Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ: «МАХАББАТ ФОРМУЛАСЫ»...

13.05.2016 5899

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ: «МАХАББАТ ФОРМУЛАСЫ»

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ: «МАХАББАТ ФОРМУЛАСЫ» - adebiportal.kz

9fb6ed564448145aec0fb63a40dd5881_Generic.jpg

70-ке келген адамға жетi немесе жетпiс кiтап шығарды деп жату, менiңше, мақтауға жата қоймайды. Себебi қолында қаламы, бойында талабы бар кiм де болса 70-ке келгенше азды-көптi бiрдеме жазады. Мәселе ненi және қалай жазғанында. Осы тұрғыдан алғанда Шәрбану Құмарова ненi жазғаны жағынан да және қалай жазғаны жөнiнен де оқырман алдында ұялмайды.


 

Оны жұртқа жазушы ретiнде алғаш танытқан 1958-жылы «Жұлдыз» журналының 12-санында жарық көрген «Бағираш» әңгiмесi болатын. Әйел адамның жанын, қылығын нанымды, көкейге қонымды суреттеген ол әңгiме әдебиеттiң қасиеттi босағасын Шәрбанудың сенiммен аттауына себепкер болды. 1961-жылы «Қыз сыры» деген атпен жарық көрген тұңғыш кiтабы жазушылар қауымын елең еткiзген дүние болды. Осы кiтаптың әсерiнен Сәбит Мұқанов: «Шәрбану Құмарова – қазақ әдебиетi тарихында көркем проза, яғни, әдебиеттiң ауыр артиллериясына жүрек жұтып аяқ басқан тұңғыш әйел жазушы болар деген ойдамын», – десе; партизан ақын Жұмағали Саин: «Шәрбану Құмарова – қазақ әдебиетiнiң тарихында проза жазған алғашқы қазақ қызы», – деп қуаныпты. Бұл пiкiрлерден Шәрбанудың алғашқы шығармаларынан-ақ ағалар назарына iлiгiп, өз шығармашылығын сәттi бастағанын аңғарамыз. Құдайға шүкiр, сол сәттiлiктi Шәрбану бiрден-бiрге жалғастырып, биiктен- биiкке жалықпай көтерiлiп келедi. Оның қаламынан қызықты-қызықты новеллалар мен әңгiмелер, заман сыры мен адам жанын ашатын повестер, шытырман оқиғалар мен қилы-қилы адам тағдырын талдайтын ро- мандар, ұзақ жыл сахнадан түспеген пьеса да туғаны белгiлi.


 

 

Шәрбанудың бiр қасиетi – үнемi өзi жақсы бiлетiн жайларды ғана жазады. Ал оның ең жақсы бiлетiнi – әйел жаны мен әйел қылығы. Қай жазушы да өзi жақсы бiлетiн нәрсенi жазады. Шәрбанудың жақсы жазуының бiр сыры, сөз жоқ, осында. Әйелге тән нәзiктiк, жұмбақтық, еркелiк, сезiмталдық, құпия қулық – бәрi Шәрбану шығармаларының тартымды әдiстерi. Шығармаларының аты да «Мен әйелге қатысты дүниемiн» – деп, айғайлап тұрғандай әсер қалдырады. «Бағираш», «Әйел шырағы», «Әйелдер патшалығы», «Тағы да әйелдер туралы», «Мың жылдық сағыныш», «Махаббат формуласы», «Сезiм патшалығы». Әйел жанын әйелдiң өзiнен артық кiм түсiнсiн. Оның шығармасын жұртшылықтың сүйсiнiп iздеп оқитындығы да сол әйел жанын жақсы бiлiп, жақсы танып жатқандығынан болса керек.


 

Шәрбану ел алдындағы борышына елдiң жағдайы қиын кезде де үлкен жауапкершiлiкпен қарады. Соның нәтижесiнде «Ана тiлi» баспасынан екi томдық «Сезiм патшалығы» атты кiтап шығарды. Бұл екi томдықта «Сезiм патшалығы» атты екi кiтаптан тұратын романы мен «Махаббаттар қайта жаңғырады» деген комедиясы, «Ұлылар ұлағаты» атты естелiктер топтастырылыпты.


 

«Сезiм патшалығы» – дәл қазiргi заманның қыр-сырын ашатын роман. Оның бас кейiпкерi Жәнiбек – заман талабына iлесе бiлген iскер адам, алайда перiште емес. Жас қыз Гүлмирамен көңiлдес екенiн адам жалдап анықтаған оның әйелi Ризат – өте қызғаншақ, әрi қатыгез адам. Ол жас Гүлмираны қорқытып, жүктi күйiнде қаладан қашып кетуге мәжбүр етедi. Содан романдағы оқиға оқыс шиеленiседi. Жәнiбек мүгедек болып қалады, қашып-пысып жүрiп Гүлмира таршылық та көредi, қиыншылықты да бастан кешедi. Ақырында бiрiн-бiрi баяғыда «халық жауларын» қуғындаған заманда жоғалтып алған туыстары ойда жоқта бiр-бiрiмен табысады. Бұл романында жазушы адалдық пен зұлымдықтың, мейiрiм мен қатыгездiктiң бiтiспес майданын адамдардың сезiмi арқылы да, iс-әрекет, қылығы арқылы да жан-жақты суреттейдi. Шытырман оқиғалар арқылы адам жанына үңiлiп, адамдардың күнәға батқан, кiнәлi болған, одан тазаруға тырысқан аласапыран жағдайын шеберлiкпен көрсетедi.


 

Шәрбанудың шығармаларында кемшiлiк жоқ, бәрi тамаша деп тамсанудан аулақпын. Алайда қандай жағдай болмасын қолынан қаламын тастамай қажетiне қайтсе де жаратуға ұмтылып, үнемi iзденiп, үнемi еңбек етiп жүрген жазушыға қалай сүйсiнбессiң?! Өмiрдiң қиындығы мен өнердiң құнсыздануы әйел түгiл ер адамды да есеңгiретiп жiберген кезде Шәрбанудың сол өмiрдi өз көзқарасымен көркем шығармаға арқау етiп, жедел түрде роман жазуы, сөз жоқ, құптарлық жағдай.


 

Әйел жазушы деп, Шәрбануға артықшылық немесе еркiншiлiк жасаудың түкке де қажетi жоқ. Оның жазушылығына, жiгерлiгiне сүйсiну керек. Биiктен биiкке өрлей бер, Шәрбану Құмарова – Гүлшарбан Мұхитқызы!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар