Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
ДҮКЕН МӘСІМХАНҰЛЫ: «МЕНДЕ ЖАЛҒЫЗ ОТАН БАР…»...

21.03.2016 3736

ДҮКЕН МӘСІМХАНҰЛЫ: «МЕНДЕ ЖАЛҒЫЗ ОТАН БАР…»

ДҮКЕН МӘСІМХАНҰЛЫ: «МЕНДЕ ЖАЛҒЫЗ ОТАН БАР…» - adebiportal.kz



- «Ауылым көшіп барады қырдан асып,

қырдан асқан бұлтпенен араласып…»

Осы әнді тыңдаған сайын жанары барға жас келеді, жүрегі бар бір күрсінеді. «Тауда арқар мөңіресе, сайда сиырдың мұйізі сырқырайды» деген ел едік, Дүке! Ат-көлік аман-есен, атамекенге табан тіргелі де біраз жылдың жүзі болды. Онда не қалды, мұнда не бар екен?


- Шекара аттап, бір елден бір елге бір жола көшу тұрыпты, бір қаланың о шетінен бұ шетіне көшудің адам жүйкесіне түсіретін моральдық, психологиялық, материялдық… салмағының өзі қанша ма?! Ал мына ауданнан ана ауданға, ауылдан орталық қалаға қоныс аударғандарды елі-жұрты, туған-туысы, көрші-қолаңы… жиналып, көріс айтып, шу-шұрқан, азан-қазан боп шығарып салып жататынын білеміз. Бұл әрине, тек біздің халықтың ғана менталитетіне тән бауырмалдық сезімнің де әсері, көрінісі шығар. Дей тұрғанмен осының астарына, өзегіне үңілетін болсақ, онда адам баласының өз өмірінің белгілі бір кезеңін, белгілі бір мазмұнын жоғалтуы, сонымен қоштасуы жатқанын аңғару қиын емес. Ал шекара аттап, бір мемлекеттен екінші мемлекетке біржола қоныс аударудың адам жанына салар жарасы мен салмағын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес сияқты… Тіпті, біздер – жат жұрттан, кісі елінен, атамекенімізге – азат отанымызға – азаттыққа өз еркімізбен келіп, елімен қауышушы, отанына оралушымыз ғой, соның өзінде мекен ауыстырудың зілмауыр салмағына жүрек байқұс зорға шыдас береді. Өйткені онда – кеткен жерімізде мені жаратқан, қалыптастырған топырақ қалды. Атап айтсам, туған ауылым, қарындас-бауырым қалды. Ел-жұрт, туыс-туған, дос-дұспан, құда-жұрат, жора-жолдас, сыныптас-курстас, таныс-біліс, көрші-қолаң… тұтас қалды. Ең ауыры атам мен әкемнің басы қалды. Ал енді осындай төңірегі жоқ қазақты қайғысыз қазақ деуге, жандүниесі бүтін адам деуге бола ма?! Соңғы кездері сол жақтағы туған ауылым жиі түсіме кіреді. Әлдеқандай қимас туыстарыммен қауышып, жылап жатып оянам… Туған ауылымды көрмегеніме биыл 12-ші жыл! Өзің ойлашы, етжүректі адам үшін, оның ішінде «туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дейтін халықтың жүрегі нәзік ақыны үшін туған жерін 12 жыл емес, 12 ай көрмеудің сағынышынан ауыр не болуы мүмкін?!

Ал «мұнда не бар екен» дегенге келетін болсақ, мұнда өзге жұрттардың әлгінде мен санамалаған қимастарын, тіпті өз басын құрбандыққа шалса да жете алмай жүрген, адамның шексіз бақыты – Азаттық бар, Отан бар! Қазір дүниежүзінде екі мыңнан астам ұлт өмір сүріп жатса, соның екі жүзден астамының ғана өз мемлекеті – азат Отаны бар екен. Сол бақытты халықтың бірі біздің Қазақ – Сіз бен біз. Осындайда елі жоқ, жері жоқ, тілі, діні жоқ, бұлары болғанмен азаттығы жоқ жұрттарды ойлаймын да «тәуба» деймін! Азаттық үшін күні бүгінге дейін қан төгіп жатқан жұрт аз ба? Өзгені былай қойғанда, туысқан ұйғырлады айт, дін-қарындас шешенді айт… Осындай сезімнің жетегінен болу керек, мен қандай ортада тыңдасам да әнұранымызды бірде-бір рет толқымай тыңдаған емеспін. Орнымнан тұрып әнұранға ілесіп шырқай бастағанымда-ақ кеудемді мақтаныш па, қуаныш па, жоқ әлде от-жалын ба… алай-дүлей бір сезім билейді де кетеді… Ол сәтте дүниеде менен бақытты адам жоқ, бәрін ұмытып, басқа бір әлемде қалықтап жүрем. Мүмкін Азаттықтың, Отанның бақыты деген осы сезім шығар!

- Дүке, әлгінде бір сөзіңізде туған жерімді көрмегеніме 12 жыл болды деп қалдыңыз. Ол жақтан келгендердің біразын білем, олар күнде демей-ақ қояйын, екі күннің бірінде шуап барып-келіп жатады ғой. Сонда Сізге ерекше шектеу бар ма, қалай…

- Ерекше шектеу бар деп кесіп айта алмаймын. Бірақ ана бір жылдары Қытайдың жергілікті құқық қорғау органдары Қытайдан келіп, Қазақстанның азаматтығын алған, бірер жылдан соң қайыра ауылына барған біраз ағайындарымыздың паспорттарын тартып алып, оларды талай уақыт себепсіз әуре-сарсаңға салғаны бар. Солардың біразы қайтып келгеннен кейін маған: «Сен барушы болма!» дегенді ерекше ескертті. Осыдан соң туған жерді көрсем деген ниет пәсеймегенмен, тартып кетуге жүрек дауаламай қалды. Коммунистік-тоталитарлық жүйенің шет жағасын өзің де көрдің ғой, ондай қоғамда заңды белден басу, кісілік құқықты аяқасты ету деген түк емес. Әсіресе төмен жақта заң бұзушылық әрі өрескел әрі жиі болады. Олармен тәжікелесіп жүргенде (онда да бостандықта жүрсең) біраз ғұмырың өтіп кетуі де ғажап емес. Ал қырсыққанда әрі өкініштісі ондайға араша түсетін, өз азаматының жоғын жоқтайтын Қазақстан үкіметі ме?! Біздің Бекқожа деген бауырымызды (Қазақстан азаматы) қытайдың жергілікті құқық қорғаушылары табаны күректей төрт жыл мырза қамақта ұстағанда «мәу» деген қазақ үкіметін көрмедік. Осыдан кейін кімге сеніп, қалай барасың?! Туған жеріңді түсіңде көргеніңді қанағат тұтуға тура келеді…


- Дүке, әңгіменің ашығы дұрыс. Жүзге бөлінгеннен «өлердей қорқатын» біреулер, оралмандар келгелі қазақ халқы төрт жүзге бөлінетін болды деген сыңайдағы сыбыс таратып жүр. Шындығында тағдырдың айдауымен тарыдай шашылып кеткен қазақтар өз отанында өгейлеу бала сияқты шетқақпайлықты қатты сезінетін секілді. Сондықтан да болар сырттан келген ағайындар өздерінше бөлек, саяқтау топ құрып жүргендері жасырын емес. Мал екеш малдың өзі бір жерді жерсінсе, бір жерді жерсінбейді ғой. Ал енді жүрегі бар адам баласы, әрине, мұндай жағдайда ішкі жандүниесімен дағдарысқа ұшырауы мүмкін. «Оралман» деген сөздің өзі моральдық тұрғыдан адам құқығына қол сұғу болып есептеледі. Осы бір сөзді реті келсе мұлдем қолданбау керек деген ойды үнемі есімізде ұстауымыз жөн-ау. Себебі қазір іркіттей іритін уақыт емес. Жеке өз басыңыз атажұрт топырағына тамыр жайып кеттім деп айта аласыз ба?


- Өзіміз аруағына күнде лағнет жаудырып жататын Кеңес одағы 1956-1963 жылдары қытайдан заңды жолмен көшіп немесе шекара бұзып қашып келген қазақтарды «оралман, пәлен-пәштуан» демей-ақ қарсы алып, ауыл-ауылға бөліп орналастырыпты. Ертеңінде паспорт бөлімінің қызметкерлері келіп анкетасын толтырып әкетіпті де, бір аптадан соң азаматтық паспорттарын қолдарына ұстатып кетіпті. Бірде-бір адам далада қалмаған, нашар болса да баспанамен толық қамтамасыз етілген. Бірер айдан соң, оқушысы мектепке, студенті университетке, еңбекке жарамдысы орағын алып егіске, таяғын алып өріске кеткен. Ал бізде ше, таусылмайтын дау, қып-қызыл жанжал, бітпейтін шатақ. Домбырам басы балқурай, әуелгі машақаттардың машақаты Қазақстанға жету. Ол өзі газетіңнің бір нөмірін тұтас алатын ұзақ әңгіме. Сондықтан оны доғара тұрайық. Келген соң пропискаға тұру, квотаға кіру, азаматтық алу, жұмысқа тұру, баланы мектепке беру, дәрігерге қаралу, мамандығы бойынша жұмыс табу, кәсіппен айналысу, қыл аяғы ары-бері жүріп-тұру…дегендер тұрған бір қияметтің қыл көпірі. Қарап тұрсаң, бәрі қолдан жасалған кедергі, арып-ашып келген ағайынды тонау үшін, елден бездіру үшін қиялдан шығарылған қиындықтар. Енді саған өтірік, маған шын, Қазақстанға шеттен келген ағайынның көбісі-ақ «қайтып келген қыз жаман…» немесе «жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген уәжбе-е-ен ғана амалсыз жүр. Оның үстіне біздерге өзің айтқандай «оралман» деген өзі сауатсыз жасалған, өзі албастының атындай суық, бір сұмпайы ат қойып алды. Қайда барсаң да көлеңкеңдей көлбеңдеп, құйрығыңдай бұлғаңдап осы «атағың» қалмайды. Тіпті «Халықтың көші-қон туралы заңының» өзінде «Оралмандар – ҚР егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар» – деп көрсетілген. Демек ҚР-ның азаматтығын алған күннен бастап оралман емессің деген сөз. Іс жүзінде мүлде олай емес. Қазақстанның азаматтығын алғаныма 10 жыл болған мені әлі «оралман» дейді. Бұл не? Бұл – өзің айтқандай, моральдық тұрғыдан адам құқығына қол сұғу. Бұл – бүтін бір ұлтты бөлу. Бұл – шеттен келген ағайынды шетқақпайлау. Бұл – елім деп келген қандасты бауырым деп қабылдамау. Қысқасы бұл – адамды қорлау. Сондықтан алдағы күндерде көші-қон заңына өзгеріс енгізілерде бұл атауды һәм сауатты һәм жүрекке жылы тиетін, туыстық, қандастық, тұтастық сезімді қоздатып тұратын басқа сөзбен ауыстыру керек.


Ал енді жеке өз басыма келсем, мен негізі тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдарында – 1993 жылдың наурыз айында қытайдан бірінші болып көшіп келген қазақпын. Сол кезде қытайдан бері қарай қоныс аударарда, маған: «Қазір онда не бар? Қазақстанды жоқшылық, аштық жайлап жатыр. Босқа қиналып қаласың» – деп ақыл айтқандар аз болған жоқ. Мен тыңдамадым. Алған беттен қайтпай, көш басын Алматыға бірақ тіредік. Айтып-айтпай ол кездегі елдегі экономикалық қиындық, шетелден арып-ашып жеткен біз түгіл, осындағы тонды-қоңды, ауылды-бауырлы жұрттың өзін сансыратып-ақ тұр екен. «Көппен көрген ұлы той» десек те, оған төзу оңай болған жоқ. Бірақ төздік, жеңдік. Иншалла! Бірақ бұған манағы айтқан моральдық қиындықтар келіп қосылғанда, жасыратын несі бар, жанынан түңіліп, берекесінен айырылғандар аз болған жоқ. Ондай қиындықтарға төзбеген біраз ағайын келген ізімен кері қайтты, енді біреулері мамандығын да, қаламын да тастап «барахолкадан» пана тапты. Небір талантты жігіттер қоңыз теріп, небір ұйыған шаңырақтар бүлінді. Әрине, әлгінде айтқанымдай, біздің де төзуіміз оңай болған жоқ. Жаны сезімтал, жүрегі нәзік ақын адамның неге болса да тез оталатыны бар емес пе, біздің де тіршіліктен түңілген кезіміз болды. Менің «Семсер суы» жыр жинағымдағы «Қайдасың ажал» деп аталатын өлеңім сол кездегі көңіл-күйдің туындысы еді. Қазір ғой, сол өлеңдегі:


Қайдасың, ажал, кел маған,

Тыныштық, тыншу бер маған.

Ендігі қалған демімді,

Қараңғы жым-жырт көрде алам.

Ризығым мұнда жоқтай бір,

Бастырмай қойды көп қайғы.

Жаралы мынау жүрегім,

Тыншиды, қашан тоқтайды?!- деген шумақтарымды оқудың өзінен үрейленем. Дегенмен, «әйелдің бақыты – жақсылап жылап алатындығында» дегендей, ақынның бақыты – іші толған шерді жыр қылып, сыр қылып босатып алатындығында… Иншалла, қазір ол күндер артта қалды. Бүгінде атажұрт топырағына тамыр жайып кеттім деп айтуға толық негіз бар. Осы «тамыр жаю» дегеннен еске түседі, 94-ші жылы ма, әлде 95-ші жылы ма екен, Алматыдағы бір бас қосуда, «Өзге топырақта өсіп тұрған ағашты діңінен кесіп немесе тамырларын қиып, қопарып әкеліп екінші бір топыраққа отырғызсаңыз, егер жаңа топырақ құнарлы, ауарайы қолайлы болмаса, ол өнбейді, қурап қалады. Мен тура сондай ағашпын. Алайда мен келіп шашшылған топырақ құнарлы, ол – азат, тәуелсіз Отан. Ендігі мәселе ауарайында. Ол – осындағы ағайынның ықылас-пейілі, бауырмалдық мейірі. Ауарайы жақсы болғай!» дегенім бар еді. Қазір, үш-төрт балалы болдық, оншақты кітап шығардық, жүздеген қытайтанушы шәкірт тәрбиелеп ұшырдық. Демек ептеп жеміс бере бастаған болсақ – тамыр жайғанымыздың дәлелі емес пе. Өкінішке орай, кейде қоғамнан, төңірегіңнен, қолдаудың орнына, ашық шетқақпай көріп жатқанда жаның жараланбай тұрмайды. Бір қызығы, қазіргі әдебиеттің аға буын өкілдері өздеріне кезінде М.Әуезов, қос Ғабең, С.Мұқанов, І.Есенберлин, Ж.Молдағалиев, Ә.Сәрсенбаев, С.Мәуленов т.б. толып жатқан ұлылар ағалық қамқор қолын созғанын, олардың шапағаты мен ақ тілеуіне шомылып өскендерін мақтанышпен, сағынышпен еске алады. Жөн-ақ. Ал өздері бүгін артынан ерген іні-қарындастарына қол ұшын беріп, оларды желеп-жебегені сол, керек болса сәлеміңді алмайды. Танымасқа салып, танауларын шүйіреді. Тіпті арттарынан ерген талантты жастарды жек көретін сияқты ма, қалай. Қазақтың әдебиеті, сөз өнері солармен ғана аяқталу керек сияқты… Ал шеттен келген «оралман» деген байқұс болсаң, тіптен аулақ, ағалық алақанға иегің мүлде қышымай-ақ қойсын… Сонысына да қарамай кейде өзіңді осы елдің бір азаматы ретінде сезініп, әлденеге ашық пікір айтып, кірісіңкіреп кетсең немесе есіміңді жұрт елей бастаса «оралман» екеніңді көзіңе «шұқып» тұрып есіңе салып қоятындары тағы бар. Сондайда еріксіз:


О, Мұқа, сенен несін жасырамыз,

Біз дағы кейде «жөнсіз» шашыламыз.

«Ей, оралман» – дегенде оразбайлар,

Есімізді жиямыз, басыламыз,- деп, тіріден сыр айтар кісі таппай, еріксіз Мұқағалидың рухына мұң шағасың. Сосын таң қалам, сондай шіркіндер «Елім!»-деп шеттен келген бір бауырын жасытқаннан не ұтады екен, деп!


- Сосын мынау азаматтық алуға мүмкіндіктері бола тұра, Қазақстанның азаматтығынан бас тартып, екі ортада «қосмекенділердің» өмірін кешіп жүрген ағайындар бар. Бұл нені білдіреді? Қаршадай бала, Тоқтарәлі ақын «Менде жалғыз ана бар – туған Анам, Менде жалғыз отан бар – Қазақстан» – деп жырлаған еді…

- Олардың тірлігі, бір ауыз сөзбен айтқанда дүниеқоңыз – пендешілік. Қазақ тіліндегі осы «пендешілік» деген сөз түсіне білсек недәуір ауқымды ұғым. Яғни ол көп жағымсыз дүниелерді бүркеп тұрған перде сияқты. Демек пендешіліктің күшейгені адамның азғаны деген сөз. Ал адам азғанда азаматтық рухы сұйықтайды. Азаматтық рухы сұйықтаған кеудеге сатқындық ұя салады. Жүрегіңдегі Ар мен Намыстың отын бүгін өшірсең, ертең оның орнынан пасықтық түтіні бықсиды. Ал сатқын туыс, пасық дос әшкере жаудан әлденеше есе қауіпті. «Қос мекенділердің» біразымен мен де сөйлесіп көрдім. Сылтаулары әр түрлі. Біреулері қытайдан алып тұрған жалақысын айтады. Енді біреулері ертең зейнетке шығатынын айтады. Тағы біреулері істеп отырған кәсібі бар екенін айтады. Тағы біреулері тағы бірдеңе… Бәрі ақылды. Ақымақ – осындағы Сіз бен Біз. Негізінде Қазақстан олар үшін дүниекөзі – базар, пайда ғана. Яғни олар Тазша бала, Қазақстан ақымақ бай. Олардағы Қазақстан туралы түсініктің сықпыты, танымның сиқы осы. Оларға мен: « Оу, көке, сенің жұмысың жұмыс боп па, жұмыстың көкесі бізде болған, пысқырмадық. Табыстың, жалақының көкесі бізде болған, қолды бір-ақ сілтедік. Болашақтың көкесі бізде болған, алданбадық. Өтірік десең айт. Соның бәрі мен үшін азат Отанымда өткен бір күніме татымайтындай әсерде болдым. Шынымен де солай болды. Әрине, мен де Қытайды жек көрмеймін. Сонда тудық, білімін алдық. Сонда оң-солымызды таныдық, адам болдық дегендей. Ол ақиқат. Сөйткен елге – туған жерге тас атсам су ішкен құдығыма түкіріп кеткендей қасиетсіздік болар еді. Бірақ өз ұлтыңды, отаныңды сүю қай елде де қылмыс болып табылмайды. Напалеон: «Ұлтжандылық өркениеттіліктің басты белгісі»- депті. Ал оны қылмыс болады деп ойлап алған өздерің»,-деймін күйіп-пісіп. Бірақ олар біздің сөзге қыңбайды. Айт, айтпа бәрі бір. Өйткені олар өте «ақылды» адамдар. Олар біздегі қазақтан шыққан космополиттердің, асқан интернационалистердің туыстары. Өзге елде туғанымен олардың оттауы да, күйсеуі де бір. Олардың назарында сен ғасырлар қойнауында қалып қойып, аяқастынан тірілген біреу сияқтысың. Бірақ, өкініштісі олар шеттен келген, келетін ағайындардың ішіндегі шынайы патриоттарға кесірін тигізуде. Бірақ осындағы саналы жұрт, ел тізгінін ұстап отырған шенеуниктер «битке өкпелеп тонды отқа тастамас» деп ойламын.


- «Әргі бет пен бергі бет» деген ұғымды Адалбек жалғыз-ақ өлеңімен жоққа шығарған болатын. Дейтұрғанмен әргі беттегі бауырлардың жәй-күйі қалай, күн көріс кәсібін, кісілік келбетін бергі бетпен салыстыра аласыз ба? Жалпы, әргі беттегі қандастарымыз саяси-әлеуметтік һәм рухани тұрғыдағы мүмкіншіліктерін қаншалықты дәрежеде қанағаттандыра алады?

- Өзгені қайдам, өлеңмен, қиялмен барды жоққа шығара салуға, жоқты орната салуға ақындардың хақысы бар! Алайда ащы Ақиқат өзгеріссіз қала бермек. Ақиқатты өзгерту тұрыпты, кез келген адам үшін оны мойындаудың өзі оңайға түспейді. Алайда ақын қиялы мен ақын арманына шектеу жоқ. Айтарын айтады, жазарын жазады. Ал Патшалы Ресей мен Цинь империясы Қазақ даласын пышақ үстінен қақ бөліп, бүтін бір халықты екіге айырып тастаған кездегі қызыл сызық тұрғанда «арғы бет, бергі бет» деген ұғымға да орын бар деген сөз. Қалаңыз, қаламаңыз, бұл – Ақиқат. 1860 жылдары әлгінде аталған екі империя бүтін бір ұлтты екіге айырып тастады. Содан бастап екі жақтағы қазақ баласы болмысы, мәдениеті, менталитеті, діні, ділі… бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі империяның қанжығасында қанжылап кете барды. Содан бері 150 жылға таяу уақыт өтіпті. Нелер-нелер заман болды, нешелеген ұрпақ ауысты. Әрине осы 150 жыл барысында қытайдағы қазақтар ресейлік, кеңестік зұлматтар кесірінен Қазақстаннан жансауғалап қашып барған мыңдаған, жүз мыңдаған қандастарымен қатарын толықтырып отырды. Сөйтіп қомақты санға жеткен қазақ жұрты ол жақта да іргелі бір ұлт ретінде өмір сүруге мүмкіндік алды. Алайда көшпелі тірлік бұл жақта ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында аяқталған болған болса, ол жақта ХХ ғасырдың 70-ші жылдарына дейін жалғасты. Мәселен мен көшпелі өмірдің шет-жағасын көрген қазақпын. Демек бұл жақтағы ағайындар өркениетке қытайдағы бауырларына қарағанда жарты ғасырдай бұрын аяқ басты деуге болады. Алайда бізге келген өркениеттің өзі біреудің шылауындағы өзгеше бодандық, жаңаша өмір ғой. Сондай өркениеттің арғы бет, бергі беттегі ағайындарға келу мерзімінің әркелкілігі, оның үстіне «қожайын» халықтарының дін, тіл, ділінің ұқсамауы һәм сондай мүлде ұқсамайтын мәдени ортада бір жарым ғасырдай бөлек өмір сүру – ондағы және мұндағы ағайынға кәдімгідей өзгеше психологиялық болмыс-бітім, құндылық көзқарас, кісілік келбет қалыптастырып кеткені жасырын емес. Мысалға дінді айтайық, бұл жақта 1910 жылы туылған бала жаңаша яғни атеистік тәрбие ала бастады. 1990 жылы ол кісі 80 жаста. Оның баласы 50-де, немересі 20-25 жастарда болды деген сөз. Яғни осы 20-25 жастардағы жас қазақ атеистік тәрбиеде өскен үшінші ұрпақ. Ал қытайдағы қазақтардың 1940-1950 жылдары туылған баласы атеистік тәрбие алып өсті. Ол кісі қазір 50-60 жастарда. Оның баласы 20-30 жастарда. Демек ондағы қазақтар діни нанымнан тақыр-таза арылып кеткен жоқ. Мысалы менің әкем Мәсімхан Нақысбекұлы деген кісі ауыл имамы болды. Демек мен діндар отбасында өмірге келген адаммын. Сондықтан ол жақтағы ағайындардың ішіндегі біздің буынның құлағына атеистік тәрбиені мектепте, университетте қанша құйғанымен, көкейге бала күннен орныққан иман оған оңай орын бере қойған жоқ. Ал бұл жақтағы ағайынның санасынан дін жойылып кете жаздағанымен, есесіне сауаттылық, білімділік деңгейі жағынан әлемдегі мен-мен деген қай халықпен де иық теңестіре алатын жағдайға жеткені жаһанға жасырын емес. Сондықтан Кеңес одағы құлаған кезде Қазақстанның кадрдан қысылмай, тәуелсіз мемлекет, дербес ел ретінде дүрк етіп жүріп беруі – халықтың сауаттылығының, интеллектуалдық деңгейінің жоғарылының арқасы. Ал қытайдағы ағайындар арасында оқығандар, зиялылар өте аз.


Ал енді күн көріс кәсібі деген мәселеге келетін болсақ, менше, ерекшелеп, бөліп жарып айтар ерекшелік шамалы. Ондағы ағайынның дені малшы, егінші. Зиялы қауымы негізінен қала-қалашықтарда. ШҰАР-ның өлкелік, облыстық, аудандық деңгейдегі басшылық қызметтерінде де қазақтар аз емес. Соңғы 10-15 жылдың жүзінде ол жақта кәсіпкер ағайындардың да қатары өсіп келеді. Қысқасы ол жақтағы ағайындардың күн көріс ахуалы, экономикалық, материялдық жағдайлары жаман емес. Әрине, санаулы байларын айтпағанда, жалпы жұртты жаппай ауқатты деп айтуға әлі ерте. Дегенмен қазіргі жағдайларын көлектері көк, қарындары тоқ деп айтуға болады. Ал олардың саяси-әлеуметтік, рухани тұрғыдағы мүмкіндіктерін, әрине, мұндағы азат, дербес елде өмір сүріп жатқан біздегі мүмкіндікпен салыстыруға келмейді. Өйткені ондағы бір жарым миллионнан астам қазақ тек бір автономилық облыс және бірнеше автономиялық ауданда қат-қабат қожайынның қол астында өмір сүріп отыр. Қат-қабат деп отырғаным оларға қытайлар үлкен қожайын, ұйғырлар кіші қожайын. Оның үстіне, өзің де білесің, онда коминистік-тоталитарлық жүйе әлі күнге дейін салтанат құрып тұр. Тағы бір жағынан, бір жарым миллиарттың ішіндегі бір жарым миллион деген көлге тамған бір тамшы сүттей ғана емес пе?! Осындай-осындай саяси-әлеуметтік ортада күн кешіп отырған ағайынның рухани мүмкіндігі қай деңгейде болатыны айтпаса да түсінікті. Алайда қытай еліндегі ұлттар саясатының кейбір тиімді жақтары ондағы қазақ болсын, өзге ұлттар болсын, бәрінің ұлттық тіл-жазуын, өнері мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, дамытуына белгілі деңгейде мүмкіндік беріп отыр. Соның дәлелі ретінде, ондағы оншақты баспадан қазақ тілінде, мемлекет есебінен жылына жүздеген әдеби, саяси,ғылыми кітаптар жарық көріп тұратындығын, екі бірдей телеканал өлке аумағына 24 сағат бойы тап-таза қазақ тілінде хабарлар тарататынтығын, қазақ тілінде 40-тан астам әр түлі газет-журнал жарық көретіндігін, қазақ облысына қарасты екі университет пен оншақты техникалық училищеде жүздеген-мыңдаған қазақ баласы білім алып жатқанын т.с.с. айтуға болады. Дей тұрғанмен ондағы ағайынның арасында Қазақстанға – тарихи отанына көшіп келуге ниет білдірушілердің барған сайын көбейе түсуі ондағы саяси-әлеуметтік, рухани мүмкіндіктің қанағаттанарлық дәрежеде емес екендігін көрсетсе керек.


- Иә, ондағы елдің беті бері ауып отырғанын күнделікті естіп, біліп отырмыз. Осы орайда біздегі көші-қон мәселесіне көңіліңіз тола ма? Сіздің ұсынысыңыз… 


- Жалпы қытайдағы қазақтың атамекеніне – Қазақстанға көшкісі келуіне негізінен мынадай төрт түрлі фактор себеп болып отыр деуге болады: Бірінші, ҚХР-ында кешенді түрде жүргізіліп отырған туытты шектеу саясаты. Бұл саясат «балалы үй базар…», «адам ұрпағымен мың жасайды…», «атадан пұл қалғанша ұл қалсын»… деген таныммен ғұмыр кешіп келе жатқан қазақ баласына өте ауыр тиюде. Екінші, ол елде ұлт ретінде сақталып қалудың мүмкіндігі барған азайып, ассимиляция қаупінің белгі-нышандары көрнекті түрде байқала бастауда. Үшінші, Қазақстанның тәуелсіз ел болуы. Яғни мұнда көшіп келгісі келетін ағайынның көбісіне «кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «ит тойған жеріне, ер туған жеріне», «өз елің – алтын бесік» деген сияқты ұлттық сана-сезім көбірек түрткі болуда. Бұл сана-сезім негізінен ұлтжанды, көзі қарақты, зиялы қауымның және жастардың бойынан байқалады. Төртінші, туыс адамдардың қаншама жылдар екі елде бөлініп-жарылып өмір сүріп келгендігі. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап бөлініп-жарылған отбасылар Отанға жетуге – туғандарына қосылуға асықты. Міне осындай себептер ондағы ағайынның атажұртқа көш түзеуіне мұрындық болуда. Алайда қытайдағы қазақтың түгі қалмай Қазақстанға түп қотарыла көшеді деп айту да қиын. Кейбіреулердің көшкісі келмеуіне себеп болып отырған біздегі көші-қон саясатының кешенді жүрілмеуі. Былай қарағанда, көші-қон және демография саясаты біздің елдің аса өзекті, стратегиялық маңызы үлкен саясатының бірі секілді болып көрінеді. Негізінде солай болуға тиісті де. Елбасы былтырғы жолдауында «таяу болашақта Қазақстан халқын 20 миллионға жеткізуді көздеп отырмыз»-деген мазмұнда сөз айтылып қалды. Бұл санға қалай жетеміз? Балшықтан қазақ жасаймыз ба?! Жоқ. Халық санын, елдің демографиялық жағдайын көтерудің жалпыға мәлім екі жолы бар. Оны бірі, ішкі өсімді – туытты қолдау. Екіншісі, шетелдердегі диаспора өкілдерін елге шақыру, жинау. Бізде осы екі саясаттың екеуі де бар. Бірақ ойдағыдай қолға алынып, атқарылып отырған жоқ. Мәселен көп балалы аналарға жасалатын жеңілдіктер жоқтың қасы. Он бала тауып, өсірген «Алтын алқалы ананың» пенсиясына бар болғаны 1700 теңге ғана қосылады екен. Ал ауыраяқ анаға, жас балалы анаға медициналық та, әлеуметтік те көңіл бөлінбейді. Тіпті үшінші балаға ауыраяқ болған ананы дәрігерлердің өзі сайқы-мазақ қылады. Қағып-түртіп, сүтке тиген мысықтай көреді. Соның кесірінен көп ата-ана екі баламен шектеліп қалуда. Былтырдан бергі жас босанған аналарға беріледі деген бір реткі жәрдем ақыны (он үш-ақ мың теңге) қырық мың құжат жинатып, алты ай сандалтып өлдім дегенде зорға береді. Бергенде де босанған аналарға «осы ақшаға бола тудың ғой» дегендей сыңай танытып, мысқылдап береді. Бұл қиындыққа, қорлыққа төзбеген көптеген аналар оны алудан бас тартуда. Айта берсек біздегі жағдай туытты қолдан гөрі, қолдан жасалған әлеуметтік, медициналық, психологиялық қысымдар арқылы туытты шектеуге көбірек ұқсайды. Ал көші-қон мәселесіне келетін болсақ, бұл саланың да барған сайын кетеуі кетіп барады. Елдің экономикасы тығырыққа тіреліп тұрған қиын жылдардың өзінде – сонау 90-ыншы жылдардың ішінде көшіп келушілер дерлік баспанамен қамтамасыз етіліп отыратын. Көші-қон және демография агенттігі үкіметке тіке қарайтын, министрлік деңгейіндегі мекеме болатын. Ал Экономикамыздың айдарынан жел есіп, елдің еңсесі көтерілген бүгінгі күні оның біреуі де жоқ. Қазір квотаға кірген бауырларымызға беретініміз кісі басына 600$ көлеміндегі жәрдемақы ғана. Бір үйде бес жан бар деп есептесең, отбасына тиетін 3000$ көлеміндегі ақшаға керек десең бүгінде шалғай ауылдардан да үй келмейді. Сонымен елдің ішіндегі баспанасыздарға сырттан келгендер қосылып, қазақ халқының өз еліндегі әлеуметтік қал-ахуалы күн өткен сайын нашарлай түсуде. Өйткені баспанасыздардың бәрі тек қазақтар ғана. Ал баспанасыз, жағдайы нашар отбасында өмірге келген ұрпақтың денсаулығы қалай болатыны айтпаса да түсінікті. Ресми медициналық мәліметтерге сенсек, бүгінде өмірге келіп жатқан мың баланың тоғыз жүзі ауыру болып туылады екен. Ал биліктегілер болса келер ұрпаққа сақтап отырған ұлттық қордағы ақшамыз 5 миллиарт 400 мың АҚШ долларына жетті деп бөріктерін күнде аспанға атады. Оу, көке, халқың бүгін үйсіз-күйсіз, аш-жалаңаш, ауыру-сырқау күн кешіп жүрсе, олардан туған дімкәс ұрпақ ертең ол ақшаңа емделгеннен өзге не бітіреді деп ойлайсыз?! Сондықтан ұлттық қордағы ақша дәл бүгін қазақ халқының демографиялық жағдайын көтеруге, денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға, біліктілігін арттыруға қызмет етуі тиіс емес пе?! Сонда ғана келешек Қазақстан жан саны мол, қуатты, сауатты елге айналады. Өйтпейтін болсақ ол ақшаға ертеңгі әлжуаз ұрпақтың тіпті, ие бола алу – алмауының өзі неғайбыл.


Ал көші-қон жөніндегі біздің ұсыныс мынау: Ең әуелі Көші-қон және демография агенттігін қайтадан қалпына келтіріп, оның құзыретін кұшейту керек. Яғни ол келген ағайынға квотаны үлестіріп беріп қана қарап отыратын мекеме емес, мемлекеттің демографиялық саясатын жүзеге асырудың нақтылы іс-шараларын жасап, оны қадағалушы, орындаушы орган болу керек. Екіншіден, алыс-жақын шетелдерден квотамен келгені болсын, өз еркімен келгені болсын, бәрі тұтастай баспанамен қамтылуға тиіс. Мұнда ашалап айта кетер жағдай, ауылға келгендерді тұрақты баспанамен, ал қалаға келгендерді коммуналдық пәтерлермен уақытша қамтамасыз ете отырып, кейіндеп олар отырған пәтерін жекешелендірем десе, пәтер құнының 50 пайыздайын мемлекет көтеру керек. Алайда қалаға келетіндерді өте шектеп, іріктеп отырған жөн. Мәселен ол ерекше қат маман болып, белгілі бір мемлекеттік мекеме оған соншалықты зәру болған жағдайда ғана қалаға бөлінген квотаға енгізген дұрыс. Сосын көшіп келген ағайынның мұң-мұқтажы тек баспанамен қамтумен ғана шектелмейді. Олардың орнығуына, тірлік етуіне қатысты толып жатқан проблемалары бар. Мәселен, кәсіркелікпен айналысу, зейнетақы, емделу, білім алу, әскери міндет т.б. Осылардың бәрінде олар ылғи да табанынан тозып жүргені. Өйткені біздегі бір заң екіншісіне қайшы. Заңдардағы бұндай кереғарлықты болғызбаудың төте жолы – шеттен келген ағайындардың ішінен сауатты бір-екі адамды Парламентке енгізу. Сөйтіп көші-қон заңындағы оралмандарға берілген жеңілдіктерді өзге де салалық заңдарда қарастырып отыруға жағдай жасау керек. Сосын көші-қон саясатының көкейкестілігін көптеген шенеуниктер, жалпы қауым жеткілікті түсіне бермейді. Себебі бізде бұл саладағы үгіт-насихат жоқтың қасы. Яғни шеттен келетін ағайынға біздің мұқтаж болып отырғанымызды, еліміздің әрбір облысында ең кемінде бір миллионнан қазақ баласы өмір сүретін жағдайға жетпейінше, тәуелсіздіктің тағдырына, ел болашағына сенудің қиын екенін атажұрттағы әрбір ағайын анық түсінуі тиіс. Бұл әсіресе журналистер мен мерзімді баспасөздің тізгінін ұстап отырған азаматтардың қаперінде жүретін өзекті мәселе.


- Ел білсін деген ниетпен сұрап отырмын. Ұлт игілігі үшін мынадай-мынадай іс тындырдым деп айта аласыз ба?


-

Қиында

у сұрақ екен. Қиын болатыны – «мен бүйттім, мен сүйттім» деп, екі иығымыздан дем алуға ертелеу шығар. Ал «осы күнге дейін тек ас ішіп, аяқ босатушы болдым» деген тағы ыңғайсыз. Неде болса сұрақ қойылған екен, сауалға жауап берген сауап болар. Атамыз қазақ «отызыңда орда бұзбасаң, қырығыңда қыр аспайсың» депті. Мен тура отыз жасымда қытайдан атамекенге қоныс аударып келген бірінші қазақпын дедім ғой. Көшуден бірер жыл бұрын ел-жұртты аралап, сенімді деген жора-жолдасты, туыс-туғанды Қазақстанға көшуге нәсихаттап, бәрінің келісімін алдым, әрі оларға өз төңірегіне де осы насихатты жүргізу туралы өтініш жасадым. Мен Қазақстанға келгеннен кейін, үш-төрт жылдың ауқымында менімен пікірлес болғандардың бәрі көшіп келді. Демек тәуелсіздіктен кейін қытайдан қозғалған жаңа көштің мұзжарғышы болғанымды бұл күнде біреу білсе біреу білмейді. Бұл бір. Сосын 12 жылдан бері мұғалімнің мардымсыз жалақысын қанағат тұта жүріп, Қазақстандағы қытайтану ғылымының қалыптасыуына шәкірт дайындау арқылы да, ғылыми зерттеулерім арқылы да бір кісілік үлесімді қостым ғой деп есептеймін. Бұл екі. Үшінші, Өзің де білесің, 2001жылға дейін шеттен келетін ағайындарға бөлінген квота мөлшері тек 500 отбасымен шектеліп келді. Сол жылы мен Елбасы қабылдауына барып, ол кісіге квотаны көбейтудің қажеттігін ауызша да, жазбаша да мәлімдедім. Келесі жылынан бастап квота мөлшері 5000 мың отбасыға, одан кейін 6000 мыңға өсті. Демек осы бір ұлағатты да игілікті іске сәл де болса ықпалым болдау деп ойлаймын. Мынау ұйғыр халқында «таз болсаң самай таз бол» деген мақал бар екен. Сол айтпақшы ақыр мақтандық, енді соңына дейін апарайық. Менің ашық мақтанып, «мен тындырдым» деп айтып жүретін бір дүнием, ол – «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея» деген тақырыптағы кандидаттық қорғаған ғылыми жұмысым.

 Кеңес одағында қудалауға ұшыраған Алаш рухы, ұлт-азаттық идея енді біртіндеп КСРО аумағынан тыс жерлерде әрекет ете бастады. Сондай өңірдің бірі Шығыс Түркістан, қазіргі Шынжаң болғаны белгілі. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан ҚХР құрылған 1949 жылға дейінгі мерзімде Шығыс Түркістанда болған ұлт-азаттық күреске, Шығыс Түркістан Республикасының құрылуына ұйтқы болған бір-ақ нәрсе, ол – Алаш азаттық идеясы. Осы идеяны жырлап, халықты оятқан, алды атылған, арты қытай түрмесінде шіріген қаншама ақын-жазушылар бар. Айталық, Ақыт, Таңжарық, Көдек, Әсет, Жүсіпбек қожа, Асқар, Мағаз, Құрманалы, кешегі Бұқара, Омарғазы, Құманбай т.б. толып жатқан алашұранды әдебиеттің өкілдері қаншама жылдар мұндағы ұрпақ назарынан тыс, санасынан көмескі ұсталып келді. Енді олардың шығармашылығы мен өмірбаянын, сол кезеңнің әдебиетіндегі ұлт-азаттық идеяны, оны жырлаушы ақын-жазушыларды атажұртқа оралту, олардың еңбектерін ғылыми айналымға енгізу – бүгінгі қазақ әдебиет тарихы ғылымындағы көкейтесті міндеттердің бірі болатын. Осы қиын да қызықты міндетті ұстазым, академик Рымғали Нұрғалиевтің жетекшілігімен сәтті орындап шықтым. Бұны төрт деп қойыңыз. Шынын айтсам, осы ғылыми жұмысымнан кейін-ақ Қытайлардың маған деген көзқарасы күрт өзгерді. Қазірше осылармен шектелгеніміз жөн болар.

- Сізді қазақ халқы ақын ретінде қабылдады. Егер, мүмкін болса «менің ақындық төлқұжатым – осы» дейтіндей бір өлеңіңізді тыңдасақ… 


- Меніңше, «қаламгерлік төлқұжатым – осы» дейтін бір шығарма жазушыда болуы мүмкін. Ақынның бір ғана өлеңі оның «ақындық төлқұжаты» бола алмайды. Осы тұрғыдан келгенде, Абай, Махамбет, Мағжан, Мұқағали, Жұмекендерді жеке-жеке, мына-мына бір-бір өлеңі әйгілі етті деп айта алмасақ керек. Бұндайда академик Зейнолла Қабдоловтың: «Асылы, бір-екі жақсы өлең жазу, сол арқылы бір немесе екі сыр аңғарту, шындық таныту кез-келген өлеңшінің қолынан келуі мүмкін. Ал өзі жазған өлеңдер арқылы өзінің өзгелерден бөлек ақындық бітімі мен мінезін таныту, сол арқылы өзінің өнер әлеміндегі тұтас творчестволық беті мен бағытын таныту кез келген қаламгердің қолынан келе бермейді», – дегені еске түседі. Сондықтан «ақындық төлқұжатым» ретінде емес, көңіліме тоқтау бір өлеңімді оқып берейін:


Ауыл. Шілде


Сарытап ауыл.

Таныс маң…

Санасы,қамы әр қилы.

Ақ сағым ойнап алыстан,

Бетіңді жалын шарпиды.


Бозадыр жоны сарыкүйік,

Сайлардың кепкен тандыры.

Тораңғы, жыңғыл тарбиып,

Қақтана жатып қалғыды.


Шаншылып түсіп шаңқан нұр,

Өртейді жердің өзегін.

Кебеді сонда аңқаң бір,

Қаңырап, қаңсып өзенің.


Қазандай қайнап атырап,

Ақ жалын шашты аспанға.

Қыртысы жердің қақырап,

Балқып бір жатыр тастар да.


Төбеттер тілі салақтап,

Құйрығын қуып, қабады…

Сиырдың бәрі далақтап,

Бағдарын білмей шабады.


Бір уыс болып кең өлкең,

Жанады оттай, маздайды.

Қуырылып құрттай көлеңкең,

Артыңа кіре жаздайды.


Лапылдап аққан лағылға,

Пенденің жүрмес еш емі.

Түс қия құйды-ау ауылға,

Алланың рахман нөсері…


- Бәрекелді! Енді соңғы сұрақ, қазір Қазақ не ойлап отыр?


- Қазіргі қазақтардың «әр кәлласында бір қиял» боланымен, бір халық ретінде бүкіл қазақ бір ғана ойдың үстінде отыр деп айту қиын. Бұл ретте қазақтың ойына қоғамды жікер арқылы үңілген дұрыс сияты. Бұл күнде қазақтар негізінен бай, кедей, зиялы, билеуші болып төрт жікке бөлінеді. Бай қазақтар қашан «құдай» болам деп отыр. Кедейлерге ауыл қазағы мен жұмсысшылар жатады. Олар «таңғы нәсіп тәңірден», ал түскі, кешкі асты қайдан тапсам екен деген ғана ойда. Ал зиялының аты зиялы ғой, оның ішінде қазақ зиялысын – бізді айтсаңшы! Біздерде жалпы ой көп. Соның бастыларынан билікке қайтсем жағам; қайтсем сыйлық, орден, атақ алам; қайтсем жаңа пәтер алам, қайтсем ұл-қызымды жайлы жұмысқа кіргізем… деген сияқты өте «ауқымды» ойларды атауға болады. Енді билеушілердің ойына келсек, олардікі көбіне қай жерден, қалай олжа түсірем; жұтқан сүйегімді қалай сіңірем; қайтсем кресломды биіктетем т.б. болып келеді. Осылардың ішінде егер «жоқ менің ойым олай емес, мен халқымның болашағын, елімнің тағдырын ғана ойлап жүрмін» деген адам болса, әрі онысын дәлелдесе, мен ол адамнан кешірім сұрауға әзірмін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен: Маралтай Райымбекұлы 

 «Алтын орда» газеті, 12 шілде 2005ж. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар