Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Бейсенбай Кенжебаев...

31.10.2018 10899

Бейсенбай Кенжебаев

Бейсенбай Кенжебаев - adebiportal.kz

Қазанның соңғы түні еді. Түнгі сағат 3:15. Сейсенбіден сәрсенбіге ауған түн. Астананың түні қорқыттың қобызындай күңіреніп тұр. Терезе саңылауынан ұлыған жел дауысы оқтын-оқтын естіледі... Осыдан он-он бес минут шамасында әдемі түс көріп, түн баласының құшағында жатыр едім. Оятқыштың зор екпінді дауысы әдемі түсіміздің шырқын бұзып жібергені! Шіркін-ай, түсіме ұлы Бейсекең, аруағы разы болғыр атақты профессор, өз заманының аты шыққан диссидент ғалымы Бейсембай Кенжебайұлы кірмесі бар ма. Айы оңынан туған ұлтын сүйген жүрек, кәдімгі өзіміз сүйіп оқыған әдеби зерттеулердің авторы!

Қазақ әдебиетін тарихи кезеңдерге бөле бастағаныңда-ақ, есіңе бірден әдебиеттің білгірі, профессор Бейсембай Кенжебаев түседі. Аймаңдай асыл азамат ақтық демі таусылғанша ұлт әдебиетіне өлшеусіз қосты.

Кешегі қылышынан қан тамған социалистік қоғамның әр түрлі қауіпті сынынан аман қалған ол – 1931-1932 жылдардағы ашаршылық, ұжымдастырудан кейін, 1937-1938 жылдардағы қанды қасірет арасынан аман қалуы; 1950-1956 жылдары тарихтағы екінші репрессияға ұшырап, қуғын-сүргіннің зардабын тартып жүрсе де ұстанған бағытынан таймай, кейбіреулер секілді бас сауғаламай, жеке бастың қамы үшін емес, ұлт болашағы, ұлт ертеңі, қазақ әдебиетінің тұтастығы үшін қаймықпай күресуі – қайсар ұлдың ер жүректілігі.

Дүниеге келгеннен-ақ оның дәуһіл-мағфузына жазылғаны жетімдік, қайғы-қасірет екен. Мехнатты ғұмыр кешіп, тағдырдың зорлық-зомбылығына төтеп беру – нағыз ердің ісі.

Бүгінде Бейсекең тамырын тереңге тарқатқан алып бәйтерек. Мәуелі ағаш. Өзіндік ғылыми мектебі қалыптасқан ғалымның шәкірттерінің шәкірті республикамыздың түкпір-түкпірінде ұлт әдебиетіне қызмет етуде. Біз – ұлы оқымыстының шөбере шәкіртіміз. Бейсекеңнің шекпенінен шыққан атамыз Рымғали Нұрғали болса, Рымғали атамыздан біздің асыл ағайымыз Айбек Қалиев тәлім алған. Бұл рухани жалғастық жолы бізге де келіп отыр.

Кешегі қоғам бізді барымыздан, нарымыздан айыра жаздады-ау... Тарихымыздың өзін 1917 жылдан бастатып, одан арыға баруға бөгет-тосқауыл қойып, бізді мәдениеті, тарихы жоқ ел жасау жолында аянбай еңбек еткен сталинизм саясатына Бейсекең секілді ұлтшыл ерлер білек сыбана кірісті. Осы жолда олар «космополит» атанып, жазықсыз жапа шекті. Жаланың құрбаны бола тұра, ақ жолынан адаспай, тәуелсіздік күрестен бас тартпады.

Бейсекең, ұлы ұстаз шын мәнінде үлкен қайраткер болған екен. Совет заманы, соғыстан соңғы жылдардың бірі екен. Ғылым академиясында қазақтың әйгілі батыры Бауыржан Момышұлымен кездесу өтіп жатқан көрінеді. Залда ығы-жығы адам. Батырға қошемет көрсетіп, дүйім қауым ықылас танытып отырғанда көргені мол Баукең: “Жұртым-ау, ниеттеріңізге рахмет. Мен бір ғана соғысты бастан өткерген адаммын. Өзімді соншалықты батырмын дей алмаймын. Нағыз батыр сіздердің араларыңызда отыр. Ол – Бейсембай Кенжебаев! Бұ кісі Бұхар жыраудан басталатын қазақ әдебиетінің тарихын сонау ерте түркі заманынан басталады деп, бір емес, бірнеше ғасырға созған адам. Нағыз батыр осы кісі. Бейсеке, орныңыздан тұрып қойыңызшы” – деген екен. Міне, ұлылықты мойындау. Қарапайым ғана өмір сүрген Бейсеңнің қаламы қуатты, идеясы мұратты болған екен.

Бүгінде ғалымның концепциясы тұтас елдің игілігіне жарады. Қазақ әдебиеті өзінің тарихын сонау көк түріктер дәуірінен бастады. Ертедегі әдебиетімізден бастап, Орта ғасырдағы әдебиет, Алтын Орда дәуірі, Қазақ хандығы кезеңіне дейін толық зерттеліп, әдебиеттану ілгеріледі. Ғалымның осы арман-мақсатын кешегі КСРО заманында жүзеге асырған М. Мағауин, Қ.Сыдықов, М.Жолдасбеков, А.Қыраубаева, А.Еспенбетов секілді дарынды шәкірттері еді... Бүгінгі мына біздің оқып жүрген әдеби мол мұрамыз осы азаматтардың арқасында тірілді. Тарих қойнауынан бүгінге жетті.

Бейсекең барлық шәкірттерін бөле-жармаған, өз кіндігінен тараған балаларынан кем көрмеген. Сондай бақытқа ие болған шәкірттерінің бірі, көрнекті ғалым, сарабдал сыншы – Құлбек Ергөбек. Құлбек ағамыз да осы күнге дейін туған әкесіндей болған әзіз адам жайлы айтып та, жазып та келеді. Ғалымның артында қалған мол мұраны насихаттап жүргендердің алдыңғы қатарында тұрған да Құлбек екеніне ешкім дауласпас. Құлбек ағаның 1975-2013 жылдар аралығын қамтитын «Қайырымсыз уақыттың қайсар ұланы» деген портрет-эссесі Бейсекеңе арналған. Ұлы оқымыстыны жан-жақты суреттеп, оның адами, ғалымдық қырына толық тоқталып, келістіре бейнелеп, шебер суреттеген. Біздің маңдайымызға Бейсембай, Есмағамбет, Мұхамеджан секілді ірілерден, олардың Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғали сияқты дарынды шәкірттерінің де дәрісін тыңдау жазылмапты. Есесіне, осындай тұлғалар жайлы жазылған мемуарлық естеліктерді жиі оқып, тіпті оқып отырып, қиялға беріліп, өзімізді солармен аралас-құралас болғандай сезініп те кетеміз. Қазіргі ғалымдардың, Қадыр ақынша айтсақ «аудиторияны арбау шеберлігі жоқ»; сессия кезінде студентті қинап, көк ақша талап ету; даңғойлыққа салынып, кандидаттық, докторлық ғылыми дәрежесі мен доценттік, профессорлық ғылыми атақтарына мақтанып жүретін, ғылыми жаңалығы түгіл, адамгершілігі жоқ, «ғалымсымақ» көкелеріміздің асығы алшысынан түсіп тұрғаны... Осындай ғылымдағы келеңсіздіктерді көріп, ғылымның халі мүшкіл екенін байқайсың кейде. Бірақ, қорқатын еш дәнеңе жоқ, себебі, біздің елде атақты ғалымдардың ғылыми мектебі бар, сол мектептен шыққан көрнекті шәкірттер бар... Бәлкім, солар бір күні ақиқаттың ақ туын желбіретіп, сөз өнері – ізгілік ғылымында революция тудырар.

Өткен жылдардың күнпарағын қарап отырсаңыз, 1904 жылы Бейсембай деген сәбиге дүниеге келген. Биыл туғанына 110 жыл толмақ. Айтулы ғалым бәтшағар өмірде көптеген көзсіз ерліктер жасады. Артына мол мұра қалдырды. Соның ішіндегі ең ірісі, шоқтығы биігі – Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы ізденіс жұмыстары.

Кең жүрек, кең кеуде, кең құлашты, кеңпейіл жазушы, ғұлама ғалымның аты туған халқымен мәңгі жасайтыны сөзсіз ақиқат.

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар