Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақжол Қалшабек: Профессор Мекемтас Мырзахметұлының...

26.05.2016 4642

Ақжол Қалшабек: Профессор Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми орбитасындағы бес тарап

Ақжол Қалшабек: Профессор Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми орбитасындағы бес тарап - adebiportal.kz


 

DSC_3017.jpg

Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми қажыр-қайраты бес бағытта, тарапта өрбиді:

 

1.    Абайтану

2.    Мұхтартану

3.    Бауыржантану

4.    Туркология

5.    Отаршылдық жүйені әшкерелеу

 

Абайтану –  ғалым өмірінің айнасы. Абайтанусыз ғалымның шығармашылық тұлғасын елестету мүмкін емес. Бізде абайтану ғылымы бар. Абайтанушылар армиясы жетерлік. Бірақ абайға бүкіл ғұмырын арнаған, сарп еткендер көп емес, саусақпен санарлық. Абайға бүкіл ғұмырын арнаған автор ең бірінші ол сөзсіз –Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Осы қатарда біздің қадірменді ұстазымыз Мекемтас Мырзахметұлы бар. Мекемтас Мырзахметұлы – Абайтануды жаны бар тірі организм ретінде меңгерген тұлға. Абай –  ғалым ұшін тек өлі ғылыми материал емес. Ол кісі Абай туралы ұшы-қиыры жоқ мол фактілерді жинақтаушы һәм сұрыптаушы ғана емес, одан бойына жауанмәрттілікті де жұқтырған кісі. Ғылым, шын хақ сәулелі ғылым екі нәрседен тұрады. Фактіден һәм жауан- мәрттіліктен. Фактінің құлы болып та ғалым болуға болады. Факті жауанмәрттілікпен шыланбаса онда оның иісі, дәмі жоқ, солып қалған лимон не алма жемісі сияқты болады. Иісі, дәмі бүлінбеген ғылым ол қашанда қат, дифицит нәрсе. Тағдырдың бұндай сыйына ие болатын тұлғалар сирек.

Профессор Мекемтас Мырзахметұлының ғылымдағы үлкен  ерлігі –  оның кеңестік империя тұсында Абайдың Шығыспен байланысын зерттеуі деп білеміз. Бұл ол кезде қазіргідей сәнді тақырып болмаған. Керісінше өте қауіпті, жабық тақырып болған. Шығыстанушы профессор Ә.Қоңыратбаевтың қуғынға түсіп есек мініп, Қызылорданың қиырындағы ауыл балаларына сабақ беретін кезі де осы тұс. М.Мырзахметұлының Абайдың шығысын зерттегені қазіргі ұрпақ үшін үлкен олжа, алтын қор болып отыр. Абай шығыстың даналығын бойына сіңірген, батыстың позитивизімін дұрыс аңғарған ойшыл. Оның Бұқар жырауға қөңілі толмағаны да осыдан келіп шыққан. Бұқар жырау, Шортанбай шығыстық даналық мәйегін бойына сіңіргенмен батыстың өркениеттік прагматизімін түсіне алған жоқ. Оны түсінуге лайықты орта да болған жоқ. Сондықтан Абайдың осы екі қанатын: батыс һәм шығысты ұштастырып қарамай оның тұлғасын тану мүмкін емес болатын.  М. Мырзахметұлы осы  мәселені жете зерделей алған, сол үшін де кеңестік космополитизм құйтырқысына қарамай Абайдың шығыстық лабороториясын ашуға тәуекел еткен. Сол тәуекелшілдік бүгінде өз жемісін   беруде.    

Ғалымның ғылыми орбитасындағы біз айтып отырған екінші тарап – Мұхтартану. М.Мырзахметұлына  біз Мұхтартану ғылымын зорлап таңып отырған жоқпыз. Біздіңше, «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» атты белгілі монографиясымен-ақ ол Мұхтартанушыға айналған. Өйткені Абайтану – Мұхтартанусыз мүмкін емес. Аталған монографияда автор  Мұхтар Әуезовтің ғылыми архивін Абайтанудағы алтын өзекке айналдырған. Нәтижесінде ғылыми зор табысқа жетті. М. Әуезов – нөмірі бірінші Абайтанушы. Ғалым Әуезовсіз Абайдың шығармашылық әлеміне бас сұға алмасын анық білген. Әуезовсіз Абайға бару шалағайлық болар еді. М. Мырзахметұлының атақты Абайтанушыға айналуы – өзінің Әуезов шығармашылық мұрасын ғылыми іргетас ретінде ала білуінен болса керек. Қазіргі кезде Абайды веда дінімен шатастырып жүргендер –  осындай іргетасты негізге ие бола алмағандар. Нығыздап айтқанда ғалымның Абайтану  өрісіндегі Мұхтартану сілемдерін көре білу керек. Онда бағалы ғылыми ойлар баршылық.

Ғалым соңғы кезде Бауыржан Момышұлы мұрасын зерделеуді қолға алып жүр. Бауыржантану – Мекеңнін үшінші ғылыми көкжиегі дер едік. Біздіңше тұлғатанудағы үш кезеңдік саты  болмақ. 1. Мифтік, 2. Көркем. 3. Ғылыми. Әрбір айтулы тарихи тұлғаны танушылық осы үш кезеңнен тұрады. Біздің әдебиеттану ғылымында осы танымдық үш кезеңнен молынан сұрыпталып өткен бір тұлға болса, ол – Абай. Басқа әлі ешбір тарихи тұлғамызға бұл несібе бұйыра қойған жоқ. Көп тұлғаларды  тіпті мифтік деңгейде қалып қойған деуге болады.

         Бауыржан – кезінде аңызға айналған тұлға болды. Соғыс жылдары ол – Алпамыс, Қобыланды батырдан кем түспеді. Оның өзіндік себебі бар. Халықтың тұлғаны бекерге аңызға айналдырмасы хақ. Бауыржан есімі кезінде жаны жаншылып, өлі сүлдеге айналған халықтың рухын тірілтіп, жүрегіне қан жүгіртіп еді. Қазақ соғыстың алдында кеңестік репрессиялық машинадан қырғынға ұшырап, қансырап тұрған хәлде еді. Ол машина социализімді пір тұтқан Тұрар Рысқұловты да, либерализм жолын ұстанған Ә. Бөкейхановты да, түрікшілдік идеясын көтерген М.Шоқайды да аямаған, көзін жойған. Халықтын рухани иммунитеті күрт азайып, тобырлық кейіпте қалу қаупі мықтап төнген сондай бір өліара шақта ұлт үшін Ер Төстік сынды батыр тұлға керек болатын. Сол Ер Төстік батыр – Бауыржан болды. Халық оны сөйтіп өзінің аңыз кейіпкеріне айналдырды. Баукенді көркемдік тұрғыдан халқына қапысыз танытқан қаламгер – Әзілхан Нұршайықов. Ол өзінің «Ақиқат пен аңыз»  роман-сұхбатында аңыз бен ақиқаттың арасын саралап, аршып берді. Осы роман болмағанда біздің Бауыржанды тануымыз әлі қай деңгейде болар еді? Оны ойлаудың өзі қиын нәрсе. Ол М. Әуезовтің «Абай жолын»  жазбағанымен бірдей нәрсе болар еді. Бауыржантанудың ең шешуші кезеңі енді туды. Енді аңызға айналған Бауыржанды, көркем романның кейіпкері болған  Бауыржанды ғылыми тұрғыдан тану мәселесі тұр. Ол үшін оның шығармашылық мұрасын анализ жасау керек. Міне, қазір Абайтанушы Мекең осылай Бауыржантанумен айналысып жатыр. Ол құрған «Бауыржантану орталығы» бұл зор істі абыроймен атқарып шығатынына сенімдіміз.

Ғалымның ғылыми өрісін аңдау үшін енді тағы бір тұсқа көз салмасақ  ұтыламыз. Бұл – түркология. Түріктанушылық, түрікшілдік идеясы – М.Мырзахметұлының шығармашылығындағы алтын арқаудың бірі. Бұл кеше, бүгін аяқ астынан пайда бола салған сарын емес, ол сонау кеңес өкіметі қазаққа үстемдік құрып тұрған кезде-ақ болған. Тағы да сондай бір қордалы сарынға ғалымды жетелеп әкелген не десек, ол оның сөзсіз шығысынан тапқан асылы дер едік. Бұл орайда бір, екі-ақ мысал келтірейік:

                            

                             Алып Ер Тұңға өлді ме?

                             Жалған дүние қалды ма?

                             Заман өшін алды ма?

                             Енді жүрек жарылар...

 

Осы жыр қазіргі күнде профессордың жүрек түпкіріндегі бір ызыңға айналған. Ол ызың –  түрікшілдік идеясы. Бұл идея профессорды осыдан екі мың жыл бұрынғы төл тарих төріне тартады. Ол төр – Тұран төрі, және оның айбарлы қағаны – Алып Ер Тоңа. Тұран бүгінде тарих шаңы басқан біздің құлағымызға тосын естілетін топоним. Оның есесіне Орта Азия деген жасанды атау біздің жүрегімізге әбден орныққан. Орта Азия бұл –  біз жоғалтқан Тұран. Тұран енді бізге неге керек? Ол тарихи жадты орнату үшін керек. Тарихи жадты қатты шайылған халықтың бірі – қазақ халқы. Қазақ –Түрік деген әлемдік алып бәйтеректің бір бұтағы, ірі бұтағы. Бұтаққа діңгек керек. Профессордың іздейтіні сол тарихи діңгек.

Түріктің бүгінгі Алып Ер Тоңасы ол – Нұрсұлтан Назарбаев.  Астана –болашақ Түріктің Алтын Ордасы. Біздің ұлтымыз бүгінде ғарыштық өлшемдермен  өмір сүруде. Ол өлшемдерді біз өзіміздің алтын тамырлы тарихымыздан, мыңдаған жылдар жүзінде пісіп-жетілген миллеттік менталитетімізден алып отырмыз. Бөтеннен жөн –жосық іздер, сырттан ұран сұрар жайымыз жоқ. Бұл орайда Американың «көшпелі демократиясы» да Ер Түріктің ұлына талғажау бола алмасы анық.

Бесінші айтарымыз ғалымның тағы бір қыры ол – отаршылдық жүйені әшкерелеу. Тәуелсіздік алған тұста біздің елде ресми түрде отарсыздандыру үрдісі жүрген жоқ. Бұл әлемдік тәжірибеде бар үлгі. Оның зардабына әлі күнге белгілі дәрежеден тартып отырмыз. Ғалым бұл орайда үлкен еңбек етті. «Қазақ қалай орыстандырылды» деген монография жазды. Жіпке тізілген фактілер мен терең анализдік пайымдаулар – бір халықты рухани мешеулікке қалай ұрындыруға болатыны жайлы ғылымнан зор хабар береді. Абайтанушы ғалым неге қазақ  топонимдері мен антропонимдері, қазақ алфавиті туралы ой толғауға көшті? Бұл заңды құбылыс. Екі арада мызғымас заңдылық бар. Абайдың өзі отаршылдыққа қарсы күрескен тұлға. Абай –Алаш Орда өкіметінің рухани негізін қалап кеткен пассионарлық тұлға. ( М.Әуезов пен Ә.Ермеков Алаш Орданың кеңестік үлгідегі ыңғайланған варианты). Осы монографияны зерделеп оқыған адам Майтөбенің неге Мичурин болып кеткенін қанып отырып түсінеді. Миға сәуле түсіреді. Отарлау машинасының ең зор тетігі –  миссионерлік. М.Мырзахметұлы аталмыш еңбегінде миссионерліктің түбін қопарып әшкерелейді. «Обрусительная палата» деген мекемені алғашқылардың бірі болып зерттеу нысанына айналдырған. Миссионерлік деген не? Ол – дінді өзгерту, діні өзгерген халық отаршылдардың қолындағы жұмсақ пластилинге айналады, одан кейін ойнап отырып одан не соқсаң да өзің білесің. Қазіргі елімізде қаптап жүрген діни секталардың мақсат-мүддесі де осы. Сектант қазақ тұтас қазақтың қамын жей алмайды. Ол өзінің қара басының қамымен әуре болады. Қайран қаламыз, Мекең болмағанда ұлы миссионер Ильминскийді әлі де пір тұтып жүре берер ме едік? Орыс саясатының бар мақсаты – жұту болған. Қазақты қалай орыс қылуға болады? Құдай қазақты қазақ қылып жаратса, олар оны орыс қылмақ болып әуреленген. Бұл істе олар мойындау керек, үлкен «жетістікке» де жетті. «Будет время, когда русский алфавит  в степи возмет верх над арабским » деген орыс империясының арманы іс жүзіне асты. Бізге енді арабшаны қайтадан үйренуге тура келіп жатыр. Ендігі жерде санадағы альфа-бетаны әліф-бимен ауыстыру керек. Бір сөзбен айтқанада отарлау ол – ғылым, одан құтылу үшін оның түп –төркінін қазып көре білу керек. Сонда барып отарсыздану ғылымын игереміз. Сонда барып неге Ильминскийдің Ы.Алтынсариннің шақшадай басын шарадай қылғанын түсінеміз. Сонда барып С.Сейфуллинің «Орап көркем перделермен жасырдың, Сұмдығыңды дүниеден асырдың», – деген сөздерінің астарын ұғып, Түркістанның неге Орта Азияға айналғанын білеміз. Сонда барып «орақ пен балға» белгісінің жай еңбек құралдары емес сананы улайтын, у жағылған, қанға боялған кір саясат символы екенін аңғарамыз. Құдай бізді енді сондай «орақ пен балғадан» сақтасын. Дәл сондай Сталиннің «бес жұлдызынан» сақтасын демекпіз. Тәңіріміз енді қанатына алтын жалатылған көк пырағымызға қуат берсін, көк туымыз лайым желбіреуінен танбасын. Ол көк ту бүкіл Түрік әлемінің, мұсылман өркениетін өркендететін күш байрағына, энергия көзіне айналсын!

Қорыта айтар ой: шама – шарқымыздың жеткен тұсына дейін алты алашқа танымал, бүкіл түрік дүниесіне машһүр ғалым Мекемтас Мырзахметұлының тұлғасы жайлы ой бөлісуге талпындық. Сөз соңында шәкірттік ізетпен кезінде ғасыр басында қазақты сары, қызыл маса боп шаққан Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтпақшы: «Әзірге қолдан келген осы барым» демекшіміз.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар