Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Ақын Көкен Шәкеевтің туғанына 100 жыл...

12.05.2024 1581

Ақын Көкен Шәкеевтің туғанына 100 жыл 6+

Ақын Көкен Шәкеевтің туғанына 100 жыл - adebiportal.kz

Қазақстанның халық ақыны, Қазақстан Ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті Көкен Шәкеевтің туғанына 100 жыл толды. 

Көкіректен, Көке, күй ақсын, 

Өлеңде өткір қияқсың, 

Ақаннан қалған ақтанбоз, 

Біржаннан қалған тұяқсың. 

Тегеурініңе төзе алмай, 

Өзіңмен сөзде сайысқан, 

Әбікен ақын абдырып, 

Қалихан ақын қайысқан. 

Көкшеде жеке серісің, 

Айтыстың ақтангерісің, 

Сөзің де балуан, өзің де – 

Бұл  неткен ғажап келісім! – 

деп дүйім қазаққа танымал ақын інісі Қорғанбек Аманжол жырлағанындай, Көкен ақын – өлең сөздің өткір қияғындай, Арқаның әйгілі сал-серілерінің тұяғындай болған, айтыс аламанында қарсыластарын қапысыз мойындата білген, еңсегей бойлы, балуан бітімді кісі еді.

Айтыстың аға буын өкілі

Халық ауыз әдебиетінің синкретті жанры айтыс өнері арғы дәуірлерді айтпағанда, кеңестер билігі тұсының өзінде өрлеу мен құлдырауды бастан өткергені белгілі. Кеңес Одағын И.В.Сталин билеген дәуірде советтік үгіт-насихаттың тиімді құралы ретінде қарастырылуы айтыс өнеріне, айтыскерлерге біршама тыныс бергені анық еді. Бұл – Жамбыл бастаған халық ақындары дәуірі еді. Осы тұстағы айтыстың бет-беделі биік болғаны тарихқа аян. Сталиннен кейін Н.С.Хрущев билік басына келген кезеңде қоғамдағы түрлі өзгерістерге байланысты айтыс өнері бұрынғы биігінен төмендеп, құлдырау сатысына түсті. Л.И.Брежнев билігі дәуірінде де осы үрдіс жалғаса түсіп, айтыс аға буын жанашыр ұлт зиялыларының ұмтылыс-құлшынысы арқылы ғана өлместің күнін көріп тұрды. Классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің: «...Бір облыстың ақындары екінші облыстың ақындарының кемшіліктерін қамтып, қағазға түсіріп айтса, оның терістік жері жоқ. Төселе келе жазып алып айтысатын ақындар, жатқа айтуға да шығып кетер...», - деп үміттене кеңес беретіні осы тұс. Көкен ақын – халық ақындарының буырқанып бұлықсыған заманы мен осы бір өлместің күнін көрген дәуірде қазақ айтысының арқау тінін үзіп алмай, сексенінші жылдардан басталған түлеу, жетілу кезеңіне жеткізген аға буынның белді өкілі. Олар Көкен ақынның үзеңгілестері Манап Көкенов, Қалихан Алтынбаев, Мұса Асайынов, Шәкір Әбенов, Надежда Лушникова, Тәушен Әбуова, Көпбай Омаров т.б. аға буын айтыскерлер еді. 

Қазақтың айтыс өнері өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап қайтадан шындап түлеу жолына түсті. Бұл жөнінде айтыс зерттеуші ғалым, айтыскер Қойлыбай Асанов былай деп атап көрсетеді: «Кеңес дәуірінде суырыпсалмалық сипатынан ажырай бастаған айтыс өнері 80-ші жылдар үстінде өзінің табиғи болмысына қайта орала бастады. Ақындардың суырыпсалмалық шеберлігін шыңдауда, әсіресе айтыстың «түре», «қайым» түрлері көп әсерін тигізді. Ақынның ішкі дайындығы қаншалықты мол болғанымен сахнаға шыққан ақындар «қайым» мен «түреде» суырыпсалмалық шеберлікке біртабан жақындап, шыңдала бастады. Осы машықтану әдістері айтысушы ақынды суырыпсалмалық деңгейге көтерді.» 

Айтыстың аға буын өкілі Көкен Шәкеевтің осы жолдағы шығармашылығы ғұмыры өрлеу, құлдилау, қайта өрлеу, шарықтаумен өрнектелген екен. Қазақ айтысындағы көп жылдық елеулі еңбегі үшін Көкен ақынға 1987-жылы Қазақстанның Халық ақыны атағы берілсе, 1990-жылы тұңғыш құрылған Қазақстан Ақын-жазушылар одағының президенті болып сайланады. Айтыскер ақын Көкен Шәкеев 1999 жылы 22 желтоқсанда өмірден өтті. 

Ақынның өсу, өрлеу жолы

Әрбір шығармашыл жанның туындысында оның өмір соқпақтары жатады. Сол сияқты Көкен ақынның өлеңдері мен толғауларында да өмір жолының айқын сорабы бар:

Ақындық анама да дарып еді, 

Соғысқа алты ұлы барып еді. 

Шығарған әрқайсына зары бар-ды, 

Жазылмай әттең дүние, қалып еді.

Құс салып әкем Шәкей кәсіп еткен,

Сері еді ән де салып, күйін шерткен. 

Көкшетау облысы Рузайдан,

Атамыз Қарауылда Құлымбеттен.

Осы екі шумақ ақындық талантының қайнар көзі, отбасы туралы біршама ақпараттарды аңдатып тұрғаны анық. Ақынның әкесі Шәкей – өз дәуірінің айтулы саятшысы болған, әйгілі Ақан серінің жанына ерген жігіттердің бірі болыпты. Қазақстанның Халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романы серінің қасына ерген үш адаммен Сырымбет саласында қасқыр қуумен басталады ғой: «...Ақанмен аңға шыққандар бағанағы күрең қасқа атты төре тұқымынан Жұпының Әлжаны мен оның жылқышысы, ақынның қасынан соңғы кезде бір елі қалмайтын қалжыңқой серігі Шәкей, әнші жігіт Сұлтанмұрат еді.» Осы кейіпкер Шәкей – Көкен ақынның әкесі. Романда аңшылықтың ұңғыл-шұңғылына қатысты біршама жағдайлар Шәкейдің аузымен баяндалады.

Талап болсын, - деуші еді – балам алдағың, 

Болмасаң да ұқсашы – бар арманым, 

Тәңірге табынғандай күбірлеп, 

Ұстайтұғын сері берген балдағын, - 

деп Көкен ақынның жырлауында да Шәкей саятшының Ақан серімен қиыспас достығының ізі жатыр. Ақан сері Шәкей досына өзінің сан жылдар құс көтерген балдағын сыйлаған екен. Бұл қадірлі мұра Шәкей шаңырағында сақталыпты.

Бұрынғы Көкшетау облысы, Рузаев ауданы Сарыадыр аулы аумағында 1924 жылы 12 мамырда дүниеге келген Көкен ақынның бірге туған Бұқпа, Молдахмет, Аңдамас деген ағалары қан майданда қаза тапса, Қара, Өтеубай ағаларына ғана аман-есен оралу бұйырған екен. Көкен ақынның майданға аттануының өзі де тосын. Сол кездегі тылдағы елдің қайғы-мұңға батқан жылау халін ақын былайша баян етеді:

Қара қағаз ол кезде 

Көктен түскен жасындай, 

Ортамыздан әкетті-ау, 

Талай шіркін асылды-ай. 

Бойды басқан ауырлық – 

Таудың шомбыл тасындай, 

Күнде естірту жамандық, 

Еңіреу ешбір басылмай. 

Соғыстың бітер түрі жоқ, 

Бізде жоқ қару осындай. 

Соғысқа мен де аттандым, 

Ұлғайтып екі жасымды-ай.

Осылайша әскери комиссариатқа екі жасын әдейі ұлғайтын көрсеткен бозбала 1943 жылы майданға аттанып, барлаушылар бөлімшесі құрамында жаумен шайқасып Кенигсберг түбіне дейін жетеді. Көптеген медальдармен марапатталады. 

Төбем оққа тесілген, 

Қолым мынау кесілген. 

Бастан өткен бір мақал, 

Тайынбас судан шешінген. 

«За отвагу» медалі, 

Орын алған төсімнен. 

«За, за», деген медаль көп, 

Қалғам жоқ соғыс көшінен, - 

деп өзі жырлағанындай майдан даласында жүріп те жастайынан серік болған қара домбырасын тастамайды. Майдан шебіндегі жауынгерлердің шайқастан тыным тапқан мезетінде топ алдында домбырасын күмбірлете жыр жырлап, ән шырқап, өжет жауынгерлердің ерлігін арқау етіп арнау өлеңдерін ұсынады.

Сол майданда жүргенде, 

Домбырамды қолға алып, 

Ерлер ісін мақтағам. 

Ақын – ақын бола ма 

Ондайда соз таппаған. 

Полктарда жыр айтып, 

Тыныш ұйықтап жатпағам.

Құрбы солдат қадірлеп, 

Командирлер мақтаған.

Көкен ақынның суырыпсалмалық, қиссагерлік, жыршылық өнері осылайша Еуропаның төріндегі майдан даласында да лайықты кәдеге асады. Майдандағы қанды қырғыннан аман қалып, 1947 жылы елге оралған ақын өнердегі ұстазынан алған тәлім-тәрбиесін өмірлік шығармашылық жолына азық етеді.

Ұстазы Шәкен ақын

Әрбір шығармашыл тұлғаның өсу, өрлеу жолында әу баста алғашқы баспалдақ болған, үлгі-өнеге көрсеткен, сол үшін ғұмыр бойы ұстаз тұтқан адамы болады. Көкен ақынның дәл осындай үлгі тұтқан ұстазы – белгілі халық ақыны Шәкен Отызбаев еді. Көкен ақын ұстазы туралы былай деп жырлайды:

Нағашым – сұрасаңыз екен керей, 

Керей жұрты болмаған – сөзге кедей. 

Ұстазым – Шәкен ақын Отызбаев, 

Кісі еді аруақты, бұлбұл көмей.

Шәкен Отызбаев – қарауылдың ноғай табы, аман атты бөлімінен шыққан танымал халық ақыны. 1887 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов ауданы, Шағалалы аулы аумағында дүниеге келген Шәкен (Шәймерден) Отызбайұлы – сан қырлы талант иесі. Арқаның әйгілі сал-серілер мектебінің ХХ ғасыр басындағы көрнекті өкілдерінің бірі болған Шәкен Отызбаев Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ әндерін сақтап жалғастырушы, талантты орындаушы. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары дүйім жұртқа айтыскерлігімен танылып, «Қазақстанның халық ақыны» деген мәртебелі атаққа ие болған. Сонымен қатар Шәкен Отызбаев – көлемді толғау жырлар шығарған эпик ақын. Шығыстық қисса-дастандар мен қазақтың батырлық жырлары мен авторлық поэмаларды жатқа толғаған жыршы, күйші Шәкен Отызбаев 1947 жылы туған аулында өмірден өткерінде өзінің төл шәкірті Көкен ақынға айтыс өнерін өлтірмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруды аманаттаған екен. Көкен ақын қызылжарлық Бүркіт Бекмағамбетовпен айтысында:

Бертінде көзге түсті Шәкен ақын, 

Ауылдас, туыстығы бізге жақын. 

Солардан үлгі-өнеге үйренгенмін, 

Кешірші, ағат кетсем батып тақым, - 

деуінен Шәкен ақынды өзіне ұстаз тұтатындығы анық аңғарылады. Көкен Шәкеев өзі қатарлас, үзеңгілес ақындармен аудан, облысаралық, республикалық талай-талай айтыстарға шығып, туған елінің намысын қорғайды. «Айтыс – екі палуан күрескені сияқты, екі ойыншы ұтысқаны сияқты, екі батыр жекпе-жек ұрысқан сияқты, екі ақынның бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, бірінің қапысын тауып жеңу үшін айтатын өлеңдері. Ақындар айтысын сөз арқылы жұмсап, бірін-бірі сөзбен шаншып, жеңеді», - деп Ахмет Байтұрсынов айтқанындай, мұнда тек суырыпсалмалықпен қатар, қарсыластың сөзден сүрінен осал тұсын дөп басып табудағы айлакерлік те қажет екені даусыз. Ертедегі айтыстар ру, тайпа аралық сипатта болып, сол тайпаның, рудың, атаның намысына тиіп, сүріндірер фактілерге құрылса, кеңес заманындағы айтыстардың ерекшелігі – облыс, аудан, кеңшар, ұжымшар, ұжым атынан сайысқа түсіп намысын қорғау, қарсылас әкімшілік бірлігі немесе ұжымның кемшілігін әшкерелеп көрсету арқылы қоғамда орын алып отырған кемшілікті сын садағына алу, оған халықтың, билік орындарының назарын аударту болды. Осы тұрғыдан алғанда да айтыстың, айтыскердің айбаты мен ықпалы қаламы қарымды фельетоншыдан еш кем соқпағанын көреміз. Социалистік жарыс кең етек алған және айтылған кемшіліктер жерде қалмайтын заманда ақынның сынына ілінудің арты жақсы болмайтыны белгілі. Көкен ақын айтыстары да қарсыласпен осылайша қаржасуға құрылған. Солтүстік Қазақстан облысы ақыны Бүркіт Бекмағамбетовпен айтыста қарсыласы Көкшетаудың халық шаруашылығындағы көптеген кемшіліктерді тізеді:

...Көз ашу қиын болды сылтауыңнан, 

Ештеңе табылмайды жалтарудан. 

Щучье фабрикасы өнім алмас, 

Сегіз құс фермасының алтауынан.

Көкен ақын да қарсыластың бұл төкпелеуіне абдырап, сасқалақтап қалмай, көрші облыс шаруашылықтарындағы келеңсіздіктерді бірінен соң бірін атап көрсетіп, сын садағына іледі:

...»Алматы» совхозының аты жақсы, 

Механизатор кадрлар неге тапшы? 

Бір емес, алпыс адам жетіспейді, 

Совхоздың басшылары нені бақты?

Коммунистер билігі айтыстың қоғамға ықпал-әсерін жақсы бағамдаған. Айтыстың сыншылдық қыры, жүзінің өткірлігі әр заманда әрқалай болуының өзі де оның өміршеңдігінің барометрі іспетті.

Жазба ақын. Ұрпақ жалғастығы

Айтыскерлік – шығармашылық қабілеттің көрінісі. Азаттық дәуірде ақындар айтысындағы көркем оралымдар мен шумақтар мен жазба ақындардың қағаз бетіндегі айшықты өлеңдері арасында онша-мұнша сапалық айырмашылықтар жоқ-ау деп қалатындай деңгей байқалып қалатын сәттер аз емес. Бұл – айтыстың шыңына жетуі ме, жасандылыққа бой алдырып кері кетуі ме? Оған жауап іздеушілер де, айтыстың құрып кетуіне өкінбен деушілер де баршылық. Қалай болғанда да қазақ айтысы ХХІ ғасырда, дәл осы шақта өмір сүріп жатыр. Бізге белгілісі – шығармашылық қабілетке ие айтыскерлердің көбінің-ақ жап-жақсы, тәп-тәуір, тіпті тап-тамаша жазба ақын болатындығы. Оған да мысал көп.

Өзінің бұрынғы-соңды әріптестері сияқты Көкен ақын да қолына қалам алып жыр тербеген, Жаратқанның сыйлаған қалам қарымымен өлеңдер жазып қалдырыпты:

Ақындық – туа біткен бойға дарып, 

Жарыққа шыққанынша жанды жарып. 

Білмейсің бұла күштің бұлқынысын,

Бурадай отырасың буырқанып, - 

деп ақын шығармашылық адамының шабыт күйін шақырып туынды жаратар кезіндегі аласапыран күйін жыр тілімен сәтті кестелейді. Ақын өзіне Жаратушының берген сыйы ақындық дарынды қадірлеп-қастерлей отырып, осы бір қабілет-қарымын өмір бойы шыңдап өтуді қасиетті борышы, парызы санайды. Ақын бұл өмірде өзге атақ, мансап уақытша ғана, қартайғанда қатардағы елеусіз біреусің, ал ақындықтың қоғам алдындағы жауапкершілігі мәңгілік деген ойды былай өрнектейді:

Табиғат берген маған ақындықты, 

Ақындық ұмыттырмас жақындықты. 

Министр – қартайған соң пенсионер, 

Білмейді қартаюды ақын тіпті.

Көкен ақын өлеңдерінің тақырыбы сан алуан. Туған жер, отан, майдан, тұстас-тұрғыластар, дәуірлік оқиғалар. Отбасы, әулет, ұрпақ – шығармашыл адамның қаламды молынан сілтер тақырыбы. Мұндай жырлар Көкен ақын жинақтарында да баршылық.

Алтауының ішіндегі кенжесі, 

Ешқайсысының болмас бұған теңдесі. 

Бұл Еркетай болмағанда кім болад, 

Бәрі де айтады: «Сен кіші де сен жеші.» 

Бұл – ақынның жары Дәріжан ана екеуінен өрбіген алты ұрпағының ішіндегі кенжесі Еркешіне арнаған шумағы. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегенде й, Көкен ақынның сол ерке ұлы Еркеш Шәкеев – посткеңестік елдер мен Еуропаға кеңінен танылған әнші-композитор, ақын-орындаушы, көптеген халықаралық беделді музыкалық байқаулардың жүлдегері. Бүгіндері алпыстың асқарынан асқан талантты композитор-орындаушы өзінің сан қырлы шығармашылық бояуы арқылы тыңдалымдылығы мен танымалдығын төмендеткен емес. 

Көкен ақынның шәкірттері

Жоғарыда айтылғанындай, қазақ айтысы суы азайған арнадай таязып барып, қайта толысып лықси кемерленді. Сексенінші жылдар соңы, тоқсаныншы жылдар басында айтысқа жаңа буын келді. Осылайша «шпаргалка қарап айтысу» дәуірі артта қалды. Аға буыннан үлгі алған кейінгі толқын Көкен ақынның елі Көкшетаудан да шоғырлана бой көрсетті. Олар айтыс өнерінде Көкен ақынның өкшесін баса шыққан Иран Тасқара, Тыныштық Шәменовтерден кейінгі буын өкілдері Баянғали Әлімжанов, Құдайберлі Мырзабек, т.б. айтыскерлер еді. «Көкен Шәкеевті жалпақ жұрт ең алдымен айтыскер ақын ретінде таниды. Ол заңды да. Өйткені, оның әу дегеннен қадам басып, батыл араласқаны айтыс өнері болды, әрі көкшетаулық талай жастарға ұстаздық етті. Ең бастысы, бұл өңірде бұғып қалған ұлы өнердің қақпағын айқара ашып, жаңа бір қуатты қарқынмен қанаттануына жол көрсетті», - деп жазады танымал ақын, жазушы Төлеген Қажыбай. Жоғарыда аталған айтыскерлердің буынды да, кейінгі толқын Бақытбек Нұралин, Арман Бердалиндерді де Көкен мектебінің шәкірттері десек болады. 

Көкен Шәкеев шәкірттерінің ішінде Құдайберлі Мырзабектің орны ерекше. Қазақ айтысындағы алғашқы темір тұлпарды тізгіндеген Құдаш ақын мен ұстазы арасында мынадай кезектесу өрбіген екен. Көкен ақын:

Не барын айтсам балам, елегенде ой, 

Көп жылдай іздегенім сен едің ғой, 

«Шәкеннің аманаты мойынымда, 

Шынымен кеткені ме?» - деп едім ғой. 

Сол кезде келешегім өзің болып, 

Көкенді қуанышқа кенедің ғой.

Құдайберлі ақын сонда ұстазына былай деп жауап қатады: 

Мен сізге кезігіппін алпысыңда, 

Өренің сөзді естіп шалқысын да. 

Топтан озған сәйгүлік жүйрік едің, 

Дүбірлі ақындардың айтысында. 

Талаймен жолдас болып сырластыңыз, 

Осынау от өмірдің әр тұсында.

...Коркейт деп өнеріңмен ғасыр тойын. 

Үмітпен сеніп жүрсіз жалғасым деп, 

Жалғасым ізденуден талмасын деп. 

Келесіз шар болаттай шыңдауменен,

Мұқалып өткірлігі қалмасын деп.

Ақынның алаң көңілі – тек айтыс өнеріндегі ғана емес, қазақылықтың қаймағы жұқара түскен кешегі кеңестік заманда туған өлкесіндегі ұлт руханиятына, әйгілі сал-серілер дәурендеткен қасиетті Көкшедегі дәстүр жалғастығының үзілмеуіне деген алаңдаушылық еді. Кеңес кеңістігінде соққан «қайта құру, жариялылық» желінің соңы азаттық самалына ұласты. Алаң көңілдегі қауіп бұлты сейілді. Көкен ақынның көркем Көкшесіндегі ұлт руханиятының бүгінгі ну шалғынына көрген көз тоярлықтай. Алаш жұртына танымал айтыскерлер мен ақын-жазушылардың бірнеше буыны бар, жас өскін легі де өз үнін қата бастады. Көкен ақын есімі әрдайым халық жадында. Күні бүгінге дейін көптеген игілікті істер орайын тапқан екен. Атап айтқанда Шоқан университетінің ұстазы Гүлден Тілеубердина «Көкен Шәкеевтің ақындық мұрасы» тақырыбымен кандидаттық диссертациясын қорғап ақын шығармашылығын ғылыми айналымға енгізді. Көкен ақын атындағы көше, мұражай, ақындар мектебі... Ақынның биылғы ғасырлық тойы ауқымында да көптеген игілікті істер атқарылары сөзсіз. Көкшенің Көкен ақынын ғасырлық межесінде оқырман санасында жаңғырту – біздің мақсатымыз болды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар