік тұрғанда неге 1771 жылы таққа отырған Абылай «Үш жүздің ханы» аталатынын біле бермейміз. Дәл осындай ойға қатысты Адольф кітапта мынадай пікір білдіреді: 

«Соғыстың басталуы немесе маршалдың дүниеге келуі, патшаның таққа отыру күні секілді деректерді білудің маңызы жоқ. Тарихты оқу дегеніміз – тарихи оқиғаларды туындатқан және талап еткен себептерді түсіну мен зерттеу. Оқудағы негізгі шеберлік мынада: маңыздыны есте сақтап, ұсақ-түйекті ұмыта білу. Егер кімде-кім неміс тарихын осылай үйрететін мұғалімнен оқып, меңгеріп, соған қарамастан ұлт тағдырына жойқын ықпал еткен әулеттің жауы болмаса, бұл таңғаларлық жайт болар еді. Өткен және бүгінгі кезеңдердің тарихы Германияның мүдделеріне үнемі сатқындық жасап келген, жеке және төменгі пайдаға негізделген әулетті кім адал қолдаушы ретінде таниды? Біз жас болсақ та, Австрияның бізге (немістерге) ешқашан шынайы махаббатпен қарамағанын және ешқашан қарамайтынын түсіндік».

Гитлер күн өткен сайын Венаның неміс қаласы болудан алыстап бара жатқанын ойлап, бұл жағдайға наразылық танытады. Австрия әулеті әр қадамымен чех халқының мүддесін қорғап отыруы да оның қитығына тиген. Сөйтіп туған жері неміс Австриясына деген жалынды махаббатына қарамастан Австрия мемлекетіне деген шексіз өшпенділікке булығады.

ХХ ғасырдың басында Вена әлеуметтік әділетсіздіктер толы қалаға айналғанын айтады Гитлер. Ол жерде байлық пен жоқшылық қатар өмір сүрген. Халық саны 52 миллионға жететін жерде әртүрлі ұлттардан құралған империяның жүрегі соғып тұруы да Гитлерге ауыр тиген. Әрине Гитлерлердің шектен тыс ұлтшылдығын насихаттамаймыз. Дәрі мен удың айырмашылығы мөлшерінде ғана ғой. Бірақ сол кезеңдегі жарқыраған сарай өмірі империяның басқа аймақтарындағы байлық пен ақыл-ойды магниттей тартуы, халықтың капиталдық сананың құрбаны болып, өз ұлтына, өз тіліне алаңдаушылық танытпауы қазіргі біздің ұлтымыздың басынан өтіп жатқан жағдайлар екенін жасыруға болмайды. Сол кезеңде орталықтандырылған саяси құрылымның көптеген халықтарды біртұтас күйде ұстау үшін қажет деп саналуы және жоғары биліктің император отырған қалада шоғырлануы елдің қалған бөлігінде кері кетушілік факторын тудырғаны кітапта ашық айтылады. Бұл жағдай халықтың бойында центристік ойлау жүйесін қалыптастыру, билікқұмарлық, атаққұмарлық секілді азғындық қасиеттерді сіңіру секілді кері факторларға алып келетіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда елдің бар жағдайын бір қалаға ғана шоғырландыру саяси, мәдени, әдеби тұрғыдан жасалған үлкен қателік әрі саясаткерлердің саяси білімінің төмендігін көрсетеді. Ал оның әрі кетсе алып баратын нәтижесі төмендегідей болмақ: 

«Вена тек Дунай монархиясының саяси, рухани және өнер орталығы емес еді. Ол сондай-ақ елдің экономикалық жүрегі соғып тұрған жер ретінде де ерекшеленетін. Мұнда жоғары лауазымды шенеуніктер, жоғары дәрежелі офицерлер, ғалымдар мен өнер қайраткерлері жиналды. Алайда бұл көпшіліктің қасында жұмысшы табының үлкен армиясы да бар еді. Аристократияның көз тартатын байлығының жанында кедейліктің шектен шыққан көрінісі – Ринг көшесінің алып ғимараттарының алдында жоғары-төмен кезіп жүрген жүздеген жұмыссыз адамдар болатын. Бұл жұмыссыздар Австрияның жеңісті күндерін еске түсіретін үлкен көшенің жертөлесінде балшықты төсек етіп күн көретін жағдайға жетті».

