Биылғы Букер сыйлығын кім алады?
Күні кеше Ұлыбританияның беделді әдеби сыйлықтарының бірі – Букер сыйлығының биылғы қысқа тізімі жарияланды. Биыл бәйгеге ұсынылған 163 шығарманың ішінен әуелі 13 роман ұзын тізімге еніп, соңында алты шығарма ақтық кезеңге жолдама алды.
Қысқа тізімге енген шығармалар:
М. Джон Харрисон – «Барлығының соңы» (The End of Everything)
Марлон Джеймс – «Ғайып болғандар» (The Disappearers)
Люк Кеннард – «Қара сөмке» (Black Bag)
Ребекка Перри – «Патшаны тамақтандырсақ екен» (May We Feed the King)
Элизабет Страут – «Біз ешқашан айтпаған нәрселер» (The Things We Never Say)
Дуглас Стюарт – «Джонның Джоны» (John of John)
Осы жылғы жеңімпаз 9 қарашада Лондондағы Old Billingsgate ғимаратында анықталады. Бас жүлде – 50 мың фунт стерлинг. Биылғы тізімнің бір ерекшелігі – мұнда Букерді бұған дейін иеленген қаламгерлер де, алғаш рет қысқа тізімге енген автор да бар. Романдардың тақырыбы мен жанры да сан алуан: ақырзаман туралы хикая, тарихи роман, абсурдқа құрылған университеттік сатира, отбасылық драма және адамның ішкі әлеміне үңілетін психологиялық проза.
Қазылар алқасының төрайымы, классика саласының ғалымы Мэри Бирд бұл алты шығарманың «күлкіліден мазасыздық тудыратынға дейін, таңғаларлықтан күнделікті өмірге дейінгі» кең ауқымды қамтитынын айтып, қазіргі ағылшын тіліндегі әдебиеттің мүмкіндігі қаншалықты мол екенін атап өтті.
Ең қызығы – жанрлары әртүрлі болғанымен, алты роман адам жалғыздықта өзгелермен қалай байланыс орнатады, неліктен кейбір сырларды айту соншалық қиын? Адамның болмысы, отбасы, тарихы, тіпті өзі өмір сүріп отырған әлем өзгергенде, ол неге сүйене алады деген сан түрлі сұрақ тұсында түйіседі.
John Harrison: 81 жастағы жазушы ақырзаманды күнделікті өмірге айналдырады
John Harrison – биылғы тізімдегі ең ерекше қаламгерлердің бірі. 1945 жылы туған жазушы биыл 81 жасқа толды. Ол ұзақ жылдар бойы ғылыми фантастика, фэнтези және спекулятивті әдебиет жанрларындағы шығармаларымен танылғанымен, оның туындыларын бір ғана жанрдың шеңберіне сыйғызу қиын.
The End of Everything романы ақырзаман тақырыбына құрылған. Оқиға Ұлыбританияның Кент графтығындағы атауы нақты аталмайтын жағалаудағы шағын қалада өтеді. Алайда Harrison апаттың өзін суреттеуге қызықпайды. Әлемнің астан-кестеңі шыққаннан кейін де адамдардың өмірін жалғастыра беруі оған маңыздырақ. Олар тамақ ішеді, жұмыс істейді, ғашық болады, ұрысады, күнделікті тіршілігін жалғастырып, өмірдің мәнін іздейді.
Сондықтан роман триллер де, детектив те, антиутопия да, жол романы да, реалистік шығарма да болып көрінуі мүмкін. Harrison шығармашылығының ерекшелігі де осында: ол жанрды шектеу емес, мүмкіндік ретінде пайдаланады. Ақырзаманды реалистік романға, ғылыми фантастиканы психологиялық прозаға, ал жаһандық апатты қарапайым адамның өмірін зерттейтін әдеби құралға айналдырады. Егер Harrison биыл Букер сыйлығын жеңіп алса, 81 жасында бұл сыйлықты алған ең егде қаламгер атанар еді. Қазіргі рекорд 2019 жылы Букер сыйлығын 79 жасында алған Маргарет Этвудқа тиесілі.
Marlon James: тарихта жазылмай қалған дауыстарды іздеу
Marlon James – тізімдегі ең танымал авторлардың бірі. Ол 2015 жылы A Brief History of Seven Killings романы үшін Букер сыйлығын алған. Енді жазушы The Disappearers шығармасымен тағы да қысқа тізімге енді. Роман ЖИТС індеті тараған кезеңдегі Ямайкада өрбиді. Оқиғаның ортасында Джон Герберттің Fortune and Men’s Eyes пьесасын сахналап жатқан квир ер адамдар тобы бар. Шығармада 80-жылдары болды деген болжам айтылатын, бірақ нақты дәлелденбеген зорлық оқиғасы да маңызды орын алады.
Алайда James үшін басты мәселе – «оқиға шын мәнінде қалай болды?» деген сұрақ емес. Ол сол оқиғадан кейін қалған жарақат, жады мен қауесетке көбірек назар аударады. Оның шығармаларында тарих – әлдеқашан аяқталған оқиға емес, тарих – қайта-қайта айтылатын, өзгеретін, кейде ұмытылатын дауыстар жиынтығы. 600 беттен асатын The Disappearers – биылғы қысқа тізімдегі ең көлемді роман. James түрлі баяндау мәнерін, диалог пен тіл ырғағын пайдалана отырып, жеке адамның тағдырын Ямайка қоғамының тарихымен астастырады. Бұл шығарма жазушыға маңызды бір сұрақ қояды: үлкен тарихи оқиғаға келгенде әдебиет міндетті түрде «не болды?» деген сұраққа жауап беруі керек пе? Кейде одан да маңыздысы – неге біреулер есте сақтайды, біреулер ұмытады, енді біреулер үнсіз қалады?
Luke Kennard: қара сөмке – адамның болмысына айналған метафора
Алғашқы екі шығармадағы тарихи салмақтан кейін Luke Kennard-тың Black Bag романы әлдеқайда абсурдты көрінеді. Шығармаға 60-жылдары АҚШ-тағы Орегон штаты университетінде жүргізілген нақты әлеуметтік-психологиялық эксперименттің идеясы арқау болған.
Романның кейіпкері – тұрмысы қиын актер. Бір күні ол таңғаларлық жұмысқа келіседі: қара былғары сөмкенің ішіне кіріп, университетке әкелінеді де, студенттерге арналған дәрістерді сол күйінде тыңдайды. Алғаш қарағанда бұл қара юморға құрылған абсурдты оқиға сияқты. Бірақ Kennard-ты эксперименттің өзі емес, «сөмкенің ішіндегі адам» қызықтырады. Неліктен актер осындай мағынасыз жұмысқа келіседі? Өнердің құндылығы үнемі күмәнға ұшырап отырған заманда шығармашылық адам өзінің қажет екенін қалай дәлелдей алады? Осылайша күлкілі көрінетін университеттік хикая біртіндеп өнер, еңбек, тұлғалық болмыс пен адам қадірі туралы романға айналады. Қазылар алқасы шығарманы «ерекше университеттік роман» деп сипаттаған. Бірақ оның астарында адамның әлсіздігі, құштарлығы, абыржуы және өзіндік болмысын іздеуі жатыр. Кейде үлкен әдеби тақырып үшін үлкен оқиға қажет емес. Бір қара сөмкенің өзі адамға көрсетілген айнаға айналуы мүмкін.
Rebecca Perry: тарихты кім жазады?
Rebecca Perry – биылғы қысқа тізімдегі дебюттік романымен енген жалғыз автор әрі алты қаламгердің ішіндегі ең жасы – 40 жаста. Оның May We Feed the King романы Букердің қысқа тізіміне дейін-ақ 2026 жылғы Waterstones жаңа жазушы сыйлығын жеңіп үлгерген. Шығарма қазіргі заман мен орта ғасыр арасында ауысып отырады. Бір желіде тарихи ғимараттардың безендірілуімен айналысатын заманауи музей кураторы болса, екінші желіде ортағасырлық сарайда өліммен бетпе-бет келген жас қызметші суреттеледі.
Бірақ романның өзегі уақыт арқылы саяхаттау емес. Perry оқырманға әлдеқайда күрделі сұрақ қояды: бүгін біз «тарих» деп қабылдайтын дүниенің қаншасы шындық, ал қаншасы кейінгі ұрпақтың қайта құрастырған нұсқасы? Жазушы есте сақтау, адамның өз тағдырына ықпал ету мүмкіндігі мен қиял мәселелеріне ерекше мән береді. Ал қазылар алқасы шығарма «тарихта бір ғана әмбебап ақиқат бар» деген түсінікке күмән келтіретінін атап өтті.
Perry-дің биылғы тізімдегі орны да осы тұрғыдан маңызды. Ол дәстүрлі романды қайталау арқылы емес, тарих, жады және әйел тәжірибесін жаңаша пайымдау арқылы өз әдеби әлемін қалыптастырған.
Elizabeth Strout: ең мықты романдар кейде бір ғана құпиядан басталады
Elizabeth Strout – қазіргі америкалық әдебиеттегі өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан жазушылардың бірі. Ол Olive Kitteridge романы үшін Пулитцер сыйлығын алған. 2016 жылы My Name Is Lucy Barton шығармасымен Букердің ұзын тізіміне енсе, 2022 жылы Oh William! романымен қысқа тізімге өткен. Енді ол The Things We Never Say шығармасымен тағы да Букердің ақтық кезеңіне жетіп отыр. Бұл жолы Strout бұрыннан таныс Olive Kitteridge пен Lucy Barton кейіпкерлерінен алыстап, оқиғаның ортасына Массачусетс жағалауында тұратын тарих пәнінің мұғалімі Арти Дэмді қояды. Сырт көзге оның өмірі тыныш әрі тұрақты көрінеді. Бірақ жасырын қалған бір құпия осы тепе-теңдікті бұзады. Осы сәттен бастап Strout өзіне жақсы таныс аумаққа – қарапайым адамның ішкі әлеміне енеді.
Ол үлкен драмалар жасауға ұмтылмайды. Керісінше, өмірдегі өте кішкентай, бірақ адамның тағдырын өзгерте алатын сәттерді ұстайды: айтылмай қалған бір ауыз сөз, жылдар бойы жасырылған қарым-қатынас немесе аяқ астынан қайта оралған естелік.
Strout прозасының әсері де осында: кейде роман барысында «ештеңе болмағандай» көрінеді. Бірақ кітапты жапқан кезде оқырман адамның ішінде қаншама нәрсе өзгергенін түсінеді.
Douglas Stuart: шотланд аралдарындағы үнсіздік, отбасы және айтылмаған махаббат
Douglas Stuart та Букер сыйлығын бұған дейін алған қаламгер. 2020 жылы ол өзінің дебюттік Shuggie Bain романы үшін Букер сыйлығын иеленген еді. Енді үшінші романы John of John арқылы тағы да қысқа тізімге еніп отыр. Роман ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы Шотландияның Сыртқы Гебрид аралдарында өтеді. Шығарманың өзегінде әке мен баланың ұзақ жылдар бойы шешілмеген қарым-қатынасы жатыр. Мұнда гэль тілі, крофтерлік ауыл шаруашылығы, пресвитериандық дәстүр, таптық айырмашылық, сексуалдық бағдар және отбасылық қысым тоғысады.
Оқуын аяқтаған жас жігіт туған жеріне оралып, өзін қалыптастырған, бірақ сонымен бірге жаралаған отбасылық ортасына қайта тап болады. Stuart әсіресе ауылдық ортадағы гомосексуалдық тәжірибеге назар аударады. Оның пікірінше, қоғам тап пен сексуалдық бағдар мәселесін талқылағанда ауылдық жерлердегі адамдардың тәжірибесі жиі назардан тыс қалады. Сондықтан John of John – жай ғана бір отбасының тарихы емес, адам, туған жер, дәстүр және жеке болмыс арасындағы тартыс туралы роман.
Алты романның астарында қандай ортақ тақырып бар? Алты шығарманы қатар қойғанда, олардың жанрлары мүлде бөлек болғанымен, арасында көзге көрінбейтін бір жіп бар екенін байқауға болады. Яғни биылғы Букер қысқа тізіміндегі шығармалардың барлығында дерлік адамның өзге адамдармен байланыс орната алмауы немесе сол байланысты қайта қалпына келтіруге ұмтылысы байқалады.
Жалғыздық, есте сақтау, үнсіздік, отбасы, тарих, тап, жыныстық болмыс, құпия – бәрі ақырында нақты адамның тағдырына келіп тіреледі. Бұл тұрғыдан алғанда, қазіргі роман қоғамнан алыстап бара жатқан жоқ. Керісінше, қоғамның ішіне одан әрі тереңдеп еніп барады. Ақырзаман да, тарих та, саясат та, гендер мен тап мәселесі де, отбасы мен жеке болмыс та ақыр соңында бір адамның өмірі арқылы көрінеді.
2026 жылғы Букердің қысқа тізімі жазушылар үшін тағы бір маңызды ой ұсынады. Әдебиеттің қуаты белгілі бір тақырыптың «сыйлыққа лайық» болуында емес. Керісінше, үлкен мәселені нақты бір адамның тағдыры арқылы көрсете алуында. Әлемнің соңына таяған шағын қаладан Ямайканың тарихи жарасына дейін; қара былғары сөмкеден ортағасырлық сарайға дейін; Массачусетс жағалауындағы тарихшының құпиясынан Шотландия аралындағы әке мен баланың үнсіздігіне дейін – алты роман алты түрлі бағытқа бет алады.
Бірақ олардың барлығы біз өзге адамды ешқашан толық түсіне алмасақ, әдебиет бізді соған жақындата ала ма деген бір әдеби сұрақтың төңірегіне қайта оралатындай. Кезекті Букер сыйлығының алты финалисі осы сұрақтың алты түрлі жауабын ұсынып отыр. Ал соңғы жауап 9 қарашада Лондонда белгілі болады.
Дүйсенәлі Әлімақын
