Абылай – ұлт тарихындағы ерекше тұлға. Төрт ғасыр жүзінде есімі туған халқының санасында сақталып, елі үшін сіңірген еңбегі, майдан даласындағы ерлік істері жайлы жыр-дастандар, аңыз-әңгімелер ұрпақтан ұрпаққа ұмытылмай жаңғыра отырып, бүгінгі күнге жетті. «Ұмытылмай жаңғырып» дегенімізбен, Абылай есімінің ұлықталуы түрлі факторларға байланысты әр дәуірде әрқилы болғаны анық. Абылайдың өз заманы мен коммунистер билігі толық орнаған кезеңге дейінгі және кейінгі екі дәуірдегі ұлы хан бейнесін ардақтаудың сипатын танытатын екі айтылымды мысалға келтірейікші.
Бірінші айтылым: Абылайдың шөбересі Шоқан Уәлиханов былай деп жазады: «Қазақ ішінде Абылайдың даңқы аса зор. Абылай заманы – оларда қазақтың өрлік пен ерлік заманы болып саналады».
Абылай – өзіне дейінгі және кейінгі ұлылы-кішілі хандардың ішіндегі ең көп жырланған, түрлі жағдаяттарда халықпен ең етене бірге болған ел иесі. Халықтың Абылайды ежелден жанына жақын тартып, етене жақсы көргені ол жайлы толып жатқан дастандар мен аңыздардан анық сезіледі. Оған қоса, «абылайша» (киіз үйді тігу формасы) «Абылайдың қара қосы» (малшының қосын қадірлеу), «Абылайдың асына шаппағанда, атаңның басына шабасың ба?» (әлдебір көпшілікке игілікті де, келелі істен тартынбау тұрғысындағы мәтел), т.б. айтылымдардың өзі Абылайдың ел ішіндегі қаншалықты маңызы болғанынан хабар береді.
Екінші айтылым: «Басқаның патшасының бәрі жақсы, неліктен біздің хандар жаман болған?..»
ХХ ғасырдың советтік кезеңінде өмір сүрген қазақтың әйгілі ақыны Ғафу Қайырбек осылай жырлаған. Мұнда Абылай есімі аталмағанымен, советтік идеологияның қазақ хандарына деген көзқарасына шарасыз қамырығу жатыр. Советтік кезеңдегі әдебиетте Абылай есімі аталмай қалған жоқ. Бірақ сол заманғы талапқа сай «жағымсыз кейіпкер» бейнесінде әдебиет оқулықтарында әредік көрініс тапқан еді. Сондықтан да Бұқар жырау толғауларындағы Абылайға тепсінулер мен Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасындағы:
Абылай ат үстінде күпілдейді,
Ойқастап, қоразданып дікілдейді, -
дейтін жолдарды оқыған соң, пән мұғалімдерінің «шығармадағы зұлым күш өкілдері немесе қанаушы тап өкілдеріне мінездеме беріңдер» деген біржақтылыққа құрылған тапсырмасынан кейін, болашаққа ұласпақ ұлттық санада елі үшін еңбек сіңірген айтулы тұлғалар турасында қайдан жақсы пікір орнықсын. Тәуелсіздіктің арқасында ғана бұл кемшіліктің орны толғаны ақиқат.
Тәуелсіздік таңы атқаннан бергі отызға жуық жылдың ішінде Абылайдың шынайы іс-қызметін оқып, біліп өскен, ұлы бабасымен мақтанатын қаншама буын ұрпақ қалыптасты. Тәуелсіздіктің ұлттық санадағы нағыз тәтті жемісі деген – міне, осы болмақ. Абылай – қазақ халқының тағдыры десек, анталаған көп жаудың әлегінен әбден сансырап, торғайдай тозуға беталған Қазақ хандығын ыдыраудан, бодандық бұғауына тым ерте түсуден аман сақтап, біртұтастығын қамтамасыз етіп, басқарушылық күш-жігерін, жауынгерлік қайратын, дипломаттық қабілетін арнаған Абылай ханның тарихтағы орны турасындағы ой-пікірлер мен тұжырымдардың әлі де болса, біркелкі емес екені белгілі. Яғни, Абылай ханның қазақ тарихындағы орны мен қазақ әдебиетіндегі бейнесі кеңестік дәуірде социалистік реализм әдісінің әділетсіз құрбаны болса, тәуелсіздік жылдарында да бірізділікке ие бола қойған жоқ. Бұл – Абылайдың өмірі мен қызмет жолын зерттеушілерге қатысты пікір. Бұл бағытта Абылай ханның ұлт алдындағы тарихи миссиясына лайықты баға беріп, байыпты зерттеу ұсынушылар, Абылай ханның өмірі мен атқарған қызметін тым биік асқақтатушылармен қатар, Абылайдың өз заманында жүзеге асырған істерін кей жағдайда жоққа да шығарушылардың да барын несіне жасырамыз.
Бұл тұрғыда «Абылай хан – өз заманында көрші елдермен тиімді дипломатиялық қарым-қатынас жасау арқылы қазақ мемлекеттілігін нығайтушы, үш жүздің басын қосқан ұлы тұлға» деп танитын шығармашыл, ғылыми қауымға қарсы уәж айтушы жақтың пікірі: «Абылай хан – Қазақ хандығын біртұтастандыра алған жоқ, ол тек Орта жүздің ғана ханы болды, шен-шекпен үшін біресе Ресейге, біресе Қытайға бағынышты болуға уәде берген билікқұмар тұлға» дегенге саяды. Ал келесі біреулер тіпті Хан Абылайды «алтын ұрпақ» деп әспеттелген қаһарлы Шыңғыстың өзінен тараған ақсүйек төре әулеттен емес, күңнен туған қара қазақ ретінде көрсете отырып, пәлен деген рудың адамы ретінде көрсеткісі келеді. Пікір алуандығы қажет дегінімізбен, шынайы ұлт мұраттары жолында мұндай алуандықтың ұлы тұлғаларымызды ұлықтау жолында қажеті шамалы болуға тиіс деп білеміз. «Мен бірінші құдайға, екінші архивке сенемін!», – деп, Мәлік Ғабдуллинмен жазысқан хатында Бауыржан Момышұлы айтқанындай, Абылай ханның өз дәуіріндегі жүріп өткен жолын, соңынан ерген қалың елінің алаңсыз тіршілігі үшін жасаған тынымсыз еңбегін дәлелдейтін тың құжаттар Ресейдің, Қытайдың, өзге де елдердің мұрағаттарынан алынып, ғылыми айналымға түсіп жатыр. Және де бұл деректердің қоры жылдар өткен сайын молая түскендігін ескергеніміз дұрыс болмақ.
Абылай ханға қатысты архив деректері мен халық ауыз әдебиеті шығармаларында, сол заманда өмір сүрген ақындар мен жыраулардың туындыларында айтылатын оқиғалар мен деректер өзара сабақтасып, бірін-бірі толықтырып отыратындығы аңғарылмай қоймайды. Мысал үшін, Абылай хан туралы көлемді шығармалардың бірі «Абылай» дастанында («Бабалар сөзі» жинағына енген) Абылайдың аттан құлап аяғы сынғаны туралы айтылады. Ал ғылым бұл туралы не дейді? Отандық антропологогия ғылымының құрметті ақсақалы Оразақ Смағұловтың «Бақ.кз» сайтына берген сұхбатындағы мәліметтерге назар аударайықшы. Орыстың Брехов деген барлаушы капитанының сөзіне қарағанда, Абылай хан қайтыс болардан төрт жыл бұрын онымен кездескен капитан: «Абылай ханның бойы биік емес, бірақ жасы ұлғайса да, дене қимылы жеңіл» деп сипаттағанын негізге ала отырып академик былай деп тұжырымдайды: «Бұл – оны тікелей көрген адамның айтқан сөзі. Біз сараптаған сүйектің ұзындығы да небәрі 164 см, яғни бойшаң адамдікі емес. Сосын Қазаннан 1912 жылы шыққан кітапта Абылай ханның аузында тісі жоқ екені жазылған. Ал кейбір әдебиеттерде оның жілік майын жақсы көргендігі айтылыпты. Тісі жоқ адамның асқазанына, әрине, жілік майы жеңіл әрі жұғымды болады. Біз зерттеген бас сүйегінде де бір тіс кездеспеді. Абылай 50-ден аспай жатып бүкіл тісінен айырылған. Соның нәтижесінде қызыл иегі түгелдей мүжіліп, тіс шұңқырлары тегістеліп кеткен», - деп атап көрсетеді. Оразақ Смағұлов – Абылай ханның бейнесіне Герасимов тәсілі арқылы реконструкция жасаған ғалым.1756 жылы Цинь армиясымен соғыста Абылай хан аяғынан жараланған дерегінің ізін де Түркістандағы монолит ішінде жатқан мүрдеге тиісті сараптау жасау арқылы тапқан. Қазіргі ақпараттық дәуірде ауызша ақпарат пен ғылыми дәйектің үндесіп жатуы деген – осы болса керек.
Абылай ханның ақылшысы, көріпкел сәуегей, көмекей әулие Бұқар жыраудың баршаға белгілі «...Жаныс Қарабайдың қолында, Түнде туған ұл едің», – деген жалғыз сөзіне бола, Хан Абылайды әлдебір сәттілік жолдас болып билікке ие бола салған біреу етіп көрсетуді қисынсыз қиянат дегеннен басқа не бар. Әрине, мұндай жағдай әлем елдері тарихында аз да болса кездесіп жататынын білеміз. Ал «белдеусізден үй, белгісізден би шықпас» демекші, Ұлы Далада өмір сүрген алып империялар мен хандықтардың тағына отыратын тұлғаны таңдауда кездейсоқтыққа жол беріле бермесе керек. Аты – Сабалақ, заты белгісіз қаңғырып келіп Арқадағы Дәулеткелдідей байлардың жылқы бағып жүрген жас жігітке жорықта бір жолғы көрсеткен ерлігіне бола, қаншама «Абылайлап!» ұрандатса да, түбі шикі болса Қарауыл Қанай би, Құлсары, Құлеке батырлар бастаған ел ағалары ешқашан билік тізгінін ұстатпас еді.
Кене хан, жақсы көрсең, қарашыңмын,
Жек көргенмен өзіңнің алашыңмын.
Атаңа алты қатын алып берген
Атығай, Қарауылдың баласымын! –
деп Хан Кенеден жанына сауға сұрап алатын Арыстанбай ақын айтқанындай, Абылайдың қапысыз хан тұқымы екенін танығандықтан да Көкшетау мен Есілден Қараой, Текеге дейінгі қалың ел басына үй көтеріп, бауырына қазан асып, сұлтаны қылып алғаны анық қой. Белгісіз біреу болса, әйгілі әз-Тәукенің балас, сол күнде Орта жүзді билеп тұрған баласы Сәмеке мен немересі Әбілмәмбет хандар да ойда жоқта біреудің иелігіне еніп билікке араласқанын қалар ма еді? Әрине, жоқ. Мұнда ата-тегі жағынан мінсіздігін, әскери, ел билеушілік дарынын ескергендік жатыр. Бұған А.Левшиннің мына пікірі куә: «Әбілмәмбеттің мәртебесі екіжақты болды. қазақ хандарына деген билігі жағынан, ол жоғарғы хан деп есептеле берді және Ұлы жүз бен Орта жүз қоныстарын тексеру сапарына жиі шығып тұрды. Екінші жағынан, Әбілмәмбет Абылайсыз бірде-бір елеулі шешім қабылдамайтын. Мәселен, 1763 жылы Орталық Азия елдерінің циндерге қарсы одағына қосылуға шақырып, өзіне жолданған хатты ол Абылайға жіберген». Бұл – Абылайдың аталған ел иелерінің тарапынан сөзсіз мойындалғандығының куәсі.
Абылайдың билеуші тұлға ретіндегі көрнектеле түскен кезеңі – 1739 жылы Сәмеке қайтыс болғаннан кейінгі Орта жүзге бас болуы және осыдан екі жылдан кейін Шідерті бойында Қалдансерен шеріктерінің қолына түсіп, тұтқында болып, аман-есен оралуынан кейінгі кезең. Бұл оқиғалардың бәрі Ресей мен Қытай тыңшыларының жазбалары арқылы сақталған болса, бұлар қазақ ауыз әдебиеті туындыларын қуаттап отыратынын көреміз.
Абылай ханның ұлы істерінің бірі – қазақ халқының біртұтастығына қоса, қазақ жерін кеңейту, бұрын-соңды түрлі себептермен айырылып қалған аумақтар мен даулы аудандарды әскери және мәмілегерлік жолмен шешу болғаны белгілі. Атап айтқанда, елдің оңтүстік аумағының межесін айқындап, нығайту бағытындағы белсенді қызметін ұмытуға болмас. Себебі, ХҮІІІ ғасырдың 50-70 жылдарында қазақтар мен қырғыздар рулары арасындағы жағдай жер дауына қатысты ерекше шиеленісіп кеткен-ді. Әрине, екі халықтың тынышын ғасырлар бойы алған құдіретті Жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін Жетісу өңіріндегі, Алатаудың қойнау-қойнауындағы шұрайлы жерлерге қазақтар мен қырғыздар емін-еркін қайта қоныстанып, кең көсілгісі келді. Міне, осы жерде мүдделер қайшылығы орын алды. Қазақ пен қырғыз рулары арасындағы тартыстың соңы қантөгіске ұрындырған болатын. 1760 жылы қырғыздар дулат және қоңырат руларының қоныстарына шабуыл жасады. Бұған жауап ретінде Абылай едәуір әскер жинап, тамыз айында Талас қырғыздарын жеңіліске ұшыратты. Осы шайқастың бітімі ретінде қырғыздың көптеген руларынан бейбітшілік кепілі ретінде аманатқа жас отбасыларды алып, оларды қазақ даласының алыс солтүстігіне әкеліп қоныстандыруы да Абылай ханның көрегендігі емес пе.
Қырғызбен 1770 жылғы, кезекі бір шайқасқа Абылай хан қалың қолмен аттаныпты. Бұл туралы Үмбетей жырау:
Қырғызды тәңірім қақ бөліп
Садыр бала бітем деп,
Әтеке соғыс күтем деп,
Бірі көнбей біріне,
Садыр кетті бөлініп, -
деп жырлайды. Садыр баланы жеңіп, Әтеке жырықты өлтіріп, мерейі үстем шығады. Қазіргі қырғыз-қазақ шекарасы – Абылай ханның өз заманындағы жорықтары нәтижесінде белгілеп кеткен межесі бойынша қалыптасқаны да рас. Осындай жеңісті жорықтар арқылы Абылай хан өзін Орта жүзге қоса Ұлы жүздің де қамқоры ретінде таныта алды. Кіші жүз руларына да Абылай ханның біршама ықпалы болды деп айта аламыз. Абылайдың ордасы қонған Көкшетау алабында күні бүгінге дейін қаңлы, керейт, алшын, жалайыр, тама, табын т.б. Ұлы жүз бен Кіші жүздің әр руынан құралған ауылдар отыр. Олардың әрқайсысының тарихын сұрасаңыз, көбі-ақ Абылай заманына барып тіреледі.
Қылады Мәкаржада байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Сұрасаң Абылайдың тұрған жері,
Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда, -
деп жоғарыда атап өткен атығай Арыстанбай Тобылбайұлы жырлағанындай, Абылай өз өмірінде көп жылдар Көкшетау өңірінде тұрып, билік құрды. «Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда» дегенмен, біз Абылайды қырық сегіз жыл бойы бір өңірде тұрды деп те айта алмаймыз. Орта жүздің ұланбайтақ аумағындағы белді рулардың бірінің иелігінде жайлап, бірінде қыстап, ордасымен көшіп жүргендігін көрші елдер елшілерінің баянаттарынан аңғарамыз.
Көрші мемлекеттердің біріне шабуылдап, біріне елші жұмсап қарым-қатынасты реттеп, билігін барынша нығайтқан соң, Абылай хан үш жүздің өзіне қарасты руларды туыстары мен балаларына басқартып билей бастағандығын көреміз. Атап айтқанда 1774 жылы үлкен ұлы Әділ сұлтан Ұлы жүздің бір бөлігінің билеушісі болып тағайындалса, солтүстік-шығыс Жетісуда Сүйік, Орталық Қазақстанда Қасым сұлтандар билік етті. Осылайша Орта жүз бен Ұлы жүздің барлық дерлік аумағы Абылай ханның балалары арасында бөлінді. Тек, Кіші жүзде және Орта жүзден батыс бөлігінде Қайып хан ұрпақтары, Орталық Қазақстанның кейбір аудандарында немесе найман руларында Барақтың, ал Қытаймен шекара өңіріне таяу жерлерде және Сырдарияда Әбілмәмбеттің ұрпақтары билік құрды.
Абылай хан өз дәуірінде нығайып, күшейіп келе жатқан Бұқар хандығын да есептесуге мәжбүр етті. Жоғарыда атап өткеніміздей, Абылай хан өзіне дейінгі кезеңдерде жат қолында қалған ежелгі қазақ жерлерін қайтарып алуға көп көңіл бөліп, күш жұмсаған. Себебі, қазіргі Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарының жері түгелдей Жоңғар хандығының құрамына еніп жатқан болатын. Көреген саясаткер Абылай хан Қалдансереннен кейін ынтымақтан айырылып, өзара жауыққан Жоңғария билеушілерін ретіне қарай кезек-кезек қолдай отырып, хандықтың әлсіреп, құлауына ыңғай тудыра білді. Өзара қырқыстан әбден әлсіреген Жоңғар хандығына басып кірген Цин империясы жауынгер елдің тұрғындарына алапат геноцид жасап, толықтай қиратқан соң Жоңғар хандығының байырғы және кейіннен басып алып иемденген жерлерінің барлығын өз иелігі етіп жариялауы – қазақ халқының мүддесіне қайшы келгені анық болатын. Абылай хан осы бір шиеленісті әскери қақтығысқа қоса, елші жіберу, сөз жүзіндегі бодандық қабылдау сияқты дипломатиялық жолдар арқылы шешуге де күш салды.
Тарихи мұрағаттарда сақталғанындай, Абылай хан өз елшілерін бірнеше рет Қытай императорына аттандырған. Солардың бірі – 1757 жылы қарашада Қанжығалы Бөгенбай, Өміртай т.б. бастаған топ. Бейжің сарайында болған келіссөздің ұзын-ырғасын мына үзіндіден білуге болады. «Сіздердің елшілеріңіздің айтуы бойынша, Тарбағатай сіздердің байырғы көшіп-қонып жүрген мекендеріңіз болғандықтан, сол жерлерді сыйлауды сұрап отырған көрінеді. Бұл жерлерді біз жақында ғана бағындырдық, ол өте ұланбайтақ және император бізге оны қимайтын шетеңе жоқ», - деп атап көрсетеді. (үзінді «Цинская империя и казахские ханства» атты құжаттамалық деректі жинақтан алынып, аударылып берілді. А.Б.) Тарбағатай – қазіргі Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігі, Алматы облысының шығысы, ҚХР-дың үлкен бір аймағы екендігін ескерсек, Абылай ханның сол замандағы көреген саясаты арқасында атамекеннің толықтай болмаса да қазіргі Қазақстанның құрамында елеулі бөлігі қарағандығына көз жеткіземіз. Цин императоры Абылай билігіне қазақтың өз жерін өзіне «тарту ететіндігін» айта отырып, мынадай шарт қойған: «Ваши души также не пребывают в покое. Если бы действительно взяли в плен и передали нам Амурсану, тогда, естественно, можно было бы подарить вам Тарбагатай.» Абылай хан осындай әдіспен бірте-бірте Ертіс бойын, Іленің алқабын да қазаққа қайтару әрекетін сәтті жүргізген. Цинь империясымен сауда қатынасын жолға қойған. Осы арқылы қазақ халқының әл-ауқатын көтеру, байырғы қазақ жерлерін бейбіт жолмен қайтаруды іске асырды. Шығыстағы өлкелерді игеру үшін Абылай ханның жедел түрде қазақ руларын бағыттағандығы тарихи деректер мен халық ауыз әдебиетінде тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Кейбіреулердің жаңсақ айтып жүргеніндей, қазіргі Шығыс Түркістанды мекендеп отырған қазақтар әсте әлдебір жылдары қашып өткендер емес, Абылай ханның көрегендігінің, ерлігінің саясатының арқасында атамекеннің шығыс бөлігіне барып орын тепкен қауымның ұрпағы.
Қазіргі күні саяси өмірімізде жиі айтылатын «көпвекторлық» Абылай саясатында нық орын алғандығын байқауға болады. Ресей, Қытай, Бұқар, Ауғанстан мемлекеттерімен тепе-тең дәрежеде қарым-қатынас жасап, қазақтың мүддесін барынша қорғай білген ұлы ханның еңбегін тек даталы кезеңдерде елеп-ескеріп, әрдайым есте ұстау – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы.
Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.