Кітапта сол кезеңдегі неміс қоғамында орын алған әлеуметтік теңсіздікке көбіне нашар заңдар мен сәтсіз тәжірибелердің себеп болғаны айтылады. Ал өз кезегінде барлық қоғамда мұндай жағдайға нашар саясаткерлер мен біліксіз мамандар кінәлі болмақ: 

«Осы қиын-қыстау күндерде мен де өмір сүру үшін мың түрлі қиындықпен күресіп жүрдім. Сондықтан мұндай ауыр жағдайда сезімдеріме берілмей, өзімді сабырлы ұстадым. Бірақ мәселені осылай байқап, жай ғана жаба салуға болмас еді. Менің түсінігімде бұл қайғылы жағдайды түзетудің екі жолы бар еді: біріншісі – әлеуметтік жауапкершілік сезімінен шабыт алып, дамуымыз үшін әлдеқайда жақсы әрі берік негіздер құру; екіншісі – енді қайта тәрбиелеу мен түзетуге келмейтін адамдарды қатаң әрі батыл шешіммен қоғамнан аластату».

Міне осылайша Гитлер қоғамды «тазалау» процесіне кіріседі. Оның тәрбиелеуге келмейтін адамдарды өлтіру, жындыхана аулаларында «ақылы кем» адамдарды атып тастау туралы ойлары осы түсініктен бастау алған. Бұл қатыгез шешім – Гитлердің «қоғамда тек өмі сүруге қауқарлы адамдар қалуы тиіс» деген ойына негізделеді. 

Өз кезегінде 18-19 ғасырда өмір сүрген ағылшын, неміс философтарында «өмір сүруге тек күштілердің құқығы бар» деген бір түсінік болған. Гитлерге осы философтар әсер еткен болуы мүмкін. Солардың бірі - ағылшын философы Томас Мальтус. Мальтустың теориясы мына идеяға келіп тіреледі: 

«Халықтың саны геометриялық пропорцияда, яғни екі еселене отырып көбейсе, оны асырауға арналған ресурстар, яғни жердің өнімділігі тек арифметикалық пропорцияда, баяу қарқынмен дамитын болады. Бұл теңсіздік шамадан тыс халық санының өсуіне алып келіп, бір уақыттан кейін артық халықты қамтамасыз етуге қажетті азық-түлік көздері жеткіліксіз болмақ. Соның салдарынан аштық, соғыс, жұқпалы аурулар секілді апаттар орын алып, артық халықты азайту процесі сөзсіз орын алады. Сол себепті, шамадан тыс халықтың осындай кері әсерлерінен сақтану үшін ұрпақ өрбіту процесін бақылауда ұстау қажет»

Осылайша Дүниежүзілік соғыстың алғышарты қалыптасып, әлемді бақылауда ұстау үшін жаулап алуға тырысу процесі басталып кетеді. 

Томас Мальтус Гитлердің «Майн Кампф» кітабында айтылған қоғамдағы теңсіздікке қатысты жағдайды да осы мәселеге әкеліп тірейді: «Қоғамдағы теңсіздік тек экономикалық жүйелердің нәтижесі емес. Ол сондай-ақ халық санының өсуінің табиғи салдары болып табылады. Адамдар ресурстарды көбірек талап еткен сайын, бұл ресурстарды теңдей бөлу барған сайын әділетсіз бола түседі».

Осы тұрғыдан Гитлерге әсер еткен ең үлкен пропаганда Томас Мальтус тарапынан жасалған деген байламға келуге болады. Бірақ соған қарамастан қоғамның төмен табының қатарында жүріп, жоқшылықты көп көрген Гитлерді ең қатты мазалаған ойлар неміс тілі мен немісшілдіктің қоғамдық құндылық ретіндегі маңызынан айрылуы болды: 

«Бұл жоқшылыққа толы күндерде мені ең қатты алаңдатқаны: адамдардың экономикалық кедейлігінің олардың моральдық тұрғыда құлдырауы мен дөрекі әдеттерді бойларына сіңіруіне себеп болуы ма, әлде олардың ойлау қабілетінің төмендеуі мен мәдениетсіздігінің әсері ме? Мұқтаждықта өмір сүрген кей бейшаралар неміс екендігінің өзі үшін еш маңызы жоқ екенін айтып, қай жерде қарны тойса, сол жерде өмір сүруге дайын екенін мәлімдегенде, буржуазия қатарына жататын көптеген адамдар бұған қатты ашуланатын»

Ал кітапта Гитлер жазатын әлеуметтік өмірдегі неміс ұлтының жағдайы дәл қазір Қазақстандағы отбасыларға да таңсық емес, тіптен бірдей деуге келеді. Баланың психологиялық жағдайына кедейшілік пен екі бөлмелі үйде үйелесіп өмір сүру факторының қандай зиян әкелетіні кітапта былай баяндалады:

«Екі бөлмелі тар үйде жеті адамнан тұратын отбасы өмір сүріп жатыр деп елестетейік. Бес баланың бірі үш жаста. Үш жас – баланың санасының қалыптаса бастайтын кезеңі. Бұл жастағы естеліктерді адам қартайса да ұмыта алмайды. Үйдің тар болуы үнемі қолайсыздық тудырады, сондықтан ұрыс-керістер жиі болып тұрады. Қалыпты жағдайда өздігінен шешілетін ұсақ-түйек түсініспеушіліктер мұндай ортада үлкен жанжалдарға ұласуы мүмкін. Балалар арасындағы ұрыстар елеулі емес, олар тез ұмытылады. Бірақ ата-ана арасындағы жанжалдар кейде адамгершілікке жатпайтын деңгейге жетеді. Мұндай ортаға кіру арқылы ғана ішімдік пен жаман қылықтардың адамды қалай шектен шығаратынын елестетуге болады. Алты жасар бала кейде үлкендерді де таңғалдыратын және шошытатын мәліметтерді білетін болып шығады. Моральдық және физикалық тұрғыдан уланған бала мектепке барғанда, тек оқып-жазуды үйренеді. Оның үйінде мектеп пен мұғалімдер жайлы әдепсіз тілмен сөйлейді. Мұндай үйлерде мемлекет институттарына құрмет көрсету сирек кездеседі. Дін, мораль және ұлттық құндылықтар келемежге айналады. Баланың мектепті бітірген кезінде, ол нақты білім туралы я ештеңе білмейді, яки білгенін өте өрескел әрі жиіркенішті түрде жеткізетін болып шығады. Көзінде қасиетті ештеңе жоқ, бірақ өмірдің барлық азғындығын сезініп, біліп алған жасөспірім болашақта қандай адам болмақ? Он бес жасында ол билікке қарсы шығып, жеккөрушілік білдіре бастайды. Себебі ол ойлау қабілетін дамытатын нәрселерді емес, тек лас пен былықты ғана көріп өсті. Жас жігіт бала кезіндегі көргенін, яғни әкесінің үлгісін жалғастырады. Үйге қалаған уақытында келеді, өзін дүниеге әкелген бейшара анасын әкесінің орнына өзі ұрып-соғады, Құдайға тіл тигізеді және ақыр соңында тәрбиелеу мекемелерінің біріне түседі. Ал ол жерде тағы да кері әсерлерімен «өңделіп» шығады».

Осы тұста қанша қатыгез болса да, Гитлердің бала тәрбиесі мен біліміне қатты көңіл бөлгенін көруге болады. Өйткені бала – қоғамның ең таза мүшесі. Ал оны тәрбиелеуді қолға алсаң, миын қалаған ойларыңмен толтырып, қалағаныңша қолдана аласың деп ұғады. Оларды тәрбиелеу үшін ктап оқыту процесі мына тұрғыда іске асырылуы тиіс екенін айтқан: «Оқудың және білім алып, пікір айтуға ұмтылудың мақсаты – әлем туралы жалпы түсінік пен көзқарас қалыптастыруда. Жүйелі түрде оқып алынған білім мозаиканың бір бөлігі сияқты өз орнына дәл келуі тиіс. Осылайша кітап оқыған адамның санасында әлем туралы ортақ түсінік пайда болады. Олай болмаған жағдайда, оқырманның санасында ешқандай құны жоқ «білім қойыртпағы» қалыптаспақ. Саналары білімнің бейберекет, қойыртпақ жәшігі болған адамдар өздерін көп нәрсе білемін деп санайды. Бірақ мұндай адамдардың өмірі көбіне аурухана төсегінде немесе саясаттың лас шұңқырында аяқталады».

Қорыта айтқанда, Гитлердің «Майн Кампф» (Менің күресім) атты бұл кітабы – оқыған адамның ойлану деңгейіне қарай «қауіпті кітапқа» жатқызылуы мүмкін. Бірақ сол кезеңдегі неміс қоғамы мен қазіргі қазақ қоғамындағы мәселелерді салыстыру тұрғысынан маңызға ие болмақ. Германияның сол кезгі жағдайына түсуден сақтану үшін жан-жақты зерделенуі тиіс. Бұл мақала арқылы 23 сәуір - Ұлттық кітап күніне байланысты өткізіліп жатқан шаралар мен соғыстың биылғы 80 жылдығы қарсаңында осы талдауды ұсынып, тыйым салынған кітаптар жайлы да сөз қозғағымыз келді. 

Жазбамыздың соңын Ван Гогтің хаттары секілді À Dieu! (фр. Құдайға аманаттадым, Құдайға тапсырдым (С Богом!) деп аяқтаймыз...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар