Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бүгін ақын Сағат Әбдуғалиевтың туған күні...

22.02.2016 4052

Бүгін ақын Сағат Әбдуғалиевтың туған күні

Бүгін ақын Сағат Әбдуғалиевтың туған күні - adebiportal.kz

12665604_10206086537302238_1539554593_n-mmvxm67abohdn0bf43kz5r2a32es2y0fmr7qop17nc.jpg

Сағат — тағдырлы ақын. Оның өмір мен өлеңі, тіпті өлімі оқырманды бей-жай қалдыра алмайды. Сағат туралы бард-ақын Табылды Досымов былай дейді: «Ол Сағат еді-ау… Неткен ауыр тағдыр. Небары отыз алты жасында қазақ поэзиясынан өзіндік орын тауып, кенеттен бәрін лақтырып, артына қарайламай кете бару – адам түсінбес дүние. Бірақ, өмір кетпесіне қойды ма?! Өлмесіне рет берді ме?! Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен түрмелерінің тақтай төсегін әлденеше жамбастаған Сағат еліне өкпе ауруын жамап қайтты. Ендігі жерде Сағат ақынға бұл дүниені тәрк етпеске жер қалмап еді. 1983 жылдың желтоқсанының соңғы күндері. Калмыков селосынан кешкілік үлкен трасса жолды бетке алып шыққан шайыр бір сайдың аңғарына құлайды. Сол түні қатты аяз ұрып, қалың қар жауған…


 

1984 жылдың наурыз айының бір жайма-шуақ күндерінде малын ауыл маңына өріске шығарған екі бала ақын мүрдесін таппағанда, Сағатқа сайлы жерден топырақ та бұйырмаған болар еді…»


 

Бүгін оның туған күні. Сағат Мұхтарұлы 1948 жылы 22 ақпанда қазіргі Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған. Алғашқы өлеңдері аудандық «Ленин жолы» газетінде 1963 жылы жарияланды. Кейін облыстық «Орал өңірі», республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, «Жалын» альманағында басылды. Оның 1980 жылы «Құлыншақ көктем», 1992 жылы «Көзайым келешек» атты жыр жинақтары жарық көрді. «Арыс» қорының тапсырысымен Т. Досымов Сағат Әбдуғалиевтің барынша толық жырлар жинағын құрастырып, 2008 жылы Алматы қаласы, «Арыс» баспасынан «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» деген атпен жарық көрді. 1984 жылы 5 сәуірде Тайпақ ауылындағы қорымда жерленген.


 

Ақынның бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.


 

КІНДІКЖҰРТЫМ


 

Кіндікжұртым – абыз әкем, текті анам,  
Құрақ ұшып көгершінің жетті аман.  
Іздедің бе ұзақ жылдар жоғалтып,  
“Қай тарапқа кетіп қалды?”- деп балам.


 

О, сағыныш, кісінеген жүз құлын,  
Жүрегімді кернеп тұр-ау ізгі үнің.  
Көп алқындым көкжиекке көз тігіп,  
Ұстаймын деп тұлпар-арман тізгінін.


 

Кіндікжұртым — әжімді әжем, сұсты атам,  
Өрге тартсын өзің берген күш-батаң.  
Тұғырына бір кездегі түлеген,  
Қайта оралу – қанаты бар құсқа тән.


 

Кіндікжұртым – үзеңгі дос, өз құрбым,  
Бала шақтың базарына кез қылдың.  
Шашыма да ұрын келді боз қылаң,  
Боз көдесі сияқтанып боз қырдың.


 

Кіндікжұртым – ғашық қызым, ер інім,  
Жанарыма жарық шашқан сері күн.  
Өзім жайлы жырлап берді бозторғай,  
Жоқтайды деп жүруші едім мені кім?


 

Кіндікжұртым – ғазиз жеңгем, мәрт ағам,  
Жаным менің жаратпайды жалтақ ән.  
Бөбек сынды түсірмеймін өлгенше  
Саған деген сағынышты арқадан.


 

Кіндікжұртым – кемел далам, кеңдігім,  
Шамасынша жыр толғайды енді ұлың.  
Мансұқ тұтпай бір төбеңде туғанды  
Бір биікке құлшынамын мен бүгін!


 

АҚЫНДАР


 

Жазғырмайды жалған деп жырымды ешкім,  
Насатты бір мәуріттің нұрын кештім.  
Әлмисақтан аян ғой ғұмырлы ақын  
Қаһарланған ханның да тілін кестің.


 

Төменде қап тарлан тау, барлық төбең,  
Қаңтарларды қақ тіліп қарғыпты өлең.  
Ақиқатпен ұрам деп ноқайларды  
Және азабын тартасың нарлықпенен.


 

Ізгі арманның жолында арнап түстер…  
Жұрт алдында парызың салмақты үстер.  
Сатқын оғы жаралап қанатыңды  
Аңғалым-ай, артынан бармақ тістер.


 

Күш әуезді әуелеп әнің бақтан,  
Ақ сөйлесең – ағынан жарылды ақ таң.  
Парасатты пейілмен көресің сен  
Жауыздықтан басқаның бәрін мақтан.


 

Болашаққа бағыштап бір үнді әман,  
Өлмесе деп тілейсің жырың – балаң.  
Мәжнүн деп айтар ма көрсе бәлкім  
Шабыт буған шақтағы түріңді адам.


 

Жүрегіңе жалын-от жақты ма елің,  
Қаз қанатын шабыттың қақты керім.  
Ұрын барып аулына өлең-қыздың  
Жетпісте де алмайсың аттың ерін.


 

Жанарыңда жүз аунап солқымды алаң,  
Өн бойыңа өршіткен өртін ғалам.  
О, садағаң кетейін, сері ақындар,  
Алдыңда басымды иіп, бөркімді алам.


 


 

АҒАЛАР ӘҢГІМЕСІ


 

Қадым жылға қанат қағып ой-кептер,  
Куә жүрек көрбілтесіз сөйлеп көр:  
Кимедік біз былғарыдан бәтеңке,  
Қиял еді жамауы жоқ көйлектер.


 

Қайғы кешкен кірбің кезең, о, біздің,  
Көзімізден күміс теңге көп үздің.  
Бота буын балалық шақ байланды  
Бас жібіне соқа тартқан өгіздің.


 

“Е, қиындық, ен ауылды кезе бер,  
Тәрік қылмақ тәлкегіңе төзеді ел!”  
Тіршіліктің тегершігін тұрды ұстап  
Қара талқан, қара кебек көжелер.


 

Лаң соғыс лақтырғанша мылтығын,  
Тылдағылар тапқан жоқпыз бір тыным.  
Бажайласаң біздің ұрпақ, бауырым,  
Жанбай қалған шилері ғой шырпының.


 


 

МАХАББАТ ӘУЕНІ


 

Кезікпей қызғышыма құсты көлден,  
Сарқанат сағынышым ұшты бермен.  
…Іздедім інжу кірпік іңкәрімді  
Жаздағы жасыл бульвар, скверден.


 

Бұйғытып бауырында бір ән қайран,  
Отырсын байыз тауып қыран қайдан?  
Тастақтың тас көшесін тасырлатып  
Іздедім тырна тізбек трамвайдан.


 

Көгерді ақ көйлегін тастап бар маң,  
Көк еді-ау көкіректе бастапқы арман!  
Ілесіп көбелеккөз көктемдерге  
Іздедім сыңсып аққан составтардан.


 

Махаббат жүректерге жарық берген,  
Әйтпесе ақын жұрты дәріптер ме ең?!  
Сенімнің сексен теңін сертке байлап  
Іздедім арулар көп парктерден.

Сағынып сымбаттымды түледі әр таң,  
(Махаббат машақаты міне, қалқам)  
Дүр сілкіп селебояу сәулелерді  
Жас үміт үзілмеді – жібек арқан.


 

Тоғысар тілегінің нәші мұқым,  
Жігітпін жанары нұр, басы бүтін.  
Мен сені табуға да тиіспін ғой,  
Өйткені өшкен емес жас үмітім!


 

ТӨЗІМДІЛІК ТЕОРЕМАСЫ


 

Төбемде буыршын бұлт көк бауырлап,  
Кеудемнен керуендер өтті ауырлап.  
Көзіме үйезденген үйір жасты  
Қайсарлық кірпігімнен кетті-ау ұрлап.


 

Тас тағдыр табаныма салып әйнек,  
Мұнартты мекен-жердің таңы ләйлек.  
Күрсінді қам көңілді абыз апам:  
“Сырқаттан сарсылдың ғой, жаным-ай”- деп.


 

“Өмір-ай, бақастығың бұл бір маған,  
Қай күні шанағымнан күмбір қағам?”  
Кезенген қақ жүректен мылтығымды,  
Жармасып Жігер атты сындырды ағам.


 

“Тұқыртпа тарлан басты жігіт төмен,  
Күйресін көкірегіңнен күдікті өрең”  
Ұсынды нәзік қолын назырқанбай  
Ең сұлу қарындасым Үміт деген.


 

“Қиынға кезікпеген қай бәтірің,  
Тоң-мұзын жібітеді қайғы ақырын”.  
Тобылғы торы түнде көзімді ашсам,  
Тұр екен Сенім деген әйбат інім.


 

“Үдесі арындардың өскін үнем,  
Мен болам бәйгедегі бесті күрең!”-  
Деп Арман андағайлап тік тұрғызды  
Төсекті түріп тастап пеш түбінен.


 

Күлсе де кешпегендер үштен бір сын,  
Пейілді ақ тілеуден түстендірсін.  
Салауат көксеп жүрген саулығыма  
Мерейін бес бауырдың үстем қылсын!


 

Жанарға жайқалдың да көгал-кілем,  
Санадан саруайымды жоғалды ірең.  
Баршын бас бақыттармен бәлденбесін,  
Өле біл өмір үшін ең алдымен!


 

* * *


 

О, тағдыр, тірлігімде өлең өпкіз!  
(Адамдар – гүлге ұмтылған көбелекпіз).  
Ақынның ақ жүрегін алаң қылған  
Жиһанда жоқ-ау сенен керемет қыз.


 

Ешкімнен емес едім күлкісі кем,  
Параққа жүрегімнен жыр түсірем.  
Жоғалтып алғандайын мені іздейсің  
Жайқалған жапырақтай жұрт ішінен.


 

Ауызға үріп салған үмбет пішін,  
Мұнымды мәртебелі жыр деп түсін.  
Жүз адам тасасында тұрсаң-дағы  
Жанардан ұшырамын құрмет құсын.


 

Осылай өз үлесін тауып түлек,  
Тұрады сайран көңіл сауық тілеп.  
Аққуым, ақын жұрты найзағай ғой  
Ақынға ғашық болу қауіптірек.


 

Ұлт порталы


 

"Ұлт" порталындағы тақырыбы: "САҒАТ ӘБДУҒАЛИЕВ: ТАС ТАҒДЫР ТАБАНЫМА САЛЫП ӘЙНЕК…"


 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар