Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Аштық пәлсапасы...

31.05.2024 699

Аштық пәлсапасы

Аштық пәлсапасы - adebiportal.kz

 Ұлт тарихы – адам мінезі мен көзқарасының «қағбасы». Осы жағынан келсек, 1931-1938 жылдар, ондағы майып болғандар статистикасы – сан емес, сана мәселесі. Дәлірек айтсақ, біздегі үрей мен ішкі тойымсыздықтың қазіргі статистикасы.

                 I

Сөз – шартты ұғым. Адам барда шындық пен әділет ұғымдары да бар емес пе? Бұл  сөздер де адам зиятымен  бірге өседі, өркендейді.  Қозғалыс пен өзгеріс  заңынан ешбір тіршілік атаулының  шет қалмайтыны секілді, кез келген ұғымның  ішкі  мәні де мызғымастан  тұра  алмайды. Айталық,  еуропадағы әділеттік пен  шығыстағы  шындық ұғымдарының негізгі есім-сойы бір болғанмен, олардың атқарар қызметі мүлде  екі бөлек.  Біз сол екі түрлі түсінікті  өзара салыстыра отырып, танымдық тұрғыдан сөз өрбітсек пе дейміз. Бұл жерде Сара Камеронның «Аштық жайлаған дала» я болмаса кешегі қазақ топырағын ақсөңке сүйекке толтырған  трагедияны  сөз еткен «Қызылдар қырғыны»  секілді  ғылыми немесе естелік еңбектердің  бірде біреуінен  сілтеме келтірмейміз. Біз алапат аштық мәселесіне тек философиялық тұрғыдан ғана баға беріп, барлау жасасақ дейміз. Рас, әр күннің бәрі тарих емес. Тарих – бұл басқа меже. Бұл – арың мен өміріңді  рухани уәзінге тарту.  Адам мен аңның басты айырмашылығы не десеңіз, ең әуелі  аң атаулыда  тарих жоқ.  Онда тек рефлекс пен инстинкт қана бар. Адамды қойып, тұтас ұлт атаулы  кейде осы екі түсініктің ережесіне бағынып, бұдан да биік өлшемдерге өте алмай жатады. Тіршілік атаулының шүңетіне бір  шырмалған адам   тарих жасай алмайды. Тарих  тек оқиғалар дерегі   емес, ол ең әуелі өнер мен ғылым,  мәдениет пен өркениетке өмір есігін ашу. Кез келген дүниенің негізгі бағасы өз анологиясы болғанда ғана анықталады  емес пе? Мағынасы бір атаудың  шығыс пен батысқа (Еуропаға) келгенде қызметі мен қолданысының мүлде екі түрлі екендігін жоғарыда ғана тілімізге тиек еттік. Аштықты айтпағанда, тоқтық ұғымына да дәл осындай  салыстыру өлшемі керек. Сіз қазіргі қазақ жанұясындағы кез келген теке-тірес пен ажырасу факторының арғы жағын тектеп көрдіңіз бе?Жүз пайыз демесек те осы кикілжіңнің сексен пайызы материалдық жетіспеушіліктен туындап отырғаны белгілі жайт. Тағы да тәтпіштеп айтуға мәжбүрміз. Жанжал мен керістің негізгі мотиві – жетіспеушілік. Статистикаға сүйенсек, еліміздегі әр адам табысының тең жартысы азық-түлікке жұмсалса, батыс елдерінде бұл көрсеткіш небары  5-12 пайыз аралығында ғана.  Бұл ілкіде философтар қойған  «Сен тамақ ішу үшін өмір сүресің бе, әлде өмір сүру үшін тамақ ішесің бе» сұрағының тек бірінші тармағына ғана таңдау жасағанымызды көрсетеді. Американ психологы Абрахам Маслоудың қажеттілік иерархиясы туралы жақсы білесіздер ғой.

Сана мен тұрмыстың бес белдеуіне тоқталып өткен ғалым оның ең біріншісі физиология ( яғни ішіп жеу мен үйлі баранды болу) турасында айтса, бесінші сатысында бар болудың мәні, тұлғаның өзін-өзі тану миссиясын алға тартады.  Бұл – жеке адам басына ғана емес, тұтас  қауымға да қарасты ұғым. Біздің өз билігіміз өзімізге тиесілі Алтынорда дәуірін, дәлірек айтсақ XIII-XY ғасыр аралығындағы шақты Маслоудың бесінші белдеуіне толыққанды жатқызуға болады. Хандық кезеңінен кейінгі ұлт басынан өткен небір аумалы-төкпелі  заман бесінші құндылықты  көз алдымызда күн сайын  балауыз шамдай кеміктей түсті. Сөйтіп, жылдар жылжып XX ғасырдың таңы атқанда бұрнағы  бұла қазақтың  ноқтаға сыймаған асау  басы қай тұрғыдан (рухани әм материалдық)  болсын,   бірінші баспалдақ  босағасында бұратылып  жатты. 

                                                      II

...Аштықтың трагедиясы мен азабы одан құрбан болғандар санымен анықталмайды. Оның ең негізгі азабы аштықтан тірі қалғандардың бұдан кейінгі өмір сүру үрейі мен тойымсыздығынан басталады. Әрине, бұдан кейінгі аштық ол басқа пішін, өзге форматта жүреді. Бұл жерде сіз аштықтан өзегі талып, қабырғасы арса-арса болған адамды еш жерден ұшырата алмайсыз. Тірі қалғандардың трагедиясы мен тартысы енді басталады. Бұл сонда қандай трагедия болды дейсіз ғой?.Аштық үрейі өлгендердің емес, одан тірі қалғандар мен кедейшілік көргендердің көз бен көңіліне көшеді. Сөйтіп сана жойдасыз жарақат алады. Кейін адам көңілі қанша жесе де бір тойып бермес түпсіз ынсапсызға айналады. Материалдық дүниеге  жан-тәнімен қаталаған, сол «тірілердің»  сыртқы әлпеті тоқ көрінгенімен, ішкі араны мәңгілік ашқарақ сипатқа ұласады. Екінші рет естеріңізге салайын, олардың сыртқы әлпеті тым қоңды көрінгенімен,  ішкі мазмұны мәңгілік  қалтырап тұрады.

Аштықтан кейін адамдағы орын алатын  бұл психологиялық ахуалға  қазақтың «семізмалай» сөзімен  ғана дәлме-дәл анықтама  беруге болады. «Семізмалайлық» пен «семізқұлдық» бүгінгі біздердің  жаппай сырқаттанған ең негізгі  төл дертіміз десек те болады.  Дау жоқ, мұның артында  кешегі алапат аштықтың салған өз лаңы жатыр. Сол лаң мен жарақат зардабы  әлі күнге дейін  ұлт санасында қарақотырланып болса да бір жазылған жоқ. Аштықтан кейінгі кезең бұған дейінгі сіздің тыраштанып баққан материалдық игіліктер мен атақ даңқыңызға мұрын шүйіріп те қарамайды. Мұның астын сызып арнайы айтып отырғанымыз,  негізгі тағаны кеңестік,  бүгінгі сіз бен біз зиялы санаған «элитаның» көбісі  сол жоқтық пен аштықта өскен жанұя мүшелері екендігін де естен еш шығаруға болмайды. Олардың балалық шағы туралы сауал  қойыла қалса болғаны,  бейнетті бек тартқанын,  ішер ас пен киер киімге зар болғанын айтып зарлай жөнелетіні де сондықтан. 

Кешегі Алаш арыстарының шен мен шекпенге алданбаған табанды күрескерлігінің артында да олардың жоқшылық көрмеген құйқалы жердің төлі екендігі тұр. Осы элита түгелімен жойылған соң қолдан жасалған советтік қуыршақ «қайраткерлер» тарих сахнасына шықты. Бұлар бір түрлі  қазақ екеніне қорланатын «элита» еді. Олардың іші қат-қабат  үрей мен комплекске толы болатын. Үлкен комплексінің ең  айқын дәлелі сол, балалары мен немерелерінің бойына жаппай орыс тәрбиесін сіңірді. Елдің күн ертең егемен боларына ешқайсысы да сенген жоқ. Бұл  енді табалау емес, тарихи шындық еді.

 «Адам сенситивтік (жасөспірім жасында) көрген әдеттерін үлкейгеннен кейін де міндетті түрде  бейсана  жағдайда қайталай береді. Ұрлық – бала кезінде жоқшылық көрген адам менталитетінің көрінісі», – дейді көрнекті философ Қ.Жүкешев. Қу дүние кімдерден құл мен күң жасамады дерсің. Аға буынның дүниеге бір тоймайтын бүгінгі ашкөздігінің артында да сол аштық мәселесі жатыр. Кедейлік шырмауынан  шығып, енді ғана  шен мен шекпенге  қол жеткізген  әлгі жандардың ішкі үрейі тіптен сұмдық. Олар осы  «мәртебелі» мансабын қызғыштай  қорғау жолында кез келген қадамға еш ойланбастан  бара алады. Олар өз мүддесі жолында сайтанмен де келісімшартқа отырып, туған елінің тағдырын қарақан басының қамы үшін құрбандыққа шалып кете береді. Қазақтың тәуелсіздіктен кейінгі тауқыметті тарихының бірі кешегі «Жаңаөзен» оқиғасы мен бүгінгі «Қаңтар» оқиғасы ғой.  Осы бір оқиғалар аталған пікірдің айна қатесіз аксиома екендігін де  көз алдымызда нақты дәлелдеп  берді. Қазақ зиялысы үшін, бір басы шындыққа,  екінші ұшы  ұждан   қазығына байланған  сол қыл  көпірдің аты ар-ұят көпірі-тұғын. Не деріңіз бар. Көп шешендеріміз бен көсемдеріміз сындарлы сәтте сол «сират» көпірінен  аяғы ардан тайып  омақаса құлап жатты. Аштықтың бейсана  үрейі мен түпкі  жарақатын көрсететін ел жадында қалған  жәдігер сөздер көп. Соның дәл диагнозы мына сөз. «Аш адамда ақыл болмайды», «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» дейді. Біздің қазіргі халіміз, ай емес, жылдар бойы ашығып ақылын жоғалтқан елдің басынан өткеріп жатқан табиғи процесі де болар.  Аштықтың артына тастаған зардабының атом радиациясынан бірде бір кемдігі жоқтығын да өз көзімізбен көріп отырмыз. Аштық сап тиылуы үшін оның «радиациясын» үнемі айналасына жаятын  ашкөздер мен семізмалайлар эшелоны толығымен  жойылып, оның орнына бір мезет те жоқшылық көрмеген рухани азат ұрпақ дүниеге келуі керек.  Өйтпей ештеңе де болмайды…

                                                     III 

Бұған дейінгі сарнаған саяси корпустың қазіргі  экономикалық ахуалымыз жайлы жарыса айтатын  «жақсы өмірі» мен «ұжмақ» ұрандарына еш илануға келмейді. Мұның бәрі опасыз әйел бетіне жаққан опа далап секілді  косметикалық бояулар ғана. Енді тоқтық түсінігіне қарай жылыстайық. Тоқтық – тамақтан гөрі жан мен көңілдің тыныштығына саяды.  Өкінішке қарай, бостандық пен тоқтық ұғымдарын адам саяси сауатына байланысты әртүрлі өлшемде бағамдайтынын көреміз. Біріншісі, бұл екеуін демократия мен плюрализм құндылықтары ретінде қарастырса, екіншісі, бір жапырақ нан есебінде ғана түсінеді.  Қалай десек те біздегі «тоқтық» ұғымын өркениетті еуропа елінің тоқтығымен еш салыстыруға келмейді. Рас, диктаторлық дәуірде айналамыздағы абсентеизм мен саяси енжарлық қалыпты дүниеге айналды.Қазір біздің қоғамға жанның дамысы мен рухани өмірдің мәні туралы сөз шығындап көріңізші. Естір сөзіңіз тек төмендегідей ғана болады.

Нан болса, ән болады. Көйлегің көк, қарының тоқ, ұйқың тыныш болса болды емес пе?  Басқаның бәрі бос сөз.  Әй, тыныш жүр деймін... Қанекей, бұл күнімізге де шүкір дейік...  Міне, бұл аштықтың өз үрейі тудырған психологиялық патологиясы. Мұндай антұрған ауыр сөздер аштық әбден етінен өтіп, сүйегіне жеткен ұлттың ғана аузынан шығады... 

Әсіресе аға буын өкілдері аталған осы ұрандарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жиі-жиі есімізге салатын. Бұл негізінде жоғарыда атап өткеніміздей «сырты тоқ іші қалтырақ»  жандардың қолымыздағының бәрінен  айырылып қалмайық деген де ішкі үрейі екендігі де еш жасырын емес. Келіс, келіспеңіз енді бұл тақырып түбегейлі өзгеріске түсіп, үлкендердің бұл үрейі мен қорқынышы мәңгілік келмеске кетті. Себебі бұл аштық көрген аға буынның ғана меншікті төл дерті болатын. Әрине, жастардың емес... 

Таным өседі, талғам өзгереді. Сахнаға жаңа түсінік шықты. Кешегі теңіздей толқыған бейбіт шерушілердің өрімдей жастар екендігі де осыны меңзейді. Енді бұл түсінікті жазғыруға да жазалауға да болмайды. Билік парасаты жетсе осы түсінікпен  санасып, осы түсінікке кең қолдау көрсетуі керек. Мен білсем бұл ештеңеден де сескеніп, ештеңеден де қорықпайтын ерен түсінік.  Мұны қайыра жаншып, бұрынғы ескі әдетіне саламын деген билік қатты қателеседі. Жарық пен құнар тек өсімдік атаулыға  ғана емес, ол ең әуелі адам нәсіліне де ауадай қажет қой. Жарық – рухани білім болса,  құнар ұлттың  байырғы бай тарихы мен төл түсінігі.  Бұл шағын жазбамыз саңылауы бар адамның көкірегіне сәуле жүгіртуді мақсұт  еткен сол аз ғана талпынысымыз еді...

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар