Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Асқар Алтай. Таян ханның қызы – Марқа сұлу бегім...

24.07.2023 4253

Асқар Алтай. Таян ханның қызы – Марқа сұлу бегім 14+

Асқар Алтай. Таян ханның қызы – Марқа сұлу бегім - adebiportal.kz

                             Романнан аңыз

Қазақтың әйгілі жазушысы Асқар АЛТАЙ «Былғары табыт (Марқа сұлу симфониясы)» атты көлемді романы 2020 жылы күзде «Жұлдыз» журналында жарияланып, 2022 жылы күзде «Абай әлемі» атты сериямен кітап болып шыққан еді. Өкінішке қарай, бүгінгідей таршылық заманда бар-жоғы 500 данамен шыққан сүбелі роман оқырманға кеңінен тарай алмағаны белгілі. 

Осыған орай, бүгінгі күндегі қазақ қоғамы, ұлт адамы туралы терең толғаныспен, өткір де соны ойларымен ерекшеленетін, мыңдаған жылдарға созылған Сақ-ғұн мен Сайып қыран Сайын хан кезеңімен ұласқан замана құпиясын қазіргі Қазақ Елі, қазақ мемлекетімен тығыз байланыста, бірлікте суреттеген автордың эпиктік  шығармасы туралы қалың жұртшылық таныс емес... Ол туралы әдебиетшілеріміз де аузына су ұрттап алғандай үнсіз, бірақ романдағы елес пен аңызға айналған өткен уақыт шындығы ойыңды ойран етері, көшпелілерден жеткен асыл руһыңды  алапат сынаққа салары хақ.     

Біз бүгін автордың рұқсатымен романдағы Марқакөл туралы ұлы аңыз – Марқа сұлу аңызын ұсынып отырмыз. 

                                                                                                                  Редакция

Әйгілі бегім – Айдарлы алтын қайықты Марқа сұлу... Марқа сұлу бегім.

Ол заманда «Қазан-ана» атанған көл суы Марқа сұлуға жуасып, арудың сұлулық келбеті керілген көл бетін нұрландырып тұрды.

Ару Марқа сұлу сыңар қалған қудай жалғызсырайды. Туған анасы Ақсұлудан ерте қалған жетім тағдырына үңіледі... Жеті жасында ерте ой түскен, көлдей терең ой кешкен бойжеткен еді.   

Қазан-ана көлдің еркесі Марқа сұлу – Найман ханы Таянның үкілеген жалғыз қызы. Жалғыз ізбасар ұлы Күшілік мырза – Ақсұлу шешесінің туған сіңлісі Тоқсұлу тоқал омырауынан ажырамаған сәби кезі... Болашақ Ер Күшілік ханның Марқа сұлудай әпкесіне қорған бола алмас бейкүнә шағы.

Егде тартқан Таян хан әкесі хандығы да қауындай жарылып, туған інісі бүлік шығара бөлініп, «Бұйрық хан» атанам деп әуре-сарсаң салып жүрген бұлғақ мезгіл. Баяғы Найман Қағанаты шаңырағын көтеріп, іргесін бекітіп, ақ байрағын Ақ Ордасында шалқытып, таңбалы қызыл мөрін басып, жан-жағындағы барлас, қоңырат, жалайыр сияқты жалпы жұртты өзіне қаратқан, Керей елі ханымен тату-тәтті күн кешіп, қият, меркіт сияқты сыңар қанат ұлыспен сыпайы көршілік құрған тұс.

Ал алыстағы бақталас елдер мен жақындағы тақталас он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт, мыңдық маңғұт пен түмендік таңғұт жұртымен қарым-қатынас орнатқан Ұлы Білге Бұқа қаған бабасы құрған ірі Ақ Орда жыртылып-айырылуға шақ тұрған. «Ел айырылған» дейтін зарлы күндер тудырар қауіп сейілмеген, жүректі алаң сезім билеген уақыт-ты. Хандық керегесінен енер көк сүңгі күшейе түскен тұс-ты. 

Марқа қозыдай қыз – ақсары өңді Марқа сұлу қасиетті Қазан-ана көлдің де су иесіндей күтіп-баптаған бойжеткені еді. Бар мақтаулы қызуы мен қызығы, қызылы мен құндысы тұла бойында сақтаулы еді... Қазан-ана көл де «Айдарлы алтын қайық» сәнін кіргізген Марқа сұлуды ешкімге қиғысы келмей мөлдірейтін. Хан қызын алтын қайық үстінде аялай тербейтін толқынымен, қара шашын  тарайтын мақпалдай майда самалымен...  Шілдеде бір тәңірінің көктен құйған шұғыласымен терең тартқан түбіне дейін жылынған киелі көл суы ерке сұлудың балбыраған балғын тәнін сүйетін... Уылжыған жүзінен өбетін.

Күллі дүние Қазан-анамен бірге Марқа сұлуға мейірін төге елжірейтін...

Марқа сұлу – ақылға ұста кенен, сөзге сімер шешен, жебеге жел ілдірген мерген. Қараған жан жанарын тайдыра алмас Һас сұлу еді.

Гауһардан алқа тағады. Құндыз бөрік үкілеп, бұлғын ішік жамылады. Жүзін күн жемеген, етегін жел көтермеген. Сән-салтанаты жарасқан салқы бойжеткен.

Алтай тұмасы шөліркеген сарайын ашқан, Қазан-ана көлі кіршіксіз ажарын ашқан. Ана көлде Айдарлы алтын қайық қана мінген. Ақылына көркі сай, атына заты сай ару бегім.

Он жетіге енді шықты...

Он сан сарбаз қарауыл қойған. Он сан сұлу бикеш қасынан өрген. Он сан нөкер соңынан ерген. Аш беліне оратылған қара шаш пен аспан түсті мөлдір жанар жаныңды кеудеңнен суырып ала жаздайды. Керім сұлулық кез келген жігіттің мысын басады. Жүрегінің түгі бар азамат ер ғана жел жағынан жақын келер.

Ондай жүрек жұтқан жолбарыс қайда бірақ!? Тірі пенде жанына жуый алмас бұла бегім...

Ару аты мен хан қызы заты алысқа кеткен кезде Марқа сұлу әкесі алдына  келді. Бұлғаңдап өскен бұла бегім бүй дейді.

– Хан әке, түсімде Қазан-ана көлінен аққу ұшқанын көрдім... Ол не?

– Е-е, сен бойжетіп, ұяңнан ұшар кезің келіпті...

– Сол аққу далаға барып қонғанын көрдім... Ол не?

– Е-е, сен ен даладағы жат Ордаға барып қонады екенсің...

– Даладағы сол Жат Орда сіздің Ақ Ордаға көшіп келіп, қатар қонғанын көрдім... Ол не?

– Е-е, сен даладағы Жат Ордалы жұртты Ақ Ордалы менің еліме әкеліп қосады екенсің!..

Сонда Марқа бегім хан әкесіне қарап:

– Ер жігітке қояр үш шартым бар, - деді.

– Орындатам шарттарыңды! - деді Таян хан.

– Сізге де қояр Бас шартым бар.

– Айт!

– Дат, хан ием!

– Датың болса, мақұл!

– Сізге қойылар шартымнан бастайын... Ал қалған үш шартымды  шылбырымды ұстауға бағын сынап келген азаматтарға айтайын!

Қыз құлай ағып жатқан Қалжыр жаққа бір сәт ұзақ қарап қалыпты. Әкесі де ойға бата Азутау шыңына қадалыпты.

– Бас шартым – күйеу жігіттер қаны қосылмас алыс жұрттан болсын!.. Даланың көкжал рулары талассын! Сақарадан сырт он сан оймауыт пен тоғыз сан торғауыт, мыңдық маңғұт пен түмендік таңғұт  байрағын бұлғамасын! 

Таян хан қыран басты алтын тағында жұмбақ шарттың сырын ойлап отырып қалыпты... Әлден уақта иіліп жауабын күткен сүйікті қызына тәңіріне сыйына тұрып былай депті.

– О-о, Тәңірім! Е-е, бегім! Ерен тілегің орындалсын!.. Ерен елің ерлерге толсын! Ерен жерің кеңейсін! Ерен елің молайсын! - деп қызының ақылына риза-қош болыпты.

Сайын сақараға сауын айтылыпты.

Жерұйықты аңсаумен жұпар даланы кезіп, жапан түзді ат тұяғымен тоздырған сақара жұрты Найман Елі аруына құда түсуге хабардар болыпты. Марқа сұлудың аламанға қойылар үш шарты барын құлақтарымен естіпті. Ол қандай шарт екен десіпті.

Таян ханның ақшаңқан жазғы Ордасы Қалжыр өзенінің Қазан-ана көлден ағып шығар алқымы – Шүмек жазаңына тігіліпті...

Ал шарт сайысынан дәмелі ұлыстардан келген жұрт Ақмоншақ аңғарына түсірілуге тиіс болыпты. Сайын сақарада билікті уысына жиған бес ұлыс – жалайыр, қоңырат, барлас, меркіт, қият жұртынан келген аламан азаматтар  көл басынан құлайтын Ақмоншақтай кең аңғарға ат шалдырып жатуы ойластырылыпты.

Тек қандас Керей Елінен ханның өзі бас болып, ат сабылтып алдымен жетіпті...   

Марқа сұлу бір елдің елиесіне тоқалдыққа тиер деген тоқ сенім керей ханының жеткенше жанын әлдилепті. Таян хан да қарсы келе алмас! Қарсы келсе, қыбын табармын деген оймен аттан түсіпті.

Керей ханы келместен өз шартын қойыпты. Ханға кеуделей кергиді. «Бөгде ұлыстардың қараборбай қараларымен шартқа түспеймін!..» деп, қыз бен әкесіне ақылманы арқылы сырғақ сөз салады.

Марқа сұлу да шарт бұзылмайтынын шабарманымен жеткізеді. 

Таян хан да «Жалғыз қызымның шартын бұза алмаймын!.. Тілегін орындау керек» дейді.

Сонда Керей Елінен ере келген ақылманы: «Біз осы келген жас жігіттердің күллі шығынын өтейміз... Төрт жұрттың да Марқаға берер қалыңын бір өзім берейін! Тек оларды Таян хан кері қайтарсын!» деп тағы сөз салады.

«Хан басыммен елге сауын айттым. Екі сөйлегенім – өлгенім!» дейді Таян хан да.

«Бір қыз үшін бір хандық жұртпен ат құйрығын кеспеспім, бірақ кекілін кесісеміз!..» деп Керей Елі ханы да доңайбат көрсетеді.

– Сайын даланың нағыз сайыпқыран сардары Марқа бегімнің шартын орындасын! - дейді қалың елінің алдына шығып. – Мен қызымның сертін сатпаймын! Шартын қалтқысыз орындаған қыран азамат қолынан жетектеп кете берсін! Бұл сөзімді күллі Найман Елі жұртына – ер-азаматына өсиет етем!   

Керей Елінен келген ханның дымы құриды. Өр кеуде жаны жараланады...

Таян ханның қонақтарына жайылып жастық, иіліп төсек болып күткеніне мастанып, Шүмек жазаңының күреңшесіне аунап жатып, бетін қайырған өр  хан мен ару бегімді қалай мұқатсам деп жата береді. Ақырын күтеді. Ішіне бір сұмдық түйін шер байлайды. Түп ниетін жан баласына сездірмейді.

Уәделі күн таңы да атады. Марқа сұлу да шартын Қазан-ана көл жағасында естіртті. Естірткен – арнайы белгіленген биғазы – биқазы азаматтар.

Бірінші шарт – көлді марқа қозы еті піскенше, атпен айнала шауып өту...

Екінші шарт – көлді көлденеңінен кесе жүзіп өту...

Үшінші шарт – көл ортасында Айдарлы алтын қайықта Марқа қыз самырсын сабынан ұстап отырған, кестелі алтын жіппен әдіптеген аппақ Байрақты жебемен көздеп,  тесіп өту...

Осы үш шартты орындаған жігіт еліне ақ байрақпен Марқа сұлуды алып қайтады. Апарып ақ байрақты отауы босағасына сабынан байлап, желбіретіп іліп қоюға тиіс.

Алшаңдай басып барлас баһадүрі көрінді...

Шалқая басып жалды-жалайыр оғланы келді...

Жалпая басып қоңырат бағланы шықты...

Қиялай басып қият-бөрі нояны тұрды...

Ұмтыла берген меркіт мергені Керей Елі ханына қарап қалып, қалт тоқтады... Сапқа барып қосылмады.

Шартқа сай сайыс осы бөрідей төрт жігіттің арасында өтетіні белгілі болды.

Еркек марқа қозы шартқа шыққан жігіттердің алдарына алдырылды. Темір үзер төртеу де өздері таңдап мініп келген сәйгүліктерін ауыздықтап, темір үзеңгіге бір аяқтарын салып, тұра жөнелуге дайын тұрды.

Марқа сұлуды көздің қарашығындай қорғаушы жасағының басшысы кепе қозыны қанжармен тар тамақ – әлсіз алқымнан бауыздап кеп жібергенде, төрт сәйгүлік те ытырына кеп жөнелді.

Марқа қозы еті піскенше, төртеудің қайсы бұрын келер екен десіп, алқалы аламан жұрт қиқуға басты. Жан-жағын қарағайлы биік таулар қоршаған су толы алып қазандай Қазан-ана көл қозғалып кетті. Көл жағалаған сәйгүліктердің сом тұяғы кейде су шашыратып, кейде шым қопарып, кейде тас уатып, кейде қарағай-шырша арасына шым батып, кейде қиялай қапталдай шауып бара жатты.

Жұрт ду-дуы басылмады. Балуан күрес басталып кетті. Ешкі майы қатпас шілде күні ысығанмен, қарағай арасынан, тау сағасынан сыналай соққан самал есіп, дүние жанға жайлы күйге балбырай иіп тұр еді.

Түннен шыққан суық жылқы еті мен қой еті таңдай қақтыра тамсантып, таң асқан қымыз-қымыран бал татып, мұқым мұнар жұрт ішкенге мас, жегенге тоқ. Салқын қарағай арасы көлеңкесін жауып, жамыраған жас атаулы жел желік. Ақсақал мен қарасақал ақторғын әйелдердің қырқылжың қалжыңына малтығып, шынтақ жатыс пен жамбас сипар сылтауға сылқ-сылқ күлкі құшақты.

Қазан-ана көл айналасы ине шаншар жер қалдырмастай ырғын халықты...

Бағлан еті буы бұрқырап, балбырай елжіреп, кепсермен қазаннан түсіріліп жатқанда жігіттердің алды да келіп үлгерді. Алдымен Барлас баһадүрі мен Қият-бөрі нояны жетті. Оларға Марқа сұлу өз қолымен уылжыған қозы етінен ауыз тигізді.

Жұрт жым-жырт болып, қыз қолынан ет жеген ер жігіттерге риза болысты... Кейін келген қос азамат та ару саусағынан ас алысты.

Шарттың келесі кезегі ат ауыздығы суыталмастан басталды.

Марқа сұлу ұсынған шара-шара қымызды бастарына төңкере салып, межеленген жерден тақымдары кеппестен көлге қойып кетісті. Жалаңаш кеуде жігіттер қарсы бетке құлаштай жүзіп жөнелді.

Олар арғы жағалауға асыға жүзіп жөнелген сәтте Марқа сұлу да бір құрбысымен Айдарлы алтын қайыққа қарай жүрген. Қалың ел жігіттерге бір тамсанып, хан қызына бір тамсанып тұрды...

Көл бетіне сыңар аққудай сыза із салып алтын қайық шыққан. Алтын айдары мен алтын қаптырма жапқан қос қабырғасы күн көзіне жалтырап, жұрт көзінің жауын алды.

– Тіл-көзден сақта, жасаған! О, Ұмай ана! - деп тұрды жағада Тоқсұлудай тоқал бегім Күшіліктей сәбиін құшақтап.

Жұрт ішіп-жеп қарап, алтынның шағылған сәулесіне арбалды.

Су жүзіне шималай әжім салып, елік толқын қайырған сәнді қайық Қазан-ананың қақ ортасына жүзіп барды. Қос құрбы алдын ала дайындалған, қос қанатқа бекітілген шынжырлы шойын бас батырма – зәкірді көл түбіне тастап жіберді. Қайық та қалтқығанын қоя қойды. Марқа өз қолымен тіккен алтын жібек жіпті ақ байрақты құрбысына көтертіп, қарағай сабын қайық басының ұшындағы үшкіл бұрышқа тіреді де, алтын айдарлы мыс мойынға тас қып байлап тастады.

Бұлар дайын болғанша дүниенің төрт бұрышын ұстайтындай төрт бірдей атпал азамат көлді көлденеңінен қиып, жағалауға да жүзіп жетіп еді. Іркес-тіркес малтып жеткен. Оларды арнайы белгіленген бес бірдей биғазы бір топ адаммен күтіп алды.

Шартты қатал қадағалаушы биғазылар – хан жарлығының да әділеттілігін таразылаушы халықтан шыққан шешен, көсем жандар еді... Хан шешімі шыққанда қарайған халық аузына қарайтын тұлғалар. Бұл бесеуі – қара бұқара сөзін ханға жеткізетін биғазылар арасынан Таян хан мен Марқа сұлудың өзі таңдаған таңдаулы тұтқалар-тын. 

Биғазылар арасында он бір жасар Кет-Бұға би де жүр...

Қаршадайынан күйін толғап, қарғадайынан ойы самғап, бармақтайынан бал тамызған шешен, ел таныған көсем болуға жүз бұрған бала би. Кет-Бұға аты жұртқа мәшһүр тұмар-ды.

Бұл жолы – қоңырат бағланы мен қият-бөрі нояны жылдам жүзіп жетті.

Тағы да қият-бөрі қалыспады... Барлас баһадүрі барлығып, жалды-жалайыр оғланы малтығып  келді.

Биғазы басы оларға тыныстарын алуға мұрсат берді. Төрт азамат күреңше үстіне көсіле кетті. Өкпелері де өшкендей қысыла қағып жатты.

Күн екінтіге құлап кеткен мезгіл еді...

Көл ортасындағы Марқа сұлу да күйеу жігіттердің ерен ерін күтулі еді...

Қошқар мүйіз оюы алтын жіппен әдіптеулі ақ байрақ самалмен желбіреп, ерлер қайдасың дегендей менмұндалап, екінтіге еңкейген күн сәулесімен қаракөк тартқан көлдің әрін кіргізген. Азутаудың ұшарын алып жатқан аппақ мұзарт та байрақ түсімен астасып, айбынданып кетіпті.

Марқа сұлу мен құрбысы да байрақтың желбіреген ұшына қарап, жігіттердің жебе бәсін сабырмен күтті. Кешікпей олар да өздері жүзіп шыққан тұстан жоғары өрлеп, жағалау иілген иінге келді. Тап алтын қайық тоқтаған өкпе тұстан кеп шықты.

Бұл арадан қайық та жақын көрінді. Үстіндегі қыздар да өткір жанарларға шалынды.

Төрт бірдей ұлыстың төрт арлан бөрідей қатар тұрған жігітінің кезегін биғазылар белгілеуге көшті. Билікті бала би Кет-Бұғаға берді.

Биғазы Кет-Бұға би былай билік естіртті.

– Барлас баһадүрі бас болады... Көк ішекті қарағайжақ адырнасын аңыратсын!

– Қоңырат бағланы жас болады... Кезекті қызыл жебелі сүйекжақ маңыратсын!

– Жал-жалайыр оғланы қоңсы болады... Кезексіз тиген жиде жебелі құрамажақ  мөңіретсін! 

– Қият-бөрі нояны бәріңе анда болады... Соңын алған сұңқар қанат жебелі сыңаржақ  еңіретсін!

Бұл сөзге биғазы ағалар да бас изесті.

Кет-Бұға би қысқа күнде бәріне батымды қырқа кесім жасап, жағада байлаулы тұрған қара қайыққа отырды. Дайын отырған ескекші дереу есіп жөнелді. Ескек тиген қаракөк тұнық беті жылан қабыршақтана көпіршіп,  кебеже қарын қайық тұмсығы қанжарша тіле жүзді. 

Жас болса да бас болған Кет-Бұға би Айдарлы алтын қайыққа қарай тура тартты. Үшкіл келген ақ байрақ самалмен желбіреп, көптен күткен қос құрбы қыз елбіреп күтіп алды. 

Бала би Кет-Бұға хан қызы қарындасы мен мырза қызы құрбысын өз қайығына отырғызып, құрық құлаш қауіпсіз аулаққа жүзіп, ақ байрақты бақылауға алды. Бала биғазының белгісін күткен жағалаудағы жас жолбарыстар да тағатсызданып тұрғанды. 

Батыстан шығысқа қарай желбіреген үшкіл байрақ екінті күніне шағылып, жағадағы өткір жанарларға сағымдана сәулеленеді... 

Биғазы бала би беліндегі кісесіне ілінген қызыл орамалды алып, басынан асыра бұлғады.

Барлас баһадүрі қарағайжақ садағын алып, көк сырлы арша жебені қондырып, адырнасын құлаштай тартты... Зырылдай ұшқан арша жебе көлбей ұшып, қайық ортасындағы арқау тақтайға кеп қадалды. 

Қоңырат бағланы сүйекжақ садағын көтере түсіп, қызыл сырлы тобылғы жебені шірене тартты... Зулай ұшқан тобылғы  жебе ақ байрақтың қарағай сабына келіп қадалды.

Жал-жалайыр оғланы құрамажақ садағын қайқая тұрып, сары түсті жиде жебесін жіберді... Желдей ескен жиде жебе қайықтың алтын қабырғасына сыртынан тесе қадалды.

Қият-бөрі нояны сыңаржақ садағын алып, сұңқар қанат жебені суылдата атты... Сұңқар жебе аппақ байрақ ортасынан қақырата жарып өтіп,  қалықтай барып көлге қонды.

Марқа сұлу жүрегі діріл қақты... Қуаныш пен үміт сезімі ару жанын жандырып өтті. Құрбысы да жүзі бал-бұл жанып, алабұртқан бегімді құшақтай алды.

Кет-Бұға би кебеже құрсақ қайықты тездете жүздіртіп, аулақта қалқып жүрген сұңқар қанат жебені алды да, қара қайықты алтын қайыққа жанастыра жүздіріп қойды. Алдымен алтын қайыққа хан қызы қызыл түсті сақтиян аяқ киімімен аттады... Соңын ала құрбысы өтті.

Кет-Бұға би бегімнің алтын қайығына аяғын баспады... Басуға да қақысы жоқ еді.

Марқа сұлу ақ байрақты қоңырат бағланы сабына қадаған жебесімен бала биге алып бермек болып еді, ол қозғалмасын деп ишарат жасады. Құрбысы екеуі алтын қайық тұмсығы тұсынан бекітіліп, көлге тасталған шынжырлы шойын батырма – зәкірді көтерді. Кет-Бұға би мінген қайық соңынан алтын айдарлы жалтылдай  ілесті.

Жағада демдерін ішіне тартқан ер жігіттер мен кесім шығаруға асыққан биғазылар тағатсыздана күтіп тұр еді...

Айдарлы алтын қайық пен кебеже қарын қара қайық  жеткен бойда төрт түрлі қадалған жебелердің өзі-ақ Таян ханның жалғыз қызы кімнің қанжығасына басыбайлы байланғанын, қай ұлыстың шаңырағына шырақ болып жанарын сөзсіз айтып тұрды... Көкбөрі жігіттер өз көздерімен көріп, өз қолдарымен жебелерін екіге бөле сындырып алып, Марқа сұлу мен Кет-бұға бидей биғазыға бастарын иген. 

Қанатына да зиян келмеген қият-бөрі ұлысы  ноянының олжагер сұңқар жебесі еді...

Бұл қият нояны – салт атты, сабау қамшылы болып келген Сайын атты бозбала еді...

Марқа сұлу бозбаланың мойнына әкеліп алтын кестелі қызыл орамалын салған да, қолындағы сегіз таспа өрімді қамшысын алған. Сосын биғазы ағаларға келіп, «Айдарлы алтын қайығыммен, көгілдір Қазан-ана көліммен қоштасайын!..» деп қиыла сұрады.

Күн де кештетіп қалып еді. Шүмек тепсеңіне көтеріліп, Қалжыр құламасына батуға бет алған.

Үзілген Марқа сұлу көл ортасына жалғыз жүзіп кетті...

Соңынан сайыпқыран Сайын жігіт сүзіле қарап қалды...

Қарағай іргесіне қараңғылық ұйып, қас қарайып келе жатты. Тап осы сәтте көлге етегін малған шілік талдардың арасынан бір бозбала суға түсті. Жалаңаш кеуделі беліне жеңіл селебе байлапты.

Ол шілік арасымен бойын жасыра барып, көлге сүңгіп кетті. Бұл Байкөлден келген меркіт ұлысының қыздан дәмелі жас қыраны еді... Оны Керей Елі ханы қайрақтай қылып былай қайрапты.

– Меркіт келелі керейге бауыр һәм анда. Таян ханнан келген керді өзім көріп алдым... Марқа қыз екеумізді де жерге қаратты. Хан басыммен мені менсінбегені аздай, сен де топтан жырылып қалдың. Тиінді көзден атқан мерген ұлыстың азаматысың, сенің мергендігіңді білгеннен әдейі жолдан қатыстырмаудың қамын жасапты Таян хан. Менің меселімді қайтару арқылы намыстан сен қатыспай қалатыныңды көздепті... Бұл жұмбақтың шешуін енді таптым! Қос ұлыстың ұлы намысын қолдан береміз бе?! Қайдағы қиятқа қиямыз ба? Жоқ! Жалайыр, қоңырат, барластай үш ірі ұлыстардың да намысын таптатты, бегім!.. Оның ендігі аяқ алысы қалай болмақ? Тағы қандай намысымызды төгуді көздегені бар... Осы қорлағаны да жетер! Таңдағаны – қият, ұрынғаны – ұят... Қорланғаны – асыл сүйек! Намыстан сүйек сынғанша, қайғыдан қан құссын, Таян! Сұлу бегімі жер құшсын, Тәңірі аян! Сұлу бегімді ажал сүйсін! Қияттың жүрегі күйсін! Ұлысының мейманасы таспасын, бағы аспасын! Қыл шашақты байрағына қара жалау байлансын!..

Осы мұздай сөз суық селебеге қол салдырды. Меркіт аламанын сұмдық іске бет аудырды.

Толқыны жыландай иреңдеген Қазан-ана көлде ымырт жамылды...

Су астымен сүңги жеткен меркіт мергені опасыз іске  ұрынды... Жастық қызбалықтан емес, қызыл өрттей қызғаныштан зұлым әрекетін жасырынып келіп жүзеге асырды.

Әлсіз ай сәулесіне сүйініп, суға құлаған шашын қызықтай тарап отырған Марқа сұлу аңдап та үлгермеді. Қайықтың алтын қабырғасын бойлай,  тереңнен сумаң етіп шыққан Байкөлдік меркіт суға қарап таранған сұлуды қақ жүректен салып алды. 

Селк ете түсіп, дір ете қалды талдырмаш тән...

Арудың қара шашы су бетіне жайылып бара жатты. Ақша жүзінің бейнесі ай сәулесі шағылған көлге түсіп, күнәсіз көзі мөлдірей қадалды. Талдырмаш дене алтын жақтауға асылды. 

Меркіт мергені су астына сүңгіп кетті. Қолындағы селебені көл түбіне қынымен батырды.

Құмырсқа толқын жыбырлап, біртіндеп өшіп жатты...

Нар Найман Елі қара жамылыпты...

Марқа сұлу өлімімен Таян ханның басындағы бағы тайыпты. Інісі Бұйрық хан Найман Ордасы ішінен – «үй ішінен үй тігіп» – Кіші Орда көтеріп, біржолата бөлініп, хандықты әлсіретіп жіберіпті. 

«Бөлінгенді бөрі жейдінің» кебі келіпті...

Тарлан тартқан Таян хан қос бүйірін таянып: «Бағым Марқа сұлуға қонған екен. Соны соқыр басым танымаған екен. Ақ Марқамнан қапияда айрылып, ұлы ордамның бағы қайтқан екен... Бақ Марқа сұлудай киелі аналармен елге қонады, елде ерлер азса – Ордадан ұшады!» деп егіліпті. 

Сақараның Сайын жігіті қият-бөрі байрағын қанды кек алуға көтеріпті... Өзін «Сақараның Сайыпқыран Сайын ханы» атапты. Меркіт жұртын харап қылыпты. Меркіт мергенін қол-аяғынан төрт асаудың құйрығына байлатып, кергіге  салып кек алыпты.

Шарана күнінде қан уыстап туған Сайын хан мұнымен де тоқтамапты... Тоқтай алмапты. Қалың қоңырат жұртынан қатын алып, Керей Елі ханын құдалыққа жүргізіп, өз жанына жақын тартыпты. 

Наймандармен бауырлас барластардың аузын алып, меркіттен түскен мол олжаны аямай беріп, қыз-келіншекті жігіттеріне қос-қостан тегін үлестіріп,  қияттармен қан жаласқан анда тұтытыпты. Барластың барын ортаға сала бауырласып, жалды жалайыр жұртын андалыққа көндіріпті.

Кезек кеше ғана қайын жұрты бола алмаған Найман Еліне жетіпті... Нар найман жұрты қақ жарылса да, қос билікті хандық құрып отырса да, жас бөрі Сайын ханның ұйғарымына көнгісі жоқ еді.

Маңайын өзіне тілеулес қылып алған Сайыпқыран Сайын хан Найман хандығымен ұзақ ұрысыпты. Сақара көк бөрілерінің ортасында жалғыз қалған көкжал жұрт арыстанша арпалысып бағыпты. Таян менен Бұйрық хан опат болғасын, жұрт амалсыз тізе бүгіпті.

Сайыпқыран Сайын хан Найман Ордасының хатшысын өзіне қорғалатып, қызыл мөрін жамбасына басыпты... 

Көкжал арлан болып туған жас Күшілік таулық тегіне тартыпты бірақ... 

Қият-бөрі тектісіне Таян хандай көнгісі келмепті. Тарлан жолбарыстай жайылып жатқан Тарбығатай тауын асып кетіпті. Ерен Қабырғаға қосын тігіп, қабырғалы жұртсыз қалыпта жалаңаш қабырғасымен кеңесіпті. 

Өзін хан жариялап, талан-таражға түскен хандығын қарумен, телімге түскен жұртын ақылмен билемекке әрекет жасап бағыпты. Таян хан тағайын қалпына келтіруге тырысып, шайқалған Найман Ордасы шаңырағын түземекке ұмтылып, қанды қызыл байрақты соңғы рет қайыра көтеріпті. Күш тең емес еді, ақыры жанкешті шайқаста Ер Күшілік хан шейіт кетіпті.

Сақараны селдей қаптаған кешегі Нар Найман Елі ерен елдігінен – қанатты қағанатынан айырылыпты. Жығасы қисайған жұрт қалпына біржолата түсіпті... Сайын хан түсіріп кетіпті. 

Кемеңгер Кет-Бұға би жұртының жетер жерін, тұңғиық тартар түбін, айдынға алып шығар амалын ойлапты... Жанталасқан жаралы жұрты үшін байырқалы байлам жасауға бас тігіпті. Қара нардай кеткен белін қайыра бекітіпті.

Ақылы асып туған Кет-Бұға би сақараның Сайыпқыран Сайын ханына Алтайдың алып жартасын жарып шыққан қыран қарағайындай биік шынарысың депті. «Ұлы Қаған мәртебесін беру» дәстүрін енгізуді ұйғарыпты... 

Сарыарқа сақараның кіндігі – Найман тауы бауырында Шыңғыс ханды ақ киізге салып, Ұлы Қаған көтеріпті. Дүниенің төрт бұрышына жаушы аттандырып, күллі төңірекке ат шаптырып, Шыңғысхан атын мәшһүр етіпті.   

Түз төсіндегі майлы төстіктей Найман тауы – Ұлы Қаған құрметіне «Шыңғыс тау» болып белгіленіпті.

Күй иесі Кет-Бұғаны көк тәңірісі қолдаған Шыңғыс қағанның өзі ендігі жерде оң тізесін басқан Басби билігіне қойыпты. Найман жұрты Бас биғазы – Кет-Бұға бидің арқасында жалайыр мен қоңырат, барлас пен қият, керей мен меркіт жұрты арасында Қарақорымда қайта елдік дәрежеге жетіпті. Он сан оймауыт пен тоғыз сан торғауыт, мың сандық маңғұт пен түмен сандық таңғұт түндігі төңірегінен аулақта керегесін кеңітіп, босағасын бекітіп, шаңырағын тіктепті.

Әйгілі Марқа сұлу хикаясы осылайша аяқталыпты…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар