Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бүгін жазушы Дулат Исабековтің туған күні...

20.12.2016 5025

Бүгін жазушы Дулат Исабековтің туған күні

Бүгін жазушы Дулат Исабековтің туған күні - adebiportal.kz



ДУЛАТ.jpg


Жазушы, драматург Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1966). Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967–1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968–1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971–1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976–1980), Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық редакциялық коллегияның бас редакторы (1980–1988), Қазақ теледидарының бас директоры (1988–1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992–1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының директоры болып істеген. Қазіргі күні «Мәдениет» журналының бас редакторы қзыметін атқарады.

Алғашқы әңгімесі «Жолда», «Замандастар» атты жинақта 1963 жылы жарияланды. Кейін «Бекет» (1966), «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер», (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980) романы басылды. Таңдамалы повестері «Екі жиырма» (1983) деген атпен жарық көрді. Бірқатар шығармалары орыс тілінде аударылып, «Полынь» (1978), «Отчий дом» (1979), «Смятение» (1986), «Новоселье в старом доме» (1986) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды.


«Ректордың қабылдау күндері» (1975), «Әпке» (1977), «Ертеңді күту» (1979), «Мұрагерлер» (1982), «Алыстан келген ананас» (1984), «Кішкентай ауыл» (1986), «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Бонапарттың үйленуі», «Мұңлық-Зарлық», «Амал мен айла» т.б. пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды. Таңдаулы пьесалар жинағы «Жеті желкен» деген атпен 1987 жылы жарық көрді. Жекелеген туындылары бойынша «Гауһар тас» (реж. Ш.Бейсембаев, 1975), «Дермене» (реж. А.Әшімов, 1986), «Тауқымет» (реж.Ұ.Қолдауова) көркем фильмдері түсірілді. Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығының (1985, «Мұрагерлер» пьесасы үшін), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1992), Халықаралық ПЕН клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты (2006).


Дулат Исабеков қаламгерлігімен қоса, қоғамдық белсенділігімен де ерекшеленетін қайраткер тұлға. «Әдебиет порталы» классик жазушыға ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейді.


adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар