Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Дулат Исабеков: Іздеген жетер мұратқа...

12.02.2016 6869

Дулат Исабеков: Іздеген жетер мұратқа

Дулат Исабеков: Іздеген жетер мұратқа - adebiportal.kz



9.jpg


Жазушылық жолын әу баста прозадан бастаған Жолтай Әлмашұлы әдебиеттің осы бір қиын да күрделі жанрында ауыз толтырып айтарлықтай толымды дүниелерімен оқырман қауымның жүрегіне жол таба білді. Ол әсіресе, әңгіме жанрында жемісті еңбек етті. Күнделікті, баспасөз беттерінде немесе жеке жинақтарына енген хикаяттары мен әңгімелері бүгінгі өмірдің шындығына үңіліп, сан-сапалық оқиғаға толы тіршіліктің сырын ашуға, сол өштестей боп еніп жатқан өзгерістерді жазушылық көзбен жіті байқап, өмір шындығын көркем әдебиет шындығына айналдыра білуде ізденгіштік пен байқампаздық таныта білген қаламгер. Оның әңгімелері бүгінгі өмірдің сырын ашуға бейім. Оны өз замандастары, өзі өмір сүріп отырған кезеңнің қыр-сыры мен қырық қатпар құпиясы көбірек қызықтырады. Кезінде әдебиетші қауымды елең еткізген «Сэм және Сэмиха», «Чиновниктің мінезі», «Перзентхана полонезі», «Сұлуды сүю» т.б. Әңгімелері оқиға желілерінің ешкімге ұқсамайтын толымдылығымен ерекшеленеді.


Соңғы жылдары ол әдебиеттің ең бір қиын жанры – драматургияға ат басын оқыс бұрды. Оның қаламынан туған драмалық шығармаларының байыптылығы, ауқымдылығы, оқиға барысының әр көрініс сайын ширығып, ширатыла түсуі, кейіпкер бейнесінің бірте-бірте айшықталып, сомдала түсуі – өзі өткен проза саласындағы сәтті ізденістерінің нәтижесі екенін байқаймыз. Оның көркем проза саласындағы жемісті ізденістері драматургия жанрына еркін баруына көп ықпалын тигізгені даусыз.


Жазушының қаламынан онға жуық пьесалар туыпты. Проза саласында да, драматургия саласында да әлденеше рет Республикалық дәрежедегі байқауларға қатысып, бәрінде де жүлделі орындарды иеленіп келуінің өзі қаламгер туындыларының көркемдік қуатының молдығын танытса керек. «Тірі жан», «Жаным жалғыз», «Абақты-ғұмыр», «Сана дерті», «Сүю серті» пьесалары өткен өмір қасіреттеріне бүгінгі жазушылық көзбен қарап, бүгінгі сана биіктігінен таразылай білген туындылар. Тазалық, сатқындық, ар-ұждан, әділдік, жауыздық, адамгершілік сияқты адам баласына тән қасиеттердің бәрі оның «Сүю серті» мен «Бәйтерек басындағы кездесу» атты шығармаларында тоғысып, шиеленіскен өмір шындықтарының шешімін табуға талпынып жатады. «Бәйтерек басындағы кездесу» атты тарихи драма кешегі қасіретті жылдар оқиғасына адамдық тұрғыдан байыпты, салмақты баға беруге тырысқан шығарма. Кешегі жасалған қастандық пен жауыздықтың өзін бір ғана қара бояумен көрсете бермей, сол кездің ащы шындығына шынайы көзбен қарай білу, жауыздық пен қастандық табиғатының түп төркініне байыппен баға бере білу, қысқасы, жауыздық анатомиясын ашып көрсете білу сияқты бүгінгі қаламгерлерге тән қасиет Жолтайдың осы пьесасында анық көрініс тапқан. Ол – ізденістің, өсудің, өмір шындығына әр түрлі биіктен қарай білгендіктің нәтижесі.


Жолтай Әлмашұлының проза мен драматургия саласында жемісті еңбек етіп келе жатқаны бәрімізді қуантады. Шығармашылық өмірін кеңсе жұмысына тұншықтырып алмай, ауық-ауық бұлқыныс жасап, бұдан да сәтті, бұдан да жемісті еңбек ете беруіне әрқашан тілектеспін.


Дулат Исабеков


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар