Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әзірет Әлидің қырық бесінші ұрпағы - Мұхтар Әуезов...

28.09.2017 9271

Әзірет Әлидің қырық бесінші ұрпағы - Мұхтар Әуезов

Әзірет Әлидің қырық бесінші ұрпағы - Мұхтар Әуезов - adebiportal.kz

Бүгін қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ҚҒА академигі, халқына "Абай жолы" секілді теңдессіз роман сыйлап, ұлтын әлемге танытқан Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туған күні. Ол 1897 жылы Семей өңірінде, қазіргі Абай ауданында 28 қыркүйек күні дүние есігін ашқан.
Мұхтар Әуезов.jpg
"Пушкиннің тегі - араб" дегенді жиі еститініміздей, аракідік Мұхтар Әуезовтің де аталарының араб екенін, руы қожа болғанын жазушы туралы кітаптардан оқып қаламыз. Бірақ жазушы бабаларының қазақ даласына қалай келгені, олардың кімнен тарайтыны жөнінде нақты мәліметті бәріміз біле бермеуіміз мүмкін. Міне, көкейімізді тескен осы сұраққа жауап іздеп, жазушының туған күні қарсаңында оның музей-үйіне қонаққа бардық.
М.Әуезовтың музей-үйі.jpg
Музей Алматы қаласындағы М.Төлебаев пен Абай көшелерінің қиылысында орналасқан. Кезінде жазушының өзі тұрған бұл үйдің айналасын ағаш көмкеріп тұрғандықтан, әдейілеп іздеп бармаған жан таппай да қалуы мүмкін.
М.Әуезовтың музей-үйі1.JPG
Ал сыртында осы үйде жазушы Мұхтар Әуезовтің қай жылы тұрғандығы жазылған.
Ал үйдің арт жағынан келгенде ғимараттың ол заман үшін ғана емес, қазіргі дәуір үшін де қаншалықты көркем екенін байқауға болады.
М.Әуезовтың музей-үйі3.JPG
1949 жылы Мұхтар Әуезов "Абай жолы" кітабы үшін Мемлекеттік сыйлық алады. Содан алған қаржылай сыйлығына осы жерді сатып алған екен. Үйдің жобасын Абай атындағы опера және балет театрының архитекторы Г.Герасимов сызған әрі кей жерлеріне жазушы да өз үлесін қосып отырған. Үй 1949 жылы салына басталып, құрылысы 1951 жылы аяқталған.
Бізді экскурсия жетекшісі Шәрбан Жашибекова апайымыз күтіп алып, даңқты жазушының табанының табы қалған табалдырықтан аттатып, ішке қарай кіргізді. Көз алдымыздан өзге әлемнің есігі ашылғандай болды. Үйдің астыңғы қабатында - 4, үстіңгі қабатында үш бөлме бар. Біз алдымен Мұхаңның қонақ күтетін шағын бөлмесіне кірдік. Өйткені, жазушының өзі жекелеген қонақтарын сол бөлмеде қабылдаған екен.
М.Әуезовтың музей-үйі4.JPG
Бөлмеде қонақтар отыратын жұмсақ дивандар мен үстелден басқа, фортепьяно да тұр. Бұл аспапта Мұхаңның өзі ойнай алмаса да, оған келетін қонақтардың арасында әншілер мен музыканттар болғаны белгілі. Жазушы жақсы тыңдаушы болса керек. Өйткені бұл үйде әнші Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, ағайынды Абдуллиндердің қонақта болғаны туралы деректер бар.
М.Әуезовтың музей-үйі5.JPG
Назарымызды тағы бір аударған дүние үй қабырғаларына ілінген әдемі картиналар болды. Мұхаң сурет өнерін де ерекше ұнатса керек. Әр картина талғаммен таңдалған. Әрі көпшілігі белгілі суретші Орал Таңсықбаевқа тиесілі екен.
картина.JPG
картина1.JPG
картина2.JPG
картина3.JPG
Әрі Мұхтар Омарханұлының Жапония, Үндістанға сапарлары барысынан алып келген ескерткіштері де үйдің сәнін келтіріп тұр.
М.Әуезовтың музей-үйі6.JPG
Бұл бөлмеде үлкен қонақасылар беріліп, көптеген қонақтар күтілген. Мына үстелді созғанда 30-ға жуық адам сияды екен.
М.Әуезовтың музей-үйі7.JPG
Ал мынау жазушының қарындасы Үмияның бөлмесі. Үмия күйеуі мен балаларынан ерте айрылып, ағасымен бірге тұрған екен. Бөлмедегі үлкен, әдемі сандықты кезекті бір мерейтойында Әуезовке колхоз жұмысшылары сыйлап, ол оны қарындасына тарту етіпті.
М.Әуезовтың музей-үйі8.JPG
Ал Үмия апамыздың бөлмесіндегі діни белгілері бар мына суреттер бізді, мазалап жүрген сұрағымызға қайта алып келді.
М.Әуезовтың музей-үйі9.JPG
Сұрауды ұмытпадық. Ойлағанымыздай даңқты жазушының музей-үйіне сапар біздің Әуезов туралы білетінімізді бұрынғысынан да толықтыра түсті. Әсіресе, жазушының шыққан тегіне қатысты деректерге қаныға түстік. Мұхтардың бабаларының қоныстанған өңірі Түркістан қаласының маңайы екен. Оларды Шығыс өңіріне, оның ішінде Семей топырағына халқының діннен алыстап бара жатқанына уайымдаған Кеңгірбай би аттай қалап XVIII ғасырда: “Біздің елге дін үйрет” деп шақыртып алып, өз жанынан қоныс беріпті. Міне, осыдан бастап Тобықты руы діннің кей мәселелерін Әбдіқожадан, кейін оның баласы Бердіқожадан сұрап, үйреніп, отырған.

Ал ата-бабаларының Түркістан жеріне қалай келгені туралы жазушының ұлы Мұрат Әуезов былай деп жазады: “Әкеміздің өзі де біздің ата-бабаларымыз кезінде арабтың шөл даласынан келген” деп отыратын. Ол кісі өз балаларына, оның ішінде бауырым Ернар екеумізге жеті атамызды Мұхтар, Омархан, Әуез, Бердіқожа, Әбдіқожа деп үйрететін. Әкем бір естеліктерінде бала кезінде үлкен қолжазба көргенін айтады. Оның ұзындығының өзі сегіз метрге жуық болған екен. Ол атадан балаға мирас болып қалып отырған бабаларымыздың шежіресі көрінеді. Шежіреге қарағанда, әкеміз Әзірет Әлидің қырық бесінші ұрпағы болады. Арғы атамыз Бақсайыс – жиырма үшінші ұрпақ. Әзірет Әлидің Мұхамед-Қанафия атты ұлынан біз тараймыз. Қожалар XVIII ғасырда өздерінің рухани міндетін жақсы атқарған. Олар саналы түрде адамдарын жан-жаққа, соның ішінде Солтүстік Үндістан, Шығыс Түркістан, Қытай өлкесіне, Кавказ жеріне жіберген. Сол уақыттары қожалар Қазақстанның да көп бөліктеріне келген. Олардың мақсаты - күшейген Батысқа қарсы жергілікті халықтың рухын көтеру, дін тарату болған. Бабаларымыз Аягөзге көшіп келгеннен кейін Құнанбай өзінің балаларын қожалардың ұрпақтарымен араластырып, достастырып отырған. Құнанбай өзі Әуез атаға құрмет білдіріп "Әу қожа" деп атаған екен. Өзі қажылықтан қайтқанда атамызға таза асыл тастан таспиық, жайнамаз және Құран кітап әкеліп берген. Әуез атамыз қайтыс болғанда өз өсиеті бойынша сол таспиық қабіріне салыныпты".

М.Әуезовтың музей-үйі10.JPG

Өткенге сәл саяхат жасап, тарихқа қанығып алдық та, жазушының үйіндегі экскурсиямызды ары қарай жалғастырып, Мұхаңның жұмыс кабинетіне кірдік. Қабырға толы иін тірескен кітап.

М.Әуезовтың музей-үйі12.JPG

"Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады" деген Мұхаңның мына кітапханасында алты мыңға жуық кітап бар деседі. Ал кабинеттің бұрышындағы мына бір кішкентай бөлме жазушының достарымен ой, пікір жарыстыратын жері болса керек.
М.Әуезовтың музей-үйі12.JPG
Қазір кеңінен таралып кеткен "Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе - білім" деген қанатты сөз де осы бір ұлы жазушыға тиесілі.
М.Әуезовтың музей-үйі13.JPG

Жұмыс үстелінде жатқан жазушының қолжазбалары Мұхаңның тиянақты адам болғанын айғақтайтындай.

Екінші қабатқа көтерілдік. Мұнда негізінен жатын бөлмелер орналасыпты. Бірінші бас сұққанымыз Мұхтар Омарханұлы мен Валентина Николаевнаның жатын бөлмесі болды. Қос төсек, шифонер, айна - бұл бөлменің негізгі жиһаздарының бірі. Шифонерде Мұхаң киген киімдер күні-бүгінге дейін ілулі тұрғанын көрдік.

М.Әуезовтың музей-үйі14.JPG
Ал мынау Мұхаңның сүйікті қызы, Дінмұхамед Қонаевтың келіні Ләйланың бөлмесі. Ләйла әкесі өмірден өткеннен кейін 30 жылға жуық уақыт осы музейдің директоры қызметін атқарды.
М.Әуезовтың музей-үйі15.JPG
Мына бөлмеге көз жүгірткен адам жазу үстелі мен кітаптарға, құстардың мүсіндеріне қарап, ғалымның бөлмесі екенін бірден аңғарса керек. Өйткені бұл бөлме жазушының ғалым ұлы, Алакөлдің шағаласын тауып, оны ғылыми айналымға енгізген Ернардың бөлмесі. Осы үстелде Мұхаң атақты "Абай жолын" бітіріп, кейін ұлына сыйға тартқан екен.

М.Әуезовтың музей-үйі17.JPG

Ал мына жерде жазушының көзі тірісінде шатыр әрі гараж болған. Бүгінде бұл музейдің бір бөлігі.

М.Әуезовтың музей-үйі1.JPG

Ішінде жазушы өмірінің әр кезеңінен суреттер, кітаптар, киімдері тұр.

М.Әуезовтың музей-үйі19.JPG
Ал есік алдындағы мына жаңғақ ағашын кезінде Мұхаң өз қолымен отырғызыпты. Талай жылдан бері жеміс беріп келе жатқан бұл ағаштың жаңғағынан дәм тату бақыты бізге де бұйырыпты.
М.Әуезовтың музей-үйі20.JPG
Музей қызметкері ұсынған қос жаңғақты қуана қалтамызға салып алдық. Неге екенін, жазушының артында қалған мол мұра, том-том романдары мен әңгімелері, ғылыми зерттеулері маған осы жаңғақ ағашындай елестеді. Оның мол мұрасының жемісін кешегілер де жеді, бүгін бізге бұйырды, келешек ұрпақтың да талай дәм татары хақ...
Марфуға Шапиян

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар