(Алас тайпасы туралы аңыз)
Мен бұл аңыз-әңгімені бұдан елу жыл бұрын ел кезіп жүретін әлдебір емші шалдан естігем. Естігенде де жай бір жағдайда емес, көлденең жабысқан кеселден есімді енді жия бастаған кезімде. Сол сәттегі аурумен арпалысқан жай-күйім мен жанымда сақалын сипап қойып, есте жоқ ескі заманнан сөз қозғап отырған ақ шапанды ақсары шал есіме түссе, қазірге дейін қарадай денем тітіркенеді. Рас, сондағы менің жайым да мәз емес, шалдың әңгімесі де тым ауыр еді.
Жә, бәрін де басынан... Алтыншы класта оқитын кезім. Көктемгі каникулда Алтайдың бір қойнауында қой бағып отырған әке-шешемнің жанына барғанмын. «Оқудан шаршап келген» мені қой соңына салып, қотыр тай мінгізген ешкім жоқ. Мектеп кітапханасынан көтеріп келген бір құшақ кітабымды күні бойы оқимын да жатамын. Күндіз бес жасар інімнен басқа жанымда жан баласы болмайды. Оның да менде шаруасы аз, бір бұрышта күбір-күбір сөйлеп асығын ойнайды да отырады. Кейде шешеммен бірге қозы бағып кетеді. Әкем болса таңертеңнен кешке дейін өрісте. Ал менікі тек үйде жатып кітап оқу. Үйдің де үй дейтіндей сиқы жоқ. Қарағайдан қиып салған жалғыз бөлме. Есік жақтағы бұрышта – бүйірі жыртық темір пеш. Төрде – қабат-қабат етіп жинап қойған жүк: көрпе-жастық, матрас. Оң жақтағы қабырғада – төрт шынылы кішкентай терезе. Оның бір көзі ылғи ашық тұрады. Есікті біреу ашып қалса болды терезеден ұрған жел өңменіңнен өтеді. Ең тамашасы сол, менің мектеп кітапханасынан алып келген кітаптарымның бірінен бірі қызық болып шыққан. Қайсысын бастасам да аяғына жеткенше асығамын. Қайсысын оқысам да сиқырлы-сырлы таңғажайып әлемге тап боламын. Иә, қай жағыма қарасам да... қызылды-жасылды, айшықты-өрнекті, құпиялы-жұмбақты бір керемет дүние! Осынау сан түсті, сан бояулы, тағдырлы-тартысты өмірдің ішіне кірген сайын өзімнің жалғыз бөлмелі жаман қараша үйде жатқанымды мүлде ұмытып кетемін. Ұмытқаным сондай, бірде Капитан Гранттың балаларымен бірге көк теңізді көктей жүзіп, алыс аралдарға аттанып бара жатамын; енді бірде Том Соэр мен Гекльбериге жолдас болып, қайдағы бір қазынаны іздеп жүремін; одан соң жүк кемелерін тонап жүрген теңіз қарақшыларына ілесемін. Олар біреулерді атса – атуға, шапса – шабуға дайын екенімді сеземін. Ал осы «достарым» әлдебір сәтсіз жағдайға ұшырай қалса, «ой, әттеген-ай!» деп орнымнан атып тұратын да кездерім болады.
Сонда ғана мен байқұс жаңағы көк теңізде де, қазына аралында да емес, қойшының қоңыр үйінде жатқанымды біліп, біртүрлі көңілсіз күйге түсемін. Сосын шалқамнан жатқан күйі үйдің көптен бері әктелмеген кір-кір төбесіне қадала қарап, ұзақ-ұзақ қиялға батамын. Кластас достарымды таңқалдыратындай не істеуге болады деп ойлаймын. Жасым болса да он бірге келді. Бірақ осы уақытқа дейін біреуді елең еткізетіндей ештеме істемеген екенмін. Сабаққа үнсіз барып, үнсіз қайтқанымнан басқа бітіріп жүрген түгім жоқ. Ал мендей анау Том Соэрді қарашы! Қандай тапқыр да табанды бала. Сол мінезінің арқасында әне, бар мақсатына жетті, тынбай іздеп жүріп тығулы жатқан көмбенің көзін ашты. Сөйтіп бір-ақ күнде бүкіл жұртты таңқалдырып, шылқыған бай боп шыға келді. Ал менің... жыртық шұлықтан башпайым шығып жатқан түрі мынау. Не істеймін? Қалай ба-ай адам болуға болады? Шіркін-ай, бір ғажайыптың күшімен әлдебір жерде көмулі жатқан дорба-дорба алтын-күмісті тауып алсам ғой... Алтын-күміс! Жарқ-жарқ еткен асыл тастар! Әншейінде әншілер «Алтын Алтай» деп ән салады. Сол алтыны қайда оның? Соны қалай табуға болады?.. Тоқта. Баяғыда біздің елдің байлары Қытайға қашқан кезде бар байлығын осы жаққа тығып кеткен деуші еді. Мүмкін соларды іздесем қайтеді? Ойым сан-саққа кетіп дөмбекши беремін. Ақыры бұл ойымнан түк шықпайтынына да көзім жеткен. Қоржын-қоржын алтынын оп-оңай жерге жасырып кететін сол байлар ақымақ дейсің бе. Жоқ, басқа, басқадай қазына іздеуім керек.
Өстіп миымды мың-сан ойлар шырмап жатқанда... кенет тарих-мұғалімнің бір сөзі есіме түсе қалған да, қуанғаннан орнымнан ұшып тұрғанмын. Бірде ол ауыл шетінде ұзыннан ұзақ созылып жатқан обалар тізбегін бізге көрсетіп тұрып: «Бұлар – мыңдаған жыл бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың зираты ғой. Сол кездегі діни ұғым бойынша адам бұ дүниеде жиған-тергенінің қызығын О дүниеде де көрсін деп өлгеннің мүлкін өзімен бірге көмген. Оның ішінде, әрине алтын-күміс, асыл зат та болады. Соны білген өзге жұрттың ұры-қарылары бұларды көп тонаған. Бірақ сау қалғандары да болуы мүмкін» деген. Сондай обалардың бір-екеуі ауылдағы біздің үйдің огородында да бар еді. Әкем картоп егетін жер жыртқан кезде, оларды ылғи айналып өтетін. Неге соны қазбасқа? Қазу керек! Қазамын. Дәл сол екі обаға ешкімнің қолы тимеген шығар... Көзіме жалт-жұлт еткен алтын бұйымдар, небір асыл тастармен безендірілген әдемі әшекейлер елестейді. Сол ғажайып бұйымдар қолыма қазір тиетіндей денем бір ысып, бір суиды. Жүрегім лүп-лүп соғады... Өстіп жатып қалай ұйықтап кеткенімді білмеймін. Және қанша ұйықтағанымды да білмеймін. Әйтеуір, тұяқ серіппей екі-үш сағат қатып қалсам керек. Оянған сәтте дір-дір етіп тоңып жатқанымды сездім. Есік айқара ашық қалыпты. Терезе де ашық. Сырттан соққан суық жел үй ішінде гүлеп тұр. Мана төменгі бұрышта асықтарын мәшін етіп ойнап отырған боқмұрын інім көрінбейді. Есікті ашып кеткен сол екені анық. Байқаймын, мұрным бітеліп қалған сияқты, пыр-пыр етіп әзер дем аламын. Басым мең-зең. Шекем шың-шың етеді. Орнымнан тұра беріп етбетімнен құладым. Қисалаңдап қайта тұрдым. Тізем дір-дір етеді. Тәлтіректеп сыртқа шықтым. Таң атып қалған екен деймін. Күн қып-қызыл болып желке тұсымнан шығып келеді. Батыс жақтан. Бұнысы несі, күн шығыстан шығушы еді ғой деймін. Үйдегілер қайда? Неге бүгін бәрі ерте тұрып кеткен? Бір мезет құсқым келген. Бірақ лоқсып-лоқсыдым да қойдым, аузыма қара судан басқа ештеме келмеген. Сосын басым айналып біраз тұрдым да, тәй-тәй басып келіп үй бұрышында тұрған ағаш шөркеге отырдым. Көзім боталап сонау шығыс белдеудегі таулардың шоғыр-шоғыр қыр арқасына қараймын. Жоқ, таулар емес, жал-жал болып төңкеріліп жатқан көк теңіздің көкдолы толқындары сияқты. Сол толқындарды қақ жарып, әне, Алтайдың Ақсөре шыңы ақ желкенді кемедей әлдеқайда асыға жүйткіп барады. Капитан Гранттың кемесі. Онда ешкімнен, ешнәрседен қорықпайтын теңізші балалар бар. Шіркін-ай, солармен бірге адам аяғы баспаған алыс-алыс аралдарға аттанып кетсем ғой... Күтпеген жерде сол жақ тұсымнан секіре жүгірген аяқ дыбысы естілгендей болды. Жалт қарасам... маған қарай арсалаңдай ұмтылған өзіміздің сабалақ жүнді ақтөс ит екен. Ес жиғанымша үстіме міне түсті де, бетімді жалап алды. «Кет-ей!» деп тұмсықтан бір ұрдым. Жалт бұрылған екі-үш қадам жерге бүлкектеп барып, шоқия отырды. Көзі маған мұңая қадалған. Құдды «бұл адам деген мақұлықты сүйіп алсаң да жақпайсың» деп тұрғандай. Артынша желке жағымнан... сұр шекпені сөлбірейіп, қара бөркі мыжырайып, торы атына миқия мінген әкемді, оның соңынан... інімді қолынан жетелеп, кирзі етігі салпылдап келе жатқан шешемді көрдім. Неге екені белгісіз, олардың осы түрі маған соншама көңілсіз, соншама жүдеу көрінді. Басыма бірінші рет «менің әкем неге қойшы болды екен?» деген ой келген.
– Өй, сен неге сыртта отырсың? – деді әкем атынан түсе беріп.
Үндемедім.
– Балам-ау,мына отырысың не? Үстіңе бірдеме іліп шықпадың ба? – деді шешем жаныма жақын келіп.
– Үндемедім.
– Аға, мен қозылармен ойнап келдім, – деп інім мойныма асыла түскенде ғана селт еттім.
Жүрегім елжіреп кетті. Інімді өте жақсы көруші едім. Томпиған бетінен сүйейін деп орнымнан тұра бергенде... шайқалақтап барып тізерлей құладым. Шекеммен жер сүздім.
– Ойбай, көтек! Мынау ауырып қалған ба?! – деп, шешем де аңырай үстіме құлаған.
– Өй-өй мынаған не болған-ей! – деп әкемнің шошына дауыстағанын естимін.
Шешемнің ып-ыстық құшағы... Бірдеме дегім келеді. Бірақ дей алмаймын. Кеудемді бір нәрсе ашыта түскендей. Басым айналып... жоқ, жер төңкеріле бергендей... Бұдан кейін... әкемнің мені құшақтай көтеріп үйге ала жөнелгені, төр басына жатқызып, маңдайыма суық су басқаны, шешемнің жылап жүріп бір-екі түйір дәрі ішкізгені – бұлдыр-бұлдыр есімде.
...Күндіз бе,түн бе... түсім бе – білмеймін... Менің оқып жатқан кітабымды інім қолымнан жұла қашып, сыртқа қарай зыта жөнелгенін көремін. «Тоқта! Таста кітапты!» деп соңынан қуып беремін. Ол тоқтамайды, сақ-сақ күліп тауға қарай қашады. Мен жанұшыра қуа түсемін. Қолымда теңіз қарақшыларының кольт пистолеті. «Тоқта! Тоқта! атамын!» деймін айқайлап. Ол тоқтамайды, жүгірген бойда жолай кезіккен биік қарағайдың басына өрмелей жөнеледі. Жоқ, қарағай емес, желкенді кеменің биік діңгегі. Інім соның басына шығып алып, қолындағы кітап беттерін жыртып-жыртып желге ұшырады. Мен кольт пистолетімен оны атып жіберемін. Ол шыңғыра құлай береді.
– Әке-е, әке-е! Мен оны аттым, – деймін булыға қыстығып. Әкем маңдайымнан сипайды. Алақаны сұп-суық. Үстінде аппақ шапан. Сақалы да аппақ. Әкемнің сақалы жоқ еді ғой деймін. Сосын... көз алдымда көлбеңдеген жаңағы көп елес біртіндеп алыстай түсті де, жалғыз ғана адамның бейнесі қалған... Сақалы кеудесіне түскен үлке-ен ақсары шал. Сұп-суық алақанымен маңдайымнан сипап қояды. Одан әріде тақыр басы салбырап әкем отыр. Түсім емес – өңім. Елес емес – кәдімгі әкем мен әлдебір шал.
– Батыр, қалайсың? – дейді шал, бадырайған алакөзін маған тік қадап. Денем дір ете қалды да, көзімді жұма қойдым. Бұл кім? Қайдан жүрген адам?
– Аш, балам, көзіңді, – дейді ол әмірлі дауыспен.
Ашпадым. Қорқып жатырмын. Бас бармағын батырып білезігімнен ұстағанын білдім. Қолымды одан жұлқи тартып едім, таскенеше жабысқан саусақтар жібермеді.
– Қорықпа, құлыным. Бұл кісі – емші атаң ғой. Тамырыңды ұстасын да. – (Әкемнің дауысы).
Шал ұстаған бас бармақтың басынан лүп-лүп соққан қантамырдың бүлкілін сеземін. Недәуір уақыттан кейін шал:
– Балаға жел тиген. Шайтан ұрған. Су әкеліңдерші, – дегенін естідім.
Төмен жақтан тырп-тырп басқан аяқ тықыры білінді.
– Ата, айтыңызшы, балаға не болған? Мына дерттен айыға ма, жоқ па? – (Шешемнің дауысы).
– Абыржыма, қарағым, ертең-ақ құр аттай шабады. Қатты жел тиген ғой. Үйде баланы жалғыз қалдыруға бола ма. Ескі-қыстау, иен жер. Жын бар, шайтан бар дегендей...
Бетіме бүркіп жіберген суық судан селк етіп, көзімді қалай ашып алғанымды білмей қалдым.
Шалдың еріні жыбырлап бірдеме оқып отыр. Оқып-оқып алып бетіме «суф» дейді ыстық демімен. Тағы оқиды. Тағы да – «суф, суф». Осыны бірнеше қайталады да:
– Басын көтеріп отырғыз, – деді әкеме.
Әкем желкемнен демеп кеудемді тіктеп отырғызды. Шал орнынан тұрды. Қолында қамшы. Кірпідей жиырыла қалдым. Қазір соғады.
– Кет, бәлекет, кет!
Арқамнан қамшы сипап өтті. Ауырған жоқ.
– Кет, бәлекет, кет! Ойға кет! Қырға! Суға кет! Суф! Суф!
Қамшы арқамнан және сипап өтті. Байқаймын, бойым шынында да жеңілдеп, сергіп қалғандай.
– Енді жылы бүркеніп жат, – деді шал бетіме күлімсірей қарап.
Жаттым. Шал жиюлы жүкке арқасын сүйей отырды. Жерге дастарқан жайылды. Артынша буы бұрқырап қуырдақ, шәй келді. Көрпенің бір бұрышынан сығалай қараймын. Маған көлденең жабысқан кесел-дерттің бірі ойға, бірі қырға кеткеніне сенгендей әкем мен шешем енді жайбарақат шәй ішуге кіріскен.
–Жел тигеннен адам өстіп ес-түсінен айырыла ма, – дейді әкем. – Түні бойы жын қаққандай сандырақтап шығады. Бұл өзі басқа бір дертке ұшыраған жоқ па осы?
Шал жымиып күлді. Сосын шәйын сораптай отырып:
– Қарағым, жел деген оңай жау емес. Баяғыда іргеден соққан жынды желдің кесірінен бір тайпа ел мүлде құрып та кеткен, – деді.
Мен елең еттім. «Жынды желі» несі? Бір тайпа елдің құрып кеткені қалай?
– Қызық екен, – деді әкем таңданып.
– Қызық емес, сұмдық де. Сол сұмдыққа жеткізген – мақтаншақ қатындардың даңғойлығы болған.
Шешем именшіктеп төмен қарады. Бұны байқап қалған шал:
– Шырағым, ол замандағы «қатын» сөзінің қазіргі әйел затына қатысы жоқ. Сонан кейін... мен ауызға алған тайпаның көсемі қоластындағы адамдардың еркегін де, әйелін де кейде «қатын» деп сөйлейтін әдеті болған.
–Ақсақал, сіз бір қызық әңгіменің ұшын шығарып отырсыз. Егер айып болмаса, осы әңгімені түп-түгел айтып беріңізші бізге. Мына бала да тыңдасын, – деп әкем қопаңдай түскен.
– Бала тыңдағанмен қазір бәрін түсінбейді. Тек сөздің ұзын-ырғасы ғана есінде қалады. Бірақ кейін, есейе келе мұндағы әрбір сөз жадында қайта жаңғырып, қатты ойланатына менің күмәнім жоқ.
– Ойпырмай, ішті кептірдіңіз-ау, ақсақал. Айтыңызшы. Бәрін басынан бастаңызшы.
Шал сақалын саумалап біраз ойланып отырды да, тамағын қырнап, бір-екі рет жөткірініп қойды. «Тезірек сөйлесе екен, айтса екен» деп мен жатырмын.
– Ел бар жерде ескіден қалған сөз болады. Ондай сөз атадан балаға, баладан немереге, немереден шөбереге жетіп, ұрпақтан ұрпаққа көшеді. Менің айтқалы ортырғаным да – сол ескілікті сөздің бірі ғой, – деді шал. – Ал енді тыңдай беріңдер...
...Сонау ерте дүниеде, осы Алтайдан айшылық алыс жерде өріс толы малы бар, шаңырақ толы жаны бар, ағаш уықты, киіз туырлықты Алас деген тайпа тіршілік етеді. Оған көршілес көшіп-қонып жүретін, найзасы көк, қылышы көп Мұндар деген тағы бір тайпа болады. Осы тайпа ешкіммен қақ-соғы жоқ Алас тайпасын қайта-қайта шауып, малын айдап әкетіп, жанын байлап әкетіп, әмсе тыныштық бермейді. Аластың алаөкпе жігіттері бірнеше рет өз көсемдерінің алдына келіп: «Алдияр тақсыр, мұндарлар әбден басынып бітті. Атқа қонайық, алдаспанды қыннан суырайық» дейді. Бірақ көсем: «Әлі де шыдайық. Кім не істесе де төзе тұрайық. Бірде болмаса бірде тәубаға келер, ес жияр. Олармен қазір айқасамыз деп онсыз да аз халқымызды қырып алмайық», – деп көпке басу айтып отыра береді. Алайда мұндарлар көсем күткендей «естерін жимайды». Ес жимақ түгіл күн өткен сайын есіре түседі. Есіргендері сондай, бірде бес-алты мұндар тапа-талтүсте көсем отырған орда алдына шаңдата шауып келіп, бұлғарымен оралған ұзынша бір затты есік аузына тастай бере шаба жөнеледі.
Көсем бұлғары орауын ашып қарағанда, ұзыннан қатар салынған екі затты көреді. Бірі – үшкір басына алтын сақина кигізген қара көсеу де, екіншісі – өрімі тарқатылған бұзаутіс қамшы екен.
– Бұл не? – деп көсем жанында отырған көпті көрген, көп жасаған тайпа ақсақалына қарайды.
– Бұл – мұндар тайпасының «бұрымдыңды күң етем, тұлымдыңды құл етем» дегені, – дейді ақсақал.
– Бұл – мұндарлардың өз күшіне әбден сенгені. Сенгені сол – тапа-талтүсте ордаңның алдын шаң қылды. Шаң қылғанды қан қылатын сенен бір адам шықпады. Бұл – тайпаңның намыс оты өшкені. Сен «шыдай тұр да төзе беріңмен» асыл текті Аласты осындай күйге түсірдің, – дейді ақсақал көсем көзіне тік қарап. Сосын тағы сөйлейді. Сөйлегенде бүй дейді:
– Жеріміз жәннат еді, мұндарлар тозақ қылды. Бұл жер енді бізге қоныс болмайды. Алтайдың арғы бетіне өтуіміз керек. Бірақ оған бізді мұндарлар оңай өткізбейді. Олармен жол бойы айқасып-шайқасатын жүректе от, бойда күш бар ма бізде? Әлде шынымен бәрі сөніп біткен бе?
Бастары салбырап үнсіз отырған нөкерлер көз астымен көсемге қарайды. Көсемнің қар жауардай қабағы түйіле түседі, түйілген қабақпен бірге бет-жүзі де түнере береді. Сосын бір сәт орнынан сілкіне тұрып, ту сыртында ілулі тұрған , көптен бері сабына қол тимеген алмас қылышты қынабынан суырып алады. Жарқ еткен қылыш жүзін көргенде, бүкіл орда іші қопарыла тік көтеріледі.
– Алас! Алас! – дейді қылыштарына қол салып.
– Алас! Алас! – дейді сырттағылар найзаларын көтеріп.
– Алас! Алас! – дейді өрістегі малшы менен жалшы да.
– Естідің бе, көрдің бе мынаны! – дейді ақсақал көсемге. – Іштегі алашұбарға, сырттағы қарашұбарға басыңды шұлғи берумен асыл текті қаныңды кеше маңыраған қой еттің, бүгін қылышыңның бір жарқылымен бәрін қайта арыстан қылдың ақырған. Атыңа мін енді!
Көсем атқа мінеді, Тайпа түгел қопарыла тұрады. Бұл – қара күздің аяғы, қақаған қыстың басы еді. Сөйтіп малды-жанды қалың көш шұбыра созылып, Алтайдың арғы бетін бетке алады.
(Емші шал сөйлеп отыр. Үй іші алакөлеңке. Жиюлы дастарқан шетінде білтелі шам өлеусірей жанады. Шешем мен кішкентай інім бір бұрышта пыр-пыр ұйқыға басқан. Шалдың екі жағына жаңбастай қисайып, әңгімені ұйып тыңдап жатқан әкем екеуіміз ғана. Шындығында, мен әңгіме тыңдап емес, бір қызық кино көріп жатқандаймын. Жоқ, қызық емес, үрейлі, қорқынышты кино. Көз алдымда... қым-қиғаш көріністер... Аппақ қарлы асулар... Асу үсті ақ тұман. Ақ тұманға бұлдырай сіңген салқар көш. Құлағыма сыңсыған ән келеді алыстан... «Ауылым көшіп барады таудан асып, таудан асқан бұлттармен араласып»... Бір бүйірден жалаңдаған қылышты, шошаңдаған найзаны көремін... Көшке қиқулай шапқан қалың қол... Азан-қазан айқай-шу... ысқырынған жебелер. Сартылдаған қалқандар. Шыңғырған дауыстар... шырылдаған балалар... Бір көріністен – бір көрініс... көз алдымнан көше береді көлбеңдеп... Көргенімнің бәрі сұмдықтар. Бірінен бірі өтеді. Енді міне... шың басында ауа етпей булыққан адамдар... Құз-қиядан құлдырай құлаған жылқылар... Жол бойы аштан өліп қырылып жатқан қой-ешкі. Құлағыма тағы да зарлай салған ән естіледі алыстан... «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...» Мен көрген кинолардың бірінен де мұндай төбе құйқаңды шымырлатар зарлы әнді естіген емеспін. Мен оқыған кітаптардан да дәл осындай жан түршігер көріністер кездеспеген. Шал әлі сөйлеп отыр...)
– Сонымен, не керек, анау қара күздің аяғында жолға шыққан көш бірде жаудың қылышынан, бірде қыстың суығынан, тағы бір жерде аштық пен індеттен қатары сирей-сирей келіп, келесі көктемнің басында ғана осы Алтайдың бергі бетіне жетеді. Жарым-жартысы ғана. Еркеккіндікті аз қалған. Бала атаулы көзге сирек түседі. Бас көтеріп, қара көбейтіп жүргендердің көбі – қатын-қалаш, қыз-қырқын. Бұны көрген көсем:
– Біз Тәңірдің қатал сынынан өттік. Көздеген жерге жеттік. Әр шаңырақтың уығы сиреді, бірақ қанаты бүтін. Бесігіміз қисайды, бірақ оны түзейтін қолымыз сау. Тәңірім ендігі жерде қатынның көзін бесіктен, құлағын еркектен айырмасын! Тайпаның басты ұраны да осы болсын», – дейді.
Сонда тайпа ақсақалы басын әнтек көтеріп:
– Бұл сөз тайпаның ұраны ғана емес, темірдей берік заңы да болсын! – дейді.
(«Мынау бір қызық ұран, қызық заң екен» деймін мен таңданып. Деймін де әңгімені одан әрі тыңдаймын).
– Жаңа жерге тайпа жақсы орнығады. Аз-ақ жылда өріс малға, қоныс жанға толады. Әр шаңырақтан он-онбестен өріп шыққан өрімдей жастар тайпаның сәніне айналады. Олардың мінгені құйрық-жалы төгілген кілең сәйгүлік, кигендері сусылдаған жібек пен жылтылдаған торқа болады. Кәріде қайғы, жаста уайым болмайды. Жалшы менен малшының жегені алдында, жемегені артында, ауыздарынан ақ май ағады.
(«Па, шіркін», – дейді қисая жатқан әкем тамсанып. Дейді де терең күрсінеді. Мен көрпемді желпіп-желпіп қоямын. Шал сөйлеп отыр).
– Сол заманда, сонау терістікте ағаштан үй, тастан қорған салдырған Орман деген тағы бір тайпа болған екен, – деп шал әңгімесін енді кілт басқа арнаға бұрған-ды. – Күндердің күні ол тайпаның алыс жерден сауда жасап оралған адамдары бірден өз көсемдерінің алдына келеді.
– Алдияр тақсыр, – дейді олар алқына сөйлеп. – Саян тауларының арғы жағынан, Алтай тауының бергі бетінен Алас деген бір тайпаны көрдік. Көріп қана қойғамыз жоқ, екі-үші күн сауда жасап, ішкі тірліктерімен де жақсы таныстық. Мұндай қызық тайпа еш жерде жоқ шығар.
– Ал несі қызық, айтыңдар, – дейді көсем.
– Алдымен таңқалғанымыз, ол тайпаның адамдары алтын-күміс, асыл тас дегенге мүлде қызықпайды екен, – дейді бірі.
– Жоқ, қызығады. Жылтырақты көргенде қатындарының көзі оттай жанады. Бірақ байларына қарайды да, жым болады, – дейді екіншісі.
– Және қызығы, – дейді үшіншісі, – көсемдері әйел затын ерекше ардақтайды екен. Оны мынадан көрдік. Бір жас жігіт көсіліп отырған кемпірдің аяғын аттап өткені үшін көсем оған қырық дүре салдырды.
– О-о! Керемет екен!
– Бізде де солай болса ғой, – деп көсем жанындағылар жаныға түседі.
– Одан да қызығы мынау, – дейді төртіншісі. – Көсем қатындарды ардақтаумен қатар жазалай да біледі екен. Қазан қақпағын ашып кеткен бір келіншектің ол көптің көзінше ұзын қара бұрымын кестіріп жіберді.
– Қой-ей! Бұнысы несі?
– Қақпақта тұрған не бар!
– Мынауың көсем емес, кәззап қой, – деп көсем жанындағылар енді түңіле бастайды.
– Тоқтаңдар! – дейді осы мезетте олардың тайпа ақсақалы. – Көсемнің бұл ісінде астарлы үлкен гәп бар. Сендер сол гәпті түсінбей тұрсыңдар. Көшпенді жұртта «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Бұл – алдымен, тәртіпті меңзейтін сөз. Тәртіп те – қазанның қақпағы сияқты. Ол кетсе, бәрі кетеді. Ұят та, ар да, ынсап та. Көсем соны ишарамен білдірген. Екіншіден , олар үшін қазан – ырыс-несібенің белгісі. Көптің ырыс-несібесі ашық жатса, оған кім қол салмайды, кім тұмсығын тықпайды. Бұл көшпенділер дегенің бәрін ишарамен, ыммен білдіретін жұрт қой.
Дүниеде бізден ақылды ешкім жоқ деп білетін Орман тайпасының адамдары бір-біріне аңтарыла қарайды. Қабақтары түседі, ауыздары салпияды. Артынша әлгі саудагерлердің бірі:
– Бізді тағы бір таңқалдырғаны – көсемдері қайта-қайта қолын жуып отырады екен. Содан ба, алақандары ақ күмістей жарқырайды, – дейді.
– О несі екен?
– Кірпиязын қарай гөр.
– Онда тұрған не мән бар, әншейін әдеті де, – деп бұны әркім әрқалай топшылай бастағанда, тайпа ақсақалы күліп жібереді де:
– Әй, маубастарым-ай, көсемнің қолы таза болса, әмірінің жүргені, айтқанының болғаны емес пе, – дейді.
– Бұл да ештеңе емес, Алас тайпасының ең қызығарлығы сол, олардың еркектері өте ұзақ жасайды екен, – дейді және бірі. – Мысалы, жаңағы көсемнің жасы жүзде болса, тайпа ақсақалы жүз жиырмаға келіпті.
Манадан бері іштей оттапсыңдар деп отырған тайпа көсемі енді ғана селт етіп:
– Ау, басқадан бұрын осыны айтпайсыңдар ма, түге! Олар сонда не ішіп, не жейді екен? – деп күйіп кеткендей болады.
(Емші шал әкеме күле қарап: «Қай заманда қай көсем ұзақ жасағысы кемеген дейсің. Олардың өмірі екеуіміздікіне қарағанда жақсы ғой» дейді. Әкем күлген жоқ. Мен де езу тарта алмадым. Шал әңгімесін әрі жалғаған).
– Олар көбінде жылқының етін жейді, қымыз деген ашқылтым бірдеме ішеді, – дейді әлгі саудагер.
– Көшпенділердің бәрі солай. Бірақ олардың тым ұзақ өмір сүргендерін көргем жоқ. Бұның басқа бір себебі бар, – деп көсемнің басы қатады. Сосын ойлана келіп:
– Жерінің суы қалай? – дейді.
– Біздікі сияқты... мөп-мөлдір.
– Ауасы ше?
– Айырмашылық жоқ... Сүрі қардай сыңғырлап тұр.
– Шөбі?
– Кәдімгі біздің шөп.
– Ол еркектердің қатындары жас шығар?
– Жасы да, кәрісі де бар.
Бұл сөздердің бірі де көсемді қуанта алмайды. Амалы құрыған ол, ақыры:
– Сендер былай... Сол еркектердің өзімен бұл жөнінде сөйлесіп көрдіңдер ме?
– Сөйлестік.
– Иә, олар, не дейді?
– Олар былай дейді... – деп саудагерлер қипақтап қалады. Бұны айтсақ па, айтпасақ па дейтіндей.
– Иә, не дейді олар? Тезірек айтпайсыңдар ма соны?
– Олар былай дейді. «Біздің ұзақ жасайтынымыздың басты себебі... мынау» дейді, – деп және кібіртіктей бергенде, ашуға булыққан көсем қынабынан қылышын суырып алады.
– Бастарыңды шауып тастайын ба осы қазір!
– Ойбай, тақсыр, айтайық, айтайық, – деп саудагерлер жапырыла құлайды. Құлап жатып:
– Олар бізге бір-ақ сөз айтты, – дейді.
– Сонда не дейді?
– «Біздің қатындар аз сөйлейді» дейді.
Көсем сылқ етіп отыра кетеді. Жанындағы тайпа ақсақалы терең дем алып:
– Ал біздің қатындардың аузын бассаң арты сөйлейді. Мұндай жерде еркекте өмір бар ма, – дейді.
* * *
– Жә, Орман тайпасы өзімен кетсін. Енді өз тайпамызға қайта оралайық, – деп шал әңгімесін әрі созған. – Расында, Алас тайпасының қара қазығы қатындар болады. Тайпа солардың арқасында гүлдейді, бүрлейді, іргесі мықты,керегісі кең үлкен қауымға айналады. Көсем олардың төбесінен құс ұшырмайды, үнемі қолдап, қолпаштап отырады. Не сөйлесе де «біздің қатындар» деп сөйлейді. Кейде бұл сөзі еркектерге де қаратылып кетеді. Бұған күлетін түк жоқ, біздің бөріктілердің ішінде де шашы ұзындары болады ғой...
(Шал еңкейе созылып менің тақыр басымнан сипап қойған. Алақаны сап-салқын екен. Тегі ыстығым әлі қайтпаса керек).
– Бөріктілер демекші, – дейді сосын ол. – Бұл тайпаның еркектері жылына бір-екі рет алыс тауларға аттанып, біраз күн аң аулап, саятшылап қайтатын әдеттері бар екен. Бірде сол әдеттерімен садақтарын асынып, қыран бүркіттерін қолға отырғызып, ұшқыр тазыларын алға салып, тау асып кете барады. Құрым киізді қоңыр үйлерде тек қатын-қалаш, қыз-келіншектер ғана қалады. Міне бар бәле осы кезден басталады. Қалай дейсіңдер ғой? Былай. Дәл осы күндері, қас қылғандай, тайпаның ең кәрі кемпірі – көсемнің шешесі көз жұмады. Қатындар қатты абыржиды. Қабір қазатын бір еркек жоқ. Күн болса, ыстық. Мәйітті тырайтып жатқыза беруге болмайды. Амал жоқ, қатындар қолдарына бір-бір күрек алып, сонадай жердегі көкшіл белдің үстінен көр қазуға өздері кірісіп кетеді. Бір күрек бойы қара топырақ шығады. Екі күрек бойлағанда сары топыраққа ілігеді. Белден төмен түскенде көкшіл құмды көреді. Құм арасынан жылтылдаған бірдемелерді байқайды.
– Әй, мынау не? – деп көр түбінде тұрған әйел біркүрек құмды сыртқа лақтырып тастайды. Сары топырақ үстіне шашылып түскен құм іші... жылт-жылт жымыңдайды... Жалт-жұлт жарқырайды. Бұны көрген қатындардың бір сәт тілі байланып қалады, өз демдеріне өздері тұншығады.
– Ал-тын, – дейді әуелі әзер сыбырлап. Сосын бар дауыстарымен:
– Ал-л-тын, – дейді айқайлап.
– Алты-ын! Алты-ын! – дейді тау жаңғырығып.
– Алтын! Алтын! – дейді орман-тоғай шуылдап.
Жерде тұрған қатындар ентелеп көрге ұмтылады. Көрде тұрған қатын долданып:
– Жоламаңдар! Бастарыңды шабамын! – деп күрегін айбалтадай ары-бері сілтейді. – Алтын керек болса, өздерің қазып алыңдар.
Енді әр қатын әр жерден топырақты бұрқылдата жөнеледі. Қызық болғанда, көп өтпей-ақ олардың да күрегіне құм аралас алтын іліге бастайды. Қазған сайын табыла береді. Тапқандарын... шешіп жіберіп көйлектеріне түйеді... сыпырып тастап, дамбалдарына толтырады. Жайшылықта біреуінің тобығы көрініп қалса жабыла бет шымшитын олар енді түп-түгел жалаңаш қалған жарқырап. Қызаратын қатын жоқ, қымсынатын қыз да жоқ. Бәрінің көзі алтында. Ал өлген кемпір боз үйде истеніп жата береді.
Көп ұзамай саятшылықтан еркектер де оралады. Оралған сәтте.. иен тұрған үйлерді, түтіні өшкен қазан-ошақты, иістеніп жатқан кемпірді, көкшіл белдің үстінен көп қатынды көреді. Оларға шауып жеткенде:
– Алтын! Алтын таптық! – дегенінен басқа ештеме естімейді. Сонда мән-жайды әбден білген тайпа ақсақалы:
– Бітті! Құрыдық! Алас тайпасының басына ақыр заман келді! – деп аттан құлап түседі.
* * *
Алас жерінен алтын табылғаны туралы сөз көсем шешесінің топырағы суып үлгіргенше алыстағы Орман тайпасына, жақындағы Обыр тайпасына, жер түбіндегі Жебір тайпасына желдей есіп жетеді. Бәрі бір-ақ шешімге келеді: Алтынды алу керек, Аласты құрту керек. Ал қалай құртуға болады? Бұл жағынан әр тайпа өздерінше бас қатырады. Күн ойлайды, түн ойлайды. Көппен кеңеседі, азбен ақылдасады.
– Таптым! – дейді ақыры Орман тайпасының көсемі. – Оларды біз жындысумен аламыз. Оған бойларын бір үйретіп алсақ, өздері-ақ тұздай құрып бітеді.
Олар осыны айтады да, кеспек-кеспек «қызылсуын», жәшік-жәшік «мөлдірсуын» Алас жеріне қарай аттандыра бастайды.
Бұл уақытта оң жақтағы Обыр тайпасы да қарап жатпайды, Аласты қалай алу жөнінде олар да сан түрлі амал іздейді.
– Қарумен аламыз, – дейді қатуланған бірі.
– Оның күні өткен, – дейді көсем.
– Қорқытып көреміз, – дейді қопаңдаған бірі.
– Ат үстіндегі адам ешкімнен қорықпайды.
– Көсемдерінің көмейіне, нөкерлерінің жемсауына жем тастап аламыз.
– О тесіктері бітеу олардың.
Енді не істейміз деп бұлардың басы салбырай бастаған кезде, есік жақтан шиық-шиық еткен бір зәндем күлкі естіледі. Төрдегілер түксие қараса... тышқан көздері жылтылдап, апандай аузы ырсиып, бір қара кемпір шоқшиып отыр екен. қолында алақандай айна. Соған қарайды да күледі. Күледі де сөйлейді.
– Құдіретіңнен айналдым, кереметіңе сүйсіндім. Мыналарды маймыл етіп көрсетші.
Айна беті жарқ етіп төрге қарай бұрылды. Төрдегілер одан маймыл түрін көреді.
– Құдіретіңнен айналдым, кереметіңе сүйсіндім. Енді бұларды арыстан етіп көрсетші.
Айна бетіне арыстандар шыға келді.
– Міне, қарудың көкесі, – дейді кемпір сиқырлана жымиып. – мен бұнымен бүкіл дүнияны табаныма саламын.
– Ойбай, дұнияңды қой, аттан алдымен Алас тайпасына! – деп көсем кемпірге құшағын ала ұмтылады.
Ертеңіне ел тұрмай жатып алысқа кетеді.
* * *
Жер түбіндегі Жебір тайпасы Орман мен Обыр сияқты Аласқа бірден ұмтылмайды. Олардың айла-тәсілінен не шығарын сырттай күтіп отыра береді. Сосын арада жылдар өткенде, «жақсылықтар» құлаққа жеткенде, қулық-сұмдықтың небір түрін білетін, тым әдемі сөйлейтін, өте әріден ойлайтын, шашы алтындай сап-сары, беті ақша қардай аппақ жалғыз қатынды алыс жолға салады.
Ол қатын апта жүріп, ай жүріп, күндердің күні тайпа шетіне іліккенде, бір төбенің басында тоңқаңдап жатқан көп қатынды көреді. Алдарында тас мүсін. Сақалды еркек мүсіні. Қатындар оны құшады. Құшады да құлайды. Құлайды да жылайды.
– Ау, не істеп жатырсыңдар? Бұларың кім? – дейді ақша қардай ақ қатын.
Қатындар жалт қарайды да, тым-тырыс тұра қалады. Сәлден кейін ғана ес жиып:
– Бұл біздің Құдайымыз, – дейді. – Ал сен кімсің?
– Мен қатындар патшалығынанмын. Сендерді ездеп келемін. Біз жер бетіндегі әр қатынды құдайдай көреміз. Келіңдерші табандарыңнан сүйейін, – деп ақша қардай ақ қатын етбетінен түседі.
– Ойбай қойыңыз, сіз емес біз сүйейік сол табанды, – деп көп қатын ақ қатынның аяғына жығылады.
– Бұдан әрі ақ қатын кейін көп қатынның алақанында кетеді.
...Арада ай өтеді, жыл өтеді. Ақ қатын үйде отырса, төр басындағы төредей маңғазданады, сыртқа шықса, көп қатынның алдында мамақаздай мамырлайды. «Әй» дейтін оған еркек жоқ. «Әй»-ді қойып «ә» десе өз қатындары «мә» дейді. Өйткені олар құдай болудан қалған ғой. Құдай болатындай сияқтары да қалмаған. Орман тайпасы «тәтті сусындарына» тойып алып күні бойы киіз үй іргесінде тоңқаяды да жатады. Мал бағусыз, қатын қарайсыз қалады. Бала-шаға күндіз-түні баяғы Обыр тайпасынан келген қара кемпірдің айнасына қарайды да отырады. Ғажап айна! Алыстағыны алақандағандағыдай көрсетеді. Ал ол не көрсетпейді десеңші. Бұзауға артылған бұқаны, жігітке өзі артылған қыздарды, жалаңдаған пышақты, жап-жалаңаш құшықты, жын қаққандай биді, құтырынған күйді, бәрін-бәрін көрсетеді шіркінің. Оны көрген қыз-жігіт тепең-тепең етеді. Қол сумаңдап етекке, қыз елпеңдеп жетекке кетеді. Ал бұл кезде ақ қатын не істейді?
Ол енді көп қатынды жиып алып, ақбоз үйде мынадай сөз бастайды:
– Балаларың әлсіз, еркектерің әрсіз, суыққа шыдамсыз екен, – дейді.
– Ол неден? – деп көп қатын елең қағады.
Ақ қатын есіктен басқа тесігі жоқ, шаңырақтан басқа жарығы жоқ үй ішіне сұқ саусағын шошайтып:
– Күн түспейтін, жел кірмейтін мынадай үйде бетте өң, бойда қуат бола ма. бала-шаға, еркекті қойып, сендердің де түрлерің оңып тұрған жоқ, – дейді.
– Сонда не істеу керек? – дейді көп қатын.
– Іргені ашып, киіздерді кесіп, тұс-тұстан тесік жасау керек. Сонда желге де, жарыққа да қарық боласыңдар.
– Міне ақыл! – деп көп қатын іргелерді көтеріп, киіздерді тесіп-тесіп тастайды. Бірақ, жел соқпайды күткендей.
– Бұ қалай? – деп көп қатын ақ қатынға мөлие қарайды.
– Анай тайпаға әкелер тар жолдың бойы тұтасқан қара орман ғой. Бүкіл желді ұстап тұрған сол-дағы.
Көп қатын көп ойланбай-ақ от қояды орманға. Әп-сәтте қызыл жалын көкке жалаңдап. Ағаштар күн жанады, түн жанады көк түтін будақтап. Ақыры ит тұмсығы өтпейтін, доңыз аяғы жетпейтін ну орманның орнында жап-жалаңаш тау қалады сопайып.
Сол-ақ екен: ойдан-қырдан, оңнан-солдан самал лекіп қоя береді. Қатындар мәз боп қол соғады. Еркектер желпініп кеуде ашады. Бірінің бетіне әр кіреді, бірінің бойына әл бітеді. Мұдай рақатты кім көрген!.. Бірақ, амал не, бұл рақат ұзаққа созылмайды, самалдың арты желге айналады. Желдің соңы қара дауылға ұласады. Ол күндіз-түні түйедей боздап, иттей ұлып тұрады. Бір сәт тұна қалады, бір сәт екілене қайта соғады. Жыландай ысылдап іргеден кіреді, айдаһардай ысқырып есіктен шығады. Зәрі еттен өтеді, ызғары сүйекке жетеді. Ыңырсып жылап бала бесікте жатады. Күрк-күрк жөтеліп еркектер есікте отырады. Көздері алақ-жұлақ етіп көп қатып ақ қатынды іздейді. Ол ізім-ғайым жоғалған. Ол жоғалысымен тағы бір сұмдық басталады. Көктен түсті ме, жерден шықты ма, әлде желмен бірге жеті ме, тайпа ішінен белгісіз бір індет шығады. Бұл алдымен жан-жануар, малдан білінеді. Қотанда қойлар бастарын бір жағына қисайтып, айналып-айналып құлап түседі. Үйірде айғырлар қуып жүріп өз жатырына шабады. Түйелер жаңа туған ботасын тіземен таптап тастайды. Үйдегі иттер иесін қабады. Бұның соңы адамдарға жетеді. Еркектер бесіктегі қызына ұмтылады, қатындар қаршадай ұлды үстеріне жығады. Балалар әке-шешесімен емес, қолдарындағы айнамен сөйлеседі. Олардың не деп отырғанын ешкім түсінбейді. Тілдері басқа болады.
Осының бәрін көріп-білген тайпа ақсақалы:
– Бұлар енді тірі өлік. Тайпаның күні батты, – дейді күңіреніп. Бұл оның соңғы сөзі болады.
– Міне, шырақтарым, кезінде дәуірлеп тұрған бір тайпаның тағдыры осылайша бітеді, – деп шал әңгімесін аяқтаған.
Әкем күрсінді. Мен жыладым.
***
Кейін көп жыл өткенде маған тағы да жел тиіп ауырып қалғам. Сонда жанымда отырған әкеме:
– Баяғы емші шал есіңде ме? – дедім. – Анау әлгі... мен ауырып жатқанда Алас деген тайпа туралы көп әңгіме айтқан шал ше?
Әкем бетіме ұзақ қараған. Қарап отырып, кемсең-кемсең жылаған.
– Аянышты тағдыр, иә, әке? – дедім.
Әкем көзінің жасын сүрте беріп:
– Балам, емделсеңші, – деген.
Менің де көзімнен жас шыққан. Аласты ойлап... Ал әкем кімді ойлап қамықты екен?..
Сурет anews.az сайтынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.