Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Баянауылда жас ақындардың жыр кеші өтті...

13.03.2017 4230

Баянауылда жас ақындардың жыр кеші өтті

Баянауылда жас ақындардың жыр кеші өтті - adebiportal.kz

Арқа төсін жайлаған аңыз дала, абыз дала Сарыарқаны аңсап келген сары қыз Баянауыл топырағына да тәу ете келді. Алдымен, қара өлеңнің Қағбасына айналған Қарағандыда бастау алып, Алаштың алтын тәжі – Астанада жалғасын тапқан жыр кеші баянды белде салтанат құрды. «Тасқынның» «тасқыны» баянауылдық оқырмандардың да көңіліндегі бір мұң мен кірбіңді «шайып» кеткендей әсер қалдырды.

dfef628f2c5351532be49d6cb3a6c6c1.JPG


Ой қозғайтын ақылдың жері,

Сөз қозғайтын ақынның жері,

Берік оба, тас тұлға

Сыралғы болған батырдың жері

– Баянауылдың құтты құрсағы талай дананы дүниеге әкелгені ғаламға аян. «Мәшһүрі бар, Олжасы, Бұхары бар, Сүйіндіктің сүйкімді бұтағы бар» Баянаулада 2007 жылы республикалық жас қаламгерлердің форумы дүркірегені көптің есінде. Маралтай Райымбекұлы, Әмірхан Балқыбек, Серік Сейітман, Рахат Әбдірахманов, Жанаргүл Қадырова, Танакөз Толқынқызы секілді аға-әпкелеріміздің есімін сол жиын арқылы білетінбіз. Енді міне араға он жыл салып тағы бір мәрте жас ақындардың басы біріккендей. Олай дейтініміз, жас ақын Әлия Іңкәрбектің жүздесу кешіне қарағандылық Аян Мейраш, екібастұздық Ерболат Әміренов, баянауылдық Нұрсұлтан Рымбай және Жоламан Әйткен қатысты. 

02ac119c7ca90db53df5ddccf5a4f000.JPG


Сонымен бірге, ауданымыздың театр өнерін талай жыл өрге сүйреген Жамбы Ипатқызы, аудандық кітапхана директоры Айман Саясатқызы тұщымды пікірлерін білдірді және алдыңғы буын ақындар легін бастап Жеңісбек Пәзіл мен Ерәділ Түсіпбаев жырсыйын тарту етті.

37a53e43d67f0dfc2a1839b540e22359.JPG


Баянауыл аудандық «Баянтау» газеті, аудандық кітапхана және «Жыртұма» поэзия клубының ұйымдастыруымен өткен жыр кешінде жас ақын сырлы һәм мұңды, нәзік һәм мінезді, терең һәм асқақ жырларын жұртшылыққа ұсынды. Бұрын-соңды жүзтаныс болмаған жан әп сәтте ет-бауыр жақынымызға айналып кеткендей болды. Оқырман мен ақынды табыстырған өлеңнің киесі деп ұғындық...

Әлия Таукенова



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар