Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әуезхан Қодар: Түн мен Күн ауысқанда...

01.12.2015 3717

Әуезхан Қодар: Түн мен Күн ауысқанда

Әуезхан Қодар: Түн мен Күн ауысқанда - adebiportal.kz



12670074_988403907876154_8508507376097607459_n.jpg

Біз ұлт дамуын көбінесе тым біржақты түсінеміз, тек ұлттық тарих, бұрыннан қалыптасқан ұлттық құндылықтар жағынан. Ал ол болса, меніңше, кері қараған баспен алға ұмтылуға талпынғандай. Әрине, қазақты баяғы Ресей империясы, одан кейін, Кеңестік бюрократия отарлаған заманда, тарихқа жүгіну қазақы діл мен көкейге сүңгіп шығып, содан нәр алумен бірдей еді. Бірақ қазіргі заманда, егемендігіміз дәуірлей бастаған заманда, қазіргілікке сай құндылықтар қалыптастыра бастағанымыз жөн, қазіргі құндылықтарды бағыт тұтқанымыз абзал. Бұл тұрғыда мен талдап көрейін деп отырған жас ақын Бауыржан Қарағызұлының поэтикасы қызық. Ол қазақта бұрын болмаған, тек Мағжан поэзиясында ғана өзінің классикалық көрінісін тапқан, әсіресе Франция мен Ресейде шарықтап дамыған символизм эстетикасына байланысты. Бұл ағымның басты құндылықтары: жекетұлғалық сананы дәріптеу, әрбір құбылысты өмір мен өлім теке тіресінде саралау, бұрын жырлауға тұрмайды делінген болмыстың жағымсыз, түнеріңкі жақтарын ақындық айналымға енгізу, күнделікті өтіп жатқан тірлікті барынша кең бейнелі ұғымдарға сыйғызу. Мысалы, Бар, Жоқ, Күн, Түн бейнелеріне. Осы жақтан келетін болсақ, Қарағызұлы поэзиясында маған оның Түн философиясы ұнайды.


Бәрі, бәрі, бос сөз екен жаңа ұқтым. 
"Бостандық" деп бос айқайға салыппын.
Мәртебелі Өмір мырза, 
Мен сіздің, 
Ұрандарыңыздан жалықтым...

- дейді ақын бір өлеңінде. Өйткені:

Қазір мені Ділдің мұңы азаптап,
Желтоқсанда жел күледі мазақтап.
Уақыт отыр тойып алған, тоң мойын,
Былқ етпейді-ей, таза - аппақ...

Оның аппақ болатыны әлі Ділі де қалыптаспаған жаңа заман ғой, бәріміз тірлік етіп атқан егемендік заманы. Желтоқсанда «желдің мазақтап» күлетіні 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің сыры әлде де болса ашылмай отыр ғой, тіпті, мүлдем ашылатын түрі жоқ. Ақынның ұрандарымыздан жалығатыны содан болар. Меніңше, «жылап тұрған Түннің жанарын» сүртіп отырған ақынның ойы, Түнді өткен шақтың әлдеде өтер емес жалғасы ретінде суреттеу.


Мына Түн – о, мүмкін бағыты жоғалған Жолдарым.

(Жолдарда жанымды жұбаттым, алдадым...)

Өлімді сағынған, аңсаған –

қартайған Арманның

шаршаған елесі емес пе,

мына Түн??!


Біздің қоғам да коммунизмді құрамыз деп бастап, соған мыңдаған Алаш қайраткерлерін құрбанға шалып, ақыр аяғында Брежневке табыну дертіне ұшырап, ақыры Қонаев үшін шайқасқа шығамыз деп, мына жаһандану дәуіріне тап болған жоқпыз ба? Бағытты жоғалту деген осы емес пе? Және егер қазір егемендікке жетіп дәуірлеп отырған жағдайымызда ЕвразЭС ұранымен Ресейге қайта қосылсақ ол «қартайған Арманның шаршаған елесі» болмағанда не болады?


Әрине, бұл жердегі Түн бейнесін басқаша пайымдауға да болатын шығар, бірақ, әйтеуір, автордың бұл бейне арқылы бір нәрсені жұмбақтап отырғаны даусыз.


Мына Түн –

мәңгілік әуенге билейтін Сөздердің мекені –

Анты бар төзімдей, сезімдей некелі.

Жарықты сүйеді,

Жарықта өледі...

Жарықтан келеді,

Жарыққа кетеді...

Әлди, әлди,

әлди, әлди, Қара Түн...


Мұндағы автордың және сонымен бірге жаңа жас буынның көрегендігі, ол Түннің өзін әлдилеп, ұйықтатып, толығынан тынықтырып, Жаңа Күн қылып оятқысы келеді. Өйткені түннің өзі «жарықтан келеді, жарыққа кетеді», дүниенің негізі жарық, жарықтан шыққан дүние жарыққа қайта оралады, яғни, бәріне уақыт қана емші. Бұл дүние Өмірді де, Өлімді де асырып дәріптей алмайтын мәңгі айналым ғана.


Өмір деген Түс те емес, Өң де емес,
Сенбесеңіз қойыңыз.
Өлім деген шындығында ол да – Елес,
Өлім деген – Ойымыз.

Мұнда автор мынаған меңзеп тұр: өлім туралы әрбір ұлт, әрбір ғасыр өз түсінігін қалыптастырады. Мысалы, кезінде Эпикур айтқан ғой: өлімнен қорқатын түгі де жоқ, өлім келгенде біз жоқ боламыз, біз тірі кезде өлім жоқ деп. Бұған керісінше әлем диктаторларының бәрі өлтіру құралдарын өз қолына жиғанға мәз болып, өзін өлім иесі санағанда, күндердің бір күнінде өздері де жоқ болып отырған. Сондықтан ең бастысы: ойымызды түзеуіміз керек, Өлімге де, Өмірге де және әдебиетімізде келе жатқан жаңа жас буынға да қатысты. Өлімді тек өзіңнің жеке жойылуың деп ұқсаң, өмір бойы тек бұға бересің. Ал бірақ сөйтіп мейлінше бұғып, іштен тынып, бар қасиетіңді жасырып жүргеніңде, кезі келгенде нағыз рухани өмірге лайық тіріле алмауың да мүмкін.


Ескерту: автордың көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар