(әңгіме)
Анау күнгi бастап қойған портреттi аяқтай салайық деп Ұлан менi үйiне шақырған. Ісiмiз алға баспай бiраз қиналдық. Кей тұстардағы көркемдiк шешiмдерге келгенде таласып қалып та жаттық. Екеумiз де өз идеямыздың дұрыстығын дәлелдеп бақтық. Көп жерлерде менiң айтқаным онды болды. Амалсыздан келiсiп, қиналса да менiң айтқаныммен жұмыс iстедi. Кiм-кiмге болса да өз ойынан дұрысы жоқ. Бұл әсiресе жеке пiкiрi бар, ойы мен қиялының құлына айналған өнер адамдарына тән қасиет. Ұлан намыс отына жанып, бұрқ-сарқ қайнап жүр. Мен әр түстi бояқтарды езiп отырғам. Осы кезде әр нәрсенi бiр сұрап мазамызды алып жүрген iнiсi үстелдi қағып кетiп, дайындап қойған бояқтарды төгiп алды. Онсыз да күйгелектенiп жүрген Ұлан оны шапалақпен екi-үш қайтара ұрып жiбердi. Қнiсi жылаған күйi шеберханадан шығып кеттi. Әлден кейiн шешесi келiп, айқайдың астына алды. Мынадай жағдайда қалғым келмей, оның үстiне Ұлан екеумiздiң арамызда туындаған кикiлжiң өршiмей тұрғанда кетейiн деп шештiм. Інiсiнiң жылауы да, шешесiнiң ашулануы да, содан туындағандай сезiлдi. Бәрiне сол себепшi сияқты. Бiрақ, менiң кiнәм жоқ. Айтқандарымның бәрi дұрыс. Егер ол дұрыс идея айтса, көнер едiм. Бұндай тiрлiкпен әркiмнiң жеке айналысқаны жақсы. Өз ой-арманымен, таным-тереңiмен, парасат-пайымымен жеке қалғаны дұрыс. Бұл жұмыста бiрiгудiң қаншалықты қиын екенiн бiлгенмiн. Қарсы да болғам. Күртемдi киiп жатып:
— Мен қайтайын, – дедiм. Үн-түнсiз меңiрейiп отыр.— Мына жұмысты өз ойыңдағыдай етiп аяқта. Мен ендi қатыспай-ақ қояйын. Мен үйден шығып бара жатқанда шешесi оған:
— Сен бе, сен — қатыгезсiң. Адамға түк жылуың жоқ. Сенiң маған характерiң ұнамайды, – деп ұрысып жатқан. Үйге келе жатып Ұлан жайлы ойладым. Шындығында ол қатыгез бе? Мүлде қате пiкiр. Қай ортада жүрсе де ашық-жарқын қалпынан айныған емес. Бiрақ, балажандығын байқамаппын. Қалтасындағы тәттiсiн де өзi бермей, маған бергiзетiн. Түк түсiнбей басымды шайқайтынмын. — Өзiң берсең қолың сынып қала ма? – деймiн. Ал ол болса: — Сен-ақ жақсы кiсi болшы, – дейтiн сондай кезде. Бала десе жыным бар дейтiн тағы да. Неге екенi сәбилерге суық қарайтын.
Бағанағы азаптан құтылу үшiн өз ләззатыма бас қойдым. Аяқтауға аз қалған “Айна” атты портретiме кiрiстiм.
“Айнада” үлкен көл бейнеленген. Тұтастай емес. Айдынның азғантай бөлiгi ғана. Айнадай жарқырап жатыр. Оның арғы жағында батып бара жатқан күн. Осы екеуiнiң бергi жағында әдемi қыз тұр. Негiзгi план осы болғандықтан, бар күшiмдi салдым. Қыздың бет-бейнесiндегi сүйкiм, дидарындағы жылылық, жанарындағы тереңдiк пен сұлулық, пәктiк, қабағындағы мұңның көлеңкесi — барлығы да шеберлiкпен суреттелдi. Қыздың ойлы жүзiнде жұмбақ сыр бар. Әлдене деуге оқталып тұрғандай. Мүсiнi мәрмәр сияқты. Жарқыраған денесiн әдейi жалаңаш қалдырдым… Тек, бөксесi сүлгiмен оралды.
Ертеңгi күнi бұл сурет көрмеге қойылады. Сол кезде әр суретке ат үстi қарап келе жатқан жұрт осы шығарманың алдында аңтарылады. Бәрi де қарайды. Қызығады. Әркiмде әрқандай ой пайда болады. Бiреулер тек қызыға қарайды. Жаратылысқа таңданады. Сұлулыққа сүйсiнедi. Ләззаттанады, рахаттанады. Табынады. Сұлулықтың алдындағы әлсiздiктерiн мойындайды. Сосын осындай сұлулықтардың баянсыз екенiн, түптiң түбiнде жоғалатынын еске алады. Айуандыққа салынған қолдың бүлдiретiнiн, олар бүлдiрмеген күннiң өзiнде бұл сұлулықтың қартайып өз-өзiнен бүлiнетiнiн ойлайды. Қартаймауы, бүлiнбеуi үшiн адам боп туылмай, сурет боп қана қалатындығына қуанады. Өйткенi, адамзат қоғамы қандай да бiр тұнықты ластамай, пәктiктi былғамай, ғажайыпты қор қылмай тынбайды. Бұл бұлжымайтын заң. Қоғамды тұтастай кiнәлауға болмас. Бәрiнiң қолы кiр емес шығар. Сол адалдардың арасында бiрен-саран айуандардың да бар екенi рас. Мiне, солар бәрiн бүлдiретiндер. Шөлмек мың күнде сынбайды, бiр күнде сынады деген де сөз бар. Сол шөлмектi мың тас емес, бiр тас сындыратынын да ойлаған жөн. Сондықтан, қанша ақылды десең де, адамзат қоғамына сенбеу керек.
Осы суретке қараған екiншi бiр топтың өкiлдерi оны әлдекiмнен қызғанады. Белгiсiз бiр зобыр күштен қорғағысы келедi. Аяушылықпен қарайды. Киiндiргiсi келедi. Ал, топастарды “Шiркiн-ай, мына сұлуды бiр құшса ғой… Фигурасын-ай, ә” – деген сасық арман ғана мазалайды. Осы сияқты әркiм әртүрлi ойда қалады. Сондықтан, бұл шығарманың атын “Айна” деп қойдым. Өз ойы арқылы әркiм өзiн көруiне, тануына болады.
Менiң ойымды үздiксiз шырылдаған қоңырау үнi бұзды. Телефон тұтқасын көтердiм. Ұлан екен. Кездесейiк дейдi. Амалсыздан келiстiм. Шаршаса керек. Екеумiз бильярдқа бардық. Ол қайта-қайта жеңiле бердi. Байқамаған екем, демалыс iздеп келген досымды ашуландырып алыппын. Келесi ойында әдейi жеңiлдiм. Ол менiң мұнымды жақтырмады.
— Қорлама, – дедi.
Екеумiз ойынды доғарып, үстелге келiп отырдық. Торғын сыраны сыздықтата сiмiрiп отырмыз. Шағын алаңқайда екi-үш жұп вальс билеп жүр. Анау бұрышта темекiсiнiң түтiнiн будақтатып бiр қыз маған ойсыз жанарын қадап отыр. Мен оған назар аудармауға тырыстым. Үнсiздiктi Ұлан бұзды.
— Шаршадым.
— Кiм жетiсiп жүр екен?
— Бағанағы сөздi естiдiң ғой. Мен шынымен мейiрiмсiзбiн бе? Шешем менi ұнатпай жүр. Аш адамның ашуланшақ келетiнiн түсiнбейдi. Бұндай жағдайда жайдары болу үшiн санасыздық керек. Төрт дүнием түгел болса, мен де жүрер едiм ғой жақсы адам болып. Өзiме өзiмнiң көңiлiм толмайды. Жақын адамдарыңның пендешiлiгi ашуландырмай қоймайды. Оларды басқалай көргiм келедi. Солай көре алмаған соң ашуланамын да. Оларды керемет адамдар деп ұғамын. Бiрақ олай емес екендiгiн көргенде қиналып қаламын. Тағы бiр айтарым, екеумiз де таланттымыз. Мақтанғаным емес, жақсы суретшiмiз. Бiрақ бұдан не пайда көрдiк? Жан жүрегiмiздi, жүйкемiздi, қала бердi уақытымызды өнерге бердiк. Не қызығын көрдiк? Басқа тiрлiкпен айналысу керек едi. Анау базарда, құрылыста жүрген достарды қарашы. Бәрiнiң жағдайы жақсы. Алды көлiк мiнiп те үлгердi. Ал ендi екеумiзге қара. Қыл аяғы үстiмiздегi киiмдерiмiздiң де жiбi түзу емес. Жарайды, мұның бәрiн қойшы. Осылай-ақ өтермiз. Менiң жынымның келетiнi, өзiмiзше өнер үшiн жүрмiз деймiз. Ей, достым! Сен тыңдашы, бұл өнерiң кiмге керек? Ешкiмге пайдасы жоқ, ешкiм қызықпайтын iске не үшiн бас қатырып жүрмiз. Қоғамың сенiң өнерiндi керек етпейдi. Өнердi сүймейдi. Сұлулыққа сүйсiндiре алмайсың.
— Бәрiн кiнәлауға болмас. Бағалайтындар да бар. Жүздiң, тiптi болмаса мыңның бiрi болар. Әйтеуiр, бар. Солар үшiн-ақ еңбектенуге болады. Сен суретшiлiктi әншiлiк сияқты жеңiл өнермен шатастырма. Суретшiлiк қай заманда да жалпы халықтық сипат алған емес. Алмайды да. Атаққұмар екенiңдi бiлемiн. Досым, саған бiр ақыл айтайын. Әжептәуiр даусың бар ғой, әншi болсаң қайтедi?
Ол кәдiмгiдей қызыңқырапты. Ызаланып қалды. Бетiме тесiрейiп бiраз қарап отырды да, коньяк толы стақанды қолына алды. Ішедi деп ойладым. Мен үстел үстiндегi қораптан шылым ала бергенiмде көз алдым жарқ ете қалды. Бетiмнен коньяк тамшыларымен араласып қан тама бастады. Даяшы қыз стақан сынықтарын жинап болысымен қол сүрту үшiн қойылған жұмсақ қағазбен бетiмдi сүртiп жатты. Мен Ұланды түсiнем. Кейiнгi кезде қиналып жүр. Осындай кезде өшiн менен алады. Басқа кiмi бар дейсiң. Түк болмағандай отыра бердiм.
— Неге ашуланды? – деп сұрады даяшы қыз.
— Әншi болғысы келiп жүр, – деп әзiлдедiм.
— Менiң композитор ағам бар. Бiр әнiн алып берейiн.
— Қорламаңдар. Әйтпесе, мынау тиедi, – деп, қолына бөтелкенi алды. Сосын аз-кем үнсiздiкке берiлдi. Күбiрлеп бiрдеңелердi есептеп кеттi. Бiр уақытта iшкен-жегенiмiздi тiзбелеп айтып бердi де:
— Барлығы мың жарым болыпты. Ешкiмнiң ақшасын пайдаланғым келмейдi, – деп, даяшыға бес жүз теңге ұстатты.
— Мың жарымды екiге бөлсең, жетi жүз елу болады, – дедiм әдейi.
— Сен маған қарағанда көбiрек iштiң.
Бiз күлдiк. Ол одан ары ызаланды. Менде ақша жоқ екенiн бiледi. Әдейi iстеп отыр. “Бүгiн сенi мен отырғызамын”, – деген. Ендi кеп… Даяшыға:
— Қарыз болайын. Ертең төлермiн, – дедiм. Ол өзiнше сөйлеп отырған адам кұсап:
— Ешкiмге қарызданғым келмейдi. Ақшам жоқ болса да, – дедi. Мен де ашуландым. Бiрақ, менi бұл жағдайдан даяшы қыз құтқарып қалды.
— Ылғи келiп жүретiн клиенттерге бiз скидка жасаймыз. Қалған ақшаларыңды төлемей-ақ қойыңдар, – деп ары қарай кетiп қалды. Күнде келiп жүргендiктен ол бiздiң сырымызға қанық. Ұлан да сүрiне-қабына сыртқа шығып бара жатты.
Екеумiз жерасты жолымен өтiп бара жатып домбыра шертiп тұрған жiгiттiң жанына аялдадық. “Көңiл толқыны” мен “Ақ жауынды” қайталап шерткiздiк. Ұлан қалтасынан бағана төлемей қойған мың теңгесiн алып, жiгiттiң алдына тастады да, шашылып жатқан тиындардың iшiнен жиырма теңгелiктердiң екеуiн терiп алды.
— Сдачаң ба? – деп күлдiм. Ол үндемедi. Жiгiтке аяушылықпен қарап тұрды да:
— Ерiк, қарашы. Осы да әдiлеттiлiк пе? Осынша талантымен он теңгеге күнi қарап жердiң астында тұрған мынаны қара. Бұның төбесiмен қолынан түк келмейтiн, әке-көкесiнiң арқасында шiренiп “Мерседес-пен” өтiп бара жатқан байдың балаларын қара, – дедi.
— Несi әдiлетсiз. Бәрi де әдiлеттi. Жаратушы ием бұған талант бердi. Бұл сол талантымен елдi сүйсiндiрiп тұр. Бай баласына машина бердi. Ол сол мерседесiмен айналасын қызықтырып жүр. Бiр басыңа бәрiн тiлеуге болмас.
— Мен тек қана бiздiң елде өнерден байлықтың жоғары тұратынын айтқым келген…
— Түсiнем. Бағана сен шешеңе ренжiдiң. Өнердi түсiнбейдi деп. Ол кiсiлердi кiнәлауға болмайды. Менiң де әкем қарсы болған. Жөнi түзу оқу оқы деп. “Мен сенi өсiргенде әдемi әйелдердi әспеттесiн деп өсiргем жоқ. Жалаңаш қатындардың суретiн салғаннан басқа не тындырдың?” – деп те ренжiген. Олардың арманы басқада ғой, Ұлан.
Бағанағы сдачаға алған қырық теңгемен жатақханаға жетiп алдық. Менiң бөлмеме келiп кiрдiк. Ол төсекке құлай кеттi. Мен ас қамдауға кiрiстiм.
— Бiтуге аз ғана қалыпты, – дедi. “Айнаға” қарап тұр екен.
— Алла жазса осы аптада тәмам болады.
— Сен бұны көрмеге қойма.
— Неге?
— Бұны сен махаббатыңмен, мейiрiмiңмен жараттың. Бұл әлi күнге кездеспей жүрген, тек қиялыңда ғана өмiр сүрiп келген ғашығың ғой. Осы күнге дейiн аңсарыңды алған асылыңды қызғана бiлсеңшi.
— Мен бұны Арбатқа қойсам ба деген едiм.
— Есiң дұрыс па? Өйтiп қорлама, Айнаңды. Қанша қымбат болса да мен-ақ алайын. Маған сат.
— Осынша сұлулықты қапасқа қамап қоюға болмас. Тамашаласын ел-жұрт.
— Өзiң бiл. Ләззаттандырамын дейтiн шығарсың. Құмарлықтарын, нәпсiсiн қоздырарсың бар болғаны.
— Қыздардың да ма?..
— Олардың қызғанышын. Айнаны көргенде қызғаныштан өлiп кетер. Өздерiнде жоқ сұлулықты өзгеден көргенде қызғаныштан басқа не iстейдi дейсiң олар.
— Сенiң көңiлiң қалған екен. Ашынып кеткенсiң. Бәрiн кiнәлайсың. Шешең дұрыс айтады.
— Сен де дұрыс айтасың. Бәрiнен көңiлiм қалды. Адамдардың бәрiн жек көремiн. Бәрi бұзылған, азған. Кейде қайдағы бiр қиырға қашып кетiп жалғыз өмiр сүргiм келедi. Бала күнiмде өмiрдi ғажап қой деп ойлаушы ем. Ертегiдей елестететiнмiн. Қателесiппiн. Құдды бiр күресiнде жүргендей күнде жиренесiң, жиiркенесiң. Сәби кезiмде бәрiне сүйсiне қарайтынмын. Өмiрге деген сол махаббатым сөнбей тұрғанда өлiп қалсам ғой. Бағалыңның құнсызданғанынан артық жаман не бар. Кейде мен адамдардың бәрi қырылып қалса ғой деп те тiлеймiн. Бәрi қайта басталса.
— Өзiң Адам Ата болсам дейтiн шығарсың. Бiр айтарым Хауаға алма жегiзбей, жақсылап қадағала. Сонда бәрi де дұрыс болады.
— Мен Адам Аталықтан бас тартар едiм. Себебi мен де таза емеспiн. Ласпын. Былғандық қой. Былғанады екен, бiр-бiрiн былғайды екен адамдар. Бiр-бiрiне сүйкенбесе жүре алмайтын адамдар кiрлерiн тазаларына жұқтырады екен.
Балконға шығып темекi шектiк. Басымның ауырлап бара жатқанын сездiм. Ештеңеге қызыға алмадым. Ұлан менiң жағдайымды түсiндi.
— Жарайды, басқа нәрсе айтайын. Бағана шешеңдi құптаймын дедiң бе?
— Тағы бастадың ба?
— Жо-жоқ, қорқпа. Мен басқа нәрсе айтамын. Бiрақ сен менi қатыгез дедiң ғой. Ал тыңда,.. – дедi де, жанарын тым алысқа тiктi.
* * *
— Ол кезде ауылда тұратын едiк. Тоғыз-ондарға келiп қалған кезiм. Өзiмдi ересек сезiнетiнмiн. Бала екенбiз ғой. Үйдiң тұңғышы болған соң еркелеу өстiм. Таңның атысы күннiң батысы үй көрмеймiн. Көршiнiң өзiммен қатарлас баласы болған. Сол екеумiз елдiң есегiн ұрлап мiнiп, алақандай ауылдың шаңын аспанға көтерушi едiк. Ол екеумiз жасамаған бұзықтық қалды ма? Күнiге неше соғысып, неше татуласатынбыз.
Күнде таңертеңгiсiн ояна салып, жуынбастан көшеге шығатынбыз. “Осы сенiң не қызметiң бар? Көзiңдi тырнап ашып көшеге тұра жүгiресiң. Сабақ болса қалай тұрмас едiң?” – деп, таң қалатын шешем. Басқадан құры қалсақ та, осы бiр таңғы қызықты жiберiп алмауға тырысушы едiк. Өйткенi мұнда бiздiң балаң арманымыз бен аппақ аңсарымыз жатыр. Екеумiз де келiп аз ғана күткесiн осы жолдың бойымен Қырмызы апай өтетiн. Қолыңа ине сұғып, тiсiңдi жұлып, тiрiдей шырқыратып жататын дәрiгер апайды кiм жақсы көрсiн. Ол кiсiнi көруге қайбiр емешегiмiз үзiле қалды дейсiң. Мәселе сонда — ол кiсi жалғыз өтпейтiн. Екiншi класта оқитын Меруерт деген қызын жетектеп өтетiн. Таңғысын жұмысқа кеткенде перiштедей қызын үйiне жалғыз қалдырмай, апасының үйiне апарып салатын. Апасының үйiне апаратын жолда күндегi әдетiмiзден жаңылмай бiз тұратынбыз. Шешесiне ерiп бара жатқан Меруертке кiрпiк қақпай қарайтынбыз. Ол да бiзге қарап өтетiн. Бiздiң осы қарасымызда сүйiспеншiлiгiмiз де, сағынышымыз да, қимастығымыз да, аспандағы айға қол созған аңсарымыз да — бәрi-бәрi бар едi. Осы бiр байланыстың нәзiк жiбi ешқашан үзiлместей едi. Кешкiсiн дәрiгер апай мен бiздiң ғашығымыз үйлерiне қайтып бара жатқанда, тағы да осы көрiнiс. Қалыптасып қалған.
Бiр күнi Ерлiк екеумiз төбелесiп қалдық. Ол айтады: “Меруерт маған қарайды”, – деп. Мен шығамын: “Саған емес, маған қарайды”, – деп. Ал кеп таластық. Ол: “Сенiң қай жерiңе қарайды? Менiкiндей ақ крассовкаң мен адидасың жоқ”, – дейдi. Мен болсам: “Мен саған қарағанда әдемiмiн. Сенiң шашың бұйра, мұрның дәу”, – дедiм. Бiр-бiрiмiздi мойындата алмадық. Ақырында жалғыз-жалғыздан тұратын болып келiстiк. Екiншiмiз сырттай бақылап тұрамыз дедiк. Жалғыз тұрғанда кiмге қарамаса, сол жеңiлдi деп шештiк. Бiрiншi кезек менiкi болды. Күндегi орнымда шарбаққа сүйенiп тұрдым. Ерлiк сырттай бақылап тұр. Меруерт шешесiне ерiп келе жатты. Жақындаған сайын жүрегiм өрекпiдi. Қазiр қарайды деп үмiттендiм. Бiрақ, Меруерт маған қараған жоқ. Жалт етiп бiр қарады да Ерлiктiң жоқ екенiн көрiп, қайырылмай кете барды. Менiң денем дiрiлдеп, iшiме у толып бара жатты. Даусым жарықшақтанып кеттi. Ерлiкпен сөйлесуге шамам жетпей, үйге қарай тұра жүгiрдiм. Оның мақтаншақ күлкiсi ғана менiң соңымнан қуды. Үйге келе салып әр жерi жасыл шүберекпен жамалған қара сымымды (елестетiп көр) шешiп тастап жыладым. Намысымды қорлаған кедейлiгiме налып жыладым. Ерлiктiң папасы құсап кеңседе бастық боп iстемей, тiрәктiр айдап жүрген әкеме өкпелеп жыладым. “Ақ кроссовка мен адидас алып берiңдер!”, – деп жер тепкiлеп жыладым. Әйтеуiр, ұзақ жыладым.
Содан кейiн көшеге шықпай, қоршаудың тесiгiнен сығалап қарап жүрдiм. Бiр күнi Ерлiк үйге келiп: “Жалғыз тұрып едiм, маған да қарамай қойды. Екеумiз бiрге тұрайықшы”, – деп жалынды. Менiң көнгiм келмедi. Ақыры келiстiм. Ол үшiн әлеуметтiк теңсiздiктi жоюға көндiрдiм. Адидасын да, ақ крассовкасын да кимейтiн болды.
Ертесi күнi екеумiз де шортиктен басқа ештеңе кимей, жалаң аяқ, жалаң бас шықтық. Бiздiң бұл сықпытымызды көрiп, олар кекей күлдi. Бiз де күлдiк.
— Үстiлерiңе киiм кимейсiңдер ме, ауырасыңдар ғой. Айтпады демеңдер, ауырсаңдар, аямаймын, – деп Қырмызы тәте қорқытып кеттi. Оның ертесi күнгi тұрпатымыз мүлде күлкiлi едi. Ерлiк екеумiз папасының костюмiн киiп алдық. Етегi тiземiзден асады. Аяғымызда сүйретпе, мойнымызда галстук. Бұл күнгi iсiмiз де сәтсiз аяқталды. Өйткенi Қырмызы тәтемiз жұмысына барған жоқ. Демалыс екен.
Осылай күндер өтiп жатқан. Бұлжымастай заңымызды быт-шыт қып бiр күнi төбемiзден жай түстi. Меруерттiң әке-шешесi ажырасатын болыпты. Түннiң бiр уағында үйге Ерлiк келдi. Аптығын баспастан:
— Құрыдық! – дедi.
— Не болды?
— Ажырасатын болыпты..
— Кiм?
— Қырмызы тәтелер.
— Неге? – дедiм қапелiмде аузыма жөндi сөз түспей.
— Мен қайдан бiлейiн неге екенiн.
— Кiмнен естiдiң?
— Жаңа тәтемдер шай iшiп отырып айтты. Ести сала саған жүгiрдiм.
— Өтiрiк шығар, – дедiм оны да, өзiмдi де жұбатып. Екеумiз солардың үйлерi жаққа бардық. Анығын бiлгiмiз келдi. Екеумiз де жақсы хабар күттiк. Қырмызы тәте мен Қанат ағаның құшақтасып тұрғанын, не болмаса күлiп отырып шай iшкендерiн көргiмiз келетiн сияқты. Құдайдан ажыраспаса екен деп тiледiк.
Үйлерiнiң жарығы жанып тұр екен. Есiктерiнiң алдында ешкiм жоқ. Қорықсақ та терезелерiнiң алдына барып тың тыңдадық. Бойымыздың қысқалығынан түк те көре алған жоқпыз. Бiздi иттерi байқап қойып, шабалана жөнелдi. Байлаулы екенiн көрiп, қорқпай тұра бердiк. Иттiң үргенiнен сезiктендi ме, Қанат аға далаға шығып: “Кiм-ей бұл?” – дедi. Бiз қоршаудан секiрiп түсiп қашып едiк, ол бiздi тұра қуды. Жүрегiмiз атша тулап жүгiрiп келемiз. Бiрiмiзден бiрiмiз озып кетпес үшiн қол ұстасып алғанбыз. Бiз қашқан күйi қораға келiп тығылдық. Қорыққанымыз сонша – қазiр кiрiп келсе екеумiздiң де жүрегiмiз жарылып кетердей. Бiрақ, бiздi iздеп таба алмады. Есесiне Ерлiктiң шешесiне: “Ертең балаңызды ертiп мектепке келiңiз”, – деп кеттi. Ол кiсi мектептiң деректiрi едi. Өлер жерiмiз осы екен дедiк. Кетiп қалғанын бiлсек те, сыртқа шығуға жүрегiмiз дауаламай үнсiз отыра бердiк. Қасымызда байлаулы тұрған есек бiр-екi рет ақырып қойды. Сол кезде Ерлiк: “Есекке рахат, иә”, – дедi. Мен не үшiн рахат екенiн бiлгiм келiп: — Неге? – деп сұрадым.
— Ертең мектепке бармайды… – дедi. Ол әлi соны ойлап отыр екен. Мен бiздi тәртiпке шақырғанша неге Қырмызы тәтемен татуласып алмайды деп ойладым. Өмiрдегi мың сан кереғарлық дегеннiң бiрi осы-ау.
…Ерлiктiң шешесi бiзге көп ұрысты. Бiз мән бермей құлықсыз отыра бердiк. Әлден кейiн ғана Ерлiк:
— Егер Қырмызы тәтелер ажырасса, Меруерт папасымен бiрге қала ма, мамасымен бiрге кете ме? – деп сұрады.
— Қырмызы оны өлсе де қалдырмас.
Бiздiң не үшiн қаңғып жүргенiмiздi түсiндi-ау деймiн.
— “Мен алам, мен алам” деп таласып жүрушi едiңдер. Ендi екеуiңе де жоқ, – дедi.
Таңғысын көшеге ерте шықтық. Түнде ұйықтап қалмайық деп келiскенбiз. Бiз келiп тұрғаннан соң сүт пiсiрiм уақыт өтер-өтпестен олар бiздiң көшемен кетiп бара жатты. Бiрақ, Меруерт бiзге қараған жоқ. Ұялған шығар. Автобус аялдамасына барды. Бiз де арттарынан ерiп бардық. Аз-кем аялдағасын, автобусқа отырды да, кетiп қалды. Бiздiң бар қызығымыз, қуанышымыз — бәрi-бәрi сол автобуспен бiрге кеттi. Кеудемiз де, ауылымыз да босап, қаңырап қалғандай. Сұлу ауылымыз демнiң арасында жұтап қалды. Автобусты қимай ұзатып салған көзiмiздегi жасты бiр-бiрiмiзге көрсетуден ұялып терiс бұрылып кеттiк. Кейiн үлкен аға боп үйленгенде әйелiммен ажыраспаймын деп ойладым. Меруерт те жылап бара жатқан шығар. Шешесi де. Мен оларды аяп кеттiм. Мен сол сәтте тұңғыш рет бiр адамды қатты жек көрдiм. Меруерттiң папасының түрi жаман боп елестедi. Одан гөрi мас болып алып қуалайтын Бақытқали аға жақсырақ сияқтанды. Әшейiнде таласып жүретiн Ерлiк маған жаны ашып:
— Ұлан, жыламашы. Кейiн мен бастық болғанда, сен менiң шопырым боласың ғой (Бiз ылғи осылай армандап, осылай ойнайтынбыз). Сол кезде машинамен iздеп жүрiп тауып аламыз, – дедi. Бiз сол арманға сендiк. Бiрақ қайсымыздың алатынымызды шешкен жоқпыз. Тауып алсақ, қалғанын көре жатармыз. Сол күнi екеумiздiң де ойнағымыз келген жоқ. Мен үйге келiп шешеме:
— Маған ендi адидас та, ақ крассовка да алмай-ақ қойыңдар, – дедiм.
Соған бола қара сиырды сатқызғым келген жоқ. Ақыры ендi ауылда Меруерт жоқ қой…
Көңiлiм құлазып, жаным жабығып жүрген сол күндерде шешем босанып, тұңғыш қарындасым дүниеге келдi. Әкеме:
— Атын мен қояйыншы, – дедiм.
— Басқалары аз боп, ендi сен қалып едiң, – дедi туысқан апайым таласып. Бiрақ әкем:
— Осының бiр тiлегiн орындайықшы. Қарындас осынiкi ғой. Қойса қойсын, – дедi.
— Не деп қоясың?
— Меруерт де қоям.
— Неге?
— Бiлмеймiн. Осы ат ұнайды өзiме, – деп алдадым.
Менiң бар ермегiм сол болды. Қасынан бiр елi алыстамаймын. Ұйқтап жатса да бесiгiнiң жанына төсек салып, құшақтап жататынмын. Мен тым-тым балажан едiм. Оған деген мейiрiмiм шексiз-тiн. Бiр Меруерттен айырылғандағы жұбанышым болған Меруертiм едi ғой… Едi ғой дегенiме таңданып отырсың ба? Ол да менiң тар маңдайыма сыймады. Алты-ақ айлығында қатты ауырып шетiнеп кеттi. Содан кейiн сәбилердi жақсы көрген емеспiн. Салқын қарауға, жек көруге тырысам. Жақсы көрсем өлiп қалатын сияқты болады да тұрады. Сол кiшкентай Меруертiмдi мейiрiмiммен өлтiрiп алған сияқтымын. Олар кiшкентай ғой, көтере алмайды ондайды. Сен де сөйт. Сәбилердi шектен тыс жақсы көрме. Ендi түсiнген шығарсың менiң неге балажан емес екенiмдi. Бала десе, жыным бар дегенiме де сенiп жүрдiң ғой, сен. Ал адамдарға деген жеккөрушiлiгiм – Қанат ағаны жеккөруден басталды. Өстiп бұзылды ғой бiздiң характер, – деп, Ұлан әңгiмесiн аяқтады.
***
— Бұрыннан берi неге айтпай жүргенсiң.
— Әркiмге түсiнiктi болғым келмейдi.
Ұлан, шынында, жұмбақ адам. Бүгiн де ашылып әңгiмелеспес едi, мастықпен айтып қойды. Маған ешкiмге айтпа деп ескерттi.
— Содан кейiн Меруерттi көрдiң бе? – деп сұрадым.
— Көрдiк қой,.. – дедi де қойды.
Екеумiз төсек салып ұйқыға жатқанда, телефоным шырылдап қоя бердi. Ауылдан шешем хабарласып тұр.
— Дәрi-дәрмек алып тезiрек жет, – дедi. Інiм ауырып жүр едi, сол төсек тартып жатып қалыпты. Менде ақша жоқ болатын. Ұлан бәрiн де түсiндi. Екеумiз такси ұстап соның үйiне бардық. Ол үйiнен қомақты қаржы алып шығып, қолыма ұстатты.
— Мынау көп қой. Маған жартысы да жетер.
— Алсаңшы. Операция жасау керек боп қалар.
— Шешеңнен алдың ба?
— Жоқ. Сол кiсiнi туған күнiнде бiр қуантайыншы деп жасырын жинап жүргем.
— Өзiңе де керек екен ғой.
— Ол кiсiнiң қуанышы iнiңнiң жанынан артық емес шығар. Аман болсақ әлi талай қуантармыз. Қазiрше жаман баласы боп жүре тұрамын. Шешеңе менен алдым деме. Қуанып қалсын, өз ақшам де. Қарыз емес, – дедi.
Мен рахмет айтып, машинаға отырып жүрiп кеттiм. Ол бiздi ұзатып сап қарап тұр.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.