Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ардақ Нұрғазы. Поэзия ойдан бұрын туатын өнер...

13.02.2019 7640

Ардақ Нұрғазы. Поэзия ойдан бұрын туатын өнер

Ардақ Нұрғазы. Поэзия ойдан бұрын туатын өнер - adebiportal.kz

(Австриялық ақын Оуяң Ю мен Ардақ Нұрғазының сұхбаты. Қытайдың «Пужаң әдебиеті» журналының 2018 жылғы №4 санында жарық көрген нұққасы бойынша аударылды. Қытай тілінен тәржімалаған: Нұрбек Кеңесбайұлы)

Оуяң Ю: Ардақ, сен Қытайдан Қазақстанға қоныс аударғансың, солай ма?

Ардақ: Ия, мен Қытайда дәрігер отбасында дүниеге келідім, университетті тәмәмдағаннан кейін, 30 жасымда Қазақстанға қоныс аударып, осы елдің азаматтығын қабылдадым.

Оуяң Ю: Сен Қазақстанға келгенде тіл жағынан тосқындыққа ұшыраған жоқсың ба?

Ардақ: Тіл жағынан менде қиындықтар болған жоқ. Менің ана тілім – қазақ тілі. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, қазақ тілі заң жүзінде мемлекеттік тіл болып бекітілді. Кеңес Одағының сарқыншағы ретінде орыс тілі әлі күнге дейін өз әсерін тигізіп келе жатқанымен, қазақ әдебиетінің өзіндік тарихы тереңде жатыр. Өткен ғасырдың алдыңғы ширегінен бастап, қазақ әдебиеті дәстүрден жаңаруға бет бұрып, Кеңес Одағы тұсындағы көпұлтты әдебиетің біріне айналды. Бізден көптеген мықты жазушылар шықты, орысшаға тәржімаланған қазақ ақындарының өлеңдері Кеңес Одағы кезінде Ленин, Сталин атындағы ең жоғарғы әдеби марапаттарға да ие болған. Ал «Қазақ әдебиеті» газеті 1934 жылдан бастап жарық көрсе, «Жұлдыз» әдеби журналының 60 жылдан аса тарихы бар. Мен әдебиетшімін, Қазақстанға келгеннен кейін дәл осы қайнаған ортаның бір мүшесіне айналдым.

Оуяң Ю: Сен сонда Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған эмигрантсың ғой?

Оуяң Ю (сурет ғаламтордан алынды)

Ардақ: Дәл солай.

Оуяң Ю: Эмигрант ретінде, сен әдеби шығармашылыққа қалай кірістің? Поэзиядан бастадың ба, әлде басқа жанрлармен келдің бе? Эмиграциялық тұрғыда, жазуымен шұғылдану оңай болған жоқ шығар? Қытайдан келгенің себепті сені сыртқа тебушілік болған жоқ па?

Ардақ: Отбасымда ата-анамның әсерінен, мен әдебиетке ерте назар аудардым. Ол кезде таза қазақи тәрбие алдым. Химия мамандығы бойынша университет бітірдім. Университет қабырғасындағы 5 жылда мен қытай тілін жақсы меңгеріп, кәсіптен сырт әдебиетпен айналыстым. Сол кезеңде поэзия, проза, әдеби сын, драматургия сияқты әдебиеттің барлық жанрына ынталы болдым. Мен Батыс әдебиетін сүйіп оқыдым. 20 жаста менің сүйікті авторларым: У.Фолкнер, Э.Хемингуэй, Т.С.Элиот, Э.Паунд, С.Беккет, Г.Маркестер болды, онда мен «Жаңа сынға», абсурдтық ағымға, модернизм және постмодернизмге, магиялық реализмге қатты қызықтым. Менің өлеңдерім, әңгімелерім мен сыни мақалаларым Қытайда қазақ тілінде жарық көрген. 1992 жылы Л.Борхестың жас кезінде жазған «Алқызыл мадақ жырын» (немесе «Қызыл гимн») қытай тілінен қазақ тіліне тәржімалағам. Қазақстанға келгеннен кейін де шығармашылықтан алыстағаным жоқ. Десе де, мен бұл ортаға бәрібір бөтенмін, шет жақтағы әдебиеттің өкілімін. Бірақ, мен осы биліктен алыс сипатты әдебиеттің ерекшелігінен ләззат алдым. Өйткені, мен Қытайда да билік шеңберіндегі саяси стильде шығарма жазғам жоқ, онда мен аз ұлт жазушысы едім, ал мұнда эмигрант жазушымын. Екі жақтың да қалыптасқан (православиелік) әдебиеті мені өздерінен басқа санайды. Дәл осы мәселе төңірегінде, 2007 жылы өзім бас редактор болған «Шетел әдебиеті» газетінде «Қазақтың эмиграциялық (қоныс аударушы) әдебиеті» дейтін тақырыпта мақала жазып, өзі шығармашылығымның тұрғысы туралы пайымдағам. Сол мақалада мен Т.С.Элиоттан, Э.Паундтан, С.Беккеттен, Ш. Хиниден мысал келтірдім. Осы аталған ақын, жазушылардың бәрі рухани ортасын ауыстырған жандар. Православиелік әдебиет пен биліктің әсеріне ұшырамай жазғандар. Міне, бұл нағыз еркін шығармашылық. Мен осыдай еркіндіктен шынайы рахат табам.

Оуяң Ю: Т.С.Эллиотт, Э.Паунд сынды ақындар да эмиграциялық жазушылардың қатарында, дедің, бұл мені қызықтырады, осы жайлы кеңінен толғасаң деймін?

Ардақ: Бұл екі ақын да Америкада туылып, Европада өмір сүрді. Ағылшын тілінде жазды, Т.С. Эллиотт тіпті Ұлыбританиялық мемлекеттік дініне қайта оралды. Деседе, ол екуінің кешірмелері мен шығармашылық тәжірибесі, ой-өрісі мен өлеңдеріндегі поэтикалық қуаттың эмиграциялық мәні басым, дәл осы ерекшелік олардың поэзиясын қалыптастырды. Әдебиеттегі эмиграциялық ерекшелік дегеніміз – адам ерікті немесе еріксіз түрде өзіндік болымысын жоғалтуы, сондай-ақ, шет жайлап жүріп, дүниеге деген жаңаша көзқарастан алған әсерін бейнелеуі. Менің айтпақшым, осындағы түйсік мәселесі. Таныс ортадан немесе қалыптасқан атмосферада сен ондай сезімнің нүктесін таба алмайсың. Атап айтар болсақ, бұл – тілдегі өзгеше сезім түйсігі. Шығармашылықтағы эмиграциялық ерекшелік - жеке тұлғаның ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігін бере алады. Дәл осындай жеке тұлғаның өзіндік ерекшелігінің арқасында тіл шынайы әрі үлкен мүмкіндікте жұмыс істейді. Шығармашылықта тілдік бейнелеудің маңызы өте зор. Жоғарыдағы екі ақынның да шығармашылығындағы тілдің тереңдігі мен әдебиетке тән әмбебаптығы – олардың осы өзгеше ой түйсігін аша алуына барып тіреледі.

Оуяң Ю: Сен Қазақстанда қазақ тілінде шығарма жазасың, онда бұл Қытай тілін шығармашылық тіл ретінде емес, қарым-қатынас, пікір алмастыру тілі ретінде ғана қолданып, онымен түбегейлі қоштастым дегенді білдіре ме? Шығармашылықты екі тілде бірдей алып жүруді ойлап көрдің бе?

Ардақ: - Өлең жазуда тілдің сиқыры мен табиғилығы аса қажетті нәрсе. Поэзия – ойдан бұрын туындайтын, өзіне тән күшті еркі бар өнер. Өлеңді ойлап алып жазбайсың. Сондықтан, мен қытайша өлең жазудан жүрексінем. Қытайша қабілетім өлең жазатындай деңгейге жеткен жоқ деп білемін. Қытай тілі мен үшін қарым-қатынас тілі ғана. Сізбен сөйлескеннен кейін ойланып қалдым, бұдан былай қытайша өлең жазып кетсем, онда ғажап болайын деп тұр.

Оуяң Ю: Эмиграциялық мәселелер жөніндегі әңгімеңнің ауанында, 60 жылдардағы тарихи оқиғалар – этникалық қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуына түрткі болды деп қалдың, көмескіленіп бара жатқан осы тарихи оқиғаларға тоқтала кетсең қалай?

Ардақ: - 1962 жылы Қытайдың солтүстік-батыс аймағындағы 60 мыңдай Қытай азаматы Кеңес Одағының шекарасын кесіп өтті. Бұл тарихта «Іле-Тарбағатай оқиғасы» деген атпен қалды. Шекара асқандардың көп сандысы қазақ ұлты, аз санды ұйғыр, қырғыз және басқалар еді. Сол кезде менің әкем университет оқып жатқандығы себепті, бір өзі Қытай жақта қалып қойған. Сосын 30 жылдан кейін немесе 1992 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін барып туған-туыстарымен қайта қауышты. Қытай қазақтарының көбісінде әкемнің осы тағдыры қайталанады.

Оуяң Ю: -Кеңес оғағы десе орыс тілі бірден ойыма түседі. Өткен жолы Астанада өткен поэзия фестивалінде байқағаным, аға буын ақындарыңыз орысша сайрап тұр. Шақырылған қонақтың бәрі де Ресейден келіпті. Тәуелсіздік алғандарыңа жиырма жылдан асса да, әдеби орталарыңыз әлі күнге орыс тілінің әсерінен шыға алмай келе жатқан сияқтанды?

Ардақ: - Дұрыс айтасыз, 150 жылдық отарлау саясаты мен 100 жылдық әдеби үрдістің сабақтастығы біздің санамызға орыс тілін әбден сіңірді. Өткен 40 жылда арамыздан бірқатар орыс тілді ақындар шықты. Олар орыс тілінде жазғанымен, қазақ әдебиетінің негізгі өкілі бола алған жоқ. Кеңес Одағы кезінде орысшаға аударылу қазақ әдебиетінің Одақ деңгейінде танылуының басты көзірі еді, жазушылардың қоғамдық орыны мен мәртебесі – шығармасының орысшаға аударылған, аударылмағанымен өлшенетін. Тәуелсіздік алғаннан кейін орыс тілінің жетекші рөлі әлсірей бастады. Қазіргі кезде аға буын ақындардың біразы орысша сөйлегенімен, 40 жастан төменгі ақындар ортасында орыс тілнің күні батып барады.

Оуяң Ю: Менің бір байқағаным, сүйіп оқитын әдебиетің болсын, әдебиеттің тигізген әсері болсын, сен Ұлыбритания-АҚШ әдебиет әлеміне жақын сияқтысың. Бұл - орыс әдебиетіне назар аудармағандығыңнан ба, әлде оған қызығушылығың жоқ па?

Ардақ: Мұның себебі, орыс әдебиеті пен қазақ әдебиеті бір-біріне бейтаныс емес, Пушкиннен Есенинге дейін, Маяковскийлердің шығармасы қытай қазақтарына да жақсы таныс. Мен бала кезімде олардың аударма өлеңдерін оқығам. Деседе, жиырма жаста «ақын болам» деген шағымда, орыс поэзиясы маған әсер еткен жоқ. Мен үшін олардың поэзиясы, өзіме таныс қазақ ақындарының шығармасынан ешқандай айырмашылығы жоқ сияқты сезілді. Ал Ұлыбритания-АҚШ әдебиеті мені өзіне қатты баурады. Менің ойымша олардың әдебиеті басқа әдебиеттен оқ бойы озық, себебі, олардың пайымдауы мен әлеуметтік ортаға деген түсінігі өзгеше, философиялық ойлауы бөлек, теориялық негізі терең, қорта айтқанда, олар жаңаша ойлау формасы мен эстетикаға бай. Маған қатты ұнайды.

Оуяң Ю: Орынды пікір. Десе де, сенің жеке басың тұрғысынан алып қарасақ, сен бұрынғы Қытай азаматысың, Қытайдың қазағысың. Қытайда туып өстің ғой, Қытай әдебиетіне деген қызығушылығың қалай?

Әрине, мен бала кезімде Таң дәуіріндегі өлеңдердің қазақша аудармасын оқығам. Сапалы тәржімаланған Таң дәуірінің 300 өлеңі қытай қазақ әдебиетінің алтын қоржынында бар. Ли Бай, Ду Фу, әсіресе Бай Цзюйидың өлеңдері кеңінен таралған. Ал қазіргі заман ақындарынан Ай Чиңнен де сапалы аудармалар кезігеді. Хай Зының өлімі мен оның поэзияға деген адалдығы мені таң қалдырды. «Күңгіріт поэзия» қытай қазақ поэзиясына да көп әсерін тигізген. Бэй Дау, Гу Чың, Ян Лянь, Оуянцзян, Нисикава, Чжоу Луньцзо, Ю Цзяньдардың өзіндік стилі бар. Бэй Даудың постмодерндік стилін, Гу Чыңның тілін, Ян Ляньның эпостық сарынын бағалаймын. Қытай әдебиетіне қызығушылығым төмендеген емес.

Оуяң Ю: Енді аудармаға ойысайықшы. Сенің Қытай тілін жақсы меңгергеніңді білемін, Қытай ақындарын Қазақстанда аударып көрдің бе?

Ардақ: Мен Шэнь Вэйдің өлеңдерін қазақшаға аударып, «Шетел әдебиеті» газетінде жариялағам. Хай Зының өлеңдері де тәржімалағам.

Оуяң Ю: Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған Қазақстан әсілі шыт жаңа мемлекет. Қытайлар «Батыс аймақ» деп атайтын түркі мемлекеті дәуіріннен алып қарасақ та, бұл өлкенің тарихы ұзақ. Өткен жиырма неше жылдық процесс барысында әдебиетте, әсіресе поэзияда қандай елеулі өзгерістер болды деп ойлайсың?

Ардақ: Өткен 25 жылда қазақ әдебиетінде көп өзгеріс орын алды. Ең бастысы Кеңестік кезеңдегі саяси реализмнің әдебиеттегі ықпалы жойылды, саясаттың құрсауындағы қазақ поэзиясы өзінің көзжазып қалған арнасын қайта тапты. Поэзияның дәстүрлі эпикалық қуаты айтарлықтай күшейді. 40 жастан төменгі ақындардың поэзиясында үлкен өзгеріс бар. Мұндай дәстүрлі фракцияны ескі сарынмен салыстыруға келмейді. Қазіргі қазақ әдебиетінде үлкен бұрылыс жүз берген.

Оуяң Ю: Сен айтып отырған «бұрылыс» нені меңзейді? Толықтай кетсең деймін?

Ардақ: Бұрын, қоғам мен адам, поэзия мен оқырман, мүмкіндік пен болымыс бір жүйенің ішінде, айтарлықтай парық жоқ күйде еді, қоғам концептуалды болды. Адамдардың ойлау формасы мен позициясы бір ізділікке жақын еді. Ондай қоғамда ең мықты деген ақынның өзі әлгіндей қасаң қағидадан алшақ кете алмаған. Ал қазіргі қоғам толықтай өзгерген қоғам. Қоғамның ашықтығы ақындарды концептуализмсіз атмосфераға бейімдеді. Концепцияға бағынбау – бұл өткеннен үлкен айырмашылық. Қазіргі қазақ ақындары тұрақты концепциядан концептуалсыз тілдік ортаға көшу үстінде. Көкірегі ояу ақын жөнінен алып айтқанда дәстүрлі өлең үлгісі қазір қирандыға айналды. Тілдік норма да түбегейлі өзгерді. Олар тілдік жүйеде де өзінің оң жамбасына келетін, әлемді жалт қарататындай жаңашылдық іздеуде. Бұл, міне, мен айтпақшы болған қазақ әдебиетінің қаззіргі «бұрылыс» жағдайы.

Оуяң Ю: Қазақстанның мұсылман мемлекет екенін мен осында келген соң ғана білдім. Менің ойымша нағыз мұсылман емес мұсылман мемлекеті сияқты сезілдіңіздер, себебі, құрылыстарының көбі батыстық үлгіде, адамдары да мұсылмандық үлгідегі киімдерді кие бермейді, көп сандысы мешітке бармайтын сияқты көрінді маған. Мемлекеттеріңізде діні мен әдебиет қандай байланыста?

Ардақ: Орталық Азияның поэзиясының ежелден дінмен тығыз байланысы бар. Орталық Азияның дәстүрлі поэзиясындағы суфизм – діни ағымға тән поэзияның айқын бір көрінісі. Хафиз, Сағди, Руми, Яссауи сынды ақындардың шығармалары дәстүрлі қазақ поэзиясының қалыптасуына өз әсерін тигізген. Десе де, Таяу Шығыстық мұсылман мемлекеттерімен салыстырғанда, біздің дін ұстанымымыздың өзіндік ерекшелігі бар. Орталық Азияның діні мен мәдени дәстүрі ақындық пен поэзияны шетке қақпайды. Оның үстіне бүгінгі Қазақстан батыстық үлгідегі билікті үш тұғырға бөлген демократиялық жүйедегі зайырлы мемлекетке жатады.

Оуяң Ю: Енді өзіңнің шығармашылығыңа оралайық. Сен көбіне өлең жазасыз ба, әлде әңгіме, сахналық шығармалар немесе сынмен айналысасың ба?

Ардақ: Мен ақынмын. 4 өлең кітабым баспадан шықты. Проза да жазғанмын, 17 әңгімем баспа бетін көрген. Бір аңгіме жинағым жарыққа шықты. Поэзия, проза және драмматоргия туралы сын мақалалар жазамын. Сыни мақалам 2 томдық кітап болып шықты. Пьесаларым да бар, марапатталғаны да болды.

Оуяң Ю: Сен қазақша жазасыз ба, әлде қазақ, қытай – қос тілде жаза бересің бе? Сенің шығармаңның өзекті тақырыбы не?

Ардақ: Мен қазақ тілінде жазамын, менде белгіленген бір тақырып жоқ. Менің шығармашылығым көбінесе өзімнің ішкі түйсігім, сыртқы дүненің әсері, қоғам мен адамдар ара кері байланыстар төңірегінде болады. Тұлғалық (жеке тұлға) сипатта өріс алады. Айғай салатын үлкен тақырыптарға барған емеспін. Менің поэзиямда қазақ дәстүрлі поэзиясындағы үлкейтілген «мен» жоқ. Міне, бұл менің мүйізі қарағайдай аға буын өкілдерімен басты айырмашылығым. Мен төрт поэма жаздым. Соның ішінде сіз ағылшын тіліне тәржімалаған 580 тармақтан тұратын «Саябақ» поэма, ең көлемдісі. Мен оны 2003 жылы жаздым. Ол кезде АҚШ Ираққа соғыс ашып жатқан кез еді ғой, соғыс жағдайы теледидардан күніге беріліп жатады. Біз жаңа дәуірдегі постмодернистік соғыстың қатыгездігі мен ойран-топырын тұңғыш рет өз көзімізбен көрдік. Соғыс біздің көз алдымызда жүріп жатты, күніне неше мың адам өледі, деседе, әлем оны тізгіндеуге қауқарсыз болды. Соңынан, көршіміз Ауғаныстанда соғыс өрті тұтанды. Ол кезде біздің мемлекет жаңадан тәуелсіздік алып, ішкі мәселелері шиеленісіп тұрған, батыстық үлгідегі демократияны ырықты қабылдағанымызбен, ертеңіміз не боларына сенбей үрей билеп тұрған кезең еді. Мен «Саябақ» поэмасы арқылы сол кезеңде бойымды кергеген түйсігімді жеткізгім келді. Ол ақынның жандүниесінен өткен Орталық Азия тарихында болған сұрапыл соғыстар, соғыстың өркениетті ойсыратуы, сонымен қатар, мың жылдықтарға ұласқан мәдениеттің құмға сіңгендей жоғалу барысы, өзгеріске бейімі жоқ бүгіннің дәрменсіздігі, содан туындап жатқан қасірет туралы пайымдаулар еді. Сіз ағылшын тіліне аударған «Құз басындағы құйын» да осы тақырыпта жазылған. Деседе, «Саябақпен» салыстырғанда оның стилі шымыр, өзіме қатты ұнайды.

Оуяң Ю: Айтуыңа қарағанда, қазақ поэзиясының тарихы туралы да кітап жазыпсың. Эмигрант бола тұра, осы елдің поэзия тарихына үңілгеніңді жергілікті қауым қабылдады ма?

Ардақ: 2009 жылы «Қазақтың модернистік поэзиясы» атты сын жинағым жарық көрді. Онда мен қазақ жазба поэзиясының негізін салушы Абай Құнанбайұлынан бастап, ең мықты деген 9 ақынның шығармашылығы туралы жаздым, олардың шығармаларының стильдік ерекшеліктері мен беталысына тоқталдым. Бұл таптаурынды оқулық ретінде жазылған кітап емес. Қайта ақынның жеке көзқарасы тұрғысынан жазылған сынный шығарма. Дәстүрлік реализмдік көзқараспен жазылған академиялық оқулыққа салыстырғанда өзіндік ерекшелігі бар. Мен Батыс поэзиясының теориялық модельі тұрғысынан қазіргі қазақ поэзиясы тарихына тоқталдым. Бұл кітапты қазақ жас ақындары жылы қабылдады.

Оуяң Ю: Тағы да аудармаға ойысайықшы. Сенің жергілікті ақындардан айырмашылығың, Қытайда туып өсіп, 30 жасыңда Қазақстанға қоныс аударуың, Қытай әдебиетін осындағы оқырманға ұсынып көрдің бе?

Ардақ: Мен көптеген батыс ақындарының шығармасын қытай тілінен қазақ тіліне аудардым. Оларды facebook немесе басқа да әлеуметтік желіде жариялағам. Мен, негізі, қазіргі қытай поэзиясын сауатты түрде қазақ тілінде сөйлете алам, бірақ, бұған аса ден қойып жүргем жоқ. Өйткені, қытайдағы қазақ әдебиетінің өкілдері арасында өте сауатты аудармашылар бар. Олар қытай поэзиясын үзбей тәржімалап келеді. Оны Қазақстандық сайттардан оқуға мүмкіндік бар, сондықтан, мен бұл жағына құлшына кіріскем жоқ.

Оуяң Ю: Осы жолы Қазақстанға сапарлай келгенде байқағаным, Қазақстанда билік төңірегіне шоғырланған ақындардан сырт, еркін тақырыпта жазатын және танылмай жүрген ақындар көп екен. Ал сен оларды жақсы білетін сияқтысың. Олардың қазіргі деңгейі қандай, болашағы бар ма?

Ардақ: Маған биліктің төңірегінде жүріп қалам тербеген ақындарға салыстырғанда танылмай жүрген, тасадағы ақындардың қуаты мығымдау көрінеді. Олар тар шеңберде таралады, қазақ немесе орыс тілінде жазады. Танылмай жүрген ақындардың есімдері «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері, немесе «Жұлдыз» сияқты журналдардан көрінбеуі мүмкін. Бірақ, олар Facebook сияқты әлеуметтік желілердің жарық жұлдызы. Олар нағыз еркіндіктің қожасы, нағыз ақындар. Мен сыншы ретінде айтар едім, биліктің төңірегіндегілердің шығармашылығының салмағы жеңіл, олар көп өтпей әдебиеттегі шен-шекпенді күзетушіге айналады. Ал көп дәріптелмей жүрген, әлгіндей еркін ойлай алатын ақындар үшін, поэзия олардың өмірінің айырылмас бөлегі. Меніңше осылардан үміт зор.

Оуяң Ю: Қазақстанның жері кең, адамы аз. Эмиграциялы ел болмаса да, Қытайдан қоныс аударған этникалық қазақтар да аз емес көрінеді, олардың ішінде қытай тілінде шығарма жазатындары бар ма?

Ардақ: Бұл елден қытай тілінде шығарма жазатын авторды кезіктірген емеспін. Қытайдан қоныс аударған жазушылардың ішінде қытай тілін жеттік білетіндер көп, бірақ, олар қазақша жазады. Әдеби аударма жасайтындар да бар, бірақ, көп емес. Бұл бәлкім, Орталық Азия әдебиеті мен қытай әдебиетінің араластығы болмауынан шығар. Орталық Азиядағы мемлекеттер тәуелсіздік алғаннан кейін, қытайдың әлем әдебиетін таныстыратын «Әлем әдебиеті», «Шетел өнері», «Шетел әдебиеті» сынды журналдарында Орталық Азия әдебиетінің өкілерінің жарияланғанын көргенім жоқ. Менің айтпақшым, тәуелсіздік жылдарында қазақ, өзбек сияқты ұлттардың шығармасы қытайда жарық көрмеді. Тек қытайдың «Жаңа батыс өңір әдебиеті» мен «Өлең орманы» (Шы Лин) атты екі басылым қазақ авторларының шығармаларын жариялаған. Негізі, қытай әдебиеті қазақ әдебиетін білмейді. Қытай әдебиетінің деңгейі де қазақ әдебиетіне беймәлім.

Оуяң Ю: Басылым көргені де бар, мысалы мен ақын Бақытжан Қанапияновтың өлеңдерін сол «Әлем әдебиеті» мен «Өлең орманы» журналына аударып жариялағам. Деседе, басқалардың шығармасын ол деңгейде көре алмадым. Сен қазақ әдебиетін қытайда насиқаттау, қала берді дүние жүзіне таныту бағытында не істей аласың, қандай ұсынысың бар?

Ардақ: Ұсыныс деуге келмес, әйтсе де, Қазақстан қазақ әдебиетін әлемге таныту жолында құлшыныс жасап келеді. Жақында Қазақстан үкіметі қазақ мәдениеті мен әдебиетін қайта жаңғырту жөніндегі жоспарын алға қойды. Қазақ әдебиетінің нақты өкілі бола алатындай авторлардың шығармасын әлемнің 6 тіліне аудармақшы. Қытай тілі соның бірі. Сіз Бақытжан Қанапияновтың өлеңдерін қытай тіліне аудардыңыз, менің шығармаларымды ақылшынша сөйлеттіңіз, міне, осы жоспарлардың іске асырылуы қазақ әдебиетіне жаңа бір кеңістік ашып берді. Қазіргі жағдайдан алып қарағанда қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін ең алдымен орыс тіліне аударып алып, сосын басқа тілге тәржімалау керек. Қазақ тілінен төтелей ағылшын, француз немесе неміс тіліне аудару үшін біраз уақыт дайындық қажет. Егер, алдымен қытай тіліне өз деңгейінде тәржімалап алып, сосын ағылшын тілі сынды өзге тілдерде сөйлетсек, жаман болмас еді. Сіз екеуміз дәл осы тұрғыда бірлесіп жұмыс істей аламыз деп ойлаймын.

Оуяң Ю: Жарайды онда, бірлесіп жұмыс істеудің жұлдызды сәті тусын делік. Менің сұрақтарым тәмәмдаған сияқты, сенің қосарың бар ма?

Ардақ: Сізбен болған бұл әңгіме өте мағыналы болды деп ойлаймын, менің қосарым жоқ, өзіңізге шынайы алғысымды білдіремін.

2018 жылы 31 тамыз, Астана уақыты 12:51де, «Думан» қонақүйі 302 бөлмеде басталып, өзара электронды хат арқылы сұхбаттастық, 2018 жыл 5 қыркүйек сәрсенбі күні кеш Шаңхай Сұң Жияң да соңғы нүктесі қойылды.

Оуяң Ю: Австралияның батыс әлеміне белгілі ақыны, жазушы

Қытай-ағылшын тілдерінде жазады. Роман, жыр жинақ, монографиялық және өзгеде ғылми еңбектерден тұратын 106 кітаптың авторы. 1996 жылы ағылшын тіліндегі поэзия және әдеби аудармаға қатысты 4 конкурстың жеңімпазы атанған. 1997 жылы Австралияның үздік аударма әдебиет сыйлығымен марапатталған.

Ардақ Нұрғазы – ақын, драматург һәм сыншы. 1972 жылы Қытайда дүниеге келген. 1995 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған. 1991 жылдан бастап шығармалары жарық көріп келеді. 2006-2008 жылдары «Шетел әдебиеті» газетінің бас редакторы болған. «Жалған бостандық кітабы» (2009 ж.), «Арақұс» (2012 ж. қазақ-қытай тілінде), «Дәлдік һәм тұнықтық» (2014 ж. ағылшын-қытай-қазақ тілінде), «Тас баспалдақты көше» (2014 ж.), «A Garden of Trees and Other Poems» (2016 ж.) өлең жинақтарының, «Қазақтың модернистік поэзиясы» (2010 ж.), «Таным мен талғам» (2018ж.) еңбегінің, «Сызықтар мен нүктелер» (2010 ж.) әңгіме жинағының авторы. Өлеңдері ағылшын, қытай және орыс тілінде жарық көрген.

«Мен, мен ешкім де емеспін» пьесасымен І «Рух» халықаралық әдеби конкурсының «Драматургия» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар