Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Арман Шеризат. Жәнібектің жазушылығы...

11.04.2019 4984

Арман Шеризат. Жәнібектің жазушылығы

Арман Шеризат. Жәнібектің жазушылығы - adebiportal.kz

Қасиетті Шыңғыстау топырағында туып-өсіп, даналар тағылымын бойына сіңірген, күллі қазақты әнімен әлдилеген әнші Жәнібек Кәрменов. Ойға терең, сөзге шешен Жәнібектің өнерде де, өмірде де ұстанымы хәкім Абай айтқан: «Ет жүрексіз еріннің айтпа сөзін!»

Әншілігімен дараланған таланттың тағы бір ерекше қыры көпті тәнті еткен жазушылығы. Бала күннен өнерге деген шексіз махаббаты оны мәртебе биігіне көтерді. Қалың елін әнімен тебірентіп, қаламымен толғантты. Соғыстан кейінгі туған ұрпақ ретінде тағдырдың теперішін аз көрмеген ол буының қазақ өнері мен әдебиетіндегі орны тіптен ерекше.

Жәнібектің әңгіме-повестері көбіне өнер адамдарының тағдырына арналған, ән мен күйдің шығу тарихымен астасып жатыр. Жазушылық шебірлігін айқындайтын “Ақылбайдың әні”, ”Ғашықтың тілі”, “Махаббат әні” атты кітаптары әлдеқашан өз оқырманын тапқан. Естеліктерге үңілсек аға-досы академик Рымғали Нұрғалидың «қаламыңды тастама!» деген үлкен жанашырлығын байқаймыз.

Ал, белгілі ғалым, досы Тұрсын Жұртбай: «Алғашында өлеңмен басталған сөз оның сахнадан шеттелген тұстарының өзінде екінші жұбанышы болды. «Ғашықтың тілі», «Махаббат әнін» сахнадан шет жүрген кезде жазды. Оның жазу өнері жүрек жұбанышы болды», – деп пікір білдіреді.

Жалпы қай әңгімесін алып қарасаң да шынайы, қарапайым. Өнер адамдарының ішкі тебіреніс, шалқар шабыт, шығарманың өмірге келу сәтіндегі толғаныстарын берудегі шеберлігі еріксіз тәнті етеді. Әңгімелерінің өзегінде аңқылдаған ақ жүрек пен адал махаббат, дала қазағының дархан мінезі жатыр.

«Адамның тіршілікте жүрегінің түбіне құпия сақтап жүретін, сыйынып жүретін бір шындығы болады. Ол шындық тек жан берер алдында ғана өміріңнің барлық мән-мағынасын арқалаған, соңғы сөзің болып, жарық дүниенің құлағында қалады».

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жәнібек Кәрменов. Жарық дүние

Бұл «Хорлан» атты әңгімесіндегі Жомарттың ешкімге айтпаған сыры, мөлдір сезімі, ғашығына деген таза махаббаты. Тамыршыдай тап басқан. Әркімнің жүрегінде бір шындық болары сөзсіз ғой. Хәкім Абайдың «жүрегімнің түбіне терең бойла» деуінде де осындай бір мән жатқандай.

«Адам өмірге деген құштарлықты, жүрегіндегі сөнбейтін махаббат отынан алса керек». Бұл да кейіпкер арқылы беріп отырған жазушының керемет түйіні. «Махаббатпен жаратылған адамзат» одан айырылса көңілі қараңғы түнекке, кеудесі сұп-суық көрге айналмақ. Әсілі, зұлымдық, қараулықтың бәрі солардан шықса керек.

Шығармаларында ең бастысы жазушыға тән ой, тіл, сезім, суреткерлік барлығы әсем көрініс тапқан.

Ел ішіне кең жайылған «Ақылбайдың әні» Жәнібектің қаламынан ғажап әңгімеге айналған. Абайдан қалған дәстүр бойынша ел ішіндегі таланттардың басын қосатын келелі жиын, көркем отырыс енді Ақылбай үйіне көшкен. Ақылбай ауылындағы Ағашаяқ-Берікбол мен Әлмағанбеттің, інісі Мекайылдың керемет ән мен күйі жарасқан отырысын суреттейді.

«Алтыбақанда жүрген жастардың бір-біріне деген ыстық сағынышы асық жүректен ақтарылып шығып ән болып ауыл үстінде қалықтап тұрып алды» – көңілі көлдей тасыған жұрттың, көптен көрмей сағынысып қалған көрінісі.

Бұрынғыдай қайтымы жылдам, суынуы тез желікпе көңілдің ділі емес, есейген ой, марқайған көңіл тән Ақылбайдың бейнесі көз алдыңа келеді. Бұрын «Ақылжан» деп еркелеп тұратын қарындасқа, енді «Ақыл аға» болып отырған ақынның өткен күнге деген ыстық сағынышы еседі. Жүрегі тулап, жастығын аңсайды. Ақылбай шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік «Жаррақ» жыры жайлы да жазушы өз ойын ортаға салады.

Абай әнін әуелете, нақшына келтіре шырқаған Әлмағанбетке сүйінішпен қарайды. Әншінің шеберлігін былайша суреттейді: «Әлмағанбет ән салғанда өзгеше әруақтанып, иықтанып көрінді. Сабырлы, байыпты көзқарасында қызуы мол шабыттың оты жылтылдайды. Әннің әр сөзін жіліктеп, астарын ақтармалап алдыңа жайып салады».

Жазушы өлең жазу үстіндегі Ақылбай бейнесін табиғатпен астастыра суреттейді. «Кеше ғана өз басынан өткен қансонардың бар қызығы өр кеудесін дүбірлетіп шауып өтті. Ат тұяғына ін бар, қыран қанатына азу бар, сүрінермін демеуші еді. Көзі жерде емес көкте жүретін. Ат терін құрғатпай қызды ауылдың қылтасында түн күзетіп жортқан сәттері. «Мен едім ғой сондағы асылың», – деп көз алдында көлбеңдейді».

Міне, осы бір жүрек толқытқан сағыныштар Ақылбай кеудесінде өлең боп тулап жатқандай. Осы сәтті дәл танығандай Әлмағанбеттің жаңа өлең сұрап қолқа салуы ақынның шабытын одан сайын аша түседі. Жаңағы булығып іште жатқан сезімнің барлығы енді шумақ-шумақ өлеңге айналып, ән қанатына қонып қалықтап кете барады.

Шығармашылық көңіл-күйді шығармашылық адамынан артық ешкім де білмейді. Өнер адамдарының тағдырын, ішкі жан дүниесін жазуда Жәнібектің артықшылығы көзге оттай басылады. Қаламымен де, қара домбырасымен де халқына аянбай қызмет еткен тұлғаның өмірі көпке үлгі. Жаратқан бойына сан өнерді жиып берген жан-жақты талантын жалғыз ғұмырына сыйғызып небәрі қырықтың ортасына да жетпей кете барды. Қанша ғасырлар өтсе де оның салған әні, жазған дүниесінің мәні ешқашан жоғалмай халқының жүрегінде мәңгілік жасай бермек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар