Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Әркімнің тұрмысы – жеке шаруасы...

12.10.2021 5330

Әркімнің тұрмысы – жеке шаруасы 12+

Әркімнің тұрмысы – жеке шаруасы - adebiportal.kz

Өткен ғасырда Карл Маркс «сананы тұрмыс билейтіндігін» айтқан болатын. Қазақстанда нағыз капитализм енді-енді орнай бастады. Бұдан әрі өз саласында бәсекеге қабілетті мамандар ғана қалмақ. Ал, бұл жағдаят өнер иелерінің шығармашылығына өз көлеңкесін түсіре ме? Шығармашылық иелеріне үкімет я тәуелсіз ұйымдар тарапынан қолдау көрсетіліп жүр ме? Біздің әдебиетке не жетіспейді? «Пайда үшін жасалған өнер – ең жексұрын өнер», - дейді Эмиль Золя. Еліміздегі өнер иелері күнелтіс қамы үшін қандай әрекеттерге барып жүр? Алдағы уақытта қазақ тілді аудитория аясының кеңеюі мүмкін бе? Адамзатқа қауіп төндіріп, іріктеуден өткізген жаһандық індеттен соң әлем әдебиетінің мега тақырыптары өзгере ме? Осы тақылеттес мәселелердің төңірегінде қарымды қаламгерлерге ортақ сауал тастадық. Жауабын бірге оқиық, қадірлі оқырман.

- Біздің елде тұрмыстық қажеттілікті ысырып қойып, таза өнермен айналысу қаншалықты мүмкін?

Назира Байырбек, жазушы, журналист

- Американың Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Сан-Франциско қалаларының көшелерінде есірткінің құрбанына айналған қаңғыбас адамдар көп өмір сүреді. Олардың мойнына ешқандай міндет артылмаған. Көбісі жалғыз, отбасы, бала-шағасы, үй-күйі жоқ. Шатырдың ішінде күнелтеді. Бірақ, оларға мемлекет апта сайын алты жүз доллар көлемінде қаржы беріп отырады. Мен мұны неге айтып отырмын? Бұл қаңғыбас адамдардың тұрмыстық қажеттілігін өтеп беріп отырған мемлекеті бар. Ал Қазақстанда қаңғыбас адам түгілі, маңдай терімен нәпақасын тауып жүрген адамдардың жағдайы жақсарып кетуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан, сізді масыл қылып немесе еркелетіп, мойнына мінгізіп, сіздің тұрмыстық қажеттілігіңізді өтеп беретін біреу немесе мемлекет болмаса....Егер сіз жауапкершілігіңіз бар, лайықты өмір сүргісі келетін, қадір-қасиеті бар адам болсаңыз, тірі кезіңізде тұрмыстық қажеттілікті ысырып қоя алмайсыз.

Бұрын «Астана ақшамы» газетінде Садық Шеріммен болған сұхбатымда ол кісі әдемі бір өзінің ойын айтқан болатын. «Қазақстандағы эстрада әншілері жұлдыз болып, не үшін табысты мамандарға айналды? Неге ақын-жазушылар ондай емес. Өйткені, олардың кәсібі көңіл көтеруге, демалысқа қызмет ететін сала. Халыққа ойланғаннан гөрі демалған, көңіл көтерген жақсы. Сондықтан да, әншілер өздеріне қажеттілікті тудыра алды», - деген болатын. Эстрада саласының, шоу-бизнестің дамуына менеджерлер ықпал етіп отыр. Айтайын дегенім, кез келген өнер саласының адамы шедевр туынды жасау арқылы бағаланбай, сол өнерін көпшілікке сата білуімен бағалануы қажет. Бүкіл әлемде заман талабы осылай. Бізге қазір тұрмыстық қажеттілікті ысырып қойып, өнермен айналысу деген тақырыпта әңгіме айтқаннан гөрі, адамның бойындағы кез келген өнерді табыс көзіне айналдыра білу жайлы айту керек секілді.

Айнұр Төлеу, ақын, журналист

- Біздің елде ғана емес, қайда жүрсең де тұрмыстық қажеттілікті ысырып тастап таза өнермен айналысу мүмкін емес. Анығында біздің елде өнер бағаланбайды. Егер өнердің бәсі жоғары тұрса, бағаланса, тұрмыстық қажеттілік деген не тәйірі. Өнер құнсыз. Оны ешкім бағаламайды. Бағаламайтындарға да ренжи алмайсыз. "Ораза - намаз тоқтықта", - дейді. Несиесін төлей алмай жүрген жұртқа менің өнерім неге керек? Ал несиеден ада, шалқып өмір сүріп жатқандарға төл топырақтан өніп шыққан өнер тіпті керек емес. Оларға бұл топырақтан шығатын мұнай қызықтырақ, бірақ дәл осы топырақтың киесі мен иесі, өнері мен тілі бес тиынға да татымайды.

Аслан Тілеген, ақын, «Ақ Желкен» журналының жауапты хатшысы

– Әлбетте, мүмкін. Тынымбай Нұрмағанбетовті өзім үшін көп тақырыпқа мысал етіп жүремін. Осы сауалға да мысал қылуға болады. Себебі ол кісі жас шағынан бастап тек шығармашылықпен айналысып келеді. Оны бір сұхбатында өзі айтқан болатын. Өмірбаянына үңіліп көрсеңіз де байқайсыз. Сосын да болар, оқырманға көп дүние берді. Өзімді бұл жазушының барлық шығармасын оқыған шығармын деп ойлайтынмын. Сөйтсем, оным бекер екен. Кітаптарына енбеген, бірақ кезінде әдеби басылымдарда ғана жарық көрген әңгіме, повестері көп боп шықты. Бұның бәрі мемлекеттік қызметті немесе жеке кәсіпті ысырып қойып, тек жазу үстеліне өзін байлағанының нәтижесі болса керек.

Досхан Жылқыбай, жазушы, оқытушы

- Өте мүмкін. Егер ата-анаңның жағдайы жақсы болып, солар сені қамтамасыз ете алса. Ол үшін өз ісіңнің маңыздылығын өзің түсінгеннен бұрын оларға түсіндіре алуың керек.

Егер ата-анаңда сені қолдарлық күш-қуат болмаса өзіңе сенуіңе тура келеді. Сол үшін жұмыс істейсің. Журналист боласың. Өзің қаламайтын адамдармен сұхбат құрасың. Өзің жек көретін адамдар жайлы оқуыңа тура келеді. Олардың алатын уақытынан бөлек, көңіл күйіңді бұзуының өзі шығармашылықпен еркін айналысуыңа кедергі келтірер.

Жалпы жазуға жазудан өзгенің бәрі кедергі келтіреді. Көркем шығарма жазуды айтып отырмын...

Бағашар Тұрсынбайұлы, әдебиет сыншысы

- Әр адамның тұрмысы – жеке шаруасы. Оны ешкім ысырып қоя алмайды. Тұрмыс дегеніміз – өмір сүру ғой. Нан табу, бала асырау, баспана салу. Ал өнер, тіпті, жеке дүние. Өнерді жеке тұлғалар жасайды. Онымен айналысқысы келген адам ештеңеге қарамайды. Бүгінгі біздің қоғамда таза өнермен айналысу үшін мүлде басқа түсінік керек. Таза өнер дегеніміз – ізденіс. Қалай болса да үнемі ізденіп, экспериментке барып, өзін іздеп, түр, мазмұн өзгертуге талпынып жүрген әр адам құрметке лайық. Біз тұрмыстық қажеттілікті ысырып қоя алмаймыз. Ол сонысымен – қажеттілік. Бізге қазір басқа дүниелерді ысырып қою керек: Өтірік мақтауды, жалаң қиғаданы, жеке мүддені, пайда ойлауды. Бұлар бар жерде – таза өнер жоқ. Қазір біздің қатарластарымызда өтірік мақтау көбейді. Жақсы ақындардың нашар өлеңдері мақталып жүр. Соның себебінен нашар ақындар өздерін әжептәуір ақынбыз деп ойлайды.

Бекзат Смадияр ақын, кинорежиссер

- Меніңше, бұл біздің елге ғана тән құбылыс емес. Кез келген елде шығармашылық адамының жолында қиындықтар кездесуі мүмкін. Солай емес пе?!

Сосын, не үшін тұрмыстық қажеттілікті ысырып қою керек? Салауатты өмір салтын ұстану, денсаулыққа пайдалы, халықаралық стандарттарға сай өнімдермен қоректену, сапалы (бағалы) киім кию, әлем елдерін аралау шығармашылық адамына жараспай ма? Бұлар да тұрмыстық қажеттіліктерге жатады. Отбасылық шығындарды көтеру сенің отағасы ретіндегі мәртебелі борышың.

Шығармашылықпен еркін айналыса алмауымызға ақшаны аз табатынымыз айтарлықтай себеп екені рас. Бұл бар мәселе. Бірақ, ақшаны аз табуымызға кім кінәлі?

Шамасы, кеңес кезеңіндегі әдеби үдерісті аңсаудан арыла алмай жүрміз. Билік бізге еркін шығармашылықпен айналысу үшін қаржы үлестіріп отыруы керек сияқты. Алда-жалда қаламгерлерге гранттар тағайындалған жағдайда азаматтық қоғам белсенділері қарсылық танытып жүр ғой. Қаламгерлерге басқалардан айрықша статус не үшін берілуі керек дегендей... Дұрыс, не үшін айрықша статус берілуі керек?

Қала берді, алмақтың салмағы да бар. Саяси науқандарда былғануға мәжбүр болып қаласың. Қарапайым заңдылық – саған біреу жақсылық жасады, сен енді қарыздарсың... Егер де мұны жақсылық деуге болатын болса.

Сонымен, ақшаны аз табуымызға кім кінәлі? Біреу жолымызды кесіп, әдейі кедергі жасап отыр ма? Кім болса да бір жұмыстың құлағын ұстап отыр. Мәселе жалақының аздығында.

- Қазақ әдебиетінің қолданбалы болуына, қазақ тілді кітаптардың өтімді болуына, қазақ тілді аудиторияның көбеюіне не жетіспейді?

Назира Байырбек жазушы, журналист

- Бізде қазақ тілді аудиторияның көбеюіне кедергі көп. Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне 1989 жылы ие болды. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Біз әлдеқашан тіліміздің мәселесін шешіп, бұл тақырыпқа қайта айналып соқпауымыз қажет еді. Тіл мәселесі популизмнің құралына айналды. Жоғары жақтағылар басшыларымыз Ресейге жалтақтай ма, әлде Қазақстандағы орыс тілді азаматтарға жалтақтай ма білмеймін, тіл мәселесі көтеріле қалса, тұншықтырып төбеден баса қояды. Кері тартқанының кесірінен тіліміз дамымайды. Елімізде қаншама үлкен жобалар, өзгеріске деген жақсы қадамдар жасалды. Мысалы, өзім 2002 жылы Астанаға «Жас Алаш» газетінің тілшісі болып келдім. Осы 2002 жыл мен одан кейінгі он жыл аралығында бәрі жап-жақсы өсіп, нәтижесін беріп келе жатқан. Менің есімде қалғаны, тіл мәселесін ұдайы көтеретін Оразгүл Асанғазы Парламентке депутаттыққа тағайындалды. Сонда біздің елбасымыз Парламентке келіп, «тіл-тіл дей бермеңдер» деп ескерту баяндамасын жасады. Тіл мәселесін көтеретіндерді үнемі осылай қыспаққа алып, тұншықтырып отырғаннан кейін қазақ тілі ешқашан өспейді. Осы үшін билікті кінәлаймын. Қазақ тілді аудитория жақын арада дамымайды. Қазақ тілді қауым ылғи өз қотырын өзі қасып, мұңын бір-біріне айтып келе жатыр.

Қазақ тілді аудиторияның санының артуына қазір қатты үміттенбеймін. Қазақ әдебиетінің қолданбалы болуына, қазақ тілді кітаптардың өтімді болуына кедергі келтіруші тіл мәселесінен бөлек, тағы басқа да факторлар бар. Солардың бірі – біздің әдебиетшілердің күнделікті өмірге жақын болуға тырыспайтыны. Біз әдебиетке баяғы кеңестік көзқараспен қараймыз. Ақын-жазушыға қоятын елдің талабы, күтетіні бәрі баяғыша.. Үлкен серпіліс жоқ. Кейбір тақырыптарда оқырманға дұрыс ақпарат жетіспейді. Әдеби шығармада сезім, махаббаттан бөлек өмірге қажетті ақпарат ала алатындай жағдай болса, оқырман саны артар еді. Біздегі кейбір әдеби бағыттар дамымаған. Неге біздің жасөспірім оқырмандар шет елдік әдебиеттерді, орыс тіліндегі кітаптарды оқиды? Себебі, жасөспірімдер тақырыбы дұрыс қамтылмаған. Балалар әдебиеті бойынша біраз қаламгерлер бар. Бірақ, мүмкіндігінше еркіндік қажет. Еркіндік болғанда ғана шығармашылық адамдары өнімді еңбек етіп, қабілеті артып, үлкен серпіліс жасайды.

Айнұр Төлеу, ақын, журналист

- Қазақ тілінің көсегесі көгермей, қазақ тілінде шығатын кітаптың да, әдебиеттің де бағы ашылып, жұлдызы жарқырамайды.

Аслан Тілеген, ақын, «Ақ Желкен» журналының жауапты хатшысы

– Жаңашылдық пен оның жарнамасы жетіспейтін сияқты. Интернет кітап дүкенін ашқаныма бір жыл боп қалды. Осы уақытта көп дүниеге көзім жетті. Мәселен, сіз кітап шығарар кезде екі жолдың бірін таңдайсыз. Біріншісі – кітапты өз ләззатыңыз үшін ғана жарыққа шығару, жазған дүниеңіздің кітап боп шыққаны жеткілікті. Ары қарай сата алғаныңызша сатасыз немесе сұраған оқырманға таратып бересіз. Екіншісі – шыққан кітапты қалайда өтімді қылу. Ол үшін маркетингтің бүгінгі талаптарының бәрін орындап бағасыз. Міне, қазір кітаптың таралуы осы екі бағыт бойынша жүріп жатыр. Ал оқырман жоқ деген бос әңгіме.

Досхан Жылқыбай, жазушы, оқытушы

- Жазушылардың романдары жетіспейді. Мен мұғалімдік қызмет істеймін. Студенттердің көбі шетелдік романдар оқитынын байқаймын. Ешбірі түгеншенің «пәлен» әңгімесі деп маған әңгіме айтпады. Тек шетел авторларының тұтас кітап болып басылған романдарын айтады. Яғни роман оқылады және роман автордың жарнамасына айналар заман келді. Адамдардың роман оқуға уақыты жоқ деген ақталу мен сылтаудың уақыты өтті.

Бағашар Тұрсынбайұлы, әдебиет сыншысы

- Ниет керек. Философия ғылымдарының кандидаты Қанағат Жүкешев: «Аграрлы қоғамға қызмет етіп келген қазақ тілін индустриялық қоғамда ресми аяда қолдануға дайындау жұмыстары жүргізілген жоқ», - дейді. Соның себебінен қазір қазақ тілін ресми кең қолдана алмай отырмыз. Ресми құжаттарды (заң, тұжырымдама, заң жобасы, кодекс) оқысаңыз, ештеңе түсінбейтініңіз содан. Бұл қазақ тілінің қолданысы байланысты жауап. Ал қазақ кітабы өтеді, қазақ аудиториясы да жеткілікті. Бізге кітап шығару мәдениеті енді келіп жатыр. Қазір Арман Әлменбеттің «Мұқаба» баспасы, Шыңғыс Мұқанның «Мазмұндама» қоры, Раиса Сайран Қадердің аударма саласындағы іс-қызметтері бізге жаңа мәдениет әкеліп жатыр. Ол – баспа мәдениеті. Сол мәдениетпен жаңа мәдениетті қазақ аудиториясы өсіп келеді, түрленіп келеді. Осындай жеке баспалар, аудармашылар көбею арқылы ғана дамимыз. Мемлекеттік тапсырыспен отырған, ешқандай бәсекеге түспейтін баспалар ештеңе өзгерте алмайды. Біздің баспа ісіне бәсеке керек. Оларға тек тендер бере беруге болмайды деп ойлаймын. Қазақ аудиториясын көбейтетін баспалар. Бәсеке болған жерде жақсы кітап болады. Сапалы мәтін болады. Әркім өз кітабын әдемілеп оқырманға ұсынады.

- Қазіргі қай өнер саласы болсын, шығармашыл адамдарының санасын тұрмыс билеген. Алдағы уақытта өнер иелеріне тәуелсіз ұйымдар тарапынан қолдау көрсетіліп, немесе үкімет тарапынан әдеби гранттар тағайындалғанын қалайсыз ба?

Назира Байырбек, жазушы, журналист

- Еуропа елдерінде, Америкада әдеби шығармаларға тәуелсіз ұйымдар тарапынан бәйге жарияланып тұрады. Елдің сауатын арттыру үшін экологияға байланысты, тағы сол сияқты экономика, саясат, тарих, биологияға қатысты шығармаларға байқаулар боп тұрады. Өз басым үкімет тарапынан әдеби гранттар болғанын қолдамаймын. Бізде онсыз да көпшілік қаламгерлер, журналистер өзінің абырой-беделін мемлекеттік сыйлықтармен өлшеуге тырысады. Біздің елдің эстрадасында, айтысында аяқ астынан бәйге ұйымдастырылса – жеңімпазы алдын ала анықталып қояды. Біреуге көлік әперу үшін айтыс ұйымдастырып, сол адамға қайтсе де алып береді деген сықылды. Әділет үстемдік етпейінше марапат, сыйлық арқылы шығармашылық иелерінің мерейін үстем қылу деген нәрсені қою керек деп ойлаймын. Мен өз басым 2013 жылы «Дарын» сыйлығына ұсынылдым. Содан кейін ешқашан марапатқа жоламаймын деп шешім қабылдадым. Өйткені біздегі сыйлықты беру жүйесі қалай жүретінін, адамның жанын, жүрегін қалай жаралауға болатынын өз көзіммен көрдім. Иәә, мен «Дарынды» күресіп жүріп алдым. Бірақ, сол тәжірибем осы тақырыпқа қатысты көзқарасымды қалыптастырды. Қазір жас қаламгерлер байгеге қатысып жатса сыртынан жаным ашып тұрады. Шіркін-ай, сағы сынбаса, әділетті болса екен деп тілеп тұрамын. «Күштінің арты диірмен тартады», «қолынан келген қонышынан басады». Сүйтіп, талантты адам шетке ысырылып, еңбегі кемшіндеу адам жүлде алған кезде, дарынды жастардың жігері құм болады.

Кез келген әдеби шығарманың негізгі діңгегі – идея. Бейнелеп айтсақ мата сияқты. Заманның, көпшіліктің талғамына сай дұрыстап киім тігіп барып, ұсынбасаңыз ешқашан қолданылмайды. Ойыңызды, идеяңызды көпшілікке жеткізу үшін, көпшіліктің талғамына сай киім тігіп барып ұсынуыңыз қажет. Кітап өтімді болуы үшін оқырманның талғамымен санауымыз шарт.

Америка Президенті Джо Байденнің инаугурациясында Аманда Гурман деген ақын қыз өлең оқыды. Ол қыздың бір ерекшілігі – өзінің жазған поэмаларын оркестрдің сүйемелдеуімен оқитын. Бізде де театрландырған қойылымдар жасап, өлеңді музыкамен оқу үлгісі бар ғой. Әйткенмен, тірі оркестрмен өлең оқуды мен осы жаққа келіп көрдім. Осы секілді заманның дамуына қарай неге икемделмеске?

Айнұр Төлеу, ақын, журналист

- Әдеби гранттар тағайындалғанын қаламаймын. Себебі ол гранттардың шын қабілетті, дарынды, талантты әдебиетшіге тиесілі боларына кім кепіл? Ол гранттың тағдырын кім шешеді? Тағайындаңыз, ал! Сол баяғы сыйлық алып жүргендер мен көзге түскендер бір жасап, қарық болып қалар еді. Жоғарыда айттым ғой, біз өнердің бағасын білмейміз. Сөйтеміз де шығармашылдарды кінәлаймыз. Кез келген діни адамнан сұраңызшы, талант түгілі Құдайдың өзі құлдарынан мадақ талап етеді ғой. Біз Құдайды мадақтаймыз, 18 мың ғаламды жаратқан шеберлігіне тәнті боламыз. Талантты мадақтамай-ақ қойыңыз. Дегенмен, тепе-теңдік деген бар ғой. Қадір-қасиетті білмеген жерде сол тепе-теңдігі бұзылады. Бізде де сол тепе теңдік бұзылған. "Өнер-білім бар жұрттармен" өнердің парқын түсінбейтін елде өнерпазды кіналау – күлкілі ғой.

Аслан Тілеген, ақын, «Ақ Желкен» журналының жауапты хатшысы

- Алдағы уақытта емес, қазір де ондай гранттар мен стипендиялар тағайындалып жүр. Менің білуімше, жыл сайын Президенттің «Әдебиет пен өнер саласындағы» стипендиясы, «Дарын» жастар сыйлығының стипендиясы, кейбір өңірлердің әкімдерінің стипендиясы мен гранттары бар. Оған қарсылығым жоқ. Бірақ бұның есебі берілсе деймін. Нақты қай шығармасы үшін берілгенін көрсетіп және ол шығарманың оқырманға ұсынылғаны дұрыс деп есептеймін.

Досхан Жылқыбай, жазушы, оқытушы

- Екеуін де қалаймын. Бірақ, біздің қаламгерлер тәуелсіз ұйымдар қолдаған шығармасында тым оппозиционер, мемлекет қолдаған шығармаларында тым мемлекетшіл идеолог болып кете ме деп қорқамын.

Бағашар Тұрсынбайұлы, әдебиет сыншысы

- Қазір әдеби бәйге аз емес. Алматы қаласының әкімдігі жыл сайын грант бөледі. Ақтөбе облысының әкімдігі жылына жеті қаламгерге сыйлық тағайындапты. Алматы облысының да жылда өтетін «Ақ қауырсын» бәйгесі бар. Осындай сыйлықтарды әр жердің әкімдіктер ұйымдастырса, жақсы болады деп ойлаймын.

- Коронавирус адамзаттың тазаруы катарсис мәселесіне жақын болса, індеттен кейін әлем әдебиетінде жаңа түзілімдер пайда болып, классификациясы, құрылымдары, мега тақырыптары өзгеруі мүмкін бе? Сіздің ойыңыз қалай?

Назира Байырбек, жазушы, журналист

- Коронавирус жаңа басталған кезде менің мектептегі кішкентай қызым қысқа ғана әдеби шығармалар оқып жүрді. Арасында вирусты, бактерияларды кейіпкер қылған қысқа-қысқа әңгімелер болды. Қазақстанда қаншалықты жазылып жатқанын білмеймін. Жалпы, ән болсын, би болсын, әдебиет болсын халықтың тұрмыс-салтының элементтерін алып жүреді. Заманмен бірге әдебиет жанрлары, техникасы өзгеріп отырады. Коронавирустан кейін әлем әдебиетінде жаңа тақырыптар пайда болып жатыр. Дами береді. Айта кететін бір нәрсе, Америкадағы көбірек қамтылатын жаңағы айтып өткен экология, медицина тақырыбында да ақпараттық әдебиеттер бар. Кәдімгі көркем әдебиет. Алайда оқып отырып, ғылымға қатысты тың ақпараттар аласыз. Салалық әдебиеттер шет елде дамыған. Біз мұхиттардан шалғай, Еуразия құрлығының ортасында орналасқандықтан біздің оқырмандар экологияға қатысты ақпараттардан аса хабардар емес. Су бәрін жуады деп ойлаймыз. Дүние дөңгелек екенін, кір жуған суымыз қайтып қолданатынымызды түсіне бермейміз. Дәл сол сумен қоқыстың айналып келіп, өзімізге жаңбыр тамшылары болып таматынын білмейміз. Бұл тақырыптар неге біздің әдебиетте айтылмайды. Шетел әдебиетінде экология, зомбилар, мутанттар бірен-саран қамтылған. Коронавирустан кейін тереңірек жазылады деп ойлаймын.

Айнұр Төлеу, ақын, журналист

- Әлем әдебиетінде өзгерістер болуы әбден мүмкін. Бірақ мен корона күндеріне арналған прозалық және поэзиялық шығармаларды зерттеп көрдім. Ол жұмысым арнайы жинаққа енді. Сондықтан қазақ әдебиетінде жақын арада өзгеріс бола қоймайды.

Аслан Тілеген, ақын, «Ақ Желкен» журналының жауапты хатшысы

– Қазіргі әлем әдебиетін жіті қадағалап жүрмін деп айта алмаймын. Ол үшін тіл білу маңызды. Қазақ әдебиеті де сол әдебиеттің бір бөлшегі. Демек, қазіргі қазақ әдебиетіне қарап-ақ, тікелей бұл пандемияның соншалықты әсері болады деп ойламаймын. Жекелей шығармалар жазылып жүр ғой, жазыла да береді.

Досхан Жылқыбай, жазушы, оқытушы

- Тақырып өзгермейді. Өйткені әдебиеттің құндылығы, жалғыз құндылығы – ізгілік. Сондықтан тақырып өзгермес.

Пандемия адамзатқа тазару әкеле алған жоқ. Әлемді де тазарта алмады. Өйткені адамзат бір идеяға біріге алмады. Идея үшін күресе алмады.

Жаңа бағыт дегенде, әдебиет тарихында «пандемия кезеңіндегі» әдебиет деген кезеңнен басқа ештеңе қалмайтын секілді. Бұл кезең ғана.

Бағашар Тұрсынбайұлы, әдебиет сыншысы

- Бұл індет әдебиетке жаңа шығармалар әкеледі деп ойлаймын. Тақырып тұрғысынан бұл бар дүние. Жанрлар әлдеқашан қалыптасқан. Енді жаңа жанрдың пайда болуы екіталай. Жанрлардың шекаралары да бұзылып, мидай араласып кетті. Жаңа мазмұндағы жақсы шығармалар туады деп ойлаймын.

Бекзат Смадияр, ақын, кинорежиссер

- Белгілі бір қауымның басынан өткен кез келген тарихи оқиға әдебиетте, өнерде көрініс табады. Тіптен, дүниежүзілік соғыстар адамзатқа зұлмат болғанымен, әдебиетке олжа болды.

Бірақ, коронавирустың нәтижесінде әдебиет мүлде өзгеріп кетеді деп ойламаймын. Әйтсе де кесек туындыларға арқау болуы әбден мүмкін...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар