Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жариялайды. Құжаттар 2018 жылдың 1 тамызына дейін қабылданады.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы - ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында жыл сайын ұсынылады.
Байқау – эстрада, классикалық музыка, халық шығармашылығы, әдебиет, театр және кино, журналистика және қоғамдық қызмет, спорт, дизайн және бейнелеу өнері, ғылым номинациялары бойынша өтеді.
Халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен Қазақстан Республикасының 29 жасқа дейінгі азаматтары сыйлық алуға үміткер бола алады.
«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды ұсынуды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалардың өкілдері жүргiзедi.
Барлық жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «2017 жылғы Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, және олар дипломмен, төсбелгілермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Толық ақпаратты ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ресми сайтынан алуға болады.
Ізденушілердің жоғарыда аталған құжаттарын 2018 жылғы 1 тамызға дейін Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаменті келесі мекенжай бойынша қабылдайды:
Астана қаласы, Мәнгілік ел көшесі, 8, Министрліктер үйі (15-кіреберіс), 8/7172/74-13-85, 8/7172/74-18-43, 87019981988, zh.zhunusova@diakom.gov.kz.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 шілдедегі № 597 қаулысы.
"Мемлекеттік жастар саясаты туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидалары;
2) "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының номинациялары бекітілсін.
2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгіленген тәртiппен республикалық бюджеттен "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарына ақшалай сыйлық төлеуге қаражат көздесін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының |
|
Премьер-Министрі |
К.Мәсімов |
Қазақстан Республикасы |
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидалары
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 13.07.2017 № 427 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен
1. Осы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру тәртібін айқындайды.
2. "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы (бұдан әрі – сыйлық) жемiстi ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында жыл сайын осы қаулымен бекітілген номинациялар бойынша беріледі.
3. Сыйлықтың ақшалай мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi жыл сайын белгiлейдi.
4. Өтінімдер қабылдау аяқталған кезде 29 жасқа дейінгі, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал ететін кандидаттар сыйлық алуға үміткер болады.
Сыйлық бір уақытта әр номинация бойынша екіден артық емес ізденушіге берілуі мүмкін, бұл жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Сыйлықты қайта беруге жол берілмейді. Бiр кандидатураны бiр номинациядан артық сыйлық алуға ұсынуға болмайды.
Cыйлық авторлар ұжымына берiлсе, оның ақшалай бөлiгi олардың мүшелері арасында тең бөлiнедi.
5. Сыйлық алуға кандидатуралар ұсынуды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар жүргiзедi.
6. Сыйлық мемлекеттік жастар саясаты саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) жанынан арнайы құрылған "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімі негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен беріледі.
Комиссия уәкілетті органның, орталық мемлекеттік органдардың, өз міндеттерін қоғамдық бастамаларда атқаратын шығармашылық одақтардың және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалардың өкілдерінен құралады.
Комиссия құрамы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.
Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және он бес адамнан кем болмауға тиіс. Комиссия мүшелерi Комиссия қызметiне алмастыру құқығынсыз қатысады.
Комиссияны төраға, ал ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары басқарады.
7. Сыйлық алуға өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыру өтінімдерді қабылдау мерзімі басталғанға дейін кемінде төрт ай бұрын уәкiлеттi органның интернет-ресурсында орналастырылады.
8. Сыйлық алуға өтінімдерді қабылдау бұл туралы хабарландыру жасалған кезден басталады және сыйлықтар салтанатты жағдайда тапсырылғанға дейін төрт ай бұрын тоқтатылады.
9. Орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды қағаз және электрондық түрде жібереді:
1) кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі;
2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша тіркеу өтінімі;
3) қолдаухат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;
4) марапаттау дипломдарының, грамоталарының, алғыс хаттарының көшірмесі (болған жағдайда);
5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақаланың, жарияланымдардың көшірмесі (болған жағдайда);
6) кандидаттың жетістіктерін растайтын өзге де материалдар (болған жағдайда).
Уәкiлеттi орган сыйлық алуға ізденуші бойынша келіп түскен құжаттарды қабылдап, бір күн мерзімде тіркейді және Комиссияның қарауына ұсынады.
10. Комиссияның спектакльдерді, кино және телефильмдерді, көрмелерді қарауын, концерттік бағдарламалар, сондай-ақ музыкалық және әдеби шығармаларды тыңдауын, ізденушінің қызметімен танысуын ұйымдастыру ұсынушы ұйымдарға жүктеледі.
11. Сыйлық алуға ұсынылған кандидатураларды Комиссия екi кезеңде қарайды.
Бірінші кезеңде жан-жақты қарау мақсатында Комиссия мүшелерінен мынадай бағыттар бойынша 6 секция құрылады: "Эстрада, классикалық музыка, халық шығармашылығы", "Әдебиет, театр және кино", "Журналистика және қоғамдық қызмет", "Спорт", "Дизайн және бейнелеу өнері", "Ғылым".
Секция қызметін Комиссия мүшелерінің ішінен Комиссия төрағасы тағайындаған жетекші басқарады.
Секция отырысы хаттамамен рәсімделеді, қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды және Комиссияның қорытынды отырысына қарауға беріледі.
Екiншi кезеңде – Комиссия сыйлық беру туралы шешiм қабылдайды.
12. Комиссияның сыйлық берілетін кандидатураны бекіту туралы шешiмi Комиссия отырысында қарапайым көпшiлiк дауыспен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Қажетті дауыс саны болмаған жағдайда, сыйлық берілмейді. Егер отырысқа Комиссия мүшелерiнiң үштен екiсiнен астамы қатысса, ол заңды деп есептеледі.
13. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді және оған қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.
13-1. Уәкілетті орган Комиссия шешімінің негізінде сыйлық беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесіне оларды беру жылының 1 қарашасына дейін енгізеді.
14. Сыйлық беру туралы шешім Қазақстан Республикасының Үкіметі оны қабылдаған кезден бастап күшіне енеді. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сыйлық беру туралы қаулысы бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жарияланады.
15. Сыйлық алған адамдарға "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты" атағы беріледі, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық табыс етiледi.
16. Сыйлықтар салтанатты жағдайда беріледі, марапаттау рәсiмi Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнiне орайластырылады.
17. Лауреаттың төсбелгiсi мен дипломының сипаттамасын Комиссияның төрағасы бекiтедi.
"Дарын" мемлекеттік жастар |
|
Нысан |
Тіркеу өтінімі
Аты ______________________________________________________
Әкесінің аты (болған жағдайда) _______________________________
2. Туған күні _______________________________________________
3. Ұсынушы ұйымдардың толық атауы _________________________
___________________________________________________________
4. Номинация ______________________________________________
5. Білімі ___________________________________________________
6. Ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы ____________________________
___________________________________________________________
7. Ағымдағы қызметі (кандидаттың жұмыс орны, лауазымы/оқу орны
____________________________________________________________
____________________________________________________________
8. Жұмыс өтілі (жұмыс істейтін азаматтарға) _____________________
9. Тұрғылықты мекенжайы ____________________________________
10. Байланыс телефоны _______________________________________
11. Электрондық пошта _______________________________________
Ұйым басшысы
___________________ ________________________________
(қолы)Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)
Мөр қою орны
20 __ жылғы "___" ____________________
Қазақстан Республикасы |
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының номинациялары
"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы мынадай номинациялар бойынша беріледі:
1. Әдебиет.
2. Ғылым.
3. Дизайн және бейнелеу өнері.
4. Журналистика.
5. Классикалық музыка.
6. Қоғамдық қызмет.
7. Спорт.
8. Театр және кино.
9. Эстрада.
10. Халық шығармашылығы.
Қазақстан Республикасы |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Дарын" мемлекеттiк жастар сыйлығы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы
7 тамыздағы № 983 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 33, 311-құжат).
2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі № 1038 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 30, 335-құжат).
3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 26 тамыздағы № 897 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 30, 418-құжат).
4. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер енгізу және Қазақ КCP Министрлер Кабинетiнiң, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметінің кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 қыркүйектегі № 964 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 36, 500-құжат).
5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 22 тамыздағы № 797 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 32, 341-құжат).
6. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 15 желтоқсандағы № 1318 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 80, 695-құжат).
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.