Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Дидар Қайрат. Жолайрық...

18.05.2021 4900

Дидар Қайрат. Жолайрық

Дидар Қайрат. Жолайрық - adebiportal.kz

Заманауи сурет өнері туралы сөз қозғалса, «түсініксіз шимайға» теліп, ат тонын ала қашатындар бар. Иә, эксперимент көп, бірақ оның бәрі де сәтті деп айта алмаймыз. Дегенмен жасалған қадамға оң немесе теріс пікірдің айтылғаны дұрыс деп ойлаймыз. Бүгін біз суретші Шаттық Батан шығармашылығындағы эволюция туралы жазып көрдік.

Егер сіз Ежелгі Египеттің қатаң заңға бағынған колонналарындағы бейнелер мен Гректердің мүсіндеріне қарасаңыз адамзаттың өнердегі жасаған жарылысына куәгер боласыз. Ескі ережелермен жаңа идея ұштасқан осы кезеңде өнер дамып, тынысы біршама кеңейді.

Біз жатырқай қарайтын кейбір бағыттар баяғыда қоғамға сіңіп, түрлі жарнамаларда, архитектурада, медиада өз орнын иеленген.

​«Көргеніңді сал» дейтін ереже іргесін шайқалтқан импрессионистердің «ғылыми нақтылығы» шарықтағанда өнерде өзгеріс болды. Бұл өзгеріс – қылқаламның құдіретімен көргеніңді ғана емес, сол мезеттегі сезімді, күйді жеткізу. Бүкіл әлемнің назарын аударған Ван Гогтың «Жұлдызды аспаны» соның бір айғағы.​

Қазақ суретшілерінің арасында жаңалыққа ұмтылыс жасап жүрген қылқалам шеберлері де аз емес. Сурет өнерін сүйер қауым үшін, Шаттық Батанның назарымызға іліккен бірер картинасы жайлы аз-кем сөз қозғасақ.

Мына майлы бояумен салынған туынды авторы кеңістікті жеткізу барысында біршама батыл қадамға барады. Табиғатты қаз-қалпында бейнелеуден бастартып, түстерді пайдалануда қалыптасқан шарттарға бой алдырмай сол мезеттегі күйді жеткізеді. Жаздыгүні шақырайып тұрған күн қараша үйге, алдындағы көкмайсаға және ағаш жапырақтарына сәулеленіп түседі. Еркін жағылған түрлі бояулар астасып, жаз көрінісіне қарап тұрған суретшінің кемеріне сыймай үсті-үстіне келіп жатқан толассыз күйін көрсетеді. Мамыражай мезетегі жаздыгүнгі сезім. Бұл шығармада автор сызықтық қағиданың көмегіне сүйене бермей, өз бетінше әсерін жеткізеді. Түртіп жағу әдісімен (пуантилизм) еркін жазылған картинада автор кеңістіктегі бейнелердің ажырап, контурларының жоғалып кетуінен тіпті жүрексінбейді және діттегеніне жетіп, көрініс пен әсер сол мезеттегідей көрерменге жетеді.

Мұндай туындылар Шаттық Батан шығармашылығында аз емес.

Бұл «бояулар күмбірі». Мұнда табиғаттың жаны бар. Сұлулық, тыныштық, үйлесімділік бар.

Шаттық Батанның шығармаларының барлығы «түсінікті» емес

«Карантиндегі қала» атты мына шығармаға үңілсеңіз, жасыл ғимаратқа ұқсас пішін ішіндегі және сырттағы «вирусқа» ұқсас денелерді көресіз. Егер символикалық тұрғыда қарасақ, бұл тараған вирус пен адам баласын салыстырмалы түрде алған бір тұжырым. Біз жер-ғаламға зиян тигізсек, вирус бізге зиян. Бәріміз осы кеңістіктің бөлігіміз. Сары (ашық), қызыл (қауіпті) мен әртүрлі бейнедегі біздер және қоршаған орта. Соңғы кездері суреткер ежелгі материалистердің ойымен ұштасатын осындай туындыларды жазып жүр.

Мысалы, осы картиналар материализм ағымының өкілдері Анаксагор мен Демокрит философиясына келеді. Демокриттің негізгі тезисі – материя шексіз, бөлінбейтін денелерден тұрады. Бұл тезисті нақты неге сүйеніп айтқаны бізге белгісіз. Бірақ Аристотель былай деп болжады: «Егер біз заттардың кез келген бөлшегін бөле алатынымызша бөлсек, бізге ары қарай бөлінбейтін кіп-кішкентай түйіршіктеріне жетіп, тоқтауға тура келеді. Бұл кіп-кішкентай бөлінбейтін денелерді Демокрит атомдар деп атады», (грек тілінде бұл сөз «бөлінбейтін» дегенді білдірді) (Aristotle, GC 1.2.).

Ұсақ бөлшектерден, клеткалардан, қанымызда жүретін ұсақ түйіршіктерден (эритроциттерден) тұратынын ойға алсақ, бәріміз сансыз бөлшектерден құралған, осы алып ғаламның бір ұсақ бөлшегіміз. Біздің көңіл-күйімізге де серотонин (бақыт гормоны), дофамин (махаббат гормоны) сияқты атомдардың да әсер ететіні де белгілі. Яғни дүниедегі әр нәрсе осы кішкентай заттарға тәуелді.

Демокриттің мына пікірі соны дәлелдей түседі, «Бүкiл болмыс көзге көрінбейтін майда бөлшектерден – атомдардан құралған, атомдардың формасына қарай ғарыштағы барлық нәрселер түрліше болады. Тіпті тірі зат, сондай-ақ адам және оның «жаны» да атомдардан жаратылған. Сансыз атомдардан тыс, жаратылыс шексіз кеңістіктен де тұрады. Атомдар міне осы кеңістікте тоқтаусыз қозғалыста жасайды. Бүкiл болмыс, біздің ойымыз бен сезіміміз осы атомдардың қозғалысы нәтижесінде пайда болады. Атомдар мен олардың қозғалысы мәңгілік. Еш нәрсе жоқтан бар болмайды, еш нәрсе бардан жоқ болмайды. Табиғаттағы өзгерістер атомдардың бір жағдайдан екінші жағдайға өтуінің нәтижесі ғана».

Біз осы ғаламнын кішкене ғана тұрғындары, күн сәулесінде ғана көрінетін шаң-тозаңдай ғана бөлігі екенімізді, Шаттық Батанның өзгеше тәсілмен салған картиналарынан көрдік. Суретші өз қиялында бәлкім өзге биікке ұмтылған болар. Бәлкім антикалық тұңғыш энциклопедиялық ақыл иесінің сөзін полотно бетіне түсіремін деген ойы да болмаған шығар. Бірақ сол тереңдік осы жаңа тәсілдерде көрініс тапты.

Бұл көк пен жердің байланысын әспеттеген шығармада жеті қат көк пен жеті қат аспан арасындағы атомдар, яғни, тіршілік бейнеленгендей. Бұл жерде тіпті ислам, түркі мифологиясындағы қабаттарға «пасxалка» жасалуы мүмкін. Әр көрермен әртүрлі күй кешіп, өзіне керектісін табатын туынды. Картина да осыған лайық. Шешім көрерменге қалады.

Суретші өнер арқылы бір мәнді айтты деу қателік болар. Себебі осы өзгеше бағыттағы шығармаларының кейбірі басқа бір кеңістікке бастайды. Онда Ван Гогтың мәнері байқалатын мына суретте табиғаттың сұлулығын қылқалам шебері өз бетінше жеткізеді.

Сюрреализмге келетін мына картинаға назар салыңыз. Әлемді таңдай қақтырған сюрреалистер бар. Ал біз неге бұл бағытқа үрке қараймыз?

Алайда дәстүрлі қағидадан аттағанның бәріне жаңашыл деп айдар тағу тағы да қателік. Еліктеу мен суретшінің өз мәнерін қалыптастыруын, өз кеңістігін жасауын шатастырмау керек. Бұл жағынан автордың өз қолтаңбасы бар. Қолтаңба демекші, абстрактілі живописьте өз мәнерімен тарихта қалған, атақты эспрессионист Марк Ротко мен Шаттық Батанның «Сұхбатын» атап өтейік.

Шаттық Батан салған мына картина «Роткомен сұхбат» деп аталады. Көңілде айтылмай қалған сөздер болады. Жеткізе алмайтын сезімдер болады. Жан тереңінде діріл қаққан сезімдер полотно бетіне түрлі түстермен төгілгенде, сезімталдық пен экстазға толы белгісіз әлемге қадам басасыз. Бұл Ротко әлемі.

Ал осы картина бетіндегі Шаттық Батанның салғаны Роткомен сұхбаты. Кеңістікті басып өтіп, суретші суретшімен тілдеседі. Бұл туындыны қабылдау рухани дайындықты қажет етеді. Әрбір төртбұрышта берілген түстер Ротконың айтылмай қалған, ауада ғана қалқыған көңіл күйін жеткізсе, Шаттық Батан осы жан сөздерін жазып шығады. Оған жауапты да бейнелеген. Түстер арасында діріл қаққан бейнелердің тілін түсінбегенімізбен, көңіл көкжиегінен көз тастап, ондағы мәнді іштей болжаймыз.

Бұндай батыл қадамдарға бару – Шаттық Батанның танымал болуды немесе ерекшеленуді қалауынан емес шығар. Біз бұдан тек шығармашылық еңбекті көре аламыз. Шудың арасында өз үніңді шығару оңай емес. Сол сияқты қолтаңба қалыптастыру үшін де эксперимент керек. Шаттық Батан еңбегі оң нәтиже берген сияқты. Картиналарын xронология бойынша көріп шықсаңыз, шығармашылық эволюциясына куә боласыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар