Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Ар ұстанымы, имандылық және серт...

08.08.2022 4555

Ар ұстанымы, имандылық және серт 12+

Ар ұстанымы, имандылық және серт - adebiportal.kz

Қажымас дос халықта жоқ,

Айнымас серт қайда бар?

Абай

Бүгінгі сөз ертеңге жарамай, күнде өзгеріп жатқан алмағайып заманда «атаны – бала, ағаны – іні аңдып, бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқандар Абай заманында да болған. Аңғарғыш ақын адам бойындағы осы кемшіліктің сенімсіздіктен туатынын дөп басады. Сөздің киесі, энергисы бар деп жиі айтып жүргенімізбен бабатанымнан келе жатқан сертті жоғалтып алған бүгінгі ұрпақтың жәй-күйін:

Атаны бала аңдиды, ағаны – іні,

Ит қорлық немене екен сүйткен күні?

Арын сатқан мал үшін антұрғанның,

Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні, - деп дәл жеткізеді.

Асты ағынды, үсті толқынды дүние-тірліктің толқынына малынып, жаның жабырқаған сәтте, өмірдің сан қатпар сынының шешуін таба алмай қиналған кезде Абай шығармалары иманыңды, рухыңды оятып, жабырқаған жаныңа сәулесін шашып сала береді. Кейбір сәттерде жаныңызда жүрген жанның серт бұзар сатқындығына налып, себепсізден-себепсіз жүрегіңіз қатты соғып лапылдап, маза бермеген кезде тағы да Абай сөзіне жүгініп:

Жүрегім, ойбай, соқпа енді!

Бола берме тым күлкі.

Көрмейсің бе, тоқта енді,

Кімге сенсең – сол шикі! – деген ғажап сөз сиқырын оқып, сабырға түсесіз. Қандай ғажап құндылық, неткен жойқын күш дейсіз сосын.

Абай шығармаларындағы бабатаным баспалдағының биік те мұнарлы болуының басты себебі – кез келген пенденің ішкі күйзелісі мен қиын сұрағына жауап таба алуы. Ұлы данышпанның сөздерін оқып, «Ұлы Абайдың да басынан осындай жағдай өткен екен-ау, жалғыз ғана менің басымда емес екен» деп арқаңа қанат біткендей алға ұмтыласың.

Кәзіргі таңдағы қазақ мәдениеті мен сал-дәстүрдің кенжелеп, ұлттық құндылық бағытынан тайып, келер ұрпаққа берер рухани азық таусылып тұрған шақта Абайдың қабырғалы қара сөздері жастарға бағдаршам, адасқан өмір жолаушысына жетіқарақшыдай жәрдемші. Абай мұрасын жеткізе талдап, айтар ойын адаспай тура түсініп, Абай әлеміне үңілген сайын ұлтқа деген сүйіспеншілігің еселенбесе, кемімейді.

Көк тұман, алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған – деген данышпан ақын енді бірде:

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес – дейді.

Сезiм мүшелерi арқылы жан әлемiн танудың алғы барлаушысы, хауасты танитын сиқыр иесі – Абай. Шыңғыстаудың етегінде Ақшоқының аласа шоқысында, Жидебайдың жиегінде отырып, Қасқабұлақтай қасқайып ағатын шағын бұлақтың суын ішкен хакім өнері асқан бекзадалармен бірігіп, талай дарындар мен таланттардың бағын жандырды. Көрігін қыздырды. Жалған дүниенің жарығымен жанарын, қызығымен көңілін суарған ақын «Алыстан сермеп, жүректен тербеп» жастықпен өткен жалын шақтың қызуынан арылып, өмірдің ғибратты болуы – нәпсіні тыю, адами есті жиюдан деп білді.

Қажымас дос халықта жоқ,

Айнымас серт қайда бар?

Алда көрген артта жоқ,

Мысқыл, өсек, айла бар, -деп түсінген ақын адамның адамшылығы атақта емес, адамгершілікте екенін ұқтырып, бейопа жалғанда сәулелі ғұмыр сүрудің басты кілті «айнымас сертте» екенін айтады.

Шындығында ел тәуелсіздігін алып, өз алдымызға ұлт болып, бұған дейін жоғалтқан рухани ұлттық құндылығымызды қайтарамыз деп «жаһанданып» жүріп дала мектебінен үйренген көптеген ұлы құндылықтарымыздан айырылдық. Соның ең бастысы да, бірегейі – серт. Елдің бірлігі, берекесі, құрметі, сенім мен сыйластықтың бастау көзі осы – серттен тұрады. Қазақ мақалына айналып кеткен Абайдай данышпанның сөзге шешен, ел аузында жүрген бірталай даналық сөздің иесі Құнанбайдың «Ердің екі сөйлегені өлгені», «Ез күнде өледі, ер бір-ақ рет өледі» деген тәмсілдері ел арасында мақалға айналып кеткен. Біз серт пен уәденің құнын жоғалттық. Серттен тайып, уәдесін жоғалтқан адамның адамдығы, сенімін әлсіретіп, иманы кемиді. Серт тұрмаған жерде сенім тұрмайды. Сенім жоқ жерде – уәде болмайды. Адамдар біріне-бірінің сенімін жоғалтқан жерде құрмет жоқ. Құрмет жоқ жерде береке-бірлік, сыйластық «бірінің-бірі сөзін құрмет етісу» қайдан болсын? Біз осылардың бәрін жоғалтып, кәзіргі таңда құрметті қолдан жасап, «Бәлен жердің құрметті азаматы» деп атақ беріп жүрміз. Абайша айтсақ, «Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?». (32 қара сөз) «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жаныңнан түңілмей ме»?

Серт, уәде жөнінде, ер азаматтың өзін құрметтеуі сертке, уәдеге байланыстылығы жөнінде қарт шежіреші, Семейлік ақсақал Бекен Исабаевтың аузынан көп естіп едім. Бекен аға Мұхтар Әуезовті көрген. «Абай жолы» роман-эпопеясында қазақтың ұлт руханиятына лайық кейбір тарихи деректердің енгізілмей қалғанын айтып отыратын... Сондай әңгіменің бірі – Құнанбайдың Сеңгірбаймен күш сынасуы.

Құнанбайдың өзі де айтқан: «Елімнің менде өтелмес қарызы бар. Мені екі өлім ажалынан, екі айдаудан алып қалған елімнің тілеуі» деген сөзі бар.

Құнанбай да 15 жасынан бастап күреске түсіп, ел арасындағы өзі құрбылас балуан дегендерді жығып, балуан атанған. 18 жастар шамасында Құнанбай жауырыны жерге тимеген Көтібақ руынан шыққан 15 жасынан әйгілі боп, атағы жайылған Сеңгірбай балуанмен күресу ойында болады. Сеңгірбайдың Құнанбайдан жасы үлкен, әрі туысы, жақыны. Сеңгірбайға келіп:

- Қайсымыз жыққанымызды ешкімге айтпалық, жықсам да жығылсам да ат шапан айып берейін, сізбен оңаша күресейін деп едім, - дейді.

Сөйтіп Шыңғыстаудың қазіргі Жарқымбай биігі деген сайында екеуі кездесіп күреседі. Бірақ қайсысы жыққанын ешкім білмейді. Олар да сертті бұзбаған. Ат пен шапанды Сеңгірбай алады. Уәдеге берік адамдар сырларын ішке сақтап ешкімге тіс жармайды. Сеңгірбай өлген соң:

- Қайсыңыз жықтыңыздар?- деген замандастарына Құнанбай:

- Секең өлді деп уәдені бұзғаным лайық емес, - деп жауап берген екен.

«Уәде – құдай сөзі», «Ер екі сөйлемейді», «Мықты болсаң бопсаға шыда» т.б. деген тәмсілдің түйіні осы. Уәдеге беріктік деген осылай болса керек.

Кәзіргі заманда біздің жоғалтып алған ең қымбат құндылығымыз – уәде, ант, жауапкершілік. Осылар жоғалғаннан кейін сенім жоғалды. Адамның адамгершілік деңгейі серт пен сенімнен тұрады. Сенім жоқ жерде мейірім, махаббат, құрмет жоқ. Бір үйде тұрғандардың арасында сенім мен құрмет, бірін-бірі сыйлау қалмай барады... Жаңа Қазақстан қоғамында өмір сүріп жатқан бүгінгі ұрпақтың жоғалтып алған басты құндылығы осы – уәде мен серт. Уәде мен серт бұзылған жерде береке де, ынтымақ, ырыс та болмайды. Дала мектебі қалыптастырған бабатанымның осы құндылығын берік ұстаған болсақ, бүгінгідей алмағайып заманға ұрынбай, жемқорлық пен жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың тамырына балта шабылып, әр жүрекке иман ұялаған болар еді. Адамдар арасындағы осындай опасыздықтың куәсі болған Абай:

Сенімі жоқ серменде сырды бұзды,

Анық таза көрмейміз досымызды.

Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ.

Жүрегінде жатады өкпе-сызы, - деп налиды. Тағы бірде:

Расы жоқ сөзінің,

Ырысы жоқ өзінің

Өңкей жалған мақтанмен

Шынның бетін бояйды.

Бұл сөзімде жалған жоқ,

Айтылмай сөзім қалған жоқ.

Абайлаңыз, байқаңыз,

Елдің жайы солай-ды, - деп «ел бұзылса, салады шайтан өрнекті» қынжыла ескертеді. «Бір сөз үшін жау болып, бір сөзі үшін дос болып, жүз құбылған салт шығарып» жаңа Қазақстанның жаңа қоғамына жаңаша қадам жасаймыз деп жүргеніміз «қу нәпсіні тия алмай» құр босқа «атым шығып жүрсе болғаны» деген бос мақтан.

Біз жауапкершілікті осылай жоғалттық!

Данышпан ақын сол ойшылдығы, сол хауасты, яғни сезiмдi танығандығы арқасында, «Адам баласы ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады» дейді. (37 қара сөз)

Адамның жан дүниесіндегi өзгерiстердi батыл, бүкпесiз айтып отырған ақынның "Тоты құс түстi көбелек" өлеңінде:

Әркiмдi заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек.

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек! - дегенiндей бұл күнде кiм ұятсыз, бетпақ болса,- соның мәртебесi үстем. Нәпсiсiн тиып, бойын тоқтатқан кiсiнi сыртынан сыбамасақ тағы жүре алмаймыз. «Бiр жаңылса» болды, кек, жақсылығың күнде ұмыт, жау қожаңдап бұлтиып, дос құбылып әуре етер» - дегендей бұл заманда бiр билiктiң басында отырсаң, дос-жаранды қызықтырар байлығың болса -мықтысың. Өз отыңды өзiң өшiрмей, бейнетiңмен ғана жан бағып жүрсең - жамансың. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» - деген сөз осыдан қалған.

Ұлы ақынның ұлы мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, құнын жоймай, қайта уақыт өткен сайын биіктеп, сыры тереңдеп, айтар ойы сан қырынан жарқырай көрінуі адамның жан дүниесінің әділдігінің кілті тереңде жатқандығынан болса керек.

Данышпан ақынның әкесі Құнанбайды біз тек, М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы қатал, қатыгез қанішер Құнанбай деп танығанымызбен өз заманындағы көз көргендер «Әділ мырза» деп атаған екен.

Қарадан шығып, «сұлтан болған» Құнанбай билік айтқанда мынау би, мынау жуан, мынау аталы деп, олардың ажарына мансап - дәрежесіне қарамайды, тек істің ақ-қарасына қарайды екен. Сондықтан, ел Құнанбайды «әділ мырза» деп атандырады.

Абайдың дiнiне, сенiмiне, нанымына бойлап баруға басты себеп атадан қалған өнеге, әкеден қалған үлгі десек болады. Абайдың.

Ынталы жүрек, шын көңiл,

Өзгесi хаққа қол емес», - деп iшкi пейiлiн, нанымын сездiрген ақынның iшкi әлемiне қай қаламгер болмасын абайлай басып, тереңдей баратыны, заңды құбылыс.

Жаратушының сүйген құлына өзгеден ерек тәңір нұрын артығырақ төгетіні тәрізді тума таланттың мінезі де жұмбақ, болмысы бөлек болатынын естіп, көріп жүрміз. Тұрағұл Абайұлының әкесі жайлы жазған естелігінде, «Әкемнің ұрыдан алатұғын парасы – шын сөзі еді. Мыңжасар Қобылан баласы деген атасынан бері қарай неше шабылып, айдалса да ұрылығын тастамаған бір кәрі ұры айтады: «Жас кезімде Абайдың сұраған малының шынын айтып, шыншыл атанып, абұйырлы ұры болып жүргенімде құдай атып бір өтірік айтқаным,..» – дейді.

Бүгінгі қоғамның құбылысында күнде куә болып жүрген екі сөзді, екі жүзді алдамшы дос пен қара басының күні үшін пендешілікке күнде барып, берген серттен тайып, «бет көремін» деп ойламай, кезегі келгенде омақа асып орға құлап жатқандарға куәміз.

Бұзыларда ойламас бет көрем деп,

Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп.

Қара қарға сықылды шуласар жұрт,

Мен қапсам, бір жеріңді бөктерем деп.

Бүгінгі қоғамның бейнесі осы. Қайран хакім, қалай дәл айтқан! Бұдан артық не айтуға болады? Ант-су ішіп, айтқан уәдесінде тұрмай опасыздық жасап жүргендердің өз сөзі өздеріне дерт болып жабысып, ол дерттен құтылудың амалын өзгеден көріп, «қара қарға сықылды шуласқан жұртты» күнде көреміз де, ем таба алмай тағы да Абайға келіп жүгінеміз;

Ант ішіп, күнде берген жаны құрысын,

Арын сатып тіленген малы құрысын.

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,

Қу тілмен қулық сауған заңы құрысын.

Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір,

Өз үйінде шертиген паңы құрсын,

- деп Абайша күңіреніп түңілгендей боламыз. Арын сатып, арамдықпен тіленіп мал жинап, оны қайда жасырарын білмей «қырық жерге қойма қойып», қу тілмен қулық сауып ел басында елге билік айтып жүргендер Абайдың осы өлеңін мән беріп оқыды ма екен? Әй, қайдам... Егер Абайдың әр сөзін өзі айтқандай «жүректің түбіне» жеткізіп, терең бойлап оқып, әркім өз хал-қадірінше түсініп оқыған болса, елдің ырысын жеп, табысына қиянат жасап «жемқор» атанудан аулақ болар еді.

Арсыз болмай атақ жоқ,

Алдамшы болмай бақ қайда,- деп «иманның тазалығына» мойынсына отырып, «сыртын қанша жуса да iшi оңбаған» адамды иманилыққа жүгiндiріп жүргендер әр сөзін бойларына бойтұмардай ғып сақтар едi...

Адам табиғатында пәлеге, жалаға, жаманшылыққа бiр табан жақын жүретіні – өзін танымай сырттан келетін жақсы-жаманды айыра алмай жүретін енжарлығынан, көрсеқызар еліктегіш, мақтаншақтығынан болады. Жақсылықты тез ұмытады, жаманшылықты жарты ғұмырына серiк етедi. «Жақсылық ұзақ тұрмайды, жаманшылық әр кез тозбайды», - деген Абай:

Алланың пайғамбардың жасындамыз,

Ынтамызды бұзбастық - иманымыз - дегендi айтқанда әр адам өзінің ішіндегі иманымен әрдайым кеңесіп-келісіп пікірлесіп жүрсін дегені ғой.

Егесіп босқа, жау қылып досқа,

Қор болып құрып барасың, .. – деумен өз заманындағы теріс мінезді замандастарына налып, ел болуын арман еткен Абай өзінің 39- шы қара сөзінде: «Рас, біздің бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ, бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабамыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі де сол көрінеді» дейді. Абай атап айтып отырған екі мінез – қазақтың бірлігі мен намысқорлығы.

Бүгінгі Қазақ қоғамының елдік пен бірліктен мейірім мен қанағаттан алыстап, «боқ дүние» үшін жаға жыртысып жүрген ұрпағына айтар ойын қорыта келіп, ертеңгіге аманат айтады. «Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім! Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деп, «мен бастадым, сендер іске асырыңдар, «алты бақан алауыз болмай», «біріңді-қазақ бірің –дос» дейді.

Қызылды-жасылды дүниенің соңынан қуып жүріп, ағайынның елдіктен кетіп бара жатқанының тағы бір мінезін көріп: «жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбарынып, өз елінде одан артық адам болса да, танымайтындығын жеткізеді.

Абайдың «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деп басталатын өлеңінде:

Қарындас қара жерге тыға алмай жүр,

Бірінің-бірі сөзін ұға алмай жүр.

Құда-тамыр, дос-жаран, қатын-балаң –

Олар да бір қалыпты бола алмай жүр,

- деп мың қатпар мұқтаждығының бір парасын айтпақ болады. Абайдың осы өлеңін мектеп жасымнан оқып жүрсем де, «қарындас қара жерге тыға алмай жүр» деген жолды ағасының қыз балаға деген өкпесі екен деп ұғып келіппін. Олай емес екен. Түркі тілдес халықтар «қарындас», «кардаш» деп бірге туған бауырластарды атайды. Қарындас – бір қарыннан, бір құрсақтан шыққан бауыр деген ұғымды білдіретінін кейін түсіндім. Кәзір біздің сөз тіркесінде қолданып жүрген «апа-сіңілі, аға-іні, бауыр деп жүргеніміздің түп тамыры осы – қарындас сөзі. Қазақта: «Ауру – астан, дау – қарындастан» деген даналықтың төркіні, дау да, жау да алыстан келмейді, өзіңмен бірге туған ағайынның берекесіздігінен келеді деген ұғымды білдіреді. Бұл сөзге тағы бір нақты дәлел, Абайдың Халилолаға жазған хатында да айтылады. Онда: «Бізге хат жазған Қамаридден моллаға сәлем айт. Саған қарындастық жолымен еткен көмегіне көп рахмет. Хатыңды алып көңілім жайтапты» дейді. Яғни, Абай қарындастық жолмен көмек көрсеткен Камариддин моллаға алғысын жеткізіп отыр.

Найманның Сыбан руынан шыққан Ақтайлақ бидің:

Өкпе кімге жарасар,

Қарындасқа жарасар.

Қарындастың ішінде,

Қадірлеске жарасар, - деген даналық сөзін білеміз. Бұл жолдарда да «Қарындас» деп отырғаны қыз балаға арналған сөз емес, бір қарыннан шыққан ағайындас бауырларға айтылған наз деп ұғуымыз керек. «Ағайынның аты озғанша, ауылдасымның тайы озсын» деп, ағайынның атын, ауылдасының тайына қимағаны дау-жанжалдың алдымен ағайыннан шығатынын айтқаны. «Қарындас» сөзінің қыз балаға телініп кетуінің себебі, кезінде үстірт аударылған орыс тіліндегі «сестра» сөзінің баламасы болса керек. Сондықтан да мәні терең, тамырлы сөзді өзінің ұғымымен түсінгеніміз абзал.

Мың жылда бір-ақ рет келетін Ұлылардың үндестігінен бөлек, жаратылысынан жаны бай, болмысы бөлек адамдардың дүниетанудағы сезіну қабілеті де бөлек. Хакімнің өзі айтқан, «көкірегі сезімді көңілі ойлыға, бәрі анық көрініп тұратыны қандай ғажап?!

Пайда, мақтан өзінен,

Артыла ма, ант ұрып?

Жарыса өсек сөзінен,

Айта берсін шарқ ұрып,

Ақын айтқандай пайда мен мақтанды қуып жүріп, жақсылығы өзінен аспай ант ұрып жүргендер сөздің киесі барын түсіне ме?

Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,

Арын сатып, тіленген малы құрсын,

Немесе,

Танымадық,

Жарымадық,

Жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып,

Аңдығаны өз елі, - дейді.

Абай ұрпаққа елдіктің ұғымынан алшақтамаудың қадір-қасиетін ескертеді. Ар мен ұяттың кілті – уәдеге беріктік пен шынайылық екенін баса айтқысы келеді. Біздің бүгінгі таңдағы жоғалтып алғанымыз да осы мінез.

«Ар, ұят, серт» деген сөздi тереңiрек түсiну үшiн бұлардың барлығы адамның ішкі түйсігі мен иманның аты екенін білгеніміз жөн.

Ақын 38- шi қара сөзiнде, «Кiтап сөзi менен iзденген талап болса әуелi көкiректi тазалау керек одан соң ғибадат қыл» - дейдi. 44-шi қара сөзiнде.

Кәзiргi қоғамдағы адамдықтың әлсізденуі, алдау, арбау, қатыгездік пен қаныпезерліктің жиі етек алуы, ислам дiнiнiң маңызының жоғалуы, - сезiмнiң тiрегi иманнан айырылуында. Оны Қожа Ахмет Яссауи бабамыз "Хикмет" кiтабiнда түсiндiредi.

«Дiннiң негiзi - сенiмде, сол сенiмдi күшейтудiң амалы - тарихат. Шариғат дегенiмiз - иманды қорғаушы ғибадат» дейдi. Осы тарихат жолында жоғары рухани дәрежеге жеткен дала данышпандары Абай мен Шәкәрiм шығармалары бүгінгі ұрпаққа жол сілтер темірқазық болуы керек.

Қожа Ахмет Яссауидің"Хикметтерi", Абайдың "Қара сөздерi", Шәкәрiмнің "Сыр сөздерi" дүниеде теңдесi жоқ рухани қазыналар. Бұлар адамның жан дүниесіне қажет рухани құндылықтың сөлiн шығарып, майын тамызып, шайнамай жұтатын етiп аузымсызға салып берiп отыр.

Бұл дүниенiң уақытша қонағы екенiн елден бұрын сезiнген, Абай нанымына, танымына ой-сананы жеткiзу үшiн исламиятқа тереңiрек бойлап құран аятын мың мәрте қайталап, хауасқа яғни сезiмге жүгiнсек те болады. Абайдың:

Растың бiр аты - хақ,

Хақтың бiр аты - алла - дегенiнен сыр тартқан Мұхтар Әуезов «Абай өлеңiндегi барлық дiнге байланысты нанымы да адам-адамгершiлiк турасындағы үгiтi» дейдi.

Абай өлеңдерiндегi мерзiм, мезгiл, өлшем пәлсапасы терең қазып зерттеуге тұрарлық жұлынды тақырып. Абай шығармаларындағы, уақыт, заман ағымы үлкен пәлсапалық мағынаға ие.

Өмiр - сүрген уақытпен емес, iстеген iспен өлшенедi. Көп адам тiршiлiктi iшпек, жемек, қызық көрмек, сөзге ермек, дәурен сүрмек деп таразылайды. Сол таразы басының ең ауыр жүгi таусылып, жол ортаға жетiп, ендi алдағы уақытта не iстеймiз, қандай салмақты көтеремiз деп көңiл орнықтырар ештеме таппай қиналатын кезеңi болады. Өткен өмiрдi ойға салып, таразылау негiзiнен ойлы, саналы адамдардың iсi. Абайша айтсақ, «Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы – осы» болады.

Достық, қастық, бар қызық - жүрек iсi,

Ар - ұяттыңбiр ақыл күзетшiсi - дейдi Абай.

Ұят пен аз сөзділік – иманның екі мінезі. Досым болсын десең қылығың, да пейiлiң де адал, таза болмағы құп. Ешқашан ешкімнен бөлектеніп, баптанып, ерекшеленбе. Қастық қылық қашанда жалғыз қалдырады. Абайдың 24-ші қара сөзіндегі : «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз» деп болашақ ұрпақтың ертеңіне алаңдаушылық білдіріп отырғаны да осы. Достықты-достық қана туғызады. Абай сөзімен айтқанда, «Сасық паңдау келеді».

Абайша айтқанда: «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайтын» - өзiмшiлдiк. Баланың өзiмшiлдiгi өндiрдей жас, әлi жақсы жағына бұруға, адамшылыққа мейiрiмге баулуға болады, икемге тез көндiгедi. Кiсi ұлғайған сайын iшкi сарайын жайлап алған өзiмшiлдiк нығайып, қатайып, бойды алып кетсе – қасірет сол. Өзiмшiлдiктi жеңетiн құдiреттi күш жоқ.

Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл.

Жан аямай кәсіп қыл , - немесе,

Жалшы үйіне жанашып, ас бермес бай,

Артық қайыр артықша қызметке орай.

Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,

Аңдыстырған екеуін құдайым-ай! – дейді.

Қарт кiсiлердiң бойын жайлап, қанына тарап алған өзiмшiлдiк ештемеге илiкпейдi. Қартайған шағыңда туған-туыстан алыстатып, көп құрбыдан айырылып ағайындардың бiр-бiрiмен бiтiм қылмайтыны да осы. Адам үшін өмiрдегi шын бақыт, нағыз мұратқа жету күнәдан ада болып, «жүректi кiрлетпей таза ұстап» өту. Ақын өзінің 26 –шы қара сөзінде: «Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады. Һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмейді. Есі шығып бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды» дейді.

Алысты, қиырды көзi жетпесе де оймен шолу қиялмен болжау, көңiлмен сезу әркiмнiң талайына бермеген қасиет. Бұл қасиетке ие сөз құдiретiнiң жетегiнде жүрген дуалы ауыз ақындар ғана.

Шетi кетік дүниенің шетiнеп кетпей, өткелектiң өтiнде тұрған, қаз басқан қалың қауымға да сын кезеңде, сын сағаттарда осындай серпiндi сезiм беретін қайсар рух қашанда қажет.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Елорда


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар