Еуразияның дәл ортасындағы кең далада ежелден мекендеген қазақ халқы ғасырлар бойы осынау Ұлы Даламен біте қайнасып үндескен өзіндік өмір сүру қалпын, бірегей салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қалыптастырып, дамытып, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап келгендігі белгілі. Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір іспетті, өзі мекендеген ұланғайыр өлкеде ұлт тұтастығын сақтай отырып, экономикалық, рухани тұрғыда бірегейлікті қамтамасыз ету мәселесі әркез өзекті болса керек, әрі осы үдеден қазақ халқы лайықты шығып та отырған.
Қазақ қоғамы қай кезеңде де томаға-тұйықтыққа ұрынбағандығын, әлемдік ұлы өзгерістерден шет қалмай, оған өзіндік үн қосып отырғандығына бағзыдан тамыр тартқан тарих куә. «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ», - деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқанындай, расында да қазақ тарихында әлем халқы алдында қазақ ұялатындай ешбір ыңғайсыз ештеңе жоғы да рас. Басты мұрагерлерінің бірі қазақ халқы болып табылатын түркі жазуын, әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабиді, ұлы қолбасшы Бейбарысты, ғұлама Қожа Ахмет Яссауиді, адамзат ақыл-ойының биігі Абайды тудырған халықтың расында да жүзі жарқын. Бүгіндері бауырлас халықтарға біржола телініп кеткені болмаса, Захраддин Бабыр, Ұлықбек, Әлішер Науаи, Махмұд Қашғарилер де Демек Ұлы Далаға жат тұлғалар емес. Демек Дала халқы ежелден-ақ білім-ғылымға құмар болып қана қоймай, оған өзіндік үлесін де қосып отырған. Қазіргі кейбір еуроцентристік зерттеушілердің жазып жүргеніндей, Дала халқы бірыңғай көшпелі болмағандығын, олардың да әлемдік өркениетке қосқан үлесі зор екендігін алдымен өз ұлтымыздың бүгінгі ұрпағына дәлелдеп, түсіндіру, осы арқылы өз халқының өткені мен бүгінгісіне деген құрметті орнықтырып, нығайту миссиясы алдымызда тұр. Бұлай деуіміздің себебі, «біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы!», - деп философ ақын Қадыр Мырза-Әлі айтқанындай, ХҮІІІ ғасырда қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайларға байланысты Қазақ хандығы ыдырап, өмір сүруін тоқтатуына байланысты, алып империялардың бодандығына түскен қазақ халқы кейінгі үш ғасырда бір кездері терезесі тең көптеген халықтардан экономикалық, ұлттық сана бостандығы, білім-ғылымға қол жеткізу тұрғысында біршама артта қалғандығы белгілі. «Бодан ұлттың тарихын үстем ұлт жазып береді» қағидаты бойынша, өткенінен ажыраған қазақ халқының рухани ерік-жігері, жасампаздық рухы мансұқталуының салдары – туған халқының тілінен, ділінен, тарихынан бейхабар миллиондаған шоғырдың пайда болуы.
Ұлттық құндылықтардың уызына жарымай, өзге ұлттың ділін санасына сіңіріп өскен бірнеше буын ұрпақтың таным-түсінігін ортамызға оралту – қазіргі күні шеттегі қазақты көшіріп әкеліп оралтудан да қиын мәселе болып отыр. Мұндай көзқаман буынның санасына «Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқының небары екі-ақ пайызы сауатты болған», «қазақ халқы ешқашан қала тұрғызып, отырықшылықпен шұғылданған емес» деген сияқты нықтап сіңірілген түсініктердің сеңін бұзу оңай емес. Ол үшін расында да осыған көз жеткізу, жеткіздірту үшін «біздің тым арғыдан болмаса да беріректегіге көз сүріндіртіп, тиянақтатарлықтай, өнеге ретінде таныстырып, еңбектерін қолға ұстатып, ұсынарлықтай қандай дәлел-дәйектеріміз бар?», - деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз. Бодандық дәуірдің Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңінде де жоғарыда атап өткен әйгілі тұлғалардың ізгі жолын жалғаған ұлт зиялылары шоғыры болғандығы, олардың ұлт руханиятындағы қажырлы еңбегі халқымыздың рухани өмірінде сан ғасырлық дәстүрі қалыптасқан ислам мәдениетінің енді күш алған еуропалық мәдениетпен ұштастыруға, арналғандығы белгілі. Еуропалық білім алмағанымен, ұлт зиялыларының қатарына міндетті түрде кіретін бұл шоғырға біз Бұқара мен Самарқаннан, Қазан мен Уфадан, Тройцкі мен өзге да қалалардан медресе бітіріп, қазақ арасына білім шуағын шашуға үлес қосқан тұлғаларды жатқызамыз. Олар ислам мәденитінің сол кездегі ірі білім ошақтарындағы оқуын тәмамдап келген соң өз елінде медресе, мектептер ашып, ондағы оқу үрдісін замана талабына сай құруға талаптанды. Медреселік білім алған бұл зиялылардың көбі өз дәуіріндегі әдебиет әлеміне бет бұрып, өркендеуіне атсалысты. Олардың бірсыпырасы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде жеке мектеп ретінде қарастырылатын кітаби ақындар шоғырын қалыптастырды.
Түркі әлеміне ислам діні нықтап орныққаннан бастап, барша түркі халықтары, оның ішінде қазақтар да исламдық білім беру жүйесінің құрамдас бөлігіне айналғаны белгілі. Бұл үрдіс қазақ даласын Ресей патшалығы аумақтық, одан соң рухани отарлауға көшкенге дейін еш кедергісіз жүріліп жатты.
Ұлт зиялыларының осы бір айтулы шоғырына жататын тұлғалардың бірі – Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауари әл-Омскауи. Зейнелғабиден Әміреұлы – арабша ныспысынан аңғарылып тұрғандай, қазақтың байырғы мекені Омбы өңірін мекендеген арғын руының сегіз ата қарауылының біріне жататын жауар табынан шыққан. Арғы аталарынан өз әкесі Әміре қажыға дейін қазанынан қаспағы, қалтасынан мөрі кетпеген, заманында ен дәулет пен атақ-билікке қатар қол жекізген беделді әулет болыпты. Бұл турасында кейінірек ретіне қарай тоқталатын боламыз. Зейнелғабиден Әміреұлы Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесін оқып тәмамдаған соң туған еліне келіп жаңашылдықтың жаршысы болады. Усул-жәдит үлгісінде мектеп ашып, онда діни мазмұндағы сабақтармен қатар, заманауи пәндердің де негізін оқытуы расында да жаңашылдық болғаны анық.
Азғана жылдың ішінде айнала-төңірекке әйгілі болып, беделді білім ошағына айналған Зейнелғабиден мектебі небәрі төрт жыл өмір сүрді. Осы төрт жылдың ішінде Зейнелғабиден Әміреұлының алдынан оқыған шәкірттері арасынан қазақтың ардагер ұлы, алғашқы драматург, қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов, қазақ тіл білімі ғылымын дамытуға аса зор үлес қосқан ғалым Ғайнетдин Мұсабаев, қоғам қайраткері Хабиболла Әмрин, халық мұғалімі Сабыр Мәліков қатарлы танымал адамдар туып шыққан екен.
Шығармашылық қабілетінің, ұстаздық дарынының нағыз кемелденетін шағы дерлік отыз жеті жасында мезгілсіз дүние салған Зейнелғабиден Әміреұлының өмірі мен шығармашылығы тарихи тұлға, ағартушы педагог ұстаз, қаламгер журналист, абайтанушы және діни қайраткер ретінде жан-жақты зерттеуді қажет етеді және осы тақырыпқа қалам тартқан ғалымдар мен әдебиеттанушылар, журналистердің қатары да біршама екендігін атап өткен жөн және біз төменде осы бағытта шолу жасайтын боламыз.
Зейнелғабиден Әміреұлының бізге жеткен маңызды еңбегі – «Насихат Қазақия» атты трактаттар кітапшасы көлемі шағын болғанымен, ондағы сол кезеңдегі қазақ, жалпы түркі, мұсылман жұртына ортақ мәселелер тұрғысындағы көтерген жүгі аса ауқымды, тағылымды еңбек екендігі анық.
1909 жылы Башқұртстанның астанасы Уфадағы «Шарх» баспасында жарық көрген кітапша өткен ғасырдың алғашқы ширегінде оқырманға біршама танымал болғанға ұқсайды. Зейнелғабиден Әміреұлы тағдырдың жазуымен, өз ажалымен өмірден ерте өтіп кетсе де, отызыншы жылдардың қанды қақпаны, қатал сүзгісі оның артында қалған еңбегін оқуға тұсау салуы себепті, кітапша біраз уақыт оқырман халықтың назарынан алшақтап қалғандығы ақиқат.
Хрущевтік жылымықтан кейін бұл еңбекке алғаш ғылыми тұрғыда баға беріп, түрки үлгідегі араб қарпінен аударма жасап, кейіннен екі рет басылым көруіне ықпал еткен – белгілі абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, қажымас қайраткер тұлға Мекемтас Мырзахметұлы.
Дегенмен, Зейнелғабиден әл-Жауаридің аталған еңбегі туралы жарияланымдардың басым бөлігі Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізген тұстан бастап қана көбірек жарық көре бастағандығын көреміз. Сол тұстағы Көкшетау облысының бас газеті «Көкшетаудың» 1994 жылғы 11 қаңтарында Қоспан Тәшібаев пен Қыдырхан Керейбаевтың «Сиыршыдан шыққан білімпаз» атты мақаласы жарық көреді. Мақалада Зейналғабиден Әміреұлының кім екені жөнінде анықтама бере келе, облыстың Ленинград ауданына (қазіргі Ақжар ауданы құрамында) қарасты Жаңатілек ауылы зиратында жерленген Зейнелғабиден зиратына қамқорлық, күтім жасаушы, сол кезде 70-тен асқан соғыс ардагері Сағынбай Мәдиұлы ақсақал екенін атап өтеді. «Жалғыз жанашырдың айтуы бойынша, тыңға келгендер қорым ішінде соғылған айырым белгілерді бұзып әкетіп, құрылысқа пайдаланған. Оларға «Әй, бұларың не?» деп айтар ешкім болмаған. Қазір қорым-зират күтімсіз, сол кездің «бейбастақтығын паш ететін ескерткіш» қана болып қалған», - дей келе: «Осы жазда «Ақан-Абай» автокеруенінің экипажы ол кісінің топырағына тәуіп етіп, ас берді», - деген деректі келтіреді. Біздің қосарымыз, қазақтың қабырғалы азаматтарының бірі, Көкшетау облыстық педагогикалық қызметкерлердің білімін жетілдіру институтының сол кездегі директоры Қоспан Тәшібаев өзінің тікелей бастамасымен Абайдың 150 жылдығы қарсаңында Ақан сері елінің Абай елімен рухани сабақтастығын таныту мақсатында арнайы ұйымдастырылған «Ақан-Абай» автокеруенін ұйымдастырылған екен. Әншілер мен ақындардан, ғалымдар мен ұстаздардан жасақталған автокеруен Көкшетау облысы жеріндегі тарихи тұлғалар жатқан қасиеттң жерлерді аралай отырып, Ленинград ауданына да жетеді. Зейнелғабиден Әміреұлының елеулі еңбегін алпыс жылдан астам уақыт өткенде жергілікті тұрғындар санасында қайта жаңғыртады. Сонда кеңшар директоры П.И.Бондаренко: «Бұл зиратта қандай оқымысты жатқанын білсем, ең болмағанда басына белгі соқтыратын едім», - деп ағайындарының айтпағанына қынжылыс білдірді», - деп жазады авторлар. Отаршылдық дәуірде, әсіресе тың игеру науқаны жылдарында қазақ даласының қасиетін қасіретке көбірек айырбастаған келімсек ұлт өкілінің кеш те болса бұл ақталуына да шүкір. Кеңшар бастығына мұны уақытында білмеді деп кінә тағуға да бомас. Мұның себебін авторлар мақалада былайша көрсетеді: «Абайды қазақтың ұлы ақыны деп бірінші айтқан зиялы адамның өз халқы алдында сіңірген еңбегін бүгіндері екінің бірі біле бермейтіні де рас. Бірақ білмедіңдер деп ешкімді кіналауға болмас, сірә. Себебі, 70 жыл бойы Кеңес дәуірінде, оның басшылығындағы компартияның дінге, дін ғұламаларына деген кертартпа көзқарасы Әміре қажының өзін, үрім-бұтағын халық санасынан аулақ ұстады емес пе?»
Сонымен қатар, Әміре қажы ұрпақтарын осы өңірдегі ел күні бүгінге дейін «шекпенділер тұқымы» деп атайтынын атап өтеді. Мұның себебі – Зейнелғабиденнің әкесі Әміре қажының өзі мекендейтін өңір үстінен тартылған Қызылжар-Омбы теміржолы құрылысына адам күшімен, ақшалай да көмек көрсеткені үшін медальмен, оқалы шекпенмен сыйлағандығын меңзегені екен. Қоспан Тәшібаев ақсақалдың Зейнелғабиден Әміреұлынның есімін тарих шаңынан аршып, қайта жаңғыртуда елеулі еңбек еткенін байқауға болады. Ақсақал «Абайтану» дәрістерін университетте оқып жүрген абайтанушы ғалым, академик Зәки Ахметовке Абайтану ғылымы Зейнелғабиденнен басталатынын айтып, қаперіне алуды сұрағанда, ғалым: «бұл бір ойланарлық мәселе екен», - деп ықылас танытқан екен.
Жоғарыдағы мақалада екі автор ерекше көңіл бөлінген жағдайлардың бірі – олар Зейнелғабиден Әміреұлының өз заманындағы озық педагогикалық идеялары мен оны жүзеге асырудағы әрекеттерін орынды дәлелдей отырып, «Насихат Қазақияда» айтылған: «Баланы 11 жастан кейін ғана орыс тілінде оқыту» мәселесін қолдауы. Расында да ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстар тұрғысында әлемдегі жетекші халықтардың бірі жапондардың күні бүінге дейін жас ұрпағына шет тілдерін үйретуді тек 12 жастан кейін ғана қолға алатындығын білеміз. Бұл туралы Зейнелғабиден Әміреұлы да кезінде білген болуы әбден мүмкін ғой. Ұлттық платформадағы ой-санасы әлі қалыптасып үлгермеген, ата-анасы, ата-әжелерінің өзі өзге тілге жуық қазақ баласына балабақшадан қазақ тіліне зорлап үйретуге мұндай тұлғалар екібастан қарсы болар еді-ау деген ой келеді.
Авторлар Зейнелғабиден Әміреұлының өзі туып-өскен өңірдің халқын заманауи оқып білім алу үрдісінен қалмауы тұрғысындағы жаңашылдық еңбегін былайша қорытады: «Қазақстаның басқа аймақтарына қарағанда Ресеймен көршілес солтүстік облыстарда ағарту, мектеп ісі прогресті жолға ертерек түсті. Оны тездеткен Зейнелғабиден сияқты оқымысты-зиялылар болды. Ол ұстаздық қарекетіне европалық білім беру жүйесін талғамсыз енгізе салмай, халықтың жүздеген жылар бойғы бала оқыту жүйесін сақтай отырып, жаңа мен халықта барды бірегей қарап, екшелген жақсыны батыл енгізді», - деп қорыта келе, авторлар педагог, жазушының соңына қалдырған жазба мұрасын араб әрпінен бүгінгі жазуға түсіріп, ел игілігіне айналдыру ардақты жанның аруағы алдындағы парызымыз деп ерекше атап көрсетеді.
Қоспан Тәшібаевтың «Зейнелғабиен әл-Омскауи кім?» атты Көкшетау газетінде шыққан келесі мақаласында айтылатын деректер, мәтінінің көп бөлігі, жалпы мамзұны алдыңғы аталған екі авторлық мақаламен тура сәйкес келетіндіктен, тоқталып жатпадық.
Зейнелғабиден Жауари шығармашылығы туралы ізденіс жасап, қалам тартқан адамдардың бірі – Абай Мұқаштегі. Автор «Бұқпа!» газетінің 2003 жылғы 21 тамыздағы №33 санында жариялаған «Туған өлкенің аққан жұлдызы» аты мақаласында Зейнелғабиден өміріне байланысты көптеген құнды деректерді қамтыған және Зейнелғабиден Әміреұлының өмірі мен шығармашылығы туралы қарастырған кейінгі авторлардың көбі осы Абай ақсақал келтірген деректердің төңірегінде айналсоқтайтыны бірден аңғарылады.
Автор Зейнелғабиденнің әкесі Әміре қажы туралы жаза отырып, қажының жайлауы қазіргі Омбы облысының Москален ауданы жеріндегі Ебейті көліне құяр сағада болғандықтан, сол ауылдың Саға аталғанын меңзейді. Зейнелғабиденнің сол жерде туғанын, Столыпин реформасы кезінде шұрайлы жерден ығыстырылған Әміре қажы ауылы қазіргі Қараой өңіріндегі Сиыршы жайлауына біржола көшіп келгендігін нақты деректер арқылы алға тартады. Әміре қажының елге сыйлы, көкірегі ояу адам болғанын, Қызылжар-Омбы теміржолы тартылғанда қаржылай көп көмек жасағаны үшін ақ патшадан сыйлық алғандығы, екі рет қажыға барып, соңғы сапарында сол жақта шәйіт болып жерленгені, бәйбішесі Қалампыр ана ұлына қоса, жұбайының құрдасы Базар қартты ерте барып соңына зиярат етіп қайтқаны туралы деректерді де келтіреді. Әміре қажы мекендеген өлке күні бүгінге дейін Әміре сайы ("Амринская балка") аталып, омбылықтардың қала сыртына демалуға жиі шығатын тамаша орын ретінде белгілі.
Зейнелғабиден Әміреұлы туралы «Қазақ Совет энциклопедиясында» кезінде қысқа ғана мәлімет берілгендігін айта келе, он бес-он алтылар шамасындағы Зейнелғабиден әкесінің Қызылжар базарына апарып сатып кел деп жіберген 40 тайыншаны екі жігітімен айдап апарып, татар ағайындардың кеңесімен оқу іздеп Уфаға асқанын, ондағы «Ғалия» медресесінде үш жыл оқып, 1899 жылы елге оралғанын жазады.
«Хабарсыз кеткен баласының білімдар болып келгеніне ата-анасы, елі қатты қуанып, риза болады, әкесінің және халықтың қаражатымен Саға аулында медресе салады. Оқу орнын «медресе» демей – мектеп, «молдасын» –мұғалім-ұстаз деп атады», - деп баяндайды автор мақаласында.
Автор сонымен бірге, Зейнелғабиден мектебіндегі өзге діни бағыттағы оқытушыларға қарағанда анық көзге ұратын өзгеше жаңалықтардың мұнымен бітпегенін анықтай түседі: «Жазалы болған шәкірттер басына кірпіш ұстап тұрмайды екен, оларды көк шыбықпен шықпыртпайды екен. Бұлай дәріс бере алмайсың», - деп наразылық туғызғандар да болмай қойған жоқ. Жас ұстаз Зейнелғабиденің оларға айтары: «Сабақ баласына таяқ керек емес» болды».
Абай Мұқаштегінің аталған мақаласын «Насихат Қазақия» еңбегінің қысқаша аннотациясы деуге әбден лайықты. Аталған еңбекке енген материалдар, Зейнелғабиденнің абайтанудағы орны, Зейнелғабиден мектебінен туып шыққан танымал шәкірттер, тұлғаның өмірден өтуі, Әміре қажы ұрпақтарының және олар мекендеген ата қоныстың кейінгі тағдыры туралы құнды мәліметтерді бір мақала аясына сыйдыра отырып, автор: «Ал жерлесіміз Зейнелғабиденнің есімін ардақтап, педагогтік, жазушылық еңбектерін, қамшының сабындай қысқа өмірінде туған халқына арнап артына қалдырған жазба мұрасын зерттеп, барша жұртшылықтың игілігіне айналдыру, еңбектерін насихаттау, ғылыми бір жүйеге келтіруді ғылым, білім және мәдениет саласындағы ғалымдарымыздың еншісіне қалдырдық», - деп аманаттаған екен.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жәмбек Сәбит Нұрмағамбетұлының «Зейнелғабиден әл-Омскауидың оқу-ағартушылық қызметі мен «Насихат Қазақия» еңбегінің әдеби-тарихи маңызы» атты ғылыми мақаласының жалпы мазмұны Абай Мұқаштегі мақаласындағы дереккөздердің ауқымында болғанымен, ғалым өз еңбегінде Зейнелғабиден Әміреұлы оқыған «Ғалия» медресесі және осы оқу орнын бітіріп шыққан Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Бекмұхамед Серкебаев т.б. қазақтың өзге де көптеген белгілі тұлғаларын атап өтеді. Сонымен қатар автор Уфаның «Шарх» баспасынан жарық көрген «Насихат Қазақия» еңбегінің маңызына тоқтала отырып, белгілі әдебиеттанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаев құрастырған, төңкеріске дейін шыққан кітаптар тізімінде Зейнеғабиден Омскауиден өзге бірнеше автордың «Әдебиет Қазақия», «Насихат Қазақия» аты кітаптары болғандығын, солардың ішінде Зейнелғабиден шығармашылығы өзінің абайтану ілімінің бастауында тұрғандықтан, ерекше құнды екендігіне ерекше тоқталып өтеді.
Ғалым С.Жәмбек «Тұғыры биік тұлға» атты мақаласында да Зейнелғабиден Әміреұлының қазақ әдебиетіндегі орнын айта келе, Зейнелғабиден тәлім алған, сол тұста ресейлік түркі халықтары арасында ерекше ықпалды рухани күшке айналған Ысмайыл Ғаспыралы (Исмаил Гаспиринский) көтерген түркішілдік идеяға баса назар аударады. Зейнелғабиден Әміреұлы шығармашылығындағы ұлттық рухты, жаңашылдықты автор осы аспектіде алып қарастырады.
Белгілі абайтанушы, абылайтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Зайқын Тайшыбайдың «Жұлдыз» журналында жарияланған «Насихат Қазақия» жинағындағы Абай өлеңдері» атты мақаласын Зейнелғабиден Әміреұлының Абай шығармашылығын мәтінтану тұрғысында зерделеуге қосылған салмақты дүние деп танимыз.
Автор «Насихат Қазақияны» қазақ әдебиетінің мәселелерін ерте қорғаған аса құнды ғылыми еңбек» деп баға бере келе, Зейнелғабиден Әміреұлы жинап, өз кітабында жариялаған Абай өлеңдерінің тілдік қолданысына мән береді. Автор Зейнелғабиденнің «Насихат Қазақия» кітабын кирилшеге түсіріп, мәтіндік тұрғыда зерттеуге зор үлес қосқан ғалым Мекемтас Мырзахметовтың еңбегіне сілтеме келтіре отырып былай дейді: «Абай өлеңдерін «Абайдың 1945 жылғы 100 жылдық мерейтойына арналып дайындаған толық жинаққа «Осы «Насихат Қазақия» кітабында басылған бір топ Абай өлеңдері ішінен «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» және «Ал енді жақсы дейміз кімді қалап» деп басталатын екі өлеңін М.Әуезов өз қолымен көшіріп ендірген. Бірақ М.Әуезов ұсынған екі өлең де юбилейлік жинаққа белгісіз бір себептермен енбей қалғанына» зертттеуші куәлік етеді». Яғни, Мұхтар Әуезовтың өзі таныс болған және ондағы өзіндік өзгешеліктерді ескере отырса да, Зейнелғабиден кітабындағы өзгеше қолданыстар неліктен кейінгі кітаптарға енбей қалғандығына автор таңданыс білдіре отырып, аталған өлеңнің «Насихат Қазақиядағы» шумақтарындағы айырмашылықтарды талдайды. Ғалым «З.Әміреұлының осы жинағындағы өлеңдерден Абайдың өз қолтаңбасын табамыз. Өлеңдік құны, мәтіннің ой қуаты, сөз қисыны Абайдың өзіне келіп-ақ тұрған жерлері аз емес. Сондықтан, бұл да Абайдың өз қолынан шыққан өлеңдер деу лайық. Олар – Абай қайта қарап, кей жерлерін қайта жазып шыққан алғшқы нұсқалардың бір түрі десек, немесе бұлар алғашқы түрі, ал қазіргі жинақтардағысы Абайдың қайта қарап түзеткені болса ше?», - деген ой тастайды. Мұндай ойға өзек болып отырған мәселе – Зейнелғабиден еңбегінде берілген Абай өлеңдерінің кей тұстары қазіргі Абай жинақтары мен академиялық оқулықтардан өзгеше болуы. Мысалы, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінде «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген жол бар. Ал Зейнелғабиден Әміреұлы кітабында осындағы «бар таласы» деген екі сөз «тайталасы» деген сөзбен алмастырылып берілген. Зарқын Тайшыбайұлы «бар таласынан» гөрі «тайталасының» көркемдік қуаты артық екенін атап өтеді және біз де осы уәжге қосыламыз. Әрбір қазақ өлең жазып, шығара бермейді, ал өлең шығару қабілеті бар ақындар өзара тайталасқа түсетіні рас қой. Зарқын Тайшыбайұлы осындай жиырмаға жуық сөз қолданыстарына арнайы тоқталады.
«Зейнелғабиденнің 1909 жылы Уфа қаласында басылған «Насихат Қазақия» кітабы – Абай мұрасын насихаттау мен алғаш танып, дәл бағалауда революцияға дейінгі дәуірдегі әдебиетте өзіндік орны мен белгілі дәрежедегі ерекшелігі бар еңбектер қатарына жатады», - деген қорытынды жасайды.
Зейнелғабиден әл-Жауари Омскауидің соңына қалдырған рухани мұраларын жинақтауға ерекше үлес қосып жүрген азаматтың бірі – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұстазы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Сабырұлы Мәліков. Тұрсынбек Сабырұлы тек Зейнелғабиден шығармашылығына қатысты дүниелерді ғана емес, Зейнелғабиден мектебінен оқып, үлкен өмірге қанат қаққан, кейіннен қала берді Үлкен, Кіші Қараой өңіріне, асса барша қазаққа танымал болған әйгілі шәкірттері туралы да қарастырып, жүйелі түрде жинақтап жүргендігін атап өткен жөн. Тұрсынбек Сабырұлының қолында «Насихат Қазақия» кітабының Уфада 1909 жылы жарық көрген түпнұсқасы сақталған. Ғалым небары 4 жыл жұмыс істесе де өңірдің білім-ағарту ісінде өшпес із қалдырып үлгерген Сиыршы ауылындағы Зейнелғабиден мектебі және онда білім алған қоғам қайраткерлері Смағұл Сәдуақасов, Ғұсман Әмрин және басқалар туралы мәліметтер жинақтаған. Демек, Тұрсынбек Сабырұлы – Зейнелғабиден Әміреұлы шығармашылығын қазіргі, кейінгі буынға лайықты танытып, насихаттауға мүдделілік танытып жүрген бірден-бір жанашыр жоқшысы болып табылады. Олай болуының да жөні бар. Біріншіден, Зейнелғабиденнің әкесі Әміре қажы мен Тұрсынбек Сабырұлы төрт атадан қосылатын жақын ағайын. Екіншіден, әкесі Сабыр Мәліков – Зейнелғабиден мектебінен білім алған әйгілі шәкірттердің бірі. Ұстазының өнегелі жолын жалғастырған Сабыр Мәліков те өзі туып-өскен өңірдегі оқу-ағарту жұмысына бір кісідей еңбек сіңірген, орденді ұстаз болыпты.
Зейнелғабиден ұстазының игі өнегесін бойына сіңірген Сабыр Мәліковтің биік тұлғасы туралы бүгіндері ең кемі жетпіс асып, сексеннің сеңгіріне шыққан талай жандардың айтуында небір ізгі лебіздерді естуге болады. Солардың бірі Болатбай Лекеров деген қарт ұстаз былай деп жазады: «О, жаратқан жалғыз Аллам, осы жетімдікте көмектескен, өзің жіберген Қыдыр-Қызырдай адамдарды атап айтқым келеді. Соның бірі – Мәліков Сабыр, менің ұлы ұстазым. 1941 жылы тамыз айында кішкене бір орта мектеп жанындағы мектеп-интернатқа орналастым. Сонда оқып жүріп, сегізінші сыныптан бастап, екі жыл мектеп-интернатында қойма меңгерушісі, оныншы сыныпта мектеп есепшісі болдым. Жұмысқа аларда, маған Мәліков Сабырдың айтқаны: «Саған қазір садақаның керегі жоқ, сен түбінде оқуға барасын, саған ақшаны кім береді? Мен жинай беремін», – деді. Жалақының бір айлығының өзіне бір бөлке нан да келмейтін. 1946 жылы 10 жылдықты бітірдік. Оқуға кетерде Сабыр ағай үш жылғы ақшамды санап, өз қолыма бер, - деп тебіреніспен еске алады.
Тұрсынбек Сабырұлы әкесі Сабыр Мәліков және ағартушы ұстаз Зейнелғабиден Әміреұлы туралы бірнеше мақаланың авторы. Негізінен орыс тілінде жазатын автордың «Слова, звучащие сквозь время» атты мақаласында «Наука и образование Казахстана» журналы, №3 2012 ж) орыс тілді оқырманға Зейнелғабиден Әміреұлының өмірі мен шығармашылығы туралы таныстырады. Бұл болашақта жарық көретін қомақты дүниенің сұлбасы болуға тиіс деп білеміз.
Тұрсынбек Сабырұлы бізге (А.Байтанұлы) Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» еңбегінің көшірмесін жолдай отырып: «Тың көзбен қарап, кирилл қарпіне қайтадан түсіріп көрсең қайтеді», - деп ұсыныс жасаған болатын. Ұсул жәдит реформасы тұсында түрки тілінде (негізінен қазіргі әдеби татар тілі деуге болады) жарық көрген аталған кітапшаны кирилшеге түсіру барысында өзімізге дейін түсірілген нұсқаларға сүйендік. Мұнда Тұрсынбек Сабырұлы ұсынған Ғалым молланың және абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының түсірген нұсқалары қолымызда болды. Аталған жұмысты атқаруға біршама уақытымызды жұмсап, шұқшия оқу барысында, бұған дейін кейбір жаңсақ оқылған немесе замана ауанына сәйкес әдейі тастап кеткен жерлері түзету, толықтырулар жасалды. «Әдейі тастап кеткен» дейтініміз – дін ғұламасы Зейнелғабиден әл-Жауари өзінің айтайын деген ойын барынша қанық жеткізу ниетімен, кей тұстарда қасиетті «Құран» аяттарын келтірген жерлері әдейі енгізілмей, қалдырылып отырғандығын коммунистік биліктің қырағы қабағынан именушілік деп білеміз.
«Насихат Қазақия» қазіргі күнге дейін лайықты деңгейде зерттеліп, насихатталып отырған еңбек деп айта алмайтынымыз анық. Және де автордың трактаттарында көтерілген көптеген мәселелердің бүгінгі тәуелсіздік заманында да маңызы арта түспесе, еш кемімегендігі ғажап емес пе? Ұлттық құндылықтарды сақтап, нығайтып, насихаттау турасындағы ерік-жігер, ұсынған идея ешқашан ескірмек емес. Зейнелғабиден кітабындағы дінді дүмшелікпен емес, жүрекпен түсініп оқу, баланы оқытуда олардың физиологиялық даму ерекшелігін ескеру, ана тілінде шұбарламай дұрыс сөйлеу, шаруа жайын дұрыс ұйымдастырып, егін салып мал бағу, әдеби шығармалардың талғамды болуына мән беру сияқтылар қазіргі заман адамы үшін маңызды болудан қалған мәселелер деп кім айтар?
Зейнелғабиден Әміреұлының аталған еңбегін Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың ауызекі тіліне лайықтай отырып түзген төте жазуы өмірге келгенге дейін жарық көрген таза қазақ тіліндегі кітап деуге болады. Себебі, Ахаң реформасына дейінгі қазақ кітаптары дейтіннің өздері қазіргі талғам биігінен алғанда, тілдік тұрғыда нағыз «қойыртпақтың» өзі болғандығын біз ұлттық әдеби тіліміз бен жазуымыздың дамуы тарихындағы жолайрық ретінде қарастырамыз. Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» кітабын түркиден тура түсірер болсақ, қазіргі қарапайым қазақ оқырманына түсіну ауыр болады. Сондықтан да, қазіргі қазақ тілінің нормасына сәйкес түсіруді жөн санадық.
«Насихат Қазақиядағы» қазақ сөздерінің қолданыс ерекшелігі, автордың педагогикалық ойлары, кітаптағы Абай өлеңдерінің мәтіні, Зейнелғабиден Әміреұлының өмірі мен шығармашылғы т.б. тақырыптар өз зерттеушісіне сұранып тұрған тақырыптар. Тіпті әйгілі ақын Мағжан Жұмабаевтың «Жауар нағашыларыма» атты өлеңінде Зейнелғабиден Әміреұлының есімі аталатынының өзі арнайы зерттеу көзі емес пе? Зейнелғабиден Әміреұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты кешенді жүргізу бағдарламасын жергілікті өлкетану бағдарламасы аясында жүргізіп, бұл іске ынталы ғалымдар мен журналистерді тарту арқылы көптеген жаңа деректерге қол жеткізуге болады деп білеміз.
Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.