Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы. Қаныш пен Мәлік...

12.04.2019 6087

Асылбек Байтанұлы. Қаныш пен Мәлік

Асылбек Байтанұлы. Қаныш пен Мәлік - adebiportal.kz

Заманауи қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың саналы ғұмырында атқарған ұланасыр еңбегі ұлтымыздың, мемлекетіміздің ғана емес, барша адамзат қоғамының дамуына қосқан зор үлесі. Және бұл айтылған пікірдің жалаң пафосқа құрылмағандығына Қаныш Имантайұлының ғылым жолындағы еңбегіне, ашқан жаңалықтары, қалдырған мұрасына, қайраткер ғалымның іс-қызметіне отандық, шетелдік тұлғалардың берген бағасына қарасағ анық көзі жеткен болар еді. Келер ұрпақтың игілігі үшін мұраға қалдырған жазба-сызбаларының ауқымына қарап та ғалымның ересен еңбекқорығын тануға болады. ҚР Ұлттық орталық мұрағатында сақтаулы тұрған Қаныш Сәтбаев қоры – қателеспесем, мың жарымнан астам бумадан тұрады және бұл бұрынғы Кеңес Одағы ауқымындағы ең молдығымен рекордтық көрсеткішке ие.

Қаныш Сәтбаев – сан қырлы тұлға. Ғылым академиясының негізін қалап, басқарушылық, нақты ғылым жолындағы ғалым-зерттеушілік іс-қызметтерімен қатар, қазақ тарихы мен әдебиеті, өнеріне де атсалысып, осы салалардың белгілі өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болғанын көреміз. Солардың бірі – академик, Кеңес Одағының батыры, филология ғылымдарының докторы Мәлік Ғабдуллин.

Мәлік Ғабдуллиннің майдан өтінде, бейбіт өмірде көптеген адамдармен хат алмасып тұрғандығына батыр-ғалымның мұрағаттардағы, жеке тұлғалардың қолындағы хаттар куә. Ғалымның эпистолярлық мұрасының өзі едәуір көлемді еңбек және ондағы алуан түрлі мазмұндағы тағдырлардан оқырманды хабардар ететін құндылығы бір әлем. Сол хаттарды қарастыру барысында Мәлік Ғабдуллин мен Қаныш Сәтбаев арасындағы аға-інілік, тұтас-тұрғылас көрнекті азаматтар ретіндегі араластық-сыйластықты көреміз. Бұл сыйластықтың айқын ізін Мәлік Ғабдуллиннің Бауыржан Момышұлына, Қаныш Имантайұлына және Қаныш Сәтбаев өмірін зерттеуші, жазушы Медеу Сәрсекеге жазған хаттарынан табамыз.

«Ардақты Бауке! – деп жазады 1945 жылы 24 ақпанда Бауыржан Момышұлына жолдаған хатында, Мәлік Ғабдоллаұлы – Кеше ғана сізге бір ашық хат жазып жібергем. Онымды алған боларсыз. Біз де аман-сау істеп жатырмыз. Қал-жай өзіңіз көргендегідей. Одан басқа жаңалықтар мыналар:

1. Қаныш әлі осында жатыр. Келген шаруасының басын қайырған секілді. Ол кісі осы айдың 12-сінде кетпек еді, жүре алмай қалды. Оған себеп: Алматыдан Оңдасынов хабар айтып: «Жақында барамын, менің келуімді тоссын»,- деген екен. Оның келуін Қаныш тосып жатыр. Ал Оңдасынов Алматыдан әлі шықпаған көрінеді.

Биылғы Жазушылар ұйымында болған жиналыстың стенограммалық материалдарын Қаныш толығынан алыпты. Құдайдың құдіретімен дегендей, Қаныш ағайды Кривицкиймен жолықтыра алмай қойдық. Өйткені ол кекеш командировкада жүр екен. Жақында келеді деседі. Соны тосып отырмын...» Мәлік Ғабдуллин бұл кезде Мәскеудегі Саяси Бас Басқармада қызметте жүрген болатын.

Ал Мәлік Ғабдуллиннің Бауыржан Момышұлына осы жылдың 18-маусымында жазған хаты – алдыңғы хатымен сабақтасып жатыр:

«Ардақты Бауке! Мына жігіттеріңіз келді, хатыңызды берді. Амандығыңызды естіп қуанып қалдық. Бірақ, бұл азаматтар жарытып еш нәрсе айта алмады...

...Академияның салтанатты мерекесіне Қаныш ағай, Кәрім Мыңбайұлы, тағы біраз адамдар келді. Қанышпен әңгімелесе отырып, мен оған мына бір жайды айттым:

- Қазір Бауыржан жалғызсырап жүрген көрінеді. Оны аз күнге болса да осында алдыру керек. Ол мұнда келсін, 24-июнде болатын әскер парадын көрсін, өзіңізбен сөйлессін, аз болса да аунап-қунап жатып кетсін. Бауыржанды шығарып алу үшін мынадай себеп айту керек: «Қазақстанға жаңа хатшы барды. Ол кісі Қазақстаннан алдағы күнде құрылатын Отан қорғау халық комиссариатының қамын ойлайтын көрінеді. Осы мақсатпен ол хатшы Бауыржанмен танысып, сөйлескісі келеді. Хатшының майданға баруына болмас, ал Бауыржанның осында келгені жөн, соны сұраймыз»,- деп айту керек. Сол сөздерді Шәріпұлы Голиковке айтса нәтиже шығар еді деген пікірді Қанышқа жеткіздім. Қаныш: «Мен бұл жайды Исағалиға айтайын», - деп уәде берген. Ал, Исағали бұл жерде ерлік жасай ала ма, жоқ па, оны алдағы күн көрсетер. Ол жігіт солқылдақтық жасай ма деп те қауіптенем...». Бұл хаттан Мәлік батыр мен Қаныш Имантайұлы арасында таяуда ғана жеңіспен аяқталған қанды қасап соғыстың қаһарманы Бауыржан Момышұлын Мәскеуден туған елге оралту мәселесін көтергіненін аңғарамыз. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне Баукеңнің қызметке келуіне ықпал етуін сұрайды.

Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының батыры атағын алғаннан кейінгі кезеңде, оның түркі тілдерін жетік білетіндігі, ғалымдығы мен әдебиетшілігі, майдан өтіндегі саяси жетекшілігі, жалпы кеңес жауынгерлері арасындағы танымалдығы мен беделі т.б. ескере отырып, Мәскеудегі Қызыл Армия Саяси Бас басқармаға үгіт-насихатты ұйымдастыру бойынша қызметке алынғаны белгілі. Мұнда да жемісті жұмыс жасап, көптеген қазақ жауынгерлерінің ерлігі, еңбегі дұрыс бағалануына ықпал еткен Мәлік Ғабдоллаұлының алдында екі жол тұр еді. Біріншісі – Бас штаб жанындағы академияға жолдама, қызметтік пәтер ұсынылып тұрған әскери қызмет жолы, екіншісі – туған елдегі ғылым мен әдебиет, ұстаздық жол. Кез келген әскери қызметшінің арманы болған бірінші жолмен жүруді Мәкеңнің жан-жүрегі қаламаған екен. Соғысқа дейін аспирантураны бітіріп, әзірлеп үлгерген «Қобыланды батыр» жыры туралы ғылыми зерттеу жұмысын Сәбит Мұқановқа аманаттап кеткен болатын. Елге қайтқысы келгенімен, әскери қызметті бірден тастап жүре беру де айтқанға ғана оңай. Мәлік Ғабдоллаұлының аңсары – елдегі шаруада.

Ақыры бұл мәселенің түйіні шешіліп, Мәлік Ғабдуллин отставкадағы подполковник шенімен, 1946 жылы Алматыға оралғаны белгілі. Қайырымен болған бұл қадамға академик Қаныш Сәтбаев бастаған беделді тұлғалар араласқаны анық. Мұны Мәлік Ғабдуллиннің 1945 жылы 16 маусымда Ғабит Мүсіреповке жазған хатынан аңғарамыз:

«Қадірлі Ғабит! Майдың 22-сінде жазған хатыңызды кеше ғана алдым.

....Әдебиет әңгімелерін Сәбит айтқан болар. Сондықтан бұл мәселеден сөз қозғамай-ақ қойса да болады. Сіздің хатыңыздағы әңгімелер жайында:

1). Қолыңыз тиіп, уақытыңыз болса, менің академиядағы қолжазбаларымды оқып шығыңыз. Іске татиды дегендеріңіз болса, пайдалану керек. Мен оны жұрт пайдалансын деп жаздым. Солардың ішінде «Алтын жұлдыз» деген әңгімесымақ фактылар бар. Соны бір қарап көріңізші. Не болар екен.

2). Елге қайту жайы белгісіз: Бұл адамға жақын-жар, дос-туыстан да туған жерің сағынышты көрінеді екен. Осыны ойлағанда көксеп-көксеп жіберем. Амал не, «қажу бар ма, мен сорда» деп жүріп жатырмыз. Жақында болатын сессияға біздің басшылар келе жатыр екен, солармен және Қанышпен сөйлесем, «алып кет» демекпін. Шалдыққаным жоқ, бірақ шаршаңқырап жүрмін». «Қажу бар ма, мен сорда», - деп, Мағжан өлеңін ойтұздық ете отырып елге кетуді аңсаған Мәлік батырдың арманы орындалады. Бұдан кейінгі өмірі – ғылым жолы.

Ғылым жолы да шын ғалым үшін әрдайым даңғыл болмаған ғой. Осы тұрғыдағы кедір-бұдырдың тігісін жазда да ұлтсүйер басшының ықылас-көмегі қажет. Мәлік Ғабдоллаұлының жеке мұрағатында Қаныш Сәтбаевтың өзіне жазылған бірнеше хаты сақталған. Сол хаттардың бірі – Қаныш Сәтбаевқа ғылыми жолына қолдау білдіруді сұраған өтініш рәуіште жазылған.

«Қадірлі Қаныш ағай! Мен еңбегімді жазып Мұқаңмен ... рецензияға берген едім. Оған бес-алты күн болып қалды. ... оқуға әлі кіріскен жоқ секілді. Қажым ғана 2-3 бөлімін оқыпты. Алдағы айдың 15-20 институттың ученый Советі жабылады. Соған дейін үлгеру керек деген ойда едім. Осыған бір жәрдем етіп Мұқаң мен Қажымға бір ауыз сөз айтсаңыз жақсы-ақ болар еді. Қажым қазір тауда жатыр. 45-74 арқылы (3 комн) шақыртып сөйлесуге болады. Мұқаң әзір үйінде 41-65 кв. Сіздің қамқорлық жәрдеміңізді күткен Мәлік.

29.05.1947 ж».

Мәлік Ғабдуллин мен Қаныш Сәтбаев арасындағы жылы қарым-қатынастың тағы бір куәсі – батырдың қаныштанушы Медеу Сәрсекеге жазған хаты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап Қаныш Сәтбаевтың ғұмырнамасын жинауды бастап, мұрағат деректерін ақтара бастаған Медеу Сәрсеке Қаныш Сәтбаевтың көзін көрген, жақсы араласқан адамдармен байланысқа шығады. Солардың арасында академик Мәлік Ғабдуллин де бар ынты-шынтысымен көмек көрсетіп, Медеу Сәрсекеге ақыл-кеңесін беріп хат жазады.

«Құрметті Медеу! – деп бастапты, Мәлік Ғабдоллаұлы – 1972 жылы 5 сәуірде жазған хатын, - Біз бір-бірімізді сырттай болмаса жақын жуысып білмейтін болуымыз керек. Оның оқасы жоқ. Мен бүгін Сізбен танысып алдым, сондықтан да осы хатты жазып отырғаным ғой.

Сізбен танысуыма себеп болған... «Жұлдыз» журналында... шыққан әңгіме – хикаяңыз болды. Ғажап дүние екен. шын көңілден құттықтаймын, Сізге бұдан былай да жемісті еңбек тілеймін. Сюжет құруыңыз, тіліңіз әдемі екен.

Менің Сізге берер кеңесім: ...шығармаңызды осы күйінде, әңгіме түрінде қалдырмаңыз. «Жизнь замечательных людей» дәрежесіне көтеріңіз. Қаныштың өмірін ең кем дегенде үлкен-үлкен екі том етіп жазыңыз (І кітапта: Қаныштың балалық шағы, оқудағы кезі, судьялық қызметі, студенттік өмірі т.б. ІІ кітап: Қаныш – Жезқазғанда, Қаныш – инженер, Қаныш – Қазақстанның кен байлығын зерттеуді ұйымдастырушы және бұл іске тікелей қатысушы. Қаныш – ғалым, академик, президент, мемлекет қайраткері, нағыз Азамат). Қанекең өмірі туралы материал көп қой. Соларды жинаңыз, зерттеңіз. Қысқасы, Қаныш жайында бір әдемі көлемді шығарма күтеміз Сізден.

Хат жазып мазаңызды алғаным үшін кешірім етіңіз. Зор құрметпен Мәлік Ғабдуллин, 5 сәуір, 1972 жыл». Академик Қаныш Сәтбаевтың тікелей жанында жүріп, сөзін тыңдап көрмесе де, оның соңында қалған мол дүниені жинақтап, Қаныш әлеміне қалай бойласам деп жүрген жас ізденушіге Мәлік Ғабдуллин осылай жол-жоба айтады. Бұл – өзіне үлкен демеу болғанын жазушы Медеу Сәрсеке «Жақсыдан шарапат» атты эссесінде үлкен ризашылықпен жазады. Өзіне жіберілген бұл хаттан кейін Медеу Сәрсеке Мәлік Ғабдуллинге хат жолдайды. Бұл хаттың жауабы ретінде келген Мәлік Ғабдуллиннің хатын толықтай мәтінде келтірелік:

«Құрметті Медеу! Әуелі келісіп алайық: мен сенен жиырма жас үлкен екенмін. Сондықтан өзіңді «Сіз», «біз» демей, «Сен», «мен» деп атасам, солай жазсам – оным тәкәппарлық емес, жақын тартқаным, бауырға санағаным болмақ. Мұны осылай түсінуді сұраймын. Бұған келістік пе?

Хатыңды алдым. Қанекең туралы жазатының, жазып жүргенің сәтті шығуына тілектеспін. Кейінде қолжазбаңмен таныстырарсың, оны оқып, қолдан келген көмек – кеңесімді беруге мен даярмын. Осы еңбегіңе байланысты екі ұсыныс айтайын:

Қанекеңмен қызметтес, жолдас болғандар да азайып барады. Қазірде барлары: Әлкей (Марғұлан), Әбікен (Бектұров), Шафик (Чокин), Саид Сейфуллин (Жезқазғанда Қанекеңмен бірге істескен), Нәйлә (Базанова), Сақтаған Баишов, Арап Ғаббасов, Мұхамеджан Қаратаев, Ақжан Машанов, Лұқпан Қылышев, Ғайнедден Мұсабаев, Өмірбек Оспанов сияқты ғалымдар. Бұлармен жолығып (мүмкіндігіне қарай) материал алғаның жөн. Ал Михаил Иванович Горяев пен Илларион Григорьевич Галузо есінде ерекше болсын. Горяев – Қазақ академиясы құрылғанда бірінші вице-президент, Галузо – бас академик-секретарь болған, екеуі де көп жыл Қанекеңмен бірге істесті. Бұл екеуінде саған қажет көп материал болуға керек.».

Қанекең – ғалым, мемлекет қайраткері ғой. Осы ретте мына бір фактіге айрықша мән бере жаз. Ол мынадай:

а) Қанекең академияға президент болып тұрғанда шетел адамдарын көп қабылдап, оларға патриоттық мақтанышпен Қазақстан туралы әңгімелеп беретін еді;

б) 1947 жылы Қанекең КСРО Жоғарғы Советінің депутаттарынан құралған делегацияның мүшесі болып Лондонға барды. Міне осы арада сен қиял қанатына мініп, Қанышты Англияның кейбір кәрі лордтарымен кездестір. Сол лордтың біреуі қазақты, қазақ жерін білетін болсын, тіпті Риддер мен Жезқазғанның кең байлығын иемденген Уквардтың тұқымынан шыққан біреу болса тіпті жақсы. Олар қазақтардың советтік заманда алға басқанын, табысын білсін, Қанышты көріп таңдансын. Бір кезде хат танымайтын надан қазақтың советтік дәуірде академик болып, бүкіл дүние жүзіне танылғанына күйінсін де таңырқасын.

Меніңше, осы бір қызық сюжет. Ойланып көр, бұған керекті материалдар өте көп.

Тағы да айтайын: Қанекеңе арнаған еңбегіңнің жемісті шығуына шын көңілден тілектеспін.

Бұдан кейін тағы да бір тақырыптың құлағын шығарып қояйын. Оны жазуға да Медеудің қолынан келеді деген сеніммен айтайын. Ол тақырып: Мұхтар Әуезов.

Ұлы ақын, жазушылар жайында жазылған шығармалар дүниежүзілік әдебиетте, орыста, көршілерде көп қой. Бізде де бар. Ол «Абай», Диханның «Ақын арманы». Бұларда революцияға дейінгі ардақтыларымыз суреттеледі ғой. Ал Медеу Мұхаңды, советтік заманда бүкіл әлемге әйгілі болған Мұхаңды жазуы керек. Бұған Медеудің күші келеді деп білем. Әрине, бұл тақырыпқа бүгіннен бастап кіріс демеймін, ойыңда жүрсін, жоспарлай бер, материалдарын жинастыра бер деймін. Бұл болашақта бүкіл халықты қуанышқа бөлейтін туындың болсын.

Хатымды ұзартып алдым – ау деймін. Оның айыбы болмас. Келе жатқан 1 майың құтты болсын! Үй-ішіңе сәлем. Ағалық ақ көңілден, Мәлік ҒАБДУЛЛИН, 17 сәуір, 1972 ж».

Осылайша, отыз бес жастағы жас жазушының академик Қаныш Сәтбаев туралы болашақта жазылмақ еңбегі салмақты да, толымды туынды болуы үшін, қат-қабат шаруаның әлетінде, әрі денсаулығы сыр беріп сырқаттанып жүргеніне қарамастан жоғарыдағы хатты жазғанын – қарапайымдылықтың, кішпейілдіктің үлгісі, өзіне ықылас-шарапаты тиген ұлт зиялысы, академик Қаныш Сәтбаевтың рухына деген тағзымы десек болады. Жылдар жылжып қазақ қоғамын алға сүйреп барады. Өз дәуірінде, қандай да болмасын жағдайда бір-бірінің қолтығынан демеп, шынтағына сүйеу болуды, ұлт руханиятына үлес қосар, жүрегінде оты бар алаш ұлының жолын ашуды өмірлік мақсұтым деп білген шын мәніндегі ірі қазақтардың өшпес өнегесі де ұрпақтан ұрпаққа жалғасын таба бергей еді.

ps: (Хат мәтіндері Мәлік Ғабдуллин музейінің қорынан алынды)

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар