Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ашаршылық пен қуғын-сүргін туралы 4 фильм...

30.05.2017 11663

Ашаршылық пен қуғын-сүргін туралы 4 фильм

Ашаршылық пен қуғын-сүргін туралы 4 фильм - adebiportal.kz

«Әдебиет порталы» 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ғаламтор желісіндегі осы тақырыптарға түсірілген 4 фильмді назарларыңыға ұсынады. Көріп, сол бір зұлмат замандарда шейіт кеткен қаймана қазақтарды есімізге алайық...

Режиссер Еркін Рақышевтің «Ашаршылық» атты деректі фильмінде елімізде 30-жылдардың басында орын алған жан түршігерлік зұлмат пен аштықтың ауыр азабы жан-жақты көрсетілген. Мысалға алатын болсақ, ересек ер адамдардың аштықтан баланы жемек болғаны, сондай-ақ КСРО халықтық комиссарлар кеңесі жанындағы мемлекеттік жоспарлы комиссияның төрағасы Валериан Куйбышевтің «ашаршылық – пролетариаттың ең үздік қаруы» деген мәлімдемесінің өзі не тұрады.


«Ашаршылық» фильмінде біз ұлттық зұлматты әділ әрі айқын бейнеледік. Біз ашаршылық Сталиннің қателігі емес, алдын-ала ойластырылған геноцид екенін мәлім еттік», - дейді фильм туралы Рақышевтің өзі.


Сол кездегі ҚазКСР ОК бірінші хатшысы Филипп Голощекиннің бұйрығы бойынша 1931 жылы халықтан тек ет қана емес, астық дақылдары да тартып алынды. Бұл 2 млн-нан астам адамның, яғни қаймана қазақтың 48%-ының опат болуының басы еді. Ашаршылықтың келесі кезеңі каннибализм болды. Бұл сұмдық шындықты да режиссер өз картинасында көрсетті.


«Ашаршылық» фильмі «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп түсірілген. Фильм Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мұрағаттарынан алынған құжаттарға негізделген.

2.

Созақ көтерілісі жайлы қысқаметражды «Зұлмат» фильмін «Қазығұрт» киностудиясы түсірді.

1925 жылы И. Сталин Қазақстан Үкіметін басқаруға И.Ш. Голощекинді жіберді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген әзәзіл ұранмен 1930-33 жылдары әдейі, қолдан жасалған бұл зұлматта 6 миллион қазақтың 3 миллионы қырылды. Картинаға Созақ көтерілісі кезінде бір ғана әулеттің басынан өткен қасіретті оқиға арқау болған. Қоюшы-режиссер Сәбит Әбдіхалықов ажалмен бетпе-бет келген бір үйдің алты баласы арқылы алты алаштың азапты тағдырын көрсетіп берген.

Режиссердің айтуынша, киноны түсіруге 3 айдан астам уақыт кеткен. «Бұл - «Қазығұрт» киностудиясының 7 жобасы. Тарихи кино. Созақ көтерілісі туралы көп мағлұмат жоқ. Тек Өтеш Қырғызбаевтың кітабын оқыдық. Молдасын Тастанов деген жігіт Созақ көтерілісінен кейін бір үйдің 6 баласын қатар ату жазасына кескен кезде ең кенжесін аман алып қалғаны туралы шынайы оқиғаны айтып берген болатын. Сол туралы түсірдік», - деді Сәбит Әбдіхалықов.

Балалардың анасын белгілі актриса Райхан Айтқожанова сомдаған. Басты рөлдерде Мұхамеджан Байзақ, Ержан Жарылқасынұлы, Әлішер Әркембай, Айдар Ақылбай, Асылхан Төлепов ойнайды.

3.

"Зауал" деректі фильмі. 1897 жылы Ресей империясында алғаш рет халық санағы жүргізілген. Онда қырғыздың саны 201 мың, тәжік 350, түркімен 281, өзбек 726 мың екен. Қазақ 4 миллион 84 мың адам деп көрсетіліпті. Күллі Орта Азия халықы қазақтың жартысына да жетпеген. 1911 жылғы санақта қазақтың саны 8 миллионның үстінде еді. Арада жиырма сегіз жыл өтіп, 1939 жылғы санақта түркімен 760 мыңға, қырғыз 750, тәжік 900 мыңға шығып, өзбектің саны 3 миллион 900 мыңға жеткен. Ал қазақ небары 2 миллион 300 мың ғана болыпты. Қазақ содан қайтіп 1929 жылғы санына 1970 жылы әрең ілінген.

4.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Қанмен жазылған хат» арнайы тележобасы. Фильмнің авторы - Жұрағат Баман, режиссері – Бақыт Найзабеков.

Фильмде саяси-қуғын сүргін құрбандарының ұрпақтары, ғалым-зерттеушілер сол бір зұлмат замандардың шындығын ашады. Сонымен қатар, сол кездердің шынайы бейнесін көз алдыңызға әкелетін сахналандырылған көріністер де әсер етпей қоймайды.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар