Бүгін қазақ руханияты үшін маңызды күннің бірі. Себебі қазақ әдебиетінің жауһарлары оқырманына тағы бір қадам жақындады. Бүгін 130 автордың 1500-ден астам шығармасының аудионұсқасы енген Аudiokitap мобильді қосымшасы жарыққа шығып отыр. Жоспарлы істің жүзеге асуына қолдау білдіріп, демеушілік жасаған Шеврон компаниясы. Бұл жобаны қолдау - ұлттық әдебиетімізге жасалған ерекше қамқорлық және жас ұрпақ тәрбиесіне қосылған үлкен үлес болып қала бермек.
Audiokitap мобильді қосымшасының контенті - Қазақстанның Ашық кітапханасы - kitap.kz жобасының негізінде жүзеге асты. Сайттың аудиоқоры түгелдей мобильді қосымшаның мазмұнын құрап отыр. Ал, Аудиоқорды жасауға екі жылдан астам уақыт кеткен. Әдеби шығармаларды оқуға еліміздің танымал әртістері мен кәсіби дикторлары тартылды. Олардың барлығы да Ана тіліміздің тазалығы мен сұлулығын, тереңдігі мен құндылығын таныта алатын тұлғалар. Атап айтсақ, жобаға Тыныс Өтебаев, Бүркіт Бекмағамбетов, Балтабай Сейтмамытұлы, Айдос Бектемір, Бауыржан Қаптағай, Нұрлан Өнербаев, Байғали Есенәлиев, Гүлжамал Қазақбаева, Дана Нұржігіт, Күнсұлу Тұрғынбекқызы бастаған жиырмадан астам маман қатысты. Аудиокітаптардың ерекшелігі – шығармалардың толық нұсқада ұсынылуы. Бүгінде сайтты күніне 4 мыңға жуық оқырман тұтынатын болса, айлық көрсеткіш 90-100 мыңға дейін жетеді. Онлайн форматта ұсынылып отырған сайтты оқырман осылайша қабылдаса, қолдануға ыңғайлы әрі жүктеп алуға мүмкіндік беретін аудиоқосымшаны қолданушылар әлдеқайда көп болады деп жоспарлануда.
Аudiokitap жобасына қандай авторлар енді деген заңды сауалдың туындары анық. Бұл ретте жобаны жасаушылар оқу бағдарламасына енген, қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихындағы жарқын тұлғалардың түгелге жуығын қамтыды. Осылайша ұлттық әдебиетіміздің озық үлгілері дыбыстық форматта дайындалып, тынысы кеңіп, оқырманға жақындай түсті. Бұл жобаны мектеп оқушылары, студенттер, ерекше күтімді қажет ететін замандастарымыз, жалпы көпшілік барынша қолданады деп жоспарлануда. Жобаның мемлекеттік тілдің дамуына да белгілі бір деңгейде ықпалы болады.
Аудиокітап мобильді қосымшасы - білім мекемелері үшін дайын оқулық, дайын көрнекі құрал, ал жалпы оқырман үшін ыңғайлы әрі пайдалы өнім болары сөзсіз.
Жаңашыл технологияларды ұтымды пайдалану, ұлт руханиятына қызмет еткізу – әрқашан да өз жемісін береді. Викибілім қоғамдық қоры дамытып отырған Қазақстанның ашық кітапханасы жобасы – осыған бірден бір дәлел.
Мақпал Жұмабай
Материалды көшіріп жариялау үшін
редакцияның
немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме
берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас
құқықтар
туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның
көзқарасын білдірмейді.