Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Асылы Осман: Менің өмірімде кездестірген ең ғажап ...

03.10.2017 5963

Асылы Осман: Менің өмірімде кездестірген ең ғажап адам – қазақ адам

Асылы Осман: Менің өмірімде кездестірген ең ғажап адам – қазақ адам - adebiportal.kz

Еліміздің мемлекеттік тіліне жанашырлық танытып, жүрген жерінде қазақ тілінің мәртебесі мен биіктігін айтудан жалықпайтын ұлы тұлғаларымыз санаулы. Сондай тұлғаның бірі - белгілі қоғам қайраткері, ғалым, тіл жанашыры Асылы Осман Қазақстанды Отаным деп біледі. «Қаны - әзірбайжан, жаны - қазақ» деп дәл осы кісіге айтылғандай. Әр кезде теледидар мен газет-журналдар бетінен бейнесін танып, ұлағатты сөздеріне құлақ түріп жүрсек те, шынайы кездесу бақыты бұйырмаған-тұғын. Қыркүйек айында мектебіміздің «Қазақ тілі және әдебиеті» пәндері бірлестігінің апталығы аясында Асылы Әлиқызына арналған кеш ұйымдастыру жоспарда болды. Телефон арқылы Асылы апаймен тілдескенімде, оның әрбір сұрақты асықпай тыңдап, сосын байыппен жауап беретінін аңғардым. Өтінішіме еш қарсылықсыз келісіп, қуантып қойды. Емен-жарқын апалы-сіңлідей сөйлесіп жүрдік. Салтанатты кеш өтетін күні де денсаулығы болмай тұрғанымен, келісімге қиянат жасамаймын деп мектебімізге алғаш рет қадам басты.

Алматы қаласында орналасқан №180 ЖББМ білім ордасының табалдырығын аттаған құтты қонағымыз мектептің ілтипатты оқушылары мен ұстаздарына алғыс білдіріп жатты. Залда отырған шәкірттердің қарасының көптігіне де сүйсініп жымиды. Әрбір адамның қабағына, отырған отырысына шейін байқайтын байқампаздығы мен талғампаздығын да аңғардық. Сахнада М.Жұмабаев, Ж.Молдағалиев, М.Шаханов сынды белгілі ақындардың өлеңдерін оқушылар жатқа оқып жатқанда, тебіреніспен тыңдап, мақұлдап немесе «әй, жетпей қалды-ау» дегендей өкініштерін ым-ишарамен білдіріп отырғаны да қызық көрінді. Көркем сөздің майын тамызып оқитын, дауысымен жұртты таң қалдырған өнерлі балақайларға деген сүйіспеншілігін жасырмады. Оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға да бар ынтасымен жауап беруге тырысты.

- Асылы Әлиқызы, мектебімізге қош келдіңіз! Сіз секілді тіл жанашыры болып жетілу үшін қандай қасиеттерді бағалауымыз керек деп ойлайсыз? – деген оқушы сұрағына Асылы Осман: - Ең, алдымен, осындай әсем ғимаратқа, осындай өнерлі, талапты шәкірттерге толы білім ордасына, ұстаздар қаумына басымды иіп сәлем бергім келеді. Әрбір адам баласы өмірге келгенде оның алғаш рет сөйлеген тілі - ана тілі болады. Сол тілде сөйлеу, онымен мақтану - әрбір азаматқа міндетті саналу керек. Қазіргі сәтте, сіздердің міндеттеріңіз - қазақ тілін сауатты, еркін меңгеріп, оны қоғамдық салаларда пайдалануды үйрену. Өзіміз қадірлемесек, біздің тілімізді ешкім құрметтеп, қастерлемейді деп ойлаймын. Сондықтан да, сіздердің бойларыңызда намыс, махаббат, жанашырлық деген қасиеттерді дамыту керек!

- Асылы апай, Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұлттық код терминін қалай түсіндіре алар едіңіз?

А.О: -Елбасының осы мақаласын түгелдей оқып шықтым. Маған ұнағаны- қазақтың бойындағы ұлттық намысты оятуда ұлттық құндылықтарды ұмытпауымыз керек деген сөздері. Өз тіліміз, әдеби мұрамыз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз барда басқа ұлтқа еліктеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ұлттық код дегеніміз - ол біздің тарихымыз, дәстүріміз, тіліміз, дініміз және мәдениетіміз деп есептеймін.

- Асылы Әлиқызы, өміріңізде сіз кезіктірген ғажап адам кім?

А.О: -Менің өмірімде кездестірген ғажап адам - қазақ ұлты дер едім. Өйткені менің туып-өскен жерімде тек ғажайып адамдар болатын. Мен қазақтың жасандылықсыз тұлғасына, бай тіліне, бай тарихына тәнтімін.

- Асылы апай, жақында Парламентте латын әліпбиінің нұсқасы ұсынылды. Осы әліпби туралы ойыңызды айтсаңыз?

А.О: - Жалпы, латын қарпі негізінде жасалған қазақ әліпбиі деп түсіндіру керек еді басында. Өйткені кейбір адамдар латын тіліне көшіп жатырмыз деп дауырығып жүр. Шындығына келгенде, біз латын тіліне көшпейміз, латын қарпі негізіндегі қазақ әліпбиіне ауысамыз. Өзім қолдаймын. Әуелде көрші мемлекеттер 90-жылдардың басында өтіп жатқанда, біздің өтіп кеткеніміз де дұрыс еді-ау деген ойлар болатын. Әлі де кеш емес. Сіздер де бірден үйреніп аласыздар деген сенімім мол. Елбасы айтқандай, Парламентте ұсынылған бұл әліпби соңғы нұсқасы емес. Халықпен, ғалымдардың келісімімен жасалатын ортақ дүние екені даусыз.

- Атақты батыр Б.Момышұлының: «Мен үш нәрседен қорқамын, бірінші-баласына бесік жырын айтпаған анадан, немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшіншісі - бірі-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан қорқамын» деген өткір ойы бар. Сіз неден қорқасыз?

А.О: - Мен жалпы, ана тілінде сөйлемейтін барлық адамнан қорқамын. Өз тілінде сөйлемеген адамды адамзат қатарына қосқым келмейді.

Осындай сауалдар төңірегінде ұтымды, өткір жауаптарымен Асылы Әлиқызы барша оқушыларды таң қалдырып жатты. Кештің соңында мектеп директоры Қыздығой Байшығарқызы Асылы Осман апайдың біздің білім ордасына ат басын бұрып, ғибратқа толы ой-пікірлерін ортаға салғаны үшін алғысын білдірді. Еліміздің болашағы саналатын саналы ұрпақ мектептен тәрбие алып шығады. Асылы Осман сияқты тіл жанашыры, мемлекет қайраткерімен жүздесуі мен ақыл-ойлары санасында сақталып, ешқашан ұмытылмайды деген сенімдемін.

Майра Мырзахметова

№180 ЖББМ қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар