Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Астанада арқалы ақындар мүшәйрасы мәреге жетті...

13.06.2016 5919

Астанада арқалы ақындар мүшәйрасы мәреге жетті

Астанада арқалы ақындар мүшәйрасы мәреге жетті - adebiportal.kz

                   

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Астана күні құрметіне арналған «Азаттық аясында» атты Республикалық жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы осымен алтыншы рет өткізіп отырған дәстүрлі жыр додасына биыл жүзге жуық үміткер қатысты. Тәуелсіздікті әр қырынан толғаған өлең-дастандар ақындардың бұл келелі тақырыпты кестелі жырмен өрнектеу жолында көп ізденгендерін байқатты. 


Әсіресе, семейлік Медет Божан, қарағандылық Әсет Аманжолов секілді жаңа есімдердің көрінуі қуанышты болды. Мүшәйраға тәуелсіздік тарихын түптен тартып жырлаған дастандар да көптеп түскенін айта кеткіміз келеді. Алайда, бәйгеде бақ сынаған поэмалардың көпшілігі тарих сорабынан шыға алмай, оқиға қуалап, бір сарындылыққа ұрынғандығынан мәреден көріне алмады. Жас ақын Олжас Қасымның «Ғасыр қасіреті» дастаны ғана қазылар алқасының көңілінен шықты. 


Бәйгеге түскен шығармаларды талғам сүзгісінен өткізе келе Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиев төрағалық еткен қазылар алқасы мына төмендегідей шешім шығарды: Бірінші бәйге – «Астанамен сырласу» өлеңі үшін белгілі қаламгер Әділбек Ыбырайымұлына берілді. Екінші екі орынды «Нұрлы көш» өлеңі үшін Дүкен Мәсімханұлы және «Бердіғожа баһадүр» өлеңі үшін Дәулеткерей Кәпұлы иеленді. Үшінші орындарды «Астана» өлеңі үшін ақтөбелік Бауыржан Бабажанұлы, «Таңғы тілек» өлеңі үшін алматылық Нұролла Сағатбаев, «Мәңгілік ел – мәңгілік мұрат» өлеңі үшін қарағандылық Әсет Аманжолов қатарлы ақындар бөлісті. Сондай-ақ ынталандыру сыйлықтары «Туған ел» өлеңі үшін Нұрлан Қалқаға, «Ғасыр қасіреті» дастаны үшін астаналық жас ақын Олжас Қасымға, «Бостандық» өлеңі үшін астаналық жас ақын Ербол Алшынбайға, «Азаттық пен Елбасы» өлеңі үшін Медет Божанға, «Бұл – қазақ» өлеңі үшін семейлік жас ақын Арман Шеризатқа берілді. Сәкен Сейфуллин мұражайы тағайындаған арнайы сыйлықты «Қазақ жері» өлеңі үшін астаналық Есенгелді Сүйінов қанжығасына байлады.


Жүлдегерлерді марапаттау 1 шілде күні Астанада «Жастар» сарайында өтеді.


adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар