Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Авдий Каллистратов Құдайдың ұлы ма?...

10.05.2024 579

Авдий Каллистратов Құдайдың ұлы ма?

Авдий Каллистратов Құдайдың ұлы ма? - adebiportal.kz

Қырғыз жазушысы, бірақ қазаққа еш жаттығы болмаған Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасын» кезінде миллиондаған оқырман оқыды. Ол заманда кітап оқылатын еді әрі бұл жаңашыл шығарма есептелгендіктен, даңқы мен дақпырты да әжептәуір болғаны анық. Жақында «Жан пиданы» қайтадан қолға алдық, бұрын қасқырлардың тірлігін көбірек қызықтап, Бостонның тағдырына алаңдап кетіппіз де, осындағы Авдий Каллистратов бейнесіне онша назар аудармаппыз, осы жолы Авдий Каллистратов кім, авторға бұл кейіпкер не үшін керек болды деген сұрақ болды.

Шығармада мифтерді қолдану жазушыға адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас мәселесін ашып көрсетуге көмектеседі. Бастапқыда  қанша қиянат көрсе де қасқырлар адамға тиіспейді, өйткені олардың адамға тиіспеуге қатысты өз  ережелері бар, бірақ кейін бұл бұзылады, оған адам баласының  қатыгездігі себеп болады. Мифке салсақ, қасқыр – табиғат, қасқыр адамның анасы, ал адам өз анасына қастандық жасап отыр. Қасқырды қанша ашкөз десек те, автор олардың отбасындағы бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен мейірімін суреттей отырып, адамгершілікті бағалаудың басты мәні – адам мен табиғаттың байланысы деген ойды алға шығарып, адам санасында экологиялық төңкеріс жасамақшы болған. Шығармада адамдардың іс-әрекетін бақылап тұрған Табиғаттың «көзі» көрінетіні содан.

Жазушының шығарманы бастағаннан қасқыр мен киік құрбандығын бір тізбекке қоюы, адамдардың өз міндет-кәсіптерінен бөлек, қоршаған ортаға қалай болса, солай қарап, табиғатқа қауіп төндіруден тайынбайтынын көрсетуінен – табиғат үлкен қатердің алдында тұр, оған бірден-бір жауапты адам баласы деген ойға басымдық бергенін көреміз. Автор «ақыл-біліміміз толды, аспанға адам ұшырдық» деген адамзат  осы бірінші мыңжылдықта неге жетті, не жасады, сол жайында ой қорытып, шығарманың ішкі көркемдігін бір мысқал түсірмей, қасқырлар жұбын беруде керемет психологиялық иірімдерге бойлап, кейіпкерлерінің ішкі қайшылықты күйін беруде барлық тәсілді қолданады, оған заңғар жазушының тәжірибесі де, шеберлігі де толық жетеді. Ал енді шығарманың сол замандағы жаңалығы – сол кезде көп айтыла қоймаған нашақорлық мәселесін көтеріп, партиялық-шаруашылық басшылықтың басқару әдістерінің ескіргендігін, келешекке  еш пайдасыздығын айта алғандығы. Әрине, одан беріде нашақорлық үлкен әлеуметтік зауалға айналып, қазір әбден өршіп, жаңалық болудан қалғаны белгілі.

«Роман өмірдің өзі сияқты мазмұны шектеусіз не бірқалыпты күркіреген теңіз секілді бір мезгілде ауқымды әрі айқын, әуезді де салмақты келіп, тек бір детальға қанағаттанбайтын, жекелеген эпизодқа сүйенбейтін тұтас, үлкен дүние болуы үшін ол өзі үшін маңызды деген оқиғалар мен бөліктерге арнайы соғып отыруы керек» деп Томас Манн айтқан формамен қарасаң, әрине, автордың әлемге ортақ мәселелерді айта отырып, жалпы адамзаттың жаңа дүниетанымдық көзқарасы арқылы дінге қатысты рухани ақиқатты іздеуі де көрінеді. Сонымен бірге кейіпкерлеріне осыншалық қиындық пен тауқыметті арқалатып қойған шығарма негізінен баяндау арқылы берілетіндіктен, оқиғалар желісі фрагменттерге бөлініп, шашылып тұратын сияқты көрінетіні де бар. Олай дейтініміз, шығарманың 1-2 бөлімінде Авдий туралы, үшінші бөлімінде Бостон туралы айтылады. Қасқырларды есептемесең, үшінші бөлім бірінші бөліммен еш байланыссыз көрінеді, бұл өз алдына бір бөлек повесть болар еді. Бұны тұтас ой деуге болмас, дегенмен, әдебиет дегеніміз – сөздің формасы десек, роман оның қабаттарындағы дауыстар қаншалықты жақсы естілетіндігіне байланысты бағаланады. Мысалы, Авдий мен Бостон бір-бірін ести ме, дауыстары бір-біріне жете ме? 

Шығармадағы Авдий кім? Қияли ма, дәруіш пе, әлдебір ақиқат іздеуші ме? «Қайырымды, мейірімді Әділет» деп ізгілікке ұмсынатын ақжүрек адамның бір қарасаң тамыры жоқ сияқты, бірақ, онсыз қоғам шындығы ашылмайды. Бұл жерде шығармадағы евангелия мифін рухани көркем жеткізу, жалпы сол діни сенімнің адамы авторға не үшін керек болды екен дегенге ойланасың. Христос туралы миф, оның шығармадағы құрылымы, символикасы дегенге онша бойлай алмасақ та, көрініп тұрғаны – бұдан бұрынғы шығармаларында да мифологиялық тұрғыда ойланатын жазушы бұл жолы да адамзаттық ойлау жүйесінен бастау алған басты мифке жүгінетіндей. Киіктердің қырылғанының ішкі астарындағы ойы  Авдий Каллистратов пен оның одақтастарының екі мың жыл бұрын Иерусалимде опат болғанымен мазмұндас, бұл жерде жазушы  миф пен шындық оқиғалардың арасындағы қолмен жасалған шекараларды сүртіп тастағысы келетіндей, өйткені, Авдийдің түсіне кіретін Иисустың бізге түсінікті тілде сөйлегісі келетіні соны аңғартады. 

Одан басқа, досы Ерназар үшін өзін кінәлі санайтын Бостон, Базарбайдың тигізген кесірі, Тасшайнардың өлімінен соң ызалы қаншығының баланы әкететіні... оған назаланған Бостонның Базарбайды өлтіруі, сонымен қоса өзін өлтіруі, өкініші...  Бостонның жазасы қиын – ол өзінің ұлының қазасымен сыналды. Ешуақытта маза бермейтін, арын түрткілей беретін бұл өкініш – істеген қылығы үшін Құдайға жалбарынып, одан бір медет тілейтін Бостонның ғана емес, жалпы адамзаттың да таңдауы шығар, мүмкін, жазушы өз дәуірінің құдайға көзқарасына осылай үн қатқан шығар дейсің. Біздіңше, газетке есірткі бизнесі тақырыбындағы материал әкелем деп қауіпті сапарға аттанған, осы жолда нешетүрлі оқиғаға тап болған, есірткі бизнесінің басындағыларға күдік алдырып, ақырында пойыздан айдалаға лақтырып тасталған, жаңбыр суында қалып өлімші болып, ең соңында бәрібір қаскүнемдер қолынан өлген Авдий Каллистратов бейнесі тым идеалданғандай көрінеді. Дегенмен жауап табылғандай болды, өмір жайлы ойларына, идеяларына, әрекеттеріне қарасаң, Авдий Каллистратов – мейірім, ізгілік, әділеттің  иесі  саналатын Құдай әкенің ұлы ретіндегі кейіпкер. Бірақ, Авдий өлсе де мәселе шешілмей қалады. Демек, бұл адамзат тарихының ең үлкен сұрақтары да шешілмеді деген сөз. Мейірім ендігі жерде өзінен-өзі өнбейді, бір жақтан келетін құдіреттен нәр алмайды, дүние тозбау үшін адамзаттың өзі сол жолда ниетті болуы керек, тепе-теңдікті сақтауға тырысуы керек. Ал адамзатты құтқару жайлы үмітті жоғалтса не болады? Онда бізде табиғаттың, ғаламның алдында үлкен жауапкершілік сезім болмайды. Егер мұндай үміт болмаса Авдий де босқа өлген болады, Бостонның азабы да өзін ақтамайды. Демек, автордың ойы – идеялар оған өміріңмен қымбат құн төлеуге татитындығымен ғана құнды дегенге саяды.

Шыңғыс Айтматов туралы қызық деректер

Шыңғыс Айтматов қырғыз балаларының ішінде алғаш болып балабақшаға барып, 1934 жылы "Ленинчил жаш" ("Молодой ленинец")  газетіне «өскенде шопыр болам» деп сұхбат берген. 

Әкесі Төреқұл қызметін белсенді шаруа болып бастап, қырғыз елінің мемлекетінің қайраткерлігіне жеткен. Анасы татар қызы, әскери политбюрода қызмет еткен, қоғам қайраткері болған. Шыңғыстың әкесін 1937 жылы ұстап, 1938 жылы ату жазасына кескен.

Соғыс жылдарында 14 жаста болған Шыңғыс ауылдық кеңестің хатшысы қызметін атқарған. Елде хат танитын азамат аз болғандықтан мұғалім, тракторшы, комбайыншы да болуға тура келген. 

Алғашқы әңгімесі 1952 жылы "Газетчик Дзюйо" деген атпен жарық көрген, жазушы өз шығармаларын орысшадан қырғызшаға аударып отырған. 

Алғашқы «қаламақысын» аудармашы ретінде алған. У-саз жайылымында асылтұқымды дон құлындары баудай түсіп жатады. Бұны зерттеуге орыс маманы келгенімен, бірақ табындағылардың бірде-біреуі орысша білмейді екен, содан орысша білетін бала бар еді деп іздестіріп, Шыңғысты әкеледі, бала құлынның жергілікті мал жемейтін шөпті жеп, уланып қалғанын жеткізеді. Жылқышылар Шыңғысқа еңбегіне деп қозы сойып, жамбас ұстатады.

Ш.Айтматов 1953 жылы Фрунзенің ауылшаруашылық институтын бітіріп, ғылыми-зерттеу институтына зоотехник болып кіргенде ол жерде Ангияның Джерси аралында сүтті мол беретін сиыр тұқымын шығарыпты дегенді естіп, бұқаны Тянь-Шань тауларының аржағындағы қодаспен будандастырмақшы болады. Тіпті институттың рұқсатын да алады. 

Шыңғыс Айтматов өмірінің көп жылын дипломатияға арнаған, Люксембургте, Бенилюкс елдерінде қызмет еткен адам. Бірде Жапонияға барған сапарда оған гүлмен әсемделген жапон тамағын береді, сол кезде жазушы гүлді білмей жеп қояды, өзі біразға дейін соны айтып күліп жүріпті.  

Айтматов  "Ягуар" көлігімен  Европаны аралаған, кейін 2015 жылы сол көлік жазушының  атындағы музейге берілген.

Жазушы машинка адамның ойын өлтіреді деп есептегендіктен, жазу машинкасын қолданбаған. Оның үстіне қағаздың шаңынан қатты аллергия болған, бұл кесел жазушыда «Жәмиласын» сынағаннан кейін   пайда болған екен. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар