«ШЫҒЫС РОМАНТИКАСЫ» немесе ПАРАЛЛЕЛЬ БЕЛБЕУІ
Бұл ақынның 27 жасында 1956 жылы төгілген өрнекті өлеңінің бітікше өрілген бір мақамы... Егер Омарғазының поэзиясына бұдан да шүңетттеу керек болса: өте жақыннан қараймын дегендер болса алдыңызда – «Мысыр жыры» тұнып тұр.
Ең күңгірт шүңетті Еритірей
Қытайдағы қазақ поэзиясына ғарыштық сипаттағы су жаңа көркемдік, зооморфты өрнек әкелген жаңашыл пішін жасаған құдіретті ақыны Омарғазы Айтанұлы қой жылы һәм 1931 жылы 20 қарашада, Шынжаңның Тарбағатай аймағы, Толы ауданының Майлы тауында дүниеге келген дейді. Доңыз жылы басталғаннан ширек ғасырға таяу (1959-1978) жылдары арасында саяси қудалауға ілігіп түрмеге түскен. Жиырма жыл бойы бостан бола алмаған өзі айтқан: «ғасыр тұманына қамалған...» бейбақ. Шаршы жердегі жарқырап жанған шырағдан әрі «тентек уақыттың...» өз өңі. Өңі дегеніміз ол: «...аяз алақанынан саудырап төгілген...» ыстық қызыл ұшқын. Мысырдың жер қабатындағы саркофаг (sarkophagos) табытханасына шұқшиып отырған шөкім мидың бір қида-қида жартысы сықылды. Омарғазыны оқып қалсаңыз оқыстан оны еш нәрсені менсіне бермейтін кейде циник пе (kynikos) деп те қауіптеніп қаласыз!?
Омарғазының шығармалары жәуһар: дәстүрлі қазақ өлеңінің қалыптасқан өлшемдерінен мүлдем өңге: жаңаша түрленіп, философиялық әсіре ұштасуға, ойлау, символдық айрықша бейнелеуге тартады. Өрлеуі, шырқауы метафоралық шұрайлылығы да күрделі. Ел тілі мен және еркін поэтикалық күңгірлеу тұжырымды тылсым тіптен құрылымның құпиясын жасырып тұрған ұлы жұмбақ тәрізді... Түнгі теңгірдің еш сөнбейтін біртүрлі бояулы тірі жарық жұлдызындай ғайып. Теңгірден телмірген көгілжім ойлардың моншағындай. Демек моншақтың тізбегі де құпиялы құрылғы секілді. Ол жазады: «...Қашан рельс шпалы қарға көмілмек, Қыс дәптерінің тағы бір беті ашылып?! Өлең сызады ақын күртігіне, Шопан таяғымен тек осы үшін асығып. Қыс демінің майда кірпігі, Ақ қоян түгінің мамық ұлпасындай. Табиғат дастарқанының ақ інжу маржаны Төгіле түссе екен тағы мың жыл таусылмай!?...».
Бұл ақынның 27 жасында 1956 жылы төгілген өрнекті өлеңінің бітікше өрілген бір мақамы... Егер Омарғазының поэзиясына бұдан да шүңетттеу керек болса: өте жақыннан қараймын дегендер болса алдыңызда – «Мысыр жыры» тұнып тұр.
Айталық. Хош! «...Ніл егісінің баба бидайы, Ұрпақ таңдайындағы Хауана уызындай...» деген атақты абсурдты шумақты жолдардан біз: Ніл дариясының екі сағасында б.з.б. III мыңжылдықта орналасқан ежелгі Мысырдың өте көне кенттері Мемфис пен Фив сықылды астықты ірі кент қалалардың рухты ризығын меңзейтінін сеземіз.
Шығыс көгінен төмен салбыраған тауыриһаттың «ағаш» табытына көмілген күллі Жерорта (Mare Nostrum) мен Қызыл теңіздің (Еритірі) теңізінің Африка даласының нәрін сорған Ніл менен көне Сиене һәм Асуан кенті һәм Суэц яки Қанату әс-Сувайс пен Сахари Қабыр (әс-Сахра әл-Кубра) ұлы шөлді түземнің кермек дәмі таңдайға келетіндей. Енді осылардың түгелін поэзия тілімен айта салған Омарғазы Айтанның жұмбағын ары қарай шамалап қаза беріңіз!? Бүкіл Мысырдың өркениетінің қайнары көз алдыңыздан өте береді.
«Шығыс романтикасы» немесе параллель белбеуі
Адамзат өркениетінің тұңғыш жүлгелерінің бірсыпырасы пайда болған аңыздағы ең бағзы ошақтардың бөгенай белгісі, сазға жазған бәдіз, папирустар (Ежелгі Мысырдағы қағаз тәріздес кеп) тасқа қашалған бітіктер мен тарихи бәдізді таңбалардың сұлбалардың бәрін жинап бәйіт өлеңіне жасырған ақын сұңғыла. Осы жырлардан сонау Месопотамия (Қос өзен һәм Тигр мен Евфрат арасындағы кент б.з.б. 4-3 мыңжылдықтар), Ежелгі Мысыр, Үндінің қыш кентерінен жазылған аңыр арзу, аңызнама, шумер, ақада, бабылдық көне жырлардың жаңғырған сұлбасын көреміз.
Могау үңгірлері (Мың Бұдда үңгірлері һәм қытайшасы – қянфодун) туралы Шығыс өркениетінің көне аңыздары һәм ертедегі ескі қоныстары жырға рәміздік тұщым ретінде беріледі. Солардың түгелі әдеби жадтан ақтарылып, поэтикалық мәніменен сәтті қолданылады әйтеуір түсіндірілетін пайымдамалары тағы да бар дейік. Ақын сәуегей немесе оның ішкі иесі «жыны» өте өрескел күшті... Бурятиядағы Байкал көлі, Ольхон аралындағы Хужир кентінің маңында орналасқан қасиетті жартас мен үңгір – «Бұрхан апанын» көріп тұрғандай айта береді!? Бұрхан апаны туралы жуықта ғана Моңғол жазушысы Гүн текті Г.Аюурзана «Бақсы аңызы» (2010) романында жазды. Омарғазы оғылан бірде «Қамаудағы «жындар» өлеңінде де: «...Үңгірінде сұп-суық көрер ме едің: Отырғанын жындардың...»-деп жұмбақтап барып бір көсіліп алғаны да өзалдына...
Паң Шығыстың шынары
Оның ұрқаният тауыриһатқа лақтырған жаңа түрені паң Шығыс: – «...Шығыс, менің ежелгі шығысым, Шығыс боп жер айналып, Шығыс боп тарих жасаймын. Ұлы таулар бөктерінде тас шауып, Құдіретті босағаларда Қос арыстан келбетін қашаймын...»!?-деп ары қарай ұласады. Ол осы табиғи өркениеттік жұмбақ өлеңінің ең түпкі нүктесін оқырманды ойлануға арнап сана салмағын тастай салады. Көне шамандық әпсаналардың сұлбасымен қиял шегіне қарай жеделдетіп жүреді де: «...Шығысым, менің аңқау шығысым, Жұлдыздар сырын іздеп, Ай бетінен көз алмаймын. Ұзын жеңімді желпілдетіп, Мен неге шексіз кеңестікте «Жын» болып кезе алмаймын?! Оянғанымда ең алғаш Ұзақ қысқы ұйқымнан, Сөйлескім келген еді батысқа барып. Айтқан едім мен сонда осы өлеңімді, Айлы кеште қолыма бір тостаған шарап алып...»!? Шығыс киесі ақын үшін жан, рух таланы құсаған тылсым дүние. Жайпақ ғаламға жая салған шыңды, шынарлы даланың сыңғырлы үні секілді жадағай ұғымдар. «...Білмеймін жаралғанымды қайсы «Адам тектілерден», қайсы орманда сақал-мұртым өсіп; Тастадым екем жапырақ шапанымды қайсы сайларға шешіп?!..».
Осы жырдан кейін дүниеғалам, жіміле жалғанда өзіңе өзің: «осы біз не істеп ойланбай жүрміз???» -деген аса ауыр ойға қаласың. Расында рационализм: «...Айдаһар аунап, піл жусаған, өзендердің бір алабында, Қас тасы көмілген қыраттарда...» ойланған Омарғазы ақын өркениет тауыриһатын қопарыстырады осылай.
Птах негізді Сфинкс және жабайы жүзім
Жүзім жемісі туралы жыр тербеген Шығыс жұлдыздарынан кем түспейтін үзік-үзік пәлсафасы бар мөлдірең жүзім жырлар кереметі Омарғазы шайырда бар.
«...Үзіп алдым бір сабақ үзімді Үзіп алғандай аспаннан Үркер жұлдызын қолымды созып...»... Ғарыштық санакөзімен қолына ұстаған жүзімді құлпыртудың үлгісі осы. Жемістің шарабы сықылды сананы мұнартып тартып әкететін шырынды шәрбат жыр төгілер мейхана аңысы тұрады санаңды билеп...
«...Құяр едім, қып-қызыл мүсәллас-виноларды Идықұт (тәңір құт) дәуірінде жасалған алтын тостағандарға толтыра мөлтілдетіп. Не дер еді сонда ол Көктегі емес жердегі осы бейіс шарабының дәмін татып?..». Қандай ғажап тәңіри саф чағыри теңеу!? Құдды жүзім шарабын жырлаған Әбу Нуас (756-814), Рудаки (858-941) «хамрият»-тары болса: одан соңғы парсының астрономы Омар Хайям (1048-1131), Хафиз Ширази (1325-1390), Жалаладдин Руми (1207–1273) секілді көне шайырларды жаңғыртқанындай жайлылығы қандай!?
Омарғазы тек парсының мейханасындағы ақын Омар Хайяммен ғана доғарылмай Ұлы Жібек жолындағы жүзім шарабымен балқыған көне қытайлық шайырлары Ван Хань (687-726), Ли Бай (701-762), Ду Фу (712-770) деңгейінен де асып түсті!? Сеуебі: бір үзік жүзімді теңгір кеңістігіне қарай қиялымен ұзатып лақтырып жібереді. Жүзім оған жыр жәуһары болып себелейді.
Тәңір тауында – тәу отау
«Осы таулар-менің тауларым!» Индуизм философиясында «мен» жан реңкісімен түсіндірілсе тау деген Омарғазының жаны пірәнә һәм санскритше пранасы. Табиғаттың тылсым күшімен «ұшынып» ауыратын, таудың таза аурасын жаны мен тәніне қатар медет деп сіңірген, тұтынатын бір ақын осы беу дүниеде болса ол – Омарғазы Айтан еді. Ақын бертінде ғана «Тәңір тауына тағзым» (1981) деген зәулім зәузати жырын жазды. Таудың сұлулығына сұқтанудан туған көркем де үр дүние. Жыр деп айту сәл ғана жеңіл болуы мүмкін. Бұл деген жыр – арзу?!
Бұны да қарапайым ақеспе сөйлемге айналдырып көрейік: «...Сиынар едім, Тәңір тауы, мен сені құдайдай көріп. Мүмкін, сол шығар: атап кеткен сені «Тәңір тауы» деп, Шошақ төбелі бір Үйсіндік Ұмыт болған сол заманда өліп. Өлең жазған еді Байрон Өз кезінде, Поэзияның бал бөбегіндей еркелеп, Сұлу Парнас-жыр бесігіне келіп. Бас қойған еді Ежелгі Эллиндер жұртындағы Ескі храмдарға еніп. Басқа сезімде болар едім мен қазір Дәм тартып шыға қалсам егер Үйсін тауына Храмдар емес Көзім түсер еді Сонау қарағайлы қойнаудағы Жас қойшының Аппақ отауын..». Аппақ отау зады қазақы Мұзтаудың сүгіретіне тым оқшас!
Қайран каушала ақын Омекең: «...Тау! тау! Нағыз тау осы Маған арман болған. Басы – мұз, етегі орманға толған. Мен – тау ақынымын...», - дейді тағы.
Өр Алтайдың өрені
Тәңір тауы (Тянь-Шань) жүлгесіне жалғас Іле Алатауының бір ірі тәжді шоғырын солай деп түгел оқырманға қаратып меңзеп өтеді шың ақын. Осы поэтикалық атауды қайтадан жаңғыртып келеді де кезіндегі: Байрон жырына арқау еткен ежелгі Эллада Гректердің тәу еткен жотасы Аполлон құдайының тоғыз музасы хас сұлу Парнастың киелі орнындағы кейіпті сүлей бейнесін еске алады. Тәңір тауы қойнауындағы қойшының ұядай ақ отауын жырдың килә тиегі ретінде көрсетеді. Мұндағы түс секілді символдық реңкі мен шарықтаудың ғарыштық үлгісін ақын өз саналық өлшеміне сыйғызады. Басына күміс сәукеле киген қазақтың хас сұлуының періштеуи бейнесін таудың киелі нәзирәлі жүзімен сызады. Өлеңнің соңы тіпті онымен ғана ақырланбай таудың тас қабатындағы қыштан жасалған қыраттың қиындысы Өр Алтайдың сүгіретін де салуды ұмытпайды (Тау қаласы өлеңі). Ал, Таңжарық Жолдыұлы сары сағынышты мұңлы өлеңін арнаған – «Талқының кезеңі» жыры да түгел таңбалы өңге кейіппен жасалған өлең-мүсін секілді. Омарғазының қолындағы қылқаламның ұшында таудың өзендерінің ағысы «нұр-бояу» болып мөрленіп төгіледі... «...Ымырт күлгіні мен таң рауаны Ұйқы мен ояудың Түйірім қоспасы Ақ пен қоңыр – екі бояудың...»!?(Жуылу мен туылу»1988)
Ойһооой дейік пе?! «...Осы таулар – менің тауларым, Майлы сүрі жамбас секілді Бір ұқыпты қол мейіздей баптаған. Көктемде – сый қонағына арнап Тарих – кемпір кебежесінде сақтаған...». Енді не айта аларасың ардақты да аса асау саналы текті оқырман!? Рақымет ұлы ақын саб сарабдал әулие абызым деп оған тағзым еткің келеді осындайда!!!
Алыс ғарыштан: алып Жер бесікке
Ескі өсиет тәураттығы Жер (эрец) шарын еміп жатқан адамзатқа арнауы туралы бір ерекше тылсым толғау да түсірілуі мен түп мәні ерекше десек керек пе енді... «...Алып өтші бізді тағы, ей жасыл шар, Шексіз кеңестікте тынбай жүгіріп. Мешел баласындай әлемнің: Бесікте миллион жыл тербелген: Есейер екен адамзат қай күні ақыл кіріп?!»... Жер деген кие – өткен шақтағы өтүкен – «асыра йағыз йер» туралы толғамын толық түсіндіру мүмкін де емес-ті. Ол антикалық дәуірдің үш данышпандары Сократ (б.з.д. 470-399) Платон (б.з.д. 427-347.), Аристотель (б.з.д. 384-322) қарай мұңын шағады. Омарғазы абыз тағы да ұлы математик Пифагор, ұлағатты медицина атасы Гиппократ жан тарихынының ұлы атасы Геродот секілді ғажаптарға арналған жыры сықылды. Ол қатты күйзеледі кейде: «...Жер! Жер! Жер сенің Қос өкпеңді қабыстырып, Қадаламын жалаңаш төсіңе...».
Ол өлең жолдарының ортасына өз жадысының ошағын орнатады... Ой кеңістігін!!! Жіміле ғаламды ақын әппақ аяни қиялымен тербетуінің аянянда асыл сөзі өлең болып өрілді. Жермен ойнап, теңізді шайқаған тәңірдің пандора қобдишасын ақтарған адам пенденің ерсі қылығына қынжылады да... Адам атты жан иесіне «қашан ақыл кіреді!?» дейді. Ақын ұлы Абайдың «Он жетінші қара сөзіндегі» ақылдың адасуын тап басып меңзейді.
Ой кеңістігі керемет-ті
Жер бетінде шөп ақындар көп, бірақ, ақындардың жауһар ақыны өте аз десек қалай?!.. Әсіресе Жер мен Көкті, тау мен суды жырлағандар баршылық, бірақ оның бәрі Омарғазыдай ой санасымен, ақын қиялымен табиғаттың сырын ашқандары шамалы. Омарғазы Айтанның «шеңберінің» кеңдігі, кеңістікті байқауы осыған байланысты. «Кеңстік пен уақыт» жыры осыған дәлел болмақ: «...Келер солай кеңістік пен уақыт, Бойыңды өлшеуге қайшы, метрін қолына алып. Ойлайықшы, атар едік біз мұны Қандай атау-формулаға салып?!...». Кеңістік туралы, теңгір (шамаим) және өлім туралы ақынның байыпты пайымы бар.
«...Балта сабы кезең ғана...» – бұл Омарғазының формуласы. Есіл шайырдың есіндегі – еббингауз қисығы да осы балтаның сабындағы кезең теориясы. Оны «Жерде туып, көкте өлген» өлеңінде: кішентай құстың балапанының жердегі ұяда туып, аспанда қырғидың жез тұяғында салақтап бара жатқан өлі балапанның сүгіретімен айта салады.
Мінеки ардақтыларым: «...Кісінейді арғымақтар, Жарқылдайды тұлпарлар тұяғынан ұшқан тас, Сайгүліктер сонадан қылаң беріп. Балта сабы кезең ғана, Тіреліп тұр адамзаттың тағы бір жүз жылы Осы кезең алдында келіп...». Егер санаңыз жетер болса осыны сараптап көрсеңіз болады!?
Ақынның қарапайым шеңбері туралы айтқан ойымызды сізбен біз – «Шеңберлер» өлеңінен сұрай салсақ та жеткілікті... «...Екі оралмас қайта ұзын сапары Доңғалақтар ізінің балшықта қалған. Кім әкеп қисынына келтірер Бір үзік «кемпір қосақ» доғасын Кеңістікте жоғалған...». Ақынның көкірегінде – ой күмбезі, көзінде – Көк теңгірдің көкжиегі, санасында сайын даланың сағым тұңғиығы тұнып тұрады. Өз шеңберін өзгеден өзгеше құрған шайыр көп ізденген. Ол туралы Омекеңді түгел оқу үшін бізге де бәрі бір оңайға соқпайды әзірге?!
Түстіктегі Еуропаны түгел иландырған Иммануил Кант «Тек қана парасат шегіндегі сенім» (Die Religion innerhalb der Grenzen der bloßen Vernunft) еңбегінде қос концентрлі шеңбер туралы айтады. Тысқы шеңбер – тауыриһат уаһап және аян: ішкі шеңбер – таза парасат пайым т.т.
Омарғазының Шығысы
Омарғазының тауыриһатты жанайқайы: ортағасырлық Шығыс поэзиясының жұлдыздары гәнжалық ұлы әулие Низами Гәнжауи (1141–1209) және гераттық ғарыши ғажайып Әлішер Науаи (1441–1501) екеуіне қарата әйбат бәйіт арнайды: «...Тарих қолымен бүктеліп, Низами, Науаи ақтарған. Аңқау азиялықтар...» - дейтін ұлы поэзия жолдарда тұр айшығы.
Омарғазы ой теңізінен көзге көрінбейтін тозаңмен өз жұмбағы арқылы тілдеседі. Атом түйірі һәм зәрраны, Гималай кристалынан өз тәніндегі темір тотығы сияқты микроэлементтерді тағы да яуа жаужапырағынан тума құрсақтың жұмақы жұпар иісін аңсайды, іздейді: «...Бар денем – тұл Азияның зәрра түйіршігінен, Гималай кристалынан, Яуа жапырағынан...».Бұны да болашақ ашып оқиды әлі де, бұйырса!?
Омарғазының ұлы аңсары: Ұлы Абай аңсап өткен Әбілқасым Фирдоуси (940-1020) Мұхаммед Физули (1494-1556) екі перизменің саусағынан тамған – «Шахнама мен «Ләйлі-Мәжнүн» салауаттарын қатты аңсайды: «...Қайда, сағынамын Фердаусиімнің жігіт шақтары; Физули, сен үшін...» -деген сағынышты лепес!
Оның тітіркенген ойынан қанды жебелердің қадаулы темірені көрінеді: «...Садақ жебесі шопан кеудесінде дірілдеп, Алатау жетімдері Әке табытын өңгеріп қайтатын...».Өткен тарихтың қанды майданы туралы. Үрейлі...
Омарғазының пирамидасы: өзінің бостан аралында төтен бөлекше еркіндікте болғаны байқалады. Бөгде бөтен дәуірге нешенші дәрежедегі өлшем екені бейкүмәнді болса да әлде бір қырынан қарайды: «...Тыңда Нью-Йорк серілері, Мен сенің «Бостандық перизатыңнан». Дүниеге мың жыл бұрын келгенмін, Мың жылдар – мың жылдар: Мен сол мың жылдарда Египет пирамидасына тас жонып жүргенмін...». Жүрегінің көзімен қарайды.
Жүрегінің көзі бар
Омарғазы мынау ғалам дүниеге Шығыс атынан шынайы сауын айтады: «...От не? Су не? Ұста қолыңа Табиғат айнымайды өз тегінен, Шығыс – поэзия дастарханы, Інжу-маржан, лағыл-жақұт, Меруерттер төгілген...». Паң Шығысты ойымен ашады. Поэзия дастарханын жаяды, бәріне де. Ол, бүкіл дүниені Шығысқа шақырады:
«...Келіңдер, Робинзон Крузо, Марко Поло, Христофор Колумб, Өңкей саңлақ жаһангер – жер кезбелері, Менің Шығыс еліме! Асау романтизмның асқар арыстары – Пушкинім, Лерментовым, Келіңдер, шығыңдар Науайымның төріне, Абайымның төріне! Келіңдер әзиз реализмінің барша ардагерлері, Кел Генрих Гейне Қашқарияма Ала шапан кигіземін Кел Байрон Алматыма Жамбылға маңдайыңнан сүйгіземін. Кел, Оноре де Бальзак, Шығыс самалымен ащы теріңді құрғатамын Келіңдер шын лебізіммен Мен сендерге осылай тіл қатамын. Джульеттаның жақсы сіңлілері сендерді Шанхай театрында биге тартамын...» Шығыс болып шыңғырып, сыңғырды шығыстықтар атынан шырағданға шыжғырғандай ыстық аманаттарын ұсынады.
Бір өзі – «835 Satır» жыр жинағын айпарадай жариялап, бүкілі 17 мың жолдан тұратын – «Адам пейзаждары» («Memleketimden İnsan Manzaraları») жазған Назым Хикмет Ранға поэзия симфониясын «жазуды» ұсынады: Ежелгі Грекияда ерен аңызға айналған эпикалық ақын Гомерге «ірі мәміле жазуды» үміт етеді: Әзербайжанның халық ақыны Самед Вургун (Самед Юсиф оғылы Векил, 1906-1956) абызға – «көз бұлақтарыңды тырналап аш...» десе: Қазақтың Ұлы Мұхтарына «Абайды Ай астына ақ жал атымен алып шық...» дейді де: Өзбек ақыны Ғафур Ғұламға да (Ғафур Ғұламұлы Ғұлам (1903-1966) тек Шығысты жаз деп қатты талаппен тапсыра алады!?
Омарғазы – найзағай!
Ол қаншама жылдар бойы күн түспейтін көлеңкені бүркеніп жатты. Түрмеде. Бірақ, оның ойы мен санасы, жалпығарыштық жалқы жадысы мәңгі еркіндікте болды. Оның сана еркіндігі, өз есінің тәңіриятында тәуменді «ғұмыр кешті». Көненің арасында – жаңа қисын, жарық өзге бояу, жаңаның арасында – көне үйлесімнен де мүлде өңге жүйелі жарасымды стильдерді әкелді. Адамзаттың Ұлы Абайы, атақты Шәкәрімі мен Мағжан сықылды Көк теңгір әлемімен тілдескен Омарғазы Айтанұлы – «Найзағай» (1957) дастаны оқырманға осы жағынан келді оғылан ойлы оқырман санасына оқыстан от жағып, ұшқын салды. Мінеки: «От, Қызыл от, Жасыл от, Жирен от. Суынып өшпейді – Жай отының жасыл алауы. Ақ бояу, Көк бояу, Сары бояу, Тозып жыртылмайды, Табиғаттың алтын жалауы. Найзағай! Найзағай! Батыс тауының пышақтай арқасы, Көкжиек бетіне қызарып сүйкеледі. Бұлт маржаны саудырап төгілген, Аспан әлемі...»?!
Жұлдызды жыр жаздың үлгісін сонау шалғайда жүрген қазақ ақыны әпсәтте жайып салды. Аспанда ойнаған найзағайдай жойқын дүниетаным мен ойпырым-ай дегізер орасан лингвистик стилистика берді. Омарғазы алып Жер ананы өңге галактикалардағы 200 миллиардқа шағым жұлдыздарды өзгеше ақындық өрлікпен қиялдады: «...адам жанының найзағайын, лирика жартасы, музыка жартасы, дауыл симфониясы! Түссін жылтыр кенебіңе – живопись бояуы, живопись сиясы....» -деп!!! Соңында бөлекше ой тастайды өз көкірегімен. Ол өзге «...Кимеймін Сатурнның алтын шляпасын...» - дейді. «Аймен араздасу» деген жыры сүркей. Омарғазы үшін: Жерден 124 жарық жылы өлшемі бойынша мыңғыр шалғай, діңгір алшақтағы Күн жүйесінен аулақ ғаламшар ергежейлі экзоғаламшар керек емес?! Адамзаттың ақыл-ойына қозғау салған қазақтың отты тынысты ақыны Олжас Сүлейменов – «Адамға табын Жер енді» («Земля, поклонись человеку!» 1961) деген болса: Омарғазы Айтанұлы – «...Жер денесі – өз денем, Атым менің – найзағай. Анам мені от туған, Туған бойым – жасыл жай. Суымаймын, сөнбеймін, Энергия – нағашым, Энергия – жиенім. Таусылмаймын, бітпеймін...» деп қарсы жақтан «Найзағай» (1957) дастанымен түрен көтерген еді. Омарғазы Айтаұлы: «...Өз сөзім, өз атым, өз бейнем сондағы Әр дөңнің үстінде бір үлкен суретім. Мың қабат қазатын, мың сарай қазынам Қопарып көрсетем мен соның құдретін...».Бұл ақынның – өзі һәм шірімейтін, өшпейтін – сөзі!
Ол, тіпті одан өзге
Омарғазы Айтанұлы жұлдызды ғарышты жырлаған Омар Хайям, Жалаладдин Руми, Әлішер Науаиды жан тәнімен жақын тұтқаны байқалады. Ол тағы да батыстың шексіздік әлемінің шедеврі Джордано Бруно (1548-1600), Көк жұлдыздарын көкірегіне жинаған орыстың ұлы ғалымы, орасан ойлы ақыны Михаил Ломоносов (1711-1765), америкалық ақын Уолт Уитмен (1819-1892) жырларынан нәр тұтты.
Құбылысы, абстрактілі ұғымға қарай
Омарғазының поэзиясы Еуразия кеңістігіндегі XX ғасырдағы модернистік поэзиямен пәлсафалық, стильдік, терең көркемдік ізденісі тұрғысынан тура үндеседі. Бұл үндестік көркем ой сана жады жағының немесе бұрынғы поэтикалық үдерістердің тікелей ықпалдан емес, ғаламдық поэзиядағы адамзат санасына ортақ ұласпалы ұстанымдардан байқалады. Атап та анықша айтқанда, адамның ішкі жан дүниесін, салауатты саб (тұтас) пайымдамасын терең бейнелеу, философиялық күрделі толғаныс арқылы дара болмақ. Омарғазы Айтанұлы Ұлы жаңашыл ақын. Ол дәстүрлі өлең құрылымын жүйелі түрде сәтті жаңарту, символ мен астарлы мағынаны кең қолдану сияқты ерекшеліктері, кейбір күңгірт ойларына араласқан тәсілді машықтары арқылы Еуразиядағы жаңашыл поэзияның негізгі белгілерімен сәйкес келеді.
Сонымен бірге Омарғазы бұл ізденістерді қазақтың ұлттық дүниетанымы мен тілдік таным когнитивтік лингвистикалық ұтымды дәстүріне сүйене отырып өзінің таңғайып үнін дамытты. Сондықтан оның шығармашылығы Қытай қазақ әдебиетіндегі модернистік жаңашылдыққа ғана тән емес, ғаламдық метамодернистік поэзияның өте төтекөрнекті үлгісі болып саналады. Әсіресе «Табиғат философиясы», «Менің шығысым», «Найзағай» дастандарында ақынның көркемдік ізденісі айқын көрінеді. Бұл шығармалар қазақ поэзиясына тың форма мен жаңа ойлау жүйесін енгізген туындылар ретінде бағалануы керек әлі де...
Сұраған Рахметұлы
