Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Асқар Алтай прозасының сюжеттік ерекшелігі...

16.06.2017 53320

Асқар Алтай прозасының сюжеттік ерекшелігі

Асқар Алтай прозасының сюжеттік ерекшелігі - adebiportal.kz

Тәуелсіздік жылдары қазақ жазушылары әңгіме жанрында қалыптасқан дәстүрді жалғастыра отырып, мазмұндық, түрлік, т.б. ізденістерге барғаны белгілі. Сондай-ақ, дәстүрлі ұлттық таным тәуелсіздік тұсындағы әңгімелерде батыс әдебиетінде қалыптасқан әр түрлі әдеби ағымдармен толықты. Қазіргі қазақ прозалық шығармаларында модернистік, постмодернистік ағымдар көрініс бере бастады. Қазақтың қазіргі прозалық туындылары адам мен қоғам, адам мен әлем арасындағы қарым-қатынасқа, адам болмысының мәнін, өмірдегі орнын бағамдауға байланысты экзистенциялық дүниетаным шеңбері кең, өмірдің мәнін философиялық тұрғыдан түсінетін кейіпкерлерді өмірге әкелді. Қазіргі қазақ прозасындағы сюжеттің бөлшектері белгілі бір жүйеге бағынбайды, сондықтан шығармадағы оқиғаның баяндалуында хронологиялық тәртіптің сақталмауы заңды құбылыс.

Қазақ әдебеитінің кейінгі жас толқынының сюжет құру ерекшеліктерін дәстүрлі прозаға қарағанда өзгеше екені мәлім. Бұл ерекшелік авторлық ұстанымына, уақыт пен кеңістік рөлімен түсіндіріледі. Ұлттық әдебиеттегі ашыла жазуға, көсіле жазуға заманы мүмкіндік бермеген модерндік әңгіме үлгісі замануи прозашыларымыз тарапынан қазіргі дәуірде постмодерндік әңгіме үлгісіне айналды. Атап айтар болсақ, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Роза Мұқанова т.б. жазушылардың әңгімелерін ұғыну үшін олардың постмодерндік бағытының тереңіне үңілуіміз керек. Классикалық әдебиеттегідей сюжет, композиция деп талдаудан алыстап барамыз. Постмодернисттер сюжетке оқыс оқиғалар, образдарды басқаша түрде ұсынып, оқиғаны күтпеген тұста аяқтап тастап, оқиғаның шешімін оқырманның үлесіне қалдырады. Тіпті, мысалы «Дидар Амантайдың әңгiмесiнен сюжет iздемей-ақ қойған абзал. Себебi, сiздiң iздеген сюжетiңiз бұл әңгiмеде жоқ»-деген пікірде Таласбек Әсемқұлов. Қазіргі қазақ прозасында біраз қаламгерлердің шығармаларында виртуалды әлемді суреттеу көптеп кездеседі.

Сөздік-көркем туындыларда барлық кейіпкерлер виртуалды болып табылады, олар нақтылы өмірде емес, автордың ішкі дүниесінде, содан кейін барып оқырман туындыны оқыған кезде оның ішкі дүниесінде өмір сүреді. Сондықтан автор, нақтылы өмірдің виртуалды сыңарынан қалыптастырған кезде өзінің виртуалды адамдарына өздерін нақтылы өмірдегі адамдар сияқты қылықтар жасауына мүмкіндік береді: олар басқа басқа адамдарды бейнелейді немесе өзін сипаттайды.

Осы орайда мақаламызға арқау болып отырған қазіргі таңда өзіндік ізденісімен орта буын өкілдерінің алдыңғы қатарында есімі аталатын жазушы Асқар Алтайдың шығармаларындағы сюжеттік ерекшеліктеріне сипаттама бере кеткіміз келеді.

Қазіргі тәуелсіз қазақ әдебиетінде Асқар Алтай – өз бағытын айқындап, стилін танытқан жазушы. Оның шығармаларынан кезінде З.Қабдолов жазушыдан талап ететін сегіз қасиетті толық көруге болады. Оның «Қара бура» повесі, «Қараштың қарасы» әңгімесі қазақ басынан өткерген небір тарихи оқиғалардан сыр шертеді. Асқар Алтай шығармаларындағы бір ерекшелік – шығарма ішіне тағы бір шығармаға сюжет боларлық бір оқиғаны сыйғызып жіберуі. Мұндай тәсіл көбіне О.Бөкей шығармаларына тән болатын. «Қара бурадағы» ботасын іздеген ақ түйе туралы аңыз, «Қараштың қарасындағы» Қараш батыр туралы әңгіме мен «Ереуілтөбе» жайындағы тарихи оқиғалар шығарма құрылысына нұқсан келтірмей, негізгі оқиғамен жымын білдірмей кірігіп кеткен. Асқар Алтай көбіне қазақ елінің өткенін безбендеп, елдігін танытатындай тақырыпта жазады. Оның «Көзжендет» әңгімесінің өзі жазушылық шеберлік туралы көп мәлімет береді. Біреуге істеген қастандығың, тіпті аңға жасаған қатыгездігің өз алдыңнан шығады деген философиялық түйін жасайды. Талай аң-жануарды көзсіз қалдырған «көзжендет» сауысқанның иесінің немересі көзсіз туады. Әңгіме соңы адамға ой салады.

Ал, бүгінгі көзқарақты оқырман Асқар Алтайдың әр шығармасын асыға күтеді. Солай болуы заңды да! Өйткені, Асқар Алтай қазақтың шұрайлы тіліне жөргегінен жарыған жазушы. Алтайдың әйгілі Марқакөл өңірінде бес мыңнан, жеті мыңға дейін алалы жылқы біткен Шонжырбай бай – Асқар Алтайдың арғы атасы. Одан – Жылқышы, Жылқышыдан – Алпысбай, Алпысбайдан – Құмар. Алпысбай атақты Шәкәрімнің ұлы Зиятпен дос болған, Шығыс Түркістан Республикасы басшыларының бірі Сәліспен Семейде бірге оқыған. Арғы бетте генерал Мажунин дүңген көтерілісіне басшылық еткенде, оған қазақтар да қатысқан. Алпысбай ел басына күн туғанда әкесі Жылқышыдан қалған бес жүзден астам қыл­құйрықтан көтеріліске қатысқан қазақ жігіттеріне қосарлап ат та мінгізген.

Ал Құмар Мәскеу төңірегіндегі атақты Диверсиялық барлау мектебінің Шығыс барлау бөлімін (1936–1942 ж.) бітірген. Сонда жүріп советтің барлаушылық қатал тәжірибесінен өтіп, қытай, моңғол, тибет, ұйғыр, орыс тілдерінде еркін сөйлеп, еркін жазған. 1942 жылы генерал Дәлелхан Сүгірбаевтың кеңесшісі болып, Совет одағынан Зайсан шекарасы арқылы Шығыс Түркістанға енгізілген. Ол тәуелсіз Шығыс Түркістан Республикасын құрысып, Алтай аймақтық Сақшы бастығы қызметіне тағайындалады. 1951 жылы Оспан батыр ұсталғаннан кейін Құмарды қызметінен алып, Кеңес одағының ұйғаруымен Пекин Заң университетіне білімін көтеруге жібереді. Ол сол кездегі қазақтар арасында жоғары білімді заңгер азаматтардың санаулыларының бірі еді.

Құмар Алпысбайұлы Мағжанның «Батыр Баянын», Жүсіпбектің «Ақбілегін» әңгімелеп отыратын. «Алтайда ел нары екен қалың найман, Қытайға қалың найман қанат жайған» деп әкесінің әнге қоса ыңылдап айтқан сөздері Асқардың құлағында бала шағынан қалып қойған. Ол Шәкәрімнің көптеген өлеңдерін білетін, көп сөйлемейтін. Ал сөйлеп кетсе, сөздің майын тамызатын. Асқардың өз анасы Меңке де сөзге ұста адам еді.

Асқардың балалық шағы өте бай һәм құнарлы болды деуге толық негіз бар. Алты, жеті жасына дейін көп адамды көрген жоқ, қалың жылқы мен малды көрді. Құдды суретпен сызып қойғандай, қыл қаламның да құдіреті жетпейтін сұлу Алтайдай арда табиғаттың ортасында өсті. Өз көзімен көрген жабайы аң-құс, жан-жануарлар бала Асқарды рухани түлетті. Бала кезінен бөрі мен бөлтірік аулауға, бұғы мен аю атуға аңшы Қауқай, Буратай, Нұрғали қариялармен, әкесі Құмармен бірге барып жүрді. Сондықтан да оның шығармаларында аңшылық туралы оқиғалар жиі ұшырасады. Шынайылығымен, тылсымдығымен оқырманын тамсандырады.

Қаламгердің бірқатар әңгімелері оқырманды мынау әлеуметтік ортадан алыстатып көркемдік әлемге жетелейді.

Асқар шығармаларының кейіпкерлерінің де өзіндік әлемдері бар. Мысалы «Лайбаран» атты әңгімесінде кезінде өзінің алдағы мақсаты бар Әкөн есімді жігіт Семейдегі медицина институтына оқуға түседі. Алайда, ырың-жырың жүріс, ырду-дырду думан жас, лапылдап жанып тұрған жігітті қызыл «Талас» шарабы мен мөлдіреген түссіз «Водкаға» құмартады. Аяғы бір курстың өзін аяқтамай жатып әскерге кетіп тынады. Әскерден келген соң оқуын жалғастырмайды. Бұл баяғы жүрісіне қайта басады. Сөйтіп жүріп Нұрайнаны жүкті етеді. Ащы суға жаны құмар болған соң отбасының шырқы бұзылып, сұлуы көп, жылуы жоқ Алматы асып, есіл-дерті екі стақан араққа ауған өзі секілділерге қосылып, тапқан таянғанын «түссіз суға» жұмсайтын БОМЖ-дың өзі болып шығады. Өзімен бірге өскен, сыныптасы Сейсен қаладағы базарда үсті-басы кір-қожалақ, сақал-мұрты өсіп кеткен Әкөнді қапыда көріп қалып, жабыса кетіп, айдаладағы аядай аудан Аягөзге алып келіп, Иван-кочегарға табыстайды. Ваня-кочегар мұны қазандықтағы ыстық суға шомылдырып, бу бұлауынан кейін 200 грамм «ақаңды» жұтқызып жіберіп, майға қуырылып піскен семіз, бірақ тарамыстау етті қарбыта соқтырып, жылы оратып, жеке бөлмеге жатқызып тастаған. Бір-екі мәрте ғана шарап көтерген, санасы сауығып қалған Әкөнді ертесі күні түнде кочегар ит аулауға өзімен бірге сыртқа алып шықты. Міне, осы күннен бастап дәу орыс пен Әкөннің арасында кикілжің туа бастады. Бұл Ваня-кочегардың итті Акон бауыздасын деуі еді. Әкөн болса бірден «жоқ» деп бас тартқан. Келген күні қара кесек етті байқамай жеген Әкөн осы күннен бастап ет жеуді қойған болатын. Ет жеуді доғарған Әкөн-әпендіге ашуы келіп жүрген Ваня-кочегар: «Эфенди, мен сені ерте ме, кеш пе өлтіремін! Сен бәрібір адам болмайсың, лайбараннан артық саған қандай мал керек, малғұн!..» - деп жиі айтып жүрді. Әкөннің сөніп қалған намысын кочегардың «Иттен туып, іннен шыққан» деген соңғы сөзі жанып өткен еді. Басқасы басқа соңғы сөзі жанына батып кетті. Осы сөз жанын жегідей жеді. Иван-кочегар мен Болат-бұзау ит аулауға кеткенде мұның ойынан әлгі сөз шықпай қойды. Олар қанжығалары майланып оралғанда үнсіз ғана есікті іліп, Болатқа көксұр иттің аяғын байлауға көмектесіп жүрді. Жүз грамм арақты сіміріп жатып, Әкөнді көзқиығымен баққан Иван Болатқа ит бауыздауды тоқтатып, пышақты Аконға бердірді. Әкөн: «Мен соймаймын. Пышақты да ұстамаймын. Керек болса, Иван-кочегар, өзің сой, өзің же! – деп ысылдады. Бұған шыдамаған Ваня-кочегар БОМЖ-ды ауызынан кеп отырғызды. «Жаныңның барында «барыныңды» бауызда! Болмаса балтамен басын шап!» деп бұйырды.

«Әкөннің санасын тұман тұтып, көзін қан басты. Қан аралас түкірігін тағы да түкіріп, пеш аузына жақын жатқан қайраулы балтаны барып алды. Қайырылып ит қасына келді. Тістенген қалпы аузына толған қасқа тістің қанын енді түкіріп тастамай, жұтып жіберді.

  • Эфенди, - деді тұздай көзін қадаған Иван-кочегар, - балта өткір, бір-ақ сілте! Қорықпа!
  • Неге қорқам?
  • Е-е-е, бәсе! Аюға да жан керек... ха-ха-ха!..
  • Қорықсаң сен қорық... – Бұл сөзің аузынан қалай шығып кеткенін Әкөн-әпендінің өзі де сезбей қалды.»

Ашуға булыққан Әкөн ешкім күтпеген, шапшаң қимыл жасап, өткір балтамен итке жақын отырған Иван-кочегарды қақ маңдайдан шауып жіберді. Сөйтті де байлаулы жатқан көксұр итті босатты.

Асқардың бұл әңгімесінің кейіпкері Әкөн екі әлемнің арасында дүбара күйде жүреді. Жас шағындағы намысшыл, таза қалпынан жүре пайда болған араққа деген тәуелділіктен айырылып, санасы уланып «БОМЖ»-дық әлемге бой ұрады. Бұл кейіпкеріміздің жүре қалыптастырып алған өзіндік әлемі. Ал, аздап тиымнан соң санасы серги бастаған Әкөннің, көңіл түкпіріндегі сезімдері оянып, қайта қалпына келе бастағандай еді. Баз баяғы табиғи әлемінің көкжиегі көрінгендей.

Сонымен, қорыта келгенде, Асқар Алтай әңгімелеріндегі виртуалдық әңгімелер желісі өзіндік соны өрнектері, жаңа ой түйіндерімен ерекшеленеді.

Жалғыздық сарынын қазіргі қазақ прозасында өмір мен өлім концепциясы тұрғысынан қарастыруға болады.

Соңғы жалдары қазақ қаламгерлері өлім туралы көп жазып жүр. Өлім болмаса, өмірдегі тірінің қадірін білмейтіндігіміз рас. Адам қимайтын арсыз жалғанда бір-ақ опасыз дүние бар. Ол – тіршілік. «Мені де, өлім, әлдиле» дейді Мағжан. Мені де, мені де... Адам өлімді есіне алған кезде ғана Аллаға жақындай түседі. Қаламгердің кейіпкерінің Құдайды іздеуі бекерден бекер емес. Дүниеде Құдайдан асқан философия жоқ. Кейіпкердің мына уы мен шуы, қуанышы мен қайғысы мидай сапырылысқан тіршіліктен безіп, жалғыздыққа қарай қашуы – Құдайдың шұғылалы сәулесінің жылуын іздеуге ұмтылысы.

Автордың айтпағы Құдай – адам жүрегінің сәулесі. Ол – өлгенше пендесімен бірге болатын жалғыздығы, қуанышы мен қайғысы. Автордың кейіпкерінің жалғыздығы - Құдай. Жалпы адамзат басына түскен қайғыңа, жаныңды ауыртқан жаманатқа қара емен болып қатып қалған күнде ғана сен бұл өмірдің қасіретін жеңесің деп ой түйдіреді. Ал, әзірше, автор кейіпкерінің ұлы идея үшін азап шегіп, қайғының отына күюі – қаламгердің сюжет ойыны тәрізді.

«Ақыл мен ғылым адамзат тарихында тек екінші сатыдағы қызметті атқарып келеді» деп күйінген еді Достоевский.

Суреткер кейіпкерінің күйінбеуін, бәрібір тастай қатып қалған өмірдің жүрегін жібіте алмайтындығын бағамдатады. «Ұлылық дегеніміз – өзіңді-өзің тергеу» (Ибсен).

«Өмірдің талаптарымен келісе алмаған адам азапқа түседі» (Бодлер) айтқаны еске түседі. Жалпы Бодлер айтпай- ақ Ұлылық дегеніміз – азап шегу. Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», Мағжан «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген ғақлияны ұлылықтың тонналық қасіретін бек сезгендіктен айтқан.

Жалғыздық сарынын прозадағы Құдай мен Адам тұрғысынан қарастыруға да болады.

«Жалғыздығыңа қарай қаш» дейді Ницше. Жазушының кейіпкерін жалғыздық қана құтқарып қалады. Жалғыздыққа Жаратушы ғана қарсы тұра алмайды. Алла тағала пендесін алып кеткенмен, біреудің жүрегінде жалғыздығы қалады. Ең құрығанда...Біреудің.

Жалғыздық сарыны туралы Г.Пірәлиева «Жалғыздық қашанда жеке адамның басындағы қайғы-қасіретке, ішкі ойға, емін-еркін егілуге де, ішкі құпия тіршілікке ерік беруге, өз сезімін қадағалауға да, қадағаламауға да құқысы бар мезет. Әрі бұл адамның (кейіпкердің) ішкі табиғатынан, болмыс- бітімінен сыр берер, оның харекетін ашуға да өзіндік үлес қоса алатын көркемдік қасиет. Өйткені, адам жалғыз қалғанда ғана ішкі ой еркіндігіне бой алдырады. Жалғыздық – адамға өз ойымен болуға, еске алу, елестету, қайғыру, сүйсіну, белгілі бір шешім қабылдау, т.б.секілді толып жатқан философиялық, психологиялық категориялар мен процестерді, сан алуан түрлі сезімдік құбылыстарды бастан кешетін кезең.

Жалғыздық сарының Асқар Алтай шығармаларындағы көрінісі қандай болмақ. Осы мәселе төңірегінде ой өрбітеміз.

Асқар Алтайдың осы уақытқа дейін белгілі сыншыларымыздың назарына іліккен туындыларының бірі – «Кентавр» әңгімесі. Әңгіменің желісі бас адам тәрізді дене тұрқы жылқы іспеттес сәбидің дүниеге келу. Ата-анасының бір перзентке зар болып жүріп тапқан ұлдарын ел көзінен таса жерде өмірге әкеліп, өсіреді. Алайда күн санап өскен жылқы-жігіттің жалғыз екенін түсінуін автор былай жеткізеді.

«Түзде тағы өскен құлын-бала құнан-жігіт шықты. Тұрқы зорайып, қуаты толысты. Бұла көркі көз тартып, бұғанасы бекіді. Тарлан Тарбағатайдың тағы аюын да алды, бұла бөрісінің белін де үзді.

Тұнық табиғатта Басарыстың санасы сараланды... өзінің тірі пендеге ұқсамайтын жалғыз екенін түсінді. Жат екенін сезінді. Әкесі мен көкесі ескерткен, шешесі көз жасын төгіп айтқан: «Тірі пендеге жолама! Көздеріне түспе!» деген сөзді берік ұстанды».

Ал Асқардың «Альпинист» шығармасындағы тау шыңына шығуды өзінің рухы, жан рахаты көретін Тайшынның қалаға сыймай әрдайым тауға қарай аңсары ауып тұрады. Қаладағы бейберкетсіз тіршіліктен жалығады. Автор кейіпкердің ішкі жай-күйін терең түйсінеді. Оның қаумалаған адамдардың ішінде әрдайым жалғыз сезінуін жеткізеді.

«Екеу елеусіз ғана иек қағысады. Иек астынан ащы тер тамшылайды. Бірін-бірі көздерімен ұғысады. «Нағыз адамдық асыл қасиет тау басында ғана оянады...» деген ой келді Тайшынға. Таудағы достық – бәрінен биік. Таудай биік, таудай қатал, таудай төзімді. Таудан төмен түскен жерде пендешілік бой көтереді. Төменде «достық» дегеннің өзі «қастық» дегенмен қатар жүреді. Ойда достыққа да, қастыққа да орын бар. Тауда орын жоқ. Тау-тарпаң.

Тайшынға бұл таңсық ой емес. Құз қиясында қырандай қанаттасып қатар жүрген, бар қиындықты қара нардай бірге бөліскен альпинистер етекке түскенде бұзаубас кесірткедей құбылып сала береді. Қар құлайтын, мұз жылайтын жалама беткейлерде адамдық жанашыр сезімдеріне сызат түспестей, сына қағылмастай боп көрінгенімен, қалаға кіре бере бқлғақсыз бауырмалдығы қорғасындай суынады. Адам атаулы бір-біріне суық қана жымиып, ішін бермейтін қаланың қалың қатпарлы тіршілігімен беттескен сәтте бәрі де әдіре қалып, тау төсіндегі сәбидей пәк сезімдері лезде ластанып қоя береді. Шың басындағы кешегі қара тастай берік достық, альпинистік адал сезім сынған хрустальдай шыл-шыпыры шығып, әрқайсысы бөтен біреулерге айнала жөнеледі. Тайшын осыны түсінбейді... ойға түсе көңілі күңгірт күздей құлазиды, жапанда қалғандай жалғызсырайды. Ал бозбала Сұңғат оны қайлан білсін?! Ол – әзірге әсершіл».

Бір сәт алаңдадың ба әңгіменің мәнісін басқаша түсініп қалуға ұрынасың. Асқар Алтай әңгімелерінің құдіреті де осындама деген ойға қаласың...

Қазіргі қазақ прозасы болып толған, өзінің ұстаздық-тәлімгерлік орнын әлем әдебиетінен алған және бұрынғыдай ұлттық поэзияның тасасында қалып қоюдан мүлдем арылған. Өзгеден үйренуді доғарып, өзге үйретуді бағыт етіп ұстанған милет мақтанышы. Әңгіме жанры әдеби сын мен әдебиет назариятын өзінің жаңашылдығымен қуантып жүр. Заманалық қазақ әңгімесі оқырманына мәтін ләззатын сыйлап жүр десек, артық айтқанымыз емес.

Бір кездегі ұлт әдебиетіндегі ашыла жазуға, көсіле жазуға заманы мүмкіндік бермеген модерндік әңгіме үлгісі, 40-50 жастағы сақа прозашыларымыз тарапынан қазіргі дәуірде постмодерндік әңгіме үлгісіне айналды. Иә, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Думан Рамазан, Нұржан Қуантайұлы т.б. өкілдері болып саналатын прозашылар шоғырының әңгімелерін ұғыну үшін олардың постмодерндік бағытының тереңіне үңілуіміз керек-ақ. Бұрынғыдай мынау сюжет, анау композиция деп белгілі процесті қаздың баласындай бірізділікпен қайыра айтып салып, жарыса жазудан тізгін тартып, аян нәрсені қайтара жайып салудан бойды аулақ ұстайтын кез келді.

Осы сала дипломдық жұмпысымызға арқау болғандықтан біз бұл мәселелерді теориялық жақтан шешіп алмай, қазіргі қазақ прозасындағы Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Думан Рамазан, Нұржан Қуантайұлы т.б. әдебиет алыптарының шығармашылығының есігінен қарай алмаймыз.

Ең бастысы беллетристика мен классикалық әдебиеттің сюжеттерін түзілетін мотивтерге белгілі бір фабулалық кестелеулердің өзектенуін топтастыруда сюжет табиғатын біршама айқындай түсуге септігі бар тақырыптық қағидатқа арқа сүйеген жөн. Және әрбір фабулалық кестелеуге Асқар Алтайдың «Казино» әңгімесі бойынша мысал келтіре дәлелдеуді хош көрдік.

Казино әңгімесі – заманалық қазақ әдебиетінің дамуы процесіндегі ерек құбылыс. “Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат... ештеңе жат емес екен. Ал мұндай мұндар дүниеде өртті жүрек, дертті сана ақылға қонақ бермей, асау сезімге ғана бой алдырмақ” деген автор уәждауы “Бай-шонжарлардың мырзаларының” қоғамдағы алатын орнын айқындайды.

Оқиғалық мәртебеге ие емес көптеген сюжеттік бөліктер (портрет, суреттеу, деталдандыру, диалог т.б.) Асқар Алтай әңгімелерінде оқиғаны өрістетуге дайындық ретінде, фабуланы тежей отырып, “әңгімелеу ағынын” тудыруға дайындық жасайды. Біздің байқауымызша, Асқар Алтай көбіне сюжеттік амал-тәсілдерді: психологиялық мінездеулер мен уәждаулар, суреттемелерді кең ауқымды қолдана отырып, өзіндік стильдік ерекшелігімен басқа қаламгерлерімізден өзгешелене түсіп отырады. Сюжеттік амал-тәсілдерді кең ауқымды постмодерндік қолдану қазіргі қазақ әңгімесінің өзіндік дәстүріне айналды. Әңгіме сюжеті моноцентрлік сипатқа ие (фабулалық оқиғалардың барлығы бас кейіпкер Жошының Сапалақпен кездесуіне және оған дейінгі оқиғаларға құрылған).

Асқар Алтай шығармашылығындағы әңгімелеуші мотивті дәстүрлі алаш фольклорлық және әдеби элементтерінің түр өзгерушілігіне ұшырап хикаяттануы деп санаймыз. Қазақ қоғамында жасалынған қылмыс “Казино” әңгімесінің басты мотиві болып табылады. Өйткені, дейдейтүркі, орта түркі және қазақ халық прозасында мотив табиғаттың бабаларымызды бетпе-бет келтірген түйткілді мәселелеріне жауабын өздерінше баяндап шығатын бірмүшелі бейнелікпен эстетикалық кестелеуі болып табылады. Әрі біздің қаламгерлеріміздің туындыларында ұшырасатын батыстық және шығыстық мотивтер әдебиет түгіл фольклордың өзінде бірін-бірі айырып алғысыз баламатамдыққа (контаминацияға) ұшыраған, сондықтан, ұлттық прозаиктеріміз “сөз” сияқты одан ары бөлшектеуге келмейтін тұрақты мотивтерді өз әңгімелері мәтіндерінде кеңінен қолданып келеді.

Асқар Алтайдың әңгімелерінің көптеген сюжеттері белгілі бір фабулалық кестелеу арқылы ХХ ғасырдың соңғы және ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдықтарындағы қазақ қоғамында орын алған қоғамдық процестерді айшықтайды. Тақырыпнамалар біріншіден, адам мен қоғам, адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды көтерумен; екіншіден, қаһармандардың отбасылық және махаббаттық жағдаяттықтарымен байланысты осы бір «мәңгілік» тақырыпты әлеуметтік және жеке бастық мәселелік (проблематика) аясында белгілі бір кезеңге тән стильдік және жанрлық модалдылық реңкімен берумен; үшіншіден, ұлт қаламгері санасындағы кейіпкер келбетінің түр өзгешелігіне ұшырап экзистенциалды сипатта сомдалуы бұрынғы қалыптасқан канондарға сыймауымен байланысты болып келеді.

Қорыта айтқанда, жаңашыл ойлау мен дүниені жаңаша тануға негізделген қағидаттармен түзіліп, әлеми адамды соны үлгімен өрнектеуге құрылған романдық замана сөзінде әрі дағдарысты, әрі алмағайып жаһандану жан алқымынан алған алаш рухы бойына тұнған жаңа көркем жүйенің бітім-болмысы қалыптасып отыр. Қазіргі қазақ романының әні де, жыры да көз үйренген, көңілде хатталған, жадыда жатталған кеңес дәуіріндегі романдардан тұрпаты мүлдем бөлек болатындығы содан да болар деген ойдамыз.

XXI ғасырда ұлттық дәстүрлі романды трансформациялап, бұрынғы жанрлық канондар позициясы тұрғысынан бағалау мүмкін емес, мүлдем жаңа көп деңгейлі, көп өлшемді жаңа романдық ойлау формасын қазіргі прозашыларымыздың өмірге әкелуі ұлттық мәдениет кеңістігіндегі мақтанышымызға айналып отыр. Жас толқын олардан (Таласбек Әсемқұлов, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Нұржан Қуантайұлы және т.б.) үйреніп, өздерінің тәй-тәй басқан әдеби тырнақалды қадамдарына өнеге етуге бұрынғы проза алыптарын емес, ендігі жерде біздің заманымыздың маэстроларына айналған осындай қаламгерлерді қош көрулері арқылы өз шығармашылықтарын шыңдап жатыр.

Әйгерім Наурызбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар