Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Дидар Амантай: Құданың құдыреті...

22.12.2016 3184

Дидар Амантай: Құданың құдыреті

Дидар Амантай: Құданың құдыреті - adebiportal.kz


(Өміржан Әбдіхалықтың "Құдайы" туралы)


омиржан.jpg

Осыдан бір жыл бұрын порталымызға Өміржан Әбдіхалықұлының "Құдай" атты әңгімесін жариялаған едік. Бүгін белгілі жазушы Дидар Амантай сол әңгімеге қатысты пікірін  жолдапты. Назарларыңызға ұсынамыз. 


Adebiportal.kz


Әбді. Меніңше, әдді сөзінен шықса керек. Қазір ұмытыла бастаған, кеше белсенділігімен танылған сөз. Араб тілінде мәңгі, яғни шексіз деген түсінікті береді. Шексіздің бәрі мәңгі өмір сүреді.


Халық – әбді. Мәңгілік. Әбді халық – Тәңірдің перзенті. Рухы биік, ғұмыры – ұзақ. Тағдыры – кітаби. Адамзат тарихындағы аңыз-әфсаналық уақиғалар жүріп өткен жолдың ізіне айналып, таңбаланып кітап беттеріне түседі.


Қаріп – таңба. Сөйтіп, қаріп мәнге ие болады. Таңбаланған тарих есте қалады да, таңбасыз жұрт тарихынан айырылады. Таңбалар – тарих қаламгері.


Қазір таңбалар көбейген шақта, жұрт тарихынан адасты. Таңбалар тізбектері кітаптың бетіне, тарихтың жолына сыймай жатыр. Себебі, тыйым жоқ, жақсы мен жаманды айыратын уақыт жоқ, қаламгер көз алдынан тізбектеліп өткен нәрсені тегіс таңбалап жатыр, өйткені әдді бар, бір қолдан шығатын бір қаралық қадау-қадау кітаптар, енді миллиондаған таралыммен жарық көріп отыр.


Ертеде өмірдің жаны бар еді. Қазір жансыз қоғам қалыптасты. Жаны бар нәрсенің бәрі тірі емес. Өмірдің де өлісі болады. Сондықтан, нағыз өмір – кітапқа жан беретін уақиғалар. Тегінде, сонда ғана өмір – жан, әбді – халық.


Өміржан Әбдіхалықтың уақиғалары қандай?


Жақсы. “Құдай” деген әңгімесін оқыдым. Тілі – байтақ, шеберлігі – шексіз. Бірақ, кешегі машықтан қалған атавизм де көрініс беріп қалады.


Біз нені айтып отырмыз? Бірінші, шығармада бос сөз жоқ. Періштедей емес, Ібіліс бар. Екінші, мәтіні – нығыз. Үшінші – баяндаудан бас тартқан туынды, суреттен, яғни суреттеуден тұрады. Құптарлық жайт. Төртінші, ешкімнің алдында кіріптар немесе тәуелді емес, дербес, еркін, тіпті, қала берді, тентек. Қаһарманын қолынан жетектеп, уақиғасын соңынан жетелеп ешкімнің алдына бармайды, таныстырмайды, ақталмайды, қорықпайды, желе кідірмейді де, оза шауып алға шықпайды да, бейтарап, немқұрайды қалпы, жан-жаққа көз тастамай, алды-артына қарайламай, сенімді, бірқалыпты ілгері жүріп отырады.


Бесінші, соңына қарай тынышы кетіп, көңіліне күдік үйіріледі, оянған ниетіне күмән түнейді. Қаңғып елді кезген Ібіліс санасын паналап, ақыл-ойын билейді. Осы жұрт мені түсінбей қалды-ау дегендей... алтыншы, қалам еркіндігінен айырылып, сенімсіз көңілдің тұтқынына түседі. Ары қарай бүкіл шығарманы бүлдіру Ібіліске сөз боп па...


Жетінші, көп нүкте көп... Ол да сенімсіздіктің белгісі. Автор әңгіме соңында жұртқа кенеттен ақыл айтып кетеді, айтқан ақылы біртіндеп моральға айналып, белгісіз біреу автордың жүгін жеңілдету үшін жазған хатқа ұласады. Бұл екі жайт та көркемдікке нұқсан келтіреді. Үшбу хатты несіне қосқаны, шынында, қай сасқаны.


Әңгіме мұратын әңгіменің ішінде түсіндіру – әдеби-көркемдік қылмыс. Ол үшін Ібілісті дарға асамыз... бірақ, ол ертеңіне қайтадан басқа текстен көрінеді.


Жалпы, автор кейіпкердің не қазақ, не мұсылман екенін білдірмеу керек еді.


Ібілісті жеңген Өміржан Әбдіхалықтың сенбеген “Құдайы” осындай. Оқыдым. Рақат таптым. Осы күйінде де, бұл – үздік шығарма, тақырып тұрғысынан да, машық тұрғысынан да. Бірақ, “Құдайды” танудың шегі бар ма?   



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар