Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Ардақ Нұрғазы: «5-нөмірлі қасапхана» жəне К.Воннег...

15.06.2017 4747

Ардақ Нұрғазы: «5-нөмірлі қасапхана» жəне К.Воннегут

Ардақ Нұрғазы: «5-нөмірлі қасапхана» жəне К.Воннегут - adebiportal.kz

2007 жылдың сəуір айының 11-жаңасында, Нью-Йорктің Манхеттэн өңіріндегі бір емханада, 84-ке қараған жасында АҚШ жазушысы К.Воннегут қайтыс болды. Бірнеше апта бұрын əлем əдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қарт қаламгер өз үйінің баспалдағында сүрініп кетіп, басынан жараланып емханаға түскен екен, сол талықсыған бетінде өмірден өтіпті.

К. Воннегут - өткен ғасырдың соңғы жартысындағы АҚШ əдебиетінде ерекше орыны бар санаулы тұлғалардың бірі. Сыншылар оны Марк Твеннен бері жалғасқан АҚШ əдебиетінің юмор дəстүрін жалғастырушы, тіпті оның юморлары Марк Твеннен де асып түскен деп қарайды. Дегенмен, К.Воннегут əдебиетке 1950 жылдардың басында алғаш фантастикалық шығармаларымен келген. Сол тұста фантастика жөні түзу əдебиет саналмайтын еді. 1969 жылы жазушының «5-нөмірлі қасапхана» романы жарық көргеннен кейін ғана, жазушының басындағы «фантаст жазушы» деген қалпақ көрінбей кетіпті. Жоғарыдағы роман өткен ғасыр əдебиетінде жоғары бағаланады. 1999 жылы «Нью-Йорк Таймс» газеті өткен бір ғасырда ағылшын тілінде жарық көрген ең таңдаулы деген жүз романның тізімін жариялағанда, осы «5-нөмірлі қасапхана» 18 орынды иелеген.

Бұл романды жазушы екінші дүниежүзілік соғыс тұсында өз басынан өткізген нақты істер негізінде жазған.

К. Воннегут АҚШ-тың Индиана штатында дүниеге келген, шешесі кісілікті, бай отбасынан еді. Бірақ, бұл отбасы өткен ғасырдың 1930 жылдарындағы экономикалық дағдарыс себебінен күйрейді. К. Воннегуттың шешесі тұрмыстың өзгерісінен 1944 жылы өзіне өзі қол жұмсаған. Бұл жазушының өміріне елеулі әсер етіпті. 1984 жылы өзі де сондай бір күйзеліске ұрынған жазушы ұйқы дəрісін көп ішіп қойып, қасындағылардың дер кезінде байқап қалуымен ғана аман қалған. Кейін жазушы бұл туралы: «өзіне өзі қол салғандардың бала-шағасы өлімнің елесінен өмір бойы құтыла алмайды, олар бұлай істеуді түптің түбінде бəрін шешетін жол деп қарайды», – деген екен. Зерттеушілер К. Воннегут шығармаларындағы тіршілік, өлім турасында қасіретке емес, ащы күлкіге саятын пайымдауларға көптеп назар аударады. Оның «5-нөмірлі қасапхана» романының өзі осы жағынан көзге түседі. Романда Илум деген біреу екінші дүниежүзілік соғыс тұсында немістердің қоршауында қалады, əу баста ол өзінен басқа үш адаммен серіктеседі. Олардың ортасындағы қайшылық өрши келе бірін-бірі өлтіруге сұқтанады. Сөйтіп жүргенде олар немістердің қолына түсіп қалады. Немістер тұтқынға түскендерді Дрезден деген қалаға айдап келеді. Бұған тұтқындар қатты қуанады. Өйткені, Дрезден ашық қала есептелетін, онда əскери зауыт та, құрылғылар да жоқ еді. Оның үстіне əсем сарайлары бар болатын. Бұндай мəдениеттік түсі алған, бейтарап орынды Одақтас армия бомбылай қоймайтын еді. Тұтқындар бұл арада балалар мен ауыраяқ əйелдерге қажетті азықтар шығаратын орында жұмыс істейді. Бұл орын соғыстан бұрын «5-нөмірлі қасапхана» деп аталатын еді. Дегенмен, бəрі басқаша болады, тұтқындар Дрезденге келіп, төрт күн өткенде, Одақтас армия əуе армиясын жіберіп, қаланың түгін қалдырмай жермен жексен етеді. Илум жəне бірнеше тұтқын мен тағы бірнеше неміс «5-нөмірлі қасапхананың» жертөлесінде жұмыс істеп жатқандықтан ғана аман қалады. Олар жұмыстан босап далаға шыққанда, кешегі жайнап тұрған қаланың қирап қалған, тіршіліксіз қирандысын ғана көреді. Романда бұл көрініс: «жердің бетін ыс-түтек басқан, дүние қап қара, ештемені көруге болмайды, төбедегі күн қараңғыда жылтыраған ноқат сияқты. Дрезден айдың беті сияқты, мұнда күйген топырақтан өзге ештеңе көзге түспейді. Таудай болып үйіліп, жемтік болып адамның мəйіттері жатыр...»

«5-нөмірлі қасапхана» романы АҚШ-та жарық көрісімен бірден елдегі қасқалар мен жайсаңдардың шамына тиген. Зерттеуге қарағанда өткен шерік ғасырда АҚШ-та шектеуге ұшыраған кітаптардың бірінші орынын осы «5-нөмірлі қасапхана» романы иелеген. Романға қарсы тұрушылар бұл кітап жастарды отаншылдықтан бездіреді, АҚШ армиясының абыройын төгеді т.б. деген айыптар тағады.

К. Воннегут 1997 жылы өзінің жазуды тоқтататынын жариялаған болатын. Бірақ 2005 жылы жазушының «отаны жоқ біреу» деген жаңа эссе-сын кітабы жарыққа шықты. Кітаптағы мақалалардың көбі жазушының соңғы жылдары «Осы заман» журналында жарық көрген туындылары еді. Кітаптың мұқабасы К. Воннегуттың өзі салған суреттен тұрады (жазушының «Жүлдегер таңғы ас» деген романы осындай суреттерге толы екенін ескерте кеткен жөн шығар). Кітаптан сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгердің неден алаңдайтынын байқаймыз. Онда жазушы былай дейді: «Меніңше, адамдар өздері жасап жатқан мынау жер шарының болашағын ойлауды бір жола қойған сияқты. Жұрттың мына тірлігі ұзақ қамауда отырған арақкештің тірлігіне ұқсайды, көздері əбден қарауытып кеткен. Мен енді келешек ұрпақтарымда жөні түзу мекен болады дегенге сене алатын емеспін.»

К. Воннегут кезінде өз шығармаларына баға беріп, оларды қатарға тұрғызған екен. Соңғы кітабын жазушы «басым ағарған шақта сыйға тартылған керемет бір шамфан болды ғой» -депті. Жазушы осылай деп өз шығармашылығының соңғы нүктесін қойған.

Ардақ Нұрғазы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар