Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ажар Ерболған: «Ізгі әлемнен» ең әдемі гүл терем...

18.08.2016 5124

Ажар Ерболған: «Ізгі әлемнен» ең әдемі гүл терем

Ажар Ерболған: «Ізгі әлемнен» ең әдемі гүл терем - adebiportal.kz

ажар ерболган.jpg

Ажар ЕРБОЛҒАН – 1992 жылы 18 тамызда Алматы облысы, Сарқан ауданы, Екіаша ауылында дүниеге келген. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Өлеңдері «Сөз сарасы», «Азаттық таңындағы азат жыр», «Сен менің еліме бар» атты жыр жинақтарына енген. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты.


ҚОҢЫРЫМ

Көңілімнен көрінсе егер мұнартып,
бір арманның биігі.
Мынау кешкен күндерімнен мың артық
үмітімнің күйі бұл.


Сол көктемім, тербеген өлең-гүлін,
Тым аяулы сәтің көп.
Сол көктемде мен емес, менен бұрын,
Аспан кеткен ақын боп...


Аспан-ақын атырып арай таңын,
Іңкәрлікке толы мың,
Тым биіктен мөлдіреп сені айтады,
Сені айтады, қоңырым!


Білесің бе, сен де сондай биіксің!
Дәл өзі де тұнықтың.
Аспан саған, сен аспанға түйістің,
Мейірленсе күліп күн.


Шырақтың да биігі сезім жаққан,
Саған ғана ылайық.
…Келер ме екен бір көктем өзің жақтан,
Тым сүйкімді мұңайып?…


Бір жылылық күтетін көңіл біздің,
Бұл өлкеден жаурады.
Шығарып сап отырмын соңын күздің,
Тағы бір түн аунады.


Күйбең күннен бір мейірім сұрап ем,
Елеусіз қап көңілім,
Сендей биік бола алмай жүр бұл әлем,
Қоңырым-ай, қоңырым!


АСТАНАНЫҢ АСПАНЫНАН КӨШКЕН БҰЛТ


Астананың аспанынан көшкен бұлт,

Күз-бауырың хош келіпті! Хош көрдік!

Бір әлеммен тым ертерек қоштасып,

Бір әлемге кеш келдік.


Кешіктік пе?

Кешікпесек күз бе бұл?!

(Жаз қоштасса қимастық көп бізде кіл...)

Мына сендей түсіне алмай келеміз,

Күз – жылық, күз екенін – ізігі өмір.


Саған деген жақындығым тым терең,

Кейде сендей жауа алмайды бұлт-өлең.

Кейде сендей сіркіресе сезіммен,

«Ізгі әлемнен» ең әдемі гүл терем.


Күзде жауған жауының ба маған ем?

Күзде жазған саған іңкәр әр өлең.

Сендей болсам, Ол тұратын шаһарға

бұлт боп барып, ағыл-тегіл жауар ем.


Үнсіз қала үмітсіздей жанары,

Маған неге суық жүзбен қарады?..

...Көшкен бұлттай кешкен ғұмыр осы екен,

Кіл сағыныш көзін сүртіп барады.


Астананың аспанынан көшкен бұлт,

Күз-дариға хош келіпті! Хош көрдік!

Сені сонша сүйетінім сол менің –

бұлтпен егіз тау қызы боп өскендік,

Астананың аспанынан көшкен бұлт!



ОЙЛАУ


Таң алды оянып,

Сия көк аспаннан

сөнбеген шолпанды көрместен,

Күндерім қып-қызыл тірлікке боялып,

Сенсіз де өзгерген өмірге сенбестен,

Өзіңді ойладым.

Тағыда іңірге…

Іңірге тамғанда уыста еріген уақыт,

Жалғыздық сұп-суық әніне салғанда:

Біреуді өтірік ұнатып,

Содан соң амалсыз жылатып,

Өзіңді ойладым!

Сұлу Ай түн келсе сыр айтқан,

Мен жаққа күле ме ыржиып,

(Күледі…!)

Күліп ап мұңайтқан

Білмей ме жанымның жүргенін шын күйіп…

Шын күйіп!

Бір биік арманға қолымды созбастан,

Бір серттің жолында қоймастан сөз бастап,

Өзіңді,

Өзіңді ойладым!


P.S: Сен бе едің, бәрінен, бәрінен биігі?!

(Алдында жырымның, алдында жүректің.)

…О, менің кеудемнің ең ұлык үйігі,

Бір парақ жыр болып тағы да шыр еттің!



ТЫРНАЛАР


Күннің жауып көздерін түн қабағы,

Сансыз жұлдыз күзетті бұл қаланы.

Түн ортасы ояндым түсіме еніп,

Топ боп ұшқан ауылдың тырналары.


Сұлу-сұлу тізбектер салатын мың,

Ұға алмастан сырларын қанатыңның,

Ерте келіп, кеш қайтар мен сендерге

Балалықпен өкпе артып қалатынмын.


Гүлдің мөлдір шығындай сол бала күн,

Сырғып түсті жүзінен зор қаланың.

…Кәрі қайың қоштасты шашып алып,

Сап-сары сағыныштың жолға бәрін…


Сағыныштан есі ауып, сұлық қалған,

Тұңғиықта тұнжырап қылықты арман,

Күрең бақта бір досым отырады,

Сары қызға жыр оқып ұмыт қалған…


Сұлу жүзін мұң орап күзде кілең,

Құрбым кеше үмітін үзгенімен,

Ұзақ күткен оның да сағынышын

Сұрасаңыз болады көздерінен.


Тасқа теңеп жүрсек те сұр кеудесін,

Сұр кеудеге күп-күрең күз келгесін,

Бұл қала да біреуді сағынады,

Жылап алып жасырды бізден несін?..


Мендік мұңды мына күз сезінді ме,

Сені көрем, кете барсам көзімді іле.

Күні ертеңгі ойласам сағынышты,

Жек көремін өзімді, өзіңді де.


…Әрбір күзде бақыт та бар, мұңда бар,

Әрбір күн де дәл осындай түнге ауар.

Ал жүрегім сағынып жүр сендерді,

Ерте келіп, кеш қайтатын тырналар!!!



ТУҒАН ЖЕРГЕ


«Туған жерім қалды артта

балбалдарын құшақтап»

(Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ)



Жусанды бел сөйлетсе қоңыр әнін,

Ой кеміріп батады соңыра күн.

Жалғыздығын сездік пе сол даланың,

Сағыныш-жас жуғанда омырауын.


Жалғыздығы даланың ғасыр көшкен,

Тай-құлынын жоғалтып тасында өскен.

Боз жусанның жұпарын білмейтұғын,

Ұрпақ үшін біздерді кешір, кешсең.


Әр тасында қорғасындай кек тұнған,

Күй-сағыныш бебеулейді көп қырдан.

«Боз даладан бір топырақ бұйырмай

кеткен боздақ қайда жатыр?»,- деп тұрған.


Туған жердің күні сүймей кекілін,

Жат болмысқа бауыр басты бек ұлың.

Ойладық па боздайтынын сағынып,

Кәрі таулар шетел асқан жетімін?!


Толқығанда жаны мөлдір көл-теңіз,

Күн көзінен құлап түсті ерте күз.

Күн көзіндей болар еді ау жеріне,

Жат босаға аттамаса ерке қыз...


Ғасыр тағы қай шешімге бекінді,

Жаныңа дерт әкелді ғой нетүрлі!

Сені бүгін сүйе алдық па, біз пақыр,

Сенің ұлы сағынышың секілді,

О, туған жер...!!!



АСТАНА - АРМАННЫҢ АҢЫЗЫ


Мен...

О бастан аппақ арман ем!

(Сезбеген шығар да сол шақта болған ел...)

Бауырлап атқанда Бозоқтың боз таңы,

Сезетін!

Болашақ болмыстың елесін

көретін арда бел.


Тарихтың көне жанары болып

Есіл мен Нұра арнасы,

Жосылып сонау Жібек жолының жалғасы,

Қараөткел қаққан қазықта қалды сол шақта,

Бір күні келер «Тұғырлы таңның» таңбасы.


Серт еткем сонда:

«Арқаның төсінде туымды көкке іліп,

Тұранда тыныштық түйесін шөктіріп,

Жаһанның жанарын өзіне байлар», - деп,

Қазақтай ұрпағың, киелі Көктүрік!


Содан соң,

Өткеннің көз жасын

қайралған кегіммен құрғаттым!

Санамда солдырып қайғының соңғысын.

Дүбірлі той кешкен таңменен бірге аттым,

«Сарыарқа» күй болып болмысым!


...Бүгінге жеткізіп, сан ғасыр, жыл өтті.

Тірімін!Мың жылдық тамырым дір етті!

...Астана-арманның аңызы – ақиқат

Ақиқат осындай – АЛАШ жүректі!



ТАУ


Мәңгілкке түйсігімде түйілген,
Тау иісті дем бұрқырап санамда...
Арпалыстым қала кезген күйіммен,
Бұдан артық құрсау жоқтай ғаламда. 



Менің таулық тамырымның соғысы,
жаңғырығын жартастардың сездіріп,
Мына таңның тірлігімен жоқ ісі,
Ойларымды тауға асыққан кезді үміт. 



Дүниеден дым бітірмей дүрліккен,
Арлы жасын мөлт еткізсе ізгі өлең,
Мендік жүрек барша мынау тірліктен,
Тау сипатты тазалықты іздеген. 



Бірі дертті, кеуделердің бірі өлі,
Жұмыр жерде табылмаған бір емі,
өлер болсам, мен сендерге түнеп өлгім келеді,
Ей, таулардың жүрегі!
Ей, таулардың жүрегі! 



ҮНСІЗДІК


Хат жазбаған,

қоңырау да шалмаған -

Үнсіздікпін. Үнсіз ғана ұнатам.

...Сенің аппақ жүрегіңнен аумаған,

Ақ қар болып атты бүгін мына таң.


Сағыныш қой,

Сағыныш қой егілген -

Бейуақытта көзін сүртсе арманым.

Қар жауса да сендей болып көрінген,

Елесіңе сіңіп кетті жолдарым.


Биіктігің

Бәрінен де бағалы,

Сиып тұрған жалғыз ғана әніңе...

Өзің жүрген сонау алыс қаланы,

Сол жүрекпен сүйіп жүрмін әлі де.


Сол жүрек ғой

үнсіздікті ұнатқан,

(Мөлдір мұңға керегі не өзге әуен?!),

...Көз алдымда жауап күткен сұрақтар,

Күтпеңдерші! Күтпе мені өзге әлем!



ҮМІТ



Қауырсынын үзіп кетіп жанымның,

Жел көшкенде мен де әнімнен жаңылдым.

Сенсіз күннің алақаны сыз тартып,

Сені ғана сағындым.


Біз емес қой айтар тағдыр байламын.

Мендік арман қайда кетті? Қайдамын?!

Бір өмір мен бір үміттің арасы.

...Сені ғана ойладым.


Өткен күндер таққандай боп бізге мін,

Мезгіл бүгін сездіріп тұр күз демін.

Күзден тағы күткен болып бір бақыт,

Мен бәрібір Сені ғана іздедім!



АЛМАТЫҒА


Бірінші өлең.


Ей, Алматы!

Сен жайлы айтса сенбеп едім мен бұрын.

Ол да ертең кетеді деп сенді кім.

Енді өзіңді тербете ме әнімен,

Сезім толы сол бір дауыс, сол бір үн.


Ей, Алматы!

Хат жазумен арнап жүрек ғазалын,

Саған ылғи ауа ма енді назарым.

Бүгін Оны сенен ғана қызғандым,

Өзіңе айтар, осы болды, наз-әнім.


Ей, Алматы!

Сезім барда бізде осылай үміт көп.

Алдамшы ғой жүргеніміз күліп тек.

Дүниенің бәрі сұлу ән болған,

айта көрме, шақтарды сол ұмыт деп.


Ей, Алматы!

Ендігіні білсе, білер бағымыз.

Сезім кешсек, сынбасыншы сағымыз.

Өзің жақта басталды ғой ұлы өмір.

...Біздің жақта тағы күз.


АЛМАТЫҒА


Екінші өлең


Ей, Алматы!

Жалқы мұңның жанарындай күз келді

Астанаға... Сосын «Пушкин» бағына.

Қайта айналып келе ме екен бізге енді,

Есіл күндер еске алатын сағына.


Ей, Алматы!

«Пушкин» бағы бүгін сондай көңілсіз.

Шыныменен биылғы күз бөтен бе?

...Хат келді Одан, қала бердім тағы үнсіз,

Кім біледі, бұл да бәлкім бекер ме?..


Ей, Алматы!

Өзің жақтан жеткен хаттың жүрегі –

Сондай ыстық, күйдірді ғой жанымды.

Жалғыз жауап жазғым келді үнемі:

«Сағындым,- деп, сағындым,-деп әніңді!»...


Ей, Алматы!

Аяулысың! Бар демеймін сенде мін.

Жолдар ғой бұл – жүз қуантып, жүз сынар.

Ән-жүрегі тербететін енді Оның,

Сенің күзің ең бақытты күз шығар!




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар