Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Асқар АЛТАЙ. КРЕМЛЬДІҢ КӨЛЕҢКЕСІ...

02.01.2023 3758

Асқар АЛТАЙ. КРЕМЛЬДІҢ КӨЛЕҢКЕСІ 14+

Асқар АЛТАЙ. КРЕМЛЬДІҢ  КӨЛЕҢКЕСІ - adebiportal.kz

Новелла

Қайыңтоздай лапылдаған қараша алаңға қарай бет қойды...   

Биік үйдің терезесінен даңғылға қадалған сілеусін көз сойдың көгеріңкі ерні жыбыр ете қалды. «Иә, ақсарбас! Қанды басын бері тарт!»

Қарсыз қаңтардың қарасұр күнінде Алматы түнеріп тұрды. Қарасуықпен қабат ұрған қараша жұрт қаһары алып қаланың жынын қағып алғандай жабықтырып, түнере төнген қабақтар сесі серпілтпей баса түсті. 

Көше-көше бойы жылжи жөңкілген жұрт селі сұйылар емес. Көбісінің қолдары бос. Таяқ та, қару да жоқ. Дабыр-дұбыр дауыс пен дүбір-дүрсіл жүріс қана көшені басып кеткен. Анда-санда алабажақ жедел жәрдемнің ышқына шыққан ащы дауысы ғана дүниені дір еткізердей естіліп қалады. Әлемді өзіне қаратардай боп бекінген нөпір оған бірақ мән де бермейді. Жауқабақ жұрт қатулы.

Ал биіктен үңілген сілеусін көз сой жыртқыштықпен жемтігін алардай бақылайды.  

*  *  *

Қараша қопарыла қозғалған қырғын жаңа жыл өтісімен басталып еді. Мейрамдағы шат көңіл күйі тез ұмыт болды. Сырты сырдаң, іші қуаң қоғам бір-ақ сәтте демін ішіне тартып, ақырын күтті. 

                                             Жоғары эшалон 

Жүзі қорасан шабдалының отқа жанбас жаңғағындай күреңітіп кетті... 

Қылау аралас қара мұрты жыбыр-жыбыр ете қалды. Демде қан қысымы көтерілгенін сезді... Еңгезердей бойын қанша билесе де, иығы салбыраңқы. Еңселі бойы еңкіш тартып, шабан тартқан ойы ойнақшып, қалың біткен сыздауық ернін тістелей берді.

Өң-түсі қашып кеткен жас орынбасары бұйрық күтіп, әйкелдей әлі сілейіп тұр. Ол да ҰҚК-нің жас генералы болса да, көзінен үрей көлеңкесі сезіліп, енді қайтеміз деген сауалмен мелшие қалыпты.

Жасынан тығырықты сәтте түсін билеп, түгін тысқа тептірмейтін қылау мұрт  бір мезет өз-өзіне келіп үлгерді. Орынбасары шыдай алмай қозғалақтап кетті де, тұтыға сөйледі.

– О-оқ а-атылуда? А-адам шығыны... Бы-бұйрық бірақ мінсіз орындалуда! 

Мұның ойын оқып қойғандай орынбасары. 

Қылау мұрт бірақ үндемеді... Тек басын изеді. Аузынан сөз шығармауға тырысты. Кім білсін, орынбасары «тыңдаушы аппаратпен» кірмесіне кепілдік жоқ. Дәп қазір әркімнің өз басы – өзіне дұшпан, өз тілі – өзіне жау.

Орынбасарына қарата сұқ саусағын жоғары көтеріп, шошаң-шошаң еткізді. Ол мегзегені «Менен де Жоғары» дегені болар. «Мен емес – Құдай;  «құдайдан да былай» жұмбақ  жаратылыс иесі... Ойрандаңдар!» дегені шығар. 

Орынбасар жігіт не дерін білмей дағдарды...

Қылау мұрт иегін қағып, кете бер деген ишара жасады. Өткен түн – өліара түн болды. Ұйқы келген жоқ. Таң алдында ғана демалу кабинетінде көз шырымын алмақ болып қисайып еді. Түс көрді.

Түсіне Кремль кірді...

Көз алдында Кремльдің керік мойын мұнарасы зорая берді. Басындағы қызыл жұлдызы да күнге жетердей шағыла биіктеп, жарқырай сәулеленді. Неге көрінгенін кім білсін, күн шығыстан емес, батыс беттен шығыпты?! Кремль көлеңкесі түстікке қарай түсіпті.

Көлеңке алып-ақ екен. Ұзына бойы жайындай жалпая келіп, шығыс түстікке қарай созыла беріпті. Кремль көлеңкесі орсақ тісті, қос басты қарақұсқа айналып, Сарыарқаның сары даласын жауып қалыпты... Арқа төсінде ерекше бой көтерген, ғимараттары ғаршыға жетердей көк тіреген жас Астана да қара жамылғандай күреңіте қалыпты. 

Даланы көктей өткен қос айыр бас қарақұстың қанаты көлеңкелей келіп, қараңғылық ұйығының ұшары Алатаудың ақзу шыңдарына дейін жетіпті. Алматыдай алып шаһар қараңғылық құшағына сіңіпті. Тек қаракөлеңке үстінен асып түскен күн шұғыласы Талғар шыңдарының басында алтын аптағандай жалтылдайды.

...Қылау мұрт түсін тағы есіне алды. «Япыр-ай, Кремль көлеңкесі   жамандыққа көрінбегей!» Қоңыр былғары креслодан тұрғысы келмеді.

* * *

Қылау мұрттан тапсырма алған орынбасарлары мен жер-жердегі басшы-қосшылары халық толқуын көтеріліске ұластыру қамымен әлек болып жатты. 

Біріне бірі күдікпен қарап, бірінен бірі қуыстанып, біріне бірі зәрленіп, біріне бірі ешкі көздене әкіреңдеп, ақыра жекірісіп; «сатып жібермей ме, көтерілістің ақыры не болады, Ішкі істер ұжымы жігіттері тайқып кетпей ме,  әкімқаралар қарсы келмей ме, Президент қайтер екен, жеңіске жете аламыз ба, түбі шикі әрекет-ау» деген сан-сапалақ сауал жағадан алып, күллі қалаларды қамтыған ұлт қаһары ес жиғызып үлгертпей, саналарында сапырылысып кетті. 

Ұялы телефондарда тыным жоқ.

– План бойынша жұмыс істеңдер! 

– Ақымақ болмаңдар! Аямаңдар! 

– Болар іс болды... Кешігуге болмайды!

– Барлық дайындық дереу іске асырылсын!

– Басқа жол жоқ... Орындаңдар! 

– Не өлім!? Не өмір!? Тек алға!

– Аянып қалмаңдар! «Жауды аяған – жаралы...» 

– Бұйрықты орындаңдар, пагон керек болса... Жұлдыз да, лауазым да сендердікі!

– Адалдықтарың мен іскерліктеріңе сын, мырзалар! Тағдырларың таразы басында... 

– Офицерсіңдер. Ант бергенсіңдер!

– Ертеңгі күні опық жеп қалмаңдар... Бәрің жауап бересіңдер!

– «Жаңа Өзен» естеріңде ме?.. Қырып салыңдар!

– Ақыры қан төгілді... Енді тоқтау жоқ.  Аяушылық болмасын!

– «Халықты қорғаңдар!» деген бұйрық аз ба? Қару қолданыңдар! 

–  «Арнайы топтар» жылдам қимылдасын! «Топтар» халық арасына «сына-сына» болып  кірсін! 

– Қару таратылсын! Қаруды аямаңдар, жұртқа беріңдер! Ертең «арандатушылар» солар болады... Соған да миларың жетпей ме?!

– «Сақалдылар» солқылдамасын! Олар да келісілгендей лаң салсын! Жеңілсек... шегінсек – солар жауап береді! Салафиттер – содырлар!

– «Террористер қаптап кетті!..» Үрей тудырыңдар! «Двадцать тысяч террористы действует!..»

– Все по плану!.. Жоспар бұзылмасын!

    Зілді зіркіл күшейді... 

Жымысқы әңгіме жел алды, қылмысты қимыл бел алды. Ал ел «Самарқанды сел алды» десті. 

                                           Орта эшалон

ҰҚК-нің капитан шенді офицері «Мерген» атанып кеткен қандықолға  шындықты айтты. 

– Сен семияңды ойла! Олар бір-ақ сәтте... білесің ғой. Біздің адамдар пәтеріңде... қазір... Операция біткенше, «залог». Қырыққа келгенде көрген жалғызыңды ойла! 

Бет-аузы қылтанақсыз, жып-жылмағай «Мерген» қала ішіндегі комитеттің «жасырын» пәтерінде мелшиіп отыр. Қолына қос қабат көзір салынулы. Ойы онға, жаны жүзге бөлінулі... Өз-өзіне іштей сенімді бірақ. 

– Соңғы операцияң... Сен зонада өлгенсің! - деді офицер.

– Кісі өлтіру оңай емес... Тағы қан жүктегім келмейді! Снайперлер бар ғой...

– Бар. Олар бірақ сенімсіз! Подводит.

Төрт жасар былдырлаған ұлы көз алдына келді. Жап-жас сұлу жары да ойына орала берді. Кәріске тән қысық көз кәрі анасының бейғам бейнесін елестетіп өтті. Аға-бауыры мен әпке-қарындасын есіне алды. Олар да мұны ойлай ма екен? Әй, ойламас! Көңілдері қалды ғой... Үш бірдей арыс азаматты атып тастағаны рас қой. Қалай қайырылсын? Жас әйелі де бұдан теріс айналып кеткен еді ғой... 

– Мерген, көрдің ғой, зонадан шығардым. Заречныйды қайтіп көрмейсің... Мен уәдемде тұрдым. Ендігі кезек – сенікі!

Қырықтың бел ортасындағы мерген жігіттің көзіне сегізінші қабаттың терезесінен Алатаудың қарлы шыңдары шалынбай, белуарынан түскен көк тұманға килікті. Сұлу Алатау суық сұрын салыпты. Ол да «келіс» дегендей сұрланып алыпты. Бұл біреуі орыс, екеуі қазақ «ақжолдықтарды» атқанда да Алматыда осындай сүреңсіз, сұрғылт күндер болатын... Жалғыз емес еді. Қаруды қанға шылаған екеу еді ол жолы... Қазір жалғыз. Мына үш жендетпен Астанаға аттанбақ.

– Менен бәрі түңіліп кеткен! Әйел де... баламды әкесіне жаздырып алған. 

– Балаңды өз атыңа жаздыртамыз! Осы операцияны ойдағыдай өткізген соң... Барлық жағдай жасалады оларға. Алигархтар мойнына алғызылған! Ал «Үлкен кісілер» екі сөйлемейтінін білесің... Паспортың өзгертілді. Шет елдің азаматысың. Нұр-Сұлтаннан самолетке отырасың. Швецария банкінде счет ашылған. Өзің айтқан сома салынулы... Міне, дәлелдеме счеты. Міне, билетің. Міне, паспортың. Ұлың мен әйелің артыңнан барады.

    Тұтқын мырс етіп күлді.

– Неге күлдің? Уәде берем!

– Уәдеге кім сенеді? 

– Серт берем!

«Мерген» тағы мырс етті...

– ...Күлме! Операцияны орындасаң, бәрін востановить етеміз... Бұл «сол  кісілердің» сөзі.

Сонда ғана «Мерген» сенген рай білдіріп, сызды үнмен: 

– Тапанша ұстап бер! - деді. 

– Мейлі, «Мерген». Сенің айтқаның-ақ болсын! Атам айтушы еді, «Қару үстінде серт жүрмейді!» деп... – Офицер аяқ астынан атасын есіне алды.  

Қасындағы екеуге иек қақты. Олар «Мерген» қолындағы көзірді шешіп алды. Бұл бір сәт білезігін айналдырып, жаттығу жасады. Қос көзірмен буналған білек мойны сықыр-сықыр етті. 

«Мерген» алдына жақын келіп, офицер еденге жер тізерлей отырды. Орындықтағы «Мерген» де тізесін бүге жүрелей берді. Екеуі қарама қарсы көзбен атысты. Жанарларынан ызғар есті... Сонда ғана жер тізерлеген жігіттерге төбесінен қараған «штаттан тыс» екеу «Уһ!» дескендей болып, бір сәт жайбарақат барып тұрды. 

Ат шаптырым кең бөлменің ішінде ҰҚК капитаны оқтаулы тапаншасын қолына алып, маңдайына тигізіп:

– «Мергеннің» барлық қылмыстық істері алынып тасталатынына және ұлының тегі өз атына өзгертілетініне тапаншаммен серт берем! Сертті кім бұзса, соған өлім кесілсін! - деп ант берді де,  тапанша ұңғысын жұқа ернімен сүйді. 

 Салқын ұңғы ерніне тиген сәтте шартты рефлекс әсерінен офицер көзін жұма берді... Осы бір сәт опыр-топыр болды да кетті.

«Мерген» аса бір шалт қимылдап қалды. Тапаншадан бес бірдей оқ тарс-тұрс атылып кетті. Капитанның қолындағы тапанша көз ілеспес уақытта қылмыскердің епті қимыл әрекетімен қолына көшіп, түрегеп тұрғандарға да, серттесіп отырған капитанға да атылып үлгерген еді.

Офицер иегі астынан енген алғашқы оқ бас ішінде құмығып қалды. Ал қарға адым жерде бейғам тұрған екеуге бағыттаған машықты қолы қос ажал оғын да қапысыз қадаған. Талмау жүрек тұсынан қармаған темір ажал «штаттан тыс» қызметкерлердің «Аһ!..» деуге де шамаларын келтірмеді.

Соңғы оқты жұмсаған да жоқ.  

Қылмыскердің қатерлі қимылы мен мүлт кетпес машығы ҰҚК-нің үш бірдей жендетін бір сәтте мұрттай ұшырды. «Мерген» өліктердің ыстық қойны-қонышын жылдам тінтіп шықты. Құжаттары мен тапаншаларын, қосымша оқшантайларын алды. Иығынан асыра портупеяны киіп, жаңа ғана өлім сепкен наганды қолтық астындағы қайыс кабураға сүңгіте салды. Беліне бір тапаншаны тықты да, енді бірін жанқалтасына салды.

Өліктердің ұялы телефондарының чипін ажыратты. Сосын чиппен қосып  телефондарды да дәретхана ішіндегі суға тастады... Ал өлгендердің бірінен шыққан қарыстай ғана жарық түсіргіш фанарикті қойнына тыға салды. Өзіне керектіні түгендеген соң, терең бір тыныс алды. 

Беті-қолын жуды. Бірқалыппен соққан қорқынышсыз жүрек соғысына риза болып, өз-өзіне жымиды... 

Сыртқы есік кілтін бұрай ашып, ақырын басып дәлізге шықты. Лифті шақырып, жауырынын жаза, атандай бойын тіктей тұрды. Лифті бос келді. Алматы қаласы толқуынан сескенген тұрғындардың көбісі пәтерлерінде өлі тыныштық сақтап, тыстағы жағдайды терезе мен интернет желісінен бақылауда болатын.

Бүгінгінің «Мергені» қаланың сырт жағындағы қайын атасы үйіне қарай тартты.

* * *

 Ібілістей еркін пенде ілбістей жылыстап кетті...

Жол бойы аулада қаңтарулы тұрған әлде бір шетелдік жеңіл көлік терезесін сындырып, мініп алған еді. Бұлғақ жайлаған Алматыда біреуді біреу біліп болмайтын, біреуге біреу қарайтын жағдайда емес-ті. Бос қалған шеткері көшемен құйғытып, құбыла беттегі қаламен іргелес ауылға тез-ақ жетті.

Қызыл кірпішпен өрілген биік дуалды темір қақпа жабулы қарсы алды. Бұл бетіне басбармақтай білеу-білеу шыбық темірден шахматтана өрілген қызыл қақпаның шетінен шығып, үстіндегі істіктеріне ілінбестей ептілікпен, аула ішіне секіріп түсті. Еңселі келген бір қабат үйдің ауызғы бөлме терезесінен біреу қарағандай болды. 

«Мерген» есікке беттеді. Есік күршекке ілулі екен. Ескі ағаш есікті тарсылдата қақты. Іш жақтан қайын атасының дауысы естілді.

– Аулақ кет! Маңайымызды баспа! 

Бұл да үндемеді. Ол да үнсіз қалды.

– Полиция шақырамын... Жайыңа кет!

– Ұлыммен... әйеліммен қоштауға келдім. Енді қайтіп мені көрмейсің! Есікті ашыңыз!

– Олар жоқ. Үйде жалғызбын.

– Өтірік айтпа! ...Олармен қоштаспай кетпеймін!

– Алла атымен ант етем – жоқ!

– Сенбеймін сізге!

Қайын атасы бір сәт үндемей тұрды да, есікті шалқасынан ашып жіберді.

– Қара! Сенен несін жасырамын?! Бар болса – байлап әкет! Мұны да адам деп жүр ғой олар...

«Мерген» мысықтабандап ішке өтті. Қолында тапанша. Мұнда да «күтушілер» болмасына кім кепіл?! 

Қайын атасының сөзі рас екен. Текке күдіктеніпті.

– Рахмет! - деді бұл.

Қартаң адам суық айбарын салған күйі теріс айналды... «Қайран қызым!» деген үні естіліп қалды. 

Бұл іші жанып, жүрегі мұздап тұрса да ләм демеді. Қайын атасы олардың қайда екенін бәрібір айтпайтынына – сатпайтынына көзі жетті. Оған өзі де іштей қуанды. 

Жары мен ұлы мынандай апалаң-төпелең кезде жасырынып жатса, құдайдың сақтағаны! Ал әлгі «комитетчик» капитан айтқаны рас болса, онда пәтерінде болғаны... Оған да бірақ сенуге болмайды! Соған сенбестен осында құстай ұшпады ма?! Қап! Пәтерінде болмай шықса екен!

«Мерген» қалада қолды қылған көлікке қайта мінді. Алматының «Орбита» ауданына қарай қозғалды. Жылдамдықты ілезде үдетті.

                                      Төменгі эшалон

Желтоқсан алаңын қарақұрық көлеңке киіздей жапты... 

Адам толқыны жас демей, кәрі демей алға ағындай ұмтылды. Оларды дар-дар атылған пулемет дауысы да, тыр-тыр еткен автомат үні де, тарс-тұрс шаңқылдаған мылтық шуылы да тоқтата алмай қойды. 

Қараша жұрттың қаны көтеріліп кеткен еді...

Сонау «Сексен алтының Желтоқсанынан» бері ерлік пен еркіндік аңсаған алаң жұрты ауыздыққа көнбес халде еді. «Желтоқсан» көлеңкесінен әлі сескенетін осы алаңдағы анау ақ үй... Қанды алаңды қара түтін мен көк тұман торлай түсті. Адамдар қанжоса жараланып, жайнамазға жығылғандай жайрап, оқыс оққа ұшып, тілсіз шейіт кетіп жатса да жасқанбады. Олар Әзірейіл періште барын да ұмытып кеткен-ді. Ажалдың өзі бұлардан сырт айналған. 

Осы бір алағай-бұлағай сәтте Көк байрақты қолына алған жас жігіт қалың тұман арасынан шыға келгені...

Көк байрақпен қара түнек пен көк тұманды сейілте олай да бір, бұлай да бір бұлғанды. Қарулы қол бұлғай түсті. Көк ту бетіндегі қыран бедері керіле қанат қақты. Жаңбырша жауып жатқан оқтың өзі қыранды байрақтан сескеніп, шұрқ-тесік етіп өте алмай, жанай берді дейсің бір!

Сол жігіт аузынан әннің рухтысы шырқай көтерілді. Оқыс гимнді үзіп, рухтана ақырды... Дауысы қанды алаң көгін жарды.  Жас білек қыран қанатты көк байрақты қаракөлеңкеде бұлғай берді, былғай берді.

* * *

Қарашаға қанды көбік жұтқызған қасап күшейе түсті...

Қаракөлеңке астында көлбеңдеген қаңтар қырғынының беті сонда да қайта қоймады. 

                                         Жоғары эшалон

Қылау мұрт Ақордадағы «Жалғызға» төте кіріп баруға бел байлады...

Ұйымдастырылған қанды көтеріліс бұлар күткеннен де асып түсті. Күн өткен сайын ушығып, өзгеше бет алып бара жатқандай ма... Қалай? Бұдан әрі күтуге болмайды! Енді «Жалғыз» көнуге тиіс. Мойындамасқа амалы жоқ. Басқарудан да қалды. Билік ауысуға көшкенін түсінеді. Әкімдерден қайыр жоқ. «Індеріне» кіріп кетті. Семіз егеуқұйрық қой өңшең... өңештерін ғана майлаған.

Қорғаныс министрлігі құдай бұйрық берсе де қозғалмайды... Олардың да қолы байлаулы. Тырп ете алмайды. Ол жақта «Жалғыз» сенетін ешкімді қалдырмадық қой... Байқоңырдағы орыс әскеріне үміті аз. Олар ғарыш айлағын күзетсіз қалдыра алмайды. Москва өлсе де араласа қоймайды. Өз-өзіне көлеңке түсіріп қайтеді... Онсыз да дүниежүзіне жексұрын көрініп отыр, Украинаны Кремль көлеңкеммен-ақ қорғаймын деп... Донбас – көмірлі  көң емес, биік дөң боп шықты. 

«ОДКБ» болмаса? Әй, оған да «Жалғыздың» сенімі жоқ. Олар бір мемлекеттің ішкі конфликтісіне араласа қоймайды. «Целый процедура» жүргізілуі керек. Үлгермейді!..Скандал қазір ешкімге керек емес. Әлем бір-біріне көз тігіп, қай жерден ши шығып кетеді деп сауысқандай сақ отыр.   

Жалды «Жалғыз» – дәл қазір жападан жалқы...   

Көнбесе ше? Көнуге тиіс! « Всемогущий КНБ» мұның қолында тұрғанда қыңқ ете алмас. Бопсаға шыдамайды. Қорқады. Шыбын жан тәтті. Ашық қорқытамыз. «Ұшақ дайын! Жан сақтаңыз! Беталыстары жаман... Тастаңыз!»

Шатақ шығарса ше? Шығара алмас!.. Шығарған жағдайда – «План Б».

«Б» дайын... «Жолда» деген алматылықтар. Жеңіл көлікпен жеткізілуге тиіс!

Алматы – қараша жұрттың қара қазаны... Онда – өрт. Өзіме белгілі әкім ғой. Жел үрлесе ұша жөнелетін қаңбақ. Ал облыстар – аласапыран... Талтайған үшбұт ошақты өздері-ақ төңкеріп тастайды. «Ақысын берсе – боқысын шығаратын» ел емес пе?! Дүние міні – қоғам үні... Билік баяғыдан үнсіздікті қалайды! Кезі келсе – қарашасын қорлайды... Қиюы қашса қорғайды! Ал бүгін билік бекіткен, билік бекінген тыныштық талақ болды.

Қылау мұрттың добал ерні үстіндегі жүні жыбырлап, ұртында мысқыл көлеңке ұялап, жүзінде жымысқы сағым жүзіп, ой жүйесі қым-қиғаш қайшалысты. Сын сағаты соқты. Енді қимылдамаса – кеш! Барлық іс-әрекет зая кетеді... «Ва-банк». «Жарлық қатты – жан тәтті!» 

Қылау мұрт бір мезет кең тыныс алды. Алдында тұрған құюлы салқын судан сіміре тартты. Санасы мен сарайы да ашылып сала берді. Секемсіз сенім сертке қуат берді... Орнынан оқыс тұрды. 

Ширақ қимылдады. Жаппай бүлікті бастаған күнгі бойындағы үркініш-қорқыныш, сананы сарсаңға салған ұшпа үрей бүгінде басылып, басалқылы мінез бен жүрегіне сенім ұялап алған-ды. Осы сенім сыртынан баққан сілеусін көз сойдың да сілесін қатырып қойғанын сезеді... Ол да ағаш бұтағына мінген аш жыртқыштай тыпырши күтіп, мұның іскерлігіне сенім артқанын бек түйсінген сыңайлы!.. Тырс етіп хабарласпай қойды.  

Қылау мұрт ордаға тіке тартты... Есіне тағы да Кремльдің қос басты қарақұс көлеңкесінің бейнесі оралып өтті. Оған бірақ бұл мән берер хәлде емес еді.

* * *

Ақорда сабырлы, суық қарсы алды.

Абыр-сабыр әрекет пен аптыққан адам алдынан шықпады. Бәрі де бұрынғыдай. Бәрі де бірқалыпты көрінді. Күзетшілер де кірпік қақпайды. Міз бақпайды. Орындарынан мызғыр емес.

Қылау мұрт секем алған жоқ, таңырқамады. Неше күн мен түнгі сабылыс пен сасқалақ қимыл дәл бүгін тиылып, дегбірсіз әрекет пен дүбірлі жүріс басылып қалғандай... Жайлылық орнапты. Ақорда аурасы қоғамдағы барлық болып жатқан жайды ақыл мен сабырға жеңдіргені білініп тұр. 

Қылау мұрт осылай боларын алдын ала болжаған да еді... 

Жан дүниесі риясыз мархаба сезімге бой алдырды. «Қолымды жеткіздім-ау, ақыры!..» Ол сергек сенім мен селкеусіз сезім құшағында алымды басып, «Жағада жалғыз қалған жалдыға» еш тоқтаусыз кірді. Ешкім де бөгет болған жоқ. Бөгейтін де кім бар? Еркін адымдады. Салмақты қадаммен «жер солқылдата» жүрді. 

Ет жүрегі ғана жүгіре дүрс-дүрс соғады!..

   ..............................................................................................................................

Бір сәт есінен ауып қалды... Дүние жым-жылас сана ұйығына жұтылды. Бетіне салқын су шашылғанда ғана селк-селк ете сескеніп, есін жиып алды.

...Әлден уақта Ақорданың жертөлесі ішіне лифтімен түсірілді де, қылау мұрт ордамен мәңгіге қош айтысып шықты. Білезігінде қос қабат көзір кісен киіліпті. Өз көзіне өзі сене алар емес! 

Бәрін де жұдырығына жұмылдырып, алақанында асықтай ойнатып еді ғой. «Всемогущий человек» еді ғой... Бұлай болуы мүмкін емес!

Ал мұны сілкіп-сілкіп алатын, рух беретін сілеусін көз сойы ше?! Ол қайда? Бұл қайда? Сан соғып қалғаны ма? Иесі еді ғой... Киесі еді ғой... Сілеусін көзі селт етпеуші еді! Енді не болады? Иесі мұны тастамас! Әлі-ақ сойы сұрапыл сойқанды салар... Шынымен, жаза басқаны ма? Сақ еді ғой  екеуі? 

Сілеусін көз сойына сеніп қалғаны-ай!.. Ай-ай! 

                                             Орта эшалон 

«Мерген» ұрланған көлікпен «Орбита» ықшам ауданына жылдам жетті. Күн де кешкіріп кеткен. Ымырт қалаға түсіп үлгерді. 

Бұл да қызыл іңірмен жарыса «қаракөлеңке» құбыжыққа айналып үлгерген-ді... Тап қазір «қаңтар көлеңкесі» сияқты еді.

Көлігін бір көше жетпей тастап кетті. Жылдар бойы арнаулы дайындықтан өткен «күрең берет» иесі барысша баспалап, үй-үйдің арасымен жары тұратын жайға жаяу келді. Бес қабат бетон үйдің төртінші қабаттағы терезесі сөндірулі екен. Төңіректе жарық аз. 

Бір топ қарағаштың арасына кірді. Қарағаштың тасасынан оңайлықпен көзге де түспес күйге енді... Бірақ «сақтықта қорлық жоқ». Оң қолы қалта ішіндегі тапанша құндағын қысулы.

Маңайды барлай қарады. Бейсауат жүрген жан жоқ. Қара кешпен қоса дүрліге түскен Алматы орталығы жағынан оқта-текте естіліп қалатын әлсіз дауыс болмаса, бұл маң тыныш сияқты. 

Аулада тұрған ескі машиналар да сөндірулі. Еңкейе басып, жауырынын күдірейте, ескі плащтың алдын ашып жіберіп, мас адам кейпіне ене сенделе жүрді. Көліктерді жанай өтіп, көз қиығымен мәлін мысықша сүзіп үлгерді. Мұны ұстауға «аңду» қоймаса керек, көліктер бос көрінді. 

Үйді екі айналып шықты. Тым-тырыс. Бірлі-жарым адамдар көше жаққа қарай асығыс кетіп барады. Олар да аяқтарын үркекетеп, елеңдеп басады.

Ендігі басты қауіп – дәліз бен үй ішінде. Тұзақ сонда құрылуы мүмкін.

Жүрегі баяғыда берішке айналған «Мерген» қапы қалмауды ойлады. Код шифрланған есікті оңай-ақ ашты. Баяғы код номері сақталулы екен.

Дәліз ішінде жарық жанулы. Темір қашалы бетон баспалдақ бойымен төменнен жоғарыға тінте қарады. Тып-тыныш. Сезік алатындай дәнеңе байқалмайды. Аңдыған «агенттер» болса, әйелінің пәтеріне қарсы пәтер мен жоғары-төмендегі пәтерлердің бірінде жасырынып отыруы мүмкін. Мұның бірақ басқа амалы жоқ. Неге болса да бас тіккен бейбақ!.. «Өзектіге өлім – жақын», ұрпағынан жаны артық емес!

Бетон баспалдақты аяғының ұшымен басты. Жарының пәтеріне көтеріле берді. Қабатқа жетіп, аядай дәліз жарығын сөндірді. Сонда да төмен мен жоғары қабаттан түскен жарық күллі дәлізді қабаттарды сәулелендіріп тұрды. 

Есік жанына келіп, жауырынын көк сырлы қабырғаға тіреді. Тың тыңдады. Ішкі жақтан ештеңе білінбеді. Қарама-қарсы есік те тып-тыныш. Қойнына тыққан құлып ашқыш темірлерді алды. Ескі есіктің құлыбын сүйек мүжігендей шықырлата әуреленді. Тілше темір де бұрала берді.

Түрмеде уәдеге серт беріп шығып, «кенбышниктерді» қапы қалдырған «Мерген» пәтерге тапаншасын туралай кірді. Тыстан түскен әлсіз жарықтан пәтер іші алакөлеңке. Кіре берісте әйелі мен кішкене баланың аяқкиімдері жатты. Екі бөлмелі пәтердің ашық тұрған кіре берістегі ас бөлмесі мен қонақ бөлмесі жып-жинақы қарсы алды. Сезік тудырарлық түк жоқ.

«Мерген» қабырғаға жабыса жылжи жүріп, жатар бөлменің жабық есігін тұтқасынан ұстады. Ақырын баса беріп, шалқалата ашып кеп жіберді. Жатын бөлме тұсында тыстағы баған басынан түскен күшті жарық ішті айқын сәулелендіріп тұр екен. 

Жүрегі жарылып кеткендей болды... Бір сәт пульсі тоқтап қалды. 

Көз алдында қанға бөгіп, тыржалаңаш күйде сұлу жары жатты. Жар төсегі – ұйпа-тұйпа... Әйеліне білгендерін істегендері белгілі еді. Бұл булығып, қозғала алмады. Жанарынан бірақ жас шықпады.

Қиық көзі шыныдай жансызданып, ойсыз күйде мәйітке меңірейді. Ұйып-ұйып қалған қоңыр-қошқыл қанға үңіліп тұрып, тамағы кеберсіді. Жұтқынып еді, таңдайы темір татыды... Мұрны иіс сезбейді. Ішкі жан-дүниесін мұздай суық қармап алған. 

Олардан басқаны күтсе де, тап мына зұлымдықты күтпеген-ді... Жазықсыз жандар жапа шеккені онсыз да ажал күтіп жүрген жүрегін біржолата тас қылып тастады. 

Әйелінің жанарын жапты. Төсек үстінде ұйпаланып жатқан алабажақ сейсепті сыпыра түсіріп, мәйітті бүркей салды. Жақын тұрған қоңыр шифонерді ашып, ұлын іздеді. Баласы бірақ пәтерде жоқ болып шықты.

Демек, тірі қалдырған... «Гарант-залог». 

                                               * * *

Бұл бірақ жетім ұлы үшін қаладағы «ҰҚК» ғимаратына қарай бұрылмады. Онда кек қайтару – қауіпті... Бас әкім отыратын ғимарат алдындағы алаңға қарай рулін бұрды.

Алаң – араның ұясындай гүж-гүж... Халық  та құж-құж. Біреулер   оққа ұшып, біреулер отқа түсіп; біреулер көмекке ұмтылып, біреулер соққыға жығылып, ию-қию алапат майдан алаңды жайлап алыпты.   

Түн жамылған «Мерген» оларға мән де берген жоқ. Өзінің іштей көздеген жеріне асыға басты. Қалалық әкімшілік ғимаратына қарсы орналасқан биік қос мұнара үйдің біріне көтерілуге беттеді. Баяғыдан бұл үйді білетін ол еш кедергісіз кірді. Алаңда атыс болып жатса да, үйде жарық өшірілмепті. Дәліз қаңырап қалыпты. Тірі жанның бар-жоғы білінбейді. 

«Мерген» дәлізде аялдамады да... Қос қолына қос тапаншаны ұстаған. Лифті де істеп тұр екен. Ол еш қиналмастан ең жоғары қабатқа жылжи  жөнелді.

Соңғы қабаттан ұрлана түсті...

Дәліз ішін қиық жанарымен қиялай сүзді. Өлі тыныштық. Жан баласы пәтерлеріне жасырынулы... Суық жүрісті бұл ғана сияқты. Қауіптің жоғына көзі жеткен соң, тырс еткізіп жарықты сөндірді. Өзі жаһаннамға жіберген «комитетчиктен» алған қарыстай жарық түсіргішті қойнынан алып жақты. Жылдам басып төбеге көтерілетін темір сатыға келді. Қос тапаншаның бірін қалтасына салып, сол қолымен сәкі белдеулерін ұстай, жалғыз тапаншамен жоғары жақты көздей көтеріле бастады. 

Қабырғаға орнатылған тіп-тік темір сәкімен табан дыбысын шығармай, демін ішіне тартып, төбедегі төртбұрышты темір қақпаққа қол созды. Фанарикті өшірді... Қақпақты шиқылдатпай ашуға тырысты. Қақпақты аздап қана көтеріп, төбе ернеуінен ішке көз салды. 

Қос қабат төбе ортасындағы кең-мол кеңістік қараңғы көрінгенмен, алаңға қараған жақтағы тік төртбұрыш келген терезе тектес қабырға қуыстардан сырттағы жарық түсіп тұр екен. Бұл терезе тектес қуыстар ұлттық мейрамдар мен осындай аяқасты толқулар, митингілер, көтерілістер бола қалған жағдайда мергендерге жасалынған «арнайы ұяшықтар» сияқты қолданылатын... Қазір де сол мақсатта қолданылып жатқанына бұл сенімді-тін. 

Өзі де осы жан-жағы бетон, биік те жабық төбеде снайперлік винтовкасын құшақтап, талай рет отырған-ды...

Тап алаңға үңірейе қараған төрт бірдей төртбұрыш терезе тектестің екеуінің алдында қараң-құраң адам бары шалынды. Олар да көздеп атып жатқаны байқалады. Көзі қаракөлеңкеге үйрене келе екі адам екенін көрді. Енді тек сыбдырсыз көтерілу керек. Алаңды атқылаумен әуре болып жатқандар мұны ту сырттарынан шығар деп ойламаса керек.

Темір қақпақты көтере ашып, бір сәкі жоғары аяқ баса тіреніп, кеудесін шығара берді. Бір қолында – тапанша, бір қолында ауыр – қақпақ. Сол қолына бар күшін сала қақпақты ың-шыңсыз шалқалата ашып тастады. Сол бетінде мысықтабан ептілікпен үстіге көтерілді. Ара-тұра атылып жатқан мылтық дауысы мен алаңдағы айқай-шу жабық төбе ішіне де естіліп жатты.

Тізесін бүге еңкейген күйі екінші қолына да тапанша алды... Мұны әскери мектепте барлаушы-мергенге тән машықпен дайындағандықтан екі қолымен де бірдей дәл көздеп, ата беретін. Бұл төбеге шыққан жақ бұрыш еді, қап-қараңғы.

«Мерген» бүгжеңдей басты... 

Бетонқамал іші оқ-дәрі сасиды. Жүрегіне найза сұғып алғандай тұла бойы суып кетті!.. Көзіне қан толған бұл атып жатқан адамның ту сыртынан барысша жымып, жақын келді. Біреу әдейілеп зер салмаса, қара киінген бұл байқала да қоймайды. 

Басына көз ұясы ғана ойылған қара «балаклава» киген, құлағына қап ілген, микрафоны иіліп келіп аузына жақын орналасқан жат атқышты тап басынан шімірікпей атып жіберді. Екі оқ қатарынан шықты. Қарусыз жұртты қарауылға алып жатқан атқыш жалпасынан түсті. 

Қырындай тұрған қалпы алты-жеті қадамдай жерде теріс қарап атып жатқан жанға да бұрылмастан оқ жұмсады. Екінші терезе тектес қуыстағыны да кеуде мен бастан көздей атқан еді. Ол атқыш мерген де түкке түсінбестен бетон қуыс ернеуіне асылып, жансыз қалды. Мейірімсіз қол мүлт кетпеді.   

«Атыңдар енді! - деді тістене. – Атаңа нәлеттер! Жатыңдар енді...»

«Мерген» оптикасы бар снайперлік винтовканы қолына алып, жылдам қимылмен жіліктей жіктеп бұзды. Өлі иесінің қасында жатқан қап-қара тері қапшығына салды. Екінші мылтықты да бөлшектей бұзып, оны да кең қапшыққа тоғытты. 

Жансыз мергендердің бірінің қойнынан сөйлесу аппарат құралы мен құлаққа тыңдағышты қоса алды. Оларды өзінің зор бойына шақтап, қойнына тағып тастады. Құлағына ар жақтан беріліп жатқан бұйрықтар мен нұсқаулар естіле берді... Бұл миығынан мырс-мырс ете күліп қойды.

Ауыр тартқан тері қапшықты иыққа асып, төбеден түсер темір қақпаққа қарай жүрді. Қою қараңғылық бүркеген бұрышқа ене қойнынан фанарикті суырды. Олжалы аңшыдай табанын ауыр басады.  

Кремльдің көлеңкесін жамылған қаңтар «Мергені» мұздай мимен суыт қозғалды.  

                                  Төменгі эшалон

Алаң шетінен мұздай қаруланған әскерилер мен бронды машина пайда болды. Көк тұман мен қара мұнар түтін астымен жылжыған олар жұртқа қарата оқты жаудырып-жаудырып жіберіп те жатты. 

Баудай түскендер мен шойнаңдай қашып, жамбастай жылжыған әлде кімдер Тәуелсіздік монументі мен әкімшілік ғимараты жақтаға мәрмәр қабырға жандарына жетіп, жансауға тілеп, бас көтере алмай қалды. Олардың арасында ақ жаулықты аналар мен қырма сақалды мосқалдар да бар еді.

Ал жолбарыстай жастар атылған оққа да, жыртылған жағаға да қарар емес, арыстанша арпалысып жүр. Олардың оққағар құдіреттері бар сияқты, ештеңеден де, ешкімнен де жасқанар түрі жоқ. Жалындай жайнап, қазандай қайнап, жан біткенді жалынтпаса – жалынар түрі жоқ.

Аппақ әкімшілік ғимараты қара-қошқыл майлы түтінге көміліпті...

Алаң ортасында бұршақ оқ жауып кеп тигеннен жеңіл көлік отқа оранып, ішінде  үш бірдей адам жазықсыз жан тапсырды. Жез оқтан қансырап жатқан, шыбын жанын жалын жалмаған атпал әке, абзал ана, бүлдіршін қыз еді... Мәйіттері майдай еріп, қарақоқ боп күюлі. Оны сөндірер күш те, пенде де жоқ. Әркім өз жанымен – қайғы, өз тәнімен –уайым.

Тек құрым түнек басқан алаң арасынан көк ту анда-санда бұлғаң ете түседі. Сол бір сәт оны ұстаған күшті білек пен жүректі кеуде сұлбасы айпара шалынып қалады. Атыс-шабысқа қарамастан жалау көтерген жас жігіт ежелгі от иесіне айналып кеткен ертегінің елесі  тұрпатты.  

Бұлыңғыр алаңда бүркіт бедерлі, аспан реңді жібек шаршы ғана түсінен   айырылмапты... Ырғын түнекті түрер сақ байрағындай бұлың-бұлың қағады. 

                                               * * *

Қан құсқан қараша қаңтарулы... 

Жым-жырт дүние мінсіз, қиян-қилы қоғам үнсіз. 

                                                                                          22.10.2022. Астана.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар