Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ахаңның арманы – Алашты ояту еді...

04.01.2019 5717

Ахаңның арманы – Алашты ояту еді

Ахаңның арманы – Алашты ояту еді - adebiportal.kz

Аса көрнекті ағартушы, ақын, белгілі ғалым, қазақтың ұлттық тіл білімі әдебиет зерттеу ғылымдарының негізін қалаушы, тағылымды тәржімашы, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында республикадағы мәдени құрылысты ұйымдастырушы, заманында атақ-даңқы халық арасында аңызға айналып кеткен асқан дарынның бірі әрі бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы. Бұл кісіні қазақ халқының Абайдан кейінгі тарихындағы аса жарқын тұлғалардың бірі десе, еш асыра айтқандық болмайды.

Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы қаңтардың 28-інде Торғай уезінің Тосын болысында дүниеге келген. Алғаш рет ауыл молдасынан хат таниды. Содан бір күндерде жас өспірім баланың өмірінде өшпестей із қалдырып, оның кейінгі бүкіл тағдырына әсер еткен бір оқиға болады.

Жыңғылдыдағы күздікте отырған Шошақ ауылына үйез бастығы Яковлев қарулы жасағымен келеді де, болашақ ақынның әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтасты тауып бермедіңдер деп бейқам отырған ел адамдарының басына қамшы ойнатып, жұртты дүрелей бастайды. [1]

Жастайынан өр мінезді болып өскен батыр тұлғалы, балуан денелі Байтұрсын отағасы бұл қорлыққа шыдай алмай, долырған төрені дойыр қамшымен тартып-тартып жібереді де, атынан сұлатып түсіреді.

Әрине, «тентек ауылдың» бұл қылығы аяқсыз қалмайды. Қаладан шыққан жазалаушы жасақ Шошақ ауылын шауып, бас көтерер еркектерін жазаға тартады. Басбұзар деп танылған Байтұрсын ағалы-інілі Ақтаспен бірге 15 жылға Сібірге айдалады.

Тірі жетім атанған он үш жасар Ахметті елде қалған ағайындары әке аманатымен Торғайдағы орыс-қазақ училищесіне оқуға береді. Онда бес жыл оқып, сабағын үздік бітіріп, жәрдем етер жақыны болмаса да, оқудың дәмін татқан жас талапкер Орынборға қарай бет алып, сондағы төрт жылдық мұғалімдер мектебіне барып түседі.

Тұрмыстың тақсіретін тарта жүріп, шәкірт жігіт ол оқуын да ойдағыдай бітіреді. «Халық мұғалімі» деген атақ алып шығады.

Сол кезде Ресейдің ішкі орталықтарындағы революциялық-демократиялық қозғалыстың ықпалымен шеткері ұлт халықтардың сана-сезімі ояна бастаған-ды. Жасында патша әкімдерінің содырлығынан жүрегіне шер болып қатқан кек келе-келе жүйелі саяси көзқарасқа ұштасып, зердесі ояу, жіті ойлы мұғалімді халық мүддесінің жоқшысына айналдырды. Ауылдық, болыстық, үйездік мектептерде оқытушы болып істеген он жылдың ішінде ол ағартушылық қызметті атқара жүріп,белсенді саяси қүрескер ретінде қатысады. [2]

Бірінші орыс революциясы жылдарында Қарқаралық қалалық училищесінің оқытушысы Ахмет Байтұрсынұлының және бір топ зиялы азаматтардың ұйымдастыруымен патшаның отаршыл саясатына қарсы халықтың жаппай шеруі өткізіледі. Тағы сол Байтұрсынұлының бастауымен халыққа демократиялық бостандықтар берілсін, Қыр еліне автономия түрінде өзін-өзі басқарудың жаңа тәртіптері енгізілсін деген талаптарды тізіп, патшаның атына петиция жіберіледі.

Халықтың сана-сезімін оятып,бойына ізгілік дарыту,оны жағымсыз мінез қылықтардан арылту мақсатына қызмет етер деген ниетпен мұғалім жігіт И.А.Крыловтың мысалдарын аударып, 1909 жылы Петербургте өзінің қаражатына «Қырық мысал» деген атпен жеке кітап етіп шығарады. М.Әуезов кейініректегі сөзімен айтқанда , қазақ халқының құлағына алғаш рет төңкеріс рухында естілген бұл өлеңдер тез уақыттың ішінде қолдан – қолға тарап,сол өңірдегі бұқара халықтың аузында Ахметтің атақ-даңқын асыра түседі.

Осындай анық революциялық қызметі үшін патша әкімшілігі А.Байтұрсынұлын қуғынға салып, ай бойы Семейдің түрмесіне қамайды. Сотсыз – тергеусіз өткен осы қапастан кейін ол қазақ жерінен тысқары қиырға жер аударылатын болды. Бұдан былайғы өмірі полициялық бақылауға алынды.

Сөйтіп, 1910 жылдың бас кезінде Ахмет баяғы өзі оқыған Орынборға келеді. Міне, осыдан былай қарай оның жалпы ұлттық баспасөз ұйымдастыру жөніндегі тарихи қызметі басталады.

«Қазақ» атты тұңғыш бейресми газетінің алғашқы саны 1913 жылдың ақпанында жарық көреді. Аз уақыттың ішінде қазақ даласының түкпір- түкпіріне танымал болған бұл басылымның тиражы 8 мың данаға жетеді. Сол кез үшін бұл өте үлкен цифр еді.Жалпы ұлт мүддесін ту қылып көтерген газетің алдына қойған ең басты мақсаты – қараңғылық пен саяси құқықсыздықта мүшкілдік күн кешкен халық бұқарасын жақсы болашақ жолындағы күресте бірлікке шақыру, өнер- білімге,мәдениетке,үндеу еді. Осы бағыттағы еркін ойлылығы үшін газет редакциясына патша цензурасы талай айып салады, редакторын абақтыға жабады, басқа да қуғындау шараларын қолданады.

Осы жылдары А. Байтұрсынұлы өзінің төл өлеңдерін де жеке жинақ етіп бастырады. «Маса» деген тосындау атпен шығарылған бұл жинақтың негізгі көздеген нысанасы масадай ызыңдап, қалың қаперсіз ұйқыда жатқан халықты ояту болады.[3]

Бұл кездерде ел ішінде революция толқыны қайтадан өрлеп, зиялылардың Алаш ұранымен топтасқан өкілдері енді ұлттық күрестің негізгі мақсатына айналдырады. Ақпан революциясы жеңіп,патша өкіметі құлатылғаннан кейін, олар осы мақсатқа жетудің жолы ашылды деген оймен Уақытша үкіметті қолдайды.Бірақ, Қазан төңкерісінен кейін ел іші екі жарылып, азамат соғысы басталған кезде,саяси ахуал күр өзгеріп кеткен еді.

Сондықтан ендігі жерде социалистік революцияның азаткерлік сипатына үміт артқан Алашорданың көптеген қайраткерлері кеңес үкіметінің жағына шығады. Солардың алдыңғы қатарында Ахмет Байтұрсынұлы да бар еді. 1919 жылдың сәуірінде алашыларға кешірім жарияланған күннен былай қарай А. Байтұрсынұлы өмірінде мүлде жаңа кезең басталады. Мұны шынайы суарылған, халық мүддесіне қызмет ету тілегімен шабыттанған кезең деп айтуға болар еді.

Қыр өлкесінің төтенше комиссары Әліби Жангелдиннің күш салуымен А. Байтұрсынұлы беделді большевиктер тобының құрамында Мәскеуге барады. Солармен бірге Лениннің қабылдауында болып,өлкеде кеңес өкіметін орнату үшін уақытша құрылғалы жатқан Қазақ әскери революциялық комитетінің құрамына енгізілді.Ол Лениннің өз қолынан аса кең өкілеттілігі бар мандат алып қайтады. Осыдан кейін дәл бір жыл өткенде А. Байтұрсынұлы Коммунистік партияның мүшелігіне қабылданады.

Қазақ автономиялық социалистік республикасы құрылған кезде А. Байтұрсынұлы қазақ ағарту коммиссары болып тағайындалады. Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитеті мен Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланады. Сонан кейінгі жылдары ол түгелдей ғылыми педагогикалық жұмысқа ауысады.

Өзінің ертеден бергі ағартушылық қызметін жағастыра отырып, бұл кезеңде Ахмет қазақтың ұлттық әліппесін жасауға белсене атсалысады. Ана тілін зерттеу ғылымының негізін қалайды, әдебиет теориясы жөнінде тұңғыш оқулық жасайды. Бұл жылдары оның қоғамдық негіздегі сан салалы қызметі қатар өрістеп отырады. [4]

Ол республика Ғылым академиясының ең алғашқы ұйытқысы саналатын Академиялық орталықты басқарады, тұңғыш қазақ университетінде ана тілінің тұңғыш профессоры болып дәріс жүргізеді.

Осындай өрісті де жемісті ғылыми-шығармашылық жұмыс жоғарыдан жүргізілген қара ниет озбырлық әрекеттің дүмпуімен кенеттен кілт үзіледі. Жиырмасыншы жылдардың аяғында Голощекиннің қанқұйлы саясаты қазақ зиялыларының үлкен бір тобының өмірін баудай қиып түседі. Солардың ішінде қазақ халқының сүйікті перзенті Ахмет Байтұрсынұлы да бар еді.

1929 жылдың маусым айында ол заңсыз тұтқынға алынып, сонау қиырдағы Архангельскі облысына айдалады. Әйелі мен қызы Сібірдің Томскі қаласына жер аударылады.

Атақты жазушы Максим Горький мен оның бәйбішесі Е. Пешкованың халықаралық Қызыл Айқыш ұйымы арқылы араласқан болыстығы нәтижесінде, ол Сібірдегі отбасына қосылып,одан 1934 жылы Алматыға қайтып оралуға мүмкіндік алады. Бірақ «тап жауы» деген таңба оның тағдырына мәңгілік жапсырылып қалғандай, қайда барса да алдынан көлденеңдеп шығады да отырады. Соншалықты терең білімді, бостандық күрестің жанкештілік өткен ардақты ел ағасы, халқымыздың жайсаң азаматы істерге қызмет, тіршілікке талшық таппай,астананың көшесінде сенделіп жүреді.

Бірақ сталиндік террордың қанды шеңгелі онымен де тыныш қалдырмайды. Ақыры 1937 жылдың күзінде ол тағы да тұтқындалып,екі ай азапты тергеуден кейін,сол жылдың желтоқсан айында түрмеде атылады.

Міне, содан кейін арада алпыс жыл өткенде барып,әрбір қазақтың жүрегіне қымбат есім ақталып, оның баға жетпес асыл қазынасы заңды иесіне қайтарылды.

Ахмет Байтұрсынұлының ақындық мұрасы ХХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясының тарихында елеулі орын алады. Аз да болса саздығымен, қазақ өлеңінің өз табиғатымен туған байырғылығымен, бір естігенде – ақ көңілге қона кетіп, ойыңа ұялай қалатын ірі бейнелі, әрі мағыналы, сөз үлгісімен ерекшеленеді. Алғаш рет 1911 жылы Орынборда жеке жинақ болып басылған өзінің төл өлеңдерінің саны онша көп емес, жалпы қөлемі 800 жол шамасында ғана.

Қазіргі өлшем тұрғысынан қарап, кейбіреулер мұны тіпті азырқануы мүмкін.Бірақ, осы шағын мұраның өзін қазақ өлеңінің тарихындағы бір белес деп бағалауға әбден болады. Заманында Ахмет Байтұрсынұлының сөзі деген беделмен ауыздан ауызға тарап, ел жадында сақталып қалған ұйқасты лұғаттар бұл күнде халық даналығының асыл құймасындай, аталы сөздің айшықты өрнегіндей әсер етеді.[ 5]

Ахмет Байтұрсынұлы өлеңді өлең үшін жазбаған. Оның ақындық қабілеті автордың мұрат-мақсаттарын жүзеге асырудың жоғарыды айтылған ағартушылық, азатшылық күрескерлік ретінде ашылады. Ол не жайында толғанып, қандай тақырыпты көтерсе де,ондағы негізгі ой арқауы өзекті азаматтық сарынмен өріліп отырады. Оның әрбір өлеңінде,тіпті жеке адамдарға жазылған сәлем- хат түріндегі арнауларының өзінде де заман ағымын, ел тағдырын,туған халқының болашағын ойлаған қамкөңіл күрескердің бейнесі көз алдыңда елестейді де тұрады.

Ақын өзінің азаттықтың қызмет жолын ұстаздықтан бастады, өмір майданына ағартушылық туын көтеріп келді. Бұл тұрғыдан алғанда Ахмет Байтұрсынұлы оның алдында ғана өткен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин дәстүрін тікелей жалғастырушы ретінде көрінеді. Өзі де сол Торғай топырағына Ыбырай еккен ұрықтың алғашқы толымды жемісі болып табылады. Ахмет ағартушылық идеясын дәл Ыбырай ағасы секілді өзінің тікелей практикалық ісі арқылы жүзеге асырады. Табандатқан он жыл бойы мұғалімдік қызмет атқарады.

Әдебиеттер тізімі:

1.Байтұрсынов.А. Бес томдық шығармалар жинағы.- 3т.Тіл – құралы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектер)-Алматы: 2005.

2.Байтұрсынов.А. Бес томдық шығармалар жинағы.- 4-т.Әліппелер мен мақалалар жинағы.(Төте жазудағы тұңғыш әліппелер және ұлттық баспасөздің негізін қалаған көсем сөздер).-Алматы: «Алаш»,2006.

3. Байтұрсынов.А. Әдебиет танытқыш [Мәтін] / А. Байтұрсынов.-Алматы.-2003ж.

4. Байтұрсынов.А. Алты томдық шығармалар жинағыӘліппелер мен мақалалар жинағы.(Төте жазудағы тұңғыш әліппелер және ұлттық баспасөзде жарияланған көсемсөздер).-Алматы: «Ел шежіре»,-2013.

5. Ісімақова А. Алаш әдебиеттануы / А.Ісімақова.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы»,2017.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени

қорық-музейінің ғылымый кызметкері

Талғат Оразов

Сурет tuz.kz сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар