Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ботакөз Бексары: "Өзіңсіз мына өмірдің құны жалған...

08.06.2015 15220

Ботакөз Бексары: "Өзіңсіз мына өмірдің құны жалған"

Ботакөз Бексары: "Өзіңсіз мына өмірдің құны жалған" - adebiportal.kz
           

                                                              Xdu_NwKIOL8.jpg

 



***


Кербез келбет, керілген қас-қабағы,
Сен - өзгесің, Өзгешем! Басқа - бәрі.
Бақытсыздық дегенді кім шығарған,
Бақытты енді ғұмырым басталады!


Сезім, бәлкім, әдемі құс ақ қанат,
Сезімімді не етпекпін тұсап, қамап.
Ауыр мұңнан арылғым кеп тұрғаны'ай,
Бірер сәтке өзіңді құшақтап ап.

Аппақ үміт, арманды өңгеріп ап,
Жетелеген Біздерді өрге мұрат.
Жаным, саған мен арқа сүйейм дәйім,
Биігіңнен кетпеші жерге құлап.

Көз жеткіздім мынаған өз басым мен,
Түсініссек өзара, тозбас іргем.
Жеңілдете алмаспын, алтыным-ау,
Жүрегіңнің жүгін Мен көз жасыммен...

Шанышқысын Тағдыр шалт түйрегенде,
Уайым жұтам сендегі күйге елеңдеп.
Қуаныш пен қайғысы кезектесіп,
Күн өтуде жыландай ирелеңдеп.

Сабылыстан, тұратын Сағыныштан,
Махаббатта біз сезбес бақ-ырыс бар.
Қандай бақыт - сен мені сүйетінің,
Қандай ғажап, аяулым, сағынысқан.

Біздің сезім тапты да мән, үйлесім,
Ең бақытты жан болдық фәниде шын.
Тентектігім тым шектен шығып кетсе,
Балалығы басылмас "сәби" дерсің.

Түрткенменен сананы қырық түрлі ой,
Пенде-жүрек соғады үмітті үрлей.
Күрсінбе сен, маңдайың жазуында,
"Бота" деген жалғыз Күн күліп тұр ғой,
Қарашы!)

 

 

***

 

Менің атым – "Томпи қыз",
Қылығы бар түр-түрлі,
Болмысы да біртүрлі.
Мінезі бар жылатып,
Келтіретін күлкіңді.

Менің атым – "Күн-қыз" ғой,
Күндей төгер жарығын,
Өзіндік бар Қадірі.
Кім не десе, о десін,
Піштүу оған, бәрібір.

Менің атым – "Қырсық қыз",
Қырсықтығы бес елі,
Бірбеткейлік - дос, емі.
Тіпті де әсер етпейді,
Жұрттың аяң-өсегі.

Менің атым – "Ботақан",
Тілі тәтті, балқаймақ,
Жұлдызы бар маңдайда.
Жасандылық сүймейді,
Мүлдем қарсы ондайға.

Менің атым  – "АЙЖҮРЕК",
ЖАНЖҮРЕГін – Жалғызын,
Жан-тәнімен сүйетін.
Суығына тоңып ап,
Ыстығына күйетін.
Шалқайғанға шалқаяр,
Еңкейгенді құрметтеп,
Басын төмен иетін.

"ЖАРЫМ" дейді Бір Адам,
Мен өзіңсіз қалайша,
Жерді басып жүре алам!
Бұлтарыста бұралаң,
Амандығың сұрағам.
Жаратқаннан тілерім:
"Болсын ЖАНЫМ дін аман!"

Бұ ғұмырда-көбелек,
Шуақ-нұрың себелеп.
Бәрінен де, жанжарым,
"Жаным" деген бір ауыз,
Сөзің қандай керемет!!!

 

 

 

***

 


Көзіңнен бармақтайын бақ көрінген,

Үмітті үкі қылған сәттерімнен.

Ойымда ойнақшып ап оңды-солды,

«Есімің» еркеледі тәтті ерінде,

Сен маған керексің, жаным!

 

Тәңірден тілеп сұрар тілегі кем,

Адалым, жансың бөлек, жүрегі кең.

Ешкім мені дәл сендей сүйе алмайды,

Сүйдіре де алмайды біле білсең,

Сен маған керексің, жаным!

 

Құлазысам шоқ ұшып өзегімнен,

Айтпай-ақ та халімді сезе білер.

Жанашырым, сен ғана қырсықтық пен

Қыңырлыққа мендегі төзе білер,

Сен маған керексің, жаным!

 

Кеткенінде кейде өмір түңілдіріп,

Тұйықталсам көп сырдың бірін бүгіп.

Сен құшақтап тұрасың еркелетіп,

« Ботам-ау, бұл – Өмір...» деп ұғындырып,

Сен маған керексің, жаным!

 

Өкініш бар, күйік бар...тағысы бар,

Жыласам мен, қарадай сағы сынар.

Сенсің, білем, мен жардан құлап кетсем,

Ең әуелі қол созып, жан ұшырар,

Сен маған керексің, жаным!

 

Мен – бұп-бұзық, еп-ерке құралайың,

Тайдырмасын бағымды бұлағай күн.

« Маңдайыма жазылған МӘҢГІЛІК » бол,

Алладан басқа ештеңе сұрамаймын!

 

 

 

***

 


Сынына алған, жүрегім жұлып алған,
Ойымнан мүлде кетпей тұрып алған.
Білемісің, қиқарлау тәкаппар ұл –
Өзіңсіз мына өмірдің құны жалған.

Көрінбеген көзіме әркім ыстық,
Сүріп өмір жүргенде талпыныс қып.
Сен жолықтың, жалғызым, қапияда –
Сонсоң ғана тапқан-ды жан тыныштық.

Ұмтылып қап өткенгі мұң-мұқтажым,
Мен сенің құшағыңда Күнге ұқсадым.
Хош иісі аңқыған ең әдемі –
Сенің қолың жеткен тек Гүлге ұқсадым.

Меніменен ботадай көзі нұрлы,
Бұйырды саған Аллам кезігуді.
Төзімімді түгескен Тентек жігіт,
Қалғып жатқан ояттың сезімімді.

...Ұнайды бақытыңа балағаның,
Ұнайды жылулықпен қарағаның.
Біздерге баянды бақ боп бітсінші,
Неке жүзік және де Орамалым..!

 

 

 

 

 

***

 



Тәттіден де Тәттіңмін,
Алақаның аялайтын ақ гүлмін.
"Жаным" десең, күлім көзім жымыңдап,
Көңіліңді тоқ қылдым.
Ал, кейбірде бұлдана қап, бұртиып,
Хошыңды, ерім, жоқ қылдым.

Еркеден де Еркеңмін,
Сезіміңе балдай, тәтті өртендім.
Айтқаныңды екі етпейтін әйәй қыз,
Моп-момақан, көркеммін.
Ал, кей сәтте бұлқан-талқан шамданып,
Үйді асты-үстіне төңкердім.

Мен ше? Иә, мен - Жүрекпін,
Жалғыз мені Жүрегіңе түнеттің.
Бал күніміз баяндырақ болсын деп,
Маңдайымнан мың өптің.
Өзің түгіл, өзім ұқпас жанымды,
Кейде жұмбақ түнекпін.

Мен ғой, дәл сол Шекер қыз,
Махаббатқа мас боп мәңгі өтерміз.
Тәтті ойлар мен тәтті арманға шомылған,
Шын ғашықтар  Екеуміз.
Жолымыздан жаңылтпаса Құдайым,
Бір бақытқа жетерміз.

Сен де, Мен де қызғаншақ.
Басқа-басқа боп кетеміз қызғансақ.
Будақ-будақ бұлт жиырылып қабаққа,
Көзімізді ызғарлылау мұз қоршап.
...Біздің кеуіл шәйі орамал кепкенше,
Отыратын жылы-жұмсақ сөзді аңсап.

Сен - барым да, нарым да,
Томпиың мен, бағың да.
Мен ТІРІМІН мәңгілік,
Сен жанымда барыңда!!!

 

 

 

***



Күңкіл мен налаға кемшін,
Өсек пен жалаға көмсін.
Сұқ көздер лақтырып балшық,
Сыртымнан қаралай берсін,
СЕН БОЛСАҢ БОЛДЫ ЖАНЫМДА, ЖАНЫМ!

Үмітім, жігерімді ұнтар,
Ауыртып, жүрегім құртар.
Ор қазар "өтірік достар",
Сендерге күлемін жорта,
СЕН БОЛСАҢ БОЛДЫ ЖАНЫМДА, ЖАНЫМ!

Қызғаныш тозаңы қатқан,
Күйіктен сазарып отқан,
Ей, "достар" , бағың тіледім,
Боз таңда бозарып атқан,
СЕН БОЛСАҢ БОЛДЫ ЖАНЫМДА, ЖАНЫМ!

Безеріп, сыздана бетің,
Іш күйсе, тұз жала "досым".
Әй, құрсынш, күйген күйініп,
Бақытым қызғана берсін,
СЕН БОЛСАҢ БОЛДЫ ЖАНЫМДА, ЖАНЫМ!

Сенделдім, сенімім налып,
Көбінен көңілім қалып.
Еңсемді тіктеп жіберші,
Тірліктен жерідім, Жаным,
СЕН БОЛСАҢ БОЛДЫ ЖАНЫМДА, ЖАЛҒЫЗ!

Күйенің күйігі жеңіп,
Бататын жиі егілгенім.
Жалғанда жалғыз бақытым -
Сен мені сүйе білгенің,
СЕН БОЛСАҢ БОЛДЫ ЖАНЫМДА, ЖАНЫМ!



 

***



Сүйген жүрек дірілшіл,
Күйген көңіл ырымшыл.
Іле-шала бүліндім,
Күйіп кеттім, шыным шын.

Қызғанғаным – күйгенім,
Қызғанғаным – сүйгенім.
Іші-бауырым өртеніп,
Деліқұлы күйдемін.

От-ерінім кезеріп,
Бет ыңғайсыз безеріп.
Шыға келдім шытынап,
Ашуымды көзе ғып.

"-О,кім? – деймін, – кім әлгі?
Жөн-жобасы сұралды.
Артық кеттім деймін-ау,
Шетке ысырып Шыдамды.

... Сода-а-а-ан, шіркін, көңіл тоқ,
Сала бердім жеңілдеп.
Әйел заты қызық, ә,
Аяқ асты бүлінбек.

Үлкен болсын ол мейлі,
Кіші болсын ол мейлі.
Қызғанып-ақ кетемін,
Ал, себебін білмеймін...

Қылық шығып не түрлі,
Жейтін құлақ етіңді.
ҚЫЗҒАНЫШ та тәтті ғой,
Махаббатым секілді!)

 

 


***



Сағындырған, аңсатқан, торықтырған,
Сендік жолда кетер ме ем болып құрбан.
Тәңірге мың да ТӘУБЕ етіп келем,
Өзгеге емес, өзіңе жолықтырған.

Тураланып тағдырым туырлығы,
Ойнақ салды қырдағы құлын күнім.
Сенен, сірә, бақытты жан жоқ шығар,
Мендейін сүйікті еткен бұрымдыны.

Жандерттің өткен ғана өтейді емін,
Сен барда қона алмайды көкейге мұң.
Ерке-тотай қыз болам еркелесем,
Есімнен шығып қалып есейгенім.

Шексіз сүйем, түнім де, таңым да - айғақ,
Сен барыңда кетеді жаным жайнап.
Сағыныш-ай, нендейін құдіретті ең,
Сүймегендер ғана тек сағынбайды-ақ.

Ерте ме әлде, білмеймін, кешірек пе,
Түзегенбіз ертеңнің көшін ептеп.
Бақытынан дәмелі қос Жүрек боп,
Қол ұстасып тұрмыз біз "өшіретте",
БАҚЫТ ТІЛЕҢІЗДЕР!)

 

 

 

***



(Тағдыр әркез қылмады дегенімді,
Аузын тырнап қайтемін көне мұңның...)
Нағыз бақыт, енді ұқтым, сезу екен
Жалғанда жалғыз Жанға керегіңді.

Мойынсұна алмаушы ем әмірлерге,
Басың төрге, сүйрейтін жаныңды өрге,
Нағыз бақыт, меніңше, сені сүйер
Азаматты сыйлау мен қадірлеуде.

Өмір – иір-қиырлы сынды өткелдер,
Бірге жеңіп қиынды, бірге өткен де
Нағыз бақыт, егер мен шатаспасам,

Адалдыққа дақ түсіріп, кірлетпеуде.



Ақыл айту ойда жоқ кемеңгерше,
Жылуына әркімнің бөленгенше.
Қолдан келсе, әрине, нағыз бақыт

Бір-ақ жанды сүю ғой өле-өлгенше.

Мүмкін бәрі: қамығу, жаңылуым,
Көнбей тұрып, ырқыңа бағынуым.
Ал, мен үшін Бақыт ол – сені, Жаным,
Құшағыңда тұрып та сағынуым..!

 

 

***


 

Теп-тентек ботаң – Менмін,

Сүюсіз күні жетім.

Өзіңсің сезіндірген,

Сезімнің құдіретін.

Аңсаумен ауыртасың,

Сағынышты үйіп-төгіп.

Мен сені сүйем, Жаным –

Бәрінен биік көріп!

 

Ерімсің арқасүйер,

Жұбаттың жылағанда.

Сүрінсем тіреу болды,

Сүйедің құлағанда.

Жұбымыз бір жазылмай,

Жетейік пейіш төрге.

Сен – менің Ерекшемсің,

Мен – сенің періштеңмін!

 

Болмашы нәрселерге,

Боламын кейде өкпелі.

Қайтсе де, сүюімнің

Сенсің ғой – себепкері.

Ертеңге нық сенесің,

Бағдары, нұсқауы айқын.

Сен – менің ерекшемсің,

Ешкімге ұқсамайтын.

Сен – менің ЕРЕКШЕМСІҢ !

 

 

 

 

Жетім көрсең, жебей жүр

 

(сәби монологы)

 

 

Сұрқия тірлік сұғанақ көзін қадады,

Сумақай тілдер жанымды етті жаралы.

Бозарып атқан бозала таңнан бақ күтем,

Қасірет-қайғым ап-ащы жас боп тамады.

 

Күліп те жылап, ұнамай-ұнап қоғамға,

Білмеймін қандай күтеді мені жол алдан.

Маңдайдан сүйіп, бар жылы сөзін төккенмен,

Өзгелер, айтшы, әке-шешемдей бола ма?

 

Еркелей де алмай егіліп барам жанып іш,

Қамыққан көңіл. Сүлесоқ сезім. Сабылыс...

Маңдайға біткен сорыма кімдер кінәлі,

Жүдетті жанды сарғалдақ түстес Сағыныш.

 

Сезбегеніммен шуақ, жылуын мен үйдің,

Әкем-Анамды қол жетпес күнге теңеймін.

Сұрарым мынау, қайырымды, жақсы Адамдар,

Жетімді көрсең, жетімді көрсең, жебей жүр!

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар