Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Дидар Амантай. Ашық әлем философиясы...

26.09.2019 5987

Дидар Амантай. Ашық әлем философиясы 18+

Дидар Амантай. Ашық әлем философиясы - adebiportal.kz

Қазақ ПЕН-клубы ұйымдастырып отырған дөңгелек үстел тақырыбына орай:

Алматы қаласы, 25-27.09.2019

Тәңірі, он сегіз мың ғаламда жабық есік жоқ.

Дүние – ашық.

Бітеу саңылау, үзік жол, қозғалмайтын кеңістік – кешегі таным сипаттары. Атомды жардық, жарықтың үзік-үзік әрі толқынды кванттық тұлғасын көрдік, тыныштық салыстырмалы екенін аңғардық. Бір жерде қозғалмай тұрған ештеңе жоқ. Бәрі жол үстінде, дербес уақыты бар, алайда, кеңістіктегі орны өзгеріп отырады.

Өмірі – көшпелі, өзі – бейнетқор. Әлемде бар нәрсе көшіп-қонып жүреді. Шексіз көш, мұраты беймәлім, бағдары көмескі.

Ой да көшпелі. Адам ойына сыйған дүние жүзі адамзат санасына айналады. Тіпті, ұлы әлемнің өзі өсіп келеді.

Әуелі сөз нүкте болды. Қара ноқатты жарып шыққан сәуле ұшқындап біздің не алдымыздан, не соңымыздан көрінеді. Ғарыштың қай түкпіріне қарасақ та, жұлдыздар бізден алыстап бара жатыр. Көз жіберген сілемдер үрген шар тәрізді бетіндегі дақты ұлғайтып қашықтай түседі.

Жабық нәрседе болашақ жоқ. Болашағы – қаза. Ашық жүйеде ғана даму бар. Бәсеке дегеніміз ашықтық. Бір-бірімен таласа алған, бәйге шапқан арғымақтар ішінен ғана топжарған күлік танылады.

Өнердің есігі шалқасынан ашық. Әр нұсқасы – еркіндік символы. Бодан өнердің босағасында қабаған ит байланып жатады. Оңға бассаңыз, орнынан арсылдап көтеріледі, солға бұрылсаңыз, қаумалай үреді. Тек алға жүруіңіз керек. Бірақ, космоста алды, арты деген түсінік жоқ. Тек әр нәрсенің өз маршруты бар.

Жабықтың антонимі – мөлдірлік. Шын талант – мөлдір. Шынайылық та мөлдір. Бұлыңғырдың бәрі де әлсіз. Әлсіз жарық – бұлыңғыр. Күңгірт – ала көлеңке атауы. Ала дегеніміз ойдым-ойдым дүние. Бүтін емес, жарты, яғни – кемеліне келмеген, тұтастығы жоқ, кем нәрсе.

Ашықтық – екі жақты құбылыс. Құшақтағанды – құшақтайсың. Жабық құшақтың көңілі де жабық.

Жабық, демек, қамауда. Өзін өзі қамайды немесе сыртқы күштердің тұтқынында жүреді. Біреуді ұлтшылдық байлайды, біреуді ұлтсыздық шырмайды.

Жамандықтың түрі көп, тегі жалғыз – жабықтық немесе қараңғылық. Жабық жүйе көрер көзді жабады. Соқыр қылады. Соқыр жақсылықты көрмейді. Тек жамандықты алға тартады.

Өмір ашық кеңістікте ғана өмір сүреді. Жабық жерде өмір өледі. Жасыл желек Күн көзінсіз не істер еді, зағип адам жарық дүниеде өмір сүріп отырғанына қаншалықты сенімді. Ғарып-қасердің санасында әлемнің формасы бар ма.

Көкірек көзі бітеу, санасы саңылаусыз, төбесінде тесігі жоқ адам, тіпті, жамандық пен жақсылықты да айырмайды.
Қолданыстан шыққан тіл неге құриды, себебі дамып келе жатқан адамзат қоғамын, оның технологиялық жетістіктерін, рухани табыстарын кейіптейтін жаңа сөздерді бойына сіңіре алмайды, өйткені қолданыста жоқ. Тірі емес, өлі. Яғни, жабық.

Ұлт әдебиеті әлемге ашық болуы тиіс. Жаңа ағымдар, жаңа үлгілер, жаңа стиль немесе жазу мәнері бізге таңсық емес, етене таныс болғаны абзал.

Жаңа тәсіл ескіні жоймайды, байытады, баптайды. Кешегі жазушылық дәстүріне жаңа жазу мәнері қосылады. Үйренеді не жиренеді.

Тіл құнары жойылмайды, кітапханаларда сіресіп қаланып тұрған классикалық әдебиет ешқашан қолданыстан шықпайды.

Демек, ашықтық бес нәрсені күшейтеді: бірінші, жазу мәнеріне әсер етеді, екінші, ойды дамытады, үшінші, тақырыпты кеңейтеді, төртінші, таралымы көбейеді, бесінші, ұлт құндылықтарының насихат аясын ұлғайта түседі.

Жабық кеңістіктің зияны көп.

Ашық әлем жабық әлем қақпасын шалқасынан ашады.

Өзін ашқан тұлға өзгені де ашады. Бір жақты ашықтық жоқ. Ашықтық қашанда жасампаз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